(әлеуметтік-психологиялық әңгіме)
Әсел үш күн пәтер іздеп, қала түбіндегі шегірткесі шытырлаған Шатырауық ауылынан шағын екі бөлмелі пана тапты. Жиған-тергені жеңіл көліктің кебежесінің бір бұрышына жайғасты.
— Жеңеше-ау, дүние көп сияқты еді ғой. Бары осы ма? — дегені ақ азуын ақситып, күліп.
Аппақ Әсел күлмеді. Түс ауа жайғастырып, күйеуіне адрес жіберді.
— Кеттік, — деді жай ғана.
Қаладан ұзай бере, қотыр жолдың мың тесігі, күлегеш шофер жігіттің күлкісін жұтып, діңкесін құртты. Білтесі өшіп, түндей түнеріп, сазарып отыр.
Сары түсті қаптамадан біразы, үш үлкен қап бар. Көлігінің жағдайы ма, жолдың ұзақтығы ма, әйтеуір, шофер жігітте үн жоқ. Маңдайындағы үш қыртыс жігіттің өмір жасын тіліп-тіліп, үлкейтіп тастағандай. Жас баланың маңдайының соқамен тілгендей жиырылып қалғанын Әсел жақтырмай қалды.
Екеуі жүкті әп-сәтте түсірді. Қораз басты сары бала ақшасын алып, ұзақ үнсіздікті арқалай, қотыр жолға түсіп, ұзай берді. Әсел қарап тұрмай, заттарын бірер сағат ішінде реттеп алды. Кеше жолшыбай алған қызыл түсті бояуды ерітіп, кіреберіске жағып, сыртта біраз жүрді. Айнала төңірек таза, тыныш екен. Қол телефонын алып, ертеңгі ауа райын қарады.
— Ал керек болса, үш күн жаңбыр. Жол жағдайын біліп отыр.
Жанына жақын Қамажай апайына хат жазды:
— Сәлем, апай! Менің орнымда дүйсенбіден бастап, ақысыз үш күнге өтініш жазыңыз. Өтініш, апай. Жағдай солай болып тұр.
Көп ұзамай ватсап бұрышына хат келді:
— Айналайын, Әсел. Үш күн жұмыстан қалуыңа болмайды. «Жұмыс істемеген күндерім үшін ақысыз күн» деп еркелеп демала бересіңдер. Сәнешке айтайын, үш күн емдел, тексеруге кел. Тәжірибем мол адаммын ғой, сені сырттай бақылап, сезіп жүрмін. Өзі «сырқат» деп қағаз берсе, құлағың тыныш. Сөйт. Денсаулығыңа алаңдаймын.
Үш күн күнұзақ жаңбырда жұмысқа такси де табылмайды. Дәрігерге қаралып алайын. Апайдың айтқаны дұрыс-ақ. Бір күн құлап, бір-ақ түсермін.
Үш күнгі жаңбыр жер-көкті сел қылды. Бұлт тарай бастады. Әсел де емделіп жұмысқа келген.
Ұзын дәлізде отырған — бес кісі.
«Бүгін адам аз екен-ау», — деп, ақ халатын киіп, сыртқа шықты.
Жақ сүйегін жеп қойған, қаушиған, көзі жасқа толы әжені жетектеп, ұзын дәлізды бойлап бесінші есіктің жанындағы орындыққа отырғызды.
Өзі бос орындықтың біріне барып жайғасып, қол телефонын алып, үнсіз отырды. Дәрігер күтіп отырған бесінші есіктің төңірегіндегілер бесеу болды. Бәрінің қолында тілдей бір бет ақ қағаз. Реңі жоқ, сүлдір денені әрең көтеріп кірген ана жаутаңдап айналаға қарап:
— Екі балам, келінім бар. Болғанын қайтейін. Мына бала алып келді, — көзі жасқа толып, жасын сүртіп алып, — бәрі келіннен ғой. Келінің жақсы болуы керек екен... — деп, іші толып тұр. Сөзі мен жасы қатар төгіліп, отырған төртеудің де еңсесі түсіп кетті.
Жалғыз өзі оқшау отырған, қып-қызыл шашы бірден көзге түсетін, ақ шалбарлы, жакетін қолтығына қысқан ерке қыз апаның жанындағы орындыққа жайғасып жатып:
— Сізден мен тәуір екем. Тұрмысқа шықпай, жалғыз өзіммін. Жалғызбын деуші ем...
Өзі жыламсырап келген апа еңкілдеп жылап қоя берді. Ал қалай жұбатамыз? Бір-біріне қарай қалған үшеу.
— Тү-үу, сіз де бір. Орныңызда отыра бермедіңіз бе? Сіз 10-да кіресіз ғой. Сол жалғыз болған ұнайды екен. Жалғыз, оқшау отыра берсеңіз қайтеді, жақындамай?! — деп, екі қолын беліне тіреп дүрсе қоя бергені.
Екеуі алысып кетер ме еді?! Мейірбике шығып, екі әйелді абайлап итеріп, екі дәудің ортасында отырған қаушиған ананы ертіп кабинетке кірді де:
— Емхана екенін ұмытпаңыз. Екеуіңіз ұрысты қоймасаңыз, шығарып жіберемін. Расымен де, ұзын дәліз бойлай орындық. Осы отырғандар онға да жетпейсіздер. Бір-біріңізден алысырақ отырыңыздар. Айғайламаңыз! — деді де, ішке кірді.
Есік жабылды. Екі әйел бірі оңға, екіншісі солға кетті. Дәлізде тыныштық орнап, әр жерде отырғандар жалтақ-жалтақ бір-біріне қарап қойды.
Жасы алпысқа таяған, әйелі өліп, тұрмысқа шыққан екі қызынан көптен хабар алмаған, көзі көруден қалып, қараңғыдан өлердей қорқатын Сәдуақастың іші ит талағандай. Осы отырғанында әрең отыр. Әңгімесін кім тыңдар? Өзімен қатар кім бар? Белін таянған екеу де ұзап кетті. Мынау отыр кірпідей жиырылып, бүксиіп.
— Менің кезегім...
— Ағай, кезек менікі. Өзім ауырып әрең отырмын. Жұмыстан рұқсат алғанмын. Кезегімді бермеймін. Сұрамаңыз, аға, — деп, төгіп-төгіп сөйлеп алып, есіктің тұтқасынан тастай ұстап, қатып қалды.
Ал қарсы орындықта отырған шидей арық бала оның жастай қайтқан жиенімен жасты екен. Уыздай бүлдіршін...
Мына отырғандар, әй, қойшы, біраз жерге домалап та, еңбектеп те жетті ғой. Ойбуй, мына балапан бұл жерде неғып отыр өзі? Жастай ауру жармасқаны ма? Жас та несі бар-ай аурудың...
— Балам, мына қағаздағы уақытты оқышы, — деп, төрт бүктелген қағазды қойын қалтасынан алып шықты.
— Ағай, қағаз қалтаңызда тұрсын. Қазір кіресіз ғой, — деді бала. Қағазға да, атаға да қарамады. Бұның да ішінде атқылай алмай жатқан балқан бар ғой. Сарқырамадай төгіле алмай, нөсердей шелектеп құя алмай, қиналып отырғаны-ау...
Он минуттай уақыт өтті. Он жылдай уақыт өтіп кеткендей.
Ағаштардың жапырағы қозғалмайтын, мәңгілік өлген тыныштық.
Мүлде адам түгіл, қара шыбынның ызыңын да табу кино. Ұзын дәліз бойлай ары-бері жүретін ақ халатты мейірбикелер де инеліктердей ұшып жоғалған.
Мынау ағай қабырға газеттерінің бәрін көріп, оқып шыққан. Телефоны қалтада ызылдап-ызылдап сөнген. Қол телефонын алуға да кейде құлағы тарс жабылып қалып, тас керең болып қалатыны бар. Мұның емі де табылмады. Ағайдың жағдайын жақын көршілері біледі.
Дәлізге сыймай отырған бесеу бір бет қағаздарын алып, түксиіп кетіп барады.
— Бүгін асықынып кеткен ауру адамдар келді. Тау құлағандай ауырлық кірді. Үлкен терезені ашайық.
— Әй, қыз, абайла. Мұздай суық жел есіп тұр. Тоңып қалма.
— Жоқ-жоқ, мұздай су жел таудай ауыр ауаны көшіреді. Тоңып алайын. Бір сәт.
Әсел мұздай суық желді кішкентай кабинетке азынақтатып кіргізді. Аппақ, бойы қысқа Сәнеш келіп, терезені жапты.
— Ақымақ қыз, саған не болған? Даладай бопты ғой. Мұнда қалай отырамын? — деп, Әселге қарады.
Шиедей еріні көгеріп кетіпті. Қалшылдап отырғанын өзі сезбейді. Таңертеңгі бесеу ұнжырғасын түсірген. Табаны тесіліп жүрген етігін күйеуі жеті мыңға араққа айырбастап, ескі туфлиді амалсыздан киіп келген еді. Еңсесі түсіп, бүкшиіп отырып қалды. Сол бесеуі жылауық күйеуінің туыстары сияқты көрінді.
— Бар! Реанимацияда кішкене бала бар. Жаңа түсті.
Үнсіз, ұзын дәлізді бойлай жүріп, жансақтау бөлмесінің үлкен терезесінен жас нәрестеге көзі түсті.
— Алла, Алла... — деп айғайлап жатқан құттай ғана балақайға көзі түскенде, Әселдың көзіндегі жас шошығаннан тыйылды.
Құттай жүрек өмір үшін күресіп жатты. Алла қандай күш-қуатты оның уыздай тілінде!
