Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Амангелді Кеңшілікұлы. Ақындық тағдыр – ақ қайың...

06.03.2023 2139

Амангелді Кеңшілікұлы. Ақындық тағдыр – ақ қайың 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Ақындық тағдыр – ақ қайың - adebiportal.kz

(Ақын Темірхан Медетбектің бір өлеңін оқығаннан кейінгі поэзия тазалығы мен ақындық тағдыр туралы туған ой). 

Ақын жеке «субъект» ретінде  танылған уақыттан-ақ лирикалық  «мені» арқылы табиғат пен адамның ортасындағы гармониялық үндестіктің дәнекершісі қызметін атқара бастаса керек. Әлемдік әдебиеттегі көптеген мысалдарға ой қыдыртып көзіміз жетіп, көңіліміз сенген бір шындық - әр ақынның нақты шығармасы, өзін-өзі тануға жасаған ұмтылыс қадамы һәм қадамы.  «Әлем деген – менің түсінігім ғана» (А.Шопенгауэр) атты қағидаға жүгінсек, қазақ поэзиясының да бүкіл болмыс-бітімін әйгілейтін, адамгершілік, әділеттілік, имани параметрі әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге қомақты үлесін қосқан нақты тұлғалардың шығармаларындағы тазалық пен ой тереңдігінің өлшемімен айқындалады. Асылы, қазақ әдебиеті төңірегінде әңгіме тиегі ағытылғанда, адуынды поэзияның тұтас бір кезеңін айтпағанда, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы демей-ақ қояйық, тіпті мінезін байқатқан бір ақынның есімі сызылып қалса, көркем әдебиетіміз шымқай бір бояуын жоғалтқандай тіпті, түрлі-түсті спектрлі бояуының бір тінінен айырылғандай күйге түсер еді. 

Әдебиеттің аламан бәйгесіне алпысыншы жылдардың аяқ шенінде «өзін-өзі сүйрелеген», қазір поэзиямыздың мэтрлеріне айналған  арғымақтарын алыстырған, жүйрік тұлпарларын жарыстырған, ерекше мінез танытқан бір үлкен толқын қосылды. Біз бұл жерде «өзін-өзі сүйрелеген» деген ұғымды шартты тұрғыда ғана алып отырмыз. Әйтпесе өмірбақи мойнындағы қарыздан құтылу үшін том-том роман жазған  француздың ұлы жазушысы Бальзакқа да ешкім жағдай жасап, арқасынан қаққан емес. Бірақ әдебиет – ардың ісі. Әлі ешкім танымаған бозбала Пушкин лицейге емтихан тапсырып, өлеңін оқып тез шығып кеткен кезде қатты сүйсініп, ақсақал басымен қолын алмақ боп соңынан тұра ұмтылған сол екздегі ақындардың тарланы Державинді, Достоевскийдің «Бейшара жандарын» қолжазбадан оқып «Дүниеге тағы бір ұлы Гоголь келді» деп жар салған Некрасовты көз алдыңызға елестетіп, немесе әр түрлі алып-қашпа сыпсың сөздерге мән бермей Мағжанның ақындығын дәлелдеген Жүсіпбектің әділеттілігін, басы дауға қалатынын біле-тұра Абайдың ұлылығын танытқан ұлы Әуезовтің кемеңгерлігін еске түсіріп көріңізші... Басқаша сөзбен айтқанда, біздің тілге тиек қылып отырған әңгімеміз, бір кезеңде өмір сүрген тұлғалардың шығармасына әділ баға берілген кезде ғана, жалпы сол кезеңдегі әдебиет туралы кесімді адал пікір айтуға мүмкіншілік туады.

Келісерсіз... Салыстырмалы тұрғыдан қарап, ой елегінен өткізсек, жетпіс пен сексенінші жылдар аралығы Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Ғафу, Тұманбай,  Қадыр, Сағи, Еркеш, Шәміл т.с.с.  әдебиет атты бұрқ-сарқ қайнаған ұлы өзенге қосылған талантты тұлғалардың дәуірі болыпты. Әдебиет теориясы тұрғысынан зерделесек, бұл заңды процесс-тін. Сөз өнері үшін үлкен жеміс болған онжылдық – жоғарыдағы талантты ақындардың бар мүмкіндіктерін ашқан, әдебиеттегі орнын айқындауға негізделген алтын кезең еді десек еш қателеспейміз. Дей тұрсақ та келесі онжылдық әдебиетте сөз болуға тиіс, шөліркеп қалған қазақ поэзиясына дауылдан кейінгі ақ жауындай әсер етіп, найзағайлы жаздай күркірей келген Кеңшілік, Жарасқан, Темірхан, Жұматай, Тынышбай, Исраил, Нұрлан, Ақұштап, Күләш, Зайда, Серік,Темірше, Нармахан, Жәркен, Ұлықбек, Ибрагим, Жүрсін, Несіпбек, Бақыткерей, Ислам, Серікбай... секілді жыр әлемін дүр сілкіндірген талантты ақындардың кезеңін тануға айнала қойған жоқ.

Әділін айтсақ, аты аталған ақындардың кейбіреуінің шығармашылығы жөнінде әдебиет сыншыларының әлі бір пікір білдірмегені кейде жаныңа қатты батып, жүрегіңді аяздай қариды. Әр түрлі себептермен жабылған қазанның  аузы ашылмай қалуы, біраз уақыт «сол қазанда не қайнап жатыр?» сияқты сауалды туғызып келді. Әрине, кезінде жіберілген олқылықтың орнын толтыруға амал кем. Әйтсе де біз бүгінгі мақаламызда соғыстан соң туған буынның ішінде әдебиетте салғаннан өзіндік қолтаңбасын танытып, оқырманды елең еткізген, жетпісінші жылдардың басында жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген талантты ақындардың бірі – Темірхан Медетбектің ертеректе жазылған бір өлеңін талдай отырып, ақындық тағдыр мен поэзия тазалығына қатысты өз пікірімізді ортаға салмақшымыз. Біз бұл күрмеуі күрделі, түйіні тастай мәселенің шешімін Табиғат-Өмір-Уақыт үшбұрышы төңірегінен іздестіргенді жөн деп таптық.

Ақын туралы сөз басталып, әңгіме арқаны ағытылса біздің әдебиетшілеріміз  «поэзияға не жаңалық әкелдіге?» ұқсас әбден жауыр болған сұрақтарды жалаңдатып, сол сауалдың жауабын табамыз деп ығыры шығады.

Бір өкініштісі, жаңалық дегеннің не екенінің байыбына бойлай алмай жатып, көп ретте құр далбасалаймыз. Ақынның өлеңінен сәтті жыр жолдарын кездестірсек те жаңалық деп ұғып, кесек алтын немесе жерден жеті қоян тапқандай күй кешеміз. Темірхан поэзиясына қатысты өз пікірімізді білдіруге кіріспес бұрын, бір мәселенің бетін ашып алсақ дейміз.

Бек ғылымның сөзіне сүйенсек, жаңалық ғасырлардың еншісіне тиемелі жүк. Әдебиет айналымының үлкен иіріміне түскен дүниелерді ғана жаңалық деп тану парыз. Өнердегі құбылыстың жаңалық деп мойындалуы үшін аралық қажет. Аралық ұлғайғанда ғана биік таудың сұлбасы бүкіл пошымымен көзге шалынбақ.

Жазба әдебиетінің модернистік бағыты бізден әлдеқайда ересек неміс, француз, орыс, ағылшын әдебиеті   әр түрлі «измдерді» бастан кешіргеніменен, өлең жазудың тамаша тәсілі болып классикалық үлгісі  қалды (қазақ әдебиетінде қара өлең жазудың мектебін қалыптастырған Абай Құнанбаев екенін бәріміз жақсы білеміз). Ғасыр басындағы орыс поэзиясындағы ақындардың талайы құлағын түріп, елеңдеп елпеңдеген футуризм мен акмеизм атты асау ағыс әдебиетке үлкен қопарылыс әкелген жоқ. Тіл байлығы мол Хлебников қатты тоқырауға ұшырап, тек тәжірибе жасаушы (эксперементатор) ақын деңгейінен биіктей алмай қалды. Өлеңдерімнен трамвайдың тарсылына шейін естіртем деп футурист Маяковский сезімді ауыздықтап тастап, оқырманның жүйкесін тоздыратын дүниелер жазды.

Мандельштам, Пастернактардың мектебінен шыққан аты шулы Андрей Вознесенскийдің «Визуальная поэзия» (суретпен поэзия жасау) деп жүргені де, «Россия Казино» атты жыр жинағындағы бастапқы екі әріп пен соңғы екі әріп бірдей аяқталатын  («Боже отпусти меня на небо». Айтпақшы, мұндай тәжірибені алғаш жасаған оқырман түгіл әдебиетшілердің өзі атын жөнді біле бермейтінХІХ ғасырдағы орыстың ақыны Симеон Полоецкий) өлеңдер шығарып, жырдың табиғатын әлдебір лабиринтке айналдыруы ұлы мәртебелі поэзияның пайдасына шешілмесі хақ.

Өлең «ақынның көңіл жүрегінің сүзгісінен»  (Гегель) таза да табиғи күйінде шыққанда ғана шынайы поэзияға айналмақ.  Ал өзге әдебиетте бар үлгілердің бәрін ой қазанында қорытпай, бойға  сіңірмей жатып поэзияға тықпалай беру тапқырлық та, ұтқырлық та, аса үлкен жаңалық та емес. Көңілді қобалжытатыны тәжірибе жасауға әуес ақындардан қазақ поэзиясы да құр алақан қалды деп айта қою қиын. Кейде осы тәжірибеге әуестенушілік пен өлеңнің табиғатына жасалған солақай операциялардың кесірінен поэзияның көтерер жүгі тым жеңілдеп, жұпыны жұтаң тартып бара жатқан сияқты ма қалай...

Міне, сол себептен Темірхан поэзиясының салмағы тәжірибе ретінде жазылған бес-алты өлеңімен емес, ақынның көңіл кеңістігінен таза да табиғи күйінде шыққан жырларының шынайылығының рухани потенциалымен өлшенері әмбеге аян.

Сөз жоқ, Темірхан өз қатарластары мен сапарластарының ішінде еш бір ақынға ұқсамайтын, өзіндік әлемі, қолтаңбасы мен мінезі  бар талантты ақын. Темірхан жөнінде айтылатын әңгімелердің бірсыпырасында «ақынның өлеңдерінде темір ғасыр тегеуріні бар» сынды біржақты пікірдің осы уақытқа шейін салтанат құрып келе жатқаны рас. Айтылған пікірдің астарында бәкене шындықтың бұғып жатқаны мәлім, әйткенмен бұл ақын поэзиясына қатысты Темірхан тек жаңа ғасыр жаңалықтарын, дәлірек айтсақ космосты, ҒТР, т.с.с. тақырыптарды ғана тебірене толғаған ақын сияқты біржақты көзқарас қалыптастырмаса керек. Батыс Европа поэзиясындағы қарама-қайшылықты тенденцияның диалектикалық заңдылығының кісенін «Өлеңдер» атты еңбегінде тұңғыш ашқан, Бодлерден кейінгі символизмнің негізін қалаушылардың бірі, француздың белгілі ақыны Лотреамонның (1846-70) «Поэзияны бүкіл тіршілік тудыруы қажет» дегені рас болса, сол тіршіліктің қазанындай қайнап жатқан объективті, субъективті факторлардың ақын шығармашылығына белгілі бір дәрежеде әсер еткенін де қаперімізден шығармағанымыз абзал шығар.

Ақын өлеңдерінің динамикасында жаңа ғасырдың қуатты екпіні жатқанымен, лирикалық жырларында Табиғат, Адам, Өмір сияқты философиялық категориялардың диалектикалық табиғатының иінін игеру, соның сымбаты мен терең сырына бойлай білетін ерекшелігі жатыр демеске амал кем.  Сөзімізді дәлелдеп, ойымызды шегелеу үшін біз Темірханның «Ақ қайың» атты өлеңінің структуралық ерекшелігіне кеңірек тоқтаомақшымыз. Темірханның бұл лирикалық өлеңі ақынның сезімін, көңіл-күйін білдіретін және оны талдап қорытатын екі бөліктен тұрады.

Ақ қайың

Өсіп тұр қара батпақта 

жаралған сынды жарқалдан 

қ қайың аппақ соқпақтай 

аспанға тіп-тік тартылған.

 

Құлпырып тұрған көктемде 

тірлікке толғам ой салар

желпінер сонсоң 

кеткендей

аралап бойын найзағай.

 

Денесі оның – 

жастық ән.

Денесі оның – 

ақ сүт, нұр.

Батпақты жердің астынан

прожекторым шапшып тұр.

 

Өмірге сірә қандым ба 

өтермін оны кешіп бір

Дәл менің көзім алдында 

сұлулық сыңсып өсіп тұр.

Балтырын орап гүлдерге, 

бауырын бұлттың иітпек, 

барады ол алғы күндерге 

қанатын қағып биіктеп.

 

Әлі де қанша тамсанып 

қабақты жазам түнерген. 

Ақ қайың болып ән салып, 

ақ қайың болып күлем мен.

 

өзегін тіліп бұлттың да 

жағады нөсер шақпағын. 

Жерімнен өсіп шығып тұр 

аспанның аппақ соқпағы

арманның аппақ соқпағы!

Ақындар үшін ақ қайың тек тіршіліктің бір белгісі ғана емес, һәм хас сұлулықтың символы іспеттес. Сол өлеңдердің көбісінен ақын мінезіне тән үндестікке ғана емес, тағдырына сай рухтастықтың сырына да қаныққандайсың. Әңгімеміздің буынын бекіту мақсатында біз біраз мысал келтіре кеткенді артық санамадық. Афанасий Феттің  бір өлеңін алғаш оқыған кезде жаралы қайыңның да сырт көзге сұлу көрінетініндей әсердің құшағында қалдырады.

Печальная береза

У моего окна

И прихотью мороза

Разубрана она

 

Как гроздья винограда

Ветвей концы висят, - 

И радостен для взгляда

Весь траурный наряд

(Печальная береза)

Ұлы ақынның өмірінен хабары бар адам, бұл өлеңнің астарынан Феттің тағдырына сәйкес қас-қағым сәттің көрінісін байқары даусыз.

Кез келген лирикалық өлең өз «мені» арқылы танылып, поэзияда өмір ақынның тағдырына, өз «меніне» сәйкес құдіретті лирика тудыратыны күмәнсіз. Гетенің сөзімен айтсақ: «Сен өзің танымақ Рухқа теңсің». Немістің ұлы ақынының айтқанына алып қосарымыз, поэзиядағы Рух ақын сезімінің ауа-райымен бағаланбақ. Дәлірек айтсақ, ақын сезімі Табиғат пен өмірдің аралығындағы кеңістікке тең.

Феттің ақ қайыңға арнаған жыр жауһарына қайтып оралсақ, бұл өлеңінің астарында мұң мен қайғы, өмір мен өлімге, тіпті мына фәниден түңілген ақын  әлемінің бір сәті жатуы мүмкін ғой. Әбден мүмкін. Әйтпесе ақынның қайыңы Темірханның ақ қайыңындай неге нұрға, шаттыққа бөленбейді, керісінше мұңаяды, қайғыға батып күңіренеді.

Ұлы ақынның өмірден түңіліп тіпті өзіне-өзі қол салмаққа бел буған кездері де аз емес-тін. Айғақ ретінде Феттің досы Аполлон Григорьевтің естелігін оқырман есіне салғанды жөн деп таптық.

«Мен дәл мұндай зарығу жанын қинаған адамды бұрын-соңды көрмегендіктен, өзін-өзі өлтіріпқоя ма деп қатты үрейленетінмін. Мен содан қорыққандықтан ақынның жан әлемінде адасқан, түсініксіз сұрапыл тебіреністі сейілту үшін, оның төсегінің қасында түнде жиі отыратынмын».

«Ұлы даналық айқын ессіздікпен шектесіп жатады», -  депті Паскаль. Ақынның қайғылы күйге ұшырауы – оның шығармашылығының жете бағаланбауынан, қоршаған ортаның, кейде субъективті факторлардың әсері мен ықпалынан туындай беретін құбылыс. Сайтанның азғыруымен жазған екенмін деп, магнетизм теориясының негізін қалаушы француздың ұлы ғалымы Андре Мари Ампер «Химияның болашағы» атты трактатын жойып жіберіпті. Жалпы өнер адамының шығармашылығының жете бағаланбауы барлық ғасырға, барлық қоғамға тән тіпті қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда да кездесе беретін оқиға. Бұл туралы ұлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан артық айтқан ешкім жоқ шығар.

«Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттарың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей. Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді, сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілер, не сол ақынды ат қылып алып мініп, әбүйір-атақ іздеп көзге түсем деушілер болуы мүмкін».

Қазақ әдебиетінің көрнекті һәм ұлы жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың  «Мағжанның ақындығы туралы» Ташкенттегі қазақ студенттеріне оқылған баяндамасында қандай парасаттылық, қандай әділеттілік, қандай адалдық жатыр десеңізші...

Жүсіпбек сияқты бір-екі зиялы замандастарынан басқалардың ақын шығармашылығын бағалай алмауы, Мағжанның ақындық тағдырына, оның табиғатқа байланысты көзқарасына қатты әсерін, ықпалын тигізіп, қайғыға, мұңға батырды.

Қайғылы қайың!

Қалың уайым

Басқан сені

Жазды ойлап 

(Қайың)

Қара орманның шетінде

Нағыз желдің өтінде

Өскен жалғыз ақ қайың

Былқ-сылқ етіп билеген,

Сылдыр-сылдыр күйлеген,

Болсын онда не уайым?

Сол жас қайың құлапты,

жанында жел жылапты

Балқиды жаным бұл күйге

Мені де өлім әлдиле...

Әәлдиле, өлім әлдиле!.. 

(Мені де өлім әлдиле)

Ақынның поэзиясындағы «нағыз желдің өтінде өскен жалғыз жас қайың» Мағжанның тағдырымен рухтас, өмірімен өзектес аллегория. Ақын неге мына өмірден түңіліп, беймаза тіршіліктен баз кешіп, неге өз тағдырын өлімге әлдилеткісі келеді. Мағжанның тағдыры жалғыз жас қайыңдай «бықсыған күншілердің» ортасында тұрғанмен, ойы өз заманынан әлдеқайда озық. Ұлы ақынды Өмір аялы алақанына салып әлдилете алмағандықтан, дүние-жалғаннан өткен кезде Жер-Ананың мейірімді кең құшағында бейкүнә сәбидей тербетіліп жатқысы, әлдиленгісі келді. Себебі ақынның арманы періштенікіндей пәк, жаңа жауған аппақ қардай тап-таза.

Мағжан мен Темірханның өлеңі екі түрлі сезімдік ассоциацияның көңіл-күйін білдіргенімен, бұл екі өлеңнің табиғатынан өмірге қатысты үндестікті де, сол сияқты айырмашылықты да аңғарасың.

Мағжанның өлеңінде жердің тартылыс күшіне сүйенген бір заңдылық бар. Ақынның түсінігінде өлгеннен кейін адамның жаны Жер-Ананың бесігінде тербетіледі.

Ақынның поэзиясындағы өлімге тән белгілер, яғни жалғыз жас қайың, қара орман, жылағын жел оқырманның көңілін мұңның терең иіріміне батырса, Темірханда керісінше аппақ соқпақ, құлпырып тұрған көктем, жастық ән, ақ сүт, нұр, бұрқ етіп шыққан дастан, сыңсыған сұлулық іспеттес өмірдің атрибуттары биіктікке тартып, асқақтыққа шақырады.

Темірханның өлеңінде жердің тартылыс күші қанша өзіне тартқанмен, шаттықтың, қуаныштың жылы лебіне тебіреніп, «аспанға тіп-тік тартылған» ақ қайыңның сыр-сипатына сүйсіну басым. Ақынның сезіміне ақ қайың адам өмірінің шуақты сәтіндей әсер беріп, шұғылалы сәулесін шашады.

Мұқағали Мақатаевтың қайыңға арнап жазған өлеңі әлемдік әдебиетке үлгі тұтарлық туынды. Мұқағалидың өлеңінде Фетке де, Мағжанға да, Темірханға да ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Ақын поэзиясында «қайың» Өмір мен Өлімнің ортасындағы ситуацияны білдіруші һәм сол екі түсініктің аралығындағы аллегорияны сезіндіретін тіршіліктің жанды көрінісі.

 Жапырақ жүрек, жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың... 

Мұқағали поэзиясында Табиғат, Өмір, Уақыт сияқты үш нүктені байланыстыратынбір сызық жүргізілген. Ол –Жан. Ақын Өмірімді емес, жанымды айырбастайын дейді. Мұқағалиды мына дүние-жалған жанынан да қымбат, жанынан да ыстық сезімнің бесігіне құндақтап, ақындық тағдыры, көңіл-күйі, мұңы, қайғысы, қас-қағым сәттік қуанышы осы жанды сызықтың бойында сайрап жатыр емес пе...

Дүниеден ерте өткен талантты ақындардың  халықтың ыстық ықыласына бөленіп жататын себебі, өлеңдерінің астарында ақынның айта алмай кеткен арман-аңсары мен іңкәр көңілінің лүпілі жатады. Мұқағалидың алпыс екі тамырыңды иітіп, жүрегіңді тебірентіп, жан-жүйкеңді шымырлататын өлеңінде мына сұлу қыздай тіршілікті қия алмай тұрған ыстық махаббатының жанды сәулесі кестеленген. Темірханның сомдап соққан ақ қайыңының бойында тіршіліктің найзағайы жарқылдаса, Мұқағалидың образдық өлеңінде адамның жаны, жүрегі соғып тұр.

Ұлттық поэзияны біздің әдебиетшілеріміз кейде тар аяда түсініп, өлеңнің өне-бойынан жаңа тұрмысқа лайықсөз тіркесін тапса, құбыжық көргендей күйге түсетіні бар. Абайдың   «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деп айтып отырғаны тұрмысқа лайық жаңа сөздер болмаса керек. Керек десеңіз, Абайдың өлеңдерінен де ондай сөздерді көптеп кездестіреміз. Егер де Феттің, Мағжанның өлеңдерінде бүгінгі тұрмысқа лайық сөздер кездеспесе, ол ғылыми-техникалық прогресстің етек алмауынан, ондай космостық ұғымдардың әлі пайда бола қоймауынан деп түсінген жөн.

Пушкиннің күнделіктеріне зер сала отырып, кезінде Державиннің «орел на высоте паря», Жуковскийдің құдай туралы «Он в дым Москвы себя облек», Крыловтың батыл құмырсқаны «Он даже хаживал на паука», Кальдеронның найзағайды «аспанның отты тілі» деп бейнелеп сипаттауы, сол кездегі поэзия жөніндегі түсінік бойынша өте үлкен батылдық боп саналғанын оқып, таң қалғанмын. Осы тұрғылан келсек, Темірханның  «прожекторым шапшып тұр» деген бейнелі тіркесін батылдық деп атамай-ақ қояйық, бірақ өлеңнің болмысына нұқсан келтіріп емес, қайта жаңа ұғымға сай көріктендіріп, сезімдік ассоциациясын нұрландыра, байыта түскен.

Темірхан поэзиясына басқа ақындарға қарағанда бір табан жақын үндестікті Роберт Фросттың өлеңдерінен кездестіреміз. Кезінде Америка Құрама Штатының отыз бесінші президенті Джон Кеннедидің өзі иннаугурациясына  арнап өлең шығартқан аса көрнекті ақын Роберт Фрост қайыңның бойынан нұрлы өмірдің әдемі сәттерін іздеуге, оны адамның жарқын өмірімен салыстыруға құштар. Ақын қайыңды аялап, мәпелегісі келді.  Роберт Фрост үшін қайың адамның саналы таза ғұмырының символикалық бір көрінісі.

Когда березы клонятся к земле

Среди других деревьев темных стройных

Мне кажется что их согнул мальчишка.                         

(Береза)

Өлеңді оқып шыққанда ақынның балалық бал дәурен шағы, шашын жел сүйген арулардың мың бұралған қимылы көз алдына елестеп, әдемі қайың арқылы сұлу тіршіліктің қызғалдақтай құлпырған сәтін әсерлі бейнелеген Роберт Фросттың суреткерлігі мен шеберлігіне сүйсінесің.

«Қарама-қайшылықты жоққа шығару сананы, сананы жоққа шығару ақиқатты жоққа шығарумен бірдей», - депті Гегель.

Фет пен Мағжанның поэзиясында қайың қайғыны, мұңды сездіреді. Мұқағалида өмір мен өлімнің ортасындағы аллегория, Роберт Фрост үшін қызғалдақтай құлпырған дүние , Темірханда жаңа өмірмен тамырласып жатқан тіршілік.

Алайда өлеңнің болмысынан тек Өмір мен Өлімнің белгісі мен атрибуттарын іздеу де ұлы мәртебелі поэзия туралы тым біржақты пікір қалыптастыруы кәдік.

Жұмекеннің, Есенин мен Рубцовтың поэзиясында қайыңның тұрпатынан пәлсапалық тереңдіктің түйінін табуға ұмтылыс және сол сырға үңілу басымырақ.

Темірхандағы көкті әнге толтырып, аспанға шаншылып, сұлулықтай сыңсып, балтырын гүлге орап, қанатын қағып биіктеп, бұлттың өзегін тіліп, нөсер шақпағын жағып тәріздес метафоралық етістіктер адамның көз алдында өтіп жатқан динамикадық қозғалысты білдірсе, Жұмекен енді болмақ және бұрын болған оқиғаның пайымын парықтайды.

Жағдайыңды жел айтты, нашар деп тұр,

Жапырағыңды тағы да шашам деп тұр

Тоғай атты халқыңнан қалай бездің?

Орман деген еліңнен қашан кеттің?

Неге кеттің япыр-ау, ерен өткір

балта болды ма еліңде керемет бір?

Жұмекеннің өлеңі қайың мен адамның арасындағы ішкі монолог. Ақын шығармасында өсіп тұрған қайыңды адамның өмірінде болатын процеспен, әділетсіздікпен, қиянатпен, жалғыздықпен салыстырған. Өлеңді оқи отырып, қалың ортаға ісі жақпаған соң, (себебі, тұлға әрқашан да дара құбылыс) көпшілік тік жардан құлатқысы келгендіктен дүние-жалғаннан түңілген ақынның бір сәтін сезгендейсің. Бәлкім, Жұмекен жалғыз өсіп тұрған ақ қайың арқылы өзінің дара тұлғалы тағдырын бейнелеген шығар.

Ал, міне, сол Жұмекен дүниеден өткеннен кейін де біз саф алтынның қадіріне жетіп жатырмыз ба?.. Мүмкін, бір жүз жылдан кейін әдебиетке анағұрлым адал көзбен қарайтын толқын келгенде Жұмекен сияқты ұлы ақынды қайта зерделеп Америка ашқансырмыз. Бірақ сол Американы бүгін-ақ ашуға кім қол байлап отыр?..

Әңгімемізге қайта оралсақ, Жұмекеннің өлеңінде жалғызсыраған ақынның тағдырымен рухтас өмір бейнеленген деуге толық негіз бар.

Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,

Жапырағымды күз ғана шашып-төккен.

Қиып түссе-арман не, 

қайзалағыш 

бір көк топас балтадан қашып кеткем! 

Жүрек толы жас-төгу дайын емі, 

бұл тұрғаным-қайғы рас, уайым елі.

Бәрінен де қауіпті ед өткір балта,

өйткені оның сабы өзім-қайың еді.

Ақындық құдірет нені жазғаным емес, қалай жазғанымен өлшенбек. Орыс әдебиетінің аса көрнекті ақыны Сергей Есениннің поэзиясында ақ қайың пәлсапалық тереңдікпен қатар қуаныш пен қайғыны, мұң мен шаттықты, Өмір мен Өлімнің аралығындағы аллегорияны да білдіре береді. Ақынның поэзиясында алтын орманның өзі қайыңның тілімен сайрап, тіршілікке үн қатады.

Отговорила роща золотая,

Березовым веселым языком, 

Есениннің аталмыш туындысын оқығанда екіұдай сезімді бастан кешіресің. Алғашқы екі жол шуақты күйге бөлесе, келесі екі жол мұңлы әлемнің ну орманына енгізіп жібереді.

И журавли печально пролетая

Уже не жалеют больше ни о ком. 

Айтпақшы, Мағжан әдемі өмірдің көрінісін өлеңнің ортасында бейнелеген (Былқ-сылқ етіп билеген Сылдыр-сылдыр күйлеген).

Есениннің он сегіз жасында жазған бір өлеңінде (Береза) қайыңның тұрпатынан сұлулық сыңғырлап тұр. Ақын қыстың  күні ақ мамыққа оранған қайың сымбатына, бұтағына қонақтап күмістей жалтылдаған ақ қарға сүйсінеді. Есениннің алғашқы өлеңдері мен соңғы жылдары жазған шығармаларының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Ақын өмірі нұрлы басталғанымен қайғылы аяқталды. Ең соңғы Эрлих досына арнаған өлеңін «Англетер» қонақ үйінде отырып, Есенин өлерінен бір күн бұрын қаламымен емес, қанымен жазды. Қайыңға арнаған өлеңдерінің сәулесінен Есениннің әр уақытқа қатысты ақындық тағдырын таразылайсың.

Орыстың ұлы ақыны Николай Рубцовтың поэзиясында шуылдаған қайың Өмір, Өлім, Қайғы, Мұң  сияқты түсініктермен қатар, Отан деген ұлы ұғымның ақын тағдырымен рухтастығын еске түсіреді. Ақын қайыңды көргенде соғыста қаза тапқан әкесі еске түсіп, көңілі мұңға батып, көзіне ыстық жас тығылады.

Мақаламыздың басында айтқан жәйттерге қайта оралсақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Табиғат - Өмір—Уақыт үшбұрышының ортасында ақындық тағдыр мен уақыт ағысына сәйкес ситуацияны білдіретін оқиға жатады деп топшылаймыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар