Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
КӨМЕКЕЙДІҢ БОЯЛЫП ДІРІЛІМЕН......

КӨМЕКЕЙДІҢ БОЯЛЫП ДІРІЛІМЕН...

101

КӨМЕКЕЙДІҢ БОЯЛЫП ДІРІЛІМЕН... - adebiportal.kz

 

            Шіркін…

                    I

Қоңыр кеште... 

жаңбыр төбемнен құйып,

самал бетімнен сүйіп.

Қозы жамыраған қыраттың үнін

қотарып қазанға құйып,

уыз ғып ұрттап 

ішсем ғой, шіркін. 

                 II

Жан дертімнің  сахара ыстығынан

Төрт мұхиттың бұрқылдап суы қайнап,

Төрт төңірек 

түгел өртеніп кетердей 

бір алапат ақ өлең жазсам деймін

...шіркін, 

жазсам деймін соны

қызыл қанымның соңғы 

түйіршігімен бояп.

 

              Артефакт 

 

Көмекейден қызыл тілді 

қос қолымен суырып, 

ет жүректі ең түбінен кессе де, 

бізден... не қан, 

не жан шықпады.

Әлқисса, 

біздің ғұмыр деп сүрген уақытымыздың өзі

уысқа толмады,

мазмұн болмады. 

Енді мыңдаған жылдар өткен соң, 

біз қызыққан түрлі қызметтер, 

оның төсбелгі темірлері, 

біз жарыса салған биік үйлердің

қалдықтары, 

ең қызығы, 

үрей торлаған басымыздың қаңқа сүйектері 

өз ұрпағымызға  артефакт ретінде ғана айғаққа тартылатыны

...тым өкінішті.

 

 

                  Жазу 

 

Дүниедегі ең ғажайып сәт –

ақ жаңбыр астында қалған арудың

тоңазығанда туған

қаймақ еріндерінің дірілі;

балауыз шам жарығымен серттескен

ғашықтардың күбірі;

кекілді шалқайта тараған

керімсал сәттердің

ессіз естеліктерінің сорабы.

Кенет...

кірпігің сілкініп,

осы ойлардан бола 

орныңнан мың тұрып,

күмістей қақталған

күн тыныштығын бұзып,

айрандай  ұйыған 

Ай тыныштығын  бұзып,

қара түн пердесін қақ тіліп

ақ қағаз  бетінде 

жорғалай жөнелген

қалам сыбдырынан артық,

сөз шымырлатқан

ерін күбірінен артық 

...МЫНА ДҮНИЕДЕ

ҚАНДАЙ ҒАЖАЙЫП 

БОЛУЫ МҮМКІН?!

 

                 Үрей

 

Жылан уы жайылғандай денеңе

жігеріңді сындыру...

Кеш түскенде

іштен іліп есікті,

«Әділет» деп жан дәрменің шыққанша

әжетхана бөлмесінде шыңғыру...

 

 

2020 немесе коронавирус

 

Жер жөтелген…

Қабір көбейген жыл…

 

            Екіжүзділік

 

Жұмада жүздескенше,

Мешітте кездескенше...

Қош бол, Құдай...

Сау тұр, шындық...

 

          «Шал кет...»

                                  «...Аңдамай шал боп қалмаңдар»

                                                                           (Шәкәрім)

Ашылса пенде ындыны

Ажалға пар ғой ол дағы.

Бізге де бір күн бұл мезет

«Шал кет…» демесе болғаны.

 

Қаусаған ақыл боратқан

Қауқарсыз сөздің бәрі артық…

Отырсақ ертең қайтеміз

«Қу қақбас», «Кәрі ит» атанып.

 

Сары тісті сөздің күн өтті

Тағдырға тәбіл, көнерміз,

«Шал кет» деп жатса жас ұрпақ

Кімдерден мұны көреміз?..

 

          Естелік

 

Өткен күндер

кеткен кері бұрылып,

оны ойласам…

жас келеді тығылып,

Енді екеуіміз күн көреміз

амал не?.. 

Ең ғажайып 

естеліктерге жылынып…

 

              Плутократия

 

Еркіндік марсельезасының орнына

плутократия әнұраны

шырқалған мезеттен бастап

үндемегенің үшін «Парасат»,

үрейленгенің үшін «Құрмет»

ең бастысы,

«Түрмеге түспегенің үшін шүкір ет» деген

«Алғыс хаттар» мен  мадақтама қағаздар

әр мереке сайын 

беріле бастайды…

 

 

         Деменция

 

Қаңтар болған емес,

Қар жауған емес.

Ешкім оқ атқан емес,

Ешкімге оқ тиген емес.

 

Қара жер қалғып кетіп

Қаңғыған... 

түс көрсе керек,

Бұл менің өмірім емес, 

бұл сенің өңің емес.

 

Қара жер қалғып кетіп

Қаңғыған түс көрсе керек…

 

              Аңшы

 

Мына аңшымен ілестім қайдан ғана

Түлкі кетті зымырап ай далаға

Иен дала беткейде бір ауыз сөз

Ой, әк-ең-нің ау-ызы... 

Ой, әк-ең-нің... 

Көмекейдің боялып дірілімен

Қалықтайды қыратта сол ғана сөз, 

дәл осы сөз қазақтың насыбайы

соны айтқанда сарайың ашылады,

мұны айтпасаң көңілің шын жадырап

мұны айтпасаң құмарың басылар ма?

 

               

              ***

Өзіңді жарығым

Көргенде кезігіп,

Мен түгіл кетеді

Көлеңкем езіліп.

 

Екі ерін жиегі

бүр жарған гүл сынды,

Кеудеме қондырдым

Көбелек исіңді...

 

               Ән

                 I

...Сорғалады бір дауыс

нәзіктігі сол әннің 

құмырсқаның беліндей.

Ибалығы сол әннің

жаңа түскен келіндей…

                II

Үлбіреген нәзік дауыс дірілі

...көңілімнің құштары.

Сұлу салған әсем әнге ұқсайды

көбелектің ұшқаны...

Сол дыбыстан шымырлайды жан еріп

көп күдіктен арылып

көк шалғынға құлай кетем содан соң

инеліктің қос қанатын жабылып.

 

Оралу

 

Кірледім,

Беріштендім,

Мазалымын...

Ішінде мың күнәның жазалымын.

Сен қайда жүр екенсің кекіл қойған

Кешегі сүттен де аппақ тазалығым?!

 

 

Матрица

                                  (Серікбол Қондыбайға)

 

Жаратушы оны жаратар алдында

Қалай,

қайтіп жаратсам екен деп

ойлағандығында еш шүбәм жоқ.

Ал...

Ұлы жарылыс хикаясын айтпағанда

Ұлы Құдайдың өзін

біраз «машақатқа» салып,

шайқалтып жібергендігінде күмән жоқ.

Оның келуін...

әр жусан ұшар басына дейін зарығып,

қара жер бусады,

топырақ шөліркеп,

Аруақ аңсады,

Теңіз тағанына дейін тебіреніп,

...шексіз сусады.

Уақыт пен кеңістік шекарасын бұзған

Ақылы Аймен,

көңілі Күнмен көмкерілген

сол боздаққа

Құдай

Жұпарын бүркіп,

шуағын төкті.

Ол біздің әлдеқашан көріп,

әлдеқашан ұмытқан

ілкі түсімізді

қайыра жору үшін

исі адамзат нәсілінің

ілкі нүктесіне өтті,

...түпкі тініне жетті.

Ол абақ таңбасындағы

Өлім – түпсана,

Өмір – бейсана,

Қиянат – арам ой,

Түс – өңіміз, 

Тағдыр – өзіміз деген бес пешене жазуды оқыды.

...Ұяты – піскен сүт шымырынан,

Мұраты – пайғамбар  ұғымынан,

Ашуы – алты алаш кегінен,

Ақылы – қырық шілтеннің демінен

жаратылған сол шіркін...

Ақ нөсерден кейінгі 

кемпірқосақтай туды да

...көп тұрмады.

 

Мизагония

 

«Әйелден ер артық...»

Сөз бе осы аталы?

Болғанда қайтер ек

Әйелдің сақалы.

 

Өспесе сол сақал

өле ме зарығып,

Әйтеуір әйелді

Төсек деп таныдық.

 

Байтал деп таныған

Бәйгеге мың сауап…

...Ілкіде қап қойды

 Іштегі құмсағат.

 

    Соңғы сөз

 «Өлімге тура мерекеге келгендей салтанатпен кір…

                                                                                      (Луис Борхес)

 Көзесінен тағдырдың

Ұрттай-ұрттай ішілдім,

Ұршығынан уақыттың 

Не пайымдап түсіндім?

Түсінгенім сол ғана…

Атамекен дегенім

Арға сая болмады,

Мейірімге шөлдеген

Жанның шөлі қанбады.

Заман тайқы болған соң

Айналдырған асығым

Алшысынан қонбады.

Ғұмыр шегі көрінді

Енді есен бол, көк аспан.

Басын бұрып көшімнің

ұясынан ұзатып

бір жетім құс ұшырдым

мезет жетті түсіндім.

...Қош бол енді, қара жер

Қош бол енді, қараша,

Қарағайдай шайқалып,

Хан ұлындай қасқайып 

СҮТПІСІРІМ ҒҰМЫРДЫҢ

ШЫМЫЛДЫҒЫН ТҮСІРДІМ!

 

Қош...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan