«Мың бір мақалдың» ар жағындағы тағдыр

Ақыл тоқтатқан әрбір саналы ұрпақты әлеуметтік желіге шыққан батыстық жаңа тренд емес, есімі ұмытылып бара жатқан қазақтың  тұлғалары жайлы ой мазалау керек. Бүгінгі мақалада әдеби әлемде аты жиі атала бермегенімен, елге еңбегі сіңген ерекше тұлғалардың бірі – Ахмет Баржақсыұлы жайлы сөз қозғамақпыз. Қоғам қайраткері Ахмет Баржақсыұлы есімін бірі білсе, білі білмесі анық. Оның төл әдебиетімізде ел игілігі жолында атқарған іргелі еңбегі мол. Ол – ХХ ғасырдың басында мақал-мәтелдерді ел аузынан жинап-теріп жүріп, мақсатты түрде кітап етіп шығаруды қолға алған арда азаматтың бірі.

«Мың бір мақалдың» ар жағындағы тағдыр - adebiportal.kz

«Ер қазынасы – ескі сөз, 

ел қазынасы – ескі сөз,

 тіл қазынасы – ескі сөз» 

мақал

Қазақтың халық ауыз әдебиеті – халықтың жазылмаған тарихы, ақ қағазға түспеген көркем шежіресі. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға жеткен әрбір жыр, аңыз, мақал мен мәтелде ұлттың тұрмысы ғана емес, дүниетанымы мен рухани болмысы да терең сақталған. Сайып келгенде, бір ауыз көркем сөзге халықтың өмір тәжірибесі, дәстүрі мен салт-санасы, адам туралы түсінігі сыйып кетеді. Мұны ұлт даналығының айрықша көрінісі деуге де болар, бәлкім. Ал қазір қолданыста біздер айтып жүрген мақал-мәтелдердің осы күнге дейін қалай жеткенін, ұлттық баға жетпес мұраны жинап, хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа барынша сақтап, жеткізуге үлкен үлес қосқан жандардың кім екенін бәріміз білуіміз тиіс. Ондай жандар ұмыт болмауы керек. Қазақ мақалдарын баспа арқылы тұңғыш көпшілікке танытқан кім? 

Ол – Ахмет Баржақсыұлы. Ақыл тоқтатқан әрбір саналы ұрпақты әлеуметтік желіге шыққан батыстық жаңа тренд емес, есімі ұмытылып бара жатқан қазақтың осындай тұлғалары жайлы ой мазалау керек. Бүгінгі мақалада әдеби әлемде аты жиі атала бермегенімен, елге еңбегі сіңген ерекше тұлғалардың бірі – Ахмет Баржақсыұлы жайлы сөз қозғамақпыз.  

Қоғам қайраткері Ахмет Баржақсыұлы есімін бірі білсе, білі білмесі анық. Оның төл әдебиетімізде ел игілігі жолында атқарған іргелі еңбегі мол. Ол – ХХ ғасырдың басында мақал-мәтелдерді ел аузынан жинап-теріп жүріп, мақсатты түрде кітап етіп шығаруды қолға алған арда азаматтың бірі.

Бір халықтың ғасырлар бойы жинаған даналығын бір кітапқа сыйғызу мүмкін бе? Сол халықтың әр сөзін бойыңнан өткізіп, мағынасын түсініп, оның әр мақалынан тұтас бір дәуірдің тынысын сезіне алатын жан болса, әрине мүмкін екен. Өз дәуірінде қазақтың мыңдаған мақал-мәтелін жинап, келешекке аманаттаған Ахмет Баржақсыұлының тағдыры – осының дәлелі. 

Қоғам қайраткері 1894 жылы 14 қыркүйекте Ақмола облысы, Атбасар уезіне қарасты Жезді болысында өмірге келеді. Ол – қазақ ауыз әдебиетін зерттеген фольклор жинаушы, аудармашы әрі әдебиеттанушы еді. Ахметтің әкесі Баржақсы өз заманында Жезді болысындағы ауқатты жандардың бірі болған. Парсыша, арабша сауатты әкесі орыс тілінде де аздап хат таниды. Кемеңгер әке Ахметті және одан бөлек үш ұлын оқу-білімге қарай бағыттайды.  Ахметтің Бірімжан, Төрежан, Елемес есімді үш ағасының бірі – агроном, бірі – мал дәрігері, енді бірі – фельдшерлік оқуды оқыған. Ағаларының жолын қуған бозбала Ахмет те, Атбасардағы орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. Оны тәмамдағаннан кейін, Омбы мұғалімдер семинариясында оқып, ұстаздық жолды таңдайды. Артынша Омбы ауыл шаруашылығы бағытындағы оқу орнында білімін толықтырады.  Ал кейін Мәскеу әдебиет институтында оқып, кәсіби жетіле түседі. Жас кезінен еті тірі Ахмет елдің қоғамдық және мәдени-ағарту жұмыстарына да белсене араласады. Омбыдағы «Бірлік» ұйымын құруға атсалысқандардың ішінде Ахмет Баржақсыұлының есімі де бар.

Халық ауыз әдебиеті – қазақтың бірнеше ғасырлық даналығының тұтас бір әлемі. Ал сол әлемде Ахмет Баржақсыұлының аты ерекше орын алады. Оның қазақ руханиятындағы құнды еңбегі – «Мың бір мақал» мақал-мәтелдер жинағы Ол – 1913-1914 жылдары ел арасында жүріп, халық аузынан мақал-мәтелдер жинап, олардың жалпы санын 1710-ға дейін жеткізген жан. Кейіннен жинақ 1915 жылы қазақ және орыс тілдерінде қатар жарық көреді. Бұл – ұлттың фольклор мұрасын жүйелі түрде жинап, баспа арқылы көпшілікке ұсынудағы маңызды әрі алғашқы қадамдардың бірі еді.  

Бірақ Баржақсыұлы еңбегінің құндылығы тек жинаған мақалдарының санымен өлшенбейтіні белгілі. Ол халық сөзінің санын жазып, жай ғана тізіп қойған жоқ. Мақал-мәтелдегі ойдың ішкі үні мен табиғатына үңілді, оның халық өміріндегі орнын анықтауға тырысты. Ахмет Баржақсыұлы фольклорды ертегі, өлең, жұмбақ, мақал мен мәтел сынды жанрларға бөліп, олардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берген. Оның пайымынша, халық ауыз әдебиеті – елдің тұрмыс-тіршілігі мен дүниеге көзқарасын танудағы ең маңызды кілт. Себебі мақал-мәтелдерде терең мағынадан бөлек, халықтың сан ғасырлық тәжірибесі мен тарихы, даналығы жинақталғанын атап көрсетеді. 

Осы тұрғыдан қарасақ, «Мың бір мақал» – жай ғана мақал-мәтелдер жинағы емес, қазақ халқының рухани ойлау жүйесін сақтаған мәдени төлқұжат. Баржақсыұлының фольклорға қатысты ойлары сол кезең үшін айрықша мәнге ие еді. Ол халық ауыз әдебиеті үлгілерінің этнографтар мен тарихшылар үшін де құнды дерек болатынын түсіне білді. Өйткені халықтың ертегісі, жұмбағы, мақал-мәтелі – оның қалай өмір сүргенін ғана емес, қалай ойлағанын да көрсететіні анық. Бұл ұстанымы оны қарапайым жинаушыдан фольклор табиғатын бағамдаған зерттеуші деңгейіне дейін көтереді. Қазіргі зерттеулерде де, оның мақал-мәтелдерді жанрлық, әлеуметтік және эстетикалық тұрғыдан бөліп қарастырғаны атап көрсетіліп жүр.

Бір қарағанда, мақал – бір ауыз ғана сөз.  Алайда сол бір ауыз сөздің астарында қаншама мағына, қаншама өмір тәжірибесі мен тұтас бір дала халқының тарихы жатыр. Ғасырлар бойы сұрыпталған әрбір мақал – ұлттың дүниетанымы мен ойлау жүйесінің айнасы, халық жадында сақталған рухани шежіре. «Көп біріксе ел болады» деген сынды бір ғана халық нақылының өзінен тұтас дүниетаным көрінеді. Ал жүздеген, мыңдаған мақалды бір жерге топтастырғанда, одан халықтың ойлау жүйесі нық қалыптасады. 

 «Мың бір мақалдың» тағдыры да оның авторының өмір жолы секілді күрделі болды деуге болар. Жоғарыда жазғандай алғаш рет 1915 жылы жарық көрген туынды, 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан Нәзір Төреқұлұлының алғысөз жазған нұсқасы қайта жарық көреді. Ал Ахмет Баржақсыұлының тағдыры ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қасіретті тарихымен астасып жатыр. Қысқа ғұмыр, ауыр тағдыр иесі 1928 жылы большевиктер партиясынан өз еркімен шығады. Қоғам қайраткері 1929 жылы «партия беделін түсірді», «троцкийшіл» деген жалған айыптармен қамауға алынып, Батыс Сібірге жер аударылады. Ал 1933 жылы туған жеріне оралғанымен, 1934 жылы 15 наурызда жарлық бойынша бес жылға қайта бас бостандығынан айырылып, 1935 жылы қыршын ғұмыр ату жазасына кесіледі. Осыдан кейін артында қалған кітабының тағдыры да күрт өзгереді. 1937 жылы «Мың бір мақал» халыққа зиянды деген кітаптар қатарына енгізіліп, еңбекті пайдалануға рұқсат берілмейді. Халықтың сан ғасырлық сөзін жинаған кітаптың аяқ асты «зиянды» деп танылуы – сол дәуірдегі идеологиялық қысымның қаншалықты қатты болғанын аңғартатындай. 

Ахмет Баржақсыұлының төл әдебиеттегі шығармашылық мұрасы мақал-мәтел жинаумен ғана шектелмегені анық. Одан өзге оқу-ағарту, әйел теңдігі, ұлттық мәдениет мәселелерін көтерген мақалалары мен әңгімелері сол кезеңдегі «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттері мен «Айқап» журналында басылып отырған. Сондай-ақ, орыс тіліне жетік қаламгер классик Лев Толстойдың бірқатар шығармаларын ана тіліне аударып, «Айқап» басылымында жариялаған. Сонымен қатар, Баржақсыұлы елдің қоғамдық қызметіне де белсенді араласты. Ақмола өңіріндегі кеңестік басқару құрылымдарында қызмет атқарды. Кейін қазақ тұтынушылар одағының төрағасы болды, ұлт бюросында жұмыс істеді. Бір жылдары орталық тұтынушылар қоғамы одағының Берлиндегі өкілі қызметін де сәтті атқарған жан.

Осылайша халық арасында сөз маржанын теріп, оқу-білімге ұмтылған, әдебиет пен мәдениетке қызмет еткен арда азаматтың ғұмыры қырық жасқа жетпей үзілді. Бірақ артында ұлты үшін деген бағалы еңбектері қалды. Өзіне берілмеген ұзақ ғұмырды елге арнаған еңбегімен, халқына қалдырған сөзімен жалғастырды. Оның өмірі қысқа болғанымен, жинаған рухани мұрасы халықпен бірге жасасып келеді.

 

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan