Жазушы, әдебиеттанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі кім?» немесе Ілияс Жансүгірұлының Журналистика институтында оқу хикаясы» атты ғылыми-танымдық мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қош, сонымен Ілияс дегеніне жетіп, тура 31 жасында 1925 жылғы қыркүйекте Қызыл партияның астанасы Мәскеуге аттанады.
***
Алайда, Ілияс Коммунистік білім беру академиясына (АКВ) емес, Мемлекеттік Журналистика институтына (ГИЖ) оқуға түсіп кетеді... Мәскеудегі Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінің қорымен жүйелі жұмыс істегенімде, оның қалай Коммунистік білім беру академиясына (АКВ) түспегенін анықтадық.
Мәселенің мәні былай екен: Ілияс Алматыдан Мәскеуге апталап пойызбен жеткенше, Коммунистік білім беру академиясында (АКВ) орын саны толып кетеді. Яғни, Қызылордадан жолданған құжаттар қабылдау комиссиясына уақытында жетпеген. Мерзімінен кешіккенін білген соң, Ілияс Мәскеудегі Қазақстан өкілдігіне барып, мұңын айтады. Білім жолына түстім бе дегенде, алдынан көлденең мәселе туындайды. Уайымдайды. Уайымдамай қайтсін?! Қолына әрең түскен, басына аңсатып қонған бағы еді.
Қазақстан өкілдігі Коммунистік партия РКП (б) Орталық комитетіне жағдайды түсіндіріп айтады. Орталық комитет 1925 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекеттік Журналистика институтына (ГИЖ) шұғыл телеграмма N 54651 жолдаған. Хат мәтініне қарайық: «ГЖЖ-ға РКП(б) Орталық Комитетінің агитпробы ГЖЖ-ның толмаған бос орындары есебінен, Жансүгіров жолдасты, егер оның дайындығы сәйкес келсе, қабылдауды сұрайды. РКП(б) Орталық Комитетінің агитпроп орынб.меңг. К.Попов».
Құдай маңдайына жазған екен. Ілияс 11 қыркүйек күні Журналистика институтына оқуға қабылданады. Өтінішін жазып, бар құжатын өткізіп, 1925-1926 оқу жылын қуанышты көңілмен бастайды. Тіпті, жатақхана маңайындағы сыраханаға барып та үлгереді. Қазақстан Өлкелік комитетіне Журналистика институтына түскені туралы хабарлайды.
Бірақ, қуанышы ұзаққа созылмайды. Жатақханаға ректораттан хабарласып, шұғыл жетуін сұрайды. Барып, мән-жайды білсе, оның Журналистика институтында оқуына Қазақстандағы РКП (б) Өлкелік комитет басшылығы наразылық білдіреді. Себебі, олар оны педагогикалық институтқа жолдаған-тын. Қызылорда үшін педагог маман ауадай қажет еді. Бұл деректі біз Ораз Жандосовтың телеграммасына (13.09.1925) сүйеніп айтып отырмыз. Ендеше құжаттың өзін мысал қылайық:
«АПО бастығы жолдас. Жандосов [Түркістан КП ОК үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Ө. Жандосов – ескертпе] І.Жансүгіровтің атына (Мәскеу, Дмитровка 13, ГИЖ) Қызылорда қаласынан жеделхат жолданған. Мемлекеттік журналистика институтына түсуге өтініш білдірген қолдаухаты қанағаттандырылмады». Тағы да көңілі түсіп, басы салбырап, қос өкпесін қолына алып Қазақ өкілдігіне жетеді. Өкілдіктегі азаматтар Қазақстанға хабарласып, көмек қылуын сұрайды.
Ілияс тағы да тағатсыздана жауап күтеді. Төрт күннен бері хат-хабар жоқ. Жүйкесі жұқарып, ертеңгі күнім не болар екен деп уайым қылады. Не ұйқы, не күлкі жоқ. Ас-суға да тәбеті тартпайды. 1925 жылдың 17 қыркүйегі күні кешкі сағат 22:30 мөлшерінде талапкерге телеграмма жетеді. Ол қандай жауап болар екен деп қобалжып ашады.
Телеграммада: «Жеделхатта: «Өлке комитеті оны ГИЖ-ге оқуға түсу үшін ұсынылған бөлу есебінен жіберіп отыр» деп жазылған болатын.
Күпті көңіл жайланып, дүрсілдеген жүрек қатты соғуын бәсеңдетеді. Сол түні Ілияс уайымсыз тыныш ұйықтайды.
Ақиқатында Қазақ Өлкелік комитеті жолдамасына қолдау танытып, Ілияс Жансүгірұлының Журналистика институтында оқуына кепілдік беріп, бар қаражатын толық төлеуге себепкер болған Жетісу губерниялық оқу-ағарту бөлімі еді. Ал оның басшысы – аға-досы, ауылдасы Біләл Сүлейұлы деген атпал азамат болатын.
Мәскеудің әдеби-мәдени ортасы оқуға ынтыққан ақын-жүрек үшін құшағын айқара ашты. Тарихи Мәскеу шаһары – ақындар мен жазушылардың ірі орталығы еді. Ілияс сондай үйірге қосылғанына мәз. Белтоғанда жүргенде не Қарағаштан, я болмаса Сүттігеннен кітап алдырып, әлем әдебиетін, орыс әдебиетін оқыса, ендігі мезет те жатақханасынан бір қадам басып шықса, көше толы кітап дүкендері, әдеби кафелер мен барларға толы екен. Ізденімпаз Ілиястың іздегені де, аңсағаны да осы. Сахараның кенезе кептірер шөлінен сусап жеткен жолаушыдай әдебиет бұлағы болған шәрдің әр бұрышынан тарих белгісін танып, тамсанып, көкірек шөлін басып, бір кезде шығармасын қызығып оқыған сүйікті ақын-жазушысымен кездесуге, танысуға асығып, қуанышы қойнына сыймай жүр...
Қыр баласының Мәскеуді алғаш көруі
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында Патшалық Ресей билігі отарлығындағы бодан елдердің тұрмысына, әлеуметіне көңіл бөлмеді. Қазақ жері тек шикізат көзіне айналып, индустрия мен мәдени құрылыстың дамуы тұралап қалды. Қалалардың да жағдайы айтарлықтай мәз емес еді.
Ілиястың Мәскеуге дейін көрген қаласы Қарағаш, Қапал, Алматы, Ташкент қана болатын. Мәскеуге пойызбен қатынап, Ресейдің орманды да қыратты, жазық та таулы аймақтарын түгел басып, апталап әрең жетеді.
1920 жылы азамат соғысындағы большевиктердің жеңісімен қаланың дамуында жаңа, советтік дәуір басталады. Совет үкіметі кезінде Мәскеу қайтадан мемлекет орталығына айналып, қаланың халықаралық саяси маңызы арта түсті. Мәскеу өзенің оң жақ қапталына жаңа ғимараттар салынып, ескі шаһар күн өткен сайын құлпырды. 1922 жылы Мәскеу СССР астанасы болады. Қала өзінің көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыта бастады. 1923 жылы Мәскеуде автобус қатынасы ашылды, 1925 жылы алғашқы троллейбус бағыты, ал 1935 жылы жолаушылар үшін алғашқы метро желісі ашылды.
Мәскеуде индустрияландыру жылдарында жоғары және орта техникалық оқу орындарының желісі қарқынды дамып жатты. 1930 жылдары Мәскеуде техникалық зерттеу және жобалау институттарының тұтас желісі құрылды. Олардың басым көпшілігі СССР ҒА жүйесіне кірді. Бұл кезде қалада бұқаралық ақпарат құралдары да дамып, көптеген газеттер шығып, 1931 жылдан бастап тұрақты телехабар тарату ұйымдастырылды.
Мәскеудің 1917 жылы 1 854 400 тұрғыны болса, 1930 жылы 4 215 532 адам қосылып, халық саны қарқынды өседі.
Мәскеу қазақ баласына жат қала емес. Ілиясқа дейін де бұл қалада қазақтың саяси элитасының ірі өкілдері оқыған, тұрған. Табанының ізі қалған. Мысалы, Сабыр Сарығожа (Мәскеу Жоғарғы әскери мектебі), Таным Құлкенқызы Сабатай (Повивальный институты), Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғжанов (В.Г. Плеханов атындағы халық шаруашылық институты), Бірмұхамед Айбасұлы (Қызыл профессура институты), Жүсіпбек Арыстанұлы (Қызыл профессура институты), Нәзір Төреқұлұлы (Комерсия институты, экономика факультеті), Абдолла Темірұлы (Лазарев атындағы шығыс тілдері институты), Сатылған Сабатайұлы (Лазаревский атындағы шығыс тілдер институты және Петровского-Разумовский атындағы академия), Нұх Рамазанұлы (Лазарев атындағы шығыс тілдері институты), Мағжан Жұмабайұлы (Жоғарғы әдебиет-көркемөнер институты), Халел (Халиулла) Ахметжанұлы Ғаббас (Мәскеу университеті, заң факультеті мен физика -математика факультеті), Әбдірахман Оразайұлы (Мәскеу университеті, заң факультеті), Дәулетжан Жүсіпұлы Күсепғал (Мәскеу медицина факультеті), Аққағаз Досжанқызы (Мәскеу медициналық курсы), Елизавета Әлиханқызы Бөкейханова (Мәскеу мемлекеттік университеті, медицина факультеті), Сәлімгерей Жантөреұлы (Мәскеу университеті, физика-математика факультеті және заң факультеті), Смағұл Сүлейменұлы Қазыбеков (Тимирязев атындағы академиясы), Жаһанша Досмұхмедұлы (Мәскеу университеті, заң факультеті) оқып, қазақ елінің ілгері дамуы үшін зор істер жасаған болатын.
Советтік қоғам орнаған тұста қазақтың үмітін арқалап, кешегі Әлихан Бөкейхан бастаған аяулы перзенттеріміз жүрген, тұрған, қызмет қылған орталық шаһарға келеді. Ендігі қазақ үміті осы – советтік-коммунистік тәрбиені көрген қазақ жастары.
***
Облком Біләл Сүлейұлы інісіне халықаралық вагонның екі орындық купесінен орын алып берген. Бастықтарға арналған вагон. Билеті де қымбат. Ілияс жайлы вагонда рахаттанып жетеді. Жол бойы кітап оқиды. Қызыл ағаштан жасалған мыс тұтқалы есігі, жуынатын жеке бөлмесі, жайлы жұмсақ мұнтаздай таза төсек орны, тәжірибелі жолсеріктері бар. Әр VIP жолаушысына шай, нан, бутерброд беретін.
Беларусь вокзалы. Вокзал іші – арпалыс. Ығы-жығы. Аузы-мұрнынан шыққан вокзалдың ішінен темекінің қолаңсы жағымсыз иіс тарайды. Пероннан шыққан соң, ақын қызыл билік астанасының көркіне тамсанып, таңдай қағады. Таңданатын жөні де бар. Сапырылысқан көліктің неше атасын көреді. Трамвай, троллейбус, автобустарды да көріп қызығады.
Жатақханаға орналасып, бөлмесіне жайғасқан соң, ақырындап қаланы аралай бастайды. Күнделігіне жазғандай, жаяу жүріп, серуендеп, сейіл құрғанды ұнатады. Сондай күндердің бірінде:
Москва
Көше
Лық-лық.
Жөңкіліс,
Жүріс,
Тық, тық.
Автобус.
Құқ, құқ!
Автомобиль
Пық-пық!
Трамвай,
Тыррр-тыррр...
Фабрик, завод
Күрр-күрр!
Бұрқ-бұрқ.
Жанған жазу
Жайған мүлік.
Газет!
Газет!
Қызық!
Қызық!
Аспан, зәулім
Қабат-қабат
Кремль,
Сағат
Шық-шық.
Қызыл алаң,
Ол – дария,
Күндіз ағад.
Түнде тынбайд,
Селдей қаптайд,
Сеңдей соғад.
Қыбыр-қыбыр,
Жыбыр-жыбыр,
Қайнап қан
Қайнар өмір, –
деп сұлу шаһарды Маяковский стилімен ырғақтап жырға қосады. Сурет пе? Сурет! Сурет болғанда қандай сурет! Сөзбен салынған, жаңа заманның кейпін айнытпай бейнелеуі қандай керемет! Өзіне таңсық көрінген әр жайтқа жан бітіріп, құлпыртып кестелеген.
Мәскеуде өткен үш жылында ақын «Ресей жері», «Мәскеу-Қазақстан», «Мавзолейде», т.б. өлеңдерін жазған-тын. Ал Мәскеуде жүріп туған елін сағынып, жазған өлеңдері қаншама?!
Мемлекеттік журналистика тарихы
Совет одағы құрылғаннан кейін коммунистік бағыттағы жоғары оқу орындары ұйымдастырыла бастаған. Жоғары және арнайы курстарға жергілікті атқару комитеттері квота бөлініп, талапкерлерді оқуға аттандыратын. Өмірінде ешқашан жүйелі әрі тіпті білім алмаған Ілияс Жетісу облысы әкімқараларына жағдайын айтып жүріп, орайын тауып, квота бөлдіріп, Мәскеуге оқуға жолдама алған.

Мәскеудегі студент Ілияс / Сурет Елдос Тоқтарбайдың жеке архивінен
Алдымен Ілияс Жансүгірұлы оқыған Мемлекеттік Журналистика институты (ГИЖ) тарихы турасында сөз қозғайық: ГИЖ – СССР Орталық Атқару Комитеті жанындағы «Правда» атындағы Бүкілодақтық коммунистік журналистика институты – 1921 жылдан 1938 жылға дейін жұмыс істеген педагогикалық әрі тұңғыш журналистік жоғары оқу орны.
Институт 1919 жылы 15 қыркүйекте Мәскеу РОСТА мектебінің үш жылдық оқу мерзімімен Мәскеу қызыл журналистика институты ретінде ұйымдастырылды. Бұл шаруа және жұмысшы тілшілер арасынан журналистерді дайындайтын курс еді.
1921 жылы публицист К.П. Новицкий институттың бірінші ректоры болып тағайындалады. Оның жетекшілігімен институт туралы ереженің жобасы әзірленді және 1921 жылғы 1 наурызда РКФСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Главпрофобрам бекітті. Институтты басқаруды ректор және институттың профессор-оқытушылар кеңесі жүзеге асырды, сонымен қатар институт кеңесінің құрамына үгіт насихат бөлімі (Агитпроп) пен Бүкілресейлік Орталық сауда кеңесінің баспасөз қызметкерлері секциясының орталық бюросының өкілдері кірді.
1921 жылдың 24 мамырында К.П.Новицкий (төраға) және Н.К. Иванов-Грамен (төрағаның орынбасары) бар институттың Президиумы сайланды. 1921 жылдың қыркүйек-қазан айларында алғашқы студенттерін қабылдау жүргізілді. Ал, 1921 жылғы 15 қазанда РСФСР Халық ағарту комиссары А.В. Луначарскийдің қатысуымен институт ресми ашылып, жұмысын бастаған еді. 1922 жылға қарай институттың штатында қырық бес оқытушы болған. Сол жылғы қараша айында институтты М.Б. Чарный мен Л.И. Тимофеев бастаған отыз адамнан тұратын алғашқы түлек бітірді. 1922-1923 оқу жылына дейін институтқа 147 студент (бірінші арнаулы курста – 70, дайындық бөлімінде – 77 адам) қабылданады. 1923-1924 оқу жылындағы студенттердің жалпы саны 194 адамды құрайды.
Институттың 1922 жылдан бастап Мәскеу журналистика институты газет ісі мәселелерін дамыту және баспа және ауызша үгіт-насихаттың жаңа түрлерін дамытуға тәжірибелі газет мамандарын дайындау үшін құрылған арнайы оқу орны болып өзгерді. Институт «Баспасөз редактор», «Саяси бөлім меңгерушісі», «Газет пен журналдың жауапты хатшысы», «Баспа және партиялық журнал мен газет қызметкері», «Тілші» арнайы мамандандырылған мамандықтарын дайындауға кіріседі.
Институт құрылымына екі оқу бөлімінен жасақталды. Біріншісі арнайы білім бөлімін «Газет ісінің теориялық негіздері», «Газеттің жаңа формалары», «Газеттік ақпарат пен библиография», «Газет технологиясы», «Стенография», «Батыс пен Американың буржуазиялық және социалистік баспасөзі», «Жұмысшы баспасөзінің тарихы» пәндерін оқытатын оқытушылар кірсе, жалпы білім беретін пәндер бөлімі «ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ресей тарихы», «Ғылыми социализм негіздері», «Социализм тарихы», «Дүние жүзінің саяси және экономикалық географиясы», «Саяси экономия» пәнінің оқытушыларынан жасақталған.
Институттың бірінші курс студенттері «Қазіргі жаратылыстану негіздері», «Тарихи материализм», «Саяси экономия», «ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа тарихы», «ХІХ ғасырдағы Ресей тарихы», «Дүние жүзінің саяси және экономикалық географиясы», «ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихы», «Газет негіздері», «Тіл білімі негіздері» және орыс, ағылшын, неміс, француз тілдері пәндерін оқыған. Екінші курс студенттерінің оқу бағдарламасында «Өнеркәсіп энциклопедиясы», «Социализм тарихы», «Саяси экономия», «ХХ ғасыр басындағы Ресей тарихы», «Ресейдегі революциялық қозғалыс тарихы», «Шығыстану», «ХІХ ғасырдағы қоғамдық өнер мен әдебиет», «Халықаралық қатынастар тарихы», «Газет ақпараты (теория және тәжірибе)», «Журналистика теориясы», «Поэзия және проза теориясы», «Орыс журналистикасының тарихы», «Полиграфияның тарихы мен технологиясы», «Театртану», «Баспа ісі: кітап шығару, газет шығаруды ұйымдастыру», «Әдеби материалды редакциялау теориясы», «Стенография» пәндері оқытылғаны жазылған.
Үшінші курс студенттері «Қазан революциясының тарихы», «Өнер және марксизм», «РСФСР мемлекеттік құқығы», «Шығармашылық психологиясы», «Логика», «Еуропа мен Американың қаржы-экономикалық саясаты», «Орыс сынының тарихы», «Әдеби сын және оның заманауи әдістері», « Ресейдегі жұмысшы баспасөзінің тарихы», «РСФСР газеттері (сыни шолу)», «Батыс пен Американың буржуазиялық және социалистік баспасөзі», «Баспасөз заңнамасы», «Статистика және басып шығару», «Сыни библиография (журнал және газет библиографиясы)», «Газеттің жаңа түрлері», «Газеттің макетін және оны шығару», «Газет технологиясы», «Стенография» пәндері оқытылған.
Институт 1924 жылында КомВУЗ мәртебесін алады. Сол жылы оқу ғимаратынан баспа бөлімі, баспахана шеберханасы және екі кітап дүкені ашылады. Баспасөз зертханасы корпусы Тверская көшесінде №25 үйде орналасса, ректорат пен негізгі оқу корпусы Малая Дмитровка көшесі №12 мекенжайда болған.
1925 жылдың екінші жартысы мен 1928 жылдың желтоқсаны аралығында Журналистика институтының ректоры гидробиолог ғалым, биология ғылымының докторы, профессор Сергей Дмитриевич Муравейский (1894-1950) болған. Сергей Дмитриевич небәрі отыз жасында танымал басшы болған. Оның бұған дейін университетті басқару тәжірибесі бар-тын. 1922 жылы ашылған Ташкенттегі Орта Азия университетінің бірінші ректоры қызметін атқарған азамат 1917 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетінің жаратылыстану факультетін бітірген.
С. Муравейский институт саясаты мен дамудың негізін түбегейлі өзгерте бастады. Ол бірден баспасөз қызметкерлеріне арналған жоғары партия мектебін салуға кірісті, яғни ол ГИЖ-ді нағыз комВУзға айналдыра бастады. Қабылдау ережелері, оқу жоспары, мұғалімдер құрамы жаңартылды. Оқу бағдарламасына «Газеттің техникасы: редакцияны ұйымдастыру, редакциялау, макет және басып шығару, түзету», «Құқық заңы», «Газет шығару және осы саладағы соңғы жетістіктер», «Қазіргі баспасөзге шолу (СССР және шетел)» пәндерін қосады.
Жаңа ректор «Полиграфия», «Газет технологиясы», «Журналистика теориясы мен тарихы» кафедраларын құрады. Кітапхананың 1520 кітап қорын үш жылда 13966 кітапқа жеткізеді. С. Муравейский кезеңінде Мясницкая №13, Бобров жолағы №4, Черкасс жолағы №9, Малая Дмитровка көшесі №14, София көшесі №3, Солянка көшесі №35 мекенжайларынан жаңа жатақхана, тәжірибелік оқу корпусы мен радио бөлімдері ғимараттарын салғызған.
***
Сонымен Ілияс Мемлекеттік журналистика институтына оқуға қалай түскенін анықтадық. Қолымызға оның осы аталған институт басшылығына жазған өтініші түсті. Алдымен архив құжатын сөйлетіп, сосын талдап, түсініктеме берейік:
«Мемлекеттік журналистика институтына лауазымды
ЦКРКП бөлгені бойынша келген Жансүгіров Ілиястан
Арыз
Мен ең шалғай жерден, яғни Қазақ Республикасының Жетісу губерниясынан /Қытай мен КСРО шекарасы/ келдім.
Біздің губернияда көшпелі халықтың сауаттылығы небәрі 25 пайызды құрайды, ал коммунистік-маркстік білім алған, кеңестік партия баспасөзін басқара алатын жаңа жұмысшылар мен жұмысшыларды дайындайтын мәдени-ағарту мекемелері мүлдем жоқ.
Сондықтан, біздің жергілікті партия органы ЦКРП/б/-ға мені ГИКке тыңдаушы ретінде қабылдау туралы өтінішхат жазып, сол үшін орын бөлінді және оған мені жіберді.
Менің шыққан тегім дехандардан /шаруа/, мен өзім қазақ кулактарында 5-6 жыл ферма жұмысшысы болдым /бұл біздің жағдайда станоктағы жұмысшының тәжірибесін алмастырады/ өйткені ауданымызда өнеркәсіп орындары жоқ/. Төмен деңгейде білім алдым.
1921 жылдан бастап кеңестік партия баспасөзінің органдарында үздіксіз жұмыс істедім, әртүрлі орталық және жергілікті баспасөзбен жұмыстас болдым, губерниялық партия газетінде /«Тілші» газетін/ редактор, губерниялық партия газетінің орыс тілінде /«Жетысу шындығы» тілшісі болдым және «Жетысу ұшқыны» жергілікті журналистер секциясының мүшесімін.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, мені сынақсыз қабылдауыңызды және Совроссияның шалғай түкпірінің есебінен артта қалған ұлт ретінде оқуға қабылдауда ерекше жеңілдік жасауыңызды және партиялық қызметке қабылдау шарттарын жұмсартуыңызды /Ресей Компартиясы Орталық Комитеті ескергендей/ сұраймын.
Қосымша: «Менің қоғамдық және әдеби шығармаларымды және барлық тиісті құжаттарды сипаттайтын партия органының пікірі», – деп ректор С.Муравейский атына өтінішін жазып, оқуға қабылданады.

Ілиястың ГИЖ ректорына оқуға қабылдану турасында жазған өтініші
Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві қорындағы (ГАРФ) ГИЖ оқу орнына қатысты құжаттармен танысқанда, институт туралы жалпы мәліметтерді шолып өттік. Мәселен, іс парағында студенттердің ұлттық құрамы туралы, жас мөлшері туралы деректер бар. Ілияс І курсқа қабылданғанда тобында 46 адам оқыған. Оның ішінде 25 жұмысшы, 13 шаруа, 8 орта жағдайлы қызметкер сияқты түрлі әлеуметтік тап өкілдері болыпты. Ал, жас мөлшері турасындағы деректе 19 жас – 1, 20 жас – 1, 21 жас – 4, 22 жас – 8, 25 жас – 4, 26-30 жас аралығындағылар – 23, 31-35 жас аралығындағылар – 2, 35 жастан жоғары – 3 адам болған. Ұлттық құрам жағынан алғанда, бұл топта 29 орыс, 5 еврей, 3 латыш, 2 татар, 1 абхаз, 1 башқұрт, 1 беларус, 3 украин, 1 қазақ болған.
Ә, дегеннен-ақ әр сабаққа уақытылы қатынасып, түсінсе де, түсінбесе де оқытушыдан ұялмай сұрап, белсенділік танытады. Себебі өз тобындағы ересектердің бірі еді. 31 жастағы студент.
1925-1926 оқу жылының І семестрінде «Қазіргі қоғам тарихы», «Математика», «Физика химия», «Газет ісінің негізі», «Экономикалық география», «Орыс тілі» пәндерін оқыған. Ал ІІ семестрде «Экономикалық география», «Газет ісінің негізі», «Қазіргі қоғам тарихы», «Биология», «Орыс тілі», «Физика химия», «Математика» пәндері оқытылған.
Мәскеудегі екінші жыл
1926-1927 оқу жылының І семестрінде «Газет техникасы», «Орыс тілі», «Баспа ісінің техникасы» пәндерін оқыса, ІІ семестрінде «Бүкілодақтық коммунистік партия тарихы», «Ресей тарихы», «Саяси экономия», «Батыс тарихы» пәндерін оқыған.
1926-1927 оқу жылында 2-курс студенті Ілияс Жансүгірұлының өсу дәрежесін көрсететін жалпы дамуы мен оқу үлгерімі – «жақсы» деп бағаланады. Ғылыми-зерттеу жұмысына үлкен қабілеттілік танытса, орыс тілінен қосымша сабақтар алып, өзін-өзі жетілдірген. Оған берілген сипаттамада: «Студент болашақта қазақ тілді газеттің редакторы болуы мүмкін. Белсенділігі орташа, сабақтарға уақытылы қатысады, жазба жұмыстарын орындайды және конференцияларға қатысады», – деп жазылған. ГЖЖ 20/1-1927, №32 қаулысымен бекітілген 1926-1927 оқу жылының оқу комиссиясы мәжілісінің хаттамасында: «Студент І.Жансүгіровтің жұмыс дағдылары мен сабаққа дайындалу жүйесі бар. Пәнге айтарлықтай қызығушылық танытады, жұмысқа өте байыпты қарайды, оқытылатын материалды қанағаттанарлық деңгейде меңгереді» деп студенттің жан-жақты дамуын атап өтеді.
«Журналист» үйірмесінің жетекшісі оның қоғамдық өмірге араласуы турасында: «Студент І. Жансүгіров қоғамдық өмірге араласуы ортадан жоғары, ол өте қанағаттанарлық жұмыс істейді және курс материалын меңгереді. Оқуда белсенді, адал еңбек етіп, өскені байқалады. Оның жақсы ұлттық баспасөз қызметкері болатынына сенімім бар. Орыс тілінен қосымша сабақтар алуын ұсынамын» деп жазған.
Ілияс 1927 жылғы 2 қаңтар күні Бүкілодақтық коммунистік партияның жабық жалпы жиналысында Журналистика институтының мүшелерімен және 12 кандидат бірге Бүкілодақтық коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. Институт әкімшілігі партияға кандидат я мүше болғандардың өндіріс орындарының органдарында жұмыс істеуіне, тәжірибесін жетілдіруіне мүмкіндік жасайтынын біліп, 1927 жылғы 14 қаңтарында институттың жанындағы мекемеден тыс жұмыстар жөніндегі комиссияға өтініш береді. Жұмысшылар клубына қабылданады. Сөйтіп аптасына бір рет сейсенбі күні «Красный каучук» зауытындағы қабырға газетіне В. Анисимов жолдастың көмекші редакторы болып жұмысқа тартылады.
Ол институттың оқу бөлімі ұйымдастыратын, аптасына бір рет сейсенбі күні (сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін) өтетін аз ұлттардың студенттеріне арналған орыс тілі курсына және жұма күні (сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін) өтетін жалпыға арналған француз тілі курсына тұрақты қатысып, орыс тілі мен француз тілін тереңдетіп оқуға деген зор ынтасы болғанын растайтын мәлімет таптық.
Ілияс «Кереге» газеті» туралы курстық жұмыс жазған. Оқу-әдістемелік кеңес мүшелері курстық жұмысқа «Өте жақсы» деген баға қойып, «Студент қабырға газетінің қандай болуы керектігін түсінген. Газет редакциялық талапқа сай мазмұнмен даярланған» деп сипаттама берген.
Мәскеудегі мөлдір мезет
Ілиястың Мәскеудегі әр күні берекелі, жемісті өтеді. Ленин атындағы көпшілік кітапхананың тұрақты оқырманы ретінде тіркеліп, семинар сабақтарына конспект жазып, реферат дайындайды. Арасында өзі жақсы көрген поэзия секциясына барып, орыстың жас ақындарының кештеріне қатысып отырады.
Ақынның студенттік жылдары турасында белгілі орыс жазушысы, Ілиястың ескі досы Константин Алтайски: «...Бір күні Горький көшесінде екеуіміз келе жатқанда, ол астанада үш жыл оқығанын, Маяковскиймен, Багрицскиймен, Светловпен кездескендерін, музейге, Третьяков галереясына, Ленин кітапханасына барған шақтарын әңгімеледі», – деп естелік жазған. Осы естелікте айтылғандай, шынымен, Ілияс «орыстың әдебиетінің күміс ғасыры» атанған әдебиет тудырған үлкен таланттармен жақын араласып, олардың әдеби кештері мен кездесу дәрістеріне қатысып, сөйлескені бар. Мәскеуде жазылған өлеңдерінің бірсыпырасы Владимир Маяковскийдің стилінде, яғни футуризм әдісімен жазылған еді. Тіпті Мәскеудің кескін-келбетін бейнелеген өлеңі де сол футуризм бағытындағы алғашқы өлеңдерінің бірі десек, еш қателеспейміз. В.Маяковскийдің шекпенінен шыққанын ақынның өзі де жасырған емес.
ГИЖ студенттері үнемі баратын бір жер болса, ол – Әдебиетшілер мейрамханасы еді (Центральный Дом литераторов). Бұл мейрамханада Есенин, Ахматова, Цветаева, Маяковскийлер келіп өлең оқып, ән салып, көңіл көтеретін.
Ақын 1928 жылы жазғанда өмірбаянында: «... Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-ші жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам», – деп көрсеткендей, оның бар студенттік кезеңі осылай тәмамдалған. Архив құжаттарына сүйеніп, «журналист» мамандығын кәсіби игеріп, диплом алып шыққан тұңғыш қазақ осы – Жансүгірдің баласы Ілияс деп нық сеніммен айта аламыз.
Бүгін (26.02.2026) – Ілияс Жансүгірұлының атылған күні. Рухы шат болсын!
Елдос ТОҚТАРБАЙ
