«Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!..»
Биыл елімізде 4 млн-нан астам оқушы мектепке барса, оның 380 мыңнан артығы алғаш бірінші сыныпқа қадам басуда.
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн – мыңдаған баланың мектеп табалдырығын аттап, қолына алғаш қаламын ұстап, білім атты айдынға жол ашатын ерекше күн. Бірі алғаш рет мектепке қадам басса, енді бірі жазғы демалыстан кейін сыныптастарымен қуана қайта қауышады. Қоңырау үні сыңғырлаған дәл осы күні қазақ даласына алғаш білімнің шамын жаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі еріксіз еске оралады.
«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!»,-
деп бар қазақ баласын оқу-білімге шақырған алғашқы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің бұл өлеңі ғасырдан астам уақыт өтсе де, өз құндылығын жоғалтқан емес. Бүгінгі оқушының ауызынан дәл осы өлең жолдарын естігенде мұны анық түсінеді екенсің. Биыл елімізде 4 млн-нан астам оқушы мектепке барса, оның 380 мыңнан артығы алғаш бірінші сыныпқа қадам басуда.
«...Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз балалар
Шамнан шырақ жағылар
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ, табылар», -
деп жалғасатын өлең жолдарын білмейтін қазақ кемде кем шығар. Бұл – жай ғана ұйқасқан тармақтар емес. Бұл – белгілі бір кезеңде тұтас қазақ қоғамының алдында тұрған үлкен мәселенің көркем жауабы еді. Ыбырай үшін білім – жеке адамға тиесілі жетістік қана емес, тұтас ұлттың болашағын айқындайтын алып күш бола білді. Ұлы ұстаздың оқуға шақырған осы өлең жолдары бүгінгі оқушының білімге жетелеген ұранына айналғандай. Тіпті теңдессіз шумақтардың заман өзгерген сайын мәні тереңдей түсуде.
Ыбырай Алтынсарин өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында білім беру жүйесінің негізі де жоқ еді. Мектеп ашу, бала оқыту, оқулық жазу – қажырлы еңбек пен қайсарлықты, уақытты қажет етті. Алтынсарин - бұл жолдың ауырлығынан қаймықпастан, түбінде мектеп ашып, бар баланы оқуға шақырған қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы-ғалым. Педагог-ағартушы балаларға арналған оқу құралдарын да дүниеге әкелді. Қазақ баласына түрлі әңгімелер мен өлеңдер ұсынып, әдебиетті тәрбие мен білім қатар ұштасқан оқу құралына айналдыра алды. Қазақ баласының білімге ашық болып, ғылымға ұмтылуын ертеңгі ұлттың жарқын болашағымен байланыстырған ғалым сол дәуірде-ақ бүгінгі білім жүйесінің дәнін егіп, негізін салып кеткен еді.
Ағартушы Ыбырайдың «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» сынды тілге жеңіл, шағын шығармаларын оқыған бала ең алдымен, адами құндылықтарды бойына сіңіре алады. Еңбек ету, талаптану, адал болу, білім алу, үнемшілдік пен мейірімділік – жазушы шығармаларындағы басты құндылықтар. Мысалы, «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіндегі Үсен мен Асан арасындағы оқиғалар тәжірибе мен еңбекке бейімдеу арқылы балаға кез келген жағдайдан жол таба білудің маңызды екенін нұсқайды. Ал «Әке мен бала», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» сынды мысал әңгімелерде еңбек етудің қадірін қарапайым тілмен кішкентай оқырманға жеткізеді. Ұлт ұстазы үшін мектептің функциялық міндеті – қазақ баласын тек оқыту ғана емес, өзіндік ойы бар тұлға ретінде қалыптастыру болды.
Алтынсариннің ағартушылық идеясын көрсететін тағы бір тамаша өлеңі - «Өнер-білім бар жұрттар» .
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Жылдам хабар алғызды», -
деп басталатын бұл өлеңінде ақын өз заманында ғылым мен техниканың жетістіктеріне таңдана отырып, қазақ баласын өркениеттен тыс қалмауға үндейді. Бүгін бұл жолдарды қайта оқып отырғанда, ақынның ойы қаншалықты уақыттан оза білген терең болғанына көз жеткізуге болады. Ол - қазақ баласының оқу сауаттылығынан бөлек, заман талабына сай ғылым мен мәдениетті де қатар меңгергенін қалаған, ұлттың таным көкжиегін оятып, әлемдік өркениетке ұмтылуды көздеген жан.
Бүгін мектепке алғаш қадам басқан көп бала ағартушының «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңін жатқа оқитыны рас. Дәл осы өлең жолдарының астарында тұтас бір ұлттың ағартушылық тарихы жатыр деуге болар. Қазіргі оқушының қолында – смартфон, алдында – интерактивті тақта, әлемдік білім ресурстары мен жасанды интеллект құралдары бар. Ал Ыбырай заманында бір кітаптың өзі үлкен байлық, мол қазына еді. Технология дәуірі дамып, оқу тәсілі өзгерді. Мектептер кеңейіп, ұстаздар көбейді. Бірақ білімге деген қажеттіліктің өзгермейтіні анық.
1 қыркүйек – тағы бір оқу жылының басталуынан бөлек, Ыбырай Алтынсарин салған ағартушылық сара жолының жалғасатын күні іспеттес. Бүгінгі ұстаздың міндеті – балаға білім беріп, ақпаратпен ғана қаруландыру емес, оның бойына ғылымға деген құштарлық, үлкен ізденіс пен зор жауапкершілікті қалыптастыра алу.
«Кел, балалар, оқылық!» Бұл – көненің сөзі емес. Бұл – бүгінгі бүлдіршінге де, ертеңгі ұрпаққа да арналған ұстаздан қалған ұлы аманат. Ғылым-білімге үндеу. Ал білімге қарай басқан әр қадам – жарқын болашаққа деген даңғыл жолдың бастауы. Мектептің қабырғасын білім мекемесіне айналдыратын – оның зәулім ғимараты емес, оқушылардың шат күлкісі мен ұстаздың ерен еңбегі. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған әр бүлдіршін үшін алғашқы ұстазының әрбір сөзі мен үйреткен сабағы – өмір бойына есте қалатын тәрбие. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолы бір ғана тарихи кезеңмен шектелмейтіні анық. Ол жыл сайын білім күнінде қайта жаңғырады.
Мектепке асыққан бала, қолына гүл ұстаған оқушы, алғашқы қоңырау үні, ұстаздың жылы сөзі – мұның бәрі Ыбырай жаққан білім шырағының бүгін де сөнбегенін аңғартады.
