Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Бақыт Беделхан. Қара өлең – қаншеңгелім...

Бақыт Беделхан. Қара өлең – қаншеңгелім

158

Бақыт Беделхан.  Қара өлең – қаншеңгелім - adebiportal.kz

БІРЕГЕЙ БАҚЫТ

Бірер жыл бұрын мәдени байланыстардың өрісін кеңейте түскен бір тамаша бастама аясында қазіргі қаламгерлер шығармашылығының насихатын арттыруды мұрат тұтқан, әрқайсысы 60 баспа табақтан астам үздік әдеби үлгілерді жинақтаған бес томнан тұратын «ТМД ЕЛДЕРІНІҢ ЗАМАНАУИ ӘДЕБИЕТІ» атты аса ауқымды антология жарық көрген. Он бір мемлекеттің тәуелсіздік дәуірінде танылған таланттарының таңдамалы туындыларын қамтыған қалың кітаптар қатарындағы «Поэзия» томына (жаныма жақыны да сол ғой!) алғысөз жазуды жобаның үйлестірушілері маған сеніп тапсырған болатын. Еңалдымен назарымды аударған жайт – жалпы жобада біздің қаламгерлердің басқалардан көптігі. Қазақ ақындарының «Алтынкөпірліктер» атты алапат буынының бұл баламасы жоқ антологияға тұтастай кіруі де әдебиетіміздің әлеуетінің күштілігін аңғартса керек. Тіпті ТМД дәулеттеріне ортақ жаңа әдеби сыйлықтың «АЛТЫН КӨПІР» аталуын да қуанышты, бірақ қалыпты дүниедей қабылдадық.

Бақыт Беделханның шығармашылығымен осы жоба барысында жақынырақ танысып, қаламының қуатына разы болғаным рас. Оның поэзиясында асқақ рух та, аса нәзік иірімдер де, ақылды түйіндер де бар. Ол Отанға сүйіспеншілікті суреттеудің, ел мен жерге аңсарды айшықтаудың ғана емес, махаббаттың мың бояуын мінсіз бейнелеудің де хас шеберіне айналып үлгерген екен. Ал астарлы мәнге ие фәлсафалық шығармалары жайлы жазуға анағұрлым үлкен алаң қажет. Мына шумақ айтылған аңдатпаның айғағы болмақ:

«Біздікі болатын Бұл Шаһар,

Ұшы-қиыр, шет-шектеуі мүлдем жоқ.

Бірте-бірте боп кетерін мұнша тар,

Біле алмадым, білгем жоқ!»

Бақыттың бұл күнде бірнеше тілге тәржімаланған «Шаһарнаме» хамсасы қанша күн Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Халықаралық кітап мерекесіне қатысушылардың тіл ұшында жүрді. Жан-жақтан бес томдықтың таныстырылымына келген әріптестеріміз де бұл туынды туралы жып-жылы пікірлерін білдіріп жатты. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жырларының жаңғырығы жаһанға жетсін! Біз де ақынға абырой биігін тілейміз. Себебі... БІЗДІҢ БАҚЫТ – БІРЕГЕЙ БАҚЫТ.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,

ақын, Халық жазушысы,

 Қазақстанның Еңбек Ер

ҚАНШЕҢГЕЛ

Бар әлем – қанатымда,

қара өлең – қаншеңгелім.

Хан емес, дара тұлға –

Байтақ Ел, бар сенгенім!

Мен көргенмін атамның қамшы өргенін,

қамшы өрімде қам көңіл тамшы өлгенін….

Тарамыс боп қалғанмын тамшы өлгенде,

қаламұш боп жанғанмын шам сөнгенде.

Ар-намыс боп қалғанмын қайғырмай-ақ,

мен сөйтсем, баяғыда- ақ өліп қаппын,

тырысып баққанменен қанша өлмеуге.

Дүнием – кең, тағдырым – тар шеңберде,

тамшы жасқа тұншықтым зар-шерлерде.

От пен суға зар болған тән-тарамыс

жапан түзде қалғандай,

жан шөлдеуде!

Жалғыз жортып,

жабығып келгеніңде

Жан сырыңды айтқанмен, жар сенген бе?!

Жер мен көкке жетпеген жетім сөзді,

Ел мен бекке өтпеген жетім сөзді

тағы да қамамаңдар тар шеңберге!

Мен ештеңе айтпаймын,

ал... сендерге…

 

АДАСҚАҚ

Кімге?

Неге?

Не үшін?

Қайда барам?

Адасып келгендеймін айдаладан.

Күмілжіп күрсінгенде Күнге барам,

аңырып адасқанда Айға барам.

Адам іздеп, таппасам айналадан,

сонда мен қайда барам?

Қайда барам?

Қаңбақпын жел айдаған.

Жел айдаған сол сәтте сені ойлағам.

Жалғыз боп, жапа шегіп жүргеніммен,

екеу боп көрінемін неге айнадан?

Неге айнадан екеу боп көрінемін,

ессіз емес едім ғой ел ойлаған (?!)...

Ел ойлаған ессізің мен емеспін,

періштемен бірақ та тең емеспін.

Адамдықтың ақ жолын ар тұттым да,

тағдырыммен таластым, ерегестім.

«Пәруәрдігер, бейшара!» - дерсің, бәлкім,

бірақ та ол... мен емеспін!

 

* * *

Сенің уайым-шырылың –

қайың шырынын қақтап сауғандай.

«Оның не жазығы бар?» - деймін...

Ақ адал, аппақ жандардай.

Біреудің көз жасын біреу қорек ете ме?

Керек ете ме? Білмеймін!

Өзіне оның керек шығар, бәлкім,

көтеру үшін зілдей мұң...

Иә, мен қайыңның құлағанын көргем,

жылағанын көргем.., міз бақпай.

Айтқанмын оған тілегімді де,

жүрегімді де мұздатпай.

Ол неге сонша мейірімді екен?!

Пейілін бөтен көргем жоқ...

Жанымды арбап алдың ғой тағы,

бармын ғой, әлі өлгем жоқ!..

 

* * *

Келем-кетем,

келген-кеткен өмірді өлеңдетем.

Терлеп жеткен несібем осы шығар,

көгеріп-көктегенін көрер ме екем?!

Келдім-кеттім.

Айдалаға тебілген теңбіл доппын...

Ала-құла дүниенің арасында жүре алады

тап-таза, мөлдір боп кім?

Келгем-кеткем.

Іздей көрме мені анау жер мен көктен...

Мен – даланың бір жұтым жұпарымын,

тынысы тарылғанға дем боп жеткен.

Нені ұғарсың?!

Тектіліктің тек қана тегі қалсын!

Жыр оқиын, сен тыңда...

Ал тіршілік тынықсын да дем алсын,

демін алсын.

 

* * *

Сен тыңда ақыл емес, ақ жүректі!

Ақ жүрек нұрландырар арлы бетті.

Шырылдат

бозторғайын боз далада,

жымыңдат

жұлдызды аспан – мәңгі көкті!

 

Тыңдағын,

байқұс не деп сыр айтады?!

Біреулер қарамасын сынай тағы…

Қамығып қайта-қайта зар кешпесін,

сен түгіл,

ол мені де мұңайтады.

 

Мұңданған жүрек тыныш жата ала ма?

Ұшпаққа сені ұшырып апара ма?

Менің де кіп-кішкентай шуағым бар,

қамалған құсаға да, қапаға да…

 

Сен тыңда ақ жүректі ақылшыңды!

Кейде ол лаулап жанған лапыл сынды.

Сол ғана,

сол ғана айтар өртеп алып,

жаныңа жалау болар жақын сырды.

 

* * *

«Жұмыр жердей жүрегім бар», - деп едім,

Төрт мезгілін қатар көріп келемін.

Көктемі кеш, келген соң ба қысы ерте,

Өмірімнің жайғызбай жүр желегін!

Күреңіткен күзім – келте, жаз – қысқа.

Бұл не сонда,

Табиғат па, жазмыш па?!

Қараймын да мынау ақ пен қараға,

Сан түрлі ойды сіңіремін санама.

Қып-қызыл түн қара қазан секілді,

Таң атқанда тағы күйе жаға ма?

Толды айналам, өкпе-нала, назаға,

Бұл не сонда,

Жазмыш па, әлде, жаза ма?!

Мен қашпаймын тағдырымнан сынаған.

Бәлкім, менің осы шығар сыбағам...

Төрт мезгілің төңкеріліп түссе де,

Кім бар дейсің жағдайыңды сұраған?!

Жетер енді!

Желпілдеген жел, білем…

Елпілдеген ессіз емен енді мен.

Келте күзді іздемеймін еш жерден,

Көктемді де күтпейді екем кеш келген! 

 

ТӘҢІРМЕН ТІЛДЕСУ

Келе алмай

не байламға,

не шешімге,

мұң шағып кетіп ем ғой кеше Сізге.

Ал бүгін бақ пенен сор бірге ойнап жүр,

жын-жыбыр...

Алматының көшесінде!

 

Не деп айтам?

Берейін, не деп көмек?

Бұл өкпелеп өзіне, ол өкпелеп;

Алматы көшесінде қыдырып жүр

шыр-пыр болған

Жан мен Тән,

бөлек-бөлек!

 

Сайтанның да бітпеген сауығы әлі.

Сауығады, қайтадан мауығады.

Қонатұғын жер таппай, көкте жылап,

айқайлап тұр...

Аталар Аруағы!

 

«Ақырзаман!» -

деймісің?! Алда көрер

зауалың ба, жоқ, әлде, зарға берер?

Біреулер шын тозақты «осы» деп жүр,

Үндемейін.

Бір Өзің, жар бола гөр!

 

* * *

«Қош, қош!» - дейсің,

батқан Күн шапағындай.

Ал қоштасу.., болмайды қапа-мұңдай!

«Қош» дегенін көргенмін Айдың да анау,

Аппақ нұр мен қалдырып айдынға алау.

Бұлт та көшіп барады, тауды асқандай,

Жұрт та көшіп барады, жауласқандай.

Көшің сондай болған соң,

дос та сондай...

Қорс-қорс етіп жылайды, қоштаса алмай.

Тазалық та, пәктік те, балалық та

Сені: «Жетсін», - деп қалар, –

«Даналыққа!»

Уақыт та өтер қасыңнан дым білдірмей,

«Қош» дегенін сезбейсің, ділгір-күндей.

Бақыт кетер басыңнан қимай қарап,

«Қош» дегені сол шығар,

иланбай-ақ...

Қоштасудың тарқатсам тағы шерін:

Соры – бағың,

кей кезде бағы – сорың.

Жүрегіңе үңілші, жүйкеңе емес,

Қимастық қой,

қимастық – бәрі соның!

 

ЖЫҢҒЫЛ, ҚАЙЫҢ

Дегенде:

«Жыңғыл, қайың –

жыңғыл, қайың!»

Кім біліп жатыр дейсің, кімнің жайын?

Өзіңді әнге қосар әжем де жоқ,

Тамызар, атам да жоқ, тілдің майын...

 

Селкілдеп

сен жылама,

жыңғыл, қайың!

Желкілдеп тұрған бойда тұлдырлайын.

Жүректің жүгін артып, жүнжісек те...

Арқалап біздер жүрміз бір-бір уайым.

 

Сен енді айдап салма, жыңғыл, қайың!

Атымды Ар мен Рухқа шылбырлайын.

Біріңнің кітабыңа тәпсір айтып,

Біріңнің бұтағыңа қылғынбайын.

 

Ой, пірім-ай, неғыл дейсің, жыңғыл, қайың?!

Өтірік, не деп саған былдырлайын?

Құрметтеп,

Құдайымды танығанмен,

Мен онша білмеймін ғой діннің жайын...

 

УАҚЫТ пен БАҚЫТ

Сен не деген сұмдықсың, сұрапылсың?!

Мен сүйген ақыннан да ұлы ақынсың!

Сенімен сырласайын, қабырғада

тықылдаған өсекші тұра тұрсын...

Тына тұрсын

жалғанның бір шырылы,

естіліктің естілсін бүршік-үні!

Көтермейді олардың әңгімесін

жабырқаған жанымның күрсінуі.

Неге жанды жазықсыз жазғырасың?!

Алдайсың да өтірік мәз қыласың...

Қуанарда – қасымды көп қыласың,

жұбанарда – досымды аз қыласың.

Неге маған жұрт білмес жоқты іздеттің?

Жоқты іздеттің,

мен соған: «Жоқпыз!» - деппін...

Бар дүние базары ортасында

өзімнің бірдеңемді өткізбекпін.

...Айтпақшы, сен қадірі жоқ суым едің.

Мен қашан сусыз өмір сүріп едім?

Бір кезде жүрегімдей жылып едің,

бұл күнде көңілімде суық едің.

Ауадай алғаш жұтқан, уһілеттің...

Мен содан

Күннен соңғы бүкіл отпын!

Сол оттың жалынына жанды салып,

жанайқайым шықса да шүкір еттім.

Арғы күнді қайтейін, бергі мұңмын (?!).

Тек өзіңде еншісі ендігімнің!

Уақыт, сенің соңыңнан қуамын деп,

озып кеткендігімді енді білдім...

 

КЕШІРІМ & КЕҢДІК

Сен кешір мені,

ғафу ет, тағы өтінем!

Мен жүрген жермен жаныңмен бірге өтіп ең...

Арманның ойлап қол жетпес қия-шыңдарын,

ойқастап кетсем, жалғанның ойнап отымен.

Сен кешір тағы,

тағы да мені ғафу ет!

Алқынбай жүріп асудан талай асып ек.

Ренжітіп алған кездерім көп қой,

сезгем: «Ол

(Жүрекпен сездім!) –

дір еткен көздің жасы», - деп.

Тәңірім кешсін,

тағдырым – солай, тарпаңдау.

Кімдерге керек асауды тұсап, арқандау?

Сен кешір, жаным,

кесіліп түссін кесірлік.

Қиын ғой, қиын... жүрекке сенім арта алмау.

Келешек бар ғой

кешірім менен кеңдікте...

Біз оған әркез сабырмен тізгін бердік пе?

Тағдыры бөлек, тар жолы бірге жандарды

шақырайықшы

Махаббат пенен Өрлікке,

Шақырайықшы

Кешірім менен Кеңдікке!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan