Егер Алдаркөсе осы дәуірде өмір сүрсе, заманауи суперқаһарман бола ала ма?

Егер Алдаркөсе біздің заманымызда өмір сүрсе, қандай болар еді? Қызық. Бәлкім, енді есекпен емес, есектің күші бар көлікпен жүрер ме еді?! Бұрын ол байдың үйінде отырып, өзін көпшілікке басқа адам етіп таныстырса, бүгін ол әлеуметтік желіде біреудің жалған бейнесін әшкерелер ме еді?

Егер Алдаркөсе осы дәуірде өмір сүрсе, заманауи суперқаһарман бола ала ма? - adebiportal.kz

Ертегі кейіпкерлерінің арасында ғасырлар өтсе де, уақытқа бағынбайтындары бар. Олар белгілі бір дәуірде халық арасында дүниеге келгенімен, әр заманның «есігін қағып» кіре алатын қасиетке ие.Себебі олардың болмысында қоғамның өзгермейтін шындығы жатыр. Алдаркөсе – дәл сондай кейіпкер дер едім. Халық санасында сатиралық типте қалыптасып, әлсіздерді жақтаушы, пайдакүнем саудагерлер мен дүмше молдаларды, сараң байларды алдап соғып, әжуалап, келеке етуші ретінде суреттелетінін ертегілер арқылы жақсы білеміз. Өз заманындағы күштінің әлсізге жасаған қыспағын ақылы мен айласына салып жеңе білген. Қолында байлығы болмаса да, Алдаркөсенің ең басты қаруы – ұтқырлығы мен тапқырлығында еді. Ол ертегілер әлеміндегі қалтыраған сараңдығымен даңқы шыққан Шық бермес Шығайбайды алдап соғып, өз атын өзіне сойғыздырғанын да фольклорлық шығармалардан оқып, естіп өстік қой. Ал сол Алдаркөсе бүгін өмір сүрсе ше?  Бүгінгі қоғамдағы Алдаркөсе кейіпкері қандай болар еді? Қызық. 

Бәлкім, енді есекпен емес, есектің күші бар көлікпен жүрер ме еді?! Қолында қамшысы емес, смарт телефоны болар ма еді? Цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, ертедегі ертегі кейіпкерлерін қазіргі заманға бейімдеу деген болады. Осы тұста, ең алдымен, технологиялық мүмкіндіктер ойға келетіні рас. Әлеуметтік желіде парақшасын ашып, миллиондаған оқырманы мен аудиториясына қоғамдағы келеңсіздіктерді әзілмен әдемі әшкерелейтін жан ретінде танылар, бәлкім. Бұрын ол байдың үйінде отырып, өзін көпшілікке басқа адам етіп таныстырса, бүгін ол әлеуметтік желіде біреудің жалған бейнесін әшкерелер ме еді? Бұрын ол сараң байды сөзіне сендіріп, байлығын алып, дүниесін кедейлерге таратса, бүгін ол алаяқтардың қалай оңай алдап кететінін түсіндірер ме еді? Ол байдың қалтасын емес, оның менмендігін пайдаланды. Бүгін де дәл солай. Өйткені технология өзгергенімен, пенденің болмысы мен әлсіз тұстары өзгермесі анық. Адам әлі де мақтанғанды, мақтағанды жақсы көреді. Жылдам ақша тауып, шылқыған бай болғысы келетіні тағы бар. Тіпті көпшілік алдында өзін өзгелерден ақылды санап, биік көрсетуді ұнататындар да жоқ емес. Бұл Алдаркөсе – арпалысар заманауи кейіпкерлердің бейнесі дер едім. Бүгін біз балаларға ақпаратты дұрыс таңдау, жалған мәліметке сенбеу, манипуляцияны анықтаудың ережелерін айтып, үйреткен боп жатамыз. Дәл осыны сенгіш, аңғал, таза көңіл балалар аудиториясына «медиасауатты» заманауи кейіпкер Алдаркөсе арқылы неге жеткізбеске? Меніңше, жақсы идея.

Жалпы Алдаркөсені ертегідегі табиғатына қарап суреттесек, мейірімді, айласы асқан ақылды, тапқыр, тіпті шешен боп келеді. Ол осы мінез-құлқы арқылы балаларға жақсылық пен әділдікті насихаттаушының көркем үлгісін қалыптастырады. Құрғақ сөзге сенбей, оның ар жағындағы әрекеткетіне  қарайтын кейіпкер. Мысалы, біреу өзін ақылдымын десе, Алдаркөсе оның әлсіз жерін байқайды. Өзін мықтымын дейтіндердің шын мәнінде қаншалықты күшті екенін тексереді. Байлығымен мақтанса, оның байлығының қандай жолмен келгеніне қарайды. Бұл қасиеттер бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды. Сондықтан Алдаркөсе туралы ертегілерді тек «ерте ерте ертеде болған қызық оқиға» ретінде емес, баланың сыни ойлау қабілетін қалыптастыратын үлгі ретінде де қарастыруға әбден болады.

Алайда Алдаркөсе өтірік айтады, байды алдайды. Қулық пен айла жасайды. Ендеше ондай адамды балаға үлгі ету қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындауы мүмкін? Ондай кейіпкер балаларға алдап-арбаудан басқа не үйретеді деуіңіз де орынды.

Бұл сұраққа ертегінің әу бастан құралған ішкі логикасы арқылы жауап беруге болар. Алдаркөсе кез келген адамды алдамайды. Оның амал-айласы әділетсіздікке қарсы бағытталған. Ол өзінің пайдасын ғана көздейтін кейіпкерден ерек. Сондықтан мұнда маңыздысы – айланың өзі емес, оның кімге және не үшін қолданылғандығында сияқты. Бұл мәселе қазіргі бала тәрбиесіндегі «өтірік айтуға болмайды» деп түсіндіруден бөлек, кейде алдынан кездесетін жағдайларға қарай, өз құқығын қорғауды, әділетсіздікке қарсы тұруды, біреудің айласына алданып қалмауды үйретеді. Өйткені бүгінгі қоғамда Алдаркөсенің міндеті – біреуді алдау емес, адамдардың өздері алданып қалмауы үшін олардың көзін ашу болар еді. 

Біздіңше, Алдаркөсе ертегі мен мультфильмде ғана қалмауы керек. Бүгінгі балалар әдебиетінің бір мәселесі – бұрыннан таныс кейіпкерлердің жаңа дәуірге толық бейімделе алмай қалуында. Біздің буын Алдаркөсе, Тазша бала, Ер Төстік сияқты кейіпкерлерді жіті білеміз. Бірақ қазіргі бала оларды қаншалықты жақсы таниды? Өздеріне жақын қабылдай ала ма? Егер әр бала Алдаркөсе жайлы ертегілерді тек ата-әжесінен естіп, ескі кітаптан ғана оқыса, бұл кейіпкер ақырындап тарихи-мәдени естелікке айналуы ғажап емес. Ал егер Алдаркөсе қазіргі балалардың заманауи әлеміне енсе ше? Кеше ғана үлкен экрандардан қазақшаға дубляждалып, жарыса көрсетіліп жатқан дәл Өрмекші адам сияқты, Алдаркөсені жаңа деңгейге неге шығармаймыз? Ол бүгінгі комиксте өмір сүрсе, балаларға арналған заманауи әңгімелерде айтылса, аудиокітаптарда сөйлесе, анимациялық фильмдерде жаңа шытырман оқиғаларға тап болса, балаларымыз «Өрмекші адам», - деп емес, «Алдаркөселеп» тұрмас па еді?! Жасанды интеллект (жасанды зерде) дамыған заманда, тіпті интерактивті ойынның бір кейіпкеріне айналдырсақ та болады ғой. Сонда ол тек өткеннің ертегідегі бейнесі емес, бүгінгінің нағыз ғажайып кейіпкеріне айналар еді. Мүмкін, бізге Алдаркөсенің өзі болмаса да, Алдаркөсе сияқты жаңа кейіпкерлер керек шығар. Қазіргі бала бұрынғыдай тек хандар мен батырлар туралы ертегілермен шектелмейтінін жақсы білеміз. Альфа ұрпаққа ғарышқа ұша алатын, робот жасап, онымен сөйлесетін ғажайып күші мен мүмкіндіктері мол кейіпкер керек. Ақпарат ағыны көп қоғамда жалған ақпарат пен шындықтың аражігін дұрыс ажырата алатын мықты образдар керек. Қорқынышын бірге жеңіп, достықты бағалай алатын, өз пікірін қорғайтын тың идеялы қаһарман қажет. Яғни, балалар әдебиеті қазіргі баланың шындығын жаңа кейіпкерлер арқылы көрсете алуы тиіс деп ойлаймын. Аспаннан жаңа образ іздемей-ақ, ескі кейіпкерлерімізді жаңа оқиғалар мен орындарға енгізу арқылы олардың ғұмырын оңай ұзартуға болады. Алдаркөсе – соның тамаша мүмкіндігі. Себебі Алдаркөсе – қазаққа ертең де керек кейіпкер. 

Ертегілердің ұзақ өмір сүруінің себебі – олардың оқиға желісінде емес, кейіпкердегі ішкі мінезінде. Заманға сай байлардың түрі мен байлығының формасы өзгеруі мүмкін. Бірақ адамның ашкөздігі, мақтаншақтығы, аңғалдығы, қызғанышы, әділетсіздікке деген көзқарасы еш өзгермейді.  

Бәлкім, Алдаркөсе бүгін атқа мініп, қамшы салмайтын шығар. Қалтасында бақыр емес, телефоны болар. Бірақ ол әлі де болса, біреудің ашкөздігінен айла тауып, біреудің менмендігінен күлкі жасай алады. Біреудің әділетсіздігін әшкерелей алатын кейіпкер. Ең бастысы, сонысымен жас буынды дұрыс дүниеге бағыттайды, үйретеді. Күшті болу үшін міндетті түрде күшің көп болуы шарт емес екендігін ұғындырады. Ол үшін кейде дұрыс айтылған сөз, тапқыр ой мен ұтқырлықтың өзі жеткілікті. Сондықтан Алдаркөсе образын тек халық ертегілерімен ғана шектемей, қазақтың заманауи суперқаһарманы етіп қалыптастырсақ, шіркін! Тек қазіргі қаһармандардан айырмашылығы, оның ең үлкен қаруы – ақылы мен тапқырлығында. Дәл ертегідегідей.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan