Асықпаған аксондарым
«Кельндегі Көкжалдың» кейіпкерлерімен бірге өмір сүріп жүргеніме аптадан асты. Ойым сергісін деп көшеге шықсам, бәрі үдере соңымнан ілесіп береді. Аллеяда отырсам, андыздап түгел қарап отырады. Тура романдағы архив ақтарып, қолжазбаны қайта қағазға түсіремін деп жанарын суалтып, шаршап-шалдыққан Оспанның күйі.
Ойпыр-ай, бұл қалай? Тәулік асырып барып, оқып тауысып тастаған романның кейіпкерлері неге ойымнан шықпайды? Көкейде сұрақ көп. Ұштығын ұстатар емес. Әр қиырға ала қашқан сайын көзімді көлегейлеп тұрып алған көркем суретке «әй, тым болмаса біреуінің жауабы табылуы тиіс қой» деп өлермендікпен үңіле түсемін. Әні-міне сөйлеп кеп беретіндей үздігемін. Қайдағы?! Қорғастың үстіндегі ағаш көпір құлап, суға кетіп, түн баласы рухы өзен жағалап жүрген балалардай елесі бар, үні жоқ.
Миымдағы дендриттер ақпаратты толық жеткізіп, өз қызметін мінсіз атқарғанымен, миелинмен қапталса да, аксондарым міндетіне келгенде асығар емес. Үш тарихи кезеңнің оқиғаларын, сюжеттер мен картиналарды, кейіпкерлердің болмысын, олардың аңсары мен арманын, уайымы мен қорқынышын, Жаратқанның жазуын, бәлкім Тәңірінің берген жаратушылық қасиетін өзінікіндей көріп, өзін Құдай сезініп, талайдың тағдырын ойран еткендердің үкімін, іс-әрекетін сүзгіден өткізе алмай, кібіртіктей берді.
Әсемнің уайымы
Кітап қолыма әні тиіп қалар, міне келіп қалар деп жүргенде роман жарық көргендегі жазушының қызы Әсем Жүсіпбектің фейсбукта жариялаған жазбасын оқып ойланып қалғанмын. Сөз қадірін түсініп, астарын аңғарып өскен перзент жүрегі бекерге алаңдамаса керек-ті. Автордың осы романды жазып жатқанда бір алапат күйге түсіргенін түсіндім. Ал иесіне осындай хал кештірген кейіпкерлердің тағдыры қандай?
Кітап жолда. Уақыт өтіп болсашы...
Міне, асығып күткен кітап қолда. Соңғы бетін жауып жатып, өзім Қорғастың жағасында қалып кеткендей күй кештім. Әдетте, жақсы кітап оқысам, ойыммен бөлісіп, бірер күн сол әлемнен шыға алмай, алаңдап жүретінмін. Соған жорығанмын. Бірер күн өткен соң, арпалысқан ой серпілер дегенмін. Бірақ бұл жолы ұзағырақ аялдайтын сыңайлымын.
Роман он жасар Диего – Дінасылдың шетелге сатылып кетіп бара жатқан жерінен басталады ғой. Әрі қарай флэшбек тәсіліне салып, бірден кері шегінеді. Екі ортаны ғасыр бөліп жатқанымен, автор қазақ даласындағы кезең ауысып жатқанын бірді-екілі сюжетке сыйғызып беріп, тұтас үш кезеңді қамтыйды. Жүз жылдықтың жүгін арқалаған оқиғалар желісі жүректі жаншып, ойдың ойран-ботқасын шығарып, «неге?» деген сұрақты санаңа шегелеп кетеді. Қисапсыз қырылған мал, зеңбірекпен есепсіз жусатып салған сұрауы жоқ халық... Одан берідегі саудаға түсіп, қараусыз қалған бала... Ойпыр-ай, оқып отырып жаның түршігеді. Жазып, графикамен салған картинаға жан бітірген жазушының нендей хал кешкенін Құдай білер. Бір сәтке, осыны соңына дейін оқып шыққанға жүрек құрғыр шыдар ма екен деп ойлап кеттім. Әсемнің де уайымын сонда түсіндім.
Қорғас қырғыны
Қазақ пен Қытай арасындағы табиғаттың өзі сызып берген географиялық шекара Қорғас өзені. Талай жыл бұрын осы өзенді көктей өтіп, үйірін иіріп ұстайтын айғырдың үстінде жалына жабысып, адаматқа айналып шекара асқан қара көз қазақтың баласы. Қаршадайынан, жылқының жайын білген, уәде мен аманаттың қадірін түсінген.
Түйесін бағып жүрген Сабалақтың хан боларын тал түбінде ұйықтап жатқан сәтінде таныған Үйсін Төле би туралы ел аузында жүрген аңыз есіме түсті еріксіз. Шайзаттың болар бала екенін таныған. Жалғыздың ізі қалсын, жолы жалғассын деген тілек. Шайзат деп анасы атап кеткен. Құдай айдап кезіктірген жолаушы болар баланы жарытылысынан танып, шешесіне айтқан, онысына ана байғұс құлай сенген. Екі жүз жылқыны аман алып өткен еңбегінің өтеуіне байдың уәдесіне қарай бір үйірге ие болған. Күлшелі баланың сүйкімі бар. Ауа көшкен ел-жұрттың алдында абыройы асып, аңызға айналған.
Әуежайда траптан секіріп, далаға қашқан Диегоны ойлап отырып, жазушының кері шегінісінде Қытай асқан бала мен Дінасылдың арасында қандай байланыс бар екен деген сұрақ көңілде кілкіп тұра қалады. Екінші линия емес, флэшбекпен беріп отырған соң, екі ғасырдың ұрпағының тағдыр-тәлейі қалай да қабысар деп оқи түсесіз.
Жетісу жерінде кеңес билігінен қашып, Қытай асқан қазақты қынадай қырған бірнеше қанды оқиға орын алған. Оның бірінің белгісі болып, Райымбек ауданында Көрсай деген жер қалған. Ал Панфилов ауданындағы «Қорғас қырғынында» шекара аспақ болған 200 адамды зеңбірекпен атып, жусатып салған. Тарихта бірқатар деректер сақталғанымен, дәуірдің қайғы-қасіретін арқау еткен сүбелі дүниені қазақ жазушылары бұрын жазды ма, жазбады ма, анығын білмеймін. Білетінім, орыс жазушысы Е.Кукарин 1997 жылы дәл осы Қорғас қырғыны жайлы нақты деректермен «Кучер» деген повест жазған екен.
Мәселе, Қорғас қырғынын кімнің қалай жазғанында емес! Ғасыр аунап өткенде қасірет таңбасы желкелеп қыр соңынан қалмай, үш буын ұрпақты шарпыған азалы марштың ойналғанында! Жазушы да жаңа романында тарих деректерін алға шығара бермейді. Қорғастан ары ауған көш болмаса, бері ағылған көштің туар ма? Екі арадағы ағаш көпірге келіп кептеліп, құлаған бөренелермен бірге асау өзеннің ағысы жұтып кеткен талай жұрт із-түзсіз жоғалып, мына өмірге келгені де кеткені белгісіз, дерексіз кетер ме? Кеткендердің есебі Құдайдың алдында бар шығар, ал адамның алдында...
Сол сұраусыз кеткендердің ішінде, тіпті бар-жоғын ата-анасы іздемеген, кезінде сонша жылқыны шекарадан аман алып өтіп, аңызға айналған Шайзаттың ұлы Оспан бар. Тура осы жерден шекарадан ары асқан әкесінің жасымен шамалас шағында қақпақыл қаққан асау ағыстан шекарашы Темір суырып алып, құтқарып қалған.
Жазушының стилінің бір ерекшелігі де осында. Оқығанда кино көріп отырғандай сезінесің. Оқиғалар арасында оқырманына киноның тәсілі – саспинспен әдейі бір жұмбақ ой тастап кетеді. Шынында баласын неге іздемеді деген ойға беріліп, жылдам ауысып кеткен келесі сюжеттің әсерінен әлгі сұрақты ұмытып та кетесіз.
Көріпкелдің болжамы
Әке ішкі қасіретін жасырып, сыр алдырмайтын шығар-ау. Бірақ оған ана қайдан шыдасын?! Оспанның анасы да сөйтіп шырылдап-шырқырап жүріп, кітап ашатын бір кейуанаға кезігеді. Әлгі кейуана кітабын ашып отырып, «Саған айтайын дегенім, тап осы тағдыр сендердің әулеттеріңде тағы қайталанады. Сендер балаларыңа ие болыңдар, әйтпесе жер жүзіне тарыдай шашылып кетесіңдер», «қасыңа ерткен адасқан бала мен іштегі екі бала, басқаны көріп тұрған жоқпын», деп одан сайын үрейін ұшырады. Көріпкелдің болжамы – оқырманды алға қарай асықтырып, жетелей түсетін бір ілмек. Демек, әуежайда бүкіл жұртты дүрліктірген Диегоның Шайзатқа бір қатысы бар. Бірақ, қалай? Жабық саспинс. Бұл жерде автор спектакль сахнасын құраған режиссер секілді. Ойнатын кейіпкерлерінің өзіне бір жұмбақ тастап кетеді. Оспанның тірі екенін, әйелінің айтуынша, арғы жақта отбасы, балалары барын білетін әрі бергі жақтағысы әні-міне босанғалы тұрғанын көріп отырған оқырман Диегоның Шайзаттың ұрпағы екенін ойша шамалап үлгереді. Бірақ «сахнадағы» кейіпкер оны білмейді.
Қазақта талай жыл бұрын айтқаны айдай келген, жырау, би, шешендер көп. Бақсы да болған. Ал Жүсіпбек ағаның кітап ашатын кейуанасы – қазақ әдебиеті үшін жаңа симулякр бейне. Романда оның пайда болуы қандай жұмбақ болса, қайта ғайып болуы да сондай тосын. Бір тылсым. Шығарманың өн бойында мұндай сюрреалистік тәсілдер жиі көрініс беріп отырады.
Тайтері карта
Айтпақшы, оқырман романдағы кері шегіністер арасында кейін Көкжалға айналған Шайзаттың арғы жаққа өтпей тұрып әкесінен қалай көз жазып қалғанын баян ететін бір дерек тауып алады. Оқырман малын сатып, Алматы базарында көне Тайтеріні сатып алып, ертесіне тағы базарлап ауылына қайтпақ болып тұрған түні қаланы сел басып, ат-патымен, аттың қанжығасында кеткен тайтерісімен бірге тасқын астында қалған қыр қазағының Шайзаттың әкесі екенін айтпай түсінеді. Сол тайтері талай жылдан соң баласының қолына түседі. Қалай түседі? Оның әкесінікі екенін қалай біледі? Оны автор тәптіштеп жатпайды. Атадан қалған тәбәрік одан кейінгі «сахналарда» оқиғалар арасын байланыстырушы маңызды детальға айналып шыға келеді.
Құдайдың саған бұйыртқаны ризығы кешіксе де, бір тылсым күшпен өзіңді іздеп табады. Тайтері де солай.
Оқиғалардың алмасуын сахна деп атауымның да мәні бар. Себебі, романды оқып отырғанда сюжеттер «ЗТМ»-сыз режиссердің шебер шешіммен ауысқан спектакльдің кезекті сахнасындай көз алдыңыздан өтіп жатады. Оспанның ата-анасымен қауышып, бірақ Өкіметтің баласымын деп үйіне қайтудан бас тартып, шекарашылардың тәрбиесінде қалуды таңдауы, мектепке барып, онда жазушы баламен танысуы, кейін әкесімен кездесу үшін арғы жаққа қайта өтуі, ол жақта әкесінің екі елге қатар қызмет еткен жансыз болғанын естуі, талай жылын «Министрлер түрмесінде» өткізуі – мықты режиссердің қолына түскен драма секілді шебер сахналанады. Осы сюжеттің бәрінде атадан қалған мұра – Тайтері үш буын ұрпақты жалғастырушы тылсым күштің міндетін атқарып тұрады.
Айтпақшы, романға автордың араласуы шебер берілген. Тіпті кей тұстарда, айталық Диегоның алып ұшақта үрейленіп, есі шығып отырғанда ту сыртынан пайда бола кетуін сюрреализмге санасақ та немесе кинодағы фантастика жанрының ішіндегі жанр – «попаданчестваның» (дәл аудармасын таппадым) элементтеріне салған деуге де болады.
Жалпы жазушы романның өн бойында кеңістікте көшудің (перемещениенің) портал, түс арқылы берілетін тәсілдерін еркін қолданады. Қытайдан оралған соң, өзінің орнын ұрлап алғандай көретін өгей ағасы Көктанға ілесіп архивке барып жүріп, көне жазбаларды көшіруді үйренеді. Кейін құпия қызметтегілердің академикті өлтіру үшін у жағып қойғанын біледі. Оспан өлген соң Айнамкөздің құрсағында кеткен баласының басы тумай жатып саудаға түседі. Оспаннан бір із қалғанын жындыханаға түскен жазушы оның рухымен тілдескенде түсінеді. Байланыс түс арқылы порталдан өткен рухтардың кездесуі арқылы жалғасқан.
Көпір адам
Жазушының бір шеберлігі – шығармадағы оқырман үшін жұмбақ қып қалдырған саспинсін қым-қуыт оқиғалар арасында ұмыттырып жіберетіні. Оспан әкесімен кездесу үшін арғы жаққа өтіп, талай жылын түрмеге беріп қайтса да, Шайзат туралы бір дерек ести алмай келеді. Кетерінде «әкеңіздің заттары» деп қолына ұстатқан атасының тайтерісі салынған чемоданды алып қайтады. Құпия қызметтегілер тайтерінің соңына түсіп, ақыры Оспан өліп тынған соң, «сонда Шайзат қайда кетті» деген сауалды ұмытып та кетесіз. Қым-қуыт сюжеттер оны ойлап жатуға да мұрша бермейді. Есі де, елесі де санадан кетті дегенде, автор жарқ еткізіп, оны Еуропаның төрінен бір-ақ шығара салады.
Шекарашы Темірді, Оспанның қасындағы бала Ғинаяттың қайда кеткенін де сөйтіп ұмытып кеткенде, олар автордың араласуымен қайта пайда болып, Оспанның құрсақтағы баласын іздеуге шығады. Қиырдағы құм арасында қойшының тұтқынына айналған Айнамкөз де ұмыт бола жаздаған. Бала саудасына қатысы бар қойшы өліп, сусыған құммен бірге көшіп жүретін қойшының жылан сипатты әйелі мен рухы тыныш таппаған ұлы (рух енді түсінікті) да қалай кездейсоқ пайда болса, солай елеусіз қала береді. Оны құммен бірге көшіріп, ғайып қыламын десеңіз де, өз еркіңіз.
Маңдайыңа жазғаннан қашып құтыла алмайсың! Тағдырың қалай болатыны жазылып қояды деген рас шығар. Тумай жатып басы саудаға түскен Диего – Дінасыл ақыры шетел асқанда осы бір өмір аксиомасы еріксіз мойындалады.
Ал шетелге сатылған балалар шекара асқан сәттен бастап, Шайзаттың бақылауында. Траптан секіріп қашпақ болған Диего туралы да бүкіл ақпараттан хабардар. Іздеп те барады. Іші құрғыр сезеді. Ұрпағы екенін. Із-түссіз жоғалып кету қорқынышы ептеп басылғандай болады. Германияның Кельн қаласының құрметті тұрғынын ондағылар Көпір адамы атайды. Жыл сайын Қорғастағы көпір құлаған күні Еуропадағы қазақтар ең ірі өзендердегі ең ірі көпірлерде ту көтеріп, суға кеткендердің рухын еске алатыны үшін.
Екі елдің жансызы санап келген Шайзаттың үш елге қатар қызмет еткенін Диего-Дінасылды іздеп тапқанында сәтте естисіз. Бірақ ол сол күйі оның немересі екенін анық біле алмай кетеді. Автор шетелге сатылған балалар иесіз емес еді дейді. Иә, бөрінің тәңірісі, жыртық үйдің Құдайы бар. Ал автор иесіз емес еді дегенде тек, Шайзатты, Шайзат секілді азаматтарды ғана меңзеп тұрмаған болар.
Құдайды ақтау
Жүсіпбек ағаның кейіпкерлері – кезінде мектепте бізге оқытқан әдебиеттің өлшемімен айтсақ, жағымдысы да, жағымсызы да сана деңгейі жағынан бізден жоғары. Ешқайсысын істеген ісіне қарап, жеккөріп кетпейсіз. Көп айтты көндім демейді. Жұрт айтты жүрдім деп ақталып жатпайды. Күнаға батса да, сатқындық жасаса да, кісінің өмірін қиып кетіп жатса да, Құдайдың алдында өзін ақтап алатын ішкі есебі мығым. Әй, оларды Құдай да ақтап алатын шығар! Тағдырдың өзімен таласқа түсіп, жазмыштың өзін жаңылдырып кетуге тырысады.
Керек десеңіз, Жүсіпбек ағаның Ғинаятын да өз көңіліңіз үшін ақтап аласыз. Мейлі ол өзінен туған Дианасын балалар үйінен қайтып алып, Диегоны шет елге сатып жіберсе де... Тек бумеранг кері айналғанда жол апатынан қапияда үзілген қаршадай қызды аяп кетесіз. «Диегоның наласы жібермеді» дейді сол сәтте Ғинаят. Неліктен қылған қиянаты айналып өзін табатынын түсінуі үшін пенделерге ұзақ уақыт қажет болады екен?
Оқиғалар желісінде жанрдан-жанрға ауысып отыратын жазушы кино мен театрдағы тәсілдерді де шебер араластырып жібереді. Жанр ішіндегі жанрлардың да элементтері менмұндалап тұрады. Өмірдің өзі – абсурд. Абсурд пен иррониясы бөлек. Дінасыл туған жерге оралған сәтте ирронияның бояуы қалыңдай түседі.
Бір Шайзаттың тағдыр-тәлейіне байланыстырып, қазақ әдебиетіндегі жаңа аңыздарды тудырған жазушы мынадай тағы бір тың тұжырым жасайды: «Мойындасақ та, мойындамасақ та, төрт кітаппен өмір сүріп келдік. Төрт кітаптың Тәурат, Зәбур, Інжіл және Құран екенін естеріңе салып қояйын. Ал біздің жасаған күнәларымыз кір тастары тұрмақ, мың пұт сандық тастан да ауыр. Алайда соған бола өле қалмайтының тағы белгілі.
Студенттерге лекция оқудың орнына уағыз айтып тұрғандай көрінгенін сезбейтіндей ақымақ емес. Олардың бозарған сұраулы жүздерінен бұл өзінен күткен әңгіме екенін де ұқты. Алайда белігілеп берген шеңберде ғана оқытатын ғалым емес, ойын еркін жеткізгеніне кешіріммен қарауға болатын жазушы деген аты бар. Әрі айтайын дегені де ол емес, мүлдем басқа нәрсе.
– Бірақ, адамзат қазір басқа төрт кітаппен өмір сүріп жатыр. Ол – Ақ кітап, Жасыл кітап, Қызыл кітап және Қара кітап. Ақ кітап – қатталып-шотталған құжаттар кітабы, Жасыл кітап – әлі жүзеге аспаған идеялар кітабы, Қызыл кітап – қорғауға алынған аңдар мен өсімдіктер кітабы, ал Қара кітап жер бетінен жойылып кеткен тіршілік иелерін жоқтайтын кітап»...
Бөренелер құлағанда өзеннің беті бір батып, бір шыққан домаланған доптарға толып кетті деп суреттейтін сәті көз алдыңа келеді осы сәтте. Домаланған доп... Теңеудің астарындағы ой айтпаса да түсінікті. Автор көпір құлап, ағысқа жұтылып жоғалған балаларды жоқтағанда да, ары және бері қарайғы көштің қасірет азасын айтқанда да, Құдай осынша жұрттың, әсіресе балалардың көз жасын көрсе керек еді, көріп тұрып, бұлай жылатпаса керек-ті дейді. Дейді де, бұл Құдайдың ісі болмаса керек деп ақтап алады. Бәлкім біздің тағдырымызды тәлкекке салып, еш қиналмай шеше салатын жоғарыдан тағы бір күш басқарып тұрған жоқ па деген ойдың да ұшын шығарып қояды.
Өлер сәтінде Оспанның да аузына осы сөзді салады: «Мен Құдайды қарғағаным жоқ, қарғамаймын да, - деді Оспан мөнді-мөнді болып: – Бірақ тағдырдың басқа салғанына қарсыласуға еш дәрменім қалған жоқ. Неге осындай жағдайға түскеніме ақылым жетер емес, оның жауабы менің жазылмас дертіме айналған секілді. Қайдан, қалай бұл жолға тап болдым? Қалайша меп осындай өмірді тілеп алдым? Неге менің алдыма таңдауға болмайтын бір-ақ жол тұрады?
– Сені өзіңнен артық түсінемін, - деді жазушы сабасына түсіп. – Көпір құлағанда ұлы көштің де ерік-жігері морт сынды»...
Тарихта халықтың жадынан өшіруге тырысқан дерек көп. Бірақ олар аңызға айналып, бәрібір ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Шайзаттың жер бетінде қанша көпір бар, қаншасы бұзылып-қирап қайта тұрғызылғанын, ал Қорғаста ағаш көпір болмаған дейтіні қалай деп ой кешетін тұсы бар. Көз алдыма сол өзенге салынған аспалы ақ көпір, көпірден құлаған бөренелермен бірге суға кеткен Аруақтардың өтіп келе жатқаны елестеді. Кельндегі Көкжалдың орындалмаған арманы. Ал нағыз көкжал – Дінасыл туған елге оралған...
«Көпір деген өмір ғой».
P.S: Спектакльде екі шешім беретін режиссерлар болады. Романның да бірнеше шешімі бар секілді. Әзірге ішін алдырар емес. Ойым ойран-асыр.
Жүсіпбек аға Қорғасбектің «Үркердің» кезекті хабарының бірінде жаңаша жазатын жазушылар барын, бірақ кейбірі осынымды қалай түсінеді деп сақтанып, соңында бір түйінмен ойын түсіндіріп, ақтап алатынын айтқаны бар. Жазушы немесе әдебиет сыншысы емесімді айтып, тісімнің батпағанын ақтап алмай-ақ қояйын дедім. Мені «ол кім еді» дейтіндер онсыз да табылады.
