Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«Бүкір» жайлы бірер сөз...

«Бүкір» жайлы бірер сөз

128

«Бүкір» жайлы бірер сөз - adebiportal.kz

Шығарманы оқып отырып символ іздеп, автордың жасырған  жұмбағын шешкің келіп отыратын әдет те бір қызық  әдет, кімге қарай көрінетінін, Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы маған болмыс пен тағдырдың көрінбейтін байланысы жайлы  айтқан шығарма көрінді. 

Автордың Тентек өзенін суреттейтін тұсы –  өзенді екі дүние дейік пе, екі әлем дейік пе, осының ортасындағы шекара ретінде көрсететіні әдемі шыққан. Оқиғаның басталған және аяқталған нүктесі осы жер.

Қоспаның Бүкірге деген мейірімі қызық басталды, ол Бүкірді жақтырмай отырып, өзі одан алыстай алмайды. Себебі, ол одан дәл өзіндей «жаралыны» таныды, ішкі бір түйсік «бұл – сенің өзің ғой» деп тұрды. Ия, Бүкір –  жай бір жануар емес, ол Қоспаның ішкі әлемінің айнасы еді. Сондықтан да Бүкірдің тағдыры мен Қоспаның тағдыры бір сызықта тұр,  екеуі де о баста өз тегінен ажыраған, екеуі де өз ортасына  бөтен, ақыры сіңе алмаған.  Бүкірдің оңашада жерге аунап ойнап, өзімен-өзі еркелейтін жері бар ғой, сонда Қоспа үстін былғағаны үшін онысын жақтырмаса да, бір жағынан сүйсінетін сияқты да көрінеді. Өйткені дәл осы көріністен ол өзінің бала кезде еркін болмағанын, ешуақытта ешкімге еркелемегенін көреді, сол кезде  ішіндегі жаны мұңлы бала оянады (бала кезінен бастап «сен бөтенсің» дегенді естіп өскен адам ешуақытта күрескер болмайды, ешкіммен, ештеңемен жағаласпайды, тек қандай жағдайда да тірі қалуды үйренеді). 

Және бір ішіңді қозғайтыны – мектепте жүргенде мұғалімге «сағынышты түсінбеймін» деуі. Ол жанын жаралайтын, шерін қозғайтын нәрселерден осылай қорғанады. Ал шындығында сағынышты бір кісідей түсінсе, оның зарын тартқан осы Қоспа түсінсін! Оныкі өксік пен құсаның кермек жасына малынған сағыныш еді ғой. Егер ол осы сағынышын мойындаса, онда сонымен қоса жетімдігін де, жалғыздығын да, махаббат көрмегенін де мойындауға тура келер еді. 

Ия, автор бірте-бірте сырт көз бейшара көретін, сыртынан мүсіркейтін  Қоспаның жай адам еместігін, тылсыммен байланысқан адам екенін сыналап жеткізе түседі. Оның жетімдігі,  о бастағы қойылған есімінің өзгеруі, мал-жанына қызмет етіп жүрген сол үйге өмір бойы «бөтен» болуы, одан кейін бүкір аттың иесі атанғаннан бастап өміріндегі өзгеріс... бір қарасаң, осы оқиға өмірде, күнделікті тұрмыста болатын оқиға сияқты көрінгенімен,   автордың оқиғаны  тылсым циклге құрып отырғанын да байқаймыз. Шығармадағы нақты адам ретінде де, толық мистикалық бейне ретінде де ашылмайтын кісіні (ақсақалды) кім болуы мүмкін деп ары-бері ойландым. Тентек тасып жатқанда пайда болып, құлынды әкеліп, ортасында бір жалт етіп, соңында Бүкірді белгісіз бағытқа алып кеткен адам уақыттың өзі, әлде Қоспаның бірсыдырғы өміріне араласқан тағдыр ма... әлде, Қоспаның өзі көрмеген, бірақ, өмір бойы аңсаған әкесі ме... 

Ең ауыр тұстардың бірі – әйелі айтқан сөз. Егер «дос жылатып айтады» деген қисын рас болса, онда Қоспаның жалғыз досы – әйелі болмақ.  Шынында да Қоспа неге «ағайын» деген сөзге сонша жабыса береді? Себебі ол өмір бойы сол сөздің шынайы мағынасын сезінбеген, шын бауырмалдықтың үлгісін көрмеген еді, ол үшін «ағайын» – нақты адамдар емес,  өзінің орындалмаған арманы ғана, жоқтан бар жасағысы келетін, тасбауырдан туыс жасағысы келетін қайран көңілі ғой.  Осыны түсінгенде Қоспаның орнына еңірегің келер еді.

Жұмбақ дедік, соңына дейін шешілмеген жұмбақтың бірі –  қарагер құлынның тегі. Құла бие мен жирен айғырдан қарагердің тууы биологиялық тұрғыдан күмәнді екенін өзі де айтып отырған автор бізді әдейі шатыстыра ма, әлде ойымызды әрі-бері жүргізіп ойнай ма... ойланасың, шынымен де бұл құлын суға кеткен биенің төлi болмауы да мүмкін ғой. Ол жайындағы қауесет пен қисын қаншама... Тек қарт жылқышы ғана талайды көрген тәжірибесінен әлде елден ерек жетілген түйсігінен,  Бүкірдің тегін емесін сыртқы тұрпатынан ғана  емес, ішкі болмысынан да таниды, басқалар «бүкір», «бәйгеге жарамсыз» деп жатқанда, ол оның үш шоқылы екенін, өзін өзі жарататын жүйрік екенін біледі. 

Тылсыммен байланыс дегенімізге тағы бір штрих – адамдарын жіберіп Бүкірді ұрламақшы болды деп қарт жылқышыны кінәлаған Қоспаның артынша өзінің осы пендешілігінен ұялу арқылы  басқа бір сана өзгерісіне яғни трансформацияға түскенін көреміз. Бұл жерде мектепте нашар оқыған сауатсыз Қоспаның аяқ астынан зердесі ашылып,  елден ерек ақылды, білімді болып кетуі жайлы емес, ол қарт жылқышымен ойша сөйлесіп жүріп, басқа бір кеңістікке өтеді. Бұрын мән бермеген дүниесіне бойлай бастайтынын да, Бүкірді иесі ретінде де сезіне бастағанын байқадық. 

 Шығарманың соңында Бүкірдің ғайып болуынан автордың айтпағын түсінгендейміз, Бүкір жай жылқы емес, биологиялық тіршілік иесі деңгейінен жоғары жаратылыс болғандықтан да, мына  дүниенің адамдар ойлап тапқан заңдарына бағынбай осылай ғайып болуы тиіс еді. Ол о баста мақтаншақ, атаққұмар, зорлықшыл адамның абыройын көтеруге келмеген. Бәлкім, Қоспаның тағдырын өзгертуге, бір мән ұқтыруға, ішкі қайғысын сейілтуге келген шығар... Оның тегі күмәнді болуы да, тап осылай жоғалуы да, манағы қарияның келіп-кетуі де соны көрсетеді. 

Сонда Бүкір дегеніміз бүкір емес, табиғаттың, тылсымның немесе жоғалған асылдың символы болуы да мүмкін екен. Біз қадіріне жетпеген, тылсымын түсінбеген ерекше ғажайып талант иесі болуы да мүмкін ғой (мысалы, Серікбол Қондыбай, Ерік Құрманғалиев,    сияқты адамдар деші).

Айтпақшы, шығармадан адал, әділ, бірақ, ымырашыл емес адамдарды бағаламайтын біздің қоғам көрінеді. Асылтұқымды жылқы зауытын аман сақтап қалған, сол үшін жан тері шыққан, бірақ, кейін бір бие суға кетті деп фермадан шеттетілген қарт жылқышының бейнесі ол. Бізде солай ғой, түзу жүріп, қожайынға қалтқысыз қызмет ете жүріп бір сәт сәл жаңылдың, ба қайырылмай күресінге тастай салады. Бұрынғы еңбегің есеп емес. Айнығыш қоғам. «Сіз менің жылқыға махаббатымды ояттыңыз» деп жүрген қалталы кәсіпкердің сәт арасында одан сырт айналуы – адамның қадір-қасиетін білмеу, не нәрсеге де тек пайда мақсатымен қарау, осының бәрі айналып келгенде ел арасынан мыңның ішінен ілуде бір табылар аттың сыншысын қадірлемеу арқылы өзіміздің жылқы малына ғана емес, жалпы құндылықтарымызға құлықсыз екендігімізді көрсетеді. Керек болса, қарт жылқышы да символ. Қоғамдағы  қажетсіз болған әділеттің, шындықтың белгісі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan