Қырғыз жазушысы Махаббат Саидрахманованың «Актриса» атты әңгімесін ақын Саят Қамшыгердің тәржімалауымен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Күз. Сыртта сәл салқын. Оның үстіне күн де батып кеткен. Терезесін кең ашып қойып, ескірген ағаш жақтауына сүйеніп, аулада шулап ойнап жүрген бала-шағаға көз тастап тұрды. Соңғы күндері бұл көрініс оның өмірінде әдетке айналып барады. Неге? Әдетке айналмаса...
Арада біраз уақыт өткен соң «шуу» деп күрсініп, терезеден артқа шегіне бере, ақыл-есіне бағынбайтын бір сезім жетелеп, айна алдына қалай барып қалғанын өзі де аңғармай қалды. Айнасы. Әсем, берік, әрі үлкен айна. Бұл айна мүлде ескірмеген сияқты, шеттеріндегі алтын түстес өрнекті жақтауы бүгінгідей жарқырап тұр. Өзі бір салтанатты, айрықша бір дүние. Дәл осы үйдің ханшайымындай паңданып, менменсіп тұрғандай. Тәжін киіп алып, үй ішіндегі бар нәрсеге өз билігін жүргізіп отырған біреудей қоқырайып, жарқырайды.
Әйел ұзақ уақыт айна алдында үнсіз тұрды. Саусақтары өзінен-өзі көз астындағы қат-қабат әжімдерін мұқият, мейіріммен сипап, өз жүзіне өзі телміре қарады. Осы сәтте айна оны мысқылдай жымия қарағандай болды. Әлі де сол менменсінген кейпі!..
Бұрын бір кезде өзі де мына айнаға менменсіп қарайтын. Тәкаппарлана қарайтын! Мысқылдай жымиып, құбылып, он түрлі өзгеріп, ойнақтап қарайтын айнаға. Ал айнасы жас әйелдің жастық жігеріне, кербезденген сұлулығына қосылып, гүлдей құлпырып, күндей жарқырап кететін. «Ол кезде айна да жас еді» деп ойлап қойды әйел, өз ойының қате екенін білсе де. «Мен сұлуланып, құбылсам, ол да бірге ажарланып, түрленіп тұрмаушы ма еді? Енді үнсіз мелшиіп тұрғанын қарасаң...»
Түрлі-түсті бет бояудың уына әбден уланып біткен, енді бояуды да қабылдай алмай қалған әжімді, өңсіз жүзіне, қуарып кеткен еріндеріне, шаршаған көздеріне аянышпен қарап тұрды осы сәтте. Енді бұл бетке бояу жағудың да қажеті жоқ еді... Кенеттен келген бір ой миын шарпып өтті. Бір кезде өзіне аямай қызмет еткен, ал қазір қажетсіз болып қалғандай көрінетін осы өңсіз бет-жүзі екен ғой.
О, ол кездер... Өзі де ағы ақ, қызылы қызыл болып, ажары келіскен шақ! Өз сұлулығына қосымша жағылған бет бояуды айтсаңшы. Театрдағы гримнің өзі қандай еді? Бояу жаққан сайын сұлулығы арта түсіп, өзіне сүйсіне, таңдана қараған көздерге паңдана қарайтын еді! Ішіндегі бір ерке сезім, өмірге, тағдырға, тіпті адам атаулының бәріне еркелеген бір сезім қорықпай: «Өмір менікі» дейтін! Махаббат та менікі дейтін...
Маңдайына біткен сол сұлулығы, сонымен бірге келген атақ-даңқы, махаббаты адам тағдырында сирек кездесетін, кемде-кем дүние деген түсінікті аз-ақ қалғанда жоққа шығарып жіберердей болып, тіпті сол бір кездерінде тұтас, толық бақытқа ие болған күндерді бастан өткерген еді...
Айна үнсіз, сыр бермей мелшиіп тұр. «Ал сен ол кезде өз болмысыңнан адам бейнесін емес, тек сұлулықтың ғана кейпін көретінсің! Саған адамдардың өз тағдыры, өз мұңы бар тіршілік иесі екенін сезінуге де мүмкіндік бермеді ғой. Оның орнына бәрі сенің сұлулығыңа тамсанып, талантыңа тағзым етті. Сосын бәрі бір ауыздан сені «өнер үшін ғана жаратылған керемет» деп атады... Есіңде ме?! Шын мәнінде бұл орынды айтылған сөз еді, бірақ ол өз заманының ғана шындығы болатын... Ал сен болсаң, өзің де паң қалпыңда бір сәт те ойланбай, ертең мүлде басқа өмірмен бірге басқа қалау-тілектер де туатынын ойламастан, «өнер», «керемет», «сұлулық» деген сөздерге ғана сүйеніп, сол тұста осы түбі түспейтін дүниеде адамдар саналы да, бейсаналы да іздейтін бақытты іздеу сапарыңа нүкте қойып, бақытты өмір сүрдің... Жалғыздық деген нәрсемен танысуға да мүмкіндік болмады ғой сенде?»
Әйел айнадан теріс бұрылып кетті. Соңына дейін шыдап тыңдау мүмкін емес сияқты.
- Өткен өтті, ештеңеге өкінбеймін, солай болуы керек еді, басқаша болуы да мүмкін емес, - деп өзінен өзі күбірлеп, күрсінді.
Осы айна бөлменің бір бұрышын жарқыратып қана қоймай, әр қимылын, тіпті ойына келген ойды да бақылап, сынайтын болып алды! Қойшы бұл айнаны... Аздап сыртқа шығып серуендеп келсе қайтеді?... Рас қой! Ол асығыс киім ауыстыра бастады. Бір сәтте дайын болып, әдетінше өзіне тағы бір қарап қою үшін айна алдына қайта келгенін өзі де байқамай қалды. Әдет жаман ғой!
Айна оның түріне мысқылдап күлгендей болды: «Кейпің не боп кеткен, қайда барасың өзі, өзің бір графинядай кербезсінесің... хи-хи-хи...»…
Шынымен де, айна дұрыс айтады деп ойлады ол. Бұл жолы айнамен келісті. Бір образға кіргендей болып, сәнді қолшатырын, сәнді иық жапқышын, стильді әдемі шляпасын киіп алды... Шынымен де осы кейпімен қайда барады? Сахна болса ғой...
...Сахнасын сағынды! Шынайы өмірін сол жерде, қайсыбір кейіпкерлердің образында ғана өткеріпті. Сол киелі сахнада ол қандай бейнелерді ғана сомдамады десеңші: ханшайымның да, күңнің де, жесірдің де, ананың да, көңілдестің де, бақыттының да, бақытсыздың да – қысқасы, санай берсең бітпейтін рөлдер. Ол сомдамаған образ қалмаған сияқты. Бірақ, міне, ол бұл өмірде өзін әлі ойнап көрмепті, өз бейнесін әлі жасамапты!
Ал мына өмір болса мүлде сахнаға ұқсамайды екен! Қайда барсаң – қияметтің қыл көпірі, бір-бірімен ісі жоқ, ығы-жығы араласқан, қыспақта, итерісіп-жұлысқан жұрт. Үлкендігіңді де, сұлулығыңды да, талантыңды да, еңбегіңді де елемейтін, тіпті керек қылмайтын көпшіліктің у-шуы... Сенің бар-жоғыңды да байқамайды! Мұнда адамды оңайлықпен таң қалдыра алмайсың: сахнада ойнаған рөлдерің, театрдағы трагедия мен комедияларың бұл өмір деген үлкен сахнаның алдында жіп есе алмай қалады...
Қызық... Енді дәл осындай жағдайда өз өмірін өзі сүріп, өмірде әлі ойналмаған өз бейнесін жасау керек екен. Ал өзінің қандай кейіпкер екені әзірге өзіне де беймәлім еді.
***
...Содан көп өтпей ол тойға шақыру алды. Құрбысы алпыс жылдық мерейтойын мейрамханада өткізбек болып, көп адам шақырыпты. Әйелдің барғысы да келмеді, бірақ соңында әлгі сорлы құрбысын аяп, баруға бел буды. Аяғанының да жөні бар еді, бейшара құрбысы бұл танығалы бері ешқашан дұрыс өмір сүрмеді, қанша рет күйеуінің қорлығына ұшырап, қашып келді, мұңын шағып, сан мәрте жылаған...
Оны аяп, ішінен мұндай тағдырға тап болмағанына мың қайтара шүкіршілік ететін, әрдайым қолынан келген көмегін аямайтын. Енді міне, сол сорлы құрбысы тойға шақырып отыр, қалай бармайсың? Өмірінде алғаш рет жақсылық көріп тұр деп ойлады ішінен.
Той деген – той, сан түрлі адамнан бас айналады, қызылды-жасылды киінген, шаш үлгілері құлпыра түскен қыз-келіншектер! Әйелдің ой-қиялы алысқа шарықтап кетті. Шарықтағанда да өзі оқыған, кейде сахнада ойнаған, кинодан көрген көне Еуропадағы «жоғарғы қоғам» әйелдерін көз алдына елестетті.
Олар – олар ғой... Олардың күнделікті өмірі сондай-ақ шығар. Ал мына біздің әйелдер... Бір күн үшін, тек бір ғана күн үшін осылай әбігерге түседі де, ертең-ақ баяғы Күлпаштың кейпіне түсіп, қайтадан түбі жоқ тіршіліктің қамытын киіп кете барады. Бір күн... Ех, шіркін, әйелдер үнемі дәл қазіргідей сәнді көйлек киіп, әсем шаш үлгісімен өмір сүретін қоғам болса ғой... Сондай өмір болса ғой!
Алдымен оны көрген жұрт ерекше құрметпен қарсы алды, өйткені ол бір кездері елге аты кең жайылған, атақты, сұлу актриса емес пе еді! Көпшіліктің ішінде оның таланты мен сұлулығына тағзым етіп, бірге суретке түсушілер де көп болды. Не дегенмен, көңілі бір сәтке көтеріле түсті... Аха... Өмір сахнасы ма? Онда да бір бағын сынап көрейінші деген ішкі сезімі толқып кетті...
Бірақ «спектакль» одан кейін басталды. Тойдың ашылуы жұбайлардың осы уақытқа дейінгі қырық жылға жуық бірге өткен өміріндегі өнегесін, татулығын, үлгілі ата-ана болғанын дәріптеген слайд-шоу арқылы басталды. Слайдта баяғы жастық шақтан бері сақталған неше түрлі тамаша суреттер, қазіргі күнгі фото-видеолар көрсетілді... Ұл-қыздары, келіндері, күйеу балалары, аппақ болып киінген немерелері! Қысқасы, көз сүйсінерлік керемет көріністер!
Құрбысы күліп-ойнап, күйеуінің жанында жарқырап тұрды. Иә, бүгін, дәл осы сәтте оның бақытты екеніне күмән келтіру мүмкін емес еді! Кеше ғана өзі аяп, бейшара деп елестетіп жүрген құрбысы енді өткен өміріндегі барлық қайғысын көз алдында жоққа шығара алды. Дәл осы жерде, осы сәтте өмірдің үлкен сахнасындағы ең басты рөлді ешкімге бермей, кешегі құрбысы, кешегі бейшара құрбысы ойнап тұрды. Оның үстіне әлемдегі ең бақытты жар, ана және әйелдің бейнесін сомдады. Сенімді, күмәнсіз, көпшілік сүйсінерліктей өз рөлін орындады. Шынымен-ақ өмір бойы бақытты жар болғанына тойға келген жұрт қана емес, өзі де сеніп қалғандай болды.
Тойға жиналған көпшілік қайта-қайта сөз алып, құрбысының ардақты әрі мейірімді ана, алақанға салып аялаған асыл жар екенін, мұндай отбасынан болашақ ұрпақ тәлім алуы керектігін, өмірде тек осындай отбасылар ғана шынайы құрметке лайық екенін қайталай берді...
Олардың сөзі құлағында қайта-қайта жаңғырып, театр сахнасы актрисасының жан дүниесі тарыла берді... Жаңа ғана ішінен толқып тұрған әйел енді өзінен-өзі тұнжырай бастады. Қайда келіп қалған өзі? Тойға келді ме, әлде қайтадан театрға оралды ма? «Бұл өмір – театр, бәріміз онда актерміз» деген сөз рас сияқты деп ойлады ішінен.
Тойдағы жұрттың да, құрбысының да актер екеніне енді сенді. Актер. Әйтпесе, өмір бойы азап шегіп, жылап өткен әйел бүгін бұл дүниедегі ең бақытты әйелдің бейнесін сомдай алар ма еді? Той барысын қарап отырып, бүкіл жұртты актер, ал өзін жалғыз көрермен сезінді.
Өзі жоғары бағалап, ұлы деп санаған өнердегі биіктік пен асқақтық шынайы өмірде онша маңызды емес сияқты ма? Дегенмен, құрбысы өз сахнасында керемет ойнайды екен... Екеуі де актриса, тек көрермендері ғана әртүрлі...
***
Той енді шегіне жетіп, ортасынан аса бастады. Бұрынғыдай тілек-лебіздер де айтылмай, енді мына жақта тынымсыз музыканың дүңкілі, шарап бокалдары мен күлкінің сыңғыры, топ-топ болып бөлініп алып сыйласулар басталып кеткен. Ортада ғажайып бір би болып жатты!
Қызып алған бір-екі адам әйелді биге тартып та көрді. Жападан-жалғыз қалып қойған ол өзін қайда қоярын білмей, онсыз да ыңғайсыз отырған күйі енді ортаға шығып билеу түгілі, орнында тыныш отырудың өзі қиындай түсті. Ішінен қысылып отырды, сопайып жалғыз қалғанына ыңғайсызданды.
Қайда әлгі басты рөлдегі кейіпкер? Айналасына еріксіз көз жүгіртті: «Менің мына жағдайымды біреу байқап тұр ма?» - дегендей. Өзін-өзі жұбатып, аздап шараптан ұрттап қойды. Дәл осы сәтте, Құдай оңдап, бүгінгі той иесі – құрбысы жарқырап, оны бетке алып келе жатты.
– Қаныштай, қалай, жақсы отырсың ба? Кешірші, жаным, елден босай алмай, саған көңіл бөле алмай қалдым... - деп, тойда дүркіреп жатқан көпшілікті құрбысы мақтанышпен бір шолып қойды.
– Кел, отыршы біраз. Мен тойдың соңына дейін отырмай, кететін болып қалдым... Біраз жанымда бол, сосын мені шығарып салшы, жарай ма...
– Не болды, бірдеңе болып қалды ма? Біреу жаныңды ауыртып қойды ма, ойлама, бұл – той ғой! Тойда ондай-ондай болып тұрады ғой, - деп, кешірім сұрағандай жалбарына қарады.
Дегенмен, баяғы сол құрбысы – мейірімді, жұмсақ қалпы. Үстіндегі көйлегіне қарасаңшы! Жылтыраған, салтанатты көйлекке мынау дірілдеп тұрған бейкүнә жүз мүлде үйлеспей қалғандай. Бірталай жыл сарайда тұрған шыршаны бұтақтары түсіп қалса да, қайтадан алып шығып, мерекеге арнап безендіріп қойғандай әсер береді...
– Дүние деген осы ғой... Ары-бері соғылып жүріп, адам уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады екен... Кел, одан да бір ұрттап отыршы... - деп құрбысы ауыр күрсініп, бокалдарды соғыстырды. – Өмір осылай өтіп жатыр ғой... Бір қарасаң, бала-шағаң өсіп кетеді, сосын тез арада немерелерге қарай бастайсың! Ең болмағанда Құдайға осы үшін шүкір дейсің... Балалар аман-есен, ел ішінде өз орындарын тапты... Енді бар тілегім – солардың бақыты... Басқа не сөз бар менде! Басқа қандай сөз болсын... - дегенде, қызулықтан құрбысының көзіне жас іркілді.
Иә, баяғы жастық шақтан бері сырын, мұңын, қуанышын бөлісіп келе жатқан құрбысының ішкі толқынысы қайта бір сыртқа шыққандай болды. Көзіндегі жас тамшысының сырын екеуі ғана түсінетін еді. Әйел құрбысын шын жүректен жақсы көретін, ол ешқашан өтірік айтқан емес, бүгін де солай. Енді оны жұбатып, көңілін көтеретін бір жылы сөз айтуы керек еді.
– Жоқ, олай демеші! Қарашы, қандай әдемі немерелерің бар! Қыздарыңды қарашы, екеуі де жарқыраған керемет қыз болыпты. Ұлың болса келісті, сымбатты жігітке айналыпты. Саған не арман қалды дейсің!
Құрбысы көз жасын ешкімге білдірмеуге тырысып, ішінен тынып жылап отырды. Осы қалпында ол әрі бақытты, әрі бақытсыз еді.
***
Әйел үйіне біршама қызу күйде келді.
Кіреберістен өтіп бара жатып, әдетінше айнадағы өзіне бір сәт көз тастап қойды. Көздері күлімдеп, баяғыдай нұрланып тұр екен.
– Қазір, – деді ол айнаға қарап. – Қазір келемін.
Көп өтпей-ақ мойнына алтын шынжыр тағып қайта келді. Бір кезде қайдағы бір бұйымдарының түкпірінде сақталып қалған шынжырын тауып алған еді. «Қарашы... әлі де жаңа сияқты, бір тамшы көз жасындай ғана әшекей көзін қара» деп ойлады. Көңіл түкпірінде баяғы бір сағыныш қозғалып, еңіреп жылағысы келді.
– Жараспайды! – деді айна. – Қарашы, мойның енді баяғыдай емес.
– Жұмысың болмасын. Жараспаса да, бұл маған қымбат. Барлық заттарымнан да қымбат, – деп әйел айнаға қарсы үн қатты.
– Хм! Қымбат дейсің бе? Қымбат деп жүріп, қымбат өміріңді жалғыздыққа айырбастап жібердің. Не таптың, айтшы?! Не таптың?!
– Махаббат таптым. Бір өмірге татитын керемет махаббат таптым. Өмір бойы сүйдім. Сағыныштан сарғайғанша сүйдім. Жылап та, қуанып та сүйдім.
Әйел көз жасына шыланып мөлтілдеп тұрған өз көзіне тесіле қарады. Көздері осы сәтте шынымен де сұлу еді. Сынаптай мөлдір жасын қолымен сүртіп, мойнындағы шынжырды сипап өтті. Бұл соңғы естелігі еді. Осыны берген күні екеуі ұзақ сырласып, кейін қоштасқан болатын. Ол кеткен еді...
...Еркін соққан желдей, лапылдап жанған оттай, ерке мінезді, өзіне сыймай тасып-төгілген, келбетті жігіт болатын оның сүйгені. Ол жарқылдап күлсе, әлем қоса күлетіндей еді. Оны сүймеу мүмкін емес болатын. Ол да әйелді сүйген. Ешкімде жоқ ерекше махаббатпен сүйген. Ондай махаббатты ол кейін де, бұған дейін де өмірінде кездестірмеді.
Жүрегін ауыртатыны – кейде адамға махаббатты басқа ұлы мақсаттарға айырбастауға тура келетін сияқты. Бірін-бірі сүйген жандардың бәрі бірдей мақсаттас, ниеттес бола бермейді екен, әттең... Осының бәрін ойласа, өкінер ме еді?..
– Өкінбейсің бе? - деп айна әйелге күмәндана қарады.
– Неге өкінуім керек?
– Мм... Мысалы, жалғыз қалғаныңа? Театр деп жүріп, ақырында жалғыз сопиып, қурап бара жатқаныңа ше?
– Былжырама!
Алдымен әйелдің үні сыбырлап шықты, өз дауысынан өзі шошып кеткендей болды. Бірақ кейін қайтадан қайраттанып, қаттырақ сөйледі.
– Сен барсың ғой! Сен – суық бірдеңесің. Сені сондықтан айна дейді. Ал мен... – даусы дірілдеп шықты. Әйел өзін кәдімгі театр сахнасында тұрғандай елестетіп, жаңа рөлін бар шеберлігімен ойнап кетті.
– Ал мен сендей суық емеспін. Мен бүкіл өмірімді өзім сүйген театрға арнадым, сүйдім. Ал жүрегімде өмір бойы бір ғана махаббат өмір сүрді. Ыстық, сағынышты, тәтті махаббат. Мен оны ешкімге алмастырған жоқпын. Бірақ сол үшін театрдан бас тарта алмадым. «Не мені, не театрды таңда» деді ол да қасарысып. Ол сондай қайсар, айтқанынан қайтпайтын жігіт еді... Мен театрды таңдасам да, ондай махаббаттан, ондай адамнан айырылу маған өте ауыр болды. Оңай ма екен?!
– Ал сен бақыттысың ба? - деді тағы да меңірейген айна.
– Сен бақыт дегеннің не екенін білесің бе өзі?! Неге ондай сұрақ қоясың? Сеніңше бақыт деген не? Ал мен үшін өз бақытымның өзі – бақыт. Өйткені менің бақытым уақытпен өзгеретін жай ғана бақытым емес еді. Менің бақытым Ұлы Жаратқан сыйлаған нағыз бақыт болатын! Шынайы талант, шынайы сұлулық, шынайы атақ-даңқ!
– Егер солай болса, бақытыңның, атақ-даңқыңның, махаббатыңның соңы қайда?! - деп айна суық үнмен сұрақ қойды. Бұған дейін екеуі мұндай ашық қарсыласуға бармаған еді. Бірақ бұл айнада аяушылықтың ізі де жоқ сияқты. Оның мұншалықты ащы сұрақтарына төзу мүмкін болмай қалды...
– Міне, соңы! Міне! - деді әйел өзін ұстай алмай. Алтын-күміс салынған темір қобдишаны алып, айнаға қайта-қайта ұрды. Сосын кәдімгі әйелдерше ызаға булығып, айнадан теріс бұрылып кетті.
Бұл жолы айна жауап қайтармады. Ол сынып, быт-шыт болып, еденде шашылып жатты.
