Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Ей, досым, мен ақынмын...!»...

«Ей, досым, мен ақынмын...!»

10.03.2026

967

«Ей, досым, мен ақынмын...!» - adebiportal.kz

Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығының иегері, Халықаралық Түркі тілдес елдер поэзиясы фестивалінің лауреаты, көрнекті ақын  Серік Тұрғынбекұлы 80 жаста.

Мен – ақынмын,

Ей, досым, мен ақынмын!

Қауырсын бар астында қанатымның.

Тас төбеңде жұлдыздай жарқыраймын,

Қарап қалсаң – ішінде қара түннің.

 

Мен – ақынмын!

Сен, сірә, нанасың ба?

Күйесің бе, мен құсап жанасың ба?

Ұйқастырған өлеңші толып жатыр,

Жоқпын! Жоқпын олардың санатында.

 

Мен – ақынмын!

Сені сірә, сенесің бе?

Капитанмын өлеңнің кемесінде.

Өтіп келген өлең-жыр майданынан,

Жауынгермін! –

Сау жер жоқ денесінде!

 

Мен ақынмын тілден бал тамызатын,

Мен ақынмын көзден жас ағызатын.

Министрдің берейін мыңын тізіп,

Бесеу, алтау, көп болса... нағыз ақын.

 

Мен ақынмын!

Ақынмын десем егер,

Айтқан сезім он рет еселенер.

Шумақ-шумақ өлеңді тиеп алып,

Көз алдымнан керуен көше берер.

 

Мен – ақынмын!

Бәріңнен биіктемін,

Шүберекке жанымды түйіп келдім.

Алатаудан кем болмас абыройым,

Аман болса, 

Сау болса сүйікті Елім! – деп қазақ поэзиясына үлкен олжа салған арқалы ақын һәм драматург Серік Тұрғынбекұлын біраздан бері білемін. Секең Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры болған жылдары мұражайға жиі соғып, өлең, өмір, әдебиет жайлы ұзақ әңгімелесетінбіз. Әр жылдары жарық көрген «Жерорта», «Кейкі батыр», «Махамбет пен Жәңгір хан»  кітаптарына мөлдірете қолтаңбасын түсіріп,  маған сыйға тартты. Серік ағамның ол жинақтары үйдегі шағын кітапханамның жоғарғы сөресінде тұр. Осы жолдарды жазар алдында да қайыра оқып шықтым. 

***

Бала күнінен ертегі тыңдап, батырлар жырын оқып өскен, өлең жазып әдебиетті жақсы көрген табиғатынан ақкөңіл, ақ жарқын, ауызы ашылса жүрегі көрінетін Секеңнің ақын болмасқа шарасы да жоқ екен. Онымен қоса Секеңнің ұлы шешесі де керемет ақын болыпты. Арқаланып, шабыттанып сөйлегенде ешкімге дес бермеген көрінеді. Әкесі де өнерден қара жаяу болмаған. Әжесінің көзін көргендер: «Сен ұлы шешеңе тартып, ақын болғансың» деп айтқанын талай естіген. 

«Кеңшілік Мырзабек досым екеуміздің алғаш көрген ақынымыз – Нұрхан Ахметбеков. Сол жылдары Торғайда Нұрханның атағы аспандап тұрды, - дейді Секең ағыл-тегіл әңгіме тиегін ағытып. – Неше мәрте айтысқа түсіп, жүлдегер болды. «Қазақстанның Халық ақыны» атанды. Ел ішінде де жыршылар көп болды. «Есім сері», «Ұры Қарға», «Амангелді», «Жасауыл қырғыны», «Күләнда» поэмаларын таңға дейін тоқтаусыз жырлайтын. Бұл туындыларды мен де жатқа білуші едім. Қазір де ойымда  қалған кейбір шумақтарын айта аламын...»

Ақын Серік Тұрғынбекұлы «Жерорта» жыр кітабында кешегі күн мен бүгінгінің кескін-келбеті мен бітім-болмысын тамыршыдай тап басып, өзіндік бағыт-бағдар, ой-толғамдарын, шұрайлы тіл, шынайы шабытпен жырлайды.

Бір құдірет –

Бар екенін білемін,

Оның және дара екенін білемін.

Бәрімізді бір минутта күлдіріп,

Бір минутта зар етерін білемін.

 

Бір құдірет –

Бар екенін білемін,

Онсыз тірлік тар екенін білемін.

Алып шығар алапаттың ішінен,

Намыс пенен Ар екенін білемін.

 

Бір құдірет – 

Бар екенін білемін.

Ақтың кейде қара екенін білемін.

Бәрін айтып, бәрін жазып бере алмай,

Жүрегімнің жара екенін білемін.

 

Білемін мен,

Білемін мен, білемін!

Білген сайын дүрсілдейді жүрегім.

Күндіз-түні дөңбекшиді кеудемде,

Таппаған соң жан дертінің бір емін. 

«...Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» екендігін (Хәкім Абай, 38-ші қара сөз) жан жүрегімен сезінген һәм иман келтірген он сегіз мың ғаламның жалғыз иесі, аса қамқор, мейірімді Алла Тағалаға арнаған Серік Тұрғынбекұлының жоғарыдағы жолдарын тебіренбей, толқымай, ойланбай оқу мүмкін емес... 

Ақынның «Кейкі батыр» аталатын дастанында 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісі көрнекті қолбасшыларының бірі, халық арасында «қол мерген» атанған, атышулы батыр Кейкі Көкембайұлының өмір тарихы мен ерлік істері бедерлі баяндалып, көркем кестеленген. 

«Бұл шығарманы оқып шығу оңайға түспейді. Әрине, ойлана білер оқырманға, - деп жазады «Кейкі батыр» тарихи дастаны кітабы алғысөзінде, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. – Сол үшін де, ақын діттеген жерінен шыға алған деп есептейміз. Өйткені, оның алып отырған тақырыбы қиналмай сөз етуге болмайтын тақырып. Әйтпесе, қазақ өлеңінің жадында құйындай ойнайтын шабандоз ақын Сеік Тұрғынбеков бұл дастанында су шайқалмас жорғадай төгіліп-ақ бағыпты. Бір қарасаң – баяғы Мұхамеджан Сералиннің «Топжарған», кешегі Нұрқан Ахметбековтың «Қарғасы» мен «Жасауыл қырғыны» еске түседі. Бір қарасаң – тіпті олардан да арғы «Манас» пен «Ер Тарғынның» әуен-әуезі, сазы-сарыны құлаққа келеді. Кең тастап, кемел басатын, тұлпар желіс. Қайратына енді мініп, қарқынына енді келе бастаған сәйгүліктің сергек аршыны. Бәрі-бәрі көңіліңнің қошын келтіреді. Сөйте тұра, дастанды оқып бітіргенде, көзапара асқарың құлап, тауың шығылғандай құлазып қаласың.

Олай болуы заңды да... Өйтіп, ойсыратпаса, бұл тақырыпта бұндай астан жазудың еш қажеті болмас еді...»

Ал осы «Кейкі батыр» дастанының соңғы сөзін «Тұлға туралы толғау» деп тақырып қойып, филология ғылымының докторы,  біртуар әйгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек жазған. 

Мен ақын да, әдебиет сыншысы да емеспін...

Әйтсе де, Құдай берген дарыны үшін, өлеңді, өнерді сүйетін көкірегі ояу, көзі ашық қалың қазақ оқырманы жақсы көретін ардақты аға, арқалы ақын Серік Тұрғынбекұлы сексен жастың сеңгіріне шығып жатқан шақта адал ниетпен ақ қағазға түсірген шағын жазбам осы. 

Жаңа жасыңыз – жақсы жасыңыз құтты боосын, Серік аға!

Толымбек Әбдірайым 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan