Нобель сыйлығын алған Энн Карсон кім?
Энн Карсон кім? Өкінішке қарай, бұл есім қазақ оқырманына кеңінен таныс емес.
Кеше әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі – Нобель сыйлығы 119-рет табысталды. 2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын, жазушы әрі аудармашы Энн Карсонға берілді.
Ал Энн Карсон кім?
Өкінішке қарай, бұл есім қазақ оқырманына кеңінен таныс емес. Себебі осы уақытқа дейін Энн Карсонның бірде-бір кітабы қазақ тіліне аударылған жоқ. Демек, әлем әдебиетінің айтулы қаламгері туралы ақпаратты біз оның Нобель сыйлығын алғанынан кейін ғана іздей бастадық.
Әдеби аудармасы жүйелі жолға қойылған елдерде мұндай үдеріс өзгеше. Халықаралық әдеби байқаулар мен беделді сыйлықтарда аты атала бастаған қаламгерлердің шығармалары жеңіс тұғырынан көрінбей тұрып-ақ оқырманға ұсынылады. Соның арқасында әдеби орта белгілі бір автордың шығармашылығымен алдын ала танысып, оның жаңа туындысын, жаңа жетістігін назарда ұстап отырады.
Ал бізде көбіне қаламгердің әлемдік деңгейдегі марапатқа ие болғанын күтеміз. Содан кейін ғана «Бұл кім?», «Қандай шығармалары бар?», «Қай кітабын оқуға болады?» деген сауалдар туындайды. Одан әрі әркім өзі меңгерген тілдегі дереккөздерден оның шығармаларын іздей бастайды.
Биыл да жағдай осындай. 2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленген Энн Карсон кім? Оның әдебиеттегі орны қандай? Қандай шығармаларымен танымал? Қандай жетістіктері бар? Оның поэзиясы мен прозасының ерекшелігі неде?
Осы сауалдарға жауап іздеп, бірнеше шет тілін меңгерген ақындар мен аудармашыларға хабарласып, Энн Карсон шығармашылығы туралы пікірлерін сұрадық.

Дүйсенәлі Әлімақын, ақын:
Энн Карсонның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Оның поэзиясын қазақ тіліне аудару барысында ақынның қалыптасқан поэтикалық өлшемдерге бағынбайтын, жанрлардың шекарасын бұзатын ерекше жазу мәнеріне қызықтым. Осы уақытқа дейін оның 7-8 өлеңін қазақ тіліне аударып көрдім.
Оның поэзиясының маған ұнайтын басты ерекшелігі оның өлеңдерінде ой мен образдың бір-бірінен ажырамайтыны. Кейде бірнеше ғана жолдың ішінде қазіргі адамның жалғыздығы, өлім, махаббат, жады сияқты күрделі тақырыптарды өте тосын образ арқылы ашады. Оның поэзиясында дәстүрлі баяндаудан гөрі, оқырманды ойлануға мәжбүрлейтін интеллектуалдық кеңістік басым.
Мәселен, оның «Әкемнің көне көк кардиганы» атты өлеңінде қарапайым ғана киім әкенің бейнесін, балалық шақтың естелігін және әке мен бала арасындағы айтылмаған сезімді сақтап тұрған ерекше нысанға айналады. Ал «Шыныдан жазылған эссе» секілді өлеңдерінде адамның денесі жеке тұлғаның ғана емес, барша адамзаттың ортақ болмысының символына айналады.
Карсонның өлеңдерін аудару оңай емес. Себебі оның сөздерінің сыртқы мағынасынан гөрі, үнсіз қалған тұстары, үзілістері, тосын салыстырулары мен образдарының арасындағы байланыс маңызды. Сондықтан аудармашы кейде сөзді емес, сол сөздің артындағы сезім мен ойды аударуға мәжбүр болады.
Мен үшін Энн Карсон қазіргі поэзияның мүмкіндігін кеңейтіп жүрген ақындардың бірі. Оның шығармаларын қазақ оқырманына таныстыру да қызықты тәжірибе деп ойлаймын. Себебі Карсонның поэзиясында ұлттық шекарадан тыс, кез келген адамға түсінікті жалғыздық, махаббат, өлім, жады және адам болмысы туралы сұрақтар бар.

Жантас Еркінұлы, ақын, аудармашы:
Энн Карсон немесе жарылып ашылған ой
Әдебиет саласы бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы канадалық ақын, грек-латын тілдерінің профессоры - Энн Карсонға бұйырды. Швед академиясы ақынға бұл сыйлықты “классикалық дәстүрмен ойнақы түрде сұхбаттаса отырып, қазіргі әдебиетте жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылығы үшін” берді. Сонымен қаншама жыл Нобель тізімінен түспей келе жатқан Энн Карсон кім? Және оның шығармашылығы бүгінгі адамзаттың ақыл-ойына қандай жаңалықтар қосты? Сол турасында аз-кем ой толғасақ…
Энн Патриша Карсон (ағылш. Anne Patricia Carson) - ақын, эссеист, классик-филолог. 1950 жылы 21 маусымда, Канаданың Торонто қаласында туған. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ көне грек тілін жергілікті мұғалімнен үйреніп алады. Сосын Әулие Микайл атындағы колледжді (Торонто университеті) тәмәмдайды. Мұнда ол көне грек ақыны Сафо шығармашылығы негізінде ғылыми жұмысын қорғайды. Осылайша жалпы антика әлемі Э. Карсон шығармашылығының өзегіне айналады.
Әкесі банк қызметкері болғандықтан отбасымен бірге Онтарио провинциясындағы шағын қалаларға жиі көшіп-қонып жүрген. Ғаламтор беттерінен ақынның сұқбаттарын, дәрістерін, әсерге толы перформанстарын жиі кездестіруге болады, бірақ ешқайсында отбасы жайлы, балалық шағы жайлы ашылып айтпайды. Бірақ бұл Энн ханымның отбасы жайлы айтқысы келмейтіндігін білдірмесе керек, керісінше автор ол жайлы шығармаларында көп толғайды. Оның жеке өмірі де сөз өнеріне жасаған эксперименттері сияқты контекспен бірге біте қайнасып, жымдасып кеткен. Тек көзі қарақты оқырман ғана оны теңіз түбінен маржан іздеген сияқты тереңнен таба алады. Мысалы, “Күйеудің кірпияз әлемі” (The Beauty of the Husband) кітабының соңында анасына арналған жеке тағзым сөзі бар, өйткені дәл сол кітап жазылып жатқан кезде анасы дүние салған екен. “Сен тым көп нәрсені есіңде сақтайсың”, деді жуырда анам маған. “Неге соның бәрін өзіңмен бірге алып жүрсің?. Мен айттым: “Енді оны қайда қояйын?” (Glass, Irony and God).
Анасымен қарым-қатынасы “Мөлдір Эссе” (The Glass Essay) өлеңінде де ерекше көрініс тапқан. Ал әлем әдебиетінің бағытын жүз сексен градусқа өзгертіп жіберген “Nox” (2010) кітабы үйінен кетіп қап, жырақта қайтыс болған жалғыз ағасы Майклдың әруағына арналады. Дереккөздердің айтуынша Майкл Карсон сонау 80-жылдары есірткіге байланысты қылмыстық істен кейін Канададан кетуіне тура келген. Сөйтіп 22 жыл бойы ол Үндістан мен Еуропаны аралап, жалған төлқұжаттар арқылы көшіп-қонып, өмір сүрген. Отбасымен байланысы сиреген. Сол жылдары Майкл анда-санда үйге қоңырау шалып тұрады екен-мыс. Ал 2000 жылдардың басында бірде ол Копенгагеннен Аннаға қоңырау шалып, өзіне келіп қайтуын өтінген. Анна енді барайын деп жүргенде, ағасының қайтыс болғаны жайлы суық хабар жетеді. Тай-құлындай тебісіп өскен ағасының ұзақ уақыт жат елде қашып-пысып жүріп, осылайша бір күнде ғана бақилық болғаны ақынның жанына қатты батады. Осылайша “Nox” элегиясы өмірге келеді. Кітаптың бір бөлігі Майклдың саяхаттарына қатысты фотосуреттер, хаттар, жазбалар мен естелік заттардан құралса, екінші бөлігі Э. Карсонның әйгілі рим ақыны Катуладан аударған фрагменттерінен тұрады. Оқырман “коллаждар мен коллекциялы кітап жаңалық емес ғой” деп пұшайман болуы мүмкін, бірақ мәселе әріде. Ақын Катуланы аудара отырып, қайта сол тексті бастан кешіріп, оны ой ағымы, сезім ағымы арқылы қайта “сүріп өтеді” һәм бұл процесстің бәрін кітаптың негізгі эпицентрі ретінде көрсетеді. Оның айтуынша мұның бәрі нейрон мен нейронды қосатын жүйке талшықтары сияқты, өлең мен өмірді жалғайтын ұсақ материялар. Олардың арасы жалғанғанда ой секіріп, ойнақылық пайда болады. Жанрлардың шекарасы бұзылады, жаңа форма қалыптасады. Элегия (бізше болғанда жоқтау) Карсон үшін бір ғана тақырып емес, жазу тәсілінің өзі. Ол қайғыны сезімге толы монолог ретінде емес, мәтінмен, сөзбен және аударманың көмегімен бейнелейді. Ол қайғыны ашық жылаумен емес, дәлдікпен, ирониямен және филологиялық еңбекпен суреттейді. Сезім мен интеллект бір-біріне қарсы қоймайды, қайта екеуін үндестіреді. Нобель комитеті Карсонның әдеби жетістіктерін атап өткенде, «Nox» кітабын ерекше мойындап, оны “ұмытылмас шығарма” деп сипаттаған.
Әйтсе де ақынның кітаптары қарапайым оқырман түгілі тысқаққан әдебиетшіге де оңай шағылар жаңғақ емес. Тіпті оның осыбір “түсінікті” де “түсініксіз” тәжірибесі үшін өмір бойы сынап келе жатқан сыншылар да жетерлік.
“…Жиырма жасыма дейін, меніңше, мен жазуды өте аз жаздым, өйткені сурет салдым. Жас кезімде тек суреттер салып, кейде оның үстіне бірдеңе жазып қоятынмын, бірақ негізінен мені сурет салу қызықтырды. Өзімді ешқашан жазушы санаған емеспін!” дейді Э. Карсон бір сұқбатында. Шынымен автордың әр кітабы, әр тармағы бұл бір бөлек формалар мен коллаждардың қиындысы сияқты. Ол сол арқылы жаңа формаға ұмтылады. Сіз кейде оны теңіз жағысында құмсылақтан әртүрлі пішін жасап отырған баланың ойынына ұқсатасыз, ал кейде иесіз (сұраусыз) қалған мәйітке (45 күн ішінде оның денесін туыстары іздеп келмесе, заң бойынша бұл дене ғылыми-зерттеу ұйымдарына немесе медициналық жоғары оқу орындарына, академиялық мақсатта зерттеу үшін берілуі мүмкін) жан-тәнімен кірісіп кеткен зерттеуші- дәрігерге келтіресіз. Қайсын алсаңыз да ол дәстүрлі ойлау мен формализмнен түгел бас тартады. Тіпті оның туындылары бүгінгі әдебиет айдынында мэйн-стримге айналған көптеген “измдерді” аяусыз сынайды. Мәселе Карсон стилімен танысқысы келетін оқырман үшін “Қызылдың автобиографиясы” (Autobiography of Red) кітабы “автор неге бұл тәсілді таңдады?” деген сұраққа белгілі бір деңгейде жауап беретін толайым дүниесі. “Қызылдың автобиографиясы” (Autobiography of Red, 1998) өлеңмен жазылған роман. Оның негізі - ежелгі грек ақыны Стесихордың фрагменттерінен тұрады. Онда қанатты қызыл құбыжық Герион Геракл атқаратын он екі ерліктің бірінде ажал құшады. Карсон мифтің терісін аударып, Герионды бүгінгі қоғамдағы нәзік, қызыл қанатты бала ретінде көрсетеді. Махаббат пен тастандылық, ерекшелік пен өзгеге ұқсамау сезімдерін сөз бен сурет арқылы білдірген бұл туынды Ұлттық кітап сыншылары қауымдастығы марапатында, (NBCC) поэзия номинациясы бойынша қысқа тізімге дейін барған. Көбісі оны Карсонның ең танымал кітабы деп санайды, сондықтан қазақ оқырманына да Карсонмен танысуды осы кітаптан бастауға кеңес береміз. Әрине, ондағы қызыл қанат бала Гарионның жыныстық ориентациясы қазақ таным-түсінігі үшін жат, оғаш, тіпті “бүлікшіл” болуы да ғажап емес, бірақ LGBT тақырыбын Э. Карсонның басқа да шығармаларында жиі кездесіп отыратынын ескерсек, бұл тақырыпты айналып өте алмасыңыз анық. Бірақ біз әрине автордың жаңашылдығы мен ойлау үрдісін түсіну үшін ғана бұл туындыларды оқуға кеңес береміз. Кітап ғаламторда автордың рұқсатымен әртүрлі форматты тегін тараған. Көшіріп алсаңыз мәрхәбат.
Авторды оқи отырып, оның лингвист-ғалым екенін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей Э. Карсон екінші күйеуі әрі өнердегі әріптесі Куримен әртүрлі алаңдар мен платформаларда еркін көсіліп, түрлі тәжірибелерге толы перформанстар қойғанды жақсы көреді. Мұны ол “бұрыштар мен шекаралар адамға қауіпсіздік сыйлайды, ал олардан тыс кеңістік қорқыныш та, еркіндік те бола алады” дейтін әйгілі идеясымен байланыстырады. Карсон айтқандай, апейрон біздің бақылау құрылымдарымыз, яғни “бұрыштарымыз” жойылғанда пайда болатын қорқынышты, бірақ шығармашыл бос кеңістікті білдіреді. Ол бізді болмыстың шексіз табиғатының алдында қорғансыз қалдырады. Адамда реттілікке деген табиғи құштарлық бар. Карсон оны «бұрыштар» (corners) деп атайды. Бұрыштар мен шекаралар бізге қауіпсіздік береді, ал олардан тыс шексіз кеңістік қорқынышты да, азат етуші де бола алады. Апейрон ұғымы (to apeiron, шексіз немесе шексіз-шекарасыз) Сократқа дейінгі ойшыл Анаксимандрға (б.з.д. VI ғасыр) тән. Энн Карсон бұл идеяны «шектелмеген» (unbounded) нәрсе ретінде талқылайды. Онда біздің күнделікті болмысымызды айқындайтын шекаралар, яғни «бұрыштар» жоқ. Мәтіннің дыбысқа айналуы, сөйтіп оның кеңістікте көрмендермен интерактивке түсуі, әр оқырманның (немесе тыңдарманның) ой-сезімі барлығы қосылып жанрлар мен шекераны бұзары анық. Біз енді бұларға өлең, проза, театр деп жеке-жеке қарамаймыз, біз бұларды біртұтас жанр ретінде талқылаймыз.
Оның тіпті қарапайым дәрісі де интерактивті шағын бір қойылым десек артық айтпаймыз. Онда ол өзінің сонау Принстонда сабақ беріп жүргенде ойлап тапқан “Қысқа-нұсқа тіл қатысу” (Short Talks) мәтіні бойынша тыңдарманды да сөзге қатысуға шақырады. Соның бірі былайша өріледі;
Артқа қарай жүру туралы қысқа-нұсқа тіл қатысу
“Анам бізге теріс қарап жүруге тыйым салатын. Өлілер солай жүреді дейтін ол. Бұл ой оған қайдан келді? Мүмкін, сәтсіз аудармадан шығар. Өйткені өлілер теріс қарай жүрмейді, олар біздің соңымыздан ереді. Олардың өкпесі жоқ, сондықтан бізді шақыра алмайды, бірақ артымызға қарасақ, қуанар еді. Олардың көбі махаббаттың құрбандары”.
Мұнда әрине түпнұсқада сөз ойнату мәселесі, аударма тілінің күрделігі жатыр. Сондықтан ақынды оқығанда танымдық-мақалалары мен эсселерін, дәрістерін де қоса оқу ұсынылады. Ол өзін ешкімнің тәпсірмелеуіне жол бермейді, қайта “біреу мені тәпсірлесе онда сол өзім болайын” дейтін ұстанымды жөн көреді. Ол шындыққа қол салмайды, керісінше оның шығармашылығы шындыққа қараудың жаңа бір тәсілдері мен формаларын ұсынады. Атақты Дж. Джойстың “Жас суреткердің портретіндегі” сияқты “шындық бұрышын өзің ғана белгіле” дейтін концепсияны алға тартады. Гольф ойыншысы допты қай бұрыштан ұратынын тек өзі ғана шешуі керек.
Бұдан бөлек Э. Карсон ішкі және сыртқы диалектика, өнер және бақылау, гансфельд эффектісі, “баспалдақ” әдісі, аяқталу табиғаты және дәлдік, реализм және рәсім, үнсіздіктің қадірі т.б. сияқты бүгінгі адамзат ақыл-ойына тың ойлау тәсілін ұсынған концепсияларды ғылыми-философиялық деңгейде шебер талдайды. Мәселен Карсонның пайымдауынша поэзия адам тіл арқылы қозғалып, байланыс орнатқанда, осылайша уақытты мүлдем ұмытатын сәттерге енген кезде “ажалсыз” болады. Сонда Карсон үшін “ажалсыздық” мәтіннің ұзақ сақталуы емес, оны оқу немесе жазу кезінде ойдың қозғалысы мен уақытты ұмыту тәжірибесі болып тұр. Сондай тәсілдердің бірі “баспалдақ” әдісі (staircase). Ол ойлау мен жазуды жеңілдету үшін қолданатын құрылымдық тәсіл. Ол сырттай байланыссыз идеяларды жалғастырады. Дәстүрлі баяндауды құрудың орнына, алшақ нәрселердің арасына «баспалдақтар», яғни ұғымдық көпірлер салады. Мақсаты: ой бір нәрседен екіншісіне көшуге мәжбүр болғанда, қай жерлерді басып өтетінін бақылау. Осылайша қозғалмайтын ойдан құтылу. Бұл тезис, антитезис және қорытынды сияқты қалыпты академиялық құрылымдар ойлауды «тоқтатады» деп санайды. Баспалдақтар арқылы ол жазуын ағымды, қозғалмалы күйде ұстайды және болжамды қорытындылардың жалығуынан аулақ болады. Мысал ретінде Симона Вейль мен Гертруда Стайнның, Улисс пен Цирцея мифінің, Фрэнсис Бэкон мен ақын Гёльдерлиннің байланысын жиі келтіреді. Қорыта айтқанда, Карсон үшін жазу белгілі бір тақырып «туралы» емес, сұрақтар құрылымы. Баспалдақ әдісі шындықпен жұмыс істеу кезінде ақылды бос қалдырмайды; сызықты емес уақыт пен ой тәжірибесін береді.
76 жастағы Нобель сыйлығының су жаңа иегері бірнеше жыл бұрын ғана өзінің Паркинсон ауруына шалдыққанын айтты. Сол себепті қол мен көздің үйлесіміне әсер ететін бокс сабағына да қатысып жүргенін жасырмады. Бұл күнде ол қолмен жазу қабілетін жоғалтқанына ұялатынын және өз жағдайының физикалық шындығын қабылдаудың қиындығы туралы да жиі ойланады. Осы ойын сабақтай келе, Сафомен жұмысына сүйене отырып, Карсон аудармада жақшалар мен бос орынды жиі қолданатынын түсіндіреді. Бұны ол бос орындарды «толтыруға» тырысу емес, тарихта жоғалған нәрсені мойындау тәсілі ретінде түсіндіреді.
Бүгінде Э. Карсон күйеуі, белгілі суретші Роберт Карри екеуі Исландияның, Рейкявик қаласында тұрады. Мұнда олар 2008 жылдардан бері тұрып келеді, 2022 екеуі де Исландия азаматтығын алған. Ол бұл мекенді “бос, өзің толтыруға болатын жер” деп сипаттайды.
Сөз басын қайырсақ, Карсон бір ғана санатқа бағынбайды. Оның шығармаларында поэзия, эссе, әдеби сын және проза құйдай араласып кеткен. Оның прозасы «жоғары қатаңдық» пен «сергек» (jaunty) интеллектуалды дәлдіктің қоспасы ретінде сипатталады. Ол жиі ирониялы, ойнақы және тапқыр, күрделі философиялық идеялармен жұмыс істеп, өткір әрі талғампаз қырын сақтайды. Туындыларының басым бөлігі адам өмірінің мәңгілік тәжірибелерін, әсіресе махаббат азабы мен құштарлық табиғатын зерттейді. Қазіргі эмоциялық өмірді тексеру үшін ол жиі осындай классикалық шеңберлерді пайдаланады. Әрине мұндай мәтіндер оқырманды терең философиялық талқыға шақырары сөзсіз.
