Жатырдағы жанталас
Асыққан сайын қыз күнінен айырып, әйел қылған сол бір еркекті балағаттап, Балтика сахнасында тұңғыш рет өзіне дуылдатып қол соққан көрерменді көз алдына елестетіп, тіпті сүйсіне еске алып, жаны жеңілдеп, тапырақтай басып келеді. Әуелі облыстық мәдениет үйінің залында бір-екі рет ән шырқағанда сол айтақыр маңдай еркекті байқап қалған. Сөйтсе, салған әні көпшілікке ғана емес, сол шенеунік еркекке де ұнапты.
Әнші аяғы ауырлап қалғанын кеш білді. Шешесіне айтып еді:
- Неше апталық? - деді.
- Білмеймін.
- Гинекологқа бар, сол айтады. Шошаңдайсың да жүресің. Сол корпоративка-думанға бармай-ақ қой деп едім. Бардың, енді біреудің басын жұтайын деп отырсың.
- Мама, сен қалай ақылды боп туғансың, өмірбойы ақыл айтасың да отырасың. Мені осы балалар үйінен асырап алған жоқсың ба?
- Ақылды тыңдайтын адам болса...
Людмила гинекологқа барды, қанын алып, зәрін тексерді, шалқайтып жатқызып, денесіне темір аспап тигізгенде тіршіліктің сұрауы барлығын сезгендей өнбойы тітіркеніп, біртүрлі оғаш күйді бастан кешті. Қорытындыда "үш аптадан сәл асқан балаң бар", - деді.
- Аборт жасатып, алдырып тастауға бола ма?- деді қол-аяғы жұп-жұмыр он сегіздегі қыз жұлып алғандай.
- Болады, әйтеуір үлгеріпсің. Төртінші аптаға жетсе болмайды, адам сұлбасын кескілей алмаймыз.
Гинеколог-дәрігердің жайбарақат айтқан сөзінен кейін жаны ауырып, жүрегі сыздамады. "Алдыртқым келсе, алдыртам" деп алып-ұшып шешесіне келді. Шешесінің айтқаны мынау:
- Шіркеуге барып тәу ет. Сен адамзатты денеңнен аластайын деп отырсың. Адам еркектің қабырғасынан жаралған, баланың әкесімен ақылдас, бәлкім, оған перзент керек шығар.
- Неғылған перзент? Онда ақша да, перзент те, во! - деп сұқ саусағымен алқымын сызып өтті. Егер қолына ұстағаны өткір пышақ болса алқымынан қан саулап, адамзат әпсәтте о дүниелік болар еді.
Люда тез-тез киінді де:
- Мама, ауруханаға қай автобус барады? - деді.
- Он төртінші.
Анықтама бюросындай дәл айтатын шешесінің сөзін жүре тыңдап, есіктен шыға бергенде қызын бір ауыз сөзбен тоқтатты.
- Әуелі шіркеуге бар дедім ғой. Үстіңе қара киім іл. Сен ән салуға бара жатқан жоқсың, адамның басын жұтуға Құдайдан рұқсат сұрайын деп бара жатырсың.
- Ой, бір үйде бір білгіш, - деп шешесінің сөзін жерге тастамай шешініп, айнаға қарап тұрып тығыршықтай жуан саны мен бұлтиып шыққан қос анарын алақанымен сипап өтіп, үстіндегі алабажақ шүберекті сыпырып тастап, етегі шұбатылған қара көйлегін киіп ап ытқып үйден шықты. Аялдамаға жеткенше асығып, қара жерге табанын аннан-мыннан бір тигізді. Асыққан сайын қыз күнінен айырып, әйел қылған сол бір еркекті балағаттап, Балтика сахнасында тұңғыш рет өзіне дуылдатып қол соққан көрерменді көз алдына елестетіп, тіпті сүйсіне еске алып, жаны жеңілдеп, тапырақтай басып келеді. Әуелі облыстық мәдениет үйінің залында бір-екі рет ән шырқағанда сол айтақыр маңдай еркекті байқап қалған. Сөйтсе, салған әні көпшілікке ғана емес, сол шенеунік еркекке де ұнапты. "Пионер туралы әнді" шырқағанда бірінші қатарда отырған шенеунік қайта-қайта қол соғып, ең соңынан, орнынан тұрғанда бүкіл зал өретүрегелді. Сөйтсе, бұл пендең облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып шықты. Кейін де мәдениет үйіне арнайы келіп, Людаға ақыл айтып жүрді. "Сахнаға шыққанда, сосын әнді айтып болғасын көпшілікке басыңды иіп қой. Сен қаққан қазықтай қақиып тұрып алады екенсің. Бұл - біріншіден, ел-жұртпен сәлемдесу, екіншіден, қошемет көрсеткен халыққа айтқан рақметің, - деді жымиып.
- Бұл менің жеке басымның шаруасы, - деді көкайылдығына сап түсін суытып.
- Олай емес, Люда, сахнаның өз заңы бар, сол заңға бағыну керек, әйтпесе үлкен сахнаға шыға алмайсың.
- Ал, талант ше? - деді шағып алғандай шамырқанып.
- Талант сонан кейін мойындалады.
Осы ақылгөй еркек жылмаңдап келіп жүріп, бір күні: "Келесі аптада Балтикада облыстық Жаңа жылды қарсы алу думан кеші өтеді. Біздің аудандық Мәдениет үйінен өзің қатысып, әнеукүнгі айтқан "Арлекиноны" шырқайсың, - деді. - Жақсы мен жайсаңның бәрі болады, бағың жанып кетуі әбден мүмкін. Өзім алып барамын".
"Облыстық сахна, Балтикадағы думан" дегенді естігенде іші қылп ете қалды.
- Барамын. Бұл жерден мен бармағанда кім барады? "Арлекиноны" айтамын, - деді тайсалмай бетіне тура қарап.
Мәдени шенеунік өзі ертіп барып, қонақ үйге де өзі орналастырды. Ән де сәтті орындалып, гүл дегенің аты белгісіз әншінің құшағына сыймай кетті. Қасқа маңдай түнде қонақ үйдегі бөлмесіне шақырды. Төрт жұлдызды коньяктан алғаш рет дәм татып, айтақыр маңдай, сәл қыликөздеу басшының дегеніне қарсылық білдірмей көне берді. Ақ жайма қып-қызыл қан болды, бірақ Людмила опынып, өкінген жоқ, айналасына қараса, дүние тегіс қызылға малынып тұрғандай, үстелдің үсті мен терезе алдындағы қып-қызыл раушан гүлдер көңілін аспандатып, жанын жадыратты. "Әйелдіктен де, әннен де жолым ашылды" деп көңілін тоқ санап, үйіне қайтты. Есіктен кіргенде облыстық газеттегі өзінің сурет-бейнесін көріп мәз болғанмен шешесі сұрланып, қызының қуанышына ортақтаса қоймады. Сол көңілсіз кейпі шешесінің өң-жүзінен әлі кеткен жоқ. "Мамам да қайыстай қатып қалған бір әйел" деп сөйлеп үйден шықты. "Керек болса, жатырдағы баланы қазір- ақ жоқ қылам" деп аялдамаға ентелеп келіп, 14-ші автобустың ішіне күмп ете қалды...
Үстіне қара жамылған монах әуелі өзі шоқынып, сосын бұның маңдайы мен кеудесін түрткілеп, жаратқаннан кешірім сұрағандай сөздер айтқанда Людмила: “Осымен бітті ме?” - деді. Қаба сақал монах әйел баласының тәкаппарлығы мен батылдығына көзі бақырая қарап тұрып тағы бір шоқындырды. Люда умаждалған 10 сомдықты ұсынып еді, анадай жердегі төртбұрыш темір жәшікті нұсқады. 10 сомдық қызыл ақшаны темір жәшіктің қылдай тесігінен ытқытып тастады да, қайтадан 14-ші автобустың аялдамасына тартты. Сөйтіп, шешесіне соқпай өзін қараған гинекологқа барып, жатырында қан боп ұйыған тұңғышын тұңғиыққа батырып, о дүниелік қылды...
Жылтыр шеке бір айдан соң "Мәскеуде өтетін жастар фестиваліне барасың", - деп қуанышты хабар жеткізді. - Қай әнді айтатыныңды өзің таңда", - деді.
- Менің айтқанымның қайсысы ұнайды? - деп қарсы сауал қойды.
- "Көне сағаттарды" айтқанда жұрт қырылып қала жаздады ғой.
- Онда соны айтам. Өзің судай жаңа боп қасымда аман-есен жүре бер.
- Мен өзіңмен бірге барам ғой...
Айтқандай-ақ, 15 республиканың жүрегі болған Мәскеуде шырқалған "Көне сағаттар" ел-жұрттың жүрегінде тық-тық етіп тұрып қалды. Жұрт орнынан тұрып қол соғып, гүл дегенің құшаққа сыймай рояльдің үстіне қойып, қара рояльдан төмен сырғи бергенін асып-тасып жерге тастап, бір шоғын сүйемелдеуші оркестрдің дирижеріне ұсынды. Осы сыптай денесіне қара фрагі құйып қойғандай киіктің асығындай жалбыр шаш шағын жігіт ә дегеннен көңілін баурап әкетті, әнді қалай сауатты сүйемелдесе, өзін де солай жанын тебіренте сүйемелдеп, ән біткенше таяғын отыз адамды құраған оркестрге де, тік тұрған өзіне де кезек шошаңдатып, жанына медеу, көңіліне тіреу боп, көздері түйісіп қалғанда іші от боп жанып, бықси бастаған бір шала тұтанып кеткендей болды. Ән біткенде бір шоқ гүлді тағы да ұсынып, ел-жұрттан қымсынбай бетінен шөп еткізгенде қара фракті қыпша бел дирижер тік тұрып басын иді.
Фестиваль қорытындысында Людмила Бестужева бірінші орынды иемденіп, концерттен соң дирижерді қонақ үйдегі бөлмесіне құрметтеп шақырды.
- Онда не істейміз? - деді Чайковский консерваториясынан тәлім алған ибалы жігіт.
- Жуамыз...
Елден ере келген мәдениет басқармасының аймаңдай бастығына адуындығына салып, ашығын айтты.
- Деревня, сен енді қайта бер, - деді міз бақпай.
Өнердегі жолын ашып, бір перзенттің қандағы әкесі атанып, әлі де әлі келгенше сезімнен дәмеленіп жүрген мәдениет саласының сарбазы өзегін от жалап, бес қаруын асынып, тістеніп елге қайтты. Кетерінде "Ұзаққа шабасың" деген бір ауыз сөз айтты...
"Көне сағаттарды" жуған түн Люданың өміріне өзгеріс әкелді, мәскеулік биік дәрежелі өнер өкілімен бетпе-бет отырып, өнерімен де, әйелдік сезімімен де еркектің бетін бері қаратып, белбеуін босатты. Жас дирижер қонақ үйден әйел қанына тағы бір перзенттің сұлбасын айшықтап шықты. Бірақ, бір рет гинекологтың мұздай темірі денесін қарыған Люда сақтанып, екінші перзенттің де ғұмырын жатырда жатқанда жойып жіберді. Бірақ, бұның бәрін әрі жас, әрі дарынды, Ленин комсомолы сыйлығының иегері дирижер жігітке білдірмеді, ол да "бәлелі жерге бармағын сұқпай" үн қатпады.
Әнші қызуы мол, тамыры терең жігіттен шетқақпай қалмады, әредік Мәскеуге келіп, музыка әлемінің нотаға түскен ғажайып сырларын үйреніп, сезімнің де алабажақ нотасын қатар сызып қайтып жүрді.
Өмір ағысы жылымдап жылжып жатты. Қонақ үйдегі бір ұшырасуда жас болса да музыка әлемінде беделі бар дирижер: "Жыл аяғында Сопотта ән фестивалі өтеді, соған қалайда қатыстырам, бір әніңді дайындай бер", - деп уәде берді. Жылжып жыл өтіп, дирижер уәдесінде тұрып, оркестрмен "Миллион раушан гүл" деген әнді дайындап, ел-жұртты естен тандырып, аяғынан тік тұрғызды. "Миллион раушан гүл" көрерменнің ыстық ықыласына айналып, құшағына раушан мен қалампыр болып қайтты. Лауреат! Осы жолы жас дирижердің аяқ астынан көңілі суып, әншіні қалдырып, оркестрін алып, еліне ертерек жөнеп кетті. Әннен кейінгі ду-думан отырыста сұлу да сұңғақ мұртты жігіт: "Сіз енді алдағы "Ән-77"-нің лауреаты боласыз" деуі мұң екен, Людмила елжіреп, маржандай тістерін жылтырата күліп, болашақтың базынасын ауызша жасаған жігіттің ығына жығыла берді. Әйелдің бұл қылығы жас дирижердің қызғанышын тудырып, Мәскеуде туып, Мәскеуде білім алған тектінің тұяғы деревнядан шыққан ұрғашының қарадүрсін қылығына шыдай алмай қоштаспастан туған қаласына жол тартты. Сол күйі жібек жіп шорт үзілді.
Уақыт дегенің сынап қой, "Ән - 77"- де өтті. Мұрт қойған сұлу да сұңғақ жігіт Петербургтен келіп, қонақ үйге түсті. Люда ән сайысына "Мадам Брошкинаны" дайындады. Демеуші боп келген сұлу мұрт жігіт өзі түскен қонақ үй бөлмесіне виски мен тәтті шоколадтың неше түрін төгіп тастады, сөзшеңдігіне салып, өзі сөз бастап, өзі қорытынды жасап отыр.
- Сен ән шырқап тұрғанда залда отырған бір еркектен көз алмай образға кіруің керек. Ол - мен! Менен көз алмай шырқай бер. Жұрт қол шапалақтап жатқанда да менен көзіңді айырма. Сонда ән қалай басталса, солай аяқталады. Сен тәп-тәтті шоколадсың!
Виски мен тәтті шоколад, шырын сөзден басы айналып отырған деревнядан үлкен музыкаға бір-ақ аттаған албырт көңіл:
- Сонда мен тәп- тәтті, тап-таза шоколадпын ғой, - дей бергенде, жылпос демеуші киіп кетті.
- Жаңғақ пен вафли қосылған шоколад болады. Ондай шоколадтар сенімен текетіресе алмайды. Зефир мен карамель қосылған шоколадтар да сенің қасыңда шаң қауып қалады. Бұл мойындалған шындық, - деп "Ән -77"-нің демеушісі шырт еткізіп шамды өшірді.
Ілкі сәтте шамды қайта жағып, желеңін үстіне іліп, қолаң шашын бір сілкіп тастаған әнші тыржалаңаш жатқан демеушіге тосын сұрақ қойды.
- Шоколад таусылып қалса не істейміз?
- Мен барда ешқашан таусылмайды. Сен барлық уақытта маған қарап, образға еніп тұрып ән шырқайсың.
Әншінің іші бүлк етіп, ащы жегісі кеп таңдайы кеберси берді.
- Тәттіні көп жеп қойдым, ащыға тәбетім тартып отыр...
"Мадам Брошкинаның" жолы болғанмен әнші келте жолда кілт тоқтап, жалғыз қалды. "Ән -77"- ден соң қолтықтан демеген жанашыр ізім-ғайым жоғалды. Людмила жоқты іздеп, жаны күйзелмеді, аты шығып, ел- жұртты аузына қаратқан әнші демеушінің бар-жоғын елемеді, "Сен сияқтылар әлі де кездеседі" деп өз көңіліне өзі шәй құйып, көкірегін керді. Бірақ, "Мадам Брошкинадан" алған ақшасын түгелдей гинеколог-дәрігерге төледі, өйткені аты шығып қалған өнер иесі жұрт көзіне көрінбей ың-шыңсыз жерде жеке ем қабылдап, тағы да жатырға жара салды. Осы жолы ота жасап жатқанда ұйыған қаннан әлсіз дауыс естілгендей болды. Дауыс бір кезде ең алғаш орындаған "Пионер туралы әндегі" өзінің жіп-жіңішке әуеніне, тіпті онан да бұрынғы сәби шақтағы үзік-үзік шыққан үніне, қол арбада жатқан шарананың іңгәсына да ұқсап кетті. Осы дауысты естігенде дәрігерді де місе тұтпай биіктен қарап жатқан танымал тұлға өз-өзінен селк етіп, зәре-құты қашып қорқып кетті. Бірақ, көкайылдығына салып, жан сезімін жан баласына сыр ғып жеткізбеді.
***
- Сізге енді аборт жасатуға болмайды, - деді дәрігер палатаға кірген бетте бас жағындағы үстелге жайғасып. Қолына ұстаған жұп-жұқа кітапшасы бар.
- Онда сіздің шаруаңыз не?! - деді әнші адуын мінез-құлқын алға сап. - Неше рет жасатсам да өз еркім өзімде.
- Ескерту менің парызым. Мен дәрігермін.
- Гиппократ антына адалдығыңды білдіріп отырсың ғой.
- Иә, адалмын. Жиырма екі жасымда, осыдан отыз жыл бұрын ант бергем. Сіздің жатырыңызда қатерлі ісіктің белгісі бар, ол асқынып кетуі мүмкін.
Әнші тосын сөзден кейін сабасына түсіп, тым-тырыс қалды.
- Шығуға асықпаңыз, сізді тағы бір жеті емдейміз. Ішіңіз пысса, мына кітапты оқыңыз. Егер келіспесеңіз, "өз еркіммен шықтым" деп қолқат жазып кетесіз. Қазір сізге аспалы укол салады, - деді де, кітапты қалдырып, келген ізімен қайта есікті ашты.
Людмила әбдіре үстіне тастап кеткен жұқа кітапшаны қолына алып, атауына да көз жүгіртіп қарамай мұқаба шетіндегі ұсақ әріптермен жазылған "Қараңызшы, күн сайын әлемде бір зат жоғалса не болар еді?" деген сөздерді оқыды да, сөздің парқына мән берместен кітапшаны парақтай бастады. "Мысықтардың жоғалуы туралы жазған ба?". Мұқабасына қайта бір қарап, бірінші бетін ашып еді, "Егер де әлемдегі мысық атаулы жоғалса не болар еді" деген жазуды оқыды. Сол сәт үйдегі арқа жүнін томпайтқан сары мысық көз алдына көлең етіп, кіндіктен төменгі жағы шым ете қалды. Ауырған жерді алақанымен бір сипап тастап, кітаптың тағы бір тұсына көз салды. "...Құдай әлемді жеті күнде жаратты. Бірінші күні дүние түнекте болды. Сонда Құдай айтыпты: "Жарық жалған болады" деп. Айтқандай күн мен түн пайда болды. Екінші күні Құдай аспанды жаратты. Үшінші күні жер пайда болды. Сонан кейін теңіз бен құрылық пайда болып, ағаш бен шөп өсті. Сенесің бе, төртінші күні ол күнді, ай мен жұлдызды жаратып, әлем пайда болды. Сосын бесінші күні балық пен құстарды, ал алтыншы күні жер бетіндегі жан-жануарды жаратты да, ең соңынан сенің кезегің - адамды жаратты.
- Ал, жетінші күні ше? - деп сұрақ қояды біреу.
- Жетінші күні ол демалады, Құдайға да демалыс керек емес пе?"
Осыны оқығанда Людмила мырс етті. "Біздегі жексенбі күн осыдан басталған екен де. Құдайдың құдіреті деген осы екен ғой". Мектеп оқулығынан басқа қолына кітап ұстап көрмеген Людмила кітапты жауып, әбдіре үстіне тастай салғысы келді де, тағы бір парақтан мына бір сөздерге көзі түсіп кетті.
"Бұл дүниеден бәрі жоғалатын болса, онда мен өмірді тағы бір күнге ұзартам, бұл сонда айдағы 30 күн, жылдағы 365 күн болады" дегенді оқығанда бір сәт ойланып қалды. "Мен үш рет жатырдағы адамның өмірін үш аптадан асырмадым. Төртінші рет..." дей бергенде, сорайған темірге жалғанған резеңке түтігі шұбатылып, аспалы уколын көтерген мейірбике кіріп келді.
- Жеңіңізді түріңіз, күре тамырыңызды дайындаңыз!
Өмірі бипаз сөз естіп, бұйрық райға бағынбаған әнші қол басындай әйелдің әмірлі даусынан басын көтеріп, бетіне бағжия қарады. Медицинада аяушылық жоқ. Сол сәт ота жасалған жатыр тұсы тағы да шаншып, жаны көзіне көрінді.
***
Ауруханадан шыққан бетте "Славян базары" ән мерекесіне шақыру келіп еді, Людмила Безтужева бірден бас тартты. "Славян базарының" қызығын славяндар көре берсін, мен Орта Азияға барам. Орта Азия болғанда Алматыға барғым келеді". Ташкентке барып, арзан қауын-қарбыз бен жеміс-жидекке мелдектеп тойғысы кеп еді, ала тақиялар ниет білдіре қоймады, өзбектер өз әнін ғана тыңдап, өзгелерге еліге қоймайды екен. Тәжік пен түрікмен, қырғыз да менің әніме жандары жадырап, көңілдері босай қоймайтындығын бірден айтты. Алматы ә дегеннен құшағын ашты, өздері өзге ұлтты өгейсітпей, әсіресе, орыс десе ішкен астарын жерге қоятын көпшілдігін көрсетті. "Қаржы да керек, үш сағат тамағымды жыртып, тегін айқайламауым керек ғой" деп бірден алмалы қала Алматыға дайындалды. Бұларға бір-екі ұлттық әуеннің басын шалудың да керегі жоқ, Бас хатшы атап айтқандай, "интернационализмнің ыстық ұясы, достық лабораториясы" дегесін өзін еркін ұстап, асып-саспай репертуарын жаңарта қоймады.
Үш мың адамдық Ленин Сарайы лық толды, кереге-қуыстың бәрі адамның шошайған басы, ән шырқап болғанда домалақ бастар дірілдеп, ұзынды- қысқалы білектер қол соғудан бір танбады. Екі сағат шырқады, "Арлекинодан" бастап, "Мың раушан гүл", "Мадам Брошкинаның" кейпіне еніп, "Көне сағаттардың" тықылы әр жүректе тырс-тырс тұрып қалды. Бір мезет: "Мен шаршадым, енді демалайын", - деп еді, ду қол шапалақ Сарайды бұрынғыдан да гөрі жаңғыртып, құлағына айқай-шу мен ащы ысқырық естілді. Бірақ, өнбойын ләззатқа толы рахат сезім емес, біртүрлі мазасыздық билей бастады. Бұрын бұндай қошемет тұлабойын босатып, дыбыс күшейткішті қолдан шығармай құлшыныс сыйлаушы еді, қазір кіндік тұсы зіл тартып, көз алды көмескілене бастады. Қолын кең залға қарап бір сермеп, дайындық бөлмесіне ытқып кіріп, алдынан шыққан өзінің жандайшап жігітіне:
- Бараны еще хотят, - деді орысшалап, қолына ұстаған дыбыс күшейткішті қоярға жер таппай өршеленіп, тапал орындыққа қарай лақтыра салды. Нүктесі басылмай қосулы қалған эфирдегі дауыс кең залға саңқ етіп қатты естілді.
- Ну, спойте, раз приехали, - деді шала мас жандайшап екпіндей сөйлеп.
"Кока-коладан" бір ұрттады да, сахнаға шығып, оркестрге қарап қолын ербеңдетіп, "Песня на бис", - деді тістеніп тұрып.
Зал тым-тырыс. Әшейінде ән басталмай-ақ шапалақ бастап кететін жұмыр бастардың біреуі ербеңдеп қол соқпады, музыка әуеніне елтіген бір пендені көре алмады, өлі тыныштықта бәрі өзіне аянышпен көз тігетін секілді. Ешкім де ән тыңдап отырмағандай қимыл-қозғалысы жоқ әсерсіз бос дүние көз алдына келді.
Я вам спою,
Еще на бис.
Не песнь свою,
А жизнь свою...
Оркестр қаралы күй шерткендей ыңыранып тұр.
Я вам много не сказала,
Не уходите из зала...
Нельзя вернуть любовь и жизнь,
Но я – артист, я повторю ...
Залдың арт жағынан біртіндеп шығып бара жатқан бастарды көрді. Қара көлеңкеде жұмыр бастар үйіріліп, залдың жартысы шығар есікке топырлап жиналып қалды.
"Биске" арналған ән аяқталмай жатып әйелдің тұлабойынан бір суық жел ысқырып өтіп, етбетінен түсті. Қолына ұстаған көне дыбыс күшейткішті аузына тақап, тыпырлап жатып тұруға талпынды. Сол сәт қолына бір тал гүл ұстаған сары шашты көккөз әйел сахнаға жүгіріп шығып, сұлап жатқан әншінің саусағына бір тал гүлді қыстыра берді. Әншінің кіндіктен төменгі тұсы күңіреніп кетті. Әуелі шыр-шыр еткен іңгә, сосын ішегі қата күлген сәби даусы естілді. Ол есінен танған жоқ, өзін-өзі билей алмай әлдәрмені құрып жатыр. Денесінен естілген адам даусы қайталана берді. Біреу, екеу, үшеу... Бұл - адам келбетін айшықтап, жарық дүниеге шықсам деген жатырдағы ұйыған қанның жанталасы еді.
Сұлық түскен әнші орнынан тұра алмады. Саусағына ілінген бір тал гүл демеу іздегендей дір-дір етеді. Үш мың адамдық кең залда қарайған бір бас қалмады. Өлі тыныштыққа бас иген орындықтар бос тұр. Сахнада сұлап жатқан әйел мен қып-қызылөсіңкі тырнақтың ұшына ілініп, діріл қаққан бір тал гүл.
Бір тал гүл...
Қуандық Түменбай, жазушы.
