Төбедегі тақырып – Талапбек Тынысбекұлының 2017 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген жыр кітабының атауы. Бұл кітап жайлы сөз сәл кейінірек. Әуелі, әңгіме әлхамын бірер естелік лебізден бастасам деймін.
Сапар
Талапбектің есім-сойына көптен бері қанықпын. Ол Алматыда, мен Астана шәрінде ғұмыр арбасының дәртесіне жегіліп, несібемізді теріп күн көріп жатқанымызбен, терең іштесіп, сырдесте болып сөйлесудің сәті түспеген екен. Тек амандық-саулықтан аспаған қарым-қатынасымыздың етене тереңдеп ғазиз достыққа ұласуы 2022 жылдың жарқыраған жазында болды.
Оның өзі де аяқ астынан болған жағдай еді. Сол үшін де сәл шегініс жасайын. Журналистиканың сайыпқыран жампозы, қашан көрсең адамға қайтіп жақсылық жасасам екен деп көбелектей ұшып қонып жүретін ақкөйлек ағам Олжас Керейхан әр кездескен сайын Өскеменге бір келіп кетуімді көптен бері қолқалап жүретін. Сөйтсем, Олжас ағам тек мені ғана емес, қазақтың сөз ұстартқан талай жақсыларын шаңырағына шақырып жүреді екен.
Сөйтіп, сол мезеттің сәті түсіп қазақтың қос ғажайып ақыны Сұраған Рахметұлы ағатайым бастаған, Бауыржан Қарағызұлы қостаған менімен үш адам буынып-түйініп сапарға шықтық. Отарбамыз енді Екібастұздан асып Керекуге қарай бет түзеген мезетте Бәукеңнің (Бауыржан Қарағызұлының) аяқ-астынан шұғыл бір шаруасы шығып жолдан түсіп қалуға мәжбүр болды.
Біз Бәукеңнің кеткеніне шынымен-ақ қоңылтақсып қалдық. Енді не істесек екен деп уайымдап отырғанда пойыздың ішінен осы Талапбек замандасым кездейсоқ ұшыраса кетті. Мінекей, көктен іздегеніміз жерден табыла кетіп кәдімгідей арқа-жарқа болдық та қалдық.
Тәкең қара шаңырағын қарт Алтайға көшіріп алғанын, әрі әкесі Талапбек ақсақалдың дүниеден озып, атамекен топырағында мәңгілікке дамылдағанынан да ептеп хабарымыз бар еді. Талапбектің бұл сапары қара шаңырағына бара жатқан беталысы екен.
Содан әңгіменің тиегі ағытылды-ай келіп. Бес күн бірімізден біріміз еш ажырамай қатар жүрдік.

Әуелі, ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы кездесуіміз ары қарай Катонқарағай сапарына ұласты.
Өз басым үшін Оралхан мен Қалихан туған көрікті мекенді көзбен көрудің өзі неге тұрады десеңізші.
Алып тау оның бетін жапқан тұмса қарағай, сай-саланы шимайлай аққан
ақжал өзендер бейне бір суретші салған ұлы туындыдай десем, әсіре айтқандығым емес. Сөз жоқ, сұлу табиғат жүрегіңді қозғайды. Содан шығар, әйгілі «Жас қалам» әнінің авторы, ақын Төлеубек Жақыпбайұлының мына бір шумақ өлеңі қаперіме түсті.
О, Майлы қарағайың шымылдықтай,
Ақ бұлтың аспан кезген туырлықтай.
Керегені бойлаған көк шалғының,
Кесе өткен қоймаушы еді құлын жықпай...
Осы ғажайып сапар жайында Сұраған аға Астанаға орала салысымен «Арқадан Аршатыға» деген көлемді сапарнама жазды. Бұл да бір естелік қой, ақынның сол жазбасынан бір шымшым үзінді келтіре кетейін.

