«Сөз өнері: Ұлттық әдебиеттің даму болашағы» атты халықаралық әдеби форумға Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларынан ақын-жазушылар мен әдебиеттанушылар және отандық қаламгерлер, сыншылар мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты.
Форумды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов кіріспе сөзбен ашып беріп, форум тізгінін ұстады.

Мереке Әбдешұлы форум кіріспесінде бұл халықаралық форум – бауырлас халықтардың рухани туыстығының, әдеби бірлігінің айшықты көрінісі екендігіне тоқталып, Қазақстан Жазушылар одағының түркі тілдес елдердің әдеби байланысын нығайтуда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы — ел руханиятының тірегі, ұлттық әдебиеттің дамуына, қаламгерлер буынының сабақтастығына үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұйым. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы жас таланттарды қолдау мен әдеби үдерісті жаңа бағытта дамытуға баса назар аударып келеді. Атап айтқанда, «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасын жалғастырып, 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шығармашылық байқауларды, шеберлік дәрістерін, әдеби кештерді тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Одақ жанынан құрылған жанрлық кеңестер оқырмандарға арналған мазмұнды шығармаларды насихаттау, авторларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр. Былтыр біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, әдебиетті дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды қолға алған едік.
Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» сынды үш ірі жобаны жүзеге асыра бастадық. Бұл жобалар биыл да жалғасын табуда. Қазіргі таңда «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасының» іріктеуінен өткен 20 жас қаламгер Қазақстанның әр өңірінің әдеби келбетін қалыптыруда. Ал, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсында биыл шетелдік және отандық қаламгерлермен қатар, алғаш рет 5 бірдей ғылыми-зерттеу институтының өкілдері дәріс оқиды. Бұдан өзге 2026 жылдан бастап «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Аталған жоба аясында әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгер қамтылып отыр. Басқа да түркі елдерінің шығармашылық одақтарымен келіссөздер жүргізілуде,- деді Басқарма төрағасы.

Форум барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның форум жұмысына табыс тілеген арнайы құттықтауы оқылды. Сонымен қатар, Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков құттықтау сөзін сөйлеп, форумның маңызына тоқталды.
"Форумды бауырлас елдердің бірлесе өткізуі – түркі халықтарының ынтымағын нығайтып, ортақ тарихтан бастау алған терең тамырластықтың тағы бір дәлелі. Расында да, діні бір, ділі бір, тілі жақын халықтардың бірлігі болашаққа деген сенімді, рухани кемелдікті күшейтеді. Бізді біріктіретін тек шекара емес, бізді біріктіретін ортақ сөздің киесі, ортақ рухтың күші. Қазіргі жаһандану дәуірінде әдебиет алдында үлкен сын-қатерлер тұр: жас буынның дүниетанымын тәрбиелеу, ақпарат тасқынында ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, адамзатқа ізгілік пен адамгершілік жолын көрсету. Осы міндеттерді орындауда қаламгерлердің, әдебиет ұйымдарының жауапкершілігі орасан зор. Өйткені қаламгердің сөзі – қарудан да қуатты. Ұлттық әдебиеттің өркендеуі – мемлекет пен қоғамның рухани қуатын күшейтеді. Бұл – біздің болашақ ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыз, мәңгілік аманатымыз. Сондықтан бүгінгі форумда айтылар тұщымды ойлар қазақ, өзбек, қырғызға және күллі түркі әдебиетінің ортақ келешегіне жол сілтейді деп сенемін”,- делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатында.
Халықаралық форумда Қырғызстанның Ел ақыны, көрнекті ақын, аудармашы Қожагелді Күлтегін “Қазіргі Қырғыз-Қазақ әдеби байланыстары” тақырыбында, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әдебиеттанушы ғалым Сувонкул Милиев “Әдеби сын. Әдебиет пен Сенім” тақырыбында, сыншы, жазушы Бағашар Тұрсынбайұлы “Әдебиеттің бүгінгі беталысы мен мұраты” тақырыбында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, ғалым Айнұр Ахметова “Заманауи қазақ, өзбек, қырғыз әдеби мәтіндері: Түркілік және Түркістан интерпретациясы”, Филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы-ғалым, профессор Гауһар Балтабаева “Қазіргі қазақ әңгімесі” тақырыбында тұшымды, өзекті баяндамалар жасады.
Бұған қоса, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жүсіпбек Қорғасбек, қырғыздың “Жетіген” журналының Бас редакторы Абдиламит Жумашев, “Таң-Шолпан” журналының Бас редакторы Нұрлыбек Сафин, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының кеңесшісі Бақытжамал Оспанова сөз сөйлеп, әдебиеттің мұраты мен мақсаты, қазіргі ұлттық әдебиеттің даму болашағы туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Суреттер Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметінен.
