Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Алапат аштық - қазіргі қазақ әдебиетінде...

Алапат аштық - қазіргі қазақ әдебиетінде

19

Алапат аштық - қазіргі қазақ әдебиетінде - adebiportal.kz

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында кесе-көлденең кездескен алапат қырғын соғыстар мен аштық, қуғын-сүргін сияқты зұлматты кезеңдер аз болмаған. Ұлттың рухани, демографиялық дамуына орасан тежеу болған табиғи апаттар мен саяси қуғын-сүргіндердің зардабы тым ауыр болды. 

Қазақ даласы қоғамдық саяси катаклизмдер салдарынан туындаған зұлмат-зобалаңдармен астасқан үш реткі: 1917-1919, 1921-23 және 1930-1933 жылғы алапат ашаршылық жылдарын бастан өткерді. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған бұл нәубеттер туралы шетелдік, отандық ақындар мен жазушылар қалам тартты. 

Қазақ даласындағы ашаршылық туралы американ ғалымы Сара Камерон өзінің «Аштық жайлаған дала» кітабында 1930-1933 жылдардағы аштықтың себебі туралы былай деп жазады: «...Қазақтардың басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, кеңестік билік жағдайындағы олардың өмір салтының тағдыры бір мезетте әрі экономикалық, әрі ұлттық мәселе болды. Яғни, көшпелі мал шаруашылығы дала ресурстарын пайдаланудың ең тиімді жолы ма деген сұрақ та, сондай-ақ қазақ болмысының негізгі белгісі саналатын көшпелі мал шаруашылығын қазақтардың «ұлттық мәдениетінің» бір бөлігі ретінде қолдау қажет пе деген мәселе де қатар тұрды.

Алғашқы кезеңде Мәскеу қайшылықты саясат ұстанып, көшпелі мал шаруашылығының кейбір қырларын қолдап, енді біріне кедергі келтіргенімен, 1928 жылға қарай «ұлттық» және «экономикалық» мақсаттар өзара үйлестірілді. Көшпелі мал шаруашылығы экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі қазақ ұлттық мәдениетінің одан әрі дамуына қайшы құбылыс ретінде жарияланды.»

Аштық тақырыбы жаңа заман әдебиетінде біршама көрініс тапты. Поэзияда халық ақындары Нұрхан Ахметов пен Нұрлыбек Баймұратовтың және Жақан Сыздықовтың поэмалары бар. 

Ақын Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы – аштықтан ауа көшкен елдің басындағы аянышты халді шынайы суреттеген туынды. Арқаның мидай жазығында аштықтан көзі қарауытып, әбден әлсіреген Сағымбай оқыс шешімге келеді. Ол шешім - екі жастағы ұлы Әділді сойып жеу еді:

...Жамылғыш жоқ, кебін жоқ,

Ит пен құстың жемі боп,

Өлдім енді мен деді.

Енді иесіз қалам ба,

Мидай жазық далада,

Жаңыл да еңіреп зарлады!

Біресе жанып күйеді,

Біресе басын сүйеді,

Басқа дәрмен қалмады.

Қалғаның ба далада,

Кім қолғанат балаға,

Жолдасым деп сарнады.

Бір мезгілде Сағымбай,

Басқа ылажы табылмай,

Жаңылға төніп қарады.

Өзгеріліп барады,

Қусырылып танауы,

Көтеріп басын алады.

Көгеріп дене бұзылып,

Кезеріп ерні сүзіліп,

Есеңгіреп қалады.

Жанталасқан ашуға,

Аштық зәрін басуға,

Өзінше амал табады.

Қимаса да амал жоқ,

Содан басқа табар жоқ,

Жемек болды баланы.

Бұл – туындысындағы оқиғаны ширықтыру үшін ақынның қиялдан шығарған дүниесі емес, өмірдің өзінен алынған, аштық меңдеткенде амалсыз адам сойып жеген сан қилы жағдайлардан ойып алынған оқиға еді. Тоқсаныншы жылдар басында «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қызылдар қырғыны» (құрастырушылар: З.Қыстаубаев, Б.Хабдина) атты жинақ кітапта мұндай қасіретті де қорқынышты оқиғалар молынан қамтылған.

Қазақ прозасында аштық тақырыбында әр кезеңде жазылған туындылар баршылық. Атап айтқанда Бейімбет Майлиннің «Берен», «Қырманда» хикаяттары мен «Күләш», «Ашаршылық құрбаны», «Айт күндері» әңгімелерінде аштықтың зарлы күйі, зардабы молынан суреттеледі. «Аштық құрбаны» әңгімесіне аштықтан қиналған отбасының хал-жағдайы арқау болған. Ақыры әке мен шеше бұл қиындықтан құтылудың жолын тапқандай болады. Аштықтан әлдері құрып есеңгіреген ата-ана он алты жастағы Дәмешін амалсыздан сатқалы отыр. Анасы мен қызы арасындағы диалог былайша өрбиді:

« - Әжетай, мен шынымен пұл болам ба? Мен пұл болып әжеттеріңе жарасам, сендерді өлімнен алып қалатын болсам, мың жаным болса да қидым, мен садаға?

- Рас айтасың ба, қалқам?!

- Рас айтам, әже, мен құрбандыққа әзір!

- Ендеше сені Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр. Мал бермейді, үй ішімізді қыстан асырап қана шығады.

Дәмештің жүрегі мұздай боп, тұла бойы қалтырап қоя берді. Тілеумағамбет! Тілеумағамбет алпысқа келген шал. Бай. Екі баласының еншісі басқа. Екі қатыны бар еді, тоқалы биыл жаз өлді. Апыр-ау, өлейін деп отырып қызды қайтеді екен? Өзі өлгенше қатын үстіне болса да, балаларының біріне неге әпермейді екен?.. Болса да сатылатын болған соң, тым болмаса бір жас жігіттің душар болмауын қарашы! Дәмеш отырған күйі қалшиып қатып қалды. Еңіреп жылағысы келіп тығылса да әжесі ренжіп қала ма деп қысылып, тістеніп үнін шығармады. Көзден шұбырған ыстық жас үн-түнсіз бетін бояп, қойнына құйылып жатты...»

Үлпілдетіп үкілеген бойжеткен қызын амалсыз кәрі шалға беріп, аштықтың құрсауынан амал қалу былай тұрсын, тігерге тұяқ қалмаған алыс шеттегі ауылдардың небір ай маңдайлы арулары мен атпал азаматтары аштықтан ісіп-кеуіп ай далада ит пен құсқа жем болған жоқ па? Жүсіпбек Аймауытовтың «Елес», Ғабит Мүсіреповтың «Шұғыла» әңгімелерінде де аштыққа әкеліп соққан заман желінің зәрлі лебі бар. «– Ел жиі отыратын жер еді. Батпақты мен Торғай даласында мал басы миллиондап саналатын еді ғой! - дейді жолдасым Есқожа.– қазір қаншасы қалғанын кім білсін...» Қыр жайлап, мал баққан елді науқаншылықпен күштеп ТОЗ-ға (Товарищество по совместной обработке земли) қамтып, киіз үйлерді бір жерге жинап көше болдырып тіктіріп, оларға Калашөкін, Елтай, Құрамыс т.б. атаулар берген жағдайды ащы мысқылмен шенейді. Елдің кетеуі кетіп, соншалықты қиналып жатса да, өлкенің үлкен басшысының сөйлеген «едәуір сөзінің» сиқы мынау еді: 

«...В Казахстане ни карипов, ни касиров, ни джесиров нет!»

Әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» (Алматы: Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1964 ж.) романында Голощекиннің солақай саясаты туралы кешегі коммунистік дәуірдің өзінде ашық айтылды:

«Голощекин Қазақстанға  «Октябрь келген жоқ екен, оны енді жасау керек» деген «теория» шығарды. ...Содан кейін Қазақстанның ешбір жағдайымен есептеспей, ешбір әдіс-айла қолданбай, көп шараларды қирата, омыра атқарған Голощекиннің республикаға қанша залал келтіргені мәлім. Сол көп залалдың біреуі – 1928 жылы 47 миллионға барған Қазақстанның мал шаруашылығының басын үш жылдан кейін үш миллионға түсіруі, қазақ халқын қатты аштыққа ұшыратып, ойсырата кемітуі!»

«Өмір мектебі» мемуарлық романының заңды жалғасы болушы және 1924-1936 жылдар арасындағы қазақ ауылының өмірін суреттейтін «Есею жылдары» романында алапат аштық және оның салдары туралы батылдықпен баяндалғанын атап өту дұрыс болмақ. 

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына, Горбачевтің қайта құру, жариялылықты ту етіп көтерген кезеңінен бастап, Кеңес Одағы тарихындағы көптеген жабық тақырыптар, соның ішінде аштық тақырыбы жедел игеріле бастады. Атап айтқанда жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романының бір тарауы Жетісу өңірінде болған аштық туралы жазылған еді. 

Жазушы Адам Мекебаевтың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазылған «Құпия қойма» романында қазақ даласына қызылдардың қолдан ұйымдастырған қырғыны кеңінен суреттелді. Көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» («Тамұқ», «Қызыл көпір» бөлімдері), Кәкімжан Қазыбаевтың «Сұрапыл», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Заманбек Жәкеновтің «Зұлмат», Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ» романында, Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай», Төлеген Қажыбайдың «Аран», Нұрдәулет Ақыштың «Рақымсыз көктем», Тұрысбек Сәукетаевтің «Құзғын тойған қыс», Нағашыбек Қапалбекұлының «Жерошақтың түтіні» қатарлы туындыларда қазақ халқының басына тап келген ауыр зобалаңды кезең молынан суреттелді.

Қазақстандық орыс жазушысы Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» деректі романы да аштық тақырыбына арналды. Бұл роман 2017 жылы «Великий джут» деген атпен жалғасты жарияланды және бұл туындының бірінші кітабы қазақшаға «Ғаламат жұт шежіресі» деген атпен аударылып, бірнеше рет кітап болып шықты. «...Соғысқа дейін, шамамен он жасымда, бірде арбамен отын теруге шықтық. Бұта, қамыс, қураған шөп – бәрі пешке жағылатын. Қаладан ұзай бергеніміз сол еді, ағаш доңғалақтар сықырлап, бірдеңенің үстімен аударылып бара жатқандай болды. Жер тегіс сияқты, құм ғана, бірақ арба ауыр жүреді. Әлгі сықыр – біртүрлі, жағымсыз, құлақты кесіп өтеді. Мен арбадан секіріп түстім. Қарасам, айнала толған сүйек. Мұны кім шашып кеткен? Шөп жұлып, бұта теріп жүрміз – барлық жерде сүйек. Кейбірі жер бетінде жатыр, кейбірін құм аздап басып қалған. Кейін адамның бас сүйектері кездесе бастады. «Мынау адамдар ғой... Қаншама адам қырылған?» деп ойладым. Үйге келіп айттым. Үлкендер түсіндірді: бұлар – аштықтан қалаға қарай ағылған адамдар екен, жолда қырылып қалған. Жерлейтін ешкім болмағандықтан, мәйіттер сол күйі шашылып жата берген.

Біз үнемі қаланың сыртында жүретінбіз: бірде шөп шабамыз, бірде отын тереміз, бірде төбелерде ойнаймыз – балалар ғой, айналаны түгел шарламай тынышталмайды. Сенесің бе, жоқ па, бүкіл Торғай адам сүйектерінің қоршауында қалғандай еді. Әлсіреген адамдар аудан орталығына жетіп, бәлкім тамақ табармыз, аштықтан құтылармыз деп үміттеніп, осында қарай жылжыған болса керек...», - деп баяндайды, жазушы өзінің балалық шақта есте қалғандарын санада жаңғырта отырып. 

Сол заманды бастан өткеріп, көзбен көрген өзге ұлт өкілінің қаламынан туған бұл кітаптың оқиғалық, деректік құндылығы жоғары. Мұнда осы кезеңде басын бәйгеге тіккен қазақ зиялыларының да тағдыр жолы сипатталады. Солардың бірі – болашақ классик жазушы Ғабит Мүсірепов болатын. Жазушы Ғабеңнің аштық жылдарындағы іс-қызметі туралы былайша баяндайды: «...1932 жылы Қазақстанды алапат ашаршылық жайлады. Мүсірепов төрт серігімен бірге өлкелік комитетке ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеулер туралы хат жазды. Содан кейін олардың бәрін ұлтшыл деп айыптады.

– «Біз енді құриды екенбіз деп ойладық, - деді Ғабекең. - Қолында қанды қылыш ұстаған сол жендет үшін біздің өміріміз түкке тұрмайтын...»

Сол жылы қыс ерте түсті. Алматыны қазан айының өзінде қар басып қалды. Бір күні Мүсіреповті өлкелік комитетке шақырады.

– «Елің үшін сонша уайымдайтын болсаң, Торғайға барып қайт, - дейді Голощекин кекесінмен. – Сонда өз көзіңмен ешқандай аштық жоқ екенін көресің».

Мүсірепов жолға шығады. Қасына не үшін екені белгісіз, өлкелік комитеттің бір қызметкерін қосып береді. Әрең дегенде, көп қиындықпен Қостанайға жетеді. Ол жақта қақаған қыс еді. Атқару комитетіне келеді. Оның төрағасы Қазақстанға өз еркінен тыс келген адам екен.

– «Е-е, - дейді ол, - сендер де мен секілді жер аударылғандар екенсіңдер. Қайда барасыңдар? Жол иен, боран соғып тұр, Батпаққараға дейін бес жүз шақырым. Тоңып өлесіңдер. Немесе жеп қояды...»

Осының бәрін сабырмен айтады, әрі қалжыңдап тұрмағаны көрініп тұр.

– «Оның үстіне, - дейді тағы, - баратын көлік те жоқ. Малдың бәрін жұт қырып кетті. Атқару комитетінде мен мінетін екі-ақ ат бар. Жарайды, сонша сұранған соң, соларды беремін. Бірақ қарулы күзетсіз жібермеймін. Өмірлеріңе қауіп төніп тұр...»

Олар әрі қарай екі қарулы адаммен бірге шанамен жолға шығады (Мүсіреповтің өзінде де винтовка болған).

Әулиекөл ауылынан асқанда далада боран басталады. Қар аралас шаң күнді жауып, жолды көміп тастайды. Олар бағыттан жаңылып, аттар тоқтап қалады. Сол кезде Мүсірепов қар астынан шығып тұрған сексеуілдің қисық бұтақтарына ұқсас бір нәрсені байқайды. Шанадан түсіп жақындап барса — қар астында адамдардың мәйіттері жатыр. Аралас-құралас, үйіліп қалған. Әрі қарай жүрсе, мәйіттерді қатарлап, штабель етіп жинап қойғанын көреді.

– «Олар жол бойында мұнара секілді тізіліп тұрды, - деді Ғабең - Жолды солардың арқасында таптық. Мәйіттер жолдың екі жағында да биіктеп үйіліп жатты. Өмірімде одан қорқынышты нәрсе көрген емеспін...»

Осы жерде Мүсірепов ауыр күрсініп алып сөзін жалғастырды:

– «Аллаға шүкір, жолда тірі адамдар кездеспеді. Әйтпесе аттарымыз да, өзіміз де аман қалмас едік. Мұны біз түсіндік. Сол үшін бізді азықпен қамтып, аттарға сұлы берген атқару комитетінің төрағасына іштей тағы да алғыс айттық. Әйтпесе құритын едік... Мен оның әлдеқашан бақилық болған рухын әрдайым жақсы сөзбен еске аламын...»

Олар ақыры қар құрсауынан шығып, «өлілер жолымен» жүре береді. Алдарында мүлде қаңырап бос қалған ауылдар жатты. Жергілікті жолбасшы ол ауылдарды атаумен емес, тек нөмірімен ғана атайтын...»

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде тарихтағы ақтаңдақтардың орнын толтыруға мүмкіндік туып, отандық әдебиетте нәубет аштық туралы жазуға кеңінен жол ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2021 жылы 31 мамырдағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде осы бір қасіретті кезеңді ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғырта отырып, мұндай тауқыметті заманның енді қайталанбауы үшін жұмыла жұдырық болуымыз керектігі туралы айтып өткен болатын. Біз мақаламызды осы түйінді сөзбен аяқтамақпыз: «Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды. 

Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті.

...Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз.

Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз.»

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan