Үндістандағы бір кофе плантациясының қожайыны күндердің күнінде өзінің шаруашылығын кеңейтуді ойлап, орманнан арнайы бөліп алған алқапты тазалауға кіріседі. Ол ағаштардың бәрін отап, жас бұтақтарын өртеді. Алайда, алқапты оталған ағаштардың түбірінен тазалау қиынға соғады. Динамитпен жарып қопару тым қымбатқа түседі, ал өртесе, түбір бықсып, бірнеше ай бойы жанады. Бақытына қарай, мұндай жұмысты атқаруда хайуандардың патшасы – піл таптырмайтын «техника». Олар алға қарай иіліп тұратын сойдақ тістерімен түбірді тамырымен жұлып алады, болмаса арқанның көмегімен тартып шығарады. Сондықтан плантация иесі пілдерді біреуден, екеуден, тіпті үшеуден қожайындарымен бірге жалдауға көшеді. Бір қызығы, пілдердің ішіндегі ең мықтылары ең жаман деген магут (пілді үйретуші) немесе бақташыларға тиесілі еді. Ал сондай мықты пілдердің ішіндегі ең қайраттысын Моти Гудж деп атайтын. Бұл алып хайуан өзінің магутының толық иелігінде болды. Мұндай жағдай түземдіктердің билігіндегі елді мекендерде кездесе бермейді. Моти Гудждың тұрқы айбарлы, ерекше болғаны сондай, ондай пілге иелік етуді тіпті патшалардың өзі армандар еді. Оның есімін қазақшаласақ, «пілдердің інжу-маржаны» деген мағына береді. Елде британдық билік үстемдік құрып тұрған уақыт, Моти Гудждың магуты Дееса болса, өзінің меншігіндегі пілді шексіз артықшылықпен пайдаланды. Ол еркіндікте өмір сүргенді ұнататын. Алда-жалда осы пілдің қара күшінің арқасында көп ақша тауып жатса, «ақаңнан» армансыз сілтеп удай мас болғанша ішеді, сосын Моти Гуджды алдыңғы аяқтарының жұмсақ тырнақтарынан темір шыбықпен аямай ұратын. Моти Гудждың оны табанының астына салып езгілеп тастауға құдіреті жетеді, бірақ ешқашан олай жасауға талпынған емес. Себебі ол Дееса өзін ұрып-соғып болғаннан кейін, мұны тұмсығынан құшақтап, жылап, оны «ғашығым», «менің өмірім», «жанымның жарық жұлдызы» деп еміреніп, қандай болмасын спирттік ішімдік беретінін жақсы білетін. Ал Моти Гудж спирттік ішімдіктерді, соның ішінде арақты айырықша жақсы көретін, пальма шарабынан да бас тартпайтын. Содан соң Дееса Моти Гудждың алдыңғы аяқтарының арасына жатып алып ұйықыны соғады. Сабаздың жайлы ұйқыға жолдың қақ ортасын таңдап алатынын қайтерсің, мұндай кезде Моти Гудж оны қызғыштай қорып, жолдан жан баласын әрі-бері өткізбей қояды. Қашан Дееса ұйқысы қанып оянбайынша, бұл жолда қозғалыс жанданбайды.
Плантацияда күндіз жұмыс кезінде ұйықтауға болмайтын. Көлемді еңбекақыдан айырылғысы келмейтіндер ондай тәуекелге бара да қоймайды. Деесаның жұмысы Моти Гудждың үстінде отырып алып «олай тарт, былай тарт» деген сияқты бұйырықтар беру. Қалғанын Моти Гудждың өзі жайғайды. Алмас қылыштай қайқиған сойдақ тістерімен түбірді түп-тамырымен қопарып алады. Болмаса, алып денесімен кейін шегіншектеп, түбірге байланған жіптің ұшынан бір-ақ тартқанда, мықты деген түбірдің өзі қаңбақ құрлы қауқар көрсетпестен жер бетіне оңай сүйретіліп шыға келеді. Ал үстінде отырған Дееса оны құлағынан қағып: «Сен пілдердің сұлтанысың» деп мақтауын жеткізеді. Жұмыстан соң кешкілікте Моти Гудж үш жүз қадақ жасыл желекті литр жарым арақпен шылап жіберіп бір-ақ асайды. Әрине, бұл шаруадан Деесаның да шет қалған күні жоқ. Әрі-беріден соң пілдің алдыңғы аяқтарының арасына жатып алып, ұйықтайтын уақыт болғанша әнге басады. Дееса аптасына бір рет алып пілін өзенге шомылдыруға апарады. Сонда Моти Гудждың тайыз суда жатып алып рахаттанып керілгенін көрсең, саунада сабынған сұлтанның өзінен кем түспейді. Дееса оның үстін кірпішпен, кокоспен асықпай ысқылап жуады. Моти Гудж орнынан тұрып, екінші жаңбасына ауысып жату қажеттігін білдіретін белгіні басқа ишарамен ешқашан шатыстырған емес. Сосын Дееса оның аяғын, көзін, алып құлағының қалқаншасын әрі-бері қайтарып, әлдебір жара, аурудың белгісі бар-жоғын мұқият қарап шығады. Осындай «медициналық тексерістен» кейін екеуі судан әндетіп шығады. Үсті-басы қап-қара, жып-жылтыр күйге енген Моти Гудж ұзындығы он екі қадақ бұтаны тұмсығына іліп, сабынуға кіріседі. Дееса болса ұп-ұзын, су-су шашын сығып әуреге түседі.
Деесаның табысы жақсы, өмірі осындай тыныш еді, бірақ ол арақты армансыз ішіп, ес-түссіз мас болатын күндерін қатты аңсай бастады. Тамағынан анда-санда өтетін азғантай ішімдік оған ешқандай әсер сыйламайтын, тағатынан айырылған ол нағыз жын-ойнақтың ортасына барғысы келді.
Плантация иесіне келген ол:
– Менің анам қайтыс болды, – деді иегі кемсеңдеп.
– Ол екі ай бұрын қайтыс болмап па еді, одан соң тағы бір қайтара, менде соңғы рет жұмыс жасағаныңда да осындай жағдай болған, – деді жергілікті жұрттың салт-дәстүрінен біршама хабардар плантация иесі.
– Менің әпкем қайтыс болды, ол мен үшін екінші анам болатын, – деді Дееса одан сайын көзін жасқа шылап, – оның артында 18 бала аш-жалаңаш қалды. Мен оларды асырауға тиіспін, – деді басын жерге ұрғылап.
– Бұл хабарды саған кім жеткізіп еді? – деп сұрады плантация иесі.
– Пошта жеткізді, – деді Дееса.
– Мұнда пошта келмегеніне бір апта болды. Жұмысыңа бар!
– Менің ауылымды қорқынышты ауру жайлады. Барлық әйелдерім шетінен өліп жатыр, – деп Дееса бұл жолы көз жасын шын ағызып, бар дауысымен еңіреді.
– Деесамен бір ауылда тұратын Чихуанды шақырыңдаршы, – деді плантация иесі.
– Чихун, мұның әйелі бар ма?
– Мына кісінің бе? – деді Чихун, – Құдай сақтасын. Біздің ауылдың бірде бір әйелі бұған тіпті, қарағысы да келмейді. Олар бұған емес, пілге тезірек күйеуге шығатын болар, – деп қарқылап күлді.
Еңіреуін қоймаған Дееса енді айғайға басайын деді.
– Саған тағы біраз уақыт беремін. Байқа, әйтпесе жаман болады! – деді плантация иесі. – Жұмысыңа бар!
– Мен бұл жолы имандай шынымды айтайын, – деді әлі де өксігін баса алмай тұрған Дееса. – Мен екі айдан астам уақыттан бері ішкілікке мас болғаным жоқ. Сондықтан бұл құдай берген плантациядан алысқа кетіп, ес-түссіз хәлге жеткенше ішейін деп едім. Сонда мен мында ешкімнің мазасын алмаймын ғой.
Плантация иесінің жүзіне күлкі үйірілді.
– Дееса, – деді ол, – сен бұл жолы шыныңды айттың, мен сені қазір-ақ жіберер едім, бірақ өзің жоқта Моти Гуджаны біз пайдалана алмаймыз ғой. Оның тек сенің ғана бұйрығыңды орындайтынын өзің де жақсы білесің.
– Құдайдың жарық күні таусылмасын! – деп саңқ етті Дееса. – Мен бар-жоғы он күнге ғана кетіп барамын. Сосын – ар-ождан, жан-жүрегіммен ант етемін, қайтып ораламын. Ал енді осы қысқа уақыт аралығына келетін болсақ, артық туған бекзатым, маған Моти Гуджаны осында шақыруға рұқсат бермес пе екен?
Оған рұқсат берілді. Деесаның ышқынған ащы айқайы шыққан бойда көлеңкелі ағаштар арасынан алып денелі піл де бой көрсетті. Ол бұл жерде үлкен тұмсықтарымен үстіне су бүркіп, қожайнының оралуын күтіп жатқан еді.
– Менің жүрегімнің жарығы, пілдердің жебеушісі, құдіретті күштің иесі құлағыңды төмен тоса ғой, – деді Дееса оның алдына тұрып.
Моти Гудж құлағын төмен иіп, тұмсығын көкке шаншып, дыбыстап қойды.
– Мен кетемін, – деді Дееса.
Сол сөзді айтуы мұң екен, Моти Гуджаның да көзі жарық ете қалды. Өйткені, қожайыны сияқты ол да серуендегенді жаны сүйетін. Жол бойында келе жатып неше түрлі тіл үйірер дәмді өсімдіктерді де ауызға сала жүруге болады ғой.
– Бірақ сен, кәрі қабан, осында қалып жұмыс істеуге тиіссің!
Моти Гудждың көзіндегі жалын ұшқыны лезде қайта жоғалды. Ол плантациядағы түбірді түп-тамырымен жұлу жұмыстарын жек көретін. Ондай жұмыстан тісі ауырып жүрді.
– Мен он күнге кетемін. Қане, алдыңғы аяғыңды көтере ғой, мен сені, кеуіп қалған лас шалшықтың сүйелді құрбақасы, мұны есіңде мықтап ұстауға мәжбүр етемін.
Дееса қолына темір шыбықты алып, Моти Гудждың аяқтарынан он мәрте ұрды. Моти Гудж шыңғырып, екі аяғын алма кезек ауыстырумен болды.
– Сен он күн бойы жұмыс істеуге тиіссің, – деді Дееса, – Чихунның бұйыруы бойынша, түбірлерді қазып аласың, тасисың. Чихунды көтеріп ал да өзіңнің үсіңе отырғыз!
Моти Гудж дәу тұмсығын жерге төсеп, ұшын кейін қайырды. Сол кезде Чихун да аяғын қойды, піл оны көтеріп апарып мойнына отырғызды. Дееса оның қолына пілдерді басқаратын темір шыбықты ұстатты. Чихун Моти Гуджның тақыр басынан әлгі шыбықпен бір ұрып жіберді. Моти Гудж сарнап қоя берді.
– Дыбысыңды шығарма, орманның жабайы қабаны! Он күнге Чихун сенің магутың. Ал енді, қош бол, менің хайуаным. О, менің әміршім, менің патшам! Дүниеде жаратылған пілдердің інжу-маржаны, үйірдің лала гүлі, өзіңнің денсаулығыңды абайла, қайырымды бол. Қош!
Моти Гудж Деесаны дәу тұмсығымен құшақтап, әуеге екі мәрте көтеріп орнына қойды. Алып піл осылайша қожайынымен қоштасты.
– Ол енді жұмыс жасайтын болады, – деді Дееса плантация иесіне. – Менің бара беруіме бола ма?
Плантация иесі мақұлдап басын изегені сол еді, Дееса да орман ішіне жып ете қалды. Моти Гудж түбір жұлуға аттанды.
Чихун оған өте мейрімді болды. Әйтсе де, ол өзін бақытсыз, жалғыз сезінді. Чихун оған бар дәмдіні беріп, иегінің астынан қыттықтайды. Чихунның кішкентай баласы жұмыстан соң пілмен ойнайды, ал Чихунның әйелі оны «сүйкімдім» деп атады. Бірақ, Моти Гудж Деесаның өзі сияқты сүр бойдақ болғандықтан, мұндай отбасылық сезімдерді түсіне алмады. Ол өзінің өмірінің жарығына айналған ішкіш қожасының қайта оралуын аңсап күтті. Оның жабайылау сүйіспеншілігін, жабайы соққыларын сағынып жүрді.
Дегенмен, ол жақсы жұмыс жасады. Плантатция иесі бұған таң-тамаша болды. Дееса болса, сол кеткеннен талай жолдың шаңын шығарды. Сөйтіп жүріп өз ауылының үйлену тойын тойлаушылар тобына жолықты. Күнде думан, күнде той, уақыт шіркінің мұндайда зыр ете түспей ме.
Он бірінші күннің де таңы арайлап атты. Бірақ Дееса оралған жоқ. Моти Гуджаны әдеттегідей сәл демалысқа босатып еді, ол сілкініп алды да жан-жағына қарады, сосын иығын бір қиқаң еткізді де, басқа бір жерде асығыс шаруасы бар адамдай тарта жөнелді.
– Ги! Ги! Кері қайт! – деп айқайлады жалмажан Чихун. – Кері қайт та мені мойныңа отырғыз, менің сорыма туған қырсық! Кері қайт, тау пілдерінің көркемі! Бүкіл Үндістанның әшекейі, кері қайт деймін, әйтпесе, алдыңғы аяқтарыңның быртиған бәшпайларынан ұрамын.
Моти Гудж қысқаша гүр еткені болмаса, бағына қоймады. Чихун оның соңынан арқан ала жүгіріп, ұстап алмақшы болып еді, Моти Гудж тұра қалып құлағын жымитты. Бұл нені білдіретінін Чихун жақсы түсінді, сонда да ол өз дегенінен қайтпауға тырысып, боқтауға көшті.
– Менімен ойнауға болмайды! – деді ол. – Орныңа бар, сайтанның сапалағы!
– Хррумм! – деді Моти Гудж, сосын құлағын қайта жымитты.
Чихунды осылайша жасқап тастаған Моти Гудж өзі барынша жайбарақат қалыпқа көшті, былай-былай қыдырыстап, тіс тазалағыштың орнына бұтақты күйседі, бұдан соң бәрін қойып, жұмысқа жаңа кіріскен өзге пілдерді келекелеп еркінси бастады.
Чихун бұл жағдайды плантация иесіне мәлімдеді. Ол болса қолына иттерді ұратын шыбықты алып жетіп келді де құтырынып сабай бастады. Ақ адамның бұл әрекетіне қына қоятын Моти Гудж ба, оны алдына салып, соқпақ бойымен жарты шақырымнан астам жерге дейін қуалап апарып, одан қатты дауысымен «хрруммдап» жүріп плантация иесін үйдің дәлізіне қуып тықты. Сосын үйдің алдына тоқтаған ол ішінен күлгендей кейіп танытты, өз әрекетіне көңілденгені сондай, әрі-бері шайқалып билеп те алды.
– Оны жақсылап тұрып төмпештеу керек! – деді плантация иесі. – Ешбір пілдің баласы жемеген таяқты жегізу керек оған. Кала Наг пен Назимнің әрқайсысына он екі қадақ шынжыр беріп, оларға жиырма рет дүре соғыңдар деп айтыңдар.
Кала Наг – яғни Қара Жылан мен Назым пілдердің ішіндегі ең ірілері болатын. Олардың басты міндеттерінің бірі кінәлілерді жазалап дүре соғу. Өйткені, бірде бір адам пілді жанына бататындай қылып ұра алмайтыны белгілі. Екі алып піл шынжырды тұмсықтарына іліп, Моти Гуджға қарай бет алды. Шамасы екеуі екі жағынан барып дүре соқпақшы. Моти Гуджды осы отыз тоғыз жасына дейін ешкім шынжырмен ұрып көрмеп еді. Сондықтан ол шынжырға арқасын оңайлықпен тоса қоймайтынын білдіріп, екеуін қасқайып тұрып қарсы алуға ыңғайланды. Басын олай-бұлай шайқап, көзімен Кала Нагтың май басқан бүйірінің қай жерінен сойдақ тісін тереңірек кіргізуге болатынын нысанаға алғандай айбаттана түсті. Кала Нагтың сойдақ тісі жоқ, оның бойындағы күші де, билігі де тұмсығына ілген шынжырда. Әдбен таяп келгенде Кала Наг та Моти Гудждан бойын аулақ ұстағанды жөн санаған сияқты. Шынжырды да ермек үшін әкелгендей түр танытты. Ал екінші піл Назым да сырт беріп, үйіне қарай томпаң-томпаң желе жөнелсін. Соған қарағанда, ол сол күні өзін ұрысқа әзір сезіне алмаған болуы керек. Ұрыс алаңында жалғыз өзі қалған Моти Гудж құлағын тіктеп айбаттанған күйі біраз тұрды.
Бұл жағдай плантация иесін райынан қайтуға мәжбүрледі. Жұмыс істегісі келмейтін пілді ырыққа көндіру, теңіздегі дауылда жылжып кеткен сексен бір тонналық алып зеңбіректі орнына қайта қоюға әуреленгенмен бірдей оңай шаруа емес. Бәрінен босаған Моти Гудж сайран салуға көшті. Ескі достарының жанына келіп, арқасынан қағып, «түбірлер оңай суырылып жатыр ма?» деп бір сұрап қойды. Одан соң атқарып жатқан жұмыстары жайлы, пілдердің құқығы жайлы еркін көсілгені сондай, құр әңгімеге жарты күнін жоғалтты. Әрлі-берлі жүріп, күн батқанша бәрінің ынтасын құртып, берекесін қашырып, ақыр аяғында қарны ашқан соң өзінің шарбағына оралды.
– Егер жұмыс істегің келмесе, тамақты да ішпейсің, – деді Чихун ренішті кейіппен. – Сен жабайы пілсің, тіптен тәрбиесіз хайуансың. Бар, өзіңнің джунглиіңе жөнел!
Жаман лашықтың ішінде ойнап жүрген кішкентай қараторы бала табалдырықта тұрған алып көлеңкеге қолдарын созып ойнағысы келді. Моти Гудж бұл баланың Чихун үшін өмірдегі ең қымбатысы екенін жақсы білетін. Ұзын тұмсықтарын созып ұшын адам қызығарлықтай қылып ие қойып еді, қараторы бала қуанышты дауыспен оған бас салды. Моти Гудждың да күткені осы болатын, баланы тұмсығына абайлап отырғызып, он екі қадақтай биіктікке көтерді.
– Ұлы Көсем! – деп саңқ етті зәресі ұшқан Чихун. – Іріктелген ұннан пісірілген, ұзындығы екі қадақ, араққа бөктірілген он екі бәліш қазір-ақ сенікі болады. Бұған қоса, жаңа ғана жұлынған екі жүз қадақ қант борығын беремін. Тек мына баланы – менің жүрегім, өмірімнің бөлшегін жерге қауіпсіз түсірсең болғаны!
Моти Гудж бұған бірден құлақ қойып, қараторы баланы алдыңғы алып екі аяғының арасына ыңғайлы етіп орналастырып, тамақ беруін күтті. Ол асықпай тамақтанды, бұл аралықта қараторы бала оның дәу аяқтарының арасына кіріп, армансыз ойнады.
Тамақтанып алған Моти Гудж ұйқыға бас қойды. Бірақ сонда да оның ойынан Дееса шықпады. Піл өміріндегі таңғажайып құпиялардың бірі – осынша алып денесіне қарамастан олар басқа тіршілік иелеріне қарағанда өте аз ұйықтайды. Түнгі ұйқыға бар-жоғы төрт-бес сағат жеткілікті. Түн жарымына шейінгі екі сағатта бір жақ бүйіріне жатып ұйықтаса, түн жарымынан асқан соң тағы екі сағат келесі бүйіріне аунап жатады. Демалысының қалған уақыты тамақ жеуге, бір аяғынан екінші аяғына салмақ алмастыруға және міңгірлеген монологтар оқуға кетеді.
Түн жарымы болғанда Моти Гудж өз шарбағын тастап шықты. Оның басына Дееса қараңғы орман ішінде мас болып құлап жатқан шығар деген ой келді. Түні бойы ол Деесаны қопа, бұта-бұтаның арасын шарлап іздеді. Жай іздеген жоқ, айналаны у-шу қылып, кернейлетіп-сырнайлатып, құлақтарын қағып, дүниенің астаң-кестенін шығарып іздеді. Одан соң Дееса өзін апарып жуындыратын өзен жағалауына түсіп шарлады, қанша жерден кернейлеткенімен, оған ешқандай жауап ала алмады. Ол Деесаны ақыры таппады, әйтседе, аумақтағы пілдердің бәрін мазасыз күйге түсіріп, ормандағы цығандардың өзін өлердей қорқытты.
Таң атып келе жатқанда Дееса да плантацияға оралды-ау. Ол удай мас болса да, кешіккені үшін қорқып келе жатыр еді. Моти Гудждың мінезін жақсы білетін ол айналаға еппен көз салды, плантация мен лашықтардың бұзылмаған бүтін күйде тұрғанын көріп, бір жеңіл тыныс алды. Ол плантация иесінің алдына басын иіп келіп, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып ақталып-ақ жатыр.
– Шақыр ана хайуаныңды, – деді плантация иесі.
Дееса былайғы жұртқа жұмбақтау пілдің тілінде әлдебір дыбыс шығарып айқайлады. Кейбір магуттардың болжамынша, бұл дыбыс Қытайда, дүние жаратылып жатқан кезде, әлемге адамдар емес, пілдер үстемдік құрған уақытта туған көрінеді. Моти Гудж бұл дыбысты естіген бойда жетіп келді.
Пілдер шоқырақтап шаппайды. Олар бір жерден келесі жерге әртүрлі желіспен жүгіріп барады. Егер піл жүрдек пойызды қуып жеткісі келсе, соңынан шоқырақтап шаппас еді, алайда өзінің сар желісімен-ақ оған жете алады. Сондықтан Моти Гудж плантация иесі үйінің алдына Чихун пілдің шарбақтан шығып жатқанын енді байқағанша жетіп келді. Келді де қуаныштан кернейлетіп Деесаның құшағына құлай кетті. Адам мен хайуан көздерінен жас, ауыздарынан сімекейі ағып жылап жатыр. Бір-бірін бастан-аяқ тінтіп, ешқайсысы зақымданбағанына көздерін әбден жеткізген соң құшақтары ажырады.
– Ал енді барып жұмыс жасайық, – деді Дееса. – Көтер мені, қуанышым менің, ұлым менің!
Моти Гудж оны арқасына көтеріп мінгізген соң, екеуі алқапқа бет алып, жұлатын түбірлерді іздеуге кірісті.
Плантация иесі ашуланудың орнына, аң-таң күйі сол орнында қозғалмастан тұрып қалды.
Орыс тілінен аударған Меңдолла Шамұратов
