Елордада тұңғыш рет «Кітапханаға барар жол» атты ауқымды акция өтуде
Республика күні қарсаңында елордада алғаш рет «Кітапханаға барар жол» атты ауқымды акция өтуде. Акция аясында алтыншы сынып оқушылары ұстаздарымен бірге қалалық кітапханаларға барып, тоқсандық демалыс кезінде оқу үшін өздеріне ұнаған кітаптарын таңдайды. Кітапханамен мұндай еркін форматта танысу – баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
2026 жылғы 23, 27 және 28 қазан күндері Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітапханаға барар жол» акциясы ұйымдастырылып отыр. Бұл бастаманың мақсаты – мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ кітапханаға баруды қала тұрғындарының күнделікті мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталынған.
Жоғарыда аталған күндері алтыншы сынып оқушылары мұғалімдерімен бірге елорда кітапханаларына қарай жол тартпақ. Шара барысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны шырқалып, кітаптар туралы ұрандар айтылып, ұлттық нақыштағы атрибуттар да қолданылмақ. Осылайша, балалардың әдебиет әлемімен таныстығы сыныппен бірге қала көшелеріндегі қарапайым серуенге ұласады.
Акцияның басты ерекшелігі – оқушылардың өз қалауымен каникул кезінде оқитын кітаптарын таңдауға мүмкіндік берілуі. Балалар кітапхананың кітап қорымен танысып, қажет болған жағдайда кітапханашылардан кеңес те ала алады. Бұл игі бастама жас оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларға кітапты дұрыс таңдауды, туындыны оқуға деген талғам қалыптастыруларына да ықпал етері сөзсіз.
Акцияға қатысатын оқушыларға қазақ және шетел авторларының шығармалары мен шытырман оқиғалы, фантастикалық, тарихи және ғылыми бағыттағы әдебиеттер де ұсынылады. Түрлі жанр арасынан әр оқушы өз қызығушылығы мен табиғатына сай кітапты кез келген тілде еркін таңдай алады.
Айта кету керек, акцияның алдағы уақытта кеңінен таралуына мүмкіндіктер көп. Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ мәліметіне сүйенсек, «Кітап оқитын ұлт» марафоны жарияланғаннан кейін кітапханаларға 12 576-дан астам оқырман тіркелгені анықталған. Ал жалпы марафонға қатысушыларға шамамен 31 440 дана кітап берілген. Бұл көрсеткіштер арқылы елорда тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғаруға болады.
«Кітапханаға барар жол» акциясы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын қолдап, кітапты тек мектеп бағдарламасы аясында ғана емес, жеке ықыласымен де оқуға дағдыландыруды көздейтіні қуантады. Балалар каникулдан кейін сыныптастарымен оқыған шығармаларын бірге талқылап, алған әсерлерімен бөлісіп, тіпті өздеріне ұнаған кітаптарды бір-біріне оқуға ұсына алады.
Ұйымдастырылып отырған аталмыш акцияның алғашқы кезеңіне алтыншы сынып оқушылары қатысуда. Алдағы уақытта мұндай бастаманы жазғы каникул қарсаңында немесе тоқсандық демалыс уақытында 1 және 10 сынып оқушылары арасында өткізуді де ұсынып отыр.
Баланы өз бетімен кітап оқуға бағыттайтын бұл бастаманы болашақта елорданың игі дәстүріне айналдыруды көздеп отыр. Өйткені кітап оқып, шығарма талдау деген түсінік тек мектеп қабырғасында, әдебиет сабағында ғана қалыптау керек. Бүлдіршіндерді кітап оқуға баулу, кітап оқу мәдениетін оқушы кезінен қалыптастыру сынды істер осындай қадамдардан басталатыны белгілі.
