Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«Балалар басылымы қолдауға зәру...»...

«Балалар басылымы қолдауға зәру...»

02.04.2026

244

«Балалар басылымы қолдауға зәру...» - adebiportal.kz

Бүгін (яғни 2 сәуір)  Данияның ұлы ертегішісі Г.Х.Андерсеннің туған күні. 1967 жылдан бастап бұл күн Балалар кітабы жөніндегі халықаралық кеңеспен (International Children’s Book day) бекітілген «Халықаралық балалар кітабы күні» болып мерекеленіп келеді. 

Айтпақшы, 1956 жылдан бері екі жылда бір рет үздік балалар жазушыларына сондай-ақ, балалар кітаптарының иллюстраторларына халықаралық Г.Х.Андерсен атындағы сыйлық беріледі. Балалар дегеннен шығады ғой… Біз осы «Халықаралық балалар кітабы күні», «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақашпен аз-кем тілдескен едік. Енді екеуара сол сұхбатты назарларыңызға ұсынсақ дейміз.

–Ереке, «Балдырған» журналының бас редакторлығына келіп жатқан жайыңыз бар екен. Бәрі де құтты болсын. 1958 жылдың бедерінен бері шығып келе жатқан тарихи басылымның бұдан кейінгі бағдары қалай болмақ? Жаңа редактор ретінде жаңа жоспарларыңызбен бағыттарыңызды бөлісе отырсаңыз?

– Иә, «Балдырған» журналына бас редактор боп келгеніме екі жылға жуықтап қалды. Бұрын әр санын асыға күтіп, балаларыммен бірге оқып, тиіп-қашып балалар тақырыбына жазған дүниелерім жарық көріп жүрген ыстық басылым болатын. Басшылық лайық көріп, балалар басылымын бірге дамытуға ұсыныс айтқанда бірден келісім бердім. Себебі, осы күнге дейін баспасөзде біраз шиырладық. Газет пен журналдың, тіпті, баспаның да ішкі әлеміне біршама еніп, қыр-сырын түсінгендей болдық. 

Енді, сол азды-көпті тәжірибемізді бүгінгі таңда ең өзекті мәселеленің бірі – балалар әлеміне, балалар баспасөзіне белсенді араласып, құлшына кірісіп жатқан жайымыз бар. 

Бұл орайда, ашып айтар болсақ, балалар басылымы қолдауға зәру. Қолдау болғанда, мүсіркеп, аялап, жан ашу тұрғысынан емес. Оқырман ретінде, әр отбасы, өз баласының жас ерекшелігіне қарай, лайықты басылымға жазылу мәдениетін қалыптастыраса деген ниет-тілегіміз бар. Баспасөзге жазылу – үлкен мәдениеттің, зиялылықтың белгісі. Газет-журналға жазылған үйдің ой-өрісі, ахлақ-әдебі бәрібір басқаша болады. 

Әр бала отбасынан көрген тәрбиесі, өнегесі бойынша, ертең қоғамның бір мүшесіне айналады. Сол бала ата-анасы жаздырып берген газет-журналды оқып, сыйлаған кітаптарды талқылап, өзара пікір алмасуды әдетке айналдырып, өмір салтына сіңіре алса, ол ата-ананың жеңісі, баланың да жемісі  болар еді...

«Балдырған» әу бастан бағдары айқын, мақсаты белгілі басылым. Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған әдеби-көркем, суретті журнал. Әр сандағы материалды сұрыптап, өңдеп, балалар деңгейін ескеріп, жас ерекшелігіне қарай лайықтап, үздіктерін ғана жариялаймыз. Алдағы уақытта да, осы бағыттан, көркемдік үлгімізден ауытқымаймыз деп ойлаймын. Себебі, бұл – оқырман талабы. 

Кейінгі жылдары журналда бір топ жас авторлар қалыптасып, балалар әдебиетіне еңбек сіңіріп жүр. Атап айтар болсақ, Олжас Қасым, Ернұр Сейдахмет, Айдана Сегізбай, Еділбек Дүйсен секілді жігіттер өлең, проза, жаңылтпаш жазып, балалар тілін тауып жүрсе, Әдина Әбдібайқызы қызықты да, сырлы ертегілерімен өз оқырмандарын тәнті етіп келеді. 

– Сіз балалар журналын басқарып отырған редактор, әрі қаламгер ретінде қазіргі балалар қандай дүниелерге қызығады? Осы жайды барынша шашақтап, кең таратып айтып берсеңіз? 

– Негізінен балалар әңгіме, ертегі, өлең, жаңылтпаш, комикс бәріне қызығады. Ақтөбеден атын Айнұр, – деп таныстырған замандасымыз: «Ұлымның тілі шықпай, кешеуілдеп жүр еді, журналдағы жаңылтпаштарды оқып, қайталауын күнделікті қолға алып едім, былдырлап сөйлеп кетті» деп қуанышымен бөлісіпті. Төрт ай бұрын журналдың жаңа саны шыққанын сүйіншілеп, әлеуметтік желіге жүктегенмін. Арада екі күн өткенде, Германияда тұратын Орманбекова деген әпкеміз былай деп хат жазып жіберіпті: «Менің марқұм әкем 1960 жылдары «Балдырған» журналын үйге алып келетін. Мамам екеуі «Жұлдызды» оқып, бізге – балаларға «Балдырғанды» оқытатын. Орыс мектебін бітірсем де, сол журналдарды оқып өстім. Қырық жылдан астам Германияда тұрып жатырмын. Қазақ тіліндегі журналдарды оқымағанда ана тілімді шала бірер ме едім деп ойланып қалдым кеше» депті хатында. 

Ол кісінің сөзін сол күйі келтіріп отырмын. Бұл хат мені қатты ойландырды. Баспасөздің күші, мүмкіндігі шексіз ғой. Тек соны ұлт мүддесіне, ел ертеңіне дұрыс пайдалануда әңгіме...

Жақында журналист Арман Әубәкір хабарласты. Көзінің ағымен-қарасындай бес қыз тәрбиелеп отырған қамқор әке, мейірімді отағасы. «Балдырғанға» екі-үш жылдан бері үзбей жазылып жүр. Қыздары сөзжұмбақты, « Өзің бояп ал!» деген суретті асыға күтіп, балалық әсерін әкесімен, әпкелерімен бөліседі екен.   

Белгілі журналист, қаламгер Мирас Мұқаш кішкентай қызының «Балдырғанды» оқып, суретттерін бояғанын, сөзжұмбақты бірлесіп шешкендерін боямасыз жеткізді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тек есіме түскендерін ғана айтып отырмын. 

Бүгінгі балалар басқаша... оларды таңғалдыру немесе өз дегеніңе көндіру оңайға соқпайды. «Сәби, жас, бала» деп қарағанымызбен, қолдарындағы телефон арқылы көп нәрсені бізден бұрын көріп, хабардар боп отырады. 

Ата-ананың тәлім-тәрбиесінен гөрі, виртуалды әлемнің жетегінде кеткен ұрпақ. Оларды кітапқа, газет-журналға қызықтыру үшін «Балдырғанда» телефон мен кітаптың, сондай-ақ, табысқа жеткен тұлғалардың өмірін көркем шығармаға айналдырып жариялап келеміз. Оқып, қызығып жатқандан оқушылар баршылық. 

Балаларды баспасөзге баулу үшін, ата-аналар өздері бір уақ баласымен бірге кітап, газет-журнал оқып, ондағы қызықты дүниелерді талқылау керек. Жақсы әдет бірте-бірте қалыптасып, ары қарай баланың өзі-ақ қызығып, оқуға құштар боп кетеді. 

– «Балдырған» журналын айтқанда қазақтың аса көрінекті қос классик ақындары, әрі басылымды ұзақ жылдар бойы басқарған Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев есімдерінен аттап өте алмаймыз ғой? Осы екі тұлға есімін ұмытпай, ұрпаққа насихаттауда  журналдың атқарып отырған  жұмысы қандай? 

– Өте орынды, жақсы сұрақ. Мұзафар атамыз өлеңге, әдебиет дейтін қасиетті өнерге көп үлес қосты. Әр жанрда талмай, жалықпай еңбек етті. Қадірін білген үлкен-кішіге ізетін де, көмегін де аяған жоқ. Оның еңбекқорлығы, қатар шапқан қос жүйрік – Қадағаң мен Тұмағаңа үлгі болды. Біраз жыл бұрын Мұзафар Әлімбаевтің жүз жылдығы «Қазақ газеттері» ЖШС ұйымдастыруымен кітапханаларда, мектептерде аталып өтті. Ол кісінің қасиетті туған топырағынан елдің сәлемін, әкімнің аманатын арқалап, арнайы делегация келді. Көрнекті ақын, балалар әдебиетінің корифейіне ас беріліп, көзін көрген, ізбасар інілері, ақындар, жазушылар естелік айтты. 

Мұзафар атамыздың еңбегі, әсіресе «Естай-Қорлан» дастаны мен балалар тақырыбына еркін тыныстап, нысанаға дөп тигізетін ойнақы өлеңдеріне біз әлі қайтіп соғамыз деп ойлаймын. 

Былтыр «Тұма жырдың Тұманбайы» атанған көрнекті лирик, халық жазушысы, Тұманбай Молдағалиевтың 90 жылдығы аталып өтті. 

Жалпы, былтыр қазақ сөз өнерінің кіл саңлақтары мерейлі жасқа бірінен кейін бірі толып жатты. Өздері өмірден өтіп кеткенімен, еңбектері ескеріліп, кітаптары қайыра жарық көрді. 

Біз «Балдырған» журналының ұжымы ақылдаса келе, Т. Молдағалиевтың 90 жылдығына орай «Біз бақытты баламыз» деген балалар шығармашылығына арналған байқау жарияладық. Балалар тақырыбына арналған поэзия, проза, ертегі жанры бойынша үш жанрды қамтыған конкурсымызға 132 қаламгерден шығарма келіп түсті. Мектеп оқушыларымен, ұстаздар қатты қызығушылық танытып, белсене араласты. Нәтижесінде, ертегі жанры бойынша ақтөбелік Інжу Күбейова деген мектеп оқушысы үшінші орынды жеңіп алды.  Нұрлан Құмар, Айдана Сегізбай, Елдос Тоқтарбай қатарлы жастар жүлделі орыннан көрінді. байқауға есімі елге танымал мәдениет пен әдебиет жанашыры, қоғам қайраткері Бекзат Қомарұлы Алтынбеков демеуші болғанын айта кеткен жөн шығар. Ол кісіге Алла риза болсын. 

«Балдырған» журналы балалар әдебиетіне еңбек сіңірген әр қаламгерге есігі ашық, төрі дайын. Жас таланттарға да көп мүмкіндік берудеміз. Тек бала тілін тауып, жақсы жазса ғана болғаны...

Алдағы уақытта да, қаламгерлерге шабыт сыйлайтын, байқаулар мен комикс жанрында түрлі ісшаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бәрі қаржыға келіп тіреледі ғой. Биыл «Балдырған» журналы алғаш ашылған күннен еңбек еткен, балалар әдебиетінің бағбаны Әнуарбек Дүйсенбиев ақынның 95 жылдығы. Ақынның мерейтойына орай, «Ұлан» газетінің бас редакторының орынбасары Аслан Тілеген «Ақ мамам» деген кітабын көркем безендіріп, өз қаржысына басып шығарып отыр. Кітап өте тамаша, сапалы шыққан. Бізде іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап жүрміз. Бәрін уақыт көрсетеді...

– Бізде не нәрсені болсын ғылыми зерттеу, дәлірек айтсақ әлеуметтік сауалнама жүргізу мәселесі тым кемшін ғой. Мұны арнайы айтып отырғаным,  бәлкім біз бүгінгі балалар психологиясын әбден зерттеп, зерделеп алғаннан кейін ғана олар жайында шығарма жазуымыз керек шығар?  Осы жердегі әлеуметтік зерттеу дегеннен шығады ғой. Бұл өзіңіз басқарып отырған  басылымға да жат емес дүние деп ойлаймын.Мысалы, балалардың өзіне «Балдырған» журналын шығарту деген секілді бастамаларды неге экспримент ретінде қолданып көрмеске? Сіз біздің бұл ұсынысымызға не дер едіңіз?

 – Ойыңыз қызық әрі тосын екен. Оқушылар өлең, тақпақтарын редкция почтасына жолдайды. Қуана қабылдап, оқып кеп жібергенде таныс шумақтар көз алдымызға жарық ете қалады. Бірі – Тұманбай ағамыздың ертеректе жазған бір шумаған өз атынан жолдаса, енді бірі – Қадыр аға боп көсілтеді. Содан, ұстазына қоңыраулатамыз. Телефонның аржағынан қысылған, қызарақтаған бейнені көз алдымызға елестетеміз. Жақында бір оқушы Алмат Исәділ боп өлеңдетіп жіберіпті. Оған да ескерту жасадық. Көп оқуын, асықпай, ойланып-толғанып, іште пісіріп барып қағазға түсіруін ескерткен болдық. 

«Менің оқушымның өлеңі шықты ма? Қашан шығады?» деп қайта-қайта сұрақ берген ұстазды ыңғайсыз күйге түсірмей, оқушыға түсіндіруін талап еттік.  Қарапайым оқырманды былай қойғанда, аты-жөні қалыптасқан қаламгерлердің өзі балаларға жазуды оңай, жеңіл көреді. 

Бұл – балалар әдебиетінің қыр-сырын терең түсінбегендіктен туған ұшқары ой деп есептеймін. «Ең қиыны – балаларға арнап жазу» дегенді Горький тегін айтпаса керек. Баланың тілін табу, иландыру, қанаттандыру үшін тапқырлық, дәлдіктен де маңызды дүние бар. Ол – шеберлік. Ішкі тазалық дер едім...  Балалар психологиясын жап-жақсы меңгерген тәуір жазушылар, ақындар бар. Тек оларды қолдап-қуаттау жағы кемшін түсіп жатқан сияқты. Жалпы, балалар басылымына, балалар әдебиетіне көзқарас, ниет-пиғыл мүлдем басқа болу керек. Бір сөзбен айтқанда, жоғары биліктен қолдау керек. Жақында үш студент «Балдырған» журналынан өндірістік тәжірибеден өтті. Жазулары бір ізге түспесе де, талаптары жақсы болашақ журналистерге білгеніміз бойынша жөн сілтедік. Оқып та, жұмыс істеп те үйренген жастар қолға көп түсе бермейді. Ал екі-үш оқушы ата-анасымен редакцияға келіп, жұмыс барысын тамашалап кеткен еді. 

– Әрине, кешегі баламен бүгінгі баланың психологиялық  көзқарасын еш салыстыруға келмейді ғой. Бірақ балалар бәрібір көркем әдебиет оқуы керек. Басты мәселе сол, көркем әдебиетті қалай жазуымызда болып отыр ғой. Осы жағынан келсек, бізге дәл қазір қандай балалар әдебиеті керек? Бұл сауалдың (Сіз кәсіби балалар жазушысы болмағандықтан) бәлендей қатысы болмаса да осы сауалды жалпы қолыңызға қалам ұстаған қаламгер ретінде өзіңізге қойсам деймін. Балалар әдебиетіне мемлекет тарапынан біршама көңіл бөлініп, қаламгерлер қауымы қадери-қалінше еңбектеніп те жатыр. Солай десек те балалар әдебиетінің көсегесі көгеріп алға жылыстамай жатыр? Мұның себебін сіз нендей себептер мен факторлар негізінде түсіндіріп береген болар едіңіз? 

– Қазақ қаламгерінің міндеті – қазақтың болмыс-бітімін, кешегісі мен бүгінін өтірік қоспай, көркем тілмен келісті ғып оқырманға жеткізу. Яғни, қазақтың образын жасау. Ұлттың жоғын түгендеп, барына нақты баға беру. 

Кешегі баламен бүгінгі баланың көзқарасы, психологиясы салыстыруға келмесе де, ұлттың өзегіндегі рухани код ежелгі қалпын сақтап қалуы керек. Сонда ұлттың өзегіне түбінде бір айналып соғады. Әрине, оған біз қызмет жасауымыз керек.

Елдің ертеңі бүгінгі жастар деген сөз ұранға емес, нақты іс-әрекетпен жүзеге асуы тиіс. «Балдырған», «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газеті әр шаңырақта тұратын басылым. Себебі, бұл үш басылым, бастауыш  пен жоғары сынып оқушыларының өсіп-жетілуіне, ой-өрісінің қалыптасуына тікелей әсер етіп қана қоймай, олардың дұрыс жол таңдауына ықпал етеді. Қысқасы, тәрбие құралына айналады. Біз мүмкіндігіміз жеткенше, аудан, ауылдарды аралап, іс-сапарға шығып жүрміз. «Әлі жарық көріп жатыр ма?!» деп таңырқағандар да болды. Ескі досымен сағынысып көріскендей, бала кезінде оқыған сүйікті басылымдарын аялай парақтап толқыған замандастарымызды да көрдік.  

Баланы, жас ұрпақты заманның, қоғамның ықпалымен емес, ұлттың өткені мен бүгінін салыстыра түсіндіріп, өз көзқарасын қалыптастыра алатындай тұлға ғып тәрбиелеуіміз керек. Қай кезде де қоғамға өз пікірі жоқ адам қауіпті. 

Сондықтан өзімізге, ұлт жанына көбірек үңілуіміз қажет шығар. Балалар әдебиеті туралы терең білгісі, зерттегісі келетін адам «Балдырған» журналын оқысын. Жақсы дүниелер әр сан сайын жарық көріп жатыр. Бізде тек соны оқу, рухани айналымға айналдыру жағы кемшін...   

 

-Тұщымды сұхбатыңызға көп рахмет. «Балдырған» журналының мазмұны бай болып, қашанда биіктерден көріне беріңіздер!

 

***

Ерғали БАҚАШ – ақын, 1982 – жылы туған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Жастық жалыны» «Адамтас», Тылсым түн» кітаптарының авторы. «Жас толқын», «Қазақ пен қала», «Үркер жаққан он шырақ» атты ұжымдық жинақтарға әңгіме-өлеңдері енген.
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Дала», «Жұрағат», «Алаш», «Дарабоз» журналдарында жауапты хатшы болып қызмет атқарған. «Бөбек» орталығы Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының баспа бөлімінің редакторы болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда «Қазақ газеттеріне» ЖШС қарасты «Балдырған» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan