Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Дүйсенәлі Әлімақын. «Талтүстің» Америкаға жетуі...

Дүйсенәлі Әлімақын. «Талтүстің» Америкаға жетуі

01.10.2025

715

Дүйсенәлі Әлімақын. «Талтүстің» Америкаға жетуі - adebiportal.kz

Музыканың шексіз иірімін, тылсым сұлулығын тілмен жеткізіп айту мүмкін бе? Егер мүмкін болса, оған нағыз талант иесі мен шынайы өнердің ғана күші жетер. Кеудесін ызғарлы толқын иіскеп тұрғандай күйде тұрған мына дүниеге кейде бір сәт өнер адамының көзімен қараған дұрыс-ау. Сол көздің ішінде мың жұлдыз жанып, мың үміт жарқырап жатпасына кім кепіл?  Зерделеп көрсек, музыка мен әдебиеттің үнсіз үйлесімі көптеген әдеби шығармаларда көрініс тапқан екен. Ондағы терең эмоцияларды қозғайтын бөлекше сезім, қоғамдағы мәселелерді қаз-қалпында суреттейтін ерекше күш те ақ қағаз бетінде сөйлегелі талай ғасырдың жүзі болыпты. Сондықтан көптеген романдарда музыканттардың өмірі, классикалық музыканың әлемі мен өнердің тұлғалық болмысқа деген әсері жіті зерттелді. 

Мысалы, кубалық жазушы, музыка зерттеушісі Алехо Карпентьер латын америкалық әдебиеттегі көрнекті тұлғалардың бірі. Оның «Барокко концерті» атты романы бізді барокко дәуіріне жетелеп, үш ұлы композитор – Антонио Вивальди, Георг Фридрих Гендель және Доменико Скарлаттидің ойдан шығарылған кездесуін суреттейді. Карпентьер тарих пен музыканы шебер ұштастырып, еуропалық классикалық дәстүрлер мен жаңа кезеңдегі отарлық өмір шындығы арасындағы шиеленісті сәтті бейнелейді. Бұл шығармада музыка мәдени шекараларды аттап, саясат пен өнердің тоғысқан тұсын көрсетеді. Осы тұста есімізге әдебиетте бір өзі бір мектеп қалыптастырған Харуки Муракамидің «Норверг орманы» атты романы түседі. Әлемге ортақ тақырып махаббат, сағыныш және музыканың рухани әсерін шынайы әрі нәзік сипаттаған бұл шығарманың да өзегі музыкадан тұрады. Ондағы тосын толғамдар мен терең ойлар музыканың әдебиеттегі рөлін қайыра есімізге салады. Кейіпкерді бірі Наоко, дарынды пианист. Оның музыкасы осы романның эмоциялық тереңдігін арттыра түседі. Битлздің «Norwegian Wood» әнінің атымен аталған романның ішінде Бетховен мен Шуберттің туындылары жиі айтылады. Әсіресе Бетховеннің «Фюр Элизе» шығармасы Наоконың сезімдерін, естелік пен жоғалту тақырыптарын аша түседі. Музыка бұл шығармада адамның ішкі әлемін қалыптастыратын, тыныштыққа жетелейтін, кейде күйзелтетін күш ретінде көрінеді.  Осыларды оқып отырып, біздің қазақ әдебиетінде музыка мен өмірдің байланысын бейнелеген әдеби шығарма бар ма деген сұраққа кездесеміз. Әрине, бар, ол – жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы. Францс Кафка бірде «Сұлулықты көре білу қабілетін сақтап қалған адам ешқашан қартаймайды» дегенді айтыпты. Ал, біз үшін Таласбек Әсемқұлов қазақ тарихының, мәдениетінің, қала берді өзінің шығармашылық әлемінің сұлулығын қағазға түсіруден жалықпаған қалам иесі.  Оның «Талтүс» романына туралы әдебиет сыншылары мен қаламдастары жақсы баға берді. 

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бұл роман туралы «Бір қызығы, «Талтүс» жарық көргенде постмодернистердің өздері де романның толықтай дәстүрлі бағытта жазылғанын мойындағаны мойындап, мойын­дамағаны үнсіз қалған еді. 

Талас­бек осы кезде: «Талтүсте» былайғы оқырман байқай бермейтін жүрістер жасадым. Кем дегенде романның бес-алты жерінде менің тығулы идеяларым мен астарлы ойларым бар» деді. Романдағы үлкендер бірінен бірі іліп алып айтатын кейде аңыз, кейде аңызға бергісіз әңгімелердің басты сипаты да сол. Бұл жағынан «Талтүс» роман дегеннен гөрі, роман-тәмсіл, роман-притча деген шамаға келіңкірейді. Егер бірнәрсеге ұқсату керек болса, сарай қабырғасына ілінген бес ғасырлық хандық дәуірдің баян суретін таңдар едім. Бірақ онда салтанат бар, тағдыр жоқ, ал мұнда тағдыр бар, салтанат жоқ» деген жылы лебіз айтыпты. 

Ал бұл жазбамызда біз аталған шығарманың ағылшын тіліне аударылғаннан кейінгі тынысы, яғни «Талтүстің» Америкаға жетуі туралы сөйлемекпіз. «Талтүс» хақында Slavica.Indiana.Edu сайты мынадай ақпарат жариялапты. «Әжігерей кеңестік Қазақстанда өсіп ержетеді. Ол музыкант әкесінен күй өнерінің көне қыр-сырын үйренеді. Алайда күймен бірге ол елі, отбасы және қилы тарих туралы да білім алады. Автордың өз отбасы тарихына негізделген бұл шығарма – Батыс әдебиетінде сирек кездесетін уақыт пен кеңістікті бейнелейтін туынды. «Талтүс» – ағылшын тіліне аударылған Қазақстаннан шыққан алғашқы посткеңестік роман». 

XX ғасыр әдебиеті, тарихы және киносы салалары туралы жазатын америкалық эссейст Джейкоб Армстроң «Қазақстанды есту: Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы және күй арасындағы сөздер» атты мақаласында осы шығарма туралы тың ойларын кестелепті. 

«Таласбек Әсемқұловтың жартылай автобиографиялық романы «Талтүсте» жас кейіпкер Әжігерей мен оның әкесінің шәкірті Сабытты орыс этнографтары алыстан іздеп келіп, қазақтың дәстүрлі домбыра күйлерін таспаға жазып алады. Сол кезде Әжігерей орыстардың «тек күйдің өзін ғана жазып, Сабыттың күй туралы айтқан аңыз-әңгімелерін елеусіз қалдырғанын» байқайды. «Әкесінің сөзіне келгенде, әйел диктофонды үнемі сөндіріп тастап отырды». Бұл эпизод – кеңестік кезеңде қазақтың дәстүрлі мәдениетін жойып жіберуден сақтау кезеңіне өткен сәтті дәл бейнелейді. Бірақ Әжігерей байқағандай, орыстар маңызды бір нәрсені жіберіп алады: күй – тек әуен емес, ол – сезім, оқиға мен тарих. «Талтүсте» Әсемқұлов дәл осы назардан тыс қалған тұстарды толтыруға, күй мен әңгіме арасындағы үзілісті жалғауға тырысады». 

Міне, сонау мұхиттың ар жағында өсіп-өнген, Батыс мәдениетімен сусындаған Джейкоб Армстроңның өзі қазақ даласындағы қасіреттің, мәдениет пен тарихқа жасалған қастандықтың сырын, мәні мен мағынасын аңдап отыр. Аңдамаса, осылай жазар ма еді?

Біз бір сәт «Талтүсті» қайыра оқып, ішіндегі бебеулеген күйлердің үнін естіп көрсек, бәрін анық түсінерміз. Ондағы әуендер – қилы ғасырлардан, зарлы замандардан ғайып-ерен қырық шілтен қорғап бізге аман жеткізген бабалардың дауысы емес пе? Егер мүмкін болса, сол әуендерге күн күлмеген, түн ұйықтамаған Күлтегін басын бір сәт көтерер ме еді, кім білсін?!

Тарихтың көшінде не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Айдаһар тістерінен қала салған империялардың ізі, тас қабырғаларға қашап жазылған жазулар қалды. Ал тұлпарының дүбірі төрткіл дүниені дүбірлеткен біздің бабаларымыздан күй мен жыр мирас болды. Шыны керек, ұлттық стилде жазылған күй мен жырымызды қазірге дейін өзімізден өзге ешкім түсіне де алған жоқ. Қалаберді ақырзаман туралы сөйлейтін Тәураттың сансыз тараулары, адамзаттың пайда болуы хақында жағы талғанша айтатын қиял-ғажайып зерттеулер жасаған ғалымдардың ғылыми теориялары күйдің құдіретін зерттеуге шарасыз қалды. Ондағы сиқырды, құбылысты, адамзатқа ортақ мақсатты түсіндіріп бере алмады. Осындай кезде «Талтүс» романы ағылшын тілінде сөйлеп, біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің тұла бойындағы өзгешелікті Батыс жұртына түсіндіруге талпыныс жасады.  

«Талтүсті» ағылшын тіліне аударған америкалық аудармашы Шелли Фейервезер-Вега бізге берген сұхбатында қазіргі көркем аударма туралы және «Талтүсті» аудару барысы жөнінде айтып берді. 

«Шынымды айтсам, мен «Талтүсті» аударуға келісім берген кезде, оның қандай маңызды кітап екенін білмеппін (жақында ғана білдім!). Таласбектің жары Зира Наурызбаеваны маған Зәуре Батаева таныстырған еді, мен ол кісінің шығармаларына өте тәнті болдым. Ол «Талтүсті» аударуға қаражат дайындаған соң, «осы шығарманы аударасың ба?» деп хат жазды. Берілген уақыт тым қысқа болғандықтан, тез жұмыс істеуге тура келді, Зира Наурызбаева шығарманы түпнұсқадан орыс тіліне аударып шықты. Мен «Талтүстің» орысша нұсқасын қазақшасымен салыстыра отырып, нартәуекелге бел буып, аталған еңбекті ағылшын тілінде сөйлеттім, аударма ақыры сәтті шықты. Осы шығарма Америкада, Қазақстанда басылып шыққаннан кейін Таласбек Әсемқұлов пен оның жазғандары көптеген оқырмандар үшін қаншама маңызды екенін түсіндім, осындай жақсы шығармамен жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін Зира ханымға өте ризамын».

Сөз арасында аудармашыға «Талтүсті» аудару барысында қандай қиындықтар кездесті? Тек қазақ халқына ғана тән этнографиялық терминдер мен музыка және салт-дәстүрлік атаулар қол байламады ма?» деген сұрақ қойдық. 

«Жоғарыда бұл шығармаға тез кірістік дедім ғой, сол үшін аударма барысы өте күрделі болды. Бірақ маған қиынға түскені – өзіме бейтаныс ұғымдар еді. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсіндегі» дүниетанымдар мен Қазақстан тарихы туралы деректер менің білетіндерімнен әлдеқайда көп екен, мен көбінесе тарихи деректемелерді орысша материалдардан оқитынмын, енді маған үйренуге және аударуға татитын жаңа тынысты орта қосылды. Осы шығарма арқылы қазақтың ұлттық музыка аспабы – домбыра мен күй өнерінің тарихына қанықтым. «Талтүсте» қазақтың музыка өнері туралы кеңінен айтылады, шығарманы аудару барысында қазақ халқының ұлттық музыкасы хақында терең түсінікке ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық. Бір шығарманы аударғанда одан бірер маңызды нәрсе үйрене алсаң, аудармашы үшін соның өзі бақыт, әрі аударма да сәтті шығады. Осы шығарманы аударуда тағы бір қиындық болды. Зерттеу жасап, белгілі бір дәстүрлер мен көркемдік тәжірибелер, тарихи оқиғалар туралы танымым артқан соң, романның ағылшынша нұсқасын оқитын оқырманға қаншалықты деңгейде түсіндіруге болады, өзім оқып, білгендерімнің барлығын арнаулы ескертулермен беруім керек пе деген мәселелерге бас қатырдым. Бірақ аударманың алғашқы кезеңінде бұл ойымнан қайттым. Мен «Талтүс» сияқты жақсы романды оқулыққа айналдырғым келмеді. Егер оқырман өзіне бейтаныс сөз бен сөйлемдерді, өзгеше ұғымдарды кездестірсе, өз бетінше ізденіп, зерттеу жасар деген байламға тоқтадым. Шығармадағы қазақы дәстүрлер мен бұйымдар роман кейіпкерлері үшін бейтаныс емес, сол үшін  оларды оқырманға бейтаныс етіп көрсетуден бас тарттым. Міне, осы жағдайлар аудармашының әр аударған шығармасында шешуі тиіс мәселелер. Бірақ бұл романда ағылшынтілді оқырмандар үшін жаңа мәдени ақпараттар әдеттегіден гөрі көп болды деп ойлаймын».

Ендеше, осы орайда бізге, жалпы оқырманға ағылшынтілді оқырмандар «Талтүсті» қалай қабылдады деген заңды сұрақ туындайды. Шелли Фейервезер-Веганы айтуынша, осыған дейін аудармашы тек жақсы пікірлерді ғана естіген. Кейбіреулері тіпті бұл роман туралы не ойлап, не айтарын да білмей қалғандай. Өйткені бұл кітап олар күткеннен мүлдем өзгеше болған. Бірақ бірнеше әдебиеттанушы өте жақсы шолулар жазғаны анық. Олар шығармадағы жаңаша баяндаулар мен тың көзқарасқа тәнті болғандай, оның үстіне осы романды оқығаннан кейін қазақ мәдениеті мен тарихын біршама түсінгендерін жарыса жазып жатты. 

Ағылшынша ең көп оқылатын сайттың бірі Goodreaders.com сайты. 

Осы ақпарат алаңында да Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» туралы жылы пікірлер барын біліп, көңіліміз марқайды. «Бұл шығарманы оқып оқырман не естіп тұрғанын өзі де анық айта алмас еді. Бұл – сәбидің былдырлауы ма?

 Әлде еппен, шынайы һәм таза сезіммен айтылған махаббат сөзі ме? Мұны ешкім білмейді. Бірақ бұл әуен оқырманды ерекше толқытады. Аталған шығарманы оқыған адам сол әуеннің ішінен бұрын-соңды білмеген, бірақ маңызды бір нәрсені табатындай күй кешеді. Автордың өз отбасының тарихына негізделген «Талтүс» романы – батыс әдебиетінде сирек көрініс тапқан бір уақыт пен кеңістікке назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл – ағылшын тіліне аударылған Қазақстаннан шыққан алғашқы посткеңестік роман». Аталған сайттың желі қолданушысы өз пікірін осылай қалдырыпты. Қарапайым оқырман үшін «Талтүстің» Америкаға жетуі де үлкен қуаныш болғаны шындық. 

«Талтүсті» алғаш рет оқыған оқырман бұл роман қазақтың күй өнері және оны ұрпаққа аманаттау туралы шығарма деп түсінуі мүмкін. Ал қайталап оқысақ, біз Әжігерейдің ержету жолындағы тарихы арқылы қазақ мәдениетінің де хәлін байқаймыз. Домбыраны батыс оқырмандары гитараға ұқсатады.

1960 жылдары Кеңес Одағында салыстырмалы либерализация мен үлкен өзгерістер кезеңі басталды. Романда біз қазақ халқының тағам мәдениетінің өзгеруін (балық жеуді бұрын Сабыт «жабайы» орыстардың әдеті деп есептеген), жай шамнан электр жарығына көшуін, жүк көліктері мен музыка жазатын құрылғылар сияқты жаңа технологиялардың келуін аңдаймыз. Бірақ ең дәл сипаттаманы Сабыттың өзі береді. Оның айтуынша, бұрын ауылсовет малдарын тартып алып, әйел мен бала-шағасын қамап, қалғанын атып тастайтын. Қазір болса, жай ғана Сібірге айдайды. 

Романда кеңестік тарихтағы азамат соғысы, ашаршылық, қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс сияқты қанды оқиғалар үнемі көлеңке секілді бірге жүреді. Соғысты айтпағанда, ұжымдастыру – романдағы ең маңызды тарихи оқиға: көшпелі қазақ халқын мәжбүрлеп отырықшы ету – қазақтың ауыз әдебиеті мен күй дәстүрін жоюмен бірдей болды. Міне, осы сәтте Әжігерей дәл осы жоғалып бара жатқан дәстүрдің жолын жалғау үшін, домбыра үйренеді. Ол жай ғана шәкірт емес – мәдениеттің жоғалып кетпеуі үшін күресіп жүрген аманатгер. Әйгілі әдебиетші, сыншы Сартр біз сөзінде «кейіпкерім тауға шықты деме, тауға шығар», деп жазады. Сол айтпақшы, жазушы Таласбек Әсемқұлов өз көкірегінде күмбірлеп тұрған күй әуендерін Сабыттың домбырасының пернесінде бебеулетеді. Ал күй өлкесінің аманаткері ретінде тағы Әжігерейді алға шығарады. Тарихи да рухани өзгерістер аясында жазылған «Талтүс» романы қазақ тарихы мен мәдениетімен таныс емес оқырмандар үшін ерекше қызықты еңбек. Әсемқұлов қазақ қоғамын ер адамның көзімен сипаттайды. Домбыраны, күйді, қазақ мәдениетін Әжігерей Сабыт арқылы таниды. Автордың жұбайы Зира Наурызбаеваның алғысөзін ескерсек, бұл кітап жазушының әкесіне арналған сенім мен махаббат хатына ұқсайды. 

Жоғарыда сөзінен дәйек келтірген америкалық қаламгер Джейкоб Армстроң «Талтүс» шығармасы туралы өзінің көңілі толмаған тұстарын да ашық жазады. «Автордың мәдениетті тек беделді ер-азамат – жігіттің бейнесі арқылы көрсетуі – әйелдердің бейнесін шетке ығыстырып, романның өрісін тарылтып тастаған. Тіпті, роман басында әкенің баланы ұрысқаны үшін анасын ұрып өлтіре жаздауы – жазушы тарапынан ақталған әрекет ретінде суреттелген – бұл көрініс көп оқырманға ауыр тиюі мүмкін. Соған қарамастан, «Талтүс» романы Әсемқұловтың қазақ мәдениетіне деген махаббатын ерекше сезіндіре алған. Автор осы шығармасы арқылы ұлттық мәдениеттің әр бөлшегін адал жеткізуге тырысқан. Қазақ кейіпкерлерінің бір-біріне «жарығым» деп айтуы сияқты нәзік тұстары өте әсерлі. Қаламгердің музыка мен мәдениетке деген махаббаты оны қазақ мәдениетінің бірегей көркем бейнесі мен күй арасындағы аңыздардың мәңгілік жазбасы ретінде есімізде қалады».

Шындығында, музыка идеялар мен мінез-құлықтарды бейнелеудің символикалық құралы. Ол патриотизмді, отаншылдықты, дінді, ерлік пен бостандықты ту етеді. Бірнеше ғасырлар бойы музыка мәдениеттің тұрақтылығы мен сабақтастығына да өз үлесін қосып келеді. Былайша айтқанда, қазір музыканың әдебиеттегі рөлі де күн сайын артып келеді. Оған жоғарыда айтқан әлемдік шығармалар мен «Талтүс» романының АҚШ алқабына жетуі дәлел бола алады.   

Музыканың күші туралы сөз қозғасақ, тым арыға кетуіміз бек мүмкін. Бірақ біз есімізге түскенін оқырман ойына қайыра салсақ та жеткілікті. Мысалы, Нацистік Германияда патриоттық эмоциялар тудыру үшін көпшілік жиындарда музыка тыңдау әдісі болған. Ал Қытайдағы мәдени революция кезінде батыс музыкасы тыйымға ұшыраған. Сонымен бірге Иранда Құрмейни билігі кезінде музыкадағы кей жанрларға қатты шектеу қойылған. 

Міне, осының бәрі – музыканың тылсым күші мен әсері. Ал ондай күш әдебиет пен біріксе, не болмақ? Оқырман ойына ғаламат күй туғызып, таңданыс тудыратыны анық. Болашақта «Талтүстің» ағылшынтілді оқырманы біз ойлағаннан да көп болады деген үміттеміз. Меніңше, бұл кітапты оқыған ағылшын жұрты осы романды Орталық Азия мен музыкатану, ХХ ғасыр тарихына арналған курстарға қажетті оқулықтарға қосса, құба құп.  

Қарқаралыға қашып барып, Тоқтасын байдың үйінде тоқтаусыз күй толқындарын ағытқан Сабыттың санасында қандай еңселі ойлар болмады дейсіз? Ал оның күйін күн батқанша егіле тыңдаған, пернеден төгілген әуендерге қосылып жылаған Тоқтасын байды қалай түсінеміз? Енді ойласақ, бәрі де жұмбақ, бәрі де анық секілді. Сабыт батысша айтсақ, музыканың, қазақша айтсақ, күйдің тілін білмесе, он саусағы пернелерді билетер ме еді? Ондай сұңғыла адам замананың да тілін түсінер еді ғой. Ал Тоқтасын байға сол сәтте күйден ғұмырлы, Сабыттан қадірлі, домбырадан аяулы не бар, ештеңе де жоқ. Сібір лагеріндегі 25 жылын еске ала отырып Сабыт: «Сол кезде мені сақтап қалған – күй еді» дейді. Осы шығарманы зау биікке көтеріп тұрған сөз де, оқиға да – осы.  

                                                               Вашингтон-Питсбург-Астана

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan