Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен «Цифрлық дәуір: жалпыұлттық құндылықтар және бірегейлік» тақырыбында дәстүрлі бас қосу жиыны өтті. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, сарапшылар және осы салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар өз ойларын айтып, нақты ұсыныстарын білдірді.

Алғаш болып сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев былай деді.
«Еліміздің рухани дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылау үшін өздеріңізбен осындай еркін форматта кездескеніме өте қуаныштымын. Біз бүгін цифрлық дәуірде бірегейлікті сақтау, ұлттық құндылықтарды уақыт талабына сай дамыту мәселелерін талқылаймыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», деген міндет жүктеді.
Осы үдеріс ұлттық бірегейлігімізге табан тіреп, өзімізге тән құндылықтарды заманауи тәсілдермен дәріптеуге тың серпін береді деп сенеміз.
Бүгін біздің ортамызда зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, ІТ мамандар отыр.
Жиын барысында осы аталған бағыттар мен мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныстар айтылады деп ойлаймын. Шын мәнінде, адамзат жаңа технологиялық дәуірге қадам басты.
Былтыр бизнес жасанды интеллект саласына 250 млрд доллардан астам инвестиция құйған екен.
Биылғы көрсеткіштер одан да жоғары екені қазірдің өзінде белгілі болып отыр.
Сонымен қатар, былтыр әлем компанияларының 78 пайызы жасанды интеллектіні қолданатынын растаған.
Бұл жасанды интеллект бағытының аса жоғары қарқынмен дамып, өмірімізге жаппай еніп жатқанын көрсетеді.
Бұдан былай, цифрлық дәуір қоғамның күнделікті өмірін ғана өзгертіп қоймайды.
Ол әлемнің бет-бейнесін, адамдардың ойлау жүйесін, мінез-құлқын және құндылықтарын да өзгертетіні анық.
Мұндай тарихи кезеңде біз кімбіз және қандай құндылықтарға табан тірейміз, оларды жаңа заманға қалай бейімдейміз деген сұрақтар төңірегінде ойланғанымыз абзал.
Жалпы, ұлттық құндылықтар – заман көшіп, дәуірлер алмасса да, шайқалмайтын негіз, құбылмайтын бағдар болып қалуы керек.
Біз үшін ұлттық құндылықтарымыз – тіл, дін, діл, тарих, ұлттық код, мәдени-рухани мұра, дәстүр, отбасы құндылығы. Сонымен қатар, адалдық, еңбекқорлық және ортақ жауапкершілік секілді жалпы адамзаттық ұғымдар да айрықша мәнге ие. Заманның жедел дамуына байланысты кейде мұның барлығын көненің көзі ретінде ғана қарайтындар табылады. Бірақ, құндылықтар – өткеннің ғана емес, болашақтың да қуатты өзегі. Ұлттық құндылықтар – құбылмалы әлемдегі біздің ұлттық иммунитетіміз.
Бүгінгідей күрделі кезеңде өзіне ғана тән бірегейлікті берік ұстанатын елдердің даму әлеуеті де жоғары болатынын көріп отырмыз.
Сондықтан, біз цифрлық дәуірде ұлттық құндылықтарымызды бағалап, сақтауымыз керек.
Бұл жолда оларды цифрлық кеңістікте қорғау мен насихаттаудың маңызы зор.
Осы ретте цифрлық дәуірді қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырған орынды болар.
Аталған жаһандық үдерісті тоқтату мүмкін емес, оны тоқтатуға ұмтылу да қателік.
Керісінше, біз ұлттық құндылықтарымызды цифрлық кеңістікке алып шығып, заманауи тәсілдермен дәріптеуге күш салуымыз аса маңызды.
Жиынның басында біз жақсы көрменің куәсі болдық.
Бұл төл болмысымызды танытудың және мәдени мұраларымызды жаңғыртудың позитивті талпынысы деп білеміз.
Жалпы, ұлттық құндылықтар тек дәстүрлі дәріс, ескі форма мен тәсілдер, жалаң пафос арқылы насихатталмауы керек.
Ол көпшілікке, әсіресе жастар жеңіл қабылдайтын цифрлық шешімдер, қысқа видеолар, визуал, интерактив арқылы да таратылғаны ұтымды болады.
Бұл – ұлттық кодты жаңа әрі заманауи тілмен сөйлету деген сөз.
Алдағы уақытта бұл бағыттарда кешенді жұмыстар атқарылады деп сенеміз.
Осы айтылғандардан цифрландыру мен ұлттық құндылықтарды бірін-бірі толықтыра алатын ұғымдар деп қарастыруға болады.
Себебі, бірі – форма, екіншісі – мазмұн. Бұл тұрғыдан алғанда, цифрландыру – ұлттық құндылықтарды жаңа заманда сақтаудың тиімді тетігі.
Технология жалпыға ортақ болса, мазмұн тек өзіміздің ұлтымызға ғана тән деп білеміз.
Бұл ретте біздің түпкі міндетіміз – технологияға емес, технология арқылы өз рухымызға қызмет ету. Сіздер осы бағытта белсенді еңбек етіп келе жатқан азаматсыздар. Бүгін осы жерде алдыңғы буын ағаларымызбен қатар талантты да талапты жастарымыз отыр.
Жаңа дәуір дәл өздеріңіз секілді сала мамандарына айрықша жауапкершілік жүктейтіні анық.
Сондықтан, бұл кезең барлық шығармашылықта жүрген азаматтар үшін жаңа үрдістер негізінде еліміздің болашағына қызмет ететін және тың жобалар ұсынатын сәт деп қабылдаймыз.
Өздеріңіз байқағандай, бүгін қозғап отырған тақырып өте өзекті және ауқымды.
Сол себепті, осы мәселеге қатысты ұтымды ойларыңызды ортаға саласыздар деп ойлаймын» деді.

Аталған осы «Цифрлық дәуір: жалпыұлттық құндылықтар және бірегейлік» тақырыбына арналған «Ұлттық мүдде» диалог алаңында айтылған жақсы ұсыныстың бірі суретші Сырлыбек Бекботаевтың сөзі болды. Енді сол сөзді қаз-қалпында назарларыңызға ұсынсам деймін.
«Құрметті әріптестер мен осы шараға қатысушылар!
Бүгінгі кездесу мен үшін үлкен құрмет пен мәртебе деп білемін. Менен бұрын сөйлеген әріптестер атап өткендей, ұлттық бірегейлікті сақтау тақырыбы барлығымыз үшін аса маңызды, ал еліміздің көркемдік қауымдастығы, оның ішінде суретші қауым үшін негізгі мәселелердің бірі.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап, суретшілер - кескіндеме, мүсін, фотоарт, видеоарт, перформанс және цифрлық медиа арқылы - ұлттық кодты, өз болмысын тану, кімдігіңді тану жалпы «қазақстандық болу» ұғымын, оның құндылықтары мен сол құндылықтардың өнер арқылы берілу жолдарын қайта қарастырып, жаңаша түсіндіріп келеді.
Бүгін біз жаңа кезеңнің табалдырығында тұрмыз: әлем жылдам өзгеріп келеді, ал цифрландыру - жай ғана технологиялық үрдіс емес, ХХІ ғасыр өнері туып жатқан жаңа мәдени орта.
Маңыздысы, жасанды интеллект пен түрлі цифрлық құралдарды пайдалану – өнер қауымдастығы үшін мүлде жаңа бағыт емес.
Өйткені әлемде бұл үрдістерге елу жылдан астам уақыт болды: видеоарт, кибернетикалық, алгоритмдық және басқа да өнер бағыттар бүгінде өз орнын тапқан. Әлемнің жетекші мұражайлар мен академиялар, өнер саласында білім беру ошақтары осы бағыттарды өз бағдарламаларына енгізіп үлгерген. Цифрлық және технологиялық өнер қазіргі заманғы көркемдік процестің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің көптеген жас суретшілеріміз үшін де цифрлық құралдармен жұмыс жасау - табиғи әрі өз шығармашылықтарында үйреншікті тәжірибеге айналған.
Қазақстандық авторлар - жасанды интеллект, алгоритмдік өнер, виртуалды шындық, жалпы технологияларды өз шығармаларында белсенді қолданып, күрделі пәнаралық жобалар жасап жүр.
Оған мысал ретінде музей фойесіндегі көрген Анвар Мусрепов пен Ардақ Мұқанованы айтсақ болады.
Әрине, күн тәртібінде тұрған цифрлық дәуір болғанымен, мен аздап кері шегінгім келіп тұр. Яғни, жүгірмес бұрын жүріп үйренсек абзалырақ болар еді. Бізде одан да бөлек, қордаланған мәселе бар.
Ол заманауи өнері саласында да оқу жоспарларымыз әлі де дәстүрлі формаларға негізделген және жаңа уақыттың талаптарына толық сай деп айта алмаймыз. Осы отырған музейдің өзінде заманауи өнер бөлімі жоқ.
Әуелде болды. Менің білуімше, қазіргі жоқ. Сосын музейлер өз қорына цифрлық өнерді сатып алмайды, тіпті заманауи өнердің өзін сатып алу жағдайы өте сирек, жоқтың қасы.
Әрине, бұған себеп заманауи өнерді түсінбеу болса, одан да өзекті себебі ол музей қорын жинауға мемлекеттен қаражаттың бөлінбеуі.
Сонымен қатар біз жүйелі бір мәселеге тап болдық. Қазақстанда цифрлық немесе технологиялық өнер бойынша кәсіби білім беретін бірде-бір бағдарлама жоқ. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті бар.
Бұл мекемелерде жаңа дәуір талабына сай бағдарлама жоқ.
Егер де ондай бағдарлама ия болмаса дәріс болса, онда ол мектептен шыққан маман қайда деген сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, бүгін көптеген жас суретшілер, кураторлар мен өнертанушылар заманауи білім алу үшін шетелге АҚШ, Еуропа, Ресейге кетуге мәжбүр.
Олар жаңа тәжірибе жинап оралғанымен, көбіне жергілікті контекстен - дәстүрден, мағыналық қабаттардан алшақтап кетеді. Оқу барысында тек керекті білімді ғана игермей, ол жердің мәдениеті мен болмысын да бойына сіңіретіні бәрімізге де анық. Сондықтан біздің басты міндетіміз - суретшілерге сапалы білім алуға мүмкіндік беретін жағдай жасау өте маңызды. Біздің өнерді ерекше ететін нәрселермен - мәдени жадпен, дәстүрмен және ұрпақтар бойы жиналған біліммен байланысты үзбеу аса қажет.
Егер Қазақстан өнері дамып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болсын десек, білім беру бағдарламаларын жаңарту, әдістемелерді заманауи ету және жаңа технологиялар мен өнер түрлерін оқу процесіне енгізу қажет.
Мен мұны сын айту үшін емес, көркем қауымдастық, суретшілердің атынан бірқатар ұсыныс енгізу үшін айтып отырмын:
1. Жүргенов атындағы академия мен «Шабыт» университеті базасында цифрлық өнер бойынша курс ашу - бұл жұмысқа жаңа медиамен айналысатын практик суретшілер мен кураторларды тарту.
2. Өнер университеттерінде заманауи өнер бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын әзірлеу, оған тек тарих пен теорияны ғана емес, цифрлық, мультимедиялық және пәнаралық өнердің практикалық бағыттарын да енгізу. Біз, суретшілер мен мәдениеттанушылар қауымдастығы, осы іске атсалысуға әрдайым дайынбыз, әрине нақты әрекеттер жасалса.
3. Ұлттық музейде цифрлық өнер көрмесін ұйымдастыру (мүмкіндік болса жүйелі түрде)
Мұражайда мультимедиялық зал бар, заманауи өнер мен цифрлық техналогияларға арналған көрмені шеберлік сабақтарымен, дәрістермен және воркшоптармен бірге өткізуге болады.
Бұл – қазақстандық суретшілердің жаңа технологиялар арқылы өз мәдениетімізді, дәстүрімізді және бірегейлігімізді терең түсініп, ауқымды цифрлық жобалар жасап, әлемдік сахналарда көрсетуге тамаша мүмкіндік болмақ. Мұндай бастамалар Қазақстанның жаңа мәдени экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдімін. Бұл заманға сай, әлемге ашық, өз тамырымен дәстүріне терең бекіген экожүйе болмақ. Осылайша біз жаңа мәдени экожүйе құра аламыз» деп сөзін аяқтады.
