Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Болат Шарахымбай: Ақын – туған елдің көз жасынан ж...

Болат Шарахымбай: Ақын – туған елдің көз жасынан жаратылған асыл тамшы

24.02.2026

1397

Болат Шарахымбай: Ақын – туған елдің көз жасынан жаратылған асыл тамшы - adebiportal.kz

Белгілі ақын, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі Болат Шарахымбаймен сұқбаттасудың, пікірлесудің бір реті келмей жүрген еді. Бірде ағамыздың қолы қауырт шаруадан босамай қалса, бірде біздің ыңғайымыз келмей жатты. Әдебиет, шығармашылық жол, автор зертханасы, сонымен қатар орайы туып тұрғанда Мұқағали Мақатаев жөніндегі сауалдарды жолдап, соған ойлы, салмақты жауаптарды алғанда, шыны керек қатты қуандық. Ендеше, соны назарларыңызға ұсынсақ дейміз, құрметті оқырман!..

‒ «Есенғали» деген естелігіңізде Кеңес Одағының күйреуімен бірге өзгерген заман, шығармашылық иелері басынан өткізген қиындықтар туралы шынайы сыр шертесіз. Сол өтпелі кезеңдегі өз өміріңіз, рухани күресіңіз жайлы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

‒ Біздің буынның бүгінге дейінгі өмірінің тең жартысы кеңестік заманда өтті. Яғни, біз ‒ өтпелі кезеңнің ұрпағымыз. Сәл басқашалау тәпсірлесек, өткен кезеңмен келер уақыттың арасын байланыстырушы ұрпақтың өкіліміз. Тімірхан  Медетбековшілесек, осы екі аралықты қосып жатқан алтын көпірліктерміз. Біздің шыққан тегіміз ‒ ауыл. Ауыл ‒ ешқандай анықтаманы қажет етпейді. Ол ‒ біздің солқылдап соғып тұрған алпыс екі тамырымыз, ол ‒ әкеміздің ыстық алақаны, ол ‒ анамыздың мейірімі, алтын ұямыз, қиялымыздың қанаты, арманымыздың сыңғырлаған қоңырауы, жүректегі жыр мен нұрдың ең асылы. Әлемді әлдилейтін ұлы әуен де осы ауыл туындысы. Мен туып-өскен жер – Қақпақ деп аталады. Алтын Қақпа, Молда Қақпақ деген де аты бар. Бір шеті Ташкент, екінші шеті Шымкент қалаларының орта белінде жатқан шағын ауыл. Бір кезде Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан Жібек жолы бойындағы бекет рөлін атқарыпты. Міне, менің балалық шағым осындай тарихи ортамен тығыз байланыста өтті. Арғы аталарым ескіше хат таныған, ауылда мектеп салдырып, бала оқытқан, кедей мен кембағалдарға қамқор, мейлінше бақуатты адамдар болыпты. Ішінде жаяулатып Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп, қажы атанғандары да баршылық. Бірақ, біз жақта қажы атанғандардың тізімін жасап, аспандата насихаттап, мақтану әдетімізде жоқ. Әкеміз Жұмын алдымен Ташкенттегі бухгалтерлер дайындайтын жоғарғы курсты бітірді, сосын Шымкенттегі пединституттың тарих факультетін үздік тәмамдаған. Өткен ғасырдың 60-жылдары Қаратас аудандық (қазіргі Қазығұрт ауданы) Жастар ұйымы жетекшілерінің бірі болды. Отбасылық жағдайға байланысты ауылға оралып, өмір бойы колхозда бас есепші болып қызмет істеді.
Егер менің бойымда шығармашылық адамына тән бір кішкентай сәуле болса, оны әкемнен мұраладым десе болады. Әкеміздің бойында жақсы қасиет көп еді. Кітапты мықты оқитын. Кітаппен «ауырды» десем де артық айтқаным емес. Үйде керемет кітапхана қорын жасады. Ешкімнің қолына түсе бермейтін сирек кітаптар молынан болды. Классик жазушылардың аты-жөнін ең алдымен осы кісінің аузынан естідім. Неге екені, әкеміз кітап оқып отырғанда көзінің алды үнемі жасаурап тұратын... Әкеміздің мұншама кітапқұмар болуына ақын-жазушылармен тығыз араласуы да әскер етсе керек. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Қаныбек Сарыбаев, Тұтқабай Иманбековтер үйіміздің тұрақты қонағы еді. Шығыс шайырларынан Хафиз, Омар Хайям, Науаи, Руми, Мақтұмқұлылардың рубаиларын жатқа оқығанда аузынан өлең емес, гүл-самал есетін. Өзі де соларға еліктеп арзулар жазыпты жас кезінде. «Әке көрген оқ жанар» демекші, біз де ес білгеннен қолымызға қалам ұстап ержеттік, кітап оқыдық, келе-келе өлең жазатын болдық, үлкен жазушы болуды армандадық. Сол арман бізді Алматыға жетелеп әкелді.
Жасыратын не бар, әкем менің ақын емес, әкім болуымды қалады. Аграном мамандығына барасың деген. Бірақ, мен алған бетімнен қайтпадым. ҚазМУ-дың Журналистика факультетіне құжат тапсырып, өтпей қалдым. Келесі жылы өзім мүлде ойламаған Институтқа түсіп, сонда оқыдым. Қазір өткен өміріме сапар жасап, артыма қарайлайтын болсам, түрлі кезеңдерді, әртүрлі ортаны, сан алуан адамдарды кездестіріппін. Жоқшылықта да, тоқшылықта да сыналыппыз. Жазудан көңілім қалған кездерді де бастан кешіріппін. Бірақ, жазу деген де бір алыстан қол бұлғап, өзіне ынтықтыра шақырып тұратын сұлу қыз сияқты нәрсе екен. Арбауына қалай түскеніңді білмей қаласың. Сөйте-сөйте жазбасаң тұра алмайтын жағдайға жеттік. Алайда, қай асудан астық, қай өткелден өте алмадым, кездескен кедергілерді қалай жеңдім, ізденістерім нәтижелі болды ма деген сұрақтарға жауап іздесең, шынында да ұзақ уақытты артқа тастағаныңды түсінесің. Бірақ, оның бәрі бір сұқбаттың аясына сыймайтынын, өзің де біліп отырған шығарсың...

‒ Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері» дейді. Ол осы жазбасында ақынның тілге, сөзге, ұлт рухына деген жауапкершілігі мен артықшылығын да атап өтеді. Сіз үшін ақындық деген не? Осы қасиетті жолда сөз ұстаған, қалам ұстаған адамдардың халық, ұлт алдындағы басты міндеті не деп ойлайсыз?

‒ Меніңше, ақын – туған жердің көз жасынан жаратылған асыл тамшы. Ал, ақындық – өз ұлтыңмен мәңгі бірге болу деген сөз. Ұлттың сөзін сөйлеу бір басқа, соның жолында өзіңді құрбандыққа шалуға даяр болуға тиіссің. Шамамен, ақындық дегеніміз – осы! Ақын бойындағы сұрапыл серпілістер, бұлқыныстар, ойлау кеңістігіндегі буырқаныстар, мұхит айдынындағы тоғызыншы вал, сегізінші сезім, сондағы сұрапыл, сұңғыла сәттер, бәрі-бәрі туған жер мен ұлтымен байланысты ғана жүзеге асатын құбылыстар. Жалпы, мен ақындарды екіге бөлемін. Біріншісі – халық тағдырын өз тағдырынан бөліп жармайтын, керек десең, жоғары қоятын тағдырлы (көше) ақындар, екіншісі – сарай ақындары деп. Көше ақындары – олар халықтың мұң-мұқтажын жүректен өткізіп, жүрекке жеткізіп жырлайтын нағыз ақындар,  сарай ақындары – биліктің бұлбұлдары, саясаттың тотықұстары десе болады. Негізі екіншілерінің өлеңдері өтімді, жарнамалары жұғымды. Кітаптары жыл сайын шығып тұрады. Әрине, оларды талантсыз дей алмайсың, таланты жетеді. Тек ұстанған жолы болмысына томпақтау. Анығында, біз қазір кім көше ақыны, кім сарай ақыны – ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Бәрі бір инкубатордан шыққандай өлеңдері бір-бірінен аумайтын ақындар легі пайда болды. Қазақ ‒ тумысынан ақынжанды халық. Романтикаға бейім, еркіндік сүйгіш. Демек, екінің бірі қас пен көздің арасында екі ауыз өлең құрастырып жібере алады. Айтпақшы, қазақта ақындықтың түріне қатысты 100-ге жуық сипаттамасы бар екенін білесің бе?.. Төкпе ақын, ақпа ақын, ақжолтай ақын, мұзбалақ ақын, ақбоз ақын, айбоз ақын, сүлей ақын, тұлпар ақын, сұңқар ақын, оқшау ақын, алғыр арқын, сұрапыл ақын, белгілі ақын, көрнекті ақын, тағы басқадай болып кете береді. Ал, ақынның халық алдындағы міндеті не деген сұрағыңа келсек, өте-мөте күрделі сұрақ. Бір ауыз сөзбен айтсам, ұлттың жүрек отын өшіріп алмауы үшін от пен суға түсу, елдігіңді көздің қарашығындай күзету, сол үшін қаймақтың бетінде, желдің өтінде тұру болса керек.

‒ Өлең жазу үшін ой керек. Ой озығын қайдан аласыз?

‒ Айлы түннен. Тыныштықтан. Жалғыздықтан. Жұлдыздардан. Теңізден, таудан, бұлақтан, желден, құстар үнінен, ағаштар сыбдырынан... Шын  ақынға айналаның бәрі өлең. Кейде ой тосыннан келеді. Ой, сурет, ұйқас, мазмұн, мән, мағына... бәрі өзінен-өзі  туады. Ой мен шабыт – бір нәрсе. Кейде ой тосыннан келеді. Кейде бір демде келеді, кейде ұзақ толғатамын. Мысалы, әкем маған: «Шабытты жоғары бағала!» ‒ деп үйретті. Сонда шабыт деген не? Шабыт – әрқашан жаңа нәрсеге ұмтылу, жаңа нәрсені үйрену, жаңа идеяларды жүзеге асыру, жаңғырып отыру үшін жаңа өзгерістер жасап тұрған абзал. Жаңа ізденістер үшін кітаптар оқу пайдалы, алуан мінезді адамдармен әңгіме-дүкен құрып отырудың да пайдасы көп. Шабытты шап беріп, жібермей ұстап тұру мүмкін емес. Ой да солай. Олар келеді, кетеді, бір сәттік. Олар ұшқыр, тұтқиыл, тосын. Ұстап қала алсаң – ұтқаның, ұстап қала алмасаң – ұтыласың. Өлеңді жаныңды сығып, қиналып шығаруға болмайды, барлығы жүректің қалауы, шабыттың ырзалығымен жүзеге асуы керек.

‒ Яғни, идея жаңғырып отыруы керек дейсіз ғой...

‒ Сөз жоқ, өнер де, өмір де, адам да, идея да жаңарып отыруы тиіс. Жалпы, өмір деген не? Қозғалыс. Қозғалыс неден туады? Шығармашылықтан, жаңа идеялардан туады. Оны кімдер жасайды? Идеалистер жасайды. Идеалистер дегеніміз кімдер? «Жындылар», «қисық-қыңырлар», «кекшілдер», «ызақорлар», тағы осы сияқты мазасыз жандар. «Мазасыз жандар» дегенде, мен мұны жақсы мағынасында айтып отырмын, қате түсініп қалмаңыз. Мысалы, ғылыми жаңалықтарды алайық. Оның түп негізі, бастапқылығы – Шығыс еді, яғни күншығыстық орта еді. Орта ғасырларда Орталық Азия бүкіл әлемге ұстаз болды, ағартушылық қызмет атқарды, жаратылыстануда, техникада, өнерде, музыкада көптеген жаңалық ашты. Қарапайым тілмен айтқанда, төрткүл дүние Орталық Азияның шәкірті есебінде болды. Айталық, алгебра, алгоритмді – әл-Хорезми ойлап тапқан, медицина – Ибн Синаның медеті, музыка ноталары – әл-Фарабидің идеясы. Бірақ, мұның бәрі осыдан мың жыл бұрынғы жағдай. Қазір ше? Қазір бір кездерде әлемге әкелік әмірін жүргізген Орталық Азия соларға шәкірт есебінде қалып отыр. Неліктен бұлай болды? Орталық Азия не үшін осыншалық азып-тозды? Себебі, рухани тұрғыдан ұтылып қалды. Жүрек оты әлсіреді, ұшқыр қиял ойсырады. Мазасыз жандар азайды, немқұрайлық пайда болды. Философтардың дәлелдеуінше, немқұрайлық – барлық бақытсыздық пен жеңілістің бастауы...

‒ 2003 жылы жарық көрген «Рухтың оралуы» атты жинағыңыз – оқырман үшін ерекше рухани құбылыс болды. Оны ішінара өзіміз де бастан кешірдік. Кітаптың атауы қалай қойылды және оның артында қандай тағдыр, қандай уақыттың үні жатыр?

‒ Рух – жүректегі қайрат, ақылға қонған сәуле, көздегі ұшқын, сөздегі жалын, іштегі жанған от, жеңілмейтін жігер, жаннан қымбат ар мен ождан, үрейді жеңетін қуат! Мұның бәрі ‒ рухтың күші. Керек десеңіз әдебиеттің өзі рухтан жаратылған. Әуелі баста Ер Түріктің санасын рухы билеген еді. Рухы билеген дәуірде оған ешбір империя тісін батыра алған жоқ. Ол кезде Ер Түріктің ұрпағы өсіп-өніп, кең байтақ жерге қанат жайып, қоныстанудан басқа, жүрегі ерлік пен мейірімге толы, жаны жайсаң, әділетті, жасампаз да еңбекқор жұртқа лайық болған. Аллаға шүкір сол жасампаз қасиетінен бүгінде ада емес.
Бүгінгі қазақ ‒ сол Ер Түріктің төл баласы. Қазақ баласын неге Ер Түріктің рухында жігерлендірмеске, рухтандырмасқа деген ой келді. Алдымен «Рухтың оралуы» деген кең көлемде толғау жаздым. Кейін оны кітабымның тақырыбына айналдырдым. Сондықтан, осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған рухани жаңғыру – жай сандырақ емес екенін түсіну керек. Рухани жаңғыру – Ресейдің қол астына қараған кездегі таңылған бодандық танымды, жаңылған жадыны, сарсыған сананы қалпына келтіріп, ұлттық түпнегізге (кодқа) оралу дегенді білдіреді. Бұл ұлттық ояну жолында біз  шығармашылығымызбен мысқылдай болса да өз үлесімізді қосқан болсақ, бақыттымын деп есептеймін.
Осы жерде мынадай бір әңгімені айта кетпесем көңілім көншімейді. Біздің оқығандар үнемі жапондықтардан үлгі алуға шақырады. Осы дұрыс па, бұрыс па? Менің ойымша, жапон самурайларының хас үлгісі «Тойота» жасап, оны оңды-солды сатып, содан көл-көсір байлыққа кенелу емес, олардың ұлттық ұстанымы: «Батыстық ғылым, жапондық рух». Ұлттық рух қалыптаспаса, ешкім ешбір нәтижеге жете алмайды. Ұлттық рух барлық саланың, әсіресе ғылымды дамытудың қозғаушы күші. Алаш көсемдері неге дамудың жапондық үлгісін таңдады? Сол үшін советтің қырына ілікті, «жапонның тыңшылары» деген жала жауып, атты, итжеккенге айдады. Ол кезде жапондар әлі смартфондар мен «Тойотаны» шығармақ тұрмақ, оны түсінде де көрген жоқ еді. Мәселе неде сонда? Мәселе – ұлттық рухта. Жапондар ұлттық рухы үшін күресті дамудың күре жолына негіз етіп қоя білді, бар мәселе осында болатын. Соны Алаш зиялылары жаңылмай таныды, түсінді, түйсінді және оны өздеріне үлгі етіп алды. Біле-білсек, жапондар бастауыш білім бергенде өзге тілді, бөтен дәстүрді тықпаламайды, тек жапон рухында тәрбие береді. Бастауыш сыныптарға ЖОО-ны үздік бітіргендерді ғана ұстаздық етуге жібереді. Оларға ең жоғары жалақы төлейді, оларды ұлт абыройы санайды. Өйткені, оларға артылған міндеттің ауыр және жауапты екенін біледі. Жапон елінің 3000 мың жылдық тарихы бар, мемлекеттік жүйесі қалыптасқан. Ұстанымы – жапон рухын сақтау, оны ғасырлардан ғасырларға жеткізу. Яғни, жас жапондарға өз елінің иесі болуды аманаттау. Бұл тұрғыда ағылшындар да жапондардан кем жұмыс жасап жүрген жоқ. Англияда 1440 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Итон колледжі деген бар. Бұл оқу орнының мақсаты да ағылшындардың ұлттық рухын сақтау және ұлықтау. Оны бітірген жас ағылшындар Ұлыбритандықтар деген ұғымды ешқашан аяқасты етпейді және басқаларға да жол бермейді. Сол үшін күреседі, өмірін арнайды, керек болса жанын береді. Англияның барлық басшысы қай заман, қандай дәуірде өмір сүргеніне қарамастан сол колледждің түлектерінен тұрады. Себебі, Итон колледжі Англияның иесін тәрбиелейді.

Ал, бізде Итон сияқты колледж бар ма? Ұлттық рухты, ұлттық мүддені ұстын қылатын мектеп қалыптасқан ба?.. Міне, осы мәселе бізді ойландыруы керек.
Айтқандай, 2003 жылы жарық көрген «Рухтың оралуы» атты кітабымды былтыр «Абай» баспасы аттай қалап сұратып, аздаған толықтырулармен екінші рет шығарып берді. «Бұл кітабыңызға сұраныс бар» дейді. Несін жасырайын, қуанып қалдым...

‒ Қаламгер үшін әрбір жазылған дүниесі – ішкі толқыныс-қайшылықтың, өмірлік тәжірибенің көрінісі. Сондықтан да өзі үшін қымбат. Дегенмен, жазғандарының бәрі бірден оқырманға жете бермеуі мүмкін. Уақыты келмеген, түрлі себептермен жарық көрмеген қолжазбаларыңыз, өлеңдеріңіз, басқа да жарияланбаған дүниелеріңіз бар ма? Бар болса ол қандай шығармалар және дер шағында оқырманға жетпеуінің сыры неде?

‒ Әрине, ондай қолжазбаларым жоқ емес. Ішінде уақыты келмегені де, бір қайнауы жетпей, қаңтарылып тұрғаны да бар. Ол үшін біреуді сөгу әдетімде жоқ. Бір мысал келтірейін. Қайбір жылы «Ақындар Одақ мүшелігінен неге шеттетілді?» деген зерттеу мақала жазып, біраз газет-журналдардың табалдырығын тоздырдым. Әңгіме Мұқағали Мақатаев пен Тоқаш Бердияров туралы. Анығында талантты екі дос ақынның Жазушылар одағы мүшелігінен қалай шығарылғаны жөнінде. Әжептәуір көлемді мақала, көтерген жүгі де салмақты. Онда негізінен ақындарға қиянат жасаған біраз белгілі адамдардың бетпердесі ашылады. Редакторлар бірден ат-тондарын ала қашты: «Аға, мақалаңыз жақсы, көтеріп отырған мәселеңіз де көңілге қонымды, деректер де нанымды, бірақ біз мұны осы күйінде баса алмаймыз». Ал, не істейсің? Мойның салбырап үйге қайтасың. Расында шындық ешкімге керек емес екен, соны түсіндім. Сол мақалам жазу үстелімнің тартпасында он жылдай жатты. Тек былтыр «Сарайшық» әдеби-мәдени журналында жарияланды. Ол үшін журнал ұжымына рақмет. Мұндай «дерегі ащылау, тілі удай» дүниелердің тағы бірнешеуі шаң басып тартпамда жатыр. Егер алда-жалда демеушілер табылып, кітап қылып шығарып берейік деп жатса, оны да көрерміз. Бәріне уақыт төреші.

‒ Жоғарыда ұлы ақын Мұқағали Мақатаевты тілге тиек етіп қалдыңыз. Мұқағали, сөз жоқ, мәңгілік поэзияның символы. Сұрайын дегеніміз, Сіз 2019 жылдың 9 ақпанында ақынның туған жері – Қарасаздағы М.Мақатаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайға арнайы ат басын бұрып, өз қолыңызбен хат табыстаған екенсіз. Соның тарихына қысқаша тоқталсаңыз?

‒ 2018 жылы ғой деймін, Қызылорда қаласына жолым түсті. Бір қадірлі үйде қонақта болдық. Үй иесі әкімшілік салада қызмет істеген әңгімешіл кісі екен. Әдебиеттен де әжептәуір хабары болып шықты. Бір кезде әңгімеміз өзінен өзі ақындар тақырыбына ойысты. Кенет... ақсақал: «Біздің үйде Мұқағали Мақатаевтың өз қолымен жазған хаты сақтаулы тұр», ‒ демесі бар ма?! Мен жаңылыс естімедім бе осы деп қайта анықтып сұрадым. Үй иесі: «Біз әдебиетші емеспіз, бірақ әдебиеттен алыс та адам емеспіз», ‒ деді ренішін жасырмай. Содан түпкі бөлмеге өтті де біраздан соң қолына бір жапырақ қағаз ұстап шықты. Хат сарғайып, әбден тозығы жетіпті. Байқамасаң, үгітіліп түскелі тұр. Хат әуелде екі бет болған сияқты. Төбе жағында «2» деп жазулы тұр. Сонда 1-ші беті қайда? Үй иесі: «Оны ешқашан көрмегенмін. Мүмкін үйден-үйге көшіп-қонып жүргенде түсіп қалған болар», ‒ деді. Ары-бері іздестіріп таба алмадық. Хатты бір деммен оқып шықтым, онда былай деп жазылыпты: «...Мен сол Союзда Ғафу, Жұмекендермен жұмыс істеген болып жүрмін, еңбекақы алып тұрам, шүкір. Болмаса саған, сен сықылды азаматтарға тигізер көмегім шамалы. Арбаның бесінші доңғалағымын ғой мен деген, Мешітім, мені дұрыс түсін! Көріссек, сырласамыз. Алматыда бола қалсаң, мен осында болып кезіксек, үйде болып, сулы-супанды бірдеме(дәм) татысып, қонақ боларсың.
Не дейін басқа, сау бол!

Мұқағали, хабарлас!Алма-Ата, ул. Интернацональная 129, кв 20

24.VII. 70 ж.».

Содан жата кеп жабысайын. «Үйде тұрса, бір күні бұл парақ та жоғалады. Одан да хатты маған қиыңыз. Ақын ауылында М.Мақатаев атында мұражай бар, мұны соған өзім апарып табыстаймын», ‒ дедім. Үй иесі сөзге келген жоқ, қолыма ұстатып тұрып: «Егер бұл хаттың орны мұражай болса, неге қимасқа?» ‒ деді. Мен оны 2019 жылы Қарасаздағы ақын мұражайына арнайы апарып тапсырдым. Әлгі хаттың бар тарихы ‒ осы.Енді хаттың мазмұны туралы бір-екі ауыз сөз. Хат Мешітбай деген кісіге арнап жазылған. Хат мәтініне қарағанда Мұқаң бұл кісіні жақсы білген сияқты. Ақынның нәзікжандылығы, мейірбандығы, баладай аңғалдығы, жүрегінің кеңдігі, бір жапырақ осы қысқа ғана жазбадан анық көрінеді. Сонда 1-ші бетте не жазылды екен десейші?Айтқандай, бұл хат Мұқағали мұражайына мен әкеп тапсырған бірінші жәдігер емес.  Оған дейін көзі тірі кездерінде айнымас дос болған түркістандық тамаша ақын Тоқаш Бердияровтың туған жерінен бір уыс топырақ әкеп тапсырғаным бар. Ол топырақ сақталды ма, сақталмады ма, білмеймін. Қайтарымда Тоқаштың бейітіне апарып қою үшін Қарасаздың да бір уыс топырақ ала келгенмін. Бірақ, он жылға таяды, Келеске жете алмай жүрмін. Әр істің қайыры болу керек қой. Мұқағалидың туған жерінен алған бір уыс топырақты, көзінің тірісінде туған ағасындай сыйласқан Тоқаш ақын жатқан Көктен ата қорымына қалайда жеткізуді, марқұм ақындар алдындағы бір парызымды атқарып шығуды ойластырып жүрген жайым бар.

‒ Осындайда ойға оралады. Ақсақал жазушы Ғаббас Қабышұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұқбатында (14 шілде, 2023 ж.) мұзбалақ ақын жайында жан-жақты айта келіп, «Мұқағали Қонаевқа хат жазбаған, ол хатты әлдекім орыс тілінде жазып, Мұқағалиға берген. Ол әлдекімнің хат жазғандағы мақсаты Мұқағали мен Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжановты шағыстыру, арандату болған» дейді. Ақсақал жазушы осы арқылы нені меңзеді екен?

‒ Ғаббас ақсақалды жеке басым қатты қадірлеймін. Өз ұстанымы бар шыншыл, шежіреші қаламгер. Бірақ, Мұқағали жайында айтқан кейбір ойларымен келісе алмаймын. Бұл жөнінде «Ақындар Одақ мүшелігінен неге шеттетілді?» деген зерттеу мақаламда да біршама айтып өткенмін. Оны қайталап жатқым келмейді. Енді «Мұқағалидың Қонаевқа жазған хатын әлдекім жазып, ақынға беріпті» дегеніне келсек, бұл жерде Ғабаң асығыстау қорытынды шығарған деп ойлаймын. Біріншіден, Мұқағали орысша жақсы білген, таза сөйлей алмаса да жазғанда қатесіз жазған. Оны өз қолымен жазған күнделік мәтіндерінен де көруге болады. Екіншіден, ақынның жары Лашын апай орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанын ұмытпайық. Хатты Мұқағалидың өзі жазып, Лашын апайға көрсетіп алуы бек мүмкін. Ал, енді «әлдекім жазып, ақынға беріпті» деу – қисынға келмейді. «Әлдекім жазып берген» болса, ол «әлдекім» кім? Неге атын атамайды? Лашын апайдың естелігінде ол хатты өзінің Ақ үйге Мұқаңның өтінішімен апарғаны, сонда қызмет істейтін жазушы Бекежан Тілегенов алдынан шығып, өзін ішке кіргізбегені, хатты алып қалғаны айтылады. Ақын жары оған ренжіп қайтады. Ұзын сөздің қысқасы, хат Қонаевқа жетпеген. Қонаевтың өзі де кейін ондай хатты көрмегенін айтқан болатын. Ғабаңның да айтып отырғыны осы. «Партиялық тәртіп бойынша, хатшылары алған күннің өзінде ондай хат жауапсыз қалмай, Одақ басшыларына ескертілуі тиіс болатын ол кезде. Тәртіп солай еді. Бірақ ол хатты ешкім естімеген, ақынның өзі де ешқашан ешкімге айтпаған» дейді ақсақал. Сонда ақын күнделігіндегі «үлкен кісіден жауап күтіп жүрмін» деген жолдар кімге арналған? Бұл жолдарды не үшін жазған?!.Мәселе осы жерде туындайды. Мен ол хатты әрбір сөз, әріп, нүкте, үтіріне дейін зерттеп, талдап мақала жаздым. Хат та, мақала да шынайы. Хат Мұқаңның өз қолынан туған дүние екеніне шүбә жоқ. Ондай сентиментальды хатты тек Мұқаңдар секілді қиын тағдыр кешкен адам ғана жаза алады. Әлдекім жазған болса жасандылығы білініп тұрар еді. Хаттағы әрбір сөз, сөйлем құрылысы, сөз арқылы ақтарылған эмоция, мақам, деміне дейін ақынның өз қолымен, өз жүрегімен жазғанын көрсетеді.

‒ Болат аға, сіз бақытты адамсыз ба?

‒ Бақыттысыз ба дейсің бе?.. Авторы есімде қалмапты, бірақ жазғаны есімде. Ол былай дейді: «Тек өзгенің өмірімен, өзінің ойымен өмір сүретіндер бар, олар – надандар мен әртістер, бірақ өзінің надан екенін мойындамайтындар; тек өзгенің ойымен, өзінің сезімімен өмір сүретіндер бар, олар – құлдар, діндарлар, бірақ өзінің ауру екенін мойындамайтындар; өзінің өмірімен, өзінің ой-сезімімен өмір сүруге талпыныс жасап жүргендер бар, олар – еркіндікті аңсаушылар және бақытты жандар да осылар, бірақ оларды ешкім түсінбейді». Осы тәмсіл бойынша пайымдасақ, мен өз армандарыммен өмір сүретін, өз жолымды тапқан адаммын деп есептеймін.

‒ Оқырманға қандай тілек айтасыз?

‒ Өмірдегі ең маңызды нәрсе, адам өз арманына адал және өзіне сенімді болып қалуы керек. Қым-қуыт тіршіліктен нені қалайсың, неге қол жеткізгің келеді, арманың не – соны анықтап алған жөн. Қалғанын уақыттың өзі реттейді. Бәрінен бұрын жастар үшін ең керекті қасиет – рухани жігерлілік, болашаққа деген сенім, өз ұлтына деген мақтаныш сезімі.

‒ Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!


                                                                  Әңгімелескен:

Әлібек БАЙБОЛ, Мансұр СӘДІР

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan