Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Балалар әдебиетіне қосылған олжа (жазушы Айнұр Мұр...

Балалар әдебиетіне қосылған олжа (жазушы Айнұр Мұратованың «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағына рецензия)

03.04.2026

106

Балалар әдебиетіне қосылған олжа (жазушы Айнұр Мұратованың «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағына рецензия) - adebiportal.kz

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде тәрбиелік мәні мен танымдық мазмұны үйлескен, көркемдік сапасы жоғары туындыларға сұраныс артып отырғаны анық байқалады. 

Жаны таза, кіршіксіз мөлдір әлемнің иелеріне арналған әйбат шығарма жазылған сайын қуанасың. Ал сондай әдемі, жаныңды баурап алар туынды оқыған сайын төбем көкке екі елі жетпей шаттанамын. Соңғы уақытта мені ерекше қуантқан бір кітапты сүйсіне оқыдым. Кітап атауы – «Шапшаң тасбақа», авторы – Айнұр Мұратова. Алғашқы кітабымен-ақ әдеби ортаны да, балалар мен ата-аналарды да қуантқан жазушы Айнұр Мұратованың шығармашылығы арнайы сөз қозғауға тұрарлық нысана. 

Балалар әдебиетіне олжа салған Айнұр Мұратованың «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағы (Алматы, «Shuaq» баспасы,  2025 жыл, 64 бет) – бүгінгі балалар әдебиетінің мазмұндық және көркемдік мүмкіндіктерін кеңейтетін, жас оқырманның дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған сәтті еңбектердің бірі. Ең алдымен, кітаптың атауының өзі – парадоксқа құрылған символикалық шешім. «Шапшаң тасбақа» тіркесі арқылы автор қалыптасқан стереотипті бұзып, баланы ойлануға жетелейді. Бұл – шығарманың ішкі идеялық өзегін айқындайтын тәсіл: әрбір кейіпкер сыртқы табиғатынан гөрі ішкі қасиетімен бағалануы тиіс. Яғни, баяу көрінген тасбақа да табандылық пен еңбек арқылы мақсатына жете алады. Бұл мотив балаларға «жылдамдық емес, тұрақтылық маңызды» деген өмірлік қағиданы нығыздап ұсынады.

Жинақтағы ертегілердің негізгі ерекшелігі – олардың тәрбиелік сипатының жасандылықтан ада болуы. Автор дидактиканы тікелей насихат түрінде емес, сюжет пен кейіпкерлер әрекеті арқылы береді. Мәселен, жануарлар әлемі арқылы адамдық қасиеттер бейнеленеді: достық, еңбекқорлық, жауапкершілік, сабырлылық сияқты ұғымдар табиғи көркем ситуациялар арқылы ашылады. Бұл – балалар әдебиетіне қойылатын басты талаптардың бірі.

Кітаптағы тілдік қолданыс та ерекше назар аудартады. Автор қарапайым, түсінікті, бірақ сонымен қатар бейнелі әрі әсерлі  көркем әдеби тіл қолданған. Баланың қабылдау ерекшелігі ескеріліп, сөйлем құрылымдары жеңіл, ырғақты келеді. Сонымен бірге мәтінде ұлттық таным элементтері, қазақы дүниетанымға тән образдар мен ұғымдар ұшырасады. Бұл кітаптың тек тәрбиелік бағытын ғана емес, мәдени-танымдық маңызын да арттырады. Және бұған кітаптың ағылшын тіліне өте сәтті аударылып, егіз кітап форматында шығуын қосыңыз (Жалпы болашақта әдеби шығармалардың бәрі гибридтік нұсқада дамитын болады.  Осы «Шапшаң тасбақа» кітабы қазақ, ағылшын тілінде егіз кітап, яғни twin book форматында басылып шығуы арқылы Bilingual edition өнімінің қаншалықты құнды екенін еске түсірді – Е.Т.). 

Көркемдік тұрғыдан алғанда, кейіпкерлер жүйесі жинақы әрі функционалды. Әр кейіпкер белгілі бір мінез бен идеяның тасымалдаушысы ретінде қызмет етеді. Бұл – ертегі жанрына тән шарттылықпен үндеседі. Сонымен қатар оқиғалар динамикасы балалардың қызығушылығын сақтай отырып, оқиғаның ішкі логикасын бұзбай өрбиді.

Иллюстрациялық шешім (суретші мектеп оқушысы Ғазиза Мұратбек екен)  мәтін мазмұнымен үйлесіп, баланың қиялын дамытуға қызмет етеді. Балалар кітабы үшін визуалдық мәдениеттің маңызы зор екенін ескерсек, бұл жинақтың көркем безендірілуі оның әсер ету аясын кеңейтеді.

Сайып келгенде, Айнұр Мұратованың «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағы – қазіргі қазақ балалар әдебиетінің талаптарына жауап беретін, тәрбиелік және танымдық әлеуеті жоғары туынды. Бұл кітап жас оқырманға тек қызықты оқиға ұсынып қана қоймай, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Сондықтан аталмыш жинақты мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған сапалы әдеби өнім ретінде бағалауға болады. 

Автордың қаламына сәттілік тілеп, жаңа да тың ертегілеріңізбен көпшілікті қуанта беріңіз дегіміз келеді. Сәттілік! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan