Әйгілі дат қаламгері Ханс Кристиан Андерсен көбіне балалар ертегілерінің авторы ретінде қабылданады. Алайда оның шығармашылығы романтизм, христиандық экзистенциализм және рухтың материядан үстемдігін мойындайтын терең философиялық мазмұнмен астасып жатыр.
Андерсен туындыларындағы философиялық дүниетанымды әлемдік ақыл-ой көкжиегі ауқымында қарастыра отырып, оны бірнеше негізгі бағыттарға бөлуге болады:
Андерсен үшін әлем – Құдай жазған ашық кітап. Ол ең қарапайым заттардың өзіне жан бітіре алатын ерекше қабілетке ие болды: ескі көше шамы, жамау инесі немесе қалайы солдат – әрқайсысы бейне жан иесі тәрізді сипатталады. Қаламгер шығармашылығындағы әрбір заттың өз тағдыры, өз қайғысы мен арманы бар.

Андерсен ертегілеріндегі кейіпкерлердің шынайы ішкі сыры, құндылығы көбіне сыртқы қарапайымдылықтың астарында жасырынғанын аңдауға болады. Мұны «Ұсқынсыз үйрек балапаны» ертегісінен аңғарамыз: мұндағы сыртқы сынақтарды жан иесінің ішкі болмысын ашудың жолы деп қабылдаймыз.
Андерсен ертегілерінде экзистенциалдық азап және өзін-өзі құрбан ету жиі ұшырасады. Ертегілерге көбінесе «арман-мұратына жетіпті» дейтін тамаша финал тән ғой. Дегенмен Андерсен ертегілері көбіне «бақытты аяқталумен» тәмамдалмайды. Ертекші өмірдегі қайғының сөзсіз екенін мойындау қажеттігін айтады.
«Қайғы бұл – тазарудың жолы» деген идеяны ұсынады. Мысал үшін «Су перісі» ертегісінде кейіпкер ханзаданы ала алмайды, бірақ азап арқылы мәңгілік жанға ие болады.
Мұрат-мақсат жолындағы төзімділік – Андерсен ертегілерінің біразына тән. Бәрімізге таныс «Қайсар қалайы солдат» шығармасында адамның қадір-қасиеті, шыдамдылығы – қандай жағдай болса да ішкі беріктігін сақтай алуында дегенді нышандайды. Андерсен үшін өмірдің мәні жайлылықта емес, өз болмысына сай, адал болуда.
Ақыл мен жүрек арасындағы қайшылық Андерсен ертегілерінде кездеседі. Мұны Абайдағы жүрек пен ақылдың өзара полемикасымен салыстыруға болатындай.
Андерсен «суық ақылға» сенімсіздікпен қарағанын көреміз. Мысал үшін «Қар ханшайымы» – мұздай, сезімсіз ақылдың метафорасы. Кай мұз кесектерінен «Мәңгілік» сөзін құра алмайды, өйткені оның жүрегі қатып қалған.
Жазушы ертегісінде жүректің жеңісі бар: Тек тірі, мейірімді жүрек (Герда) ғана шынайы ақиқатты тани алады.
Андерсен өзінің философиялық пайымы бойынша жанның мәңгілік екендігіне сенген. Бұған оның христиандық дәстүрлі діни сенімі негіз болған болар.
«Сіріңке ұстаған қыз» шығармасында өлім – аяқталу емес, жарыққа оралу екендігін баяндайтын Ханс Кристиан Андерсен өлімді екі дүние ортасындағы өткел ретінде пайымдайды.
Осындайда қазақтың ұлы ойшылы Абайдың:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бiрақ қайтып келiп, ойнап-күлмес.
«Мен» мен «менiкiнiң» айрылғанын
«Өлдi» деп ат қойыпты өңкей бiлмес, -
деген терең философиялық пайымы еске түседі.
Андерсен ертегілеріне тән леп – оптимизм: Қайғылы сарынға қарамастан, оның философиясы терең оптимизмге негізделген: үйлесім бар, бірақ ол әрқашан материалдық әлемде көріне бермейді.
Дегенмен екі ойшылға тән бір қасиет – екеуі де құрғақ оптимизмнен аулақ. Андерсенде: Қасірет – жанның тазаруы мен кемелдену жолы («Су перісі»). Абайда: Халық үшін қайғыру – терең ақыл мен сезімтал жүректің белгісі. Төртінші сөзінде ол: «Уайымсыздық – азғындық, қайғысыздық – надандық», - деген ойды меңзейді.
Андерсен философиясы – шынайы өмірдің қаталдығын жоғары әділетке деген үмітпен үйлестіруге ұмтылыс. Ол бізді өмірдің «лайында» ғана емес, сол лайдағы жұлдыздардың шағылысын көруге үйретеді.
Андерсен – Абайдың әкесі Құнанбаймен тұстас өмір сүрген адам. Философиялық көзқарас тұрғысынан алғанда Абай мен Андерсен арасындағы рухани үндестік параллельдерін көруге болады.
Дәуірі бір болғанымен, өскен ортасы, оқу-білімі, мәдени айырмашылықтар т.б. қарамастан, екі ойшылдың көзқарастарында ортақтық бар.
Әуелі ақыл мен таным мәселесінде үндестік бар.
Абай үшін ақыл – Ғаламды, Жаратушыны танудың құралы. Бұл Андерсендегі «жүрек» концепциясымен үндеседі.
Қоғамдағы күңгірт, келеңсіздікке қарсылық.
Андерсен қоғамдағы цинизмге қарсы болса, Абай надандық, жалқаулық, мақтаншақтық сияқтыларға ымырасыз майдан ашады.
Г.Х.Андерсен мен Абай Құнанбайұлының философиялық тұжырымдамаларын салыстырмалы кесте түрінде былайша беруге болады:
| Концепция | Андерсен («Көлеңке», «Қар патшайымы») | Абай («Қара сөздер») |
|---|---|---|
| Адам идеалы | «Тірі жүрек» пен сенім иесі. | Толық адам. |
| Басты жау | Цинизм, өзін жоғалту, суық есеп. | Надандық, еріншектік, жігерсіздік. |
| Білімнің рөлі | Моральдық негізсіз қауқарсыз. | Міндетті, бірақ ақыл, қайрат және жүрекпен ұштасуы тиіс. |
| Дүниеге көзқарас | Әлем – Құдай жазған сырлы ертегі. | Дүние – рухани еңбек пен таным майданы. |
Андерсен де, Абай да «нағыз адамды» іздеген ойшылдар. Мұндағы ұстанатын бағыт: Андерсен – философияны ертегі арқылы, Абай – тікелей даналық сөз арқылы жеткізуді жөн санайды. Екеуі де адамға бір нәрсені: рухани тереңдік болмаған жерде білім де, табыс та мәнсіз екендігін ескертеді.

Абай отыз сегізінші сөзінде «Толық адам» концепциясын талдайды. Ол махаббат пен шапағатсыз ғылымның өлі екенін айтады. Бұл Андерсеннің «Көлеңке» ертегісіндегі Ғалым бейнесімен тікелей байланысты: Ғалым білімді болғанымен, қулық пен сыртқы жылтырақ бағаланатын дүниеде дәрменсіз болып шықты.
«Өмірдің өзі – ең әдемі ертегі», - дейді Андерсен. Расымен де солай ғой. Барша жан иесі өмірінің жақсы болуын, жақсы аяқталуын тілемей ме? «Үміт – адам бойындағы ең соңғы өлетін сезім», - деген диогендік концепция жатыр, мұның түбінде. «Үмітсіз – шайтан!» - деп қояды, қазақы таным.
«Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» - дейді Абай отыз сегізінші қара сөзінде.
Қорыта айтқанда екі ойшылға тән ортақ ұғым – мынау баянсыз ғұмырды босқа сүрмеу, әдемі аяқталатын ертегідегідей, адамзат баласының әйтеуір алда болатын бір жақсылыққа жетуге деген сенімін нығайтуға ұмтылыс болса керек-ті.