«Өскен Ел» деген бір әуеннің сарыны алыстан құлаққа естілердей. «Өскен ел, сен аман бол сайрандаған...», «...Өскен елім, өскен жерім, қоңыр аң – қойдай өрген қоңыр белім...». Шіңгілдің атақты жеті әнінің бірі. Ақы иесі – Қожікен Шотайұлы деген жайсаң қазақ. Соған ұқсас сарын сағынышпен Өскеменге келдік. Төр Алтайдың өңіріндегі өз еліңе! Өскемен туралы осындай бір ән бар ма екен деген ой келеді. Мүмкін бар шығар... Иә, Паң Шығыста бәрі бар. Осы реткі саяхаттың ақылшысы – от тілді оратор бауырым Олжас Керейхан. Кештегі кездесу сәтті өтті. Тебінді топтан тереңнен терген меруерт жырлар төгілсін келіп! Талапбектің жаңа өлеңдері де жанды сүгіреттердей.
...Сонымен Өскеменнен ертемен шығып тау жолымен сыпыртып келеміз. Шамамен Алтай қалаға шейін 185 шақырым жол. Орманды таудың ирелең асфальтымен өрлеген сайын бұрылыс, қиылысы көп күдір. Ескілеу сүрлеудің жағасы қысаң болса да жамауы жоқ жинақы. Алтайға шейінгі қара жолдың екі қанаты, қос қапталы түгелдей бидай мен күнбағыс егін алқаптары. Тау басына бұл үйірілсе нөсер төпеп өтетін қасиетті кенеулі қойнау. Қолатты қолтықшаларда бұрынғы сәбеттік ауылдардың (деревня) бірнешеуі кездеседі. Алдымызда Аққайың ауылы. Күдірейіп тұрған жалдың жағалау уысына қонған ауыл құдды ықтырмадағы бір қауым елдің жарымы, Бұқтырмаға сұғынған тіреме сай, ауылды қиып өтетін күре жолдың үстіндегі Аққайың Талапбектің атбайлары, атақонысы. Ары қарай Тынысбектің дарасы, сұлу қаптал, түгел түңкелі мекен.Талапбектің көзіне кіреуке тұныды, көкірегімен күллі Алтайды құшып тұрып әкесіне арнауын оқыды...», – дейді.
Бәрі де рас. Күре жол бойындағы Аққайың ауылына қоныстанған Тәкеңнің шаңырағына арнайы бас сұқпастан бұрын ең әуелі ата жолымен ақсақалдың басына барып құран оқыдық. Бір қарасам Талапбектің көзтостағы кіреуке жасқа шөпілдеп кетіпті. Көлденең жатқан көрікті тауды нұсқап: «Мына тауды осы ауылдың адамдары Тынысбектің дарасы деп атайды. Жарықтық, алып әкем өзі де тау секілді адам еді ғой. Енді міне, нағыз таудың өзіне айналды» деп тебіренді Тәкең қос көзінің жасын іркіп. Кейін ақын шаңырағына бас сұғып анасының қолынан арнайы дәм таттық.
Кемеңгер Абай «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» дейтін еді ғой. Шынымен де сол бес күндік сапар азаматтың нарқын сынаған дүние болды. Мені ерекше таңқалдырғаны Тәкеңнің тарихи кесек жадысы еді. Анау арғы беттегі тарихи оқиғалар мен көлемді айтыстарды үсті-үстіне төпелеп жатқа соғатын эпикалық жадысына аузымды ашып аңтарылдым да қалдым.
Ал сұңқарша шашып жейтін сахи қол жомарттығы мен мәрттігі өз алдына жеке тақырыпқа жүк. Қай сөздің болсын шырайын кіргізетін сырбаз әңгімешілдігін айтсаңшы... Әсіресе, кез келген ситуациядан сөз тауып кететін әдемі әзілі екі езуіңді еш жиғызбайды. Қасында жүріп кәдімгідей демаласың. Осылайша жан дүнием де бір жылы ағыс орнағандай болды. Сол сапарда мен Талапбекті етене таныдым десем, еш өтірік айтқандығым емес.
Айтпақшы, жуырда Тәкең екі кітабын әкеліп қолыма табыстап кетті. Сол жинаққа енген «Абылайды ақтау» деген өлеңін оқып отырғанда мына бір жайдың еріксіз есіме түсіп кеткені...
Әрине, өлеңде ілкіде Жәнібек батырдың жау шебінде қалған хан Абылайға астына мінген Көкдөнен атын көлденең тартатыны сөз болады. Тәкең сол тарихи мысалды өлең өлшеміне айналдырып баққан екен. Осы тақылеттес «Тұлпар ғұмыр» деген ғазалында да былай дейді.
…Мен Жәнібек жау қуған Көкдөнен
Абылай астында терлеген
Дүбірі дүние тербеген
Тұяғы тас іліп көрмеген
Серігін сойқанға бермеген…
Мұны арнайы айтып отырғаным ілгеріде қос бүйректен қатар сырқаттанып аяқ астынан ауруханаға түстім. «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» дейтін еді ғой. Ауырған адамға кез келген жанның жылы сөзі тасқа бәдізделген жазудай бәрі де қаперіңде қалады екен. Сондағы Тәкеңнің өзінше мені сергітпек болып көңіл демдеген әзіл сөздері әлі күнге дейін есімде.
Жоғарыдағы өлеңді мысалға келтіргенде мен Абылаймын, ал Талапбек Жәнібек деп отырған жоқпын. Бірақ мен сол атаның сойынан жаратылған бір тамшы қан екендігімді сосын... қазақтың аруақ пен тек танымын көлденең тартып қана бұл жайды баян етіп отырмын.
Сондықтан шығар Тәкеңнің «Серігін сойқанға бермеген…» сөзі тарихи тек, дәлірек айтсақ түпсанама ерекше жақын. Аурудың да жау шеңгелінен бір мысқал кемдігі жоқ қой. Мұндайда жаныңа араша болар «Көкдөнен» көңіл қажет екен. Телефонмен ұзақ тілдесіп болғаннан кейін «Құдайым-ау, мынау көп ғасырдан кейін көзіме көрінген Жәнібектің Көкдөнені болмаса жарар еді дедім іштей риза болып...
«Еркін елдің ауасы қандай ғажап»
Талапбек – Атажұртқа оралған арғы беттің қазағы. Сондықтан ол осы жазмышын ақ қағаз бетіне былайша дестелейді.
Арғы жағы Ертістің бергі жағы,
Ертегідей елігім енді бәрі.
Жағалауды кезеді жан құмары
Сен кінәлі емессің, мен кінәлі.
Арғы жағы Ертістің атам қалған,
Аһ ұрғыза береді ахау жалған.
Бергі жағы Ертістің Отан қорған
Боздатады беймезгіл ботаңды арман.
Ақын шын мәнінде кешегі аласапыран жылдардан туған ешкім де «кінәлі емес» пенденің пәруана тағдырын Ертістің екі жағына теңейді. Сөз жоқ, ен дарияның екінші беті – Атамекен топырағы. Енді ол жаққа қалай өтуге болады? Жас баланы ботадай боздатқан мәселе де осы. Бұл жерде тәуелсіздік қос жағалауды қосатын «өткел» есебінде. Осы «өткел» өмірге келмейінше адамның екінші тарапқа өтуі еш мүмкін емес. Ал аққан су мен ұшқан құсқа мұның бірі де қажеті жоқ.
Ақын пайымында Атамекен аруана бейнесінде болса, ал өзі оған зарығып жете алмай жүрегі шөлдеген бота есебінде. Бергі беттің жүгірген аңын айтпағанда, қыл аяғы қопарыла қарғасы да Қазақстанға қарай ұшып кеткен.
Қысқасы, ақын соқа басы сопиып жұртта қалғандай ерекше күй кешеді.
Бұл бейнебір «Ау, қарғалар, қарғалар қанатымен жорғалар» деп еліне сәлем айтып еңірейтін ілкідегі «Алтынсақа» ертегісіндегі жас баланың тілегіне ұқсайды. Осы жан дүниесіндегі жетімек жайды ақын былайша баяндайды.
Қазақстаным, жұмақ мекенім,
Күрсінсем көзді бұлақты етемін.
...Қабаның қара қарғалары да,
Қазақстанға қарай ұшатын.
Тұрағым Ертіс басы болатын,
Арнаңнан алаш асын алатын.
Жерұйық мекен жетуге саған,
Жеті Қабам да асыға ағатын.
Жеріңнің исін жел жеткізетін,
Сағыныш дерті меңдеткізетін.
Күңіренемін, күйік емемін,
Күн болар ма екен сенде өткізетін?!
Құдайшылығын айтыңызшы, адамның Атажұртына деген асқақ ынтызарлығын бұдан артық қалай жеріне жеткізе жырлауға болады.
Әсіресе, «Жеріңнің исін жел жеткізетін...», «Жерұйық мекен жетуге саған, Жеті Қабам да асыға ағатын...» жолдарын оқығанда жон арқаң шымырлап кетеді.
Талапбектің аталған осы «Арғы жағы Ертістің бергі жағы» кітабында айрықша тоқтала кететін тағы бір дүние бар. Ол алыптар галериясын сомдаған автопортреттік өлеңдері дер едік.
Мысалы, Мағжан Жұмабаевқа арналған «Қайран Мағжан», Оспан батырға арналған «Ескерткіш», «Қоңыр өлең, қоңыр үн» (Жұмекенге), «Тарпаң мінез» (Тұрсынбек Кәкішұлына), «Аға» (Мұхтар Мағауинге), «Қапастағы қыран» (Қажықұмар Шабданұлына), «Ақталу» (Сейіт Қасқабасовқа), «Текті де кекті ұл» (Жақсылық Сәмитұлына), «Сенің жырың» (Мұхтар Шахановқа) «Ақын ана» (Фариза Оңғарсыноваға), «Емессің жалғыз енді аға» (Жәркен Бөдешұлына) арналған өлеңдері. Исі қазаққа есімдері мәлім айтулы тұлғалардың бізге беймәлім ішкі сырын, сондай-ақ тұлғалық танымын сомдап көрсетуде осы циклді өлеңдердің эстетикалық мазмұны жоғары.
Қош, сонымен 1991 жылы атыңнан айналайын азаттықтың арқасында арғы бетте қалған қоңыр қазақтың ұлы көшкеруені басталды.
Аулым көшіп келеді Алтай асып,
Қайғымда өсіп келеді тай таласып.
Тербеткенмен қойнына қанша басып,
Мен көктемнен қалдым ба қайта адасып?.
Аулым көшіп келеді есті кештен,
Жетім тайлақ боздайды көшке ілескен.
Көз алдыма келеді ескі мекен,
Бабам жаумен бас беріп кескілескен.
Аулым көшіп барады асып белден,
Құт мекенін қалдырып нәсіп көрген.
Анам жылап қарады жасып шерден,
Қара арғымақ барады басып кердең.
Аулым көшіп келеді ел қайдалап,
Алтай ана құшбассың енді аймалап.
Дерті де ердің жазылар қон қаумалап,
Еркін елдің ауасы қандай ғажап?!
Міне, қанша жыл зарығып, ынтызар болып дерттенген еліңе де есен-сау жеттің, Талапбек. Азамат ретінде арманың жоқ!
Рас, басқа білмесе де Тәуелсіздіктің қадірін сенің бір кісідей білетініңе зәредей де шүбә етпеймін. Мана сөз басында Атамекен аруана есебінде болса, біз оның құлдыраңдаған төлі есебіндеміз дедік. Мұны атам қазақ «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп тәпсірлейтін еді ғой.
ЕНДЕШЕ, ЕГЕМЕНДІК ҮШІН КӨРГЕН ҚҰҚАЙЫМЫЗ ДА, ЖЕГЕН ТАЯҒЫМЫЗ ДА ТӘТТІ.
Сенің де есің шыға масаттанып «Еркін елдің ауасы қандай ғажап» деп отырғаның да осы емес пе!?
Қайыра айтайын, аңсаған Атамекеніңе жеттің. Енді егемен елдің басына бұғау түсірмеген апайтөс ақынысың!
Сондықтан да төмендегідей толайым сөз толғайтыныңа қақың бар деп есептеймін.
Том, том тарту бермесем де мен елге,
Ес білгелі егіз екем өлеңге.
Шумақтары шұбатылып төбемде
Тармақтары тарқатылып төменде.
Секілденіп сетерленген ұяң қыз,
Жаздым өлең, андыз-андыз, тым андыз.
Тірлік жолы тарам-тарам тұманды із,
Өлең үшін өкінбейміз бұған біз.
Ат жетелеп, атан қомдап бөзді алған,
Атамыздан айта жүрер сөз қалған.
Дұғамда осы, дуамда осы бар болған,
Әр өлеңім әр қазаққа көз маржан.
Ақынның жақсы жыр жазғаны да елінің ертеңіне тілеген дұғасы мен мінәжаты емес пе!?.
Өзіңнің дуаң мен дұғаңдай болған осыбір таңғы шықтай тап-таза «көз маржан» ғазалдарыңның ғұмыры қашанда ұзағынан болсын!
