Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Әуенмен өрілген мәңгілік ғұмыр...

Әуенмен өрілген мәңгілік ғұмыр

1675

Әуенмен өрілген мәңгілік ғұмыр - adebiportal.kz

Исраил Сапарбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, сыршыл поэзиясымен оқырман жүрегінен орын алған көрнекті ақындардың бірі. Ақын шығармашылығы – адам жанының терең иірімдерін, махаббаттың қадір-қасиетін, туған жерге деген сағынышты, өмірдің мәнін нәзік те шынайы суреттеген көркем әлем. Қуаныш пен шаттық, мұң мен сағыныш, сүйініш пен күйініш астасқан сыршыл лирика. 

Ақын поэзиясының басты өзегі – кең ауқымдағы махаббат. Ақынның лирикалық өлеңдері – әнге сұранып тұратындығы да оның ерекше сыршыл сипатында болса керек. Исраил Сапарбайдың адам жанның нәзік қылын тербеген әндері – қазақ ән, музыка өнерінің толайым табысы, ортаймас қазынасы. Ақын жырларының тақырыбы – сан алуан. Қоғам өмірінің күллі  тыныс-тіршілігі, ащысы мен тұщысы – ақын жырларының арқауы. Исраил Сапарбай қаламынан туып, әнге айналған өлеңдердің әрбір шумағы, тармағы – әр қазақтың-ақ көкейіндегі, жүрек түкпіріндегі өзінің қимас жандарына айтқысы, сипаттағысы келген сезім күйлері:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.

«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

Рамазан Тайманов пен Исраил Сапарбай тандемінен туған осынау ғажап ән сонау тоқсаныншы жылдар басынан бері Нұрлан Өнербай, Жанар Айжанова, Ақбота Керімбекова т.б. әншілердің орындауында жиі орындалып, кеңінен тараған еді. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» дей отырып, осы бір әннің мәтінінде қазақ қызының нәзіктігінен өжеттік, батырлық болмысына дейін тамаша өрген ғой!

Сүймеген сені азамат – азамат па,

Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.

Бәрін айт, бірін айт та – лайықсың,

Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

Ақын өлеңдеріндегі махаббат ұғымы тек екі жастың арасындағы сезіммен ғана шектелмейді. Анаға, асыл жарға, перзентке, туған елге, отанға деген құрметпен сүйіспеншілік, жалпы адамзатқа деген ізгілік пен мейірім меймілдеген шынайы жырлар. Ал ол жырлар әнмен әдіптелгенде, тіпті де жан жүрегіңе етене ұғымдала түседі:

Құйылып көзіңнен нұр,

Ерекше сезіммен бір,

Тұнжырап қара меңің,

Сен маған қарап едің.

Жүзіңе күлкі үйірген,

Арайлы кірпігіңмен.

Бір ұшқын шашып өттің,

Сөйттің де, ғашық еттің.

Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған Сүгірәлі Сапарәлиевтің осы тамаша ән қаншама буын ұрпақтың өз сүйгеніне деген алғаусыз ыстық сезімін шертер сырлы саз болып, жүректерді махаббат бесігінде тербетіп келе жатыр. Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған Бекет Тұрғараевтің «Махаббат мәңгі ертегі» әнінің әуені де сөзі де ғажап қой! 

Махаббат деген қандайды,

Қарасаң көзің талмайды.

Сағынған жанға жете алмай,

Қаншама гүлдер, қаншама гүлдер сарғайды.

Ғашықсыз өмір өмір ме?

Егілме, жаным, егілме,

Көктегі күнге қол созған

Не дерсің мынау, не дерсің мынау көңілге?!

Күлерсің дағы жыларсың,

Жыларсың дағы шыдарсың

Жазылмас дерттің дауасын

Жаным-ау, кімнен, жаным-ау кімнен сұрарсың?

Исраил Сапарбай туындылары, әсіресе лирикалық жырларына жазылған әндеріндегі мөлдір сезім күйлері, махаббат сазы адам жанын тазартып, рухани биіктікке жетелейді. Осынау әуендердегі нәзіктік пен терең сезім, шынайылық тыңдарманды еркісіз елітіп, баурап әкетеді.

Құмарым қойды-ау басылмай,

Қабағым сенсіз ашылмай.

Көркіңнен әзиз айналдым,

Бір тамшы көздің жасындай.

Жайымды айтсам жасырмай,

Жағдайым менің осындай.

Жаным-ау менің мөлт еткен,

Бір тамшы көздің жасындай.

Ақын поэзиясының ерекшелігі де осында: тілінің қарапайымдылығы мен ойының тереңдігі. Ақын күрделі сезім құбылыстарын, қарапайым сөздер арқылы әсерлі жеткізе біледі. Сондықтан да болар, ақын өлеңдері мен әндер оқырманның, тыңдарманның жүрегіне әрдайым жақын. Гауһар Әлімбекованың шабытты толқынысынан туындаған осынау ән мен мәңгілік махаббат жыршысының тамаша төгіліп түскен жырлары қалай үндесім тапқан десеңізші! 

Қайран күндер кешегі

Сайран күндер кешегі

Көрген түстей көңілден

Қалайша көшеді

Бақытыма балаған

Жарға лайық санаған

Жан серігім жалғанда

Сен едің қалаған

Қия алмадым, қимадым

Қинадың-ау, қинадың

Гүл орныңа қайтейін

Саған мен мұң сыйладым

Қарай бердің қиыла-ай

Қоштасудың қиыны-ай

Қиыны-ай

Қиыны-ай

«Бұл ән – менің өмірімнің айқайы. Бұл әннің мәтінін сіз тура менің өтінгенімдей, менің қалауыммен жазып бердіңіз. Бұл кісінің өлеңінде лирикалық жағынан қазақтың ең күшті ақындарының бірі деп айтар едім. Бұл кісі жылына бірнеше ғана ән жазады. Бірақ әндерінің бәрі сөзімен жымдасып-қиюласып, бір-бірінің орнын тауып, халықтың мүддесіне жарап жатады», - деген екен, әннің авторы, танымал композитор Алтынбек Қоразбаев, Исраил ағасының ән кешінде. 

Алақаннан ұшқан ақ құсым,

Бiр үйге сенде бақпысың?

Алыстап бара жатқаның,

Арқама менiң батты шын.

Ағайын туыс ұяда,

Жақынын жатқа қия ма?

Ақ ордаң алтын бесiгiң,

Келiп тұр ұшқан ұяңа!

«Қыз бала – жат жұрттық», - деген қазақ, оның ерте ме, кеш пе, бір күні туған ұясынан ұшып кетерін меңзеп: «Қыз – оң жаққа жаққан бояу» деп әлпештеген ғой. Қыз баланың туған ұясынан ұзатылып аттануы – ата-ана, ел-жұрты үшін ерекше қимастыққа толы, толқынысты сәт. Әкенің бауыр еті баласына, бойжеткен атанып алыстап бара жатқан қызына деген айтар сөзі, ақ тілегі Исраил Сапарбай қаламынан ақ қағазға қара сия арқылы төгіліп, М.Бабақұловтың жүрек сазы арқылы осылай ән болып өріліп, қаншама жылдар бойы қимастық пен сенімнің, ақ батаның нышаны болып шырқалып келеді:

Жақсыда жаттық болар ма?

Жаманға көңiлiң толар ма?

Жұбыңмен келiп тұрғайсың,

Жалғыздан-жалғыз оралма!

Қош аман қызым, қош аман,

Көңiлiмдi қайтем босаған?

Алдыңнан ашсын бағыңды,

Аттаған жаңа босағаң!

Алдыңнан ашсын бағыңды,

Аттаған жаңа босағаң!

«Менің ойымша, өнер адам тек өзінің қарақан басын ғана жазбайды ғой. Ақынсың ба, суретшісің бе, жазушысың ба, шығармашылығың халықтың тағдырымен, өткен ата-бабаңның тарихымен тұтасып, бәрі сенің көкірегіңде сайрап жатуы керек. Ол оның интеллектуалдық қазынасына байланысты. Неғұрлым көп оқысаң, неғұрлым көп танисың, көп білесің. Соның барлығы күндердің күнінде жүрек деген алтын бесік бар, сонда тербетіліп, бір күні аяғын босатып, белінен шешіліп, мен халыққа кеттім деп жол тауып жатады ғой. Сондықтан өлең де, ән де, менің ойымша, ғарыштың, ғайыптың, Алланың бола ма, бір игі шарапаты деп білемін!» - деген екен, ақын, композитордың өзі шығармашыл тұлға сипаты туралы. «Сені көргім келеді де, тұрады» деп өлең жазған ақындардың қарасы да аз емес. Олардың бәріне бірдей ән жазылмаған да болар. Алтынбек Қоразбаев пен Исраил Сапарбайдың өзі бір әні де ғажап қой!

Көзмоншақтай көлдiң көркем құрағы,

Махаббаттың мың бiр мақам құрамы,

Тағдырымның таусылмайтын сұрағы –

Сенi көргiм келедi де тұрады.

Сезiмiмнiң шырын-шəрбет бұлағы,

Қиялымның қияңдағы жұмағы,

Жүрегiмнiң, тiлегiмнiң сыңары –

Сенi көргiм келедi де тұрады.

Есiмдi алған есiл жалған тұмары,

Үмiтiмнiң өшiп-жанған шырағы,

Көңiлiмнiң басылмайтын құмары –

Сенi көргiм келедi де тұрады...

Иә, жазу мәнер-машығынан ұлтының рухани уыз-мәйегіне жарып өскендік, үлкен талғам мен терең зияткерлік, буырқанған әлеует сезіліп тұратын ақын жырлары сонысымен де өміршеңдік сипатқа ие. Яғни ақын жырларында ұлттық рух пен қазақы болмыс айқын менмұндалап тұрады. Өлеңдері мен әндерінде, драмалық туындыларындағы халқымыздың ұрпақтар сабақтастығымен өрнектелген салт-дәстүрі, өзіне тән адамгершілік құндылықтары, ұлттық мінезі, бәрі таңғы шықтай мөлдіреп тұр. 

«Біздің қазақ халқында шын мәнінде, әу демейтін адам жоқ. Екі сөздің басын қоса алмайтын адам тағы да жоқ.  Соған қарағанда, біздің қазақ халқы әрі әнші, әрі ақын деп есептеймін», - деп ақынның өзі айтқанындай, ән мен жырды сүйетін туған халқының сұлулық әлемін шығармашыл ұлының соңына қалдырған шынайы жырлары, әуенмен өрнектеген ғажайып саз сарыны мәңгілік әлдилей бермек!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan