Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асанбай Асқаровтың ақиқаты...

19.07.2018 13642

Асанбай Асқаровтың ақиқаты

Асанбай Асқаровтың ақиқаты - adebiportal.kz

1971 жыл. 26-мамыр. Қазақстан жазушыларының жиналысы Орталық Комитетінің Бюросында емес, Орталық комитеттің екінші хатшысы В.Месяцтің басшылығымен Үкімет үйінің 4-қабатында өтті. В.Месяцтің кабинетінде өткен осынау жиналыста сөз сөйлеген қаламгерлеріміз дәл осы күнгі сөйленген сөздердің ертеңгі күні тарихқа айналарын сезді ме екен?!. Олар алдияр уақыттың бәріне де төреші екенін сезсе, бәлкім бұлай сөйлемеген болар ма еді. Мүмкін олар сілкісе сілікпеңді шығаратын Совет Одағын мәңгілік деп ойлады ма екен?

Қалай болғанда да, Алаш қайраткерлеріндей тік тұрып, нық сөйлеу советтік қазақ қаламгерлердің бойынан табылмауы көп жайды аңғартса керек... Сәбиттей, Ғабиттей ақсақалдар тұрып, Ахтановтай алыптар бар, барлығы Есенберлиннің романын іске алғысыз қылғандай қалып танытып сөйлегендері тасқа түсті, баспадан шықты. Тарихи құжатқа айналды.

Түсірген – классик Бекежан Тілегенов деген қазақ. Шығарған – «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті – Дәулет Әшімхан. Бекежанның «Тұйық өмірдің құпиясы» (Екінші шығарылымы. Алматы, 2018 жыл) роман-толғауында жазылған жайдың жаңғырығы санамызда әлі жаңғырып тұр. Мұны оқырман қауымға жеткізуді жөн санаймыз. Бұл бәрібір айтылатын шындық. Сабақ түюіміз керек-ақ...

Кітаптағы бір ғана оқиға туралы айтпақшымыз. Ол – «Хан Кене» романы туралы сөз.

Жазушы С.Мұқанов салған беттен романды тіпті іске алғысыз қылып: «...Есенберлиннің кітаптары туралы айта кетейін. ... «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Әуезовтің пьесасымен үндес екен. Кітап біршама жаман жазылмаған. Кенесары бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал біздің Орталық Комитеттің қолдауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз? Әрине, ескіні жазуға мен қарсы емеспін, бірақ хандық құрылысты мадақтаудың қаншалықты қажеті бар еді? Халықтардың арасын ашып, араздастырған, тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалықты қажеті болды. Бұл кітап жастарға керісінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі. Жазушының жалпы тарихқа көзқарасы дұрыс емес. Ал бұл жақсылыққа әкелмейді, зиянын тигізеді» (126-бет), - деп «төрелік» айтқан екен.

Ал Мүсірепов не дейді? «Ілияс Есенберлиннің кітабы туралы әртүрлі пікір, талас туып туып жатыр. ...Кітапта кемшілік жоқ емес, бар. Тарихи деректерді пайдаланудың айыбы жоқ. Әлі пісуі жетпеген шала материал нағыз шебер суретшінің қолына тисе, рухани дүниеге айналары даусыз. Кітапта осы жағы жетіспей жатқан сияқты» (128-бет), - деп баға береді. Тіпті классик Ғабиттің өзі жылы сөзін қимағандай әсер қалдырды. Әлде «нағыз пісуі жетпеген шала материал» деп романның жазылатын уақыты әлі келген жоқ дегенді меңзегені ме екен?..

Т.Ахтанов болса: «Тарихи шығармалар жөнінде әңгіме болып жатыр. Бірақ біз тарихи роман жөнінде сөз қозғасақ, әңгімені алдымен Әуезовтен бастамай, Есенберлиннен бастайтынымыз қалай?! Бұл дұрыс емес. Тарихи жанрдың негізін жасап, тамаша үлгісін көрсеткен Әуезов емес пе?! Біз ұлтшылдық сезімді орынсыз қоздыра бермеуіміз керек! Тарих төңірегінде арзан шу көтере берудің қажеті жоқ» (131-бет), - деп Есенберлинді әл-әзір мойындағысы келмейтіндей көзқарас танытады. Тіпті «ұлтшылдық сезімді қоздыратын арзан шу» деп баға береді. Қайран қаласың!

Енді осылайша қаламгерлеріміз қабақ түйген туынды туралы жеке көзқарасын қобалжымай, қорықпай айта білген Комитеттің өкілі Асанбай Асқаровтың сөзі осылардың бәрінен де биік тұрғанын мойындауымыз керек, ағайын!

Асылдың сынығы Асекең: «Бүгінгі жиында жеке шығармалар туралы әңгіме болған жоқ. Тек Есенберлиннің романы туралы ғана пікір айтылды. Тек тарихи тақырып туралы ғана әңгіме қозғалды. Бірақ бұл мәселеге де байыппен қарауымыз керек. Жалпы тарихты бейнелеуге қарсы болмауымыз керек! Тек кім қай тұрғыдан, қай бағыттан бейнелейді, мәселе осында. Жаңа бәрің Есенберлинге жабылып, сынап жатырсыңдар. Оларың дұрыс емес!

Мен де кітапты оқып шықтым. Жекелеген кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ негізінен теріс, зиян кітап деп айта алмаймын! Романнан соншалық үлкен қатені көріп тұрған жоқпын! Кітапта ұлтшылдық сарын бар дегенге де қосылмаймын. Бұл қате пікір. Мұндай айып тақсақ, өсіп келе жатқан жастарға қандай тәрбие береміз, қандай үлгі көрсетеміз?! Мұндай пікірді абайлап, байқап айту керек!» (134-бет) – деп нағыз әділ төрелік айтыпты, жарықтық!

Ойланыңыз, 1971 жылы! Бір жақсысы бұл 1937 жыл болмағанына қуанасың... Есенберлин де, Асқаров та сөзсіз атылып кетер еді.

Б.Тілегеновтің: «Ақсақал жазушымыз Сәбит Мұқанов бастап барлығы Есенберлинге жабылып, романын жамандап, одан саяси қате, ұлтшылдық белгісін іздеген кезде, творчестводан мүлдем аулақ, таза партиялық рухта тәрбиеленген функционер, коммунистік талаптан, партиялық бағадан басқаны мойындамайтын Асанбай Асқаровтың осы жолы Есенберлинге араша түскеніне таңым бар. Қайран қалдым. Тіпті осы жазушыларға жақын деген, идеология саласын басқарып жүрген Имашевтің өзі де, иделогия бөлімдерінің қызметкерлері де де осы романды құбыжық көріп, ұлтшылдық іздеп жүргенде, Асқаровтың араша түскеніне қалай қайран қалмассың?!» (135-бет) – деген сөздерін оқып отырып, асқаралы Асқаровтың бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген принціпке жүгініп, ештеңеден де қаймықпай, қасқайып тұрып ойындағысын жазушылардың жетесіне жеткізе айтқанына Сіз де риза боласыз, құрметті оқырман!

Есенберлинді елемек түгілі кемсіткісі келгендердің бұл әрекеттерін не деуге болады?!. Авторға жүгінейік:

«Тіпті белгілі жазушылар Есенберлиннің шығармалары осы кезде жұрт арасына кеңінен тарала бастағанын КЕШІРМЕЙ, оның творчествосын кемсіту үшін, әдебиеттегі ең бір жауапты, әрі қауіпті тақырыпты – ТАРИХТЫ құрбандыққа шалды. Өткен өмірімізге, тарихтың бір елеулі, жауапты кезеңіне САЯСИ АЙЫП ТАҒЫП, теріс баға беріп, сол арқылы Есенберлинді мұқатқылары келеді. Есенберлинді кекетеміз деп, шыққан тегімізге – тарихқа тіл тигізіп, Отан деген қасиетті ұғымға қол жұмсадық. Ай шіркін-ай, кейде осы адам сүйер қылығымыз жоқ-ау!.. Ал мұның өте қауіпті екенін, бүкіл тарихқа, халыққа зияны тиетінін саясатшыл Асқаров сезген еді» (135-бет).

Иә, ендігі жерде Асқаровтың бұл көрегенділігі, ерен ерлігі көпке үлгі болып айтыла бермек.

Біздің батырларымызды айттырмай, оларды қарақшы етіп қана көрсету мақұл болған мұндай мұндар заманда, әрине, советтік цензураға да:

«Деп шатыпты біреулер «гуннен тудым»,

Жоқ, сірә мен қара құл, күңнен тудым!» -

деген «тарих» керек болғаны өтірік емес.

Ал ит пен мысықтай ырылдасқан қызғаныш деген пәлекет басқа емес, зиялы адамдардың, ақыл-ой алыптарының кеудесін басып отырып алса, оған не дерсіз?! Есенберлинді аттыра алмаса да, жоқ қыла алмаса да, түбіне жетіп тынды... Бәрі де өтті, кетті. Заманға күйлеп шығарма жазған қаламгерлеріміздің кейбір шығармалары бүгінгі күні бәсте жоқ десе де болады. Есесіне Есенберлиннің туындысы – рухани дүниеміздің бір кетігін толтырған мәңгілік асыл қазынаға айналды!

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар