Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
А.Алтайдың «Каскад» романы жайлы ой......

А.Алтайдың «Каскад» романы жайлы ой...

861

А.Алтайдың «Каскад» романы жайлы ой... - adebiportal.kz

«Сен көрген қазақ – сол қазақ!»

Ғ.Жайлыбай

 

Бұл қазақтың басынан не өтпеді: арғы замандағы жаугершіліктен бөлек, екі ғасырдан астам бодандық, ашаршылық пен репрессия, ұлтқа жасалған сойқан геноцид... Бертіндегі тәуелсіздік үшін көтерілген сексен алты құрбандары, тоқсаныншы жылдары ел егемендігін алып, өз қолы өз аузына жетті деп бөркін аспанға лақтырып қуанған қара қазақтың қуанышы ұзаққа созылмай Жаңаөзендегі дүмпулер кейіннен қаңтар қырғынына ұласқаны тарихтан белгілі. Осынша азапты басынан өткерсе де, қазақтың жаны сірі екен деген ойға қаласың. Әрине, бұны күнделікті қарбалас тірлікте, тұрмыс қамымен қара қазақ түсінбеуі де, түйсінбеуі де мүмкін. Дегенмен көзқарақты халық үшін бұл оқиғалардың қандай жанкешті болғанын біз қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан хабардар болып, күйініп, түсініп отыратынымыз да бар.

Сондай көтерер жүгі ауыр «Қазіргі заманғы қазақ романы» сериясымен шыққан сиясы кеппеген туынды – Асқар Алтайдың «Каскад» романы. Қарапайым оқырман кітапты қолына алғанда, ең әуелі көзге түсетін әрі ерекше ой салатыны, әрине, роман тақырыбында жатыр. Жалпы «каскад» сөзі бірнеше мағынада қолданылады. Негізгі мағынасы – бірінен кейін бірі жалғасып ағатын сарқырама су ағыны. Сонымен қатар бұл ұғым белгілі бір құбылыстың үздіксіз қозғалысын, бірінің артынан бірі келетін өзгерістер тізбегін де білдіреді. Яғни автордың роман атауын бұлай беруі тегін емес. Мәселен Асқар ағаның «Туажат» романының өзегі сексен алтыншының желтоқсанында құрбаны болған, өз елінде өгейдің күйін кешкен Байбураның аянышты тағдыры сол кездегі тарихи-әлеуметтік, саяси оқиғалармен сабақтастықта суреттеледі. Бас кейіпкердің жалғыздығы арқылы Кеңес Одағының құрамындағы әр қазақтың жалғыздығын керемет сипаттайды. Ал «Каскадтағы» бас кейіпкер Иса-Мұрат тәуелсіз қазақ елінде бола тұра сол жалғыздықты басынан өткереді. Мінеки, шығарманың каcкад атануы, бодандықтың қамытын киген қазақтың жалғыздығы ел тәуелсіздігін алса да, әлі жалғасып келе жатқанын, өз елі мен жерінде тұра, еш кінәсіз қаза болған құрбандардың әлі де қарапайым халықтың көзімен «бейбіт өмірде» болып жатқан әділетсіз оқиғалардың куәсі боласыз. Ақын Ғ.Жайлыбайдың «Абаймен сырласу» өлеңіндегідей «Сен көрген қазақ – сол қазақ!», яғни сырт көзге қоғам өзгергендей кейіп танытылғанымен, каскад сияқты әлі де өзгеріссіз «сарқырап аққан» әділетсіз жүйе тізбегінің жалғасып жатқанын аңғартады. 

Романның басты жаңашылдығына келер болсақ, автордың адам санасындағы рухани күйзеліс пен қоғамдағы құндылықтардың өзгерісін терең психологиялық деңгейде көрсетуімен ерекшеленеді. Шығармада кейіпкерлердің ішкі әлемі, олардың рухани дағдарысы мен өмірге деген көзқарастары заманауи прозадағы постмодернизммен сабақтастықта беріледі. Бұл тұрғыдан алғанда, «Каскад» тек оқиғаға құрылған шығарма емес, адам жанының күрделі иірімдерін ашуға бағытталған психологиялық роман ретінде қарастыруға әбден болатын шығарма. Мәселен бас кейіпкер Иса-Мұраттың шығарма өн бойында жеке тұлға, әке, ата ретінде инициациясын көреміз, Ұлан көретін аян түстер арқылы интуиция мен ұжымдық бейсана мәселелеріне бойлаймыз, әр қоғамның айнасы болатын әйел бейнесі Жанбике арқылы қазіргі қоғам тынысын аңғара аламыз. 

Асқар Алтайдың прозасына тән бейнелі тіл, философиялық ой-толғамдар мен символдық астар романның көркемдік қуатын арттырады. Автор оқырманды дайын қорытындыға алып келмей, терең ойлануға жетелейді. Мәселен сәби Ұлан үнемі аян түстер көріп, атасы қашқын атанып, Шарында тығылып жатқан кезінде де, іздеушілер таба алмаған жердің барлығы бала санасында сайрап тұрғаны белгілі. Немесе түсінде ергене аттардың кіруі, шейіт болған анасымен кездесуі сияқты көркем суреттеулер кездеседі. Бұл туралы психоаналитик Карл Юнгтің түс туралы ғылыми зерттеулері мен тұжырымдары оқырманға қызық болары хақ. Бірде психоаналитикке кішкене қызы мен ата-анасы келіп көмек сұрайды. Өйткені қыз бала күнде қорқынышты түс көріп шошып оянады, дәрігер науқасына түсінде көрген суреттерін қабырғаға салуын өтінеді. Алайда салынған суреттің не екенін ата-анасы да, қыздың өзі де түсінбейді. Психоаналитик науқасының суреттерін зерттей келе, олардың көне мифологиядағы жан алушы періштелер екенін айта келе, сәбиді о дүниеге шақырып жүргендерін айтады. Яғни баланың ұжымдық бейсанасында сақталған бұл бейнелер кішкене сәбидің жақын арада дүниеден өтетіні туралы белгі беріп тұр, бұл сана қабатына қалқып шығып, түс арқылы көрініс тапқанын көрсетеді. Нақты романнан үзінді келтірер болсақ, «Бала ой-санасына ғана тән бейкүнә дүние бұлаңыта берді. Ергене атаулы қылаңыта түсті... Оны Ұлан ғана көретін, Ұлан ғана білетін. Басқаларға жат әлем еді. Ертегі де емес, елес те емес, қияндағына шолар сәби қиялы қыдыратын дүние-тін». Міне, жоғарыда Юнгтің науқасы мен Ұланның түсіндегі бейнелер арасындағы ұқсастықты аңғаруға болады. Жалпы шығарманың басынан-ақ Ұланның ергене аттар туралы көрген түсінен бастап, үнемі кейіпкерлер түсі арқылы автор оқырманға ой салып отырады. Иса-Мұраттың түсіне жолбарыстың кіруі шері мен шерменде туралы аян түсінің  астарында да талай философиялық ой жатқаны оқырманға біраз дүниенің бетін ашып отырады. Асқар Алтай шығармаларында үнемі кездесіп отыратын аңыздар мен мифтер негізіндегі шағын сюжетті оқиғалар желісі бұл шығармада да кейіпкерлер түсі арқылы өрбіп отырғанын аңғаруға болады. 

Романның тағы бір ерекшелігі автор қалалық әрі далалық өмірді қатар алып жүреді. Иса-Мұрат арқылы біз Шарынның тылсым тұнығына бойлаймыз. Әдетте әр жазушының шығармасынан өзінің туған өлкесімен танысатынымыз әдебиеттен белгілі. Мысалы, О.Бөкей шығармалары арқылы шығыстың қатал қысын көрсек, Ш.Мұртаза шығармалары арқылы оңтүстіктің әсем табиғатына куә боламыз. Сол сияқты Асқар ағаның шығармаларынан да әсем Алтайдың табиғатына тамсанып отырушы едік, ал мына романда керемет каньондарымен ерекшеленетін Шарын шатқалдарының қиялы қатпарлары мен ұңғымаларын аралаймыз. Автор бас кейіпкерді егерь ретінде беру арқылы тамаша шешім тапқан, тау-тастың арасында көшпенділерге тән тағылығын жоғалтпаған Иса-Мұраттың тіршілігі арқылы оқырман Шарынның талай тылсымына куә болып отырады. 

Сонымен қатар тағы бір ескеретін деталь  қазақ әдебиетінде, әсіресе бауырымен жорғалаушы кесіртке түрлеріне қатысты көріністер жоқтың қасы, міне, автор осындай әдебиетімізде көп айтыла бермейтін суреттер мен бейнелерді дәл тауып сипаттай білген. Бұл да жазушы шеберлігі мен танымының кеңдігін аңғартады. Ал қалалық өмірді сипаттауда да әр детальды қалт жібермейді. Мәселен қазіргі қалалық тіршілікте көптеген отбасылардың үйден тамақ жасамай, сырттан ішуі немесе тапсырыс беруі қазақ халқындағы дастарқан культінің құндылық ретінде жойылып бара жатқанынан да көрініс беретін сияқты. Себебі отбасы, бір дастарқан басында бас қосу береке-бірлік, татулық пен сүйіспеншілік, бауырмалдықтың символы болған, ал бұл құндылық қоғамдық формацияларға байланысты өзгеріп жатқанын да жоққа шығармаймыз. 

Роман басында Иса-Мұраттың үйінен ас-ауқат пен суық қаруын алып шығуы, шығарма өн-бойында онымен бірге жүруі және соңында жамандық үшін емес, тек азық үшін атылуы да көңілге үміт сыйлайды. Осы ретте, А.Чеховтың «егер сахнада қару қойылса, соңында міндетті түрде атылу керек» деген қағидасы негізінде оқырман ретінде шығарманы оқу барысында, Иса-Мұраттың қаруы біреуді мерт қылып немесе қайғылы оқиға болып қала ма деп тақымыңды қысып отыратын кез де жоқ емес. Дегенмен роман соңында тек азық үшін құстар мен жабайы қабанды атып алғанда ғана, көңілің орнына түседі. Бұл да автордың жазушылық шеберханасының шыңдалғанын танытады. 

Романның басынан аяғына дейін бас кейіпкер Иса-Мұратты үнемі шөл қысып отырады, бұл тіпті жас кезінен қалыптасқан әдет деп те есіне алады. Жалпы көркем шығармашылықта шөлдеу мотиві тек физиологиялық тұрғыдан шөл емес, адамның экзистенциялық күйзелісін де көрсетсе керек, оған себеп, жастайынан сүйген жарына қосылса да, ішіндегі бір күдіктің болуы, ақырында сол күдіктің отбасын шайқалтуы, отбасының жан-жаққа шашырап кетуі, өз өмірінің мәнін түсіне алмай рухани күйзеліске түсуі, жалғыздың күйін кешуі, кейіннен қаңтар оқиғасынан кейін жалған жала жабылып екі бірдей азаматының қасақана қаза болуы мен соңында қанқарыз синдромына ұшырауы. Бұл тек жалғыз Иса-Мұрат трагедиясы емес, тек бас кейіпкердің қаталаған шөлі емес, бұл тұтас ұлттың өз елінде өгейдің күйін кешкен ауыр тағдыры екені анық. Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты еңбектер мен сөздіктерден «қанқарыз» деген сөзді таба алмадық, автор бұл жерде «кек алу» деген сөздің экспрессивті мағынасын күшейту мақсатында «қанқарыз» тіркесін ұсынуы да ұтымды шыққан. Сонымен қатар әр тарауды «фреска» деп көрсетіп отырған, сонда жалпы саны он фрескадан тұрады. «Фреска» ұғымы сурет өнерінде ежелден қолданылған тәсіл, яғни әлі толық кеппеген бояудың үстіне бірнеше қайтара жағып, жабыстырып салынатын әдіс болмақ. Ал бұл романда жарасы жазылып болмаған Иса-Мұрат балаларының азалы тағдыры мен әр тарау сайын түрлі құйтырқы жағдайлар мен билік өкілдерінің жалған жалалары мен ауыр азаптарын суреттеу арқылы қазақтың жазылмаған жан жарасының үсті-үстіне түрлі аяусыз әрекеттерді төпелетумен пара-пар. 

Романның ерекшелігінің бірі – композициялық құрылымындағы күрделілік пен символикалық бейнелеу тәсілдері. «Каскад» атауының өзі белгілі бір құлдырау мен ағынды, үздіксіз қозғалысты меңзейді. Автор осы символ арқылы қоғамдағы рухани өзгерістерді, адамның ішкі құлдырауы мен қайта жаңғыруын астарлап береді. Шығармадағы табиғат құбылыстары мен кеңістік бейнелері де кейіпкерлердің психологиялық хал-ахуалымен тығыз байланыста өріледі. Мәселен романда қашқын атанып Шарын шатқалдарын паналаған Иса-Мұраттың қатулы көңілі мен қанқарыз күйі мен көктемнің аптап ыстығымен қатар суреттелсе, күннің бұлттанып, толассыз жаңбырдың жаууы мен бас кейіпкердің бастапқы райынан қайтып, немересі үшін өз еркімен беріліп, жазасын өтіп, адал атын өзіне қайтарумен, көңілінің босап, құлазуымен қатар сипатталады. 

Шығармада автор бас кейіпкер арқылы қаңтар оқиғасының жазықсыз құрбандарының аянышты тағдырын сипаттауда көне Әмірсана, Шарын мен Шырын туралы ежелгі аңыздарға да тоқталу арқылы да өз еліне опасыздық жасаған тұлғалар туралы да ой салады. Автор романда тек оқиғалардан бөлек тың танымдық дүниелерді де ұсына біледі: аңшылық пен жаугершілік өнердің құпияларымен бөлісіп, «шижаза» немесе Улаға жасалған түрлі азаптау тәсілдері мен табиғат аясындағы әр қамыстың сыбдыры мен құстың дыбысынан табиғаттың райын түсініп, аса ептілік пен қырағылықты да көрсетеді, заманауи дрон сияқты технологиялардың құдіретін де жоққа шығармай, автор өзінің заманмен бірге жасап келе жатқанын аңғартады. Тіпті, амалдың жоқтығынан харам саналатын қабанды атып жеуінің астарында да терең мән жатқаны белгілі. 

Қорыта айтар болсақ, Асқар Алтайдың «Каскад» романы қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл туындылардың бірі. Жазушы бұл шығармада ұлттық прозаның дәстүрлі арнасын сақтай отырып, заманауи қоғамның рухани, әлеуметтік және психологиялық мәселелерін жаңа көркемдік тәсілдер арқылы бейнелейді. «Жаңа қазақ романы» сериясымен жарық көруінің өзі шығарманың қазіргі әдеби үдерістегі маңызын аңғартады. «Каскад» романы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік ізденістер мен жаңашыл бағыттарды танытатын шығарма ретінде жаңалығы психологиялық тереңдігінде, символдық құрылымында, ұлттық архетиптерді заманауи қоғам мәселелерімен байланыстыра суреттеуінде жатыр. Роман қазіргі қазақ прозасының дамуындағы жаңа эстетикалық ізденістерді көрсететін маңызды туынды екені даусыз. Әрине шағын мақала көлемінде тұтас романның көркемдігі мен ерекшелігін толық талдау мүмкін емес, сондықтан алдағы уақытта әлі де  көлемді ғылыми зерттеулерге азық болары сөзсіз. 

 

Ләйлә Демесінова, PhD

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan