Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Ауыл кеші (пейзаж)...

Ауыл кеші (пейзаж)

21.02.2026

1978

Ауыл кеші (пейзаж) - adebiportal.kz

Жаз. Жайлау. Ауыл кеші. Сан ғасыр бойы көшпенділер мәдениетінің қым-қуыт тіршілігін, мал-жанымен, бейбіт тұрмысымен көрсеткен мезгіл. Менің түйсігімде солай. Өйткені, көзімнің қарашығына сақталған, көңіліме кескінделген осы көрініс, өзге табиғат бейнесін қалқалайды да тұрады. Қайда болмасын тау көрсем, ауыл көрсем осынау үзік-үзік суреттер көз алдымды көлегейлеп, алар әсеріме де тосқауыл болады. Өкпелесем де, өкінсем де барлық жерден өз ауылымның кешін, өскен өлкемді көремін. Ендеше, осы бір түйсігімде мекен еткен пейзажды тұмшаламай, қағаз бетінде суреттеп көрейін. 

Біздің ауыл – жайлау төріндегі ең алғашқы, әрі топты ауыл. Ауыл іргесінде қақ жарыла, жіңішке арал орнатып, тары арналы, бұлқынған тау өзені ағады. Ақбоз үйлер мен су арасы арқан бойынан алыс емес, кейбірі қос адымнан сәл қашық жерлерге тігілген. Жаңбырлы күндері арнасына сыймай тасына ағатыны болмаса, тау өзені әдетте, гүрілі бәсең, сылдырлы, дірілді, қыз күлкісіндей сылқылдағы басым тәтті әуенімен жылыстайды да жатады. Оның кәусарлығын – шөліркеген таңдайыңды жібіте, талықсыған өзегіңе күш құйғанда; тұнықтығын – түбіндегі ине көзіндей құмдарына дейін көргенде сезінесің. Менің бойымда осы кезге дейін титтей болсын тазалық болса, оған, осы кәусарлықтың үлесі бар дер едім. 

Ауылдың солтүстік қапталы, сылдырамалы, құмды, түйе қорымды тік шың. Биіктігінен, құламалы қиындығы өткін бұл Шың – жаз-қысымен біздің ауылдың тірегі еді. Жайлаудың оңтүстігі, өзен бойымен тұстаса, жалғасқан бұлақ, бастаулы, томпақ, жыралы жағалаулар мен өзек, майсаңдар. Ең жақын көрші ауыл осы бетте отырады. Екі үйлі шағын ауылдан әрі қарай ортасын Сұрыдоңғал бөлген Талсай мен Қарасайдың терең сайлары, бөктерлеген бұйра, быдырмақ, дөң-дөңес, жыра-жықпыт, ойдым-ойпаттары. Батысы – ұшар басы аспанмен астасқан асудың биік құздары. Алтайдың аяқ баспас, қар жамылып, мұз құрсанған алып тауларының басы. Дәл осы асу түбіндегі құздардан Хан Тәңіріндей ерекшеленетін қырлы, екі шошақ тау – жайлаудың күн ұясы іспетті еді. Қазірде, әнеее екі шошаққа шуақ, шапағын артқан алтын Күн, ауылдың қыж-құж тіршілігін, у-шуын қыймағандай тосырқап тұр. Бейнебір, менің көшпенді ғұмырға қарайлайтынымдай.  

Ауыл маңы азан-қазан. Қосақтан ағытыла, сыздаған желіндері жеңілейген қой, ешкілер жағаласа маңырап, төмен қарай саусылдап барады. Биебау тұсындағы Аққашаның далдасында қозы, лақ жайып жүрген екі бала, сауын аяқталғанын көре, қолдарына ұстаған шыбыртқымен жамбастарын қамшылай, ауылға қарай безіп келеді. Арттарынан осы мезетті асыға күткендей «өрендері де» жан ұшыра шапқылап, шуылдаған күйі енелерімен табысып жатыр. Қосақбасынан шелек, битән толы сүттерін қолдаса көтерген әйелдер, сауында бітпеген өсектерін бір-біріне айғайлап айта, желібасына кетіп барады. Анау көкемнің әйелі шелегін қоя салып, бетін шымши күлді-ақ. Демек, Қарылға жеңгемнің аузынан ұяты үстем бір жаңалықтың айтылғаны мәлім. Ал, оларды таң бозымен өріске кетіп, желіндерін кере сүтке толтырып келген тана сарлықтар мен мама сарлықтар күтіп тұр. Қол сиырдай өңешін соза мөңіремегенімен, сарлық бұқаның шым қопара қорсылдағаны, сиырлары мен бұзауларының бір-біріне меңірене қорқылдағаны кешкі ауыл әуеніне қосылатын өзгеше үн еді. 

Бұндай мезетте ит тыныш жатсын ба? Біресе, өрлей-құлдай сапар шеккен атты, көлікті жолаушыларды жанасалай, екі азуын ырсита арсылдап сонаау далдаға дейін шығарып салса, енді бірде, көрші ауылдың өзі тектес маң төбетіне шәуілдей үріп, әлде сыйласқысы, әлде сырласқысы келетінін айтып жатқандай. Дәл осы кезде, ауыл желкесіндегі оқшау дөңнің мойнағынан құйрықтарын тік шаншып, танаулары делдиіп, көздері бақырая, құтырынып алған сарлықтың бойдақ тайыншалары ойнақтап шыға келді. Күндізгі қапырық ыстық пен сәйгелдің мазалауынан тынышы кеткен тайыншалар, жаздың әрбір күні осылай жел қуа, шапқылайды да жүреді. Мойнақтан шыға, кідірген бойдақтар ауыл қотанының көңін бұрқырата, сауыншылар назарын өзіне бір аудартып, манағы шәуілдегі басыла берген төбетті қайта ырылдата, арсылдата төмен қарай құйғытып барады. Желі басында жеңгеме сиыр идіріп, бұзау тартып беріп тұрған Тәукен ағам: «Көктемдегі көтерем қалдарын ұмытқан екен!» - дегендей күле қарап, көзімен ұзатып салды. 

Ауыл кешінің тағы бір көңілді желпіндер, сарайыңа сары қымыздың сағыныш дәмін келтірер, жұтқыншағыңды еріксіз қозғалысқа түсірер көрініс – биебаудағы сауын уақытының аяқталған сәті. Ауыл іргесінен төменірек, Ақбастаудың жайыла суға құяр тұсында Қадау ағам, әкесінің ескі жұртына алтықанат ақ ордасын тігіп, ағайынының үш айғыр үйір жылқысына желі керіп, қымызды сондай ұстайтын еді. Ағайынның бірлігі, ынтымағы, салтанатының үйлесім тауып, жарасар шаңырағы – осы орда болатынды. Қазір, көзден бұлбұл ұшқандай, қайта қайталанбайтын (мүмкін қайталанар) аңсайтын, қимас сәттеріме айналып барады. Хош, сонымен биебаудан соңғы сауынды аяқтаған сауыншылар шелек толы саумалды, көнектерін көтеріп үйге кетіп барады. Қастарында білектері түрулі, саумал көбігін жалғандарына мәз болысқан бір топ бала күресе, жағаласып еріп келеді. Ех, шіркін, таңдайдан сүттің дәмі кетпеген балалық-ай! 

Күні бойы кендір арқанға ноқталанып байланған, анасының ақ үрпінен қанағат тауып еме алмай, ширыққан құлыншақтар; бостандық ала, шұрқырай кісінеп, енелерінің бауырына басын салды-ақ. Бабам байқап, қастерлеген жылқының сұлулығы мен қасиетін менің түйсінбеуім мүмкін бе?... Шұрқыраған құлын дауысы, мейірін төге, оқырана кісінеген бие мен үйірін қорып, ішіндегі сыланған сұлу байталдарын қызғана, азынаған айғырдың арқырауы – мен көп құлақ түретін, кешкі әуеннің ең кереметі, әсерлісі. Міне, дәл осы көрініс көз алдымнан қаз-қалпында өтуде. Бір-бірімен табысып, аптығы басылған үйірлерді, үлкендердің нұсқауымен атқа жайдақ мінген екі бала өзеннен өткізіп, Қарасайдың Сарыөзегіне бұрып барады. Желіде бауыры жазылып, сауыра ашылмай, басындағы ызған ноқтадан запы болған жас тұлпарлар, өзеннен өте желмен жарыса, жүйткітіп жүр. Оған желікті, бүгелек қуған сәуріктер қосылып, бәсеңдеген кісінеу мен шұрқырау, азынау қайта басталды да кетті. 

Желі басындағы арқан, жіп, ноқта, бүкпе, тартпа, жіп-суандарды жинап аяқтаған Қадау ағам мен ауылдың тағы бір-екі үлкен кісілері ескі сүрлеулі бір әңгімелер айтып, тарих қойнауындағы жылқы турасында сақталған оқиғаларды ортаға салып, кешкі қымыз ішуге орынға отырды. Бағанағы, сауыннан кейін шулай құлдаған ұсақ малдың етегі, Шыңның Үлкентақтаға шығар бөктерінде, басы Сарықолтыққа дейін созыла, қапталдап жатыр. Енесінен, не төлінен адасқан маңыраулар болмаса, алғашқы шу басылған. Сарлықтың сауыны да соңына жетіп, бұзауларын ерткен әр үйдің сиырлары жағалау бойындағы ірі қараларға қосылып жатыр. Оқ пен өзек толы жыпырлаған мал. Тек, менің жайбасар, «қырт» жеңгем ғана кәйнек сиырының бауырында әлі отыр. Ол, келін боп түскенде осылай болған. Өзгермейсің ғой, «қара келіншек». Екеумізді осы шабандығымыз, жұрттың соңында қалдырумен келеді. Қайтейік, пысықтықты өзгелер иемденіп алса...! 

Әніі, менің пысықай жеңгелерім мен өзге шешелерім, екі сауыннан алған шелек-шелек сүттерін әр-түрлі көлемдегі тайқазандарына шөпілдете құйып, темір пештеріне сиырдың кептірілген қара жапасын қалап, тамызып та үлгерді. Түтіктерінен шыққан қою, көк түтін тымық ауадан бағыт таппай, ауыл үстінде мұнарланып тұрды да, батыстан шыққан әлсін самалға еріп, құлдай тарап жатты. Сауын кезіндегі малдың шуы, енді ойын қуған балалардың дауысына алмасыпты. Қосалқы үйдің жағалау жақ іргесінде бірнеше кішкентай бүлдіршін былдырлап, бірнәрсені шұқылап отыр. Тегі, балшықтан үй қалап, тамақ пісіріп отырса керек. Ал, ересектеу бес-алты ұл, аралда бүйірі жарылған ала допқа, жүн тығып, соны қуалап, ермек қылып жүр. Иә, арасында менде жүрген едім...

Сөз басында айтқанымдай, ауыл кеші маған – бағзы замандағы бабалар тұрмысының куәсындай көрінетін. Онда да, дәл осындай ауылдың қарбалас тіршілігі қайталанып жатар еді. Онда да, киіз үй, будақтаған түтін, сауыншы әйелдер, жылқышы жігіттер, шұрқыраған жылқы, шуылдаған қой, ешкі, мөңіріген сиыр, жағаласа жылаған бала дауысы мен маң төбеттердің үргені... Бала күнімнен оқыған кітап, тыңдаған ертегі, әңгімелер де осы көріністер бірме-бір болмаса да, іркес-тіркес орын алатын. Кейін, есею жылдарында ауыл кешін сырттай, алыстан бақылауға құштар болдым. Оған себеп болатын әкем еді. У-шу саябыр тауып, шаруа бәсеңдеген уақытта әкем бір көзді дүрбісін алып, жан-жаққа көз тастар еді. Дүрбі жетер, алыс-жақынның бәрін шолып шығады. Жалқылығымнан болар, осындай сәттер де әкемнің жанынан жиі табылар едім. Есесіне, барлық көріністі сырттай бақылап, таңдана жүріп, көзіме, сосын, көңіліме мықтап бекітіп алыппын. Енді міне, қайдан болмасын тау көрсем, ауыл көрсем осынау үзік-үзік суреттер көз алдымды көлегейлеп, алар әсеріме де тосқауыл болады. 

Пейзаж басталарда менімен бірге ауыл кешін қимай тамашалаған Алтын Күннің соңғы шапақтары екі шошақтан сағымдай созылып барып, батып үлгерді. Артында ертеңгі күннің жылуын аңғартқандай, қызылкүрең түскен боялған ашық аспан, шам бозамығына сіңіп барады. 

Пейзаждың орын алған мекені – Дэлүүн, Суық сай жайлауы, мезгілі – менің балалығым.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,

Әдебиет және өнер музейінің

ғылыми қызметкері

Көкшетау қаласы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan