Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Жүсіпбек Қорғасбек. Қажетсіз нәрселерді қайталап ж...

Жүсіпбек Қорғасбек. Қажетсіз нәрселерді қайталап жазып әлемге шыға алмаймыз

765

Жүсіпбек Қорғасбек. Қажетсіз нәрселерді қайталап жазып әлемге шыға алмаймыз - adebiportal.kz

Кеше Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі қаламгер, тәуелсіз «Тарлан-Үміт», ұлттық «Айбоз», меценаттық «Қазіргі қазақ романы» сыйлықтарының жеңімпазы Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетіндегі интеллектуалды мәдениет» тақырыбында дәріс оқыды.

Жазушы әңгімесін лекцияның тақырыбына сай бастады. Интеллектуалды мәдениет дегеннің өзі ауқымды тақырып қой, бұған әдебиет өкілдері де, олардың жазғаны да, оны қабылдай алатын оқырман да кіретіні анық. 

«Аңыз тұлғалардан» басталған лекция жазушының өзінің жақында үздік роман деп танылған романы жайлы әңгімеге ұласты. Ретіне қарай  Элиф Шафактың «Тасбауыр дүниедегі он минут отыз сегіз секунд» романын, Мәт Хейг «Түн жарымындағы кітапхана», Жан-Клод Мүғлөве «Теріс аққан өзен», Дэниел Киз «Альжернонға арналған гүл» сияқты шығармаларды мысалға келтіріп отырды. Осы жолы оқырмандар тарапынан сұрақ та көбірек болды, жазушы олардың әрқайсысына жауап берді.  Біз төменде жазушының ауқымды лекциясының бір парасын ұсынып отырмыз. Әрине, лекцияда айтылғанның бәрін сыйғызу қиын, дегенмен, жазушының оқырманға қызық болуы мүмкін кейбір ой оралымдарынан да үзінді келтірсек пе дедік.

Бұл лекцияның ерекшелігі - Жүсіпбек Қорғасбектің айтқан ойларының өзінен гөрі, оның қайшылықтарының ашық көрінуі. Сол үшін де лекция қызықты болды. Жанды ой бар, тіпті кей пікірі даулы десе де болады. Мысалы, жазушылардың өз жарақаттарын шығармаға айналдыруы, оның кейін эстетикаға айналуы, соның ішінде Майлинге қатысты айтқаны...  Өзімізге ұнаған жері, жазушы өз ойын абсолют шындық ретінде емес, «өз пікірім» деп бірнеше рет қайталап отырды. Бұл маңызды. Өйткені бізде көп адам пікірін догма қылып сөйлейді. Жалпы Жүсіпбек Қорғасбек қазіргі уақытта әдеби сананы қозғап жүрген адамның бірі, содан да оның кей сөзінде әдейі шок эффект бар. Бірақ дәл сондай даулы дауыстар әдеби ортаға ауадай қажет. Себебі қазақ әдебиетінің үлкен проблемасы тоқыраудан бұрын, тым сыпайы болып кетуі. Барлығы бір бірін мақтайды. Ал әдебиет мақтаудан емес, қақтығыстан өседі.

Мен адамдардың өліп қалғанынан гөрі тірі жүргенін жақсы көремін

«Бүгінгі жазылып жатқандардың көбі плагиат шығармалар. Жүсіпбектің «Ақбілегінде» бір эпизод бар, 2-3 қазақ отырып, қызды алып кеткенде араша түсе алмай қалады, екі қазақтың біреуі алыса кетеді де, біреуі қарап тұрады. Тура сол эпизодты Ақан Нұрманов «Құланның ажалында» қайталап жазған. Тура сол эпизод. Тура осы эпизодты Таласбек Әсемқұлов тура солай қайталап жазған, бір орыс екі қазақты айдап келе жатады, біреуі алыса кетеді, екіншісіне көмектес десе, ол қарап тұрады. Бұны плагиат деп айтуға болмайды, бұл ситуация. Ситуация болғаннан кейін олар бірін-бірі оқып жазуды ойламайды, сондай ситуация болғасын жазып отыр. Бүгінгі романдарда ондай ситуацияға мұқтаждық жоқ.  Олар плагиаттыққа ұрынып отыр. Жастарымызды осыдан аарашаламасақ, біздің әдебиетіміздің  осы кеткені кеткен». 

«Есенин өзіне суицид жасаған кезде Маяковский «сен мына дүниенің ауырлығынан қашып өзіңе өзің қол жұмсадың» деп жазған, ал бес жылдан кейін Маяковскийдің өзі атылып өлді, қараңыз қандай қауіпті?  Мен суицид тақырыбын өте жек көремін, өйткені әдебиет деген гуманизм, мен адамдардың өліп қалғанынан гөрі тірі жүргенін жақсы көремін».

«Жазушылардың барлығы алғашқы шығармаларында өздерінің жан дүниесіндегі жарақаттарын жазады, оқып қараңыз, бүкіл әлемде солай. Ал біздің жазушыларымызды қайраткерге айналдырып жібердік, негізі олар да өздерінің жарақаттарын жазған еді». 

«Қазір біздің әдебиетте интеллектуалды әдебиет жетпейді деп тұрғанымыз – осы тұрғыда біздің шығармаларымызды интеллектуалды тұрғыдан өскен адамдар оқуы керек, өйткені ақша соларда. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын солар. Ал енді неге біз кешке дейін жылқы туралы, кешке дейін тауық туралы, кешке дейін лақ туралы жаза береміз? Оны ауылдың адамдары оқиды, жарайды, «ойбай, аға, керемет жазушы екенсіз», - дейді, ал енді ол бітті ғой...» 

«Қазір мен адамдарға онша ұнамаймын және олар менің айтып жүрген ойларымды, идеяларымды қолдап кетсе екен деп те тілемеймін, маған қарсы шыға берсін, бірақ, мен қазір өзім сырттап кеткеннен кейін осының барлығын өзім көре бастадым, мен өзім көргеннен кейін оны неге айтпасқа? Мысалы, біз көптеген мифтер ойлап тауып алғанбыз. Құдай сақтасын, ол мифке қарсы шықсаң, сені шекарадан қуып шығады. Бір-екі жерде соны айтамын деп басым бәлеге қалды. «Ұлы дала мифі» деп, «Ұлы дала  философиясы» деген миф тауып алғанбыз. Бізде ұлы дала жоқ, былай қарасаң  – қырғыздың шекарасы, былай қарасаң – орыстың шекарасы, былай қарасаң – қытайдың шекарасы, ол жерден ары қарай өтсең салық төлейсің, қандай «ұлы дала философиясы»?  Сонан кейін айтып жүрген бір нәрсе бар, енді бұның бәрі өзімнің пікірлерім, бұны біреу айтты екен деп айтпаймын, өзімнің пікірлерім. Бүкіл әлемде осыған дейін цивилизация, өркениеттің барлығы теңіздер мен мұхиттар арқылы тараған. Құрлықтар арқылы еш уақытта тарамаған. Шығыстың цивилизациясы, шығыстың өркениеті деген сол уақытта ғана өркениет, ол бүгінгі өркениет емес,  өйткені себебі, қараңыздаршы бүкіл ұлы шығармалар, ұлы адамдар, барлығы мұхиттар мен теңіздердің ортасында туған».  

 

«Сыншылардың барлығы қазір кейін жазған романды мақтап жатыр, солар мақтағаннан гөрі өтірік жазып  жатқан сияқты, мақтағысы келмей мақтап жатқан сияқты, сендер абайлаңдаршы», – деп жазып едім, Айнұр Ахметова «иә, солай аға» деді.  Кейінгі романдардың бәріне солай, мен басым түрде айта аламын және дискуссияға шақыра аламын, бірақ олардың бәрінің жолы ашылсын деген мағынада».

Сұрақтар мен жауаптар

Жазушыға залдан сұрақтар көп қойылды. Ол сұрақ-жауаптардың кейбіреуін ықшамдап беріп отырмыз. Айналып келгенде бәрі қозғалысқа бағытталған. Әдебиеттегі процеске. Және ол сұрақтардың өзі жазушының өз көзқарасынан шығып отыр. Мысалы, плагиаттық жайлы айтқан пікіріне қатысты сұрақ болды.

- Плагиат деген мәселеге мына жиырма бірінші ғасырда кішкене абайлап қарауымыз керек сияқты, өйткені бүкіл сюжеттердің, оқиғалардың бәрі жазылып кеткен ғасырда бір шығарманың бір шығармаға ұқсамауы мүмкін емес шығар, - деді сыншы Амангелді Кеңшілік. 

Оған Жүсіпбек Қорғасбектің жауабы мынадай болды:

- Мұхтар Мағауин «Жармақты» жазды, «Жармақ» өзіміздің ішімізде бар дүние, бірақ, әлемге шыға алмай қалды. Автордың өзі шықты, шығармасы әлемге неге бармай қалды, себебі оны Герман Гессе жазып қойған, Төлен ағамыз «Парасат майданы», әсіресе, «Оң қол» қандай ғажап шығарма, бірақ әлемге шыға алмай қалды, кезінде шығу керек еді. 

- Менің айтып отырғаным ол емес, аға. Айтып отырғаным, кез келген ой қайталана береді, біреудің пікіріне басқа біреу дәл сондай ойға келуі мүмкін, өйткені зерттеген тақырып бір ғой, мәселен Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» алатын болсақ, інжілдегі сюжетті алады, ол кетеді, сосын қайтып оралады деген сияқты. Мысал үшін Шолоховтың «Тынық Доны» да сондай, жалпы  әдебиеттегі «взаимодействие литературы» дейді, әдебиет бір-біріне ықпал етпей тұра алмайды, егер қазір біз осы тұрғыдан осылай айтатын болсақ, мен мысал үшін бүкіл әлем әдебиетін бір кісідей оқыған адам ретінде бүкіл жазушыларды плагиат қылып шығарамын. Жоқ, плагиат деген мәселеге абайлап қарау керек сияқты…

- Жоқ, Амангелді, сен мүлдем басқа нәрсені айтып отырсың, мен мүлдем басқа нәрсені айтып отырмын. Ситуация қажетсінбей тұрғанда сюжетті қайталаудың қажеті жоқ (жазушы одан кейінгі сөзін залға қарата айтты), жаңағы Амангелдің айтқанын мен кезінде өзім жазғанмын, мысал үшін бүкіл сюжеттің барлығы, кәдімгі Еуропадағы бағаланатын фольклорлардың притчасы қайдан шыққан? Ең алғаш хадистен шыққан, тәмсілден шыққан, менің айтып отырғаным кәдімгі көзіңді бақырайтып отырып қайталау. Ол неден білінеді? Ол білімнің саяздығынан білінеді. Біз қажетсіз нәрсені қайталаймыз, сол мағынада айтып отырмын, қажетсіз нәрселерді қажетсіз қайталаудың бізге түк те керегі жоқ, өйткені, одан басқалар өтіп кеткен, біз оны қайталап жазғанда өз ішімізде керемет деп айта саламыз, ал бірақ әлемге шыға алмаймыз.

 

Біздің байқауымызша,  Амангелді Кеңшілік әдеби ықпал мен идея қайталануының табиғи екенін дұрыс айтты. Ал Жүсіпбек Қорғасбек «қажетсіз қайталау» туралы айтты. Екеуі екі бөлек мәселе қозғап отыр. Негізі бүгінгі әдебиеттегі басты проблема плагиат емес, еліктеу психологиясы сияқты. Қазақ прозасында форма жағынан да, интонация жағынан да «екінші біреу болуға тырысатын» мәтіндер көп. Жүсіпбек Қорғасбек соған қарсылығын білдіріп отыр.

Жазушыға  жаңа роман бойынша кинофильм түсіруге қатысты сұрақтар да қойылды. 

-  «Кино түсіруге болады, бірақ тақырыпты толық игере алмаймыз» деген жауап келген. «Бірақ киноға қажетті дүниенің барлығы бар ішінде, толық, уақыты ұзақ көркем фильмге сұранып тұрған нәрсенің барлығы болады» деп. Құдай қаласа, ол болып қалатын шығар деп ойлаймын. Мен кәдімгі киносценарийстерге көп сенбеймін, өйткені анау керемет деген кино режиссерлармен қатты таласқа бардым. Өзім бір продюсер тапсам, өзім режиссер ретінде бір кино жасағым келеді, өйткені «Мұқағалиды» түсіргенде, тағы басқаны түсірген кезде өзімнің идеяларымды толық өткізе алған жоқпын.

Ақын Оңайгүл Тұржан: 

- Жаңағы сөзіңізді айтып кеттіңіз ғой, сіздің шығарманыңыз жайлы айтылып жатқан пікірлер туралы, иә, оның бәрін айтуға ұяламын дедіңіз, меніңше оқырман айтқан пікір - ол осы шығарманың жалғасы деп ойлаймын.

-    Дұрыс айтасыз мен өткенде әлеуметтік желіге «маған әдебиет сыншыларының пікірі қажет емес, маған оқырманның пікірі қажет» деп жазып жібердім. Оны да жұрт сан-саққа жүгіртіп айтты. Мен солай басқа саланың адамдарының пікірлерін күттім, өйткені біз әдебиет сыншыларынан еститін нәрселерімізді естіп болдық және олардың бізге қатысты не айтатынын білеміз және біздің қисайғанымыз қисайған, олар бізді түзей алмайды. Қазіргі  мәселе біздің өз жолымызды табуымызға байланысты ғой.

Сондай-ақ жазушы Ж. Қорғасбек ақын Дүйсенәлі Әлімақынның:

 «Осыған дейін жазылған асырап алған баланың тағдыры туралы болмаса жетім балалар туралы шығармаларды оқыдыңыз ғой, әлемдегі жетім балалардың қажырын арқау еткен үлкен шығармалардың қайсысын оқыдыңыз немесе қайсысы әсер етті?» 

деген сұрағына: «Мен сіздерге айтайын, шетелге сатылған бала деген бергі жағындағы оқиға, ал шын мәнінде бұның тақырыбы басқа, бұл бағанағыдай бір интеллектуалдық ойынға құрылған нәрсе» дей келіп, жазушы өз әкесінің Қытай шпионы деп Сібірге айдалып кеткен тағдырын мысалға келтіре жауап берді (бұл жайында жазушымен сұхбатымызда кеңірек сұрауды мақсат еткендіктен, онша тоқталмаймыз)

 Жазушы Роза Мұқанованың сұрағы да ерекше болды: 

-        Сіз тапқан кейіпкер, сіз тапқан сюжет, өзіңіз тапқан, өзіңіз ғана білетін, өзіңіздің жаныңыздан туған нәрсенің біраз уақыт өткен кезде бұрын оқымаған әлем әдебиетінде сол сюжет, сол кейіпкер кездескен кезі болды ма?

Бұған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өзі куә болған  – Павлодарда балалар үйінің баласын шетелге сатып алып бара жатқан жерде әлгі баланың кері қашып, траптан секіріп, Алматыда да сол баланы бәрі қуалап жүріп ұстап ұшаққа салып жіберген оқиғаны еске алды, сонымен бірге өз шығармасының «Монастырь» деген бөлімін жазатын кезде Роза Мұқанованың «Монастырь» әңгімесі ойынан шықпай қойғанын мысал қылып келтірді. Одан бөлек жазушы Толымбек Әбдірайым, ғалым Айгүл Үсен, ғалым Алтынай Асқарова, басқа да ғалым-оқытушы, оқырмандар сұрақ қойды. Айтпақшы, ақын Маржан Ершудің сын туралы сұрағына берген жауабы ептеп таңғалдырғандықтан да бұған қатысты сұрағымызды алдағы сұхбатта қойсақ па дедік.  Сұхбатымыз ертең порталда жарық көреді деп отырмыз. 

Енді «Әдебиет порталының» оқырмандарына жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің лекциясының бір парасын ұсынайық.

 

Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз тұлғалар

Қазақ қоғамында тұлғаларды топтап атау дәстүрі бар. Мысалы, «Арыстар тобы», «Алыптар тобы», «Үш бәйтерек» деген атауларды айтуға болады. Олар шетінен атылып, айдалып кетті. Одан кейінгілерді не деп атаған? Ойыңа ештеңе түспейді. «Соғысқа қатысқандар», «Тың көтергендер», «Бейбіт заманның ақындары» деп көгенге тізгендей етеді. Ал бертіндегілерді «Жеті жетім», «Бес тапал» деп әр саққа жүгіртті. Әйтеуір «Алпысыншы жылғылар» деген ат қана абыройымызды сақтап тұрған сияқты.

Содан алдым да аңыз тұлғалар туралы эсселер жаздым. «Аңыз Шерхан Мұртаза»,  «Аңыз Мұхтар Мағауин», «Мағауин мифі», «Аңыз Әбіш», «Мұртаза мен Мағауин», «Аңыз Төлен Әбдіков», «Аңыз Бексұлтан Нұржекеұлы», «Қыш Адам», «Тораңғы мен Тұрсынжан», арасында Қажығұмар Шабданұлы мен Әбдіжәміл Нұрпейісов бар, тағы да басқасы, жиыны үш кітап болып қалатын шығар. Соның бірі Олжас Сүлейменов туралы еді. Ақын Алмат Исаділ: «Қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек ағам бүгін ұлы ақын туралы ірі сөз айтыпты» деп жазған. Бұл сөз жоғарыдағы эсселердің характерін береді. Мен газеттерде жұмыс істеп жүргенде солардың бәрін түгендеуші едім, енді кім түгендейді, кім ондай эсселер жазады, білмеймін.

Жоғарыда айтқан эсселерді сайттар мен газеттер бірінен бірі көшіріп басты, әлеуметтік желіде көп қаралым жинады. Бұл жерде сол эсселердің таралымы жағынан бір өзім бір газеттің жұмысын істедім десем де болады. Ол неғылған жанкештілік, оның орнына роман жазсам қайтетін еді? Сондағы мақсатым қоғамға «Аңыз адамдар» деген идеяны енгізу еді. Біз бұларды арғы-бергісін қосып, «Аңыз адамдар» деп атайық! Сонда өзінен өзі «Арыстар тобы», «Алыптар тобы», «Үш бәйтерек», «Майдангер жазушылар», «Алпысыншы жылғылар», «Аңыз адамдар» боп шыға келеді. Ең өкініштісі олар енді қайталанбайды.

Бұл идеяны әрнәрсені алға тартып, ақылдымсып бұрмалаудың қажеті болмас. Себебі тәуелсіздік алған тұста бұл дәстүр жалғасты. Темірхан Медетбектің алқауымен бір топ жас ақын-жазушылар өздерін «Алтын көпірліктерміз» деп жариялады. Бірақ олардың алдында біз тұрмыз. Біз дегенім - Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова, Асқар Алтай және мен! Біздің ерекшелігіміз қаламақысыз шедеврлер тудырдық! Соның ішінде «Жансебіл» деген кітабыма алғашқы тәуелсіз «Тарлан-Үміт» сыйлығы берілді. Сонда тәуелсіз «Тарлан-Үміт», ұлттық «Айбоз», меценаттық «Қазіргі заманғы қазақ романы» сыйлықтарын алдым. Осыны айтсам, осыны жазсам «Мақтангершілік сізге жараса ма?» дейді. Жоқ, мақтангершілік емес, бұл біз үшін шығармашылық тәуелсіздігімізді жариялау деген сөз! Біз көркем шығармашылықтағы алғашқы тәуелсіз ұрпақпыз!

 

Бұл негізі жанры жағынан роман-притча десе де болады

Бірақ менің «Кельндегі көкжал» романым мұндай атауға деген траги-комедиялық, сарказмдық кульминациямен аяқталады. Онда шетелге сатылған бала қасқыр болып ұлитын әдет шығарады. Түн жарымында ұлып, өзін асырап алғандардың ойпаң-тойпаңын шығарады. 

Бірақ ол көкжал боп ұлиды екен деген миф емес. Кішкене кезінде өгей әкесінің қасында жүрген біреу: «Нағыз қазақ болу үшін, қасқыр боп ұлу керек» деп үйреткен. Бала өсе келе оны ұмытып кетеді де, ағылшын отбасында тұрып, туған жерін сағынғанда есіне түседі. Сонда елін сағынғаннан ұлып, Лондонның бір түкпірін улыған-шулыған етеді. Баламен бірге ұлығың келеді, баламен бірге сыңсып жылағың келеді. Мен соны әсерлі етіп жазуға күш салдым.

Екінші назар аударатын жері: ата, әке, балаға ауысып жүретін, карта сызылған тайтері. Ол да миф сияқты суреттеліп, аяғында қасқыр талап өлтірген біреуді орауға ғана жарап қалады. Мұның да мифтен гөрі, символдық мәні бар.

Үшінші назар аударатын жері: асырап алған әке-шешесі дүние-байлықтан баз кешкен адамдар. Олар қазақтың баласын қор ету үшін емес, өздерін дүние-байлықтан азат ету үшін асырап алған. 

Сол арадан бір үзінді келтіргім келіп отыр:

«Алып еменнің қарсы бетіндегі екі қабатты үйге бүгін мына дүниеден баз кешкендей жақтары суалып, түрлері үңірейген бір адамдар жинала бастады. Үстілеріндегі киімдері тозыңқырағанмен, кейбірінен Burberru, Chanel, Louis Vuitton брендтерінің ентаңбасы байқалып қалады. Әрине, мұнда ешқайсының Бонд-стрит көшесінен келіп тұрмағаны былай да түсінікті шығар. Десе де ешбірі қоғам қоқысқа лақтырып тастаған бейшара адамдар емес екені анық. Бір қызығы, олар Темза өзеніне кит кіріп кеткені туралы хабарға да селт еткен жоқ. Кіре берісте әркімге есік ашып, қарсы алып тұрған екі бетінде оймақтай шұқыры бар, ақшыл өңді бойшаң жасөспірім көзінің оты жалт-жұлт етіп, бір жаққа асыққандай болады. Соны байқаған шүңірек көз, сіңіртік біреуі:

– Балам менің, мазаң жоқ қой сенің? – деді тесіле қарап. – Сені не  мазалайды? Бәлкім, мен көмектесе алатын шығармын?

– Темзаға кит кіріп кетіпті, – деді жасөспірім жүрегі аузынан  шығып кететіндей аптыға сөйлеп. – Достарымның бәрі сол жаққа бармақшы. 

– Кит кірсе, өзінің суында жүр емес пе, балам? – деді сіңіртік кісі аса 

бір салқынқандылықпен. – Болмашы нәрсеге бола Құдайдың да, киттің де мазасын алудың қажеті қанша? Өзенге жол тауып кірді ме, енді өзі жол тауып шығады.

– Мәселе сонда болып тұр, – деді жасөспірім ынтық көңілі бәрібір  басылмай. – Киттің кері бұрылғысы келмейтін көрінеді. 

– Кит жағалауда жыбырлаған құрттарды асап қоямын деп ойлайтын шығар. Ал сол құрттардың ашқарақтанып, өзін жеп қоятынын білмейтін болар. Жер бетінде адамнан асқан тойымсыз жәндік бар ма? 

Жасөспірім өзін де құртсың деп кемсіткендей, көңілі түсіп қалды. 

Бірақ әлі де келген қонақтарға амандаса салып, көше жаққа жалтақтай берді. Қонақтар үйге емес, шіркеуге келгендей, ортаға бес-алты қатар етіп қойған орындықтарға жайғасқан. Бөлек отырған Чарли әке мен тағы бір алдына қағаздарын жайып қойған қатқыл өңді қара кісі ғана. Жасөспірім алғашында оны шіркеуден келген біреу екен деп ойлаған. Жиналғандаpдың бәрі қосылып, «Аллилуйяны» айтқанда ол қағазын толтырып, өз жұмысымен айналысып отырды. Бір кезде қонақтар:

– Аллилуйя, аллилуйя, аллилуйя, – деп, Құдайларына жалбарына, жарыса жамырасты.

Жасөспірімге мына адамдардың басқа әлемнен келгендей үңірейіп қарағандары аса ұнай қойған жоқ. 

– Жаратқанның бұл ұлы күнді көрсеткеніне мың да бір шүкір, – деді  Чарли әке кең құшағымен бәрін қосып құшақтап. – Біз өзіміздің отбасылық шешімімізді жариялайтын бақытты сәтімізге ұзақ дайындалдық. Күнде таңертең Чарли-ана екеуміздің бір-бірімізден: «Сен дайынсың ба?» деп сұрап жүрген кездеріміз де болды. Сенімімізге сәл селкеу түссе, екеуміз де сол сәтте бас тартуға дайын едік. Алайда жаратушы бізге бұл шешімімізден айнымауға үлкен күш берді.

– Чарли-әкенің әлгіндей сұрақтарынан кейін, әр жолы өз ішіме үңілумен болдым, – деді Чарли-ана қазақтың әйелдеріндей үй тіршілігіне әбден пісіп кеткен шымыр денесін солқылдата тіл қатып. – Сонда Құдай жолын күйеуімнің ықпалымен емес, өз қалауыммен таңдағаныма көзім жете түсті. Біз өзіміздің еркіндігімізді шектейтін дүние-мүлкімізді тәрк ету үшін ұзақ жолдан өттік. Егер дүние-мүлкімізді қыздарымыздың қолына берсек, оған одан әрі маталып қала беретінімізді білдік. Әрі олар біздің мына жалған дүниеде жасаған күнәларымызды көтере алмайтынын да жақсы түсіндік. 

– Менің таңдауым монастырьге түсті, – деді үлкен қызы Ава бейне бір әжіге баратындай елеуреп. – Мен бұл жолды әке-шешемізді мойындарындағы жалған міндеттерден босату үшін таңдадым. Сендер, әке, шеше, біздің алдымызда ештеңеге міндетті емессіңдер. Сендер адамның емес, Алланың ғана алдында борыштысыңдар.

– Әркім өз таңдауын өзі жасады, ешкім ештеңеге қинаған жоқ, – деді кіші қызы

Айла да ант-су ішіп. – Мен өз басым Африкаға барып, балаларды емдеумен айналысқанды дұрыс санадым. Әке-шешемізді мен де тіршілік қамытынан босатқанды дұрыс көрдім. Мен де ешқандай дүние-мүлікке тәуелді болғым келмейтінін көпшіліктің алдында мәлім еткім келеді.

Өзін бағанадан бері бейтарап ұстап тұрған жасөспірім жәй жымиып  қана қойды. Мына дүниеге мүлдем жат, суық қараған көпшілік ептеп қабақ жылытқандай болды. Оның екі беті оймақтай шұқырайып, томпиған бет әлпеті күнәсіз, пәк дүниені көз алдарына әкелгендей әсер қалдырды. Сол сәтте құжаттарды қаттап-шоттайтын да уақыт келіп, көпшіліктен бөлек отырған әлгі кісі бума-бума қағаздарын қобыратып орнынан көтерілді.

– Үй иелері мен балалары, ақыл-естері сау, ешқандай қысым көрсетілмеген, өз әрекеттеріне жауап бере алатын жағдайда, осы сенімхат тіркеледі, – деді ол қазынашылық тілінен қылдай ауытқымай. – Осы жылдың осы күн, осы сағатынан бастап, аталған мекен-жайдағы тұрғын үй, үй иелеріне тиесілі дүние-мүлік, банк есешоттарында сақталған қаржы-қаражат пен акциялар келісімшартта аты-жөні көрсетілген өгей балаға мұраға беріледі. 

Дүние-мүлікті айтқан кезде де ешкімнің қас-қабағы селт етпеді. Кімнің бетіне қарасаң да дүниені тәрк еткеннен бұрын, бәрінен баз кешкендей салғырт. Өздері де осындай жолдан өткендерін білдіріп, қолдарын қусыра бастарын изеседі. Алды орындарынан тұрып келіп, үй иелеріне жылы сөз айтып құттықтап жатыр. Олардың салқын көзқарастарынан қайырсыз дүние кімге опа берген дейсің, рухтарыңның тұтқыннан босағанына шүкіршілік етіңдер деп көңіл айтқандай бір мұң себезгілейді.

– Енді кете берсем бола ма? – деді жасөспірім шыдамсыздана  сыбырлап. – Достарыммен бірге китті көруге барсам деп едім»…

 

Төртінші назар аударатын тұсы: баланың есейгенде туған еліне келіп, алаяқтардың қолына түсіп, бар дүниесінен айырылатын жері. Сонда оған асырап алған ағылшын әкесі ренжімейді. Ол қолды болған дүние-мүлікті жаңа жерді отарлау кезінде опат болған легионер әскер деп елестетеді. Өзі де қартайған кезінде Лондонның қақ ортасындағы үйінде мен әлі легионермін деп, темір қалпақ киіп жүреді.

 

Бесінші назар аударатын тұсы: кезінде Кеңес өкіметі мен Қытайға қатар қызмет еткен екіжақты жансыз, осы баланың атасы сахнаға шығады. Ол кейін Кеңес өкіметі мен Қытай өзінің басына саудаласқанда сытылып кетіп, Еуропадан бір-ақ шыққан қасқыр-қазақ. Міне, сол қасқыр-қазақ өмірінің соңында әлгі баланың өзінің немересі екенін біліп, Кельн қаласында ашқан логистикалық орталығы мен бір банктегі үлесін түгел соның атына аманаттап үлгереді. 

Романның сол тұсынан өзім қайталап оқығанды ұнататын бір үзіндісін тағы назарларыңызға ұсынып көрейін:

«Кілең қызыл ағаштан істелген жиһаздары тығыз орналасқан кабинет құрқылтайдың ұясындай шап-шағын екен. Осы тар кабинетте түйедей тайраңдаған дәу неміс бұларды көргеннен құрақ ұшты. Үшеуінің де қолдары оның үңгірдей уысына бір-бір сүңгіп шықты. Ол немістерде жоқ әдетпен, Дінасылдың бас-аяғына бір шолып қарап, қапсыра құшақтады.

– Менің атым Вольфганг. Шайқы сенің атың қазақша қойылған дейтін. Вольфганг деген, қазақша «Бөрісоқпақ» деп айтатын. Сен де, балам, көкжалдардың ұрпағы екеніңді ұмытпа.

Банк басшысы Вольфганг Мюллер қолындағы ізет картасын 

көмекшісіне берді. Ондағы Шайқы-Шайзаттың аты-жөнін саусағымен шұқып көрсетті. Неғылса да келген қонақтарға қатысты бір нәрсені қадап тапсырған секілді. Көмекшісі шығып кетісімен, бұларға қайта қайырылды.

– Шайқының екі арманы бар еді. Біреуі көпір салу, екіншісі сені көру. Ол армандарының екеуі де орындалмады. Бірақ бүгін бір тілегін орындаймыз ғой деп ойлаймын. Қане, жоғары шығыңдар.

Өзі бастап, бәрі үстел басына келіп отырды. Қабылдау бөлмесінен  тіскебасар мен жеңіл сусындар кіргізілді. Іле-шала тәтті тосап пен шәй әкелінді. Жас қазақ қарт немістен қысылып, шәйдан басқа ештеңеге қолын созбады. Елмұрат пен Бәміш шөлдеп қалғандарын жаңа сезгендей, ыстық-суығын араластыра сімірді.

– Сендер аталарың туралы әңгіме сұрап келмегендеріңді білемін. Айтатын болсам, менде әңгіме таусылмайды. Сондықтан бірден іске көшейік. Шайқы қайтыс боларының алдында маған келді. Сенің атыңа екі түрлі қомақты салым жасады. Ол осы уақыттың ішінде біраз көбейді. Немерем дүниенің қадірін білетін жасқа жеткенде көмбені ашарсың деген. Сол күн бүгін туған сияқты.

– Атамның атына осынша жылы сөз айтқаныңыз үшін сізге көп рахмет, – деді Дінасыл кеудесін көтеріп ұстап. – Бізге көрсеткен құрметіңізге де разымыз. Бұдан былай осы қалада біздің бір жанашырымыз бар деп есептейміз. Қазақстанның мұнайға бай ел екенінен хабадар шығарсыз. Сонымен бірге тау жыныстары кенге бай екені бағзыдан белгілі. АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттердің қолында бұл туралы құпия ақпараттар бар. Олар біздің жер байлығымызды ғарыштан зерттеуге көшіпті. Бізге де нағыз көкжал болатын сәт туды. Сізді өзімізге серіктес болуға шақырамыз.

– Бәрекелді, атаң менің атымды «Бөрісоқпақ» деп бекер  қазақшаламаған екен онда, – деген банк басшысы орнынан тұрып кетті. – Атаңа сенгенде, саған қалай сенбеймін? Сен алдымен бастап ал, біз қостауға дайынбыз.

Офис телефоны жез қоңыраудай сыңғыр етті. Тұтқаны көтерген банк 

басшысы қаңбақ қуғандай қауқылдап ала жөнелді. Содан соң разы көңілмен тұтқаны орнына қойды. Ішке екеуі екі жайпақ табақ көтерген көмекші мен хатшы қыз енді. Бірінші жайпақ табақта мойны сорайған аққайнар бар, екіншісінде үш  конверт жатыр. Конверттер жұқа болғанмен, хатшы қыздың білегі майысып кеткен секілді көрінді. Банк басшысы да атасы сияқты жұмбақ жасыруға құмар ма, табақтағы үш конвертті де Дінасылдың алдына тосты.

– Бұл конверттердің үшеуі де сенікі, – деді өзінен өзі масаттанып. – 

Бірақ сен алдымен біреуін таңда. 

Елмұрат Дінасылды асығыс қимылдан сақтандырғысы келіп, ақырын жеңінен тартты. Бәміш қай конвертте не жатқанын ажырататын құдіреті бардай ентелей түсті. Еркіне қойса, конвертке бұдан бұрын қол созатын түрі бар. «Қой, сабыр сақтайын, бұл неміс мені сынап тұруы мүмкін» деп ойлады Дінасыл. Асықпай шеткі біреуін алып, ашып көрді. Екі бүктелген ақ парақтағы көп санды көріп, көзін жұмды. 

– Келесісін ашпай-ақ қоюға да бола ма? – деді соншалықты сабырмен 

өзін тежеп ұстап.

– Келесісі де ашылуға тиіс, – деді банк басшысы ескі досы Шайзаттың 

ұрпағын тап осындай сабырлы қалпында көргеніне еш таңданбастан.

Бұл кезде Бәміштің аузы құрғап, көзі кілмиіп кеткен. Елмұрат та салмағын екі аяғына кезек салып, осы тұрған тұрысымен еденді солқылдатқан. Көмекші аққайнарды мойнынан қысып, хатшы қыздың қолында бокалдар сыңғырлаған. Дінасыл ортаңғы ковертті аттап өтіп, үшінші конвертті алды да, ішіндегі парақты суырды. Ондағы көп санның бір нөлі артық екенін байқап, жәй ғана кірпік қақты.

– Үшінші конверт бос шығар, – деді жайбарақат.

– Ашып көр, – деді банк басшысы жымиып.

Бөрісоқпақ мұнымен ойнайын десе, бұл оның өзімен  ойнайын деп тұр. Жас бөрінің мұнысы Шайзатты ойламайын десе де, есіне түсіре берді. Екеуі кофеханаға соғып, содан соң ақ көпірге шығып, қаражал толқындарды ұзақ-ұзақ тамашалап тұрушы еді.

Жас бөрі бұл жолы сыр беріп қойды. Екеуі ырылдасып, қауып түсіп, тістесе қалып, шайнаса кетіп шатқалға кірген. Жұлқыласып, сүйрелесіп, табандасып, тартқыласып, қуаласып қабаққа шыққан. Аунап тұрып, алыса түсіп, кеудеге салып, қатарласа қағысып, тауға өрлеген. Үйірін қайда тастарын білмей жүрген кәрі көкжал әбден сілелеп, жас бөрі шығандап алға озып кеткен. Шайқастан  жеңілмеген жас бөрі, сабырдан жеңіліп, шоқының басында шоқиып отырып ұлығанда, сон-а-ау етектегі қанды ауыз үйір шаңқылдап, шүңкілдеп жеңіс тойын тойлаған.

Дінасыл үшінші конвертті  жұмарлап ұстаған күйі аспанға секірді. 

Адамды осынша қуанту үшін таңбаның соңында қанша  нөл тұруы керек?!

Екі серігі ол алғашқы екі конверттегі нөлдерді көре тұрып үндемегенде анталап, ал аспанға секіргенде абдырап қалғаны содан еді. Әлгі сұрақтың жауабын табуға қауашақтарындағы сана да, мыйларындағы сан да жетпеген. Әйтеуір жаңа қожайын қуанса болды десіп, бірге секіре берген. Аққайнар атылып, бокалдар сыңғырлай соқтығысқан. Сонда үшінші конверттен банк акциясының үштен бір бөлігі атадан немереге  мұра боп қалғаны туралы хаттаманың шыққанын кәрі қасқыр Вольфганг Мюллер мен жас бөрі Дінасыл Оспанұлы өздері ғана біліп тұр еді. 

Кейінгісінің қуанған себебі, ұстазы: «Таңбаның соңындағы нөлдер  банктерде жасалып, байығысы келген адамдарға таратылатын қарғыбау» дейтін. Байығысы келген адамдар ғана емес, алып державалардан бастап, алақандай елдерге дейін сол қарғыбауға мойындарын сұғып кіріп те қойған. Үлкен өндіріс орнын құруға тәуекел еткен жас бөрі, ұстазының нөлдердің құдіреті жөнінде оқыған лекцияларынан соң: «Банк ашсам қайтеді?» деп, бүкіл аудиторияны ду күлдіріп еді».

Алтыншы назар аударатын тұсы: Дінасыл-Диего әпкесі Аваны іздеп, Бавар өлкесіндегі монастырьге келгенде, ондағы өзі туралы Авадан естіп, жолын күтіп жүрген қазақ қызына кездесетін жері. Өгей шешесі қайтыс болған соң, асырап алған әкесі оны да осы монастырьге өткізіп жіберген. 

Сонда мынандай эпизод бар:

«Ол он-он бес қадам ұзай бергенде, монастырьден тағы да шу шықты.

Әуелі жалқы рет қаңғыр етіп қоңырау соғылды. Уәделескендей қоңыраулы мұнараға шалқая қараған. Сол тұстан желбіреген қызыл орамал көзіне шоқтай басылды. Оны ұстап тұрған қыз, орамалды желдің ырқына жібере салды. Қызыл орамал қалықтай көтеріліп барды да, құйын үйіргендей бір-екі айналып, төмен құлдилады. Соған қарағанда шетіне түйіп байлаған бірнәрсе бар секілді. 

Дінасыл орамалды жерге түсірмей қағып алайын деп тұра ұмтылды. 

Қалқып келе жатқан орамал желмен жалт беріп, басқа жаққа қарай ұшты. Сол жаққа барып тұрып еді, жел қайтадан кері қуып әкетті. Ол жаққа да жүгіріп барғанда, қып-қызыл орамал дәл төбесінен қалықтай ағып өтті. Төбесінде орамал, жерде бұл тентек болған тоқтыдай шыр айналды.

Бұл көрініске терезелердің бәрі жапырлай ашылып, мұңлы  монастырьдің шерлі тұрғындары мойындарын созыңқырап қалды. Оларды терезенің алдынан қуып жүргендер далақтап жүгіріп-жүгіріп, құр босқа шаршады. Монах әйелдер мұнда өз еріктерімен келсе де, мынау желмен қалқыған қызыл орамал көздерін қызықтырып, бәрін еркін өмірге шақырғандай елестеген. Бәлкім, олар «Күнәмізді кеше гөр» деп, құдайларына жалбарынған да шығар. Мүмкін, «Біздей күнәһарларыңды жазалай көрме» деп, көздеріне жас алған да болар. Бірақ бәрінің де бір сәт көңілдері сергіп, анау жас жігітке ұстатпай қалықтай ұшқан қызыл орамалға қызыға да, қызғана қарағандары рас болатын».

Ол ақырында серіктерімен бірге ғарыштан бағыт сілтеген иен далаға кен орнын ашуға келеді. Әлгі өзін шетелге сатып жіберген өгей әкесін қасқыр талап өлтіретін оқиға сонда болады:

«Қасқыpлаpдың жаpатын адамын жаpып тастап, қу тулаққа не үшін таласқанын әліге дейін түсіне алмай жүp. Бәpінен бұpын ғаpыштық байланыс жүйесіне қосылған үлкен экpаннан көpгені ешқашан ұмытылмас. Мәйітті әкетіп қалған жеpде тағы біp сұлба пайда болып, көз алдында аспанға ұшып кетті емес пе?! Ол және жәй көзге көpінбей, ғаpыштық байланыс жүйесіне қосылған үлкен экpаннан ғана көpініп тұpды ғой. Демек олаp аспанға құдайдың құтты күні ұшыpып жатқан спутниктеp аpқылы бәpін көpе алады. Адамдаp былай тұpсын, аpуақтаpдың қалай қозғалып, жындаpдың қалай өpгеніне дейін бақылауда ұстайды. Осыны ойлағанда өзінің елсіз түзде денесін сәуле тесіп, қалай бақылауда жүpгені көз алдына келе қалды да, аpқасы мұздап кетті».

Романда бірнеше линия жарысып отырады. Өзімнің санауым бойынша, романдағы елу-алпыстай шытырман эпизодтың жеті-сегізін ғана мысалға келтірдім. Бұл негізі жанры жағынан роман-притча десе де болады. Біріне-бірі жалғасқан оқиғалардың оқырманды жалықтырмай, қызықтыра түсіп жетелеп отыруын барынша қадағаладым. Себебі кітап жүзінде төрт жүздей беттен тұратын романды оқу оңай емес.

 

Мені өзімнің өмір жолым, оқыған кітаптарым, жазған жазуларым өзгеше ойлауға әкелді. Бірақ ондай ойлармен бір ұжымда сыйысып жұмыс істеу қиын. Адам содан кісікиік құсап оқшаулана береді екен. Бір қызығы өзің оқшауланған сайын, көпшіліктің ортасына алыстан қарағандай күй кешесің. Мұны айтып отырғаным, романда аты аталмайтын екі адам бар. Бірі Лондондағы ұстаз, екіншісі Алматыда қалған жазушы. Олар бала қиналған кезде сана арқылы пайда бола кетеді. Ең басты айтпағым, бала кезіндегі екі алып державаға қатар қызмет еткен аса талантты жансыздың ұрпағы. Біз оны шетелге өз қолымызбен саттық. Ол өскенде шетелге сатылған өз сияқты балалардың басын қосуға әрекет жасайды. Бәлкім, сол жақта үлкен бір ұйымның іргесі қаланып жатқан шығар, кім білсін? Кезінде жетімдерден жиналған жанышарлар ұлы Осман империясына қызмет етті. Ал бұлар кімге қызмет етеді?! Әлгі ұстаз бен жазушы соған таласады. Романның бұл тарауларын метамодернизм бағытында жаздым.

Мо Янь модернист емес…

 

Ұлттық кітапханада Мо Янмен онлайн кездесу болды. Кітаптары қазақшаға аударылмай тұрған кезде, 2017 жылы «Қызыл гауляң» хикаяты туралы хабар түсіргенімді айттым. «Мехнат пен хикмет» деген кітабымдағы сұхбатты көрсеттім. Ол қолымдағы кітапқа кәдімгідей назар аударып, разы болып қалды.

Мо Янмен онлайн жүздесу түбі реализм жеңеді деген тұжырыммен аяқталды. Сұрақ қойғандар оған әдеби ағымдардың әр түрін таңып көрді. Бірақ ол мен реализм бағытында жазамын дегеннен танған жоқ. Нобель сыйлығы берілгенде айтылған, «аңыздар мен бүгінгі өмірдің қосындысынан туған елестер» деген тұжырымға да пысқырмады. Менің жазып жүргендерім ауылымның шындығы, сондағы адамдардың мешеу өмірі, олардың бұрынғы емен-жарқын күндерін жоқтаймын деп табандап отырып алды. Расында да түбі реализмнен басқаның бәрі далада қалатын сияқты. Қазіргі кездегі постмодернизмнен де асып, метабаяндау дегеніңізді адам оқи алмайды ғой. Кейде осының бәрі әншейін дақпырт па деп қаламын. Бір сөзбен айтқанда, аз-кем тілдескеннің өзінде Мо Янь бізге ұнады.

Қызыл гауляң деген өзі өсетін сыпырғы секілді дәнді дақыл болса керек. Қытайлар оны барлық тіршілігіне жаратып, қорек еткен көрінеді. Олардың бүкіл дүниетанымы осы жабайы дәнді дақылды тіршілікке қалай пайдаланғандарына байланысты қалыптасады. Кейін қызыл гауляң өсетін жерлер айдалып, орнына мәдени дақылдар өсірілгенде, дүниетанымдары да өзгеріске ұшырап, адамдар азғындыққа салынып, депрессияға түседі. Тіпті, олар қызыл гауляңды ашытқан құмыраға байқамай кіші дәрет сындырып қойып, ондағы шарапқа ерекше дәм кірген алаңсыз күндерді де сағына бастайды. Мо Янның барлық шығармаларының идеясы тұрмыс-тіршілік жақсарғанмен, қоғам жаңа жерге көшірілген өсімдіктер сияқты ауырады дегенге келеді.

 Өркениет дамыған сайын біздің қалада жүріп, ең кіршіксіз таза дүние ауылда қалып кеткендей алаңдайтынымыз содан да шығар. Жаңа ұрпақтың жасанды топыраққа отырғызылған көшеттер сияқты сырқаулы күй кешетінін түсінгенде, өзіңнің де сай-сүйегің сырқырай жөнелетін секілді қиналатының бар. 

Бір қызығы, Мо Янь өркениетті, бірақ дімкәс қоғамды бұрынғы мешеу өмірдің қасыретін бойынан қайта өткізу арқылы бейнелегісі келеді. Әлем әдебиетінде реализмнің мұндай тәсілін қолданған басқа ешкім жоқ.

 

Қазіргі кезде «менің жазып жүргенім реализм» деген жазушының беделі түсіп-ақ қалады. Мо Янның соған да қарамай, өзін реализм өкілімін дегеніне кәдімгідей таңданыс болды. Мен соны осы фейсбуктегі парақшамда жаздым. Соған қосымша түсініктеме бере кеткенім дұрыс сияқты.

Алдымен реализмді толық мағынасында түсіну керек. Ең алдымен басын ашып айтатын нәрсе, ол ешқандай да натурализм емес. Сонымен бірге модернизммен де, постмодернизммен де әлі күнге дейін бәсекелесіп келеді. Сонда ол өзін жаңашылмын деп жариялаған ағымдармен несімен бәсекелеседі деген сұрақ туады.

Біріншіден, реализм өмірді бояулар арқылы боямасыз бейнелеп, санада құбылған құбылыссыз көріністермен сипаттап, өткен және келешек уақыттардан тәуелсіз, тап қазіргі қалпында көз алдыңа тосады. Екіншіден, оның бәрін адамда қанша мүмкіндік болса, соның шегінде ақылға сыйымды етіп суреттейді. Керек болса, шындықтың қанын тамшылатып, қатал реализмге көше қояды. Ал енді өз шеңберінен асып бара жатса, гиперреализмге де ауыса алады. Яғни, өмір суретін шамадан тыс үлкейтіп, оны бар шындығымен жарқыратып жайып салады. Ендеше реализм қамти алмайтын ештеңе жоқ деген сөз.

Әсілінде әдебиет пен өнердегі түрлі ағымдардың бәрі реализмнен туған. 

Мысалы, Мо Янның шығармасында есек сөйлесе, ол ешқандай сиқыр емес. Ол шындық пен реалды көріністі образды түрде бейнелеу деп аталады. Демек, адамдардың әрекеті есек байғұсты сөйлеп кететін жерге дейін жеткізген. Керісінше, адам есек болып ақырса, ол да сондай деңгейге түскен деген сөз. Мұның бәрі реализмнің мүмкіндігі шексіз екенін көрсетсе керек.

Сондықтан жазушылар қорсынбай-ақ, өздерін реализмнің жазушысымын деп айта берсе болады. Одан ары шекесіне қандай айдар тақса да, өзі біледі. Мо Янь Нобель сыйлығын қазіргі заманның жазушысы ретінде алса да, сәнге айналған ондай айдарды таққысы келмей отыр. Себебі, ол нақтылы реализмге тән тамаша метафоралары мен айшықты аллегориясын депрессиядан туған қайдағы бір жеңілтек ағымдарға қимайтын сияқты.

Антироман деген не?

Антироманда автор сюжет қатарын қасақана бұзып, оның орнына кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашатын интеллектуалды ойын құрады. Бұрынырақта «Үлпілдек» деген шағын көлемді романымды талдаған сыншылар  соны аңғармай қалған секілді. Мұндай романда тұтас сюжеттен гөрі, театрландырылған көріністерге қатты мән беріледі. Мәтін тығыздығы, сезім сергелдеңі, әр сәт сайын шешім қабылдауға мәжбүрлейтін ситуациялар, оқиғалардың жылдам ауысуы, сюжеттегі күтпеген бұрылыстар антироманды қызықты ете түседі. Сондай үш шығарманың басы қосылып, «Таудай кісінің хикаясы», «Құс кісінің хикаясы», «Қарағай кісінің хикаясы» деген үш үлкен бөлімнен тұратын бір жеке антироманға айналды. Бұл антироманда маңдайларына өмірден түңілдіретіндей ауыр тағдыр бұйырған кейіпкерлер керісінше, бастарынан өтіп жатқан оқиғаларды интеллектілер күресіне ұластырады. Соған әл-дәрмендері жетіп, өз тағдырларымен ойнай бастайды. Олар өмірде қарапайым адамдар сияқты, бірақ көп нәрсе көргендіктен бізден терең ойлайды. Бүгін нүктесін қойып, сәт сапар тілеп, тиісті жеріне тапсырдым. Бұл «Кельндегі көкжалдан» мүлдем басқа бағыттағы туынды. Маған осымен екі білгір сыншы стильді өте жылдам ауыстыратын жазушысыз деген пікір айтты. Сол рас та шығар, кім білген?!.

Екі беттей қысқа бір үзіндісін оқып көрсеңіз болады:

Тау басының тұнығын асуға әуелі алды үйдей болып зорая көтеріліп, артынан қос тіркемесі іркіс-тіркіс шұбалып, гүжілдей ышқынып шыға келген көкала «Мерседес-Бенц» жүк көлігі бұзды, алдыңғы жалпақ әйнектен қан-сөлсіз сілейген бір қыз бен оны ортаға алған екі жігіттің басы қылтиды, олардың үшеуі де өлген адамдардай сүлейсопа күйде отырған, ал расында екі жансыз дене орындықтың артындағы қуыста бұратыла айқасып жатқан еді. Кабинадағы үнсіздіктің ауырлығы табыттың ішіндегіден бір кем емес болатын, тіпті көкжынды Қаратайдың өзі мойнына қара тас байлап алғандай күжірейе шөгеріліп қалған,

Қыранқара да сорайған қалпы сіресіп, тек Гүлдерайым ғана солған жапырақтай бүрісе түсті.

Аспан жерге түсе қоймас айналып,

қара аспанды кетпес және қайғы алып,

төбесінде қияқ белгі қалқайып,

жанымды алып, жөнеп берер желқайық,

– Нұрлан алдыңғы тағдырынан нені сезсе де өзіне-өзі жұбату айтып, артқы дүниенің амандығын тілеп кеткендей екен, ол соны ойлады. 

Көкала көлік асу басына асыла тоқтап, тұмсығы төменге салбырай еңкейіп, түпсіз тұңғиықтан үрейі ұшқан әлдебір алып жануар құсап үдеріп, жалт беріп кетуге салмағын игере алмайтындай бойын тынымсыз діріл алып, гүжілдеп біраз тұрды, онымен бірге ішіндегі адамдардың да жон арқасы мұздады, көздерін алып қашып, төменге тіктеп қарай алмай кетті.

«Ал, келдік, – деді көкжынды Қаратай үнсіздіктің тәніне сұп-суық қанжар сұғып алғандай қылып, – сонымен неге келістік?», «біз бір ауылданбыз, сен маған қарындасымдай жақынсың, – деп, оның сөзін Қыранқара қалың қабағы қарс түйіле, тұнжырай жалғады, – өкпеге қисақ та өлімге қимаспыз, болар іс болды, бояуы сіңді, осымен тоқтатайық бәрін, сен бізді сатпасаң, біз саған тимейміз, байсырап бара жатсаң, өзім-ақ алып алайын, жол үсті, міне, уәдем уәде», «саудаласатын несі бар оның, – деп қитықты көкжынды Қаратай қызды жорта қорқыта сөйлеп, – былай шыға бәрібір сатып кетеді», «тыныш, – деп зекірді оған Қыранқара, – Гүлдерайым өзі біледі».

Екеуі екі жақтан қызға денелерін тақай қысып, Гүлдерайым болса мәшине қазір қозғалып кететіндей зәр-иманы ұшып, тал қармағандай қарманып, жан-жағын сипалағанда қолы Қыранқараның білегіне тарс жабысты. Қыранқара оны сол күйі кабинадан суыра секірген, Көкжынды Қаратайдың да күтіп отырғаны осы еді, дәу мәшиненің кабинасынан рөлді бос жібере салып, ол да қарғыды да, жерге дік етіп қадалды, тәлтіректеп барып түзеліп, үрейлене бақырайып артына қарады, түбімен қопарылып жартас жылжығандай арбайған көлеңке айналасын түгел қарауыта жауып өтіп, алып жүк көлігі төмен қарай дыбыссыз сырғи жөнелді. Іле заты жер бетінен әлдеқашан өшкен кіреуке динозаврлар құсап, басын бір бұлғап алып, тіркемесі әлгі хайуанның бір-біріне шегенделген беломыртқасындай күтірлей бұлталақтап, құйрық жағын олай да, бұлай да шайқақтата лақтырып, тау ішін қабырғасын сөгілте күңірентіп, әр секірген сайын күрс-күрс үн шығарып, құлдилап кеп кетті дерсің.

Жол бір бөлек қалып, жолсызбен ол бір бөлек зулап, соншама ауыр салмағына қарамай, тап-тақыр жалаңаш беткейге алды-арты кезек соғылып, құйрығымен жер сабалаған хайуандай тұлдана түтеленіп, үстіндегі тең-тең жүгі жан- жаққа қолмен лақтырғандай шырқ айнала шашылып, олар мәшинемен жарыса домалап, тыныш жатқан тау ішін дем арасы әптер-тәптер қылды.

Қиялай бұрылып-бұрылып барып, бір жағына қисая көтеріліп, жерге жанымен солқ етіп ұрылып, сырғи беріп, бұратыла аунап түсті, сол-ақ екен асты түтіндеп ала жөнеліп, бауырын тілі сүйреңдей қызыл жалын шарпыды, түтіні қап-қара болып, майласа бұрқырап шықты, көзді ашып-жұмғанша жер-әлемді алды.

Жанармай багі гүрс ете қалып, мәшиненің бір бөлігін аспанға атты, одан от шарпыған бөлшектер шашылып түсіп, іле пақылдап дөңгелектер де қос-қосынан жарылып, әр-әр жерден қарайған-қарайған нүктелер пайда болып, оннан да, мұннан да түтін будақтап, құдды жаңа ғана осы арада соғыс жүріп өткендей әлемтапырық көрініс көз сүріндірген, үшеуі үрпиіп қарады да тұрды.

Гүлдерайым «бірге өлем» деп жүгірген жоқ, тіпті дауыс салып жыламады да, әйелдік әлсіздікке беріліп, бордай тозып, іштей егіле берді, егіле берді, мыйы тоң боп қалғандай, басының іші сіресе қатып, қозғаса лоқ еттей лық-лық етіп, екі шекесін қақ айыра жаздады. Басында, басының ішкі қуысында, мыйында, бәлкім құлақ түбінде, бәлкім тіл ұшында, әйтеуір өліспей беріскісі келмей арпалысқан қара жанымен бірге, қарақорым боп гу-гу еткен көрініс әлде дыбыс қайталана берді, қайталана берді.

Қыранқара да не істегені санасына енді жеткендей сұры қашып, қалың ернін күрек тістерімен көгерте жымқыра тістелеп, үлкен ала көздерімен жан-жағына алақ-жұлақ қаранып, «әкең, әкең» деп тұрып-тұрып, бет әлпеті мыжырая еңкілдеп жылап жіберді, оны көріп соның арқасында ғана еш жау алмайтындай батырсынып жүрген көкжынды Қаратай табанының астынан жер жылжып кеткендей тапыраңдап, олай бір, бұлай бір жүгіріп жүріп, ақыры аяғы аяғына шалынысып, топалаң асып тынды. Гүлдерайымның ой-санасы осы кезде барып бетіне суық су шашып жібергендей селт етіп оқыс оянды, тізерлеп отыра қалып жылады, еңірегенде етегі жасқа толды. «Нұрла-а-ан!.. Нұрла-а-ан!..» дей берді иегі кемсеңдеп, қолымен ішін баса өксіді бір кез. 

Таппайтыны адамдардың барлығы,

махаббат та таңдайды екен арлыны, –

қай кез, қай жағдайда да қайраулы пышақтай дайын тұратын өткір өлең жан-жүрегін қансырата тілді.

Кенет, ішін басқан күйі тіксініп, сұраулы жүзбен Қыранқараға әңірейіп қарай қалды, құрсағында әлдене ақырын қимылдағандай болып, саз бастаудың қайнарындай әлсіз бір бүлкіл білінген, өзегін жарып, жаңа басталып келе жатқан тіршілік нышаны сөйтіп қуантудың орнына, зәр-иманын ұшырды байқұс қыздың.

«Кетпейміз бе, а, кетпейміз бе?!» – деп көкжынды Қаратай жапалақтай жарбаңдап, қастарына қайта келді, жыларман хал көз құйрығын суландырып, ол да бойына ұялай кірген үрейден арыла алмай әлек, аузы аңырайып, құлағы саңырайып, Қыранқарадан дәтке қуат берерліктей бір әмір күтіп, тағаты таусылып тұр. Қыранқара өзіне-өзі келгеннен кейін әуелі Гүлдерайымға жүр дейін деп, онда да алдымен жүзіне анықтап бір қарап алғысы келіп, беті сопайып бұрыла бергені сол, қатты таңырқағаннан көзі ұясынан шығып кетуге тәс қалып, одан қол-аяғы жансыздана ұйып, тұрған жерінен қозғала алмай құр тыпырлады. Гүлдерайымның қос шырағы от шаша қызарып, мұның түгін қоймай ішіп-жеп барады екен, бой-бойы шоққа қарығандай ысынып, күс табанына дейін қызынып, сасқанынан «әй-әй, әй-әй, қарғама сен» дей берді,

«қой, әй, қой сен, қарғама мені, қарғама, кет, кет!» деп мандырақтады содан соң. «Мына қыздың шешесін білуші ме едің, қарғаған адамын мүрдем кетіретін, анаң қара, шешесі құсап көз байлағысы кеп тұр ма, бізді қорқытқысы кеп тұр ма, – деп көкжынды Қаратай да Қыранқараның ол жағына бір шығып, бұл жағына бір шығып тасыраң қақты, – полицияның алдына бәрімізді иіріп апармасын, сұрқы жаман ғой өзінің, анаң қара, ерні жыбырлап, оқып тастайын деп тұр, қорқады екем мен соныңнан, тәйт, кет», – деп сөз аяғын быдықтап бітірді, «сен араласпа, өзіме жібер, – деп әдейі қызға естірте зекіді Қыранқара, – көз байлаған олай емес, былай, міне, – кетпендей жұдырык қақ маңдайдан сарт етіп тиді, – баурап әкетіп барады, қайтер екен десем, – қыз аяғы аспаннан келіп, жерде сұлап жатты, – сал иығыңа, қатын ғып алам мен мұны!», Гүлдерайым айналасынан басқа ештеңе естіген жоқ, көзі де ештеңе көрмей тасқараңғылана соқырайды, кішкене ғана қауашақта екі дүние қатар тоғысқандай аласапыран көрініс аспан мен жердің арасын тұтастырып, сана түкпірінде қоздаған мың сан сурет пен әлдеқайдан миын шағып шыңғыра жеткен ащы дауыс мұны оятқысы келіп, қолмен жұлқылағандай жұлмаштай бастады.

Екі адам келіп, екі жағынан тартқылайтын сияқты, бірі шешесі Күлпаш, екіншісі жігіті Нұрлан екен дейді, Гүлдерайым шешесінен қашып, Нұрланға бармақ болып талпынған, шешесі кенет «суф» деп қалып еді, Нұрлан күл боп ұшты да кетті, бірақ күңгірлеген дауысы өшпей тұрып алды.

Қанымда бар тағылық,

мазамды алды тағы ұлып,

аңыздағы ұл ерткені,

түсімде жүр көкбөрі,

тірілгендей мәрт аңыз,

біздер бірге жортамыз,

қаршылдатып қар кешіп,

борпылдатып жар кешіп,

табанымыз тілініп,

құз басына ілініп,

кеуде кернеп ұлылық,

қосылып ап ұлыдық,

таңға орнымнан табылып,

тастап кетті тағылық... – деген дауыс әлдеқайдан құлағына күбірлей жеткенде, ол Нұрланның өзін екі дүниеде де кешпейтінін түйсініп, жан ауыртқан жайсыз әсерден іші-бауырын қолқасымен қоса суырып алғандай лоқсып барып есін зорға жиды».

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan