Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы: Әйел еркекпен қашан тең болды?...

07.03.2017 8178

Асылбек Байтанұлы: Әйел еркекпен қашан тең болды?

Асылбек Байтанұлы: Әйел еркекпен қашан тең болды? - adebiportal.kz

Қазіргі күні «әйел теңдігі», «гендерлік саясат» деген саяси терминдер жиі айтылып жатады. Бұдан қазақстандық қоғам да шет қалып жатпағандығы белгілі. Қоғамдық өмірдің барлық саласына қыздарымыз, әйел-аналарымыз белсене араласуда. Өз мамандығы, мансабы саласында немесе майдандағы, еңбектегі ересен ерлігімен, өнер мен ғылым, спорттағы жетістік, шығармашылық табысымен елімізге, әлемге әйгілі болған аруларымыз қаншама! Бұл бүгінгі күннің жетістігі. Осы бір дәуріге жеткенше, яғни әйел теңдігі ұғымының қоғамымызда орнығуына дейін қандай жолдарды бастан өткердік дегенге аздап шолу жасауды жөн көрдік.

76841416f85ecc862c5cb8516a4a3b97.jpg

Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан.

Дүниеде қыздан соры жан бар ма екен,

Айрылып кете барар руынан, -

деп өткен ғасырдың басында Ақан сері бабамыз айтпақшы, тағдыр өзге ошақтың, отын маздатуға жазған қыз ғұмырдың жолы қай заманда да жіңішке болған ғой.

Сонау сақ дәуіріндегі Тұмар ханшайымнан бастап, Гауһар, Бопай ханымдар тұсында ерлермен қатар атқа қонып, жау айбындырған асыл аналармен қатар сөз өнерінде аты қалған кешегі Сара, Ақсұлу, Ақбала, Ажар, Қадиша, Шөкей, Рысжан, Шәріпжамал, Тәбия, Манат, Ұлбике, Ақшымпу, Ақбала т.б. ақтангер қыздардың жолын жаңа дәуірде жалғастырған жазба ақын қыздарымыз қаншама. Бұл да болса, халқымыздың әйел баласына деген құрметінің айғағы ғой!

Әйел теңдігі мәселесі тұрғысында бізді қызықтыратыны – жоғарыдағы ақын аналардың жолын жалғап, тұңғыш реті өлеңдерін жариялаған кім деген сұрақ. Бұл да болса, әйел теңдігінің бір көрініс ғой.

1911-15 жылдары «Уфа» қаласынан шығарылып тұрған «Айқап» журналы – қазақ баспасөзі тарихындағы тұңғыш басылым. Осы тұңғыш басылымның бетінде қазақ қыздарының тырнақалды өлеңдері де алғаш жарық көреді. Алаш тарихын зерттеуші ғалымдардың нақтылауынша алғаш рет өлеңі басылған қазақ қызы – Сақыпжамал Тілеубайқызы. Журналдың белсенді тілшілерінің бірі болған Сақыпжамал ақынның «Айқап» журналында жарияланған «Қыз батасы», «Айналып қара, жұрт ағасы сендер де» атты өлеңдері бізге белгілі. Қазақ қыздарының өлеңдері кешегі тілмен айтқанда «тасқа басылып» жатуының өзі де сол кезең үшін үлкен ілгерілеушіліктің нышаны еді.

Сондықтан да біз алғаш рет тасқа басылған қазақ ақын қызының өлеңіндегі көтерілген мәселе, жалпы әйел теңдігі туралы қарастырғанды жөн көрдік. Сақыпжамал Тілеубайқызының екі өлеңінде де сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы өзекті мәселесі – жас қызды малға сату жайы айтылады. Кешегі кеңестік кезеңде осы бір тақырыптың жеріне жеткізіле жазылғандығы соншама, қазіргі күні тіпті көбіне күмәнмен қараушылық та бар екендігі рас. Дегенмен, Сақыпжамал ақынның өлеңі Қазан төңкерісінен, соцреализмнен бұрын жазылғанын ескерсек, ХХ ғасырдың басындағы бодан феодалдық қазақ қоғамында әйел теңдігі мәселесі шынымен де ушығып тұрғандығын аңғаруға болады. «Қыз батасы» атты өлеңінде қызды малға сататын қазақ қоғамының жаңа заманда жақсылыққа бет бұрып, түзелер үміті қоса өрілген. Өлеңнің мазмұнынан қарасақ, «Қыз батасы емес», «Қыз назасы» деуге келетін сияқты:

Қыз алатын алпыстағы қызыл көз,

Қой мұныңды мұнан былай күдер үз.

Жетер енді солдырдың көп алманы.

Көз алартпақ ынсап етер келді кез.

Кедейлерім сен де келші ынсапқа,

Алмаңызды қуарттырмай тың сақта.

Жарлы болсаң, міндеткерме қыздарың,

Ұстап бердің қанша зарлап тұрсақ та.

Кеңестік заман осыны керемет көзір ретінде кейде тонын айналдырып пайдаланғаны болмаса, бұл айтылған жағдайлар расымен де кешегі заманның ащы шындығы екенін мойындамасқа лаж жоқ. Айналып қара, жұрт ағасы сендерде» өлеңінде ақын қыз ел ағаларына мұң шағады, сенім арта сөйлейді:

Шапағатың тисін біздей сорлы кемдерге,

Бізде адам ғой мал сияқты көрмеңіз.

Лайық па екен әйел сатып жемдерге.

Құдіретің бар, қалай айтсаң теңерге.

«Айқап» журналы усул-жәдидтік бағыттағы, барша мұсылман түркі халықтарына ортақ «түрки» тілінде жазылғанын, ол тұста А.Байтұрсыновтың жаңа емлесі «төте жазу» әлі дүниеге келмегенін, журналдың түпнұсқасы немесе электронды көшірмесі қолымызда жоқ екенін ескерсек, жоғарыдағы өлең ұйқасындағы селкеулі тұстарына кешіріммен қарауға болады. Дегенмен де, айтылар ой анық. Еуропаны дүбірлете бастаған әйел теңдігі мәселесі Ресей империясының алыс түкпіріндегі қазақ даласына да жеткендігін байқаймыз. Бұған сол тұстағы С.Дөнентаев, М.Дулатов, С.Көбеев және басқа да қазақ ақын-жазушыларының әйел теңдігі мәселесін көтеріп жазған өлең, роман, поэмалары дәлел.

Күн көрініп, бізге тұман ашылсын,

Білімсіздер білімдіге бас ұрсын.

Қалай жүрек жалмауыздар аузы ашық,

Таупиық беріп, ағарып көңілің басылсын.

Аталған мәселеге ерекше үн қосқан қаламгер – Міржақып Дулатов. 1910 жылы жарық көрген тұңғыш қазақ романы «Бақытсыз Жамалды» жазудан бұрын, яғни 1907 жылы Алаш қайраткері «Жесір дағуалары хақында» атты еңбек жазады. Мұнда ол әйел адамдардың азаматтық құқығын қорғау қажеттігін айта келе, ата-аналардың балаларына бесіктен құдаласуы, 60-70 жастағы шалдарға 15 жасар қыздарын беру сияқты салттарға қарсылығын білдірді. Қыздарды 17-18 жасқа толғаннан кейін ғана тұрмысқа беру қажеттігін ескерте келе: «Әйелдердің азаматтық құқығы қазақ қоғағымынын әлеуметтік жағдайын анықтайды және елді өркениетке жетелейді», - деп жазғаны бекер емес болатын. Ендеше әйелдің азаматтық құқығын қорғау мәселесі әлемнің өзге елдерінде қалай шешілді дегенге аздап шолу жасайтын болсақ, Еуропада әйелдерге сайлау құқығын берудегі алғашқы тәжірибе 1718 жылы Швецияда жүзеге асырылған екен. Онда да тек гильдялық санаттағылар мен салық төлейтін әйелдерге ғана мүмкіндік берілген екен. Әйелдердің сайлау құқығын алғаш рет заңмен бекіткен мемлекет – Жаңа Зеландия болыпты. Бұл – 1893 жыл.

8de4ea8749226fde6c957a7c0c43d9af.jpg

Ресей империясының құрамында болған Финлияндия ұлы князьдігі 1906 жылы бұл құқықты төмен етектілерге берген болса, Ресейдепатша билігі құлағаннан кейін ғана, 1917 жылы 15 сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысымен әйелдердің сайлау құқығын бекітеді. Ал Кеңестік Ресейдің 1918 жылы қабылданған Конституциясында ерлер мен әйелдердің заңдық тең құқылы екендігін бекітіп берді.

Мұсылман елдері арасында бұл құқықты әйелдерге ұсынған мемлекет – Азербайжан. Баку 1918 жылы бұл құжатты бекіткен. Әйелдерге сайлау құқығын беруде әлем елдері арасында әзірге ең соңғы болып 2005 жылы Кувейт, 2006 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, 2011 жылы Сауд Арабиясы шылбыр ұстатқан екен.

cf6945d69323aaa13799a9b3265ef229.png

Қалай болғанмен де, біздің қазақ қоғамында әйелдердің құқығы Батыс пен Шығыстың өзге діндегі елдерін айтпағанда ислам әлемі, оның ішінде түркі халықтары арасында да ерекше жоғары болғанына тарих куә. Әрине, отаршылық қамыты мойнын әбден қажап, жалпы ұлттық менталитет қалжыраған ХХ ғасырда әйелдерді малға сату, құқығын шектеу көрінісі етек алғандығы еш құпия емес. Сондықтан да ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ газетінің 1917 жылғы №229 санындағы «Сайлау хұқы» деген мақаласында әйелдерге ерлермен бірдей тең құқық беру керектігін алға тартады, Думаға да осы мәселені қояды. Алаш арыстарының бұл идеясы кейіннен «Алаш» партиясының платформасынан да көрініс тапты. 1917 жылдың 25 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы қазақ әйелдерінің теңдігі туралы мәселені көтере отырып, мынадай қаулы қабылдайды:

388e42b4246676a74a22c4be08c2445c.jpg

1. Әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең болу керек.

2. Әйел өзінің күйеуге шығу мәселесін өзі шешеді.

3. Қалың малды жою.

4. Қыздарға 16 жасқа дейін, ер адамдарға 18 жасқа дейін үйленуге тыйым салу.

5. Үйлену үшін күйеу жігіттің ғана емес, қалыңдықтың да келісімі қажет.

6. Жесір әйел кімге күйеуге шығарын өзі шешеді.

7. Екі әйел алу тек бірінші әйелдің келісімімен ғана орындалады.

Мінеки, біздің еліміздегі және әлемдегі әйел теңдігі мәселесінің шешілуі туралы қысқаша айтқанда, осындай. Әрине, сайлауға қатысу құқығы мен өлеңдерін басылымға жариялату еркіндігі – әйел жұртының барша құқығының көрініс болып табылмасы және анық. Дегенмен де әлденеге құқығы болмай, яғни, санға кірмеген соң, санатқа да кірмейтіні анық қой.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар