«Бізде кітапты оқымай-ақ мақтау мәдениеті қалыптасып келеді»
«Әдебиет порталы» өңірлердегі әдеби ортаның жай-күйі, аймақтағы қаламгерлердің шығармашылық ізденісі мен әдебиеттегі орны туралы оқырман да білсе дейді. Мысалы, бүгінгі буынның аяқ алысы, жас қаламгерлердің мүмкіндіктері, кітаптың көркемдік құндылығы, т.б. мәселелер қашанда маңызды ғой. Осы орайдаа Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалы директор өкілі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаеваға сұрақ қойған едік.
- Атырау десе Жұмекен, Фариза, Меңдекеш, Марат бастаған бірегей есімдер ойға түсе кетеді. Прозада Рахымжан Отарбаев есімі өзі бөлек тұр. Олардың ізін жалғаған ізбасарлары келеді. Олардың шығармашылығымен қанық шығарсыз? Замандас оқырман ретінде кімдердің ізденісі сізге бөлек әсер етеді?
- Атырау - табиғаты да, тұлғалары да, тағдыры да тегеуірінді өлке. Кешегі жорық жырауларының рухы ауасына, қаны топырағына сіңген қасиетті мекен. Қазақ әдебиетіне қадау-қадау алыптарды берген өңір. Әбу мен Хамиттен бастап, қос Зейнолласы, Сатымжаны, Есенжолы бар. Одан кейінгі Жұмекен, Фариза, Меңдекеш, Марат, Табылды, Рахымжандардың әрқайсысы - әдебиетіміздегі бөлек құбылыс. Ал олардың ізін кім жалғайды дегенге келсек, меніңше, таланттар әдебиетте де, өнерде де толқын-толқын болып келеді. Белгілі бір уақытта, белгілі бір топырақтың рухани аңқасы кепкенде дүр көтерілетіндей көрінеді маған. Талант деген жыл сайын көктеп шығатын шөп емес қой.
Бір кездері Атырауда «Армантау» деген ақындар клубы болды. Сол ортада Бақытгүл Бабаш, Артур Яхуда, Нұрислам Құспанғали, Арман Жайық секілді бүгінде танымал қаламгерлер бас қосты. Бәрі де өзіндік үні бар талантты қыз-жігіттер. Ал менің тұстастарымның арасында мұндай шоғырлы құбылыс болған жоқ. Осыдан он шақты жыл бұрын «Фариза жұлдыздары» клубын құрдық. Онда да біраз жас таланттың басы қосылды. Бүгінде Асланбек Шығыров, Нұрай Талап, Ұлмекен Шәукенова секілді жастардың шығармашылығына үмітпен қараймын. Прозада қазақ оқырманына жақсы таныс, шығармалары ағылшын тілді аудиторияға да жол тапқан Бақытгүл Сәрмекова бар. Жалпы, таланттың жарқ етіп көрінуі бір басқа да, әдебиетте ұзақ қалуы бөлек әңгіме. Жастық шақтағы алғашқы табысқа алданып қалмай, үздіксіз іздену, өзіңді қайталамау, өз талантыңның жауапкершілігін көтеру оңай шаруа емес. Оны уақыт көрсетеді. Өйткені әдебиетке келу - таланттың ісі, ал әдебиетте қалу - ол енді жанкештінің жұмысы.

- Өзіңіз ақын ретінде ертерек танылған адамсыз, қаламгердің шығармашылық тұрғыдан өсуіне әдеби орта қаншалықты әсер етеді? Атырауда ақын-жазушы жетерлік, ал әдеби орта бар ма?
- Меніңше, озық әдебиетті орта не түрлі ұжымдар емес, дара тұлғалар жасайды. Әдебиет тарихына қарасақ, көркем ойдың бағытын өзгерткен шығармалардың көбі қалыптасқан талғамның шеңберіне сыймаған жеке тұлғалардың ізденісінен туған. Кафка, Пруст, Джойс, өзіміздің Жұмекенді алайық. Әрқайсысы - өз алдына бөлек көркемдік әлем. Сондықтан әдеби орта талантты тудырады деу қиын. Бірақ оның қалыптасуына, шыңдалуына ықпал ететінін жоққа шығармаймын.
Ортаның жақсы жағы - пікір алмасу, шығармашылық ықпалдастық, өзіңнен мықтыны көріп өсу. Белгілі бір дәрежеде бәсеке де бар. Бірақ әдебиеттегі бәсеке біреуді басып озу емес, өзіңнің кешегі деңгейіңнен биіктеу болса керек. Оның үстіне ортаның теріс ықпалы да аз емес. Кейде ол талантты тәрбиелеудің орнына өз өлшеміне икемдеп, қалыптасқан талғамға бағындырады. Әдеби ортаға сіңісіп кету мен әдебиетте өз орныңды табу - екі бөлек нәрсе. Бір кездері Алматы қазақ әдебиетінің үлкен орталығы болды. Қалам ұстаған жастардың бәрі дерлік сонда ұмтылды. Сол ортадан қара үзіп шыққандар да болды, ортаның шаңына көміліп қалғандар да болды. Демек, үлкен ортаның ортасында жүрудің өзі үлкен қаламгер болуға кепіл емес.
Қазір әдебиет бір ғана орталыққа қарап отырған жоқ. Семейде Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Қарағандыда Серік Ақсұңқарұлы, Маңғыстауда Светқали Нұржан, Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулетұлы секілді дара таланттар бар. Олардың шығармашылық салмағын тұрған жерінің әдеби ортасымен өлшей алмаймыз. Атырауда да қаламгерлер аз емес, әдеби дәстүріміз бай. Бірақ әдеби ортаның сапасын Одаққа мүшелікпен, ақын-жазушылардың санымен немесе өткізілген кештердің көптігімен өлшеуге болмайды. Бір-біріміздің шығармамызды қаншалықты оқимыз, талқылаймыз, әділ сын айта аламыз - мәселе сонда.
Әдеби орта талантқа топырақ та, оның тамырына тұсау да болуы мүмкін. Ең маңыздысы - қаламгердің сол ортада жүріп өзінің шығармашылық еркіндігін, даралығын сақтап қалуы. Өйткені түптің түбінде әдебиетте ортаның емес, жеке қаламгердің қолтаңбасы қалады.

- Жалпы облыстардағы филиалдардың жұмысы негізінен осы әдебиетке құштар, өнер мен мәдениетке ықыласты адамдардың қажыр-қайратымен жүріп жатқаны белгілі. Десе де, сіздерге қандай да бір қолдау мен қамқорлық керек шығар?
- Меніңше, филиалдың міндеті - есеп үшін әдеби кештер мен мерейтойлар өткізу емес, сол өңірде әдебиет пен әдеби үрдіс туралы терең әңгіме қозғай алатын интеллектуалды орта қалыптастыру. Ел ішіндегі шын таланттарды танып, олардың шығармашылығының үлкен әдеби айналымға түсуіне ықпал ету. Жергілікті билік бізді ешқашан қолдаусыз қалдырған емес. Мәселен, екі жыл бұрын Атырау қаламгерлерінің аудиокітаптарын «Яндекс Кітаптар» платформасына орналастырдық. Өңір ақын-жазушылары туралы «Муза» бағдарламалар циклін жасадық. Бұл - ертең архивте қалатын, кейінгі ұрпаққа қызмет ететін дүниелер. Дарынды қаламгерлерге облыс әкімінің арнайы стипендиясын тағайындауға қол жеткіздік. Бізге бір күндік шарадан гөрі ізі қалатын іс маңызды. Ал кітап шығару мәселесіне келсек, қаламгер өз шығармасын тиісті баспаларға, мемлекеттік бағдарламаларға өзі ұсына алады. Меніңше, мұнда автордың қай өңірде тұратыны емес, шығармасының көркемдік құндылығы шешуші өлшем болуы тиіс.
Әрине, өз ауылының тарихын, руының шежіресін, белгілі бір адамның өмірбаянын жазатындар бар. Ондай еңбектердің танымдық маңызын жоққа шығармаймын. Бірақ оның бәрін көркем әдебиетке жатқыза алмаймыз. Кітап жазған адамның бәрі жазушы емес. Ал біздің міндетіміз - сол екеуінің арасындағы шекараны жойып жібермеу.

- Әлеуметтік желінің арқасында ақын-жазушылардың жаңа кітаптары жайындағы ақпарат, мағлұматпен жұртшылық дер кезінде танысып отыратын жағдайға жетті. Соңғы кезде жер-жерде кітаптардың таныстырылымы көбейді, бұл бір жағынан біздің біріміз жазып, біріміз онымен танысуға ниетті екенімізді білдіретін шығар, ал енді осыны оқып үлгеріп жатырмыз ба? Қалай ойлайсыз?
- Қазір бізде кітаптың өзінен гөрі оның таныстырылымы маңыздырақ болып кеткендей әсер қалдырады. Кітап шықты, тұсауы кесілді, жұрт жиналды, құттықтау айтылды, әлеуметтік желіге суреттер жарияланды. Таныс сценарий. Осымен кітаптың қоғамдық ғұмыры аяқталатын сияқты. Ал шын мәнінде оның ғұмыры сол жерден басталуы керек қой. Бір қызығы, бізде кітапты оқымай-ақ мақтау мәдениеті қалыптасып келеді. Тұсаукесерде автордың азаматтығы, адамгершілігі, елге сіңірген еңбегі туралы ұзақ айтылады да, шығарманың көркемдік құны туралы бір ауыз сөз қозғалмайды. Әдеби бағаның орнын әлеуметтік ілтипат басып барады. Мұның ең қауіпті жері- автордың өзі де сол қошеметті шығармасына берілген баға деп қабылдауы мүмкін.
Әрине, кітаптың көп шыққаны жақсы. Бірақ көп кітап шығару мен үлкен әдебиет жасау - екі бөлек нәрсе. Кітаптың жарық көруі әлі әдеби оқиға емес. Әдеби оқиға - сол кітаптың оқырман санасында бір нәрсені өзгертуі, пікірталас туғызуы, көркем ойға жаңалық әкелуі. Меніңше, бүгін бізге кітаптың тұсауын кесетін адамдардан гөрі, оны ашып оқитын, талдайтын, қажет болса аяусыз сынайтын оқырман мен сыншы көбірек керек. Өйткені оқылмаған кітаптан гөрі, оқылмай мақталған кітап әдебиетке қауіптілеу. Біріншісі ұмыт қалса, екіншісі әдеби талғамды бұзады.

- Және қазіргі жас қаламгерлердің кітап шығару мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда көбірек. Бірақ кітаптың жарық көруі мен оның әдеби құндылығы дегеніңіз екі бөлек дүние ғой. Олардың шығармашылығына зер салғанда, ең басты ізденісі неден байқалады? Тақырып таңдаудан ба, тілден бе, әлде жаңа форма іздеуінен бе?
- Қазір кітап шығару бұрынғыдан әлдеқайда оңайлады. Бірақ кітаптың көп шығуы таланттың көптігін, аз шығуы таланттың аздығын білдірмейді. Әдебиет статистикамен өлшенбейді: кейде бір кітап автордың бүкіл шығармашылық ғұмырына татиды, кейде он кітаптан да біртұтас көркемдік әлем таба алмайсың. Әдебиетке енді келген, әсіресе алғашқы мақтаудың дәмін татқан жас қаламгерлер көбіне форма іздейді, тың тақырып іздейді, ешкімге ұқсамауға тырысады. Бұл - табиғи құбылыс. Бірақ кейде сол ізденістің өзі шығармашылықтың мақсатына айналып кетеді. Бүкіл ғұмырын тосын бірдеңе іздеумен өткізіп, ақырында о баста не айтқысы келгенін ұмытып кететіндер де бар. Өйткені өзгеге ұқсамауға тырысу мен шын мәнінде өзгеше болу - екі бөлек нәрсе.
Адамзатта махаббат, жалғыздық, өлім, ар-ождан туралы жазбаған тақырып қалды ма? Бірақ әр жазушы сол мәңгілік тақырыптарды өз әлеміне айналдырады. Моэмнің ерекшелігі - адамды ирониямен танып, кейіпкерлеріне біржақты үкім шығармауында. Буниннің әлемі - өткінші сұлулық, жоғалған махаббат пен уақыттың аяусыздығы. Хемингуэйдің ұстамды сөйлемінен, Маркестің қиял мен шындықты жымдастыруынан авторды танисың. Бәрі адам туралы жазады, бірақ әрқайсысы адамды өз көзімен көреді.
Біз Жұмекеннің, Есенғалидың, Мұқағалидың өлеңдерін авторын көрсетпей ұсынсаңыз да, тануға болады. Міне, нағыз қолтаңба! Олар өзгеше көрінуге тырысқан жоқ, өздерінің дүниені сезіну, ойлау тәсілін көркемдік тілге айналдырды. Меніңше, жазушы үшін ең үлкен бақыт - миллион адамның арасынан өз дауысыңды табу, сені есіміңнен бұрын сөйлеміңнен тануы. Ал оған жетудің дайын формуласы жоқ. Көп оқу, көп жазу, өзіңе күмәндану, жазғаныңды қайта-қайта түзету керек. Мәселен, Бунин өзінің естеліктерінде айтады ғой, «бір әдемі сөз не сөз тіркесін жазасың сосын отырып ойланасың, бұл маған дейін айтылып қоймады ма, бәленше жазушы не ақын айтқан сияқты» деп... Қазір ғой гуглге сап іздейсің, өз сөзіңе күмән келтірсең... Ал Буниндер қайта-қайта жазатын, күзейтін, түзейтін. Нағы әдебиетті жанкештілер жасайды дегеніміз сол. Ең қиыны - елдің мақтауына өзің сеніп қалмау. Әдебиетте өзгеге ұқсамаудың ең сенімді жолы - өзгеше көрінуге тырыспау. Өйткені стиль - сырттан киіп алатын киім емес, жазушының дүниені көру тәсілі. Ал болмысы жоқ жерде форма қанша жерден күрделі болса да, бос әшекей болып қалады.
- Әңгімеңізге рахмет.
