Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Ұлы даланың ұлы есімдері
/
Арыстан Бабтың шын есімінің кім екенін білесіз бе?...

Арыстан Бабтың шын есімінің кім екенін білесіз бе?

16.03.2026

223

Арыстан Бабтың шын есімінің кім екенін білесіз бе? - adebiportal.kz

Қожа Ахмет Йасауидің өмірінде шешуші мәнге ие болған ең ықпалды тұлға Арыстан Баб. Ол кісінің еңбегі бала Ахметке тигізген ықпалы Йасауи атамыздың әкесі Ибрахим шайхтан да, ұстазы Баха ад-дин Испиджабиден де маңызды. Себебі, Арыстан Баб бала Ахметке Алланың аманатын жеткізуші тұлға. Ол кісінің осы дәрежесінің өзі ерекше жаратылған тұлға болғандығын дәлелдейді. Арыстан Бабтың атына жалғасып тұрған «Баб» сөзінің өзі ол кісінің қатардағы жан емес, Рухани әлемге қол жеткізе алған киелі де, қасиетті тұлға болғандығын айғақтайды. «Баб» сөзінің түпкі мағынасы «есік, қақпа» деген мағына береді. Мұндағы «Баб» сөзінің мағынасы  Рухани әлемге есік ашушы» деген мағына беріп тұр. Бұл бала Ахметтің Рухани әлемге қол жеткізуі осы Арыстан Бабтан бастау алатынын  дәлелдейді. 

Әрине, Қожа Ахмет Йасауи атамызға Рухани әлемге қол жеткізу бір Арыстан Бабтың берген аманантымен шектелмегендігін, пайғамбарлар деңгейіне көтерілу үшін тынбай еңбектенуіне, рухани ілімін жетілдіруіне тура келді. Ол кісі алдынан қаншама кедергілер шыққанына қарамастан, баласының өлтірілгеніне де, өзінің отыз жыл бойына Түркістан көшелерінде таспен атқыланғанына да қарамастан Рухани әлемге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ілімді қалыптастырды және жүзеге асырып, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатты. Адамзат баласы сол кезеңде төніп келген ақырзаман апатынан құтылып, өмірін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Және бұл Йасауи атамыздың дінді шариғат деңгейінен   тариқат  көтеруімен тікелей байланысты еді. Міне, осының барлығы Арыстан Бабтың бала Ахметке Жаратушы Құдіреттің аманатын жеткізуінен басталған еді. Біз осы мақала шеңберінде Алланың аманатын бала Ахметке жеткізген тұлғаның анық кім болғандығына халықтың көзін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Себебі, ол кісінің тарихи тұлғасы туралы пайда болған жалған тарих пен аңыз-риуайаттар көп. Мақсат осы мақала шеңберінде ол кісінің анық кім болғандығын анықтап оқырманның назарына ұсыну.

Жалпы Арыстан Баб туралы тарихи деректерді біз алдымен Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикметінен» табамыз. «Диуани Хикметте» Арыстан Баб туралы «Хикметте» мынадай жолдар бар:

Жеті жаста Арыстан Бабқа бердім сәлем,

«Хақ Мұстафа аманатын бер деп маған.»

Сол мезетте мың бір зікірін еттім тамам,

Нәпсім өліп, ламәкәнге астым, міне.

Құрма беріп, басым сипап салды назар,

Сол мезетте ол дүниеге қылды сапар.

«Қош бол» деп, бұл дүниеден болды озар,

Мектеп барып, қайнап толып тастым, міне. (1-хикмет)    

Бірінші «Хикметтің» өзінде осындай жолдар бар. 2-хикметте Арыстан Баб туралы тағы да қайталанады. Ол «Хикмет» жолдарында былайша баяндалады: 

«Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сыр көріп, пердеменен бүркеп жапты.

«Шүкір Алла, Алла көрдім-ау,» деп ізімді өпті,

Сол себептен алпыс үшіте кірдім жерге.

Әзірейіл келіп, Арыстан бабам жанын алды,

Хор қыздары келіп, пейіш тонымен келіп кебіндеді.

Жетпіс мың періштелер жиылып келді,

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге.

Жаназасын жерден алып, көтерді олар,

Бір мезетте ұжмақ жайға жет керді олар.

Рухын алып, Йллийнге кіргізді олар,

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге. (2-хикмет)

Бұл «Хикмет» жолдары да Арыстан Бабтың бала Ахметке Тәңір Тағаланың аманатын жеткізуші тұлға болғандығын айқындап тұр. Демек, Арыстан Бабтың тарихи тұлға болғандығына күмән тумауы тиіс. Жалпы ол кісінің киелі, қасиетті тұлға болғандығын халық арасына тараған аңыздар да қуаттайды.  Мысалы, ол кісінің жаназасын алып, (мәйітін) Сайрамнан Отырарға келе жатқан 70 мың періштенің көздерінен аққан жасы тамған жерлерге, халықтың дертіне дауа болатын дермене жусан шығыпты деген аңыз бар. Олай болатыны Арыстан Баб ұзақ жылдар бойына Отырарда тұрып, бала Ахметтің дүниеге келуін күтеді. Сайрамда Мұхаммед ибн ал-Ханафийа әулетінен бір ерекше бала дүниеге келгенін есітіп, Отырардан Сайрамға келеді. Сол жерде алдымен бала Ахметтің әкесі Ибрахим шайхпен кездесіп, «Сендердің ұл балаларың бар ма?-деп сұрады. Одан кейін шайх Ибрахим Йасауиді киіндіріп, Арыстан Бабтың алдына әкеліп, былай дейді: «Бұл бала зерек, оқыса оқуын жақсы оқиды, тіршілікке жақсы, кейде көңліне жақпайтын істер болса, ашуланса, топыраққа да ауынай салады. Мінезі қиындау»-деді. Баланың бойындағы бұл ерекшеліктерден өзінің іздеген баласы осы екенін түсінеді. Сол кезде бала «Ата, аманатымды бермедіңіз», деп  Арыстан Бабқа бас салады Бұл баланың өзі іздеген бала екендігіне анық көзі жеткен Арыстан Баб сол жерде бала Ахметке аманатын тапсырады. Арыстан Бабтың бала Ахметке аманантты апсыруы осылай баяндалады. Бұл оқиғаның басқаша баяндалатын да нұсқалары бар. Алайда, біз солардың ішінде қағазға түсірілген нұсқасын пайдаланғанды жөн көрдік. Бұл жердегі басты мәселе Арыстан Бабтың Мұхаммет (сғс) пайғамбардың сахабасы болуы. Барлық дерек, жазба дерек те, ауызша дерек те Арыстан Бабтың Пайғамбар сахабасы екендігін мойындайды. Әрине, бұл жерде ол кісінің 500 жыл өмір сүргеніне күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Алайда, ол кісінің Пайғамбар сахабасы екендігін дәлелдейтін жазба деректер де аз емес.

Ол деректердің барлығында Арыстан Баб Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы екендігі баяндалады. Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің Отырар археологиялық қорық-музейінің қорында сақтаулы қолжазбасында Пайғамбардың Арыстан Бабқа аманат тапсыруы былайша баяндалады:

                Бір күні айтты Мұстафа, берем саған бір құрма.

                 Адал әр кез сақтағыл, Бабтар бабы – Арыстан баб.

                 Бізден соңыра көп заман, өткеннен соң бір оғлан,

                 Туылады  бір басшы, Бабтар бабы Арыстан баб.

                 Мұны оған бергейсіз, беріп атын сұрағайсыз.

                 Одан соңыра білгейсіз, Бабтар бабы Арыстан баб.

                 Оның аты Ахмет дүр, заты оның Рахмет дүр.

                 Таңдаулысы үмметтің, Бабтар бабы Арыстан баб.

                 Арыстан айтты: -Йа, Наби! Ақыр келіп қартайдым,

                 Ол заманға жетем бе? Бабтар бабы Арыстан баб. 

                 Нәби дұға қылады. «Әмин»- деп бәрі қосылды.

                 Шат-шадыман болды олар, Бабтар бабы Арыстан баб.   

                 Қабыл қылды, жан аман. Мойнына алды аманат.

          Бұйрыққа мойын ұсынды, Бабтар бабы Арыстан баб.

Бұл хикмет жолдары Арыстан бабтың Пайғамбар сахабасы екендігін анық  көрсетіп тұр. Алайда, осы Арыстан Бабқа қатысты мәселеде ол кісінің әлі күнге қай тарихи тұлғамен байланыстыру мәселесінің шешілмей келе жатқан мәселесі бар. XV ғасырдан кейінгі жазба деректердің барлығында дерлік «Арыстан Баб Пайғамбар сахабасы еді» деген тарихи аңыз берік орнаған. Қазіргі зерттеушілер де осы ұстанымнан кете қойған жоқ. Арыстан Бабқа қатысты арнайы зерттеу жүргізіп, біраз тарихи деректердің бетін ашқан тарихшы-археолог, тарих ғылымдарынң докторы Мұхтар Қожа мынадай деректер келтіреді: «Арыстан баб пен Салмани Фарсидің бір кісі еместігін мына тарихи деректер көрсетіп отыр. Араб жазбаларының өзі Салмани Фарси 644-656 жылдар аралығында Мада’ина қаласында қайтыс болып, сол жерге жерленгендігін жазады. Ал, Әмір Темір Мада'ина  қаласындағы Салмани Фарсидің нұрлы гүлзарасын (қабірін) күтіп тұруы үшін арнайы уақф (қаражат) бөлгендігі тарихи жазбаларда айтылады. Бұл деректер Салмани Фарси мен Арыстан Бабтың бір кісі болуы мүмкін еместігін  толығымен дәлелдейді.

Сонымен бірге Арыстан бабтың Мұхаммед ибн ал-Ханафийа әулетінен тарайтындығы туралы да деректер бер. «Тарихи аминийа» кітабының авторы Мұса Сайрами өз шығармасында Арыстан бабтың шайбанилер мемлекетінің ханы Убайдулла хан мөрімен куәландырылған шежіресін келтіреді. Аздаған өзгерістер болмаса, Арыстан баб шежіресі мен Қожа Ахмет Йасауи шежіресі арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек, Арыстан баб аты Ибрахим шайх атымен өзгертілген. Зерттеуші Ә.Муминов Қожа Ахмет Йасауи мен Арыстан баб арасында ешқандай туыстық қатынас болмағанын, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Йасауи арасындағы рухани сабақтастық кейінгі ғасырларда шежіреге айналған деген пікірді айтады. Алайда, осы әулеттің Түркістанның XVI ғасыр басында әкімі болған Көшкінші Сұлтанның ұлы Абдулла Сұлтан мөрімен куәландырылған «Насаб-нама» нұсқасында Ибрахим шайх  та, Ілияс шайх та, Махмуд шайх та Ифтихар шайх ұлдары деп берілген. Егер Ибрахим шайх пен Ілияс шайх бір туған болса, онда Арыстан баб пен Қожа Ахмет Йасауи немере туысқан  болып шығады. Қоқан қаласынан табылған «Тарих-нама» атты қолжазбада Қожа Ахмет Йасауидің жиені Ахмет Сопыны 1103 жылы Арыслан қожаға ертіп Қаялыққа аттандырғаны туралы жазылғанын біз жоғарыда айтып өттік. Бұл Арыстан Бабтан өзге тағы бір Арыслан атты тарихи тұлға  болғандығын көрсетеді. Қожа Ахмет Йасауидің алғашқы шәкірттерінің бірі Мансұр Атаның Арыстан баб ұрпағы екендігі айтылады және ол арқылы Йасауийа  тариқатының бір тармағы тарайды. Бірақ, бұл Пайғамбар аманатын жеткізуші Арыстан баб ұрпағы емес, кейінгі Қожа Ахмет Йасауидің немере туысқаны Арыстан қожаның ұрпағы болуы керек. Қазір өздерін Арыстан бабтан тарататын қожалар әулеті бар. Осы әулеттен шыққан, Нисари атты бүркеншік аты бар Саййид Хасан Бухари 974/1556 жылы «Музаккир-и ахбаб» атты кітап жазып қалдырады. Ол өз шежіресін Пайғамбар сахабасы болған Арыстан бабпен байланыстырады: «Арыстан баб - Мансұр Ата – Абд ал-Малик қожа – Тадж қожа – Зеңгі Ата – Шайх Садр ад-дин  - Шайх Мұхаммед қожа – Харун қожа – Йахийа қожа – Сүлеймен қожа – Абд ал-Уахаб – Нисари». Осы Арыстан қожаның ұлы Мансұр Ата ұрпақтары әлі күнге Түркия жерінде йасауийа тариқатын жалғастырып отыр. Бұл дерек Арыстан баб пен Арыстан қожа екеуі бір кісі еместігін көрсетеді. Бірі – Қожа Ахмет Йасауиге Пайғамбар аманатын тапсырушы Арыстан Баб сахаба. Екіншісі – Қожа Ахмет Йасауидің немересі Ахмет сопыға тәрбиеші болған, сол немересімен Қайалық қаласына кеткен Арыстан қожа. Арыстан Бабтың тарихта болғандығы, Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаға Пайғамбар аманатын тапсырғандығы, тәрбиелегендігі күмән тудырмайды. Сол XI-XII ғасырларда қайшылығы мол қоғамның рухани да, саяси да тоқырауға ұшырап, азғындаған кезеңінде өз шәкіртіне ең таза, бұлтарысы жоқ тура жолды көрсете білген ұстаздың тегін кісі болмағаны анық. Зерттеуші Ә.Муминов Арыстан Бабтың ол кезде Отырар мубаййидилерінің басшысы, әрі отыз үш  діннен хабары бар аса білімдар тұлға болғандығын жазады. Ол кісінің аса білімдар тұлға болғандығын жазба деректер де растайды.  Абу Салам қожа Файзаллах катиб жазбасында Арыстан Бабтың Пайғамбардың  ишаратымен Әзірет Сұлтанды тәрбиелеумен шұғылданғанын, оған бірнеше зікір түрін үйреткенін жазады. Ал, «Садр ад-дин шайх рисаласында» Арыстан бабтың Қожа Ахмет Йасауиді көптеген ғылым түрлеріне оқытқанын, 1000 түрлі зікір түрлерін үйреткенін жазады. Бұл айтылғандар Арыстан Бабтың Қожа Ахмет Йасауидың қалыптасуында шешуші тұлға болғандығын  дәлелдейді. Алайда, жоғарыда келтірілген тарихи тұлғалардың ешқайсысы Арыстан Баб тұлғасына сай келмейтіні анық. Бірақ, бұлардың ешқайсысы  Арыстан Бабтың тарихи тұлға болғандығына күмән тудыра алмайды. Олай дейтініміз ол кісінің тарихта болғандығы туралы тарихи дерек көздерінің табылуы ол кісінің тарихта анық болғандығын дәлелдейтін X-ғасырда өмір сүрген Наджм ад-дин ‘Умар ибн Мухаммад ибн Ахмад ан-Насафидің «ал-Канд фи зикр ‘улама' Самарканд» атты шығармасы бар. Ол шығармада Исфиджаб уалайатының Бараб деген жерінде Пайғамбардың бір сахабасы бар екені, аты Абу Жа‘фар Мухаммад ибн Настур (Нестор) ар-Руми екендігі, оның Пайғамбармен  Табук соғысына бірге барғаны жазылған. Ол Пайғамбардың бірнеше хадисін айтып береді. Бұл дерек Арыстан Бабтың  шындығында Пайғамбар сахабасы екендігін дәлелдей түсетін дерек. Ол кісінің Табук соғысында Пайғамбарға жасаған қызметі былайша баяндалады: «Табук ғазауат соғысында, шайқас үстінде  пайғамбардың қолындағы қамшысы түсіп кетіпті де, Пайғамбар әбіржіп қалыпты. Сол уақытта Жағфар бин Настур ар-Руми бұл жағдайды байқап қалып, дереу атынан секіріп түсіп, Пайғамбардың қамшысын өзіне әперіпті. Сол кезде Пайғамбар ар-Румиге «Саған Алла разы болсын! Ғұмырлы бол!-деп бата беріпті. Содан ұзақ жасадым деп, Жағфар бин Настур ар-Руми бұл әңгімені хадис қылып айтып беріпті. Мұхаммет пайғамбардың (сғс) Арыстан Бабқа назары түсуі тек ол оқиғаға ғана байланысты емес. Ол кісінің Жағфар бин Настур ар-Румиге түсуінің себебі ол кісінің түркілер арасынан шыққандығымен байланысты болуы керек. Өйткені, Қожа Ахмет Йасауи түркілер арасынан шығатыны Пайғамбарға белгілі болатын. Ол туралы «Диуани Хикметтің» 97-хикметіндегі жолдарында баяндалған. Ол туралы «Хикмет» былай дейді: 

«Арыстан бабам сұрасаң, Пайғамбарға ізетті,

 Сахабалар ұлығы, Құдайдың хас пендесі.

Жатқан жері тым жайсыз, ойлы-қырлы едені,

Арыстан бабам сөзін есітіңіз, тәбәрік.

Сәрсембі күн есітіп, әдейі Хазірет барыпты,

Арыстан бабтың үйіне сол күні мейман болыпты.

Жатқан жері тым жайсыз, көріп қайран қалыпты.

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.

Ол Мұхаммет Мұстафа тұрып дұға қылыпты,

Періштелер «амин» деп қолын жайып тұрыпты.

«Осындай үмбет бердің»- деп, Хаққа шүкір қылыпты,

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз, тәбәрік. 

Содан кейін-ақ, Арыстан Баб Түркістан жаққа жол тартады. Жолай Хорезмде екі жыл тұрып сабақ береді. Одан кейін сол кезеңдегі Ислам әлемінің ғылымы мен мәдениетінің орталығы болған Отырарға келеді. Жалпы, ол кісінің түбі түркіден шыққанын «Сұлтан Қожа Ахмед Ясауи хазреті хикмет калияты» атты кітап бар. Сол кітапта  «Яссауиге аманатты берген Салман Парсы емес, Түркілерден шыққан Арыстан бап деген ұстаз» - деп анық жазылған. Кітап Ясауи мұражайында тұр. 

Сонымен бірге, соңғы кезде мәлім болған Самарқандта жазылған «Машийахат шахада» атты кітапта да ол кісі туралы және ол кісіден жазып алынған хадистер туралы мәліметтер бар болып шықты. Ол кітапта мынадай жолдар бар: «Дегенмен, Ибн Хажар «Әл-Амали» кітабындағы шешімді қолдап: «Ән-Насаидің оны қосуы біздің көзқарасымыз бойынша оның мәртебесін нығайтады», - деді. Содан кейін ол: «Бұл жақсы және таңқаларлық хадис!» - деп, мына хадисті келтіреді: «Кім де кім Алладан жиі кешірім сұраса, Алла оған барлық уайымнан құтылуға және оған баратын қиындықтардан құтылуға мүмкіндік береді.» Енді сол бізге түсінікті болған тағы бір хадисін келтіріп көрелік: «Надандардың арасындағы ғалым, өлілердің арасындағы тірі адам сияқты». «Жақсылыққа жалаңаяқ болса да барған адам жұмақта жүрген сияқты. Періштелер ол адам үшін Құдайдан кешірім сұрайды» деген хадис туралы Ибн Жаузия «Ал-Маудуʻат» атты кітабының 1/352 бетінде жақсы пікір білдірген. Жалпы ортағасырлық Хадистанушылар тарапынан жақсы бағаланған Жағфар Настур ар-Руми соңғы ғасырларда сенімсіздікке ұшыраған жайы бар. Ол туралы Әл-Дахаби «Әл-Мизан» кітабында Жағфар бин Настур ар-Руми Мансур ибн әл-Хакамның ойдан шығарған көсемі дейді. 

Алайда, ортағасырлық мәшһүр мұхаддис әл-Ғазнауидің бес және алты бөлімнен тұратын хадистер жинағы қолжазбасында Жағфар бин Настур ар-Румидің атақты хадистеріне талдау жасаған. Барлық хадисіне «хасан» деп көркем баға берген. Қолжазба алты бөлімді хадистер жинағынан тұратын кітап. Ма`али Мансур ибн Масʻуд ибн Махмуд ал-Дин Абу ал-Насыр ал-Ғазнауи кітаптың авторы. Қолжаба көзі: Захирийа кітапханасында орналасқан «ʻУмарийа» мектебінің жинақтары. Коллекциядағы қолжазба №14. Қолжазбадағы беттер саны – 199. Кітапты жарыққа шығарған әл-Ғазнауидің баласы 609/1212 ж.

Ал, Хасан ибн Мухаммад ибн Салама ал-Хасан Али ибн Абу ал-Шайбани тағы мынадай хадистерді баян еткен. «Жұмақты іздеген ұйықтамайды, тозақтан қашқан кісі ұйықтамайды», «Кім жиі Алладан кешірім сұраса, Алла оған барлық уайымынан құтылуға және барлық қиындықтардан құтылуға мүмкіндік және ризық береді.», «Кім де кім екі қорған сүресін үш рет оқыса, Алла оған дүние және ақырет істеріне жеткілікті болады». «Кім де кім дастарханнан түсіп қалған тағам қиқымын алып жесе, балаларының түсінің өзгеруінен, ессіздіктен және алапестен арылады.»

Тағы бағдаттық ғалым Абу Тахир ас-Салафи «Ал-машиах ал-Бағдадийа» атты еңбегінде және Мұғалтайдың қолжазбасында хадистері баяндалған. Жалпы алғанда Жағфар бин Настур ар-Руми туралы нақты деректер араб, парсы, үнді, Самарқанд, Ферғана, Хорезм тіпті қазіргі араб хадисшісі ал-Жаузияның еңбектерінде деректер өте көп. Демек, ол кісінің тарихта болғандығына ешқандай күмән жоқ. 

Бұл келтірілген тарихи деректер Қожа Ахмет Йасауидің ұстазы, Пайғамбар аманатын жеткізуші Арыстан Бабтың жәй адам емес, атақты тарихи тұлға болғандығын көрсетеді. Ол кісінің еңбегі Пайғамбар аманатын бала Ахметке жеткізіп қоймай, сонымен бірге, өзі білген хадистерін халыққа жеткізу арқылы да халыққа өнеге бола білді. Сондықтан Арыстан Баб Жағфар бин Настур ар-Руми Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаға аманатты жеткізу арқылы жалпы адамзаттың болашағы үшін шексіз қызмет етті. Шәкіртінің ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі адамзат баласының қайтадан Рухани әлемге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. 

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., йасауитанушы

Серік Ергебеков, дінтанушы 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan