Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Азамат Тасқараұлы. Менің жалғыз Өлеңім бар......

Азамат Тасқараұлы. Менің жалғыз Өлеңім бар...

98

Азамат Тасқараұлы. Менің жалғыз Өлеңім бар... - adebiportal.kz

Азамат Тасқараұлы - ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі. ҚР Үкіметінің "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Халықаралық "Шабыт" фестивалінің Гран-при иегері. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалімен марапатталған.

***

Алтайым, аманбысың?!
Мен сені танығалы -
Қарың омбылатқан,
Жоны салқын сілемдердің өзіне тән қиясы бар.
Бұлағың орғып аққан,
Жыраудай көмейінде жел сөздің ұясы бар.
Көлдерің бірде қоғалы, бірде жадағай,
Құсың бірде қыран, бірде құзғын - қомағай.
Қамшың шығыршықты, 
Керегеге қыстырсаң дамылдаған.
Тұманың - түбіт,
Түскен сайын қалыңдаған.
Алтайым, мен сені танығалы,
Басыңнан арылмайтын мұнарың бар,
Нөсерден тұнған қақты ішер құланың бар.
Ақсай басқан жорға құнандай,
Қыр отыңа басылмас құмарым бар.
Шөбің - сүйірқұлақ, арқаржусан,
Тауға біткен тобылғың майысады.
Қара Ертісім - қантамырым,
Оны ойласам қабырғам қайысады.
Алтайым, мен сені танығалы,
Түзгендерің жалға біткен,
Ақтерегің сорға біткен.
Көліңді сызып кеткен көгала үйрек,
Көктемін қайта айналар зорға күткен.
Бұғың анау, дауысы асып қырдан,
Мүйізін қарағайға қасып тұрған.
Көсілген көмекейі өршіл өзен,
Шиырлап тас кеудеңді, тасып тынған.
Дегендей мына маңнан қырындап өт,
Қағысып кіл меңіреу құрың да әлек.
Кержорға ат маған қарап кісінейді,
Екеуміз бір желінің құлындары ек.
Алтайым, мен сені танығалы,
Боздап бір соңымыздан жыр ілесті,
Бұрқырап бұйра бұлттың мыңы көшті.
Бізден де жалғыз хабар білгің келсе,
Адасқан ала қаздың үнін есті.
Алтайым...

 

***

Алақұйын нөсерлі, 
Алай-дүлей боранды, 
Тиіп кетсе - кеселді, 
Ұйып қалса - қараңғы, 
Сөзің сенің, тірі ақын, 
Жұлдызыңды тұр жағып? 
Терезеге ұратын
Қорқынышты бір жарық. 
Кім екенін ерте ұғып, 
Ел түсінбей, дерт емген. 
Жүрегіне шер толып, 
Жұмекендер өртенген
дәл осылай. Себебі, 
Себебі жоқ еш мұның. 
Алтын дәннің кебегі
Желге ұшқандай кешқұрым, 
Өмір бізді илеген, 
Бауыздаған біріңғай. 
Храмдары күйреген, 
Аңыз қалған Ұрымдай, 
Жұмысы жоқ күресте, 
Хабары жоқ мән-жайдан, 
Шегеленіп креске, 
Әр малғұнға қол жайған, 
Иса құсап, ғасырдан
ғасырға азап арқалап, 
Әр төбенің басында
Қос көзіміз қанталап, 
Күнге қарап ми бүрлеп, 
Айға ұлыған тағыда. 
Ғұмырымды қидым деп, 
Ғазиз сөздің бағына. 
Ей, ірі ақын, жалғанмен
Жағаласқан елессің. 
Өлең керек болғанмен, 
Өзің керек емессің...

 

***

Алматыға бардың ба,
Алатауды көрдің бе?!.
Жолға аттанып жолжелкені мол қырдан,
Алматыға өлең құсын қондырғам.
Алғаш көрген Күзі қандай сырлы еді,
Алғаш өткен сызы сондай тоңдырған.

Демесем де "тар көшеңде кең жүргіз",
Көрген бойда көзді арбады сол бір Күз.
Әрі сұлу, әрі суық сол Күзім,
Бағы ашылмай жылап қалған мөлдір қыз.

Таңдамаған тағдырына тап бопты,
Балалығы қай қиырда қап кетті?!.
Арбалғаны, сандалғаны көп шығар,
Алматы оны қатты қылып, әккі етті.

Алтын қолы бірде сипап басыңнан,
Бірде өтеді керек қылмай қасыңнан.
Қасын керіп күлгеніне сенбе оның,
О, бұл күлкі не сұмдықты жасырған.

Жұлқынсаң да жібермейді ол есесін,
Тіршіліктің тауқыметін кешесің.
Өміріңмен қуыршақ қып ойнайды,
Алматының жайлап алып көшесін.

Жүрегіне жарты үміт пен кек тұнған,
Сол көшеде көлбеңдеген көп тұлғаң.
Қос жанары алдарқатып талайды,
Талайларды тоз-тоз қылып, жеп тынған.

"Мен шаршадым, сенші, айнам!",
Арманымның тас қамалын сең шайған.
Қар себелеп қарашада төбемнен,
Қаншама рет пана іздедім Кеңсайдан.

Жаншып тастап зілдей мұң,
"Жатсынсаң да жаным сендік, біл!" деймін.
Ұстараның ұзақ жүріп жүзімен,
Қалай аман қалғам сонда, білмеймін.

Бұлттай көшіп бұлдыраған шақ та өтті,
Есіл күнім Есентайда қап кетті.
Алданғаным, сандалғаным көп шығар,
Мені Алматы қатты қылып, әккі етті.

Жағамызды қан жоса етіп барда көп,
Ақын жолын аңғалдықпен таңдап ек.
"Алматыға барам!", - дейді бір інім,
Үндемеймін,
Қалай айтам барма деп?!.

Есін алып жүрсе керек сол бір Күз,
Ең болмаса соны, Алматы, кең жүргіз.
Бар, бара ғой,
Сені күтіп жүр бүгін,
Бағы ашылмай жылап қалған мөлдір қыз.

 

ҚАРА ШАЛ

Сауыр арша иісі аңқып, 
сәруар шақ, 
Жусап тұрмын жылқыдай, ауыл аңсап. 
Бүлкілдейді беткейде қасқа бұлақ,
Көмейіне басып ап лағыл моншақ.

Теріскейдің желінен бұғып қалмай, 
Қарағайда салады бүлік торғай. 
Бұлтқа сіңген бір шеті кемпірқосақ,  
Жаңа иілген сәмбіден уықтардай.

Маужыратып даланы кіші бесін, 
Мәуелі ағаш күбірін түсінесің. 
Киелі ермен түшкіртіп рет-рет, 
Шіркін, көңіл, оған да кісінесін.

Сауыр арша иісі аңқып, 
сәруар шақ, 
Бөрте гүлдер, ақшешек, бәрі де ән сап. 
Мал қайырып кеш түскен қара шалды, 
Бала құсап тұрамын тағы қарсы ап.

Жалғыз сеңгір жұбатып ақсұр айды, 
Бұла бұлттар түмені сап құрайды. 
Көз алдымда тіршілік тәңірленіп, 
Тау есінеп, тас сөйлеп, шөп жылайды.

Бозаңы бар, қылаң бар үйір өріп,
Ұсақ тамшы барады жиіленіп.
Танауына жел кірген арғымақтың,
Мен отырмын көрсем деп күйіне еніп...

Сауыр арша иісі аңқып,
Сәруар шақ,
Көңілімнің салдауын сағым қамсап.
Қара шалдың сөзіне иланамын,
«Қаладағы тірліктің бәрі жаңсақ».

Боз жусандай бұрқырап мида өлеңім,
Шабытымның ағытсам түймелерін. 
Туған жердің шаңытқан топырағын да,
Дүлей құйын сияқты сүйген едім...

Ойнақтаса бойдағы сабаншы-үміт,
Тұма жырдың көз жасын алам сығып. 
Күре жолдар жарға әкеп тірегенде, 
Тамыр жайып сақтаған тарам шілік.

Сауыр арша иісі аңқып,
Сәруар шақ,
Сапарымнан қала алмай сабылам сәт.
Тағдыр деген азуы алты қарыс,
Ауылымнан тартады тағы да алшақ.

Тағы да алшақ тартамын қыр, белестен,
Жұртта қалған сол күшік үрген іштен.
Алтын төбе басынан арқар түсіп,
Арпалысып шығамын түнгі елеспен.

- Несібеңді сол көштен күнде теріп
Жүрсің ғой, - деп, жол жатыр, - жүр, кетелік!
Тал шарбаққа сүйенген қара шалым, 
Оң қолымен аспанды тұр көтеріп.

 

***

Жаздым, жаздым... 
не жаздым?
Жазған сайын жиі осы -
Шер кемірген қағазбын, 
Қан татыған сиясы.

Қарсы алдында Арымның, 
Жаспен жаздым өлеңді. 
Жартасына жанымның, 
Таспен жаздым өлеңді.

Жаздым және жаңбырмен, 
Шөлім қанып үлгермей. 
«Менікі жөн» - тағдырмен, 
Ымыраға бір келмей.

Қара өлеңмен 
(сірі күз 
мұңымызды күшейтіп...)
бірімізді біріміз
Үйретеміз, есейтіп...

Болып мынау ғұмырда, 
Дұшпан бірде, дос бірде. 
Ол айтады: «Жығылма», 
Мен айтамын: «Ескірме!»...

Баурап қоңыр күй керім, 
Шым-шытырық жолдағы. 
Менің өле сүйгенім -
Оның ғашық болғаны.

Ұғар қайбір қаймана, 
Осы шақтың бәрі елең: 
Қарап тұрам айнаға, 
«Уа, армысың, қара өлең?!.».

 

Тарымның бойы

              Ұйғыр ақыны Әбдірахым Өткірден

Тарымның бойы кең шаһар,
Жұртымның орны бұл маңда.
Тарихым құм боп жоғалмас,
Әуені желдің тұрғанда.

Көшкенмен құмдар - із қалар,
Көшкенмен керуен - жол қалған.
Сағыныш кернеп іздеймін,
Атамның ізін сол маңнан.

Тянь-Шаньнің басын қар шалар,
Бұрқырап түнде арда өзен.
Алтайдағы асқақ аршалар,
Көз алдымда әлі сол кезең.

Ақ сүті тамып ананың,
Соқпағы қалған атаның. 
Әр түйір құмы - тарихым,
Тарымның бойы - Отаным!

 

***

Біз жүрген бақ сарғайған, көше лайсаң,
Күн аунап, дәл осылай көшеді ай сан. 
Менен де суық күздің жаңбыры жоқ,
Өлең де қонбайды енді неше ойлансам.

Арқалап атан күннің бар салмағын,
Өзімді "қаттысың!" деп сонша алдадым.
Қураған нарттай қызыл жапырақтар,
Құлаған құрдым жерге қанша арманым.

Мен күткен, мені күткен бақ па мынау,
Түседі таң алдында отқа қырау.
Естелік қылын шерткен бір мұңлықпыз,
Қалайша бәрі өзгерген аппағым-ау?!.

Өткенді қайтара алам қай тәсілмен,
Бұл күнде артым - сыпсың, шайқас - іргем.
Бәрі де беп-белгілі, бәрі таныс,
Өмірді адамдаймын қайта сүрген.

Ия, қайта...
Сағынышпен сан алысып,
Жүрекке қонады өлең, тамады шық.
Ұрлап ап жалт-жұлт еткен бір күнімді,
Төбемнен ала қарға барады ұшып.

 

***

Көп күйбеңге еш қысылмас, 
Болдым бүгін қаттылау. 
Ертіс, Ертіс - ескі сырлас, 
Үнсіз ғана ақтың-ау.

Сен асықсың арманыңа, 
Толқын атып еселеп. 
Менің қатты болғаныма, 
Біле алмадым, не себеп?!.

Қанат талып, айдынға мың
Құс қонады топтана. 
Бұл өмірдің ой-қырларын, 
Сен ұғасың тек қана.

Құстар күздің салқыны ұрып, 
Сая іздейді сенен кеп. 
Жүрегімде әр түн ұлып, 
Мені өртейді өлең көп.

Өлең де емес мені өртеген, 
Бір өкініш, бір үміт. 
Бұл тағдырға ел ертемен, 
Қарай ма екен бұрылып?!.

Өтіп талай қия, құмнан, 
Өліарада көрем түс. 
Менің ұлы қиялымнан, 
Жаратылған көне Ертіс!

Көңілімде құсың өріп,
Аһ ұрасың, Ертісім.
Шалғай кетсем түсіме еніп
Шақырасың, Ертісім.

Өзек тілген өткір, мұңды ой,
Ұқсағаны-ай пышаққа.
Түнге оранып кеп тұрмын ғой,
Толқыныңмен құшақта.

Сезіп күздің ерте лебін, 
Бөгелсем де белесте. 
Аялауға серт беремін,
Айналғанша елеске.

Айналғанда елеске анық,
Келер тағы бір ақын.
Сені көрсе мені еске алып,
Мені еске алып тұратын.

 

ӘДІЛДІК ТАҒДЫРЫ

Жаралған алмағайып шақта нұрдан, 
Өр тұлғаң асқақ еді бек тобырдан. 
Адасып қайдан келдің бұл мекенге, 
Жел тұрып, жекен түзі от жамылған.

Қақ бөліп ара-жігін ақ-қараның, 
Жаутаңдап жан-жағыңа көп қарадың. 
Жарымай жақсы сөзге, жалғыз қалып,
Тарыдай шашылды ма сақтағаның?!.

Қызғышым, мұздамай ма ішің мүлде, 
Бір өзің жетер дейсің күшің кімге?!. 
Келеңсіз күндеріңде бұл қоғамға, 
Керексіз екеніңді түсіндің бе?!.

Егілдің, еңсең қалай езілмейді, 
Мұндайды «мұң шарпыған сезім» дейді. 
Найсаптар қабырғаңа найза қадап, 
Кещелер рахаттанып көзіңді ойды.

Келмеді ақиқатты неге ескергің, 
Шірідің арасында белестердің. 
Дәме ғып жақсылыққа жаны асықты, 
Әредік жолығатын елес болдың.

Бұл тарих саған таңсық, маған әйгі, 
Ешкім кеп жалымызды тарамайды. 
Жолсызда жолыққанда сол Елеске, 
Жарым жас жанарымнан домалайды.

Обалын ойлап сонда жас-киенің, 
Қоғамның моласына тасты үйемін. 
...Қорқаулар сонадайда Әділдіктің, 
Басып ап, кеміруде бас сүйегін.

 

***

Жаздың шұбар көбелегі – жібек тал,
Жібек талдай
Жүрегімде түнеп қал.
Шәлкес басып көрінеді Күз алдан,
Күз дегенің – сағынышым қызарған.
Ия, қызарған,
Сап-сары емес әсте де,
Кір қарғалар шуылдаған сәскеде
Мені ақын қып, жаздырады күрең жыр,
Жазған сайын ақиқатты білем бір.
Ол ақиқат – сені құлай сүйгенім,
Желп-желп етіп қос қанатым – күйгенім.
Дар-дар болған бұлтқа толып құшағым,
Сағынамын,
Дәмін татып құсаның.
Естір болсаң енді маған бер мұрсат,
Күзгі бақта сағынасың сен бір сәт,
Бәлкім, мені?
Сағынасың, білемін,
Жапырақтай қалт-құлт етті жүрегім.
Сағынғаның – қызыл баққа келсең – шын,
Күз жатқанша қабіріне қазылған.
Менің жалғыз Өлеңім бар,
Ол – Сенсің,
Тағдырымның қаныменен жазылған.

 

***

Өткен күндер, осылай зу еттің бе, 
Мейіріміңе қанбады жүрек мүлде. 
Байқамадым, қалайша тез басылдың, 
Ақ жаңбырдай сіркіреп бір өттің де.

Ұмыт болған, барлығы ұмыт болған, 
Қарашамын дәл қазір суып, тоңған. 
Көңілімнің есігін жел қағады, 
Енді ашыла қоймастай құлыпталған.

Желден басқа кім оны қағар дейін, 
Жапырақтың жай-күйі маған бейім. 
Сүреңсіз бақ,
Көкшілтім көше шамы, 
Одан кейін... 
Не еді одан кейін?!.

Қайда қалған бір кезгі арзу, арман, 
Одан кейін не еді?!. 
Таң қызарған... 
«Рөлге кіріс, әртісім!» дейді күліп, 
Немкеттілеу режиссер арғы залдан.

Қолды сермеп бәріне кеткен де сын, 
Кием оның ұсынған бетпердесін. 
Шеберлікпен сомдаймын жалғандықты, 
Жалғандықтың бет-жүзін көп көргесін.

Болмағандай, ештеңе болмағандай, 
Қатар аққу айдынға қонбағандай. 
Қандай еді бір кезде түнгі қала, 
Күзгі ауа, сөйлемдер - ол да қандай?!.

Басқа қала бұл қала... 
Ішінде - Мен, 
Кейіпкерін көркемдеп мүсіндеген. 
Ұлы ақынның рөлін сомдап жүрмін, 
Жан дүниесін ешкім де түсінбеген.

 

ЖАЙ

Қайқая шапқан қарагер,
Қай жаққа маңып барады ер?
Қайран да күнін жоғалтқан,
Жалғызға мендей сана бер.
Тағдырым, шіркін - ісімер,
Сыбырлай берді-ау: "Ішіп өл!".
Ертістен кеткен көкбөрі,
Енбей жүр көптен түсіме.
Тағдырға, шіркін, кім ие,
Күн ие, бәлкім, түн ие?
Алтайы қызыл түлкідей,
Айналдым сенен, Дүние!
Жанбастап бір сәт отырып,
Санаға жұлдыз батырып,
Көмейім сонда бүлкілдеп,
Көне бір сарын шақырып...
Өзенді бойлап дедектей,
Ары өтпей және бері өтпей.
- Жарды алсам, - дейді тамырым,
Кезі де биік теректей.
Жүрегім, өзің жырлашы,
У жетпей жүр ме бір қасық?
Ертіске құйған біз де бір,
Қарайған таудың жылғасы.
Болмаған күнім бал-шекер,
Сұрайсың енді қанша өтем?
Алтайдың қызыл желіндей,
Саулаған сөзім қалса екен?!.
Шайтаным ертіп молаға,
- Жолама! - деймін, - 
Жолама!!!
Сүйгенім және күйгенім,
Жай түскен сәттей бола ма?!.
Жалғасы болар ұлы әннің,
Түн өтер және шығар күн.
Үш ашалы анау қайыққа,
Бір күні өзім құлармын.

 

***

Алтайдың дымқыл түнінде, 
Жағаға келдім... 
Кім ұғар?.. 
Қосбасар күйдің үнінде, 
Қоштасар сәттің мұңы бар.

Ертістің бойы ен тоғай, 
Ерулеп көп ел жығылған. 
Елесті қозғап көркем ай, 
Көмескі бұлтқа тығылған.

Ағын су керіп арнасын, 
Мұзтаудан төмен тасыған. 
Мен тұрмын тағдыр жалғасын, 
Бастағым келіп басынан.

Көзімді тырнап осы ара, 
Көкжиек танып, көк бастым. 
Тізілген гүлмен не шара, 
Үзілген күнді жоқтастым.

Үзілген күндер -
үзілген 
жапырақ, нарттай қызарып. 
Сырғыды тамшы жүзімнен, 
«Қаттылау бол!..» деп, ыза қып.

Орақтан қалған аңызда, 
Орнымды таппай адастым. 
Тамылжып тұрған тамызда, 
Тоңазып өскен ағашпын.

Ада қап албырт сезімнен, 
Шер де өтті бізден, сел де өтті. 
Үрейді көрдік, 
Көзімнен 
Дүлейді көріп ол кетті...

Көкейді кесіп, матайды ән, 
Ей, тағдыр, көрдім көшеңді! 
Емендей еңсем қатайған, 
Не дейсің енді, өй, шешеңді...

 

***

Сол қала.
Өткінші бір күн...
Сүмбіле жұлдызы семген.
Қыркүйек – қияли құрбым,
Ақынын сағынып келген.

Қыркүйек шегуде түнін,
Түтіні: Жел және Елес.
Бұл әлем сол қалпы бүгін,
Ештеңе өзгерген емес.

Ол жайлы шағынам кімге,
Көңілге қайғы алсам ба екен?
Ғашықтар тыңдайтын түнде
Бір әнге айналсам ба екен?

Қайтеміз уақытты санап,
Кел, бәрін ұғатын Күзім!
Алқызыл бұлттарға қарап,
Қол бұлғап тұратын Күзім!

Қайда ағып барасыз, еркем,
Ертісім – жалғызым менің.
Мына түн дәл Сіздей көркем,
Оранған қап-қара кебін.

Қайда ағып барасыз әрең,
Сіз барар жақта ма гүлдер?!
Жоқ, әлде ол жақта да әлем
Өзгермей қалды ма мүлдем?!

Сағыныш – өткенді құсу,
Құсни бір хат жазғым кеп тұр.
Қолымнан келмейді-ау ішу,
Өй, іші түйіліп кеткір!

Жалғыздық, сені іздеп тағы?
Жолсызбен жүремін кілең?
Төбемнен жұлдыздар ағып,
Жоқ үйге асықпай кірем.

Жалғыздық тұрады, менен
бір хабар күткендей түстен.
«Қарының ашты ма?» деген
сұраққа «Ия!» деймін, іштен…

Жамылып қыркүйек түнін,
Ұйықтатар бізді әсем Елес.
...Бұл әлем сол қалпы бүгін,
Ештеңе өзгерген емес.

 

***

Ұланы ем мынау өлкенің, 
Ұзақтау жүріп оралған. 
Көтерген аппақ желкенім, 
Көрінген жерден жамалған.

Селеулер сыңсып біріңғай, 
Қалмаған сынды бойда зіл. 
Қиядан шапқан құлындай, 
Қиялшыл әлгі ұл қайда жүр?..

Жүр екен қайда сол қасқа, 
Жүздескен тірі жан бар ма? 
Барайын іздеп жартасқа, 
Барайын іздеп орманға.

Көрсем деп сол бір бейнесін, 
Шаңқай түс. 
Көкте жанып Күн. 
Шешіп сап жыртық жейдесін, 
Желіп жүр әне-е-у... 
Жолықтым.

Жолықтым оған, а, құдай, 
Теңселіп басым тоғайша. 
- Мен - сенмін! - десем танымай, -
- Өзгердің, - дейді, - қалайша?!.

Қашқаны менен о несі-ей, 
Іздеген сені бейбақпын. 
Артта қап талай белес, ой, 
Ақкөбік өзен қайда ақтың?!.

Білмейді ол тағдыр-талайды, 
Асығып, өзен жаққа кеп. 
Бұрылып маған қарайды, 
Ишара қылам «Тоқта!» деп.

«Тоқта!» деп оған өтінем, 
Арамыз солай бөлінді. 
Жылжыған судың бетінен, 
Елесі ғана көрінді.

Білмеймін, көңіл неге алаң, 
Өзенге қарап, болдырып, -
«Ақынмын!» дедім мен оған, 
«Мөлдірмін...» деді ол күліп.

 

***

Бәрі өтпелі бұл жалғанда,
Бұлт көшеді, күн шығар.
Қаулап болып, 
қырмандарда егін басы тұншығар.
Кең шеңберді тар етеді,
Қар, бораны өмірдің.
Бәрі өтеді, бәрі өтеді,
Не түсіндің, не білдің?..
Ымырт қамап даланы ақыр,
Қоюланар аспаным.
Жылдар өтіп бара жатыр,
Көрген түстей қас-қағым.
Өз өмірім маған көнбей,
Бір сілкініп, бір тынам.
Өзгертуге шамам келмей,
Қарап тұрам сыртынан.
Бірер сәтке тағат қылып,
Бастауға кеп...
Іркілем...
Өз-өзіме қарап тұрып,
Бір жылаймын, бір күлем.
Өгей шешең сұстанады,
Басылмаса шалығың.
Бұлт көшеді, құс қонады,
Қысқарады тағы күн.
Қия бетпен жетектеген,
Қиям қалай бұл күнді.
Тағдырыммен өтеп келем,
Көз жасым мен күлкімді.

 

***

Ей, өлең,
Саған қандай артам сұрақ,
Туғанда Рухым сұрап алған сынақ.
Бетпе-бет тұрам ылғи өзіңменен,
Көзінен көкжиектің қан тамшылап.

Жазған ем,
Жазған менің қайғым қанша,
Жүрегім жарым түнгі ай болғанша.
Қара өлең, құшағымды жайдым саған,
Кірестке шегеленген пайғамбарша.

Мен, бәлкім, құшағы емес,
Денесімін,
Бәрін де көріп болған көресінің.
Ай, дүния,
Күбір еткен, жыбыр еткен,
Күлкілі естіледі неге шының?!.

Сенімен тең сөйлескен Қасым қайда,
Жарқ еткен қас-қағымда жасын қайда?!.
Реңіңе топырақпен сіңген жырдың,
Бүлкілі жер жұтқанша басылмайды, ә?!.

Мен түгіл,
Күйремей ме пенде де іштен,
Өлеңім,
Қанға балқып, терге піскен.
Өткенді кешіп өтіп сен келмесең -
Үзіліп алтын қоңырау жерге түскен...

Өлеңім - мең-зең күйім, дел-сал шағым,
Тұманды көшелер мен аңсар, сағым...
Жайғанда жүрегіме сезім тамыр,
Өзіме сияқтанам өзім Тәңір...

Жоқ менің тағдырымда қызығар мән,
Шыныдай әлемімді бұзып алғам.
Мен жүрген қоңыр бақта көмескі боп,
Жоғалған бір елестің ізі қалған.

Керексіз ұлылық бар бұл ісімде,
Тоналып үйге келем түн ішінде.
Ұйқының батам сосын құшағына,
Бұл өлген күннің жарқын мысалы да...

Түсімде ең соңғы өлең оқылғанда,
Мең-зең боп оянамын,
Һақым бар да...
Кірісі үзілердей алтын садақ,
Тартылып,
Қақ маңдайға атылғанда.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan