Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Авут Масимов: «Отаным Қазақстаныма разымын!»...

Авут Масимов: «Отаным Қазақстаныма разымын!»

28.02.2026

36

Авут Масимов: «Отаным Қазақстаныма разымын!» - adebiportal.kz

Еліміздегі ең мейірімді мерекенің бірі де бірегейі «1 наурыз – Алғыс айту күні». Бұл Ұлы Дала төсіндегі осынау мерекенің мәні ерек. Осы атаулы күнге орай еліміздегі белгілі ұйғыр жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Авут Масимовпен сырласқан едік.

 

1 наурыз – Алғыс айту күні Сіз үшін қандай мағынаны білдіреді? Бұл күннің рухани мәнін қалай түсінесіз?

Егемен елімізде 1995 жылы 1 наурызда ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңестік мекеме ретінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылды. Ал енді 2016 жылы бастау алған жаңа мерекенің мерзімі осы күнге сәйкес келеді. Ел тұрғындарының бір-біріне және қазақ халқына төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдіретін күн болып саналады. Мереке көпұлтты елдің халықтары арасындағы достық, мейірімділік пен келісімнің көрінісін үлгі етуге бағытталған. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, ел ертеңі үшін еңбек етіп жатыр. Бұл – еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіретін мейрам.

Қазақ жерінен пана тауып, өсіп-өркендеген түрлі ұлттардың бір-біріне деген ризашылығы туралы Сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?

Тағдырдың жазуымен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына алғысымыз шексіз. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқы олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осындай ғажап мереке арқылы әр ұлттың қайырымдылық  дәстүрлері жаңғырып, өзара әлеуметтік ынтымағы артады. Репрессия мен жер аудару жылдарында қазақтың өзі де саяси жүйенің зардабын тарта отырып, соның тармағына іліккен өзге ұлт өкілдеріне бауырмалдық танытты. Шексіз мейірім көрсете отырып, қолда барымен бөлісті. Әр жылдары  неміс, поляк, солтүстік Кавказ, корей халықтарының 1 миллион 200 мың  отбасы жер аударылып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына ат салысып, Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.

Алғыс айту мәдениеті – тек мерекелік дата ма, әлде ұлттық мінез бен қоғамдық сананың бір көрінісі ме?

«Алғыс айту» мәдениеті – Қазақстанда жаңа мереке, оны тойлау дәстүрінің негізі енді ғана қаланып жатыр. Бірақ бұл мейрам бүгінде еліміздің тұтастығын құрайтын әрбір этностың мәдениеті мен рухани құндылықтарын көрсетеді. Ұлттық мерекенің барлық іс-шарасы ортақ тарихи жадының, қазақ ұлтына деген ризашылықтың көрінісіне айналды. 1 наурызда мәдениет, өнер, білім беру мекемелерінде, мұражайлар мен кітапханаларда, барлық аймақтағы Достық үйлерінде ұлт өкілдеріне қолдау көрсететін мерекелік шаралар өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде концерттер, көрмелер мен этномәдени шығармашылық жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Бүгінгі күні қайырымдылық концерттері мен мынадай іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды. Қиын-қыстау заманда елімізге жан сауғалап келген жандар үшін аштық пен дерттен құтқаруға себеп болған қымыз және басқа да ұлттық өнімдер мен тағамдарға арналған көрмелер ашылады. Соғыс және еңбек ардагерлеріне алғыс білдіру акцияларында ел үшін тер төккен тұлғаларды өскелең ұрпақ құттықтап, алғыс хаттар, азық-түлік қоржындарын табыс етеді.

Сіздің шығармашылығыңызда Қазақстандағы халықтар достығы, өзара құрмет тақырыбы қалай көрініс табады?

Мен, әсіресе, шығармаларымды ұйғыр тілінде жазам. Одан кейін оны  қазақ, орыс, беларус, өзбек, қырғыз, және де басқа тілдерге аудартам. Енді халықтар достығы, қазақ халқына өзара құрмет тақырыбына бір қаншама шығарма жаздым. Солардің бірі «Сауу» романы. Роман бүгінгі күн тақырыбыны жазылған болып, ұйғыр және қазақ халықтарының достығы, жаңадан Егемендік алған Қазақстанның көптеген салаларындағы жетістіктеріне тоқталады. Енді «Айқасқа» повестімде  қазақ баласының балалықтан азаматтыққа дейінгі рухани әлемі баяндалады.  Қазақ халқының адамгершілік, ұлттық болмысын баяндайды. Достық, ынтымақтастық сезімдерін терең ашатын көркем әрі тәрбиелік мәні зор шығарма ұйғыр балаларына үлгі болады деген ниетте жазылды. Қазақ халқының қолқанаты, тірегі болған атқа, малға байланысты көптеген жаңалықтарды да бала тілімен жеткізуге тірістім. 

Қазақ пен ұйғыр халықтарының тарихи-мәдени байланысы туралы не айтасыз? Бұл байланыс Сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

Қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы достықтың бірден-бір негізі – өзара құрмет пен сенім, деп ойлаймын. Екі халықтың өкілдері бір-бірінің тіліне, дініне, дәстүріне құрметпен қарайды. Қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы қарым-қатынас тек тұрмыстық деңгейде емес, мәдени-рухани деңгейде де жалғасын тапты. Мемлекет тарапы ұйғыр тілінде шығатын мерзімді басылымдар мен радиобағдарламаларға қолдау көрсетіп, ұйғыр тілінде білім беретін 62 мектептер мен арнайы сыныптардың рухани және мәдени кеңістігін кеңейтуге, Құддыс Қожамияров атындағы Академиялық Ұйғыр театрына зор мүмкіндіктер сыйлап отыр. Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінде  ұйғырлар депутат болып отыр. Менің Қазақстандық ұйғыр жазушысы болып қалыптасуымда да сол мектеп және жоғары оқу орындарының білікті ұстаздарының үлесі зор деп есептеймін. Бүгінгі Алғыс айту күнінде өз ниетімді соларға да жеткізгім келеді. 

Қазақстанда тұратын ұйғыр халқы мемлекеттің даму жолында түрлі салаларда елеулі үлес қосып жатқанын да айта кету керек. Әсіресе мәдениет, білім, медицина, бизнес пен мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген ұйғыр ұлтының өкілдерін көптеп кездестіруге болады. 

Сіз кімге және не үшін алғыс айтар едіңіз? (жеке өміріңізде, шығармашылық жолыңызда).

Біріншеден, Жаратқан Иеме, мені осы дүниеге алып келген ата-анама, бала бақшасындағы тәрбиешілер мен  әліппені үйреткен мүғалім-ұстаздарыма, мені отансүйгіштікке тәрбиелеген армияға, Қазақстан атты Отаныма разымын, түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігіне, қолғабысы мен қайырымдылығына алғыс айтқан болар едім.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік саясаттағы бірлік идеясын қаламгер ретінде қалай бағалайсыз?

Біреунің жұмысына баға бері үшін сол жұмысты баста өзің істеп, қолмен үстап  көруің керек. Мен Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты Республикалық Ұйғыр этномәдениет орталығының бюро мұшесі ретінде  көпұлтты халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық шараларына араласып келем.

ҚХА Қазақстан Республикасының ұлттық саясатында елеулі орын алып, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етеді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы – еліміздегі түрлі этностардың мүдделерін қорғап, бейбітшілік пен татулықты қамтамасыз етіп отырған бірегей институт, деген болар едім.  Олар ұлттық дәстүрлерді насихаттап, қоғамдық келісімді сақтау ісіне өз үлестерін қосып келеді. Қазақстан халқының бірлігі – Тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі. Сол үшін де оны оң бағалаймын.

Әдебиет – жүректерді жақындастыратын күш. Ұлтаралық келісімді нығайтудағы сөз өнерінің миссиясы қандай?

Дұрыс айтасың. Әдебиет – жүректерді жақындастыратын күш. Түркі тілдес біздердің сөздеріміз  бір-бірімізге түсінікті. Енді сөз өнері – жай ғана тілдік құрал емес. Ол – халықтың өмір салты, ой-санасы, дүніетанымы, рухани болмысының айнасы. Ел бірлігін сақтау, халықты тәрбійілеу, әділдік орнату теқ қана сөз арқылы жүзеге асқан. Сөзді орнымен қолдану әр бір адамның, әсіресе қолына қалам ұстаған әр бір қаламгердің міндеті. Бір сөзді дұрыс қолданбасаң кімді біреунің жүрегін ауртасың. Қаламгер миссиясы – өз мәдениеті мен парасатын сол сөз арқылы адам діліне, жүрегіне жеткізу, сіңіру деп ойлаймын. 

Осы мереке қарсаңында Қазақстан халқына, оқырмандарыңызға қандай тілегіңіз бар?

Бұл Алғыс айту мерекесі барлық қазақстандықтардың жүрегіндегі мейірім мен достық сезімін еселей түсетіні хақ. Осы елде туып-өсіп, өніп жатқан барша замандастарымды этносаралық достықтың жарқын үлгісін жалғастырып, біртұтас халқымыздың бірегей артықшылықтарын арттыруға шақырамын. Ұйғыр этносы өкілдері атынан қазақ халқының дархандығы мен кеңпейілі, қонақжайлылығына, Қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің тірегі, еліміздегі этностарды біріктіріп, олардың дамуына мүмкіндік беріп отырған туған отаным Қазақстанды мақтаныш етемін және басымды иіп, алғыс айтамын! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan