Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Ақ Жайықтың көз жасы»...

«Ақ Жайықтың көз жасы»

27.04.2026

115

«Ақ Жайықтың көз жасы» - adebiportal.kz

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Astana Eurasian Book Fair - 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде оқырман үшін жаңалық көп болды. Соның бірі – кеше руханият пен әлеуметтік мәселелер жайын тоғыстырған әдемі әдеби жиын  өтті. Қаламгер Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабының таныстырылымына  оқырман көп жиналды. Өйткені бұл кітап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығы және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева публицистикасына арналған тұңғыш жан-жақты зерттеу еңбегі болып отыр. Оқырмандар ақынның өзімен жүздесті. 

 

«Фолиант» баспасынан әдемі дизайнмен жарық көріп отырған бұл кітаптың оқырманға байқалатын үш ерекшелігі бар екен: біріншіден, қалың оқырманы сонау алпысыншы жылдардан бері қазақ әйелінің бейнесін асқақтатқан поэзиясы ерекше сыршылдықпен, сезімталдықпен өрілген ақын деп таныған адамның публицистикалық қыры көрінген еңбек. Екіншіден, аты ерекше, әдетте біз көз жасы дегенде қуаныштың көз жасы деген тіркес еске түседі. Бұл жерде Ақ Жайық жағрапиялық атау ғана емес, Ақ Жайық – ел, халық, оның арғы жағында сол елдің мұңы мен мұраты, шері мен шамырқанысы жатқаны анық. Сонымен бірге кітаптың екі авторы бар деуге болады, еңбекті жинап, реттеп, жүйелеп, өзі де бірнеше мақала жазып отырған Нұрсұлтан Мықтыбай. 

Осы жерде Ақұштап Бақтыгереева публицистикасы туралы ой-толғаудың авторы жайлы оқырманға түсінік бере кетсек, Нұрсұлтан Ертуғанұлы Мықтыбай – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, пандемия кезінде халық саулығы үшін күресте журналист ретінде алдыңғы шептен көріне білгені үшін «Халық алғысы» медалімен наградталған, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі.

Ал енді осы кітап таныстырылымына келген жұртшылықтың көкейінде «Бұл кітапты шығаруға не түрткі болды екен» деген сұрақ  тұратыны анық. Осы орайда біз де сахнада отырған ақын Ақұштап Бақтыгереваның өзіне және автор Нұрсұлтанға бір-екі сұрағымызды қойған едік.

-  Ақынның публицист болуына әсер ететін не жағдай? Сіз сонау екі мыңыншы Оралға оралған кезіңізде қыздар мектебін ашу, мәдени орта қалыптастыру т.б. мәселелерге қатысты идея-ұсыныстарыңыз бар еді, солардың орындалғаны бар ма?

Бұл сұрағымызға ақын Ақұштап Бақтыгереева: 

«Қоғамдағы болып жатқан жайсыздықтар өлеңге сыймаған кезде мақала, публицистика жаздым. Соларды жинап, Мықтыбаев  осы еңбегін шығарып отыр. Идея сол журналистікі. Бұл менің шығармашылығым жайлы диплом қорғап жүрген студенттерге үлкен көмек болады. Аға ұрпақ еңбегіне жастардың көңіл бөлуі мен үшін қуаныш. Иә, сол жылдар қазақ қызы қараусыз қалып, өз бетінше өсті, аналары базар жағалап кетті. Мектеп ашу, тәрбие сағатын жүргізу менің арманым еді. Оны қолдаған кім бар? Бүгін соның жемісін көріп отырмыз ғой», – деп жауап берді.

Жалпы кейінгі буынның алдыңғы буынды іздеуі, оның шығармашылығын өзі қызығып зерттеуі, жазғанына құрметпен қарауы сирек жағдай демейміз, дегенмен, Нұрсұлтан, бұл кітапты қолға алуыңызға не түрткі болды?  , – деп сұрадық еңбектің иесінен. 

Нұрсұлтан Мықтыбай былай деді:

- Шынымды айтсам, бұл кітап осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көруі тиіс болатын. 2017 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» атты дипломдық жұмыс қорғадым. Ол ақын публицистикасының бір бөлігі ғана болатын. Содан бастап апамның көсемсөздеріне деген қызығушылығым басталды. Бұрын ақын ретінде ғана танитын жанды енді публицист ретінде тани бастадым. Қаламгердің замана шындығын, қоғам келбетін тап басқан мақалалары мені қатты толғантты. Сол дипломдық қорғауға зерттеу нысаны – Ақұштап апамның өзі келіп қатысты. Қорғау жұмысына зерттеу нысанының келіп қатысуы бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Сонда апама көптің көзінше: «Сіздің публицистикаңызды тереңінен, мүлдем басқа арнада зерттеп кітап етіп шығарамын» деп уәде берген едім. Сол уәдемді 9 жылдан кейін енді орындап тұрмын. «5-6 жыл бұрын жарық көруі керек еді» деп отырғаным осы. Ең болмағанда, қаламгердің 80 жас мерейтойына орай шығарамын деп ойлағанмын. Одан да қалыс қалды. Ол жалқаулығым емес, публицистің әлі де жаза түсетініне, ұлттық мәселелерді қаузайтынына сенгендігімізден еді. Бірақ, «ештен кеш жақсы» дейтін халықпыз ғой. Алланың осы күнді бүгін нәсіп еткеніне қуаныштымын. Осы тұста кітапқа демеуші болған «Фолиант» баспасына ерекше алғысымды жеткізгім келеді.

Шағын диалогтан кейін кітаптың лентасы қиылып, оқырманға жол тартты. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісова «Кіммін мен?» (әні Сәуле Жанпейісова, сөзі Ақұштап Бақтыгереева) және «Ақұштап – ақ шағала» (әні Сәуле Жанпейісова, сөзі Нұрсұлтан Мықтыбай) әндерін шырқап жиынның ажарын аша түсті. Презентация барысында сөз берілген қаламгерлер ұлттық мүдде, тіл тағдыры, рухани құндылықтар мен экология тақырыптарын қозғаған ақын публицистикасының өзектілігі мен қоғамдық маңызына тоқталды. Жалпы жаңа кітап жайында толымды пікір білдірген профессор Серік Негимов болды. 

 

Қазақ қоғамының құбылнамасы

Серік Негимов; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор:

 

- Ақұштап қаламынан туған мінсіз дүниелер – оның қоғам қайраткері ретіндегі азаматтық болмысын, ұлт алдындағы жауапкершілігін жан жүрегінен тулап шыққан шындыққа суарылған сөздері арқылы айқындайтын өзінше өзгеше әлем. Қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі өз алдына, ағартушылық және тәрбиелік мәні, қоғамның көзі мен құлағындай халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті әлеуметтік бақылау сипаты, өз дәуірінің үніне айналуы тұрғысынан оның көшелі, зерделі мақалалары қоғамдық, әлеуметтік маңызға ие. Ақын жазбаларынан ұлттық рухты айқын танытуға деген ұмтылыс, зор құштарлық – ынтызарлық сезіледі. Ақұштап көсемсөзінің негізгі өзегі  – үш мәселеден тамыр тартады. Біріншіден, ұлттық рух пен баба тіл мәселесі. Ана тілінің тағдыры, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің сақталуы туралы толғанады. Оның мақалалары – сандар мен құрғақ дәйектер емес, жүректен шыққан жанайқай. Бұлардың қатарында «Ән де бар, әнші де бар ардақтасақ», «Көк туға көлеңке түспегей», «Парасат – жүрек санасы», «Елдің елдігі – ерлігі», «Айтыстың да айтысы бар», «Ағайынға айтарым бар», «Бір күй бар домбырада тартылмаған», «Адамдар самарқау өмір сүреді», «Фудзияма–  киелі тау», «Сіз мешітке қалай барасыз?», «Ескерткіштер мұң шағып тұр», «Кітаптың да киесі бар», «Театр – киім ілгіштен, тәлім  –табалдырықтан», «Ұлттық  тіл – ұлттық тәрбие көзі», «Жүрегім ауырады менің…» және т.б. мақалалары тақырыбымен де, мазмұнымен де, мәселесімен де  уақыт тамырының бүлкіліндей әлі күнге дейін бірге соғып келеді.  Бір ғана мысал. «Кітаптың да киесі бар» деген мақаласы – бүгінгі рухани жұтаңдық пен гаджетке алданып, алдағы болашағын ұмыт қан ұрпаққа арналған манифест іспетті. Кітап оқылмаған жерде ой тоқырайтынын, ал ой тоқыраған жерде ұлттық болмыс жоғалатынын, кітапты ұмыту — адамзаттың ақыл-ойы сандығының кілтін жоғалтумен пара-пар екенін мейлінше алаң көңілмен, жеріне жеткізе жазады. Екіншіден, қыз-келіншектер этикасы. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын қазақ қызының болмысы, отбасы құндылықтары мен заманауи әйел затының қоғамдағы орны туралы өзіндік парасат- пайымын төгілтіп жеткізіп, төндіріп айтады. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам», «Шыдамның шегі жоқ сенде…», «Ата-ана қарызы, перзент парызы», «Әйелдің халі оңалмай, қоғам көркеймейді», «Біз қалай өсеміз?», «Дін және қазақ қызы», «Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды», «Ана болу – әдебиеттің мәңгі тақырыбы: оның модасы жоқ» секілді мақалалар  шоғыры – қазақ әйелінің мәселесі ғана емес, қазақ қоғамының  мәселесі. Үшіншіден, туған жер жазбалары. Жайық өзенінің экологиялық ахуалынан бастап, азып-тозған ауыл өмірінің тыныс- тіршілігіне дейін автордың өткір сынынан тысқары қалмаған. «Ордадағы ойран», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Атамекен алдында анттасайық, ағайын!», «Ауыл азбасын, дала тозбасын», «Кешіремісің, Жер- Ана?», «Табиғат бізге өкпелі», «Ел көшсе – жұрт иесіз», «Осындай елім бар!», «Казакпен емес, қазақпен күресіп жүрмін» мақалалары ел мен жердің тағдырына бейжай қарамайтын ақын қаламынан туған ой-толғамдар ғана емес, қайраткердің қаламынан төгілген, жан жүрегін жалау еткен жазбалар десек, әділірек болар. «Экономика – құстың бір қанаты… рухани тәрбие, білім – құстың екінші қанаты. Бір қанаты ақшаға толып тұрғанмен, екінші қанатсыз ол  құсың ұша алмайды», – деп қоғамның тамырын дөп басып, алдағы  дамуына қажетті ойларды дәл айтуымен құнды. Ақұштап – айбар лы, айбатты, сегіз қырлы семсер сөздің ұстасы. 

Ақұштап публицистикасын ақпарат тарату құралындағы кезекті мақала емес, қоғамдық ойдың айнасы және тарихи құжат ретінде зерттеу нысанына айналдырып отырған «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбайдың қолыңыздағы «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабы теориялық негіздемесімен, жазушының тілдік ерекшелігін жүйелі, жан-жақты, толық талдап зерделеуімен қымбат. Бұл – Ақұштап Бақтыгереева жазбаларының қоғамдық сананы қалыптастырушы зияткерлік күш есебінде ғылыми ортада мойындалуы деген сөз. Журналистика, филология, саясаттану ғылымдарының түйіскен жеріндегі күрделі процесс саналатын бұл көсемсөздер – газет- журнал материалдары арқылы белгілі бір кезеңдегі қоғамның көңіл күйін, әлеуметтік мәселелері мен қоғамдық- саяси көзқарасын айқындайтын көшбасшылық, стратегтік кемел идеяларға ие дәуір дауысы, ғасыр құбыланамасы. «Менің қаламым – тек сезімнің құралы емес, ол – шындықтың  қаруы» деген ұстаным Ақұштап көсемсөздерінің темірқазығы, беломыртқасы іспеттес. Қоғамдағы оқиғаларға бейжай қарамайтын, ақиқат шындыққа суарылған өткір ойлар, шынайылық пен қайсар мінез, батылдық пен қаһармандық рух сұңғыла оқырманды ойлантады. Бұл батылдық, жігерлілік болмаса, Алланың ақ жолында жүрмесе, адамшылықтың түзу жолын ұстанбаса, ол қалайша ақиқатты іздер еді, қалайша ұлт сөзінің айнасындай алғаусыз ақтарылып жазар еді?!

Ғалымнан кейін сөз кезегі тиген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осы жерде кезйінде Ақұштап Бақтыгерееваның қайраткерлік бейнесін жақсы ашып сөйленген Әбіш Кекілбаев баяндамасын есіне алды. Мұндай  адамның тұлғасын, бейнесін ашатын дүниелер кейінгілер үшін керектігін алға тартты. 

Айгүл Кемелбаева, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург:

- Нұрсұлтан Ақұштап апайдың азаматтық позициясын, ер азаматтардан кем соқпайтын қайраткерлігін зерттеп, зерделеп жазған екен. Бұл кітап резонанс тудырады, өйткені қазіргі геосаясат үстем заманда тойшыл, бейқам қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше зор деп білемін. 

Үлкен әдебиетте, проза, поэзия жанрында өзіне ғана тән дара үні болу бағы биік бағаланса, ол ерекшелік Ақұштап ақынның шығармашылық қазынасында бар. Ақұштап апай – менің кейіпкерім. Мен ақын өмірінен алып екі әңгіме жаздым және Ақұштап деп өз есімімен жаздым. Нұрсұлтан Мықтыбайдың мына кітабы деректі, зерттеу жанрының еншісі болса, менікі көркем проза. «Тырналар» атты әңгімемде ақынның әжесі Қатира, әкесі Бақтыгерей, анасы Ағзиланың образдары бар. «Рәғид» атты әңгімемде қазақтың үш ақыны: Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Ақұштап Бақтыгереева суреттелген. Әдетте шығармашылық тұлғалар туралы зерттеулер, мақалалар жазылады. Мен ұмытыла бастағандай сезілетін тенденцияны жаңғыртып, дарынды адамдар туралы көркем проза жаздым. Мысалы, осы залда отырған Ұлықбек Есдәулет, Серік Негимов, Дәулеткерей Кәпұлы тәрізді шығармашылық иелерінің прозалық образын неге жасамасқа?! 

Мұны не үшін айттым? Мен жас жазушыларға ерекше идея ұсындым. 

Әдеби жиынның соңы автограф-сессияға ұласты. Ақын мен автордан сұхбат аламыз дескен оқырмандар легі бір толастамады.

 

Оның мақаласынан өлеңге тән ырғақ пен пассионарлық қуат сезіледі

Біз автор Нұрсұлтан Мықтыбайдан осы кітапқа байланысты шағын сұхбат алып едік, оқырманға соны да ұсынайық. 

Ақынның публицистикасын зерттегенде өзіңіз үшін жаңалық боларлық не таптыңыз?

– Басты жаңалық бұл кітаптың ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасына арналған тұңғыш еңбек екенінде. Екіншіден, ақынның қоғамдағы келеңсіздіктерді, ұлт тағдырын жас кезінен-ақ қаймықпай айта білгені өзім үшін жаңалық болғаны сөзсіз. Сонау 1966 жылы жиырмадан енді асқан шағында жазған «Әуесқой артистердің табысы» атты алғашқы мақаласынан-ақ апамыздың азаматтық ұстанымын айқын аңғаруға болады. Бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің мұңын бойжеткен кезінен бастап айта алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік десек те болады. Әсіресе, әйел заты үшін. Еңбекпен танысқан адам Ақұштап апамыздың публицистикасы – ұлт мүддесі жолындағы тынымсыз қаламгерлік күрестен тұратынын айтқызбай-ақ ұғады деп ойлаймын.

Кітаптың аты неге «Ақ Жайықтың көз жасы» аталған?

– Баршаға белгілі, көзі қарақты оқырман, жалпы қазақ халқы Ақұштап апамызды «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» деп атайды. Иә, апамыз Ақ Жайықты өмiр бойы жырлап келеді. Сол Ақ Жайықтағы ел-жұрты оны «Ақ шағала» атандырды. Ақын ақ шағала жайлы да көп жазды. Ақ шағала деген құс өзi толқынға қарсы ұмтылып, қанатын суға соғып, жемiн тауып жейдi. Ол өжеттiктi көрсетеді. Ақ шағала құмда да жүредi. Шөлдейдi, бірақ шыдайды. Қанаты талса да, суға қайта оралады. Қаламгерге осы күш бердi. Ақынның өзі айтқандай, ақ шағала оның өлең-жырдағы бейнесі сияқты көрiнедi. Бұл – бір.

Азамат ақынның осы тақырыптағы «Ақ Жайықтың көз жасы» атты мақаласы бар. Сол мынандай жолдармен басталады: «Әңгіме құрған топтың арасында сәулетші Шота Уәлиханов ағамыз бейтаныстарға мені: «Ақ Жайықтың көз жасы» деп таныстырғаны бар…».

Бұл жерде Ақұштап апамызды Шота ағамыздың «Жайықтың көз жасы» деп суреттеп, оған балауы тегіннен-тегін емес. Әңгiме аппақ келбетiмен ғана емес, жүрекжарды жырларымен, тiптi өзiнiң есiмiмен де ерекшеленiп тұратын ақын Ақұштап Бақтыгереева туралы ғой! Десе дегендей, қазақтың ақын қызының «Ақ шағала» атануы заңдылық. Жоғарыда айтқанымдай, Ақ Жайықты қаншама қазақ ақындары жырлағанымен, поэзия сүйер қауым негізінен Ақұштап Бақтыгерееваны «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атаған. Бұл шағаладай өскен жерін қимаған, елінің өзекті мәселесін жырлаған ұлтжанды, нәзік сезімді, батыл мінезді қайраткер ақынға берілген жоғары баға екенін қайталаудан жалықпаймыз.

«Әдебиеттен алыстау мамандықтың иесі оған сәл күлгені есімде. «Бұл өнер адамдары да ат қойғыш-ау, өзі – су, өзі – Жайық, оның көзінде жас бола ма екен, су да жылайды ма екен, тәйірі-ай» деген болатын. Иә, Жайық жылағанда қандай!..» — деп одан әрі ерекше тебіреніспен жалғасатын шағын ғана мақала оқыған жанды тебірентпей қоймайды.

Себебі Ақұштап ақын үшін Жайық – жай ғана өзеннің аты емес, оның аялаған ардақты анасы. Ал туған топырақтың, туған жердің мәселесі – ұлттық мәселенің ең өзекті тұсы.

Біз Семей өңірінде атомдық жарылыстардың тоқтауына үн қосып, «Невада-Семей» халықаралық қоғамдық қозғалысына бастамашы болған Олжас Сүлейменовті, Арал проблемаларын көтерген, кеше ғана өмірден өткен Мұхтар Шахановты жақсы білеміз. Бұл тізімге бүгінде Жайық өзені проблемасын жаны шырқырап көтеріп жүрген қазақтың қайраткер ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның есімін қосуға әбден болады. Себебі Ақұштап апамыз басылым беттерінде Ақ Жайықтың мәселелерін тұрақты көтеріп, мақалаларымен-ақ үнсіз қозғалыс жүргізген.

Осы тұрғыдан алғанда, кітаптың көтерер жүгі мен салмағын, атауын ақын апамыздың аталған мақаласының тақырыбы мен Шота ағамыздың оған арнаған теңеуі дәл ашатыны сөзсіз.

Ақұштап апаймен арадағы анасы мен баласы әлде рухани серіктер дейік пе, осынау шығармашылық байланыс неден басталды?

– Иә, Алла Тағала менің тағдырыма екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін ерекше сыйды – Алаштың ардақтысына айналған Ақұштап ақынның туған баласындай болып, оған еркелей өмір сүруді жазыпты. Қаламгердің қамқорлығы туралы кезінде «Қазақстан әйелдері» журналының бетінде «Көңілі дархан, баршаға қамқор апа» деген жүрекжарды мақаламызда жан-жақты жаздым.

Қысқаша айтар болсам, ақ ерке Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақынның жырлары мен парасатты ғұмырына сыртынан қанық болсам да, Ақұштап апамен бетпе-бет жүздесудің, жақынырақ танысудың сәті осыдан тура үш жыл бұрын түсті. 2012 жылдың басында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі Астана қаласында ұйымдастырған республикалық шараға Ақұштап апа да Оралдан арнайы келіп, құрметті қонақ ретінде қатысқан болатын-ды. Сол уақытқа дейін бітімі бөлек, болмысы биік қоғам қайраткерімен сұхбаттасудың бір реті келмей-ақ қойған еді. Қиюы келіп тұрған осындай үлкен мүмкіндікті құр жібермеуге тырыстым да, кеш біткен соң Ақұштап апаның жанына таяндым. Таныстық, амандық-саулықтан соң, ақынға ойымды жеткіздім. Ақұштап апа қарсы болмады. Ертеңіне белгіленген уақытта Ақұштап апамен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Сан саланы қамтыған сұхбатымыз анық төрт сағатқа созылды. Қай кезде де туралықты айтып, әдiлдiктi сүйетiн ақынның кейде «тура айтам деп, туғанына да жақпай жүретiн кезi» аз емес. Соған қарамастан, қоғамдағы болып жатқан түрлi келеңсiздiктер мен әдiлетсiздiкке шыдап тұра алмай, кезi келсе сөзiмен болса да жөнге салғанды өзінің парызы санайтын ақынның өр мінезіне тәнті бола түскен едім сол сұхбатта.

Сұхбатымыз аяқталған соң, ақын апа өзім туралы, қай елден екенімді сұрастырып, өзімнен «сұхбат» алуға көшті. Сонау Сыр елінен елордамызға арман қуып келіп, өз нанын өзі тауып жеп жүрген студент екенімді естігенде, ақын апа: «Енді сен менің ұлым болдың» деп маған үлкен қолдау білдіріп, қадамыма сәттілік тіледі. Маған арнап шығарған бір шумақ өлеңін жазып, өзінің «Ақ шағала» атты кітабын сыйға тартты.

Міне, «қазақ жырының ақ шағаласы» атанған ақын апамен осылай басталған таныстығымыз кейіннен аналы-балалы адамдардай үлкен сыйластыққа ұласты. Ақын апа Астанаға әр келген сайын: «Балам, қайдасың?» деп хабарласып, іздеп тұрады. Әрі: «Жақында мынандай жақсы кітап қолыма түсті. Сенің де оқып шыққаның дұрыс. Артықтық етпейді», – деп түрлі кітаптарды әкеліп береді. Елордамызда өткен түрлі мәдени іс-шаралардан, кездесулерден, әдеби кештерден, сұхбаттардан қолы қалт еткенде, өзі тоқтаған үйіне шақырып: «Әке-анаңнан, өз үйіңнен алыста жүрген баласың ғой. Ауылдың, үйдің, анаңның қолынан шыққан тамағын сағынған боларсың», – деп өз қолымен тамақ пісіріп беретін көңілі даладай дархан апа шынымен де анамдай қамқор болып жүргенін несін жасырайын? Жақсы мақала немесе сұхбат оқыса, ұялы телефоныма дереу қоңырау шалып: «Мынандай газетке мынандай тақырыпта мақала жарық көріпті. Оқыдың ба?» – деп ойымен бөліседі. «Еліміздің ертеңі – жастар. Қазақтың болашағы сендердің қолдарыңда» деп әрқашан санамызға құйып отыратын Ақұштап апаға кез келген уақытта арқа сүйеп, ақыл сұрағанымызда қолынан келген көмеген аямайтынын қалайша айтпай кетуге болады? Талай қиналған сәттерімізде сөзімен дем беріп, қуанышымызға бірінші болып ортақтасатын апаның қазақтың талай көзі жәудіреген жетімдері мен қаншама талантты жастарына қамқор болып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

Кейде қоғамның қисық жағын айтқандар ұнамай жатады, осыған қатысты сіздердің екеуіңізге ортақ бір жағдай болған екен, сіз университеттен ауысуға мәжбүр болғансыз ба, сол жөнінде айтып өтсеңіз.

– Ақынмен алғашқы рет танысып, одан алған сұхбатым «Қазақ қалада құлға айналғанша, далада мал баққаны артық…» атты тақырыппен жарық көргенде бәріміз «таяқ» жегенбіз. Апамызға «жоғары жақтан» тынымсыз қоңыраулар соғылып, түрлі ескертулер айтылды. Өзіміз оқудан қуыла жаздадық. Сұхбатты жариялаған, «Жазбасаң – саған серт, баспасаң – маған серт» деген ерекше ұран ұстанған Төлемырза Темірбекұлының «Төртінші билік» газеті бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыстан қағылды. Бір қызығы, осындай жағдайлар орын алғанына қарамастан, аталған сұхбатымызды көптеген басылымдар көшіріп басып, ақынның кейбір дәйексөздерінен үзінділер беріп жатты.

Кейіннен басқа да жағдайлар қосылып, мен оқудан ауысуға мәжбүр болдым. Сонда Ақұштап апамыз көмекке келді. Осы жағдайлар бүгін тұсауы кесілген кітаптың «Әлсіз» мақалаларымен ұлт сөзін айтқан» айтқан бөлімінде егжей-тегжейлі жазылған.

– Оқырман бұл кітаптан не түйеді деп ойлайсыз?

– Көзі қарақты оқырман бұл кітаптан сонау кеңестік дәуірден бастап ел тағдырына арналған жазбаларды, әр жылдардағы қоғам келбетін көреді. Сәйкесінше, әркім өзінше ой түйеді деген ойдамын. Ақ Жайықтың, Нарын құмының ғана емес, тұтас қазақ елінің басынан өткізген қасіретті кезеңдері, тарихы, ақынның ұлттық мүдде мен болмыс, қазіргі қазақ қоғамындағы құлдыраған, құнсызданған рухани құндылықтар, тіл тағдыры, ұлттық тәрбие, оның ішінде, қыз тәрбиесі, ел болашағы жолындағы күресі оқыған адамның жігерін жанып, өзгеше көңіл-күй сыйлайды. Қашан да қоғамдық ойлардың ұйытқысы болған ақынға арналған еңбектің алғысөзін оны жазған профессор Серік Негимов ағамыз: «Ақұштаптың азаматтық жазбалары – қазақ қоғамының құбыланамасы» деп атапты. Меніңше, маған бұдан артық теңеу табу қиын секілді.

Жалпы ақын адамның публицистикасы деген нені білдіреді? Апай көтерген, бастамашы болған жайлардың жүзеге асқаны бар ма?

–  Бұл айтқаныма біреулер келісер, біреулер келіспес. Десек те, ақын жазған публицистика өзгелерден ерекшеленіп тұратын секілді. Себебі онда эмоция басым болады. Ақын публицист ретінде фактілерді «ойнатып» қана қоймайды. Ол кез келген әлеуметтік мәселені жүрегінен өткізіп, бейнелі теңеулермен, метафоралармен жеткізеді. Оның мақаласынан өлеңге тән ырғақ пен пассионарлық қуат сезіледі. Өткенде «ақын публицистикасы – өлеңмен айтылмаған ақиқат» дегенді оқығанмын. Бұған да келісуге болатын секілді: егер ақынның жыры оның сезімі болса, публицистикасы – оның азаматтық жан айқайы мен интеллектуалдық күресі.

Ақұштап апамыз бастамашы болған көптеген жайлар жүзеге асқаны шындық. Бір ғана мысал. Жұбан ақынның еңселі ескерткішін Орал қаласында орнату үшін бір емес, 1997 жылдан бастап үзбей мақалалар жазыпты. Сонау солақай саясаттың өзінде «Мен – қазақпын!» деп Колбинге қасқая қарсы тұрған ақынның насихаты азайып кеткен кезде, өзі бас болып «Жұбан» поэтикалық драмасын жазып, сахнаға алып шықты. «Қазақ қызын ұлт болып тәрбиелемесек, біз ұлттық болмысымыздан айырыламыз ба деп қорқамын. Қыз тәрбиесі – ұлттың болашағы» деп жазып қана қоймай, туған жерінде «Қыздар мектебін» ашып, болашақ аналардың тәрбиесіне қатысты дәрістер оқыды. Сол дәріске қатысқан бір қарындасымыздың: «Апа, сіздің айтқан әңгімелеріңізден кейін адасып жүргенімді түсіндім. Өзімді таптым, жаман әдеттен тыйылдым. Рахмет, сізге» деп ақынға жазған хабарламасын оқығанмын. Ақын әр мақаласында, жазбасында айтатын «Заң мен тәртіп» қағидатын Мемлекет басшысы өзі бастап қоғамда берік орнықтыруға күш салып жатыр. Әрине, ол үшін көп уақыт пен жігер, қоғамның белсенділігі қажет екені айтпаса да түсінікті. Бастысы, алғышарт жасалды. Ендігі кезекте ақын айтқандай, «Көк туымызға көлеңке түспеу», «Әділетті Қазақстанды» құру үшін, адалдық ұғымы халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін әркім өзінен бастауы, ойлануы керек. Ақын публицистикасының бір парасы осыған жетелейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Фотосуреттер  “Фолиант” баспасының   фотографы Қуаныш Жарылқастың еңбегі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan