Фараби феномені және жасанды интеллект

Қазақтың ежелгі тарихында Қорқыт пен Нысан абыз сынды ұлы музыканттар болғаны белгілі. Бірқатар жазба деректерде олар осы Әбу Насыр Мұхамедпен  тұстас, қатарлас болып ғұмыр кешкені айтылып жүр. Демек, аса байқампаз-сезімтал азамат Әбу Насыр Мұхамедтің олардың шығармаларымен, әндерімен таныс болуы әбден мүмкін. Сосын да өзі де әнге, жырға, сазға ғашық болып өсуі  барынша мүмкін әрі ықтимал. 

43

Фараби феномені және жасанды интеллект - adebiportal.kz

                               (Фарабитануға қайта оралу)

                                           ҮШІНШІ МАҚАЛА

                                        ФАРАБИ ЖӘНЕ САЗ ӨНЕРІ

                            («Музыка туралы үлкен кітап» негізінде) 

Санада салмақтап, терең ойлап қарасақ, Әбу Насыр Мұхамед бабамыз негізінен философ, сосын ғылымның көп саласын меңгерген жан-жақты ғалым деп танысақ орынды болатындай. Сөйтсе де оның мол рухани қазыналарының арасынан  аса мәртебелі музыка саласы үлкен орын алатынын қадап айту керек-ақ. Саз өнері, яғни музыка тақырыбы, сөз жоқ, Фараби  еңбек­терінде де өз өрнегін тапқанын тарихи деректер дәлелдей түседі. Бабамыз ғылымның барлық салаларын меңгерумен қабат, музыка мен поэзияға да аса зор көңіл бөлгені – тарихи факт! Тіпті, өз трактаттарында музыка жайында жаза келіп, мынадай тұжырым жа жасайды:  "Музыканың жұмыс істеу кезінде пайда болатын шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол – бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді",-деп атап көрсетеді. («Музыка туралы үлкен кітап», Алматы, 2008 ж.)

Қазақтың ежелгі тарихында Қорқыт пен Нысан абыз сынды ұлы музыканттар болғаны белгілі. Бірқатар жазба деректерде олар осы Әбу Насыр Мұхамедпен  тұстас, қатарлас болып ғұмыр кешкені айтылып жүр. Демек, аса байқампаз-сезімтал азамат Әбу Насыр Мұхамедтің олардың шығармаларымен, әндерімен таныс болуы әбден мүмкін. Сосын да өзі де әнге, жырға, сазға ғашық болып өсуі  барынша мүмкін әрі ықтимал. 

Көп деректерде ғалым бабамыздың, өзі де ән шығарған, сосын арнайы музыкалық аспап ойлап тауып, өз орындауында ән айтқан делінеді. Ол замандардағы музыкаға көзқарас қалай болды һәм қандай музыкалық аспаптар бар еді? Бұл жайында ғалым бабамыз қандай елеулі еңбектер жазып қалдырғаны жайлы тарихи деректер қолға түсіп отыр?

Фараби музыкаға қатысты еңбектерінде, негізінен алғанда,  көне дәуірдің ойшыл-математигі  Пифагор әдістеріне сүйенеді, көп жағдайда математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтіруші екендігі тайға таңба басқандай. Ал, ең кереметі – ғұлама бабамыз өз қолымен музыкалық аспаптар жасағандығы һәм сол аспаптарда керемет ойнай да білгендігі. Отырарлық ойшылдың  музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымынан бастап, әуеннің поэзиямен байланысына дейінгі «музыкалық ғылымның» мәселелеріне араласқаны үлкен де  салалы тақырып. Бұл жайында қазақ ғалымдары Мұқаш Бурабаев, Ағын Қасымжанов, Әбсаттар Дербісәлі, Жақып Алтаев, т.б. өз еңбектерінде молынан жазды. Айталық,  профессор   Мұқаш Бурабаевтың жетекшілігімен шыққан «Трактаты о музыке и поэзии», профессор Ағын Қасымжановтың «Эстетические взгляды аль-Фараби» атты кітаптарды музыкатану саласының ішкі қатпарланына бара білген  зерттеу  жұмыстары деуге  толық болады. 

Ортағасырлық ойшылдың музыкаға қатысты көлемді еңбегі – «Музыка туралы үлкен кітап» болып табылады. Бұл туындысы ХV ғасырда-ақ латын тіліне аударылып, Еуропа музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізді деуге тарихи негіз бар. Толымды еңбекті оқыған адам оның ішінде көптеген  салалардың қамтылғанын тез-ақ аңғарады:  тек музыка ғана емес, философия, математика, тарих, этнография т.б. ғылым мәселелері молынан кездеседі; бір ғана шығыс (араб) музыкасының теориялық және тәжірбиелік мәселелері емес, Сократ, Платон, Аристотель,  Птоломей негізін қалаған ежелгі Грек (Рим) мәдениеті, Таяу шығыстағы Соғда, Хорасан, Сасанид, Кушан, тіпті Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі туралы да көптеген құнды деректер бар. 

Фараби бұл бағыттағы ой-тұжырымдарын жекелеген әрбір трактаттарында да байқатып отырғанын аңғару қиын емес. Мысалы, оның «Ғылымдардың жіктелуі» жазбасында музыка жайында жалпылама баяндай келіп,  музыка теориясын бес салаға бөліп көрсетеді. Олар мыналар: 1.Музыка туралы ілімнің, негізгі, зерттеу объектісі, тәсілдері. 2.Музыка туралы ілімнің негіздері, тондардың өзара байланысы мен қатынасы. 3.Музыка теориясының негіздерін зерттеу тәсілдерін қолдана білу.  4.Тондардың негізін құрайтын музыкалық ырғақтар табиғаты. 5.Музыкалық әуен, оны шығару жолдары (композициясы). 

Өзінің негізгі еңбегі - «Музыка туралы үлкен кітапта» (қазақша жеке басылымы, Алматы, 2008)  ғұлама ғалым көптеген түйткілді сауалдарға да жауап бере кетуге тырысқаны байқалады. Бұл саладағы жазбаларының мейлінше маңызды болатыны – өз заманындағы (арғы-бергі кезеңдер) музыкалық аспаптарды түсіндіре, талдап зерттегендігінде. Ол замандарда қандай саз аспаптары бар еді? Біз оны да Әбу Насыр  Мұхамед бабаның  осы кітабынан тауып, тұщынып оқи аламыз.

       Кітаптың құрылымы қандай? 

«Музыка туралы үлкен кітап» - кіріспеден және үш негізгі бөлімнен тұрады. Бірақ, әр бөлім жекелеген тараушаларға тармақталған. Мысалы, Бірінші бөлімде а)Бірінші сөз.Музыка өнеріне кіріспе; ә)Екінші сөз.Музыка өнеріне кіріспе (екінші рет). Енді «Музыка өнері» атты екінші бөлімнің құрылымы. а)Бірінші білім. «Музыка өнерінің элементтері жайында»; ә) Бірінші білім. Екінші сөз; б) Екінші тарау. Белгілі аспаптар және олардан шығатын дыбыстар жайында; г) Екінші білім. Екінші сөз; д) Үшінші білім. Бірлі-жарым әуендердің композициясы жайында. Бірінші сөз; ж) Үшінші білім. Екінші сөз.

Осы кітаптың бас жағында ұлы ойшыл жазады: « ...біз өзіміздің шығармамызды екі кітаптан жасауды мақұл көрдік. Біріншіден, біз осы ғылымның негіздерімен танысу үшін пайдалы мәселелермен бастадық және осы өнерде екінші кезекте тұратын жайттарды кірістіріп, оның күллі бөліктерін қамтыдық. Мұнда бізден басқа ешкімге тән емес әдісті қолдандық. Екінші кітапта, осы өнерде мәшһүр теоретиктердің бізге дейін жеткен пікірлерін баяндап, (38 бет) олардың түсініксіз сөздерін  анықтадық, әр түрлі кітаптарда айтқан адамдардың пікірлерін зерттедік, олардың әрбірі бұл өнерде қандай мәртебеге жеткенін айттық және қателескендерінің қатесін түзеттік...» (Фарабидің өз еңбегіне кіріспе мақаласы). Осыдан байқалатындай, бұл музыка туралы еңбек екі кітаптан тұратындығы және өкінішке орай, екінші кітаптың бізге жетпегендігі. (Мүмкін, алдағы уақытта табылып та қалар!)

Енді кітаптың өзіне ауысалық. Бұл кітаптың алғысөзін жазған зерттеуші-ғалымдар (Ә.Нысанбаев, Ғ. Құрманғалиева, Н. Сейтахметова) музыка туралы толымды шығарманың мән-мағынасын ашып көрсетуге тырысқан. Авторлар тобы Фарабиді «орта ғасыр ойшылдарының саңылақтар тобындағы көрнекті өкілі» екенін айта келе, «көп қырлы еңбегіндегі негізгі жетістіктерінің бірі -музыканы зерттеуі» екенін еске салады. Алғысөзде, сондай-ақ, кітап «Әбу Жағфар Мұхамед ибн әл-Қасым әл-Кирхи уәзірдің өтінішімен жазылғанын» (кей деректерде өтінушіні Алеппо билеушісі Сайд ад-Дуаль Хамдани деп көрсетеді -Ж.Ә.) ескертіп, бірақ «еңбек орта ғасыр қоғам мәдениетінде ерекше орынға ие болмағанда» осыншалық зерттеу обьектісіне айналмас еді деп көрсетеді. Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» еңбегі екі кітап болуы тиіс екен, бірақ екіншісі бізге дейін жетпей қалған. Ғалым онда «бұрынғылардың музыка жайында айтқан ой-пікірлеріне түсіндірме»  жасаған делінеді. Өйткені, музыка теориясы жайынан Фарабиге дейін де біршама ғалым-ойшылдар (Аристокен, Пифагор, Евклид, Клеонид, Птоломей, т.б.) өз пайымдарын жазып қалдырыпты. Бірақ, ол жазбаларда біркелкілік пен реттілік жоқ екен және ең қиыны – түсінуге ауырлығы. Сосын да Фараби бұл тақарыпты «арнайы қолға алғаны» жайлы айтылады. Ежелгі Грекияда музыкалық білім беру жүйесі тіпті алтыншы ғасырдан (б.д.д.) бастап «дәстүрлі болып, сауат ашу дәрістерімен бірге» тұрғаны жайлы дерек бар екен. 

Музыканың қатпар-қалтарыстарын терең түсіндіруде математика ғылымы да атсалысып, оған «пифагоршылардың да қатысы бар екені» ескертіледі. 

«Пифагорлық әдістің музыканы зерттеудегі ерекшелігі музыкалық практиканың акустикалық қасиеттерін математикалық сипаттау құштарлығы және математиканың арасындағы байланысты орнату болып табылады» деп атап өтеді алғысөз жазушы ғалымдар.  Жалпы алғанда, пифагорлық  музыка теориясында екі жақты белгілеуге болады: физикалық және математикалық. Бұл екеуі де «пифагоршылардың пікірлерінде бар еді, бірақ математикалық жағы басым түскенін» тағы да ескертіп өткен. Анығында, пифагорлық дәстүр ежелгі музыка туралы түсініктердің дамуына көп ықпал етсе де, оны сынаушылар да болды. Мысалы, Платон пифагоршыларды «астрономдардың қатесін қайталап, ақиқатты өз орнынан емес, басқа жерден іздегені»  үшін айыптады. Сөйтіп, атақты Платонның өзі де музыка теориясына араласты, өз ойын ашық айтты. Платон музыканы мақам мен ырғақтар өнері деп санады. Осы төңіректен ой іздеді. Ал, Платонның шәкірті болып саналатын Аристотель де музыканы жоғары бағалағанымен, бұл жайында  арнайы  толыққанды жазба (кей трактаттарында жалпылама, жедел түрде сөз еткені болмаса) қалдырмағаны атап көрсетіледі. 

Мұсылман әлеміндегі ойшылдар жайына келер болсақ, барлығы болмаса да, кейбір ғалымдар бұл салаға айналып соғып, шама жеткенше көңіл бөліп отырған. Музыканың адам өміріне тигізетін игі ықпалы мен пайдасы жайында айта келе, оған  ілтипат байқатып,  маңыз бергендігі  аңғарылады. Айталық, мұсылман философы Әбу Жүсіп әл-Кинди (арабтан шыққан оқымысты) орта ғасырлық ислам мәдениетінде алғашқы болып музыка жайында жаза келе, оның «сфералық және бастапқы элементтерімен үйлесімдік байланысы жайында» ой қозғаған. Бірақ, бұл жазбалары музыка саласын толық әрі жан-жақты қамтыды, теориялық тұжырым жасады  деуге болмайды. Осы бір  өз кезегін күткен  олқылықты толтыру үшін де Әл-киндимен ілесе шыққан түркілік ғалым-ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Музыка туралы үлкен кітабын» жазып, әуен теориясын қалыптастырып, тіпті  одан да асыра айтсақ, музыка эстетикасының энциклопедиясын жасады. Кейінірек Фарабидің музыкалық мұрасымен қаруланған  ғалым-ойшылдар Әбл Қадир Марағи, Надж әд-Дин Каукаби, т.б. мәселеге терең бойлап, осы тақырыпқа еркін ойысып,  ой жалғастыра, терең трактаттар жазғанын  да айта кеткен орынды. 

Ортағасырлық ойшыл Фараби музыка тақырыбына қарай бет бұрып, көлемді еңбек түзгенде қай жағына ерекше маңыз берген? Музыканың қандай ерекшеліктерін ашып көрсеткен? Қандай түріне тоқталған?

Фараби музыканы талдай отырып, оның «коммуникативті мазмұны  жайында Адам - Әлем – Мәңгілік қатынасын көрсететін үлкен мағыналы логикалық қорытындыға» келеді. Ғұлама ғалымның түйіндеуінше, «музыка бастапқыда адам даусы арқылы орындалатын әуенмен байланысты практикалық өнер» болған делінеді. Сөйтіп, бұл ретте әуеннің алатын орны жоғары екенін жан-жақты түсіндіре айтады.

Кітаптың бірінші тарауы- «Музыка өнеріне кіріспе» деп аталады дедік. Бұл бөлімнің өзі өзекті екі тараудың басын біріктірген. Оның алғашқысында «музыка» атауы, музыка ілімінің  алуан түрлі мәселелері, әуенінің шығу тегі, оны шығару, орындау, сондай-ақ музыка  теориясы туралы түсініктер жан-жақты талданса,  кітаптың екінші бөлімінде, енді  адам жанына жағымды естілетін әуендер, дыбыстың табиғи түрде сезілуі, былайша айтқанда, гармония және үндестік ерекшеліктері сөз болады. Осылайша, ойшыл ғалым  музыкалық әуендерді жетілдірудің жолдары мен принциптері, музыка теориясына байланысты бірқатар теориялық мағлұматтарды алдымызға тартады. 

 «Музыка өнерінің негіздері» (екінші тарау) де екі бөлікке бөлініп, алғашқысында дыбыс шығаратын денелер, жоғары және төмен дыбыстардың себептері, музыкалық интервальдар, үлкен, орта және кіші интервальдар жасаудың тәсілдерін, теориялық негіздерін көрсетуге ұмтылса, келесі бөлімінде квартадан немесе аралықта пайда болатын интервалдар туралы теориялық мәселелерді тілге тиек етеді. 

«Музыкалық аспаптар» (үшіншісі) тарауы да екі бөліктен тұрады. Алғашқысында «кең таралған музыкалық аспаптардағы тондардың қалыптасу жолдарын» сөз етеді. Міне, бұл бөлікте енді ойшыл ғалым музыка өнерінің ішіне ішкерілеп еніп, аспаптарды жан-жақты түсіндіруді мұрат еткен. Тіпті әртүрлі, әрқилы аспаптарға жеке-жеке тоқталып, оның маңызын аша түседі:    уд аспабының құрылысы, ашық пернелері, оған орындаушы саусақтарының орналасуы, төрт ішекті уд, соның бойында жасалатын интервалдардың арақатынасы, дыбыс қатары,  уд аспабын күйге келтіру түрлері және  қолданудың тәсілдерін талдайды. Енді  екінші бөлікте де сол түсіндірме баянды жалғастырған: тамбур аспабының ерекшеліктері мен  Бағдат тамбуры жайында жазып, тұрақты және айналымды пернелер, сонымен бірге әр түрлі аккордтар жайында талқылайды. (Осы бөлікте Хорасан тамбурының сан алуан нәзік ерекшеліктеріне үңіліп, талдаған). 

«Музыкалық композиция» (соңғы тарау) да екі бөліктің басын біріктіреді. Алғашқысында - әуеннің анықтамасы, толық және толық емес топтар, топтардың кестелері, үндестік және диссонанс, эволюция, ырғақ негізгі ырғақ, соғулар, қосылушы ырғақтар, арабтардың дәстүрлі ырғақтары, әуен шығару  жайы айтылады. Екіншісінде - дауыс ырғағы, адам дауысы,  сөздің мелодияға бейімделуі, бос және толтырылған тондар мен оларды  айту, дауыс мақамын шығарып (композиция) айтудың басталуы мен соңы, мелодияның әсерлілігі, мелодиялардың (әуеннің) адам сезіміне әсеріне байланысты тұжырымдар келтіріледі. 

                                                                            ***

Жоғарыда біз Фарабидің музыка жайындағы толымды еңбегі теориялық мәселелермен қатар сол музыканы шығаратын аспаптар жайында да кеңірек қамтып көрсеткенін атап айттық. Тіпті әрқайсысын жеке-жеке бөліп қарастыратыны да еңбектің өн-бойынан  анық көрініп тұрады. 

Олардың атауларына келер болсақ мынадай екен: үрлеп тартылатын: най, сыбызғы, қыпшақ; ішекті уд, нанг, рубаб, шахруд, дутар, қобыз, танбур, канун; ұрып ойна­латын: нагора, тыйбл, дойра және басқалар. Ол атап кеткен бұл аспаптардың кейбірі бұл күнде жоқ, ал кейбірі басқаша жетілдіріліп-дамыған. 

Ғұлама ғалым енді осы аспаптардың шығуы мен тарихын түсіндіруге тырысып бағады. 

Ескі музыкалық аспаптардың шығу тегін алдымен табиғаттың өз дауысқа балап, соны қайта жаңғырту деп есептеген. Мысалы, үңгірлерде желдің уілдеп соғуы, қамыстың сыбдыры, құмның сусылы, т.б. Айталық, үскірік аспап желдің үскіріп соғуына байланысты туған болуы да мүмкін. Ағаш пен көн теріні, сүйекті пайдалану негізінде дамыған. Мүйізден, қамыс сабағынан үн шығару үрлеп тартылатын аспаптардың алғашқысы болар. Үнінің ақырын немесе қатты естілуіне, сондай-ақ сазына қарай музыкалық аспаптар тұрмыста өзгеше орын алған. 

Енді бір тобы былай деп түсіндіреді. 

«Соғыстар мен шайқастарда пайдаланатын: би, үйлену тойы, сауық-сайран үшін қолданылатын және махаббат жырларын сүйемелдейтін аспаптар болады» – деп жазған Фараби. Үрлейтін аспаптардың ащы даусын және ұрғылайтын аспаптардың күшті даусын ұрыстарда, аңға шыққанда, шамандардың бақсылық құру кездерінде кәдеге асырған. Ішекті және үрлеме аспаптарда музыканттар құстың сайрауын, аңдардың ақыруын, табиғатта болатын басқа да түрлі дауыстарды шебер қиюластырып, тіпті әншінің салған әнін қайталай алған. 

Шертетін және ысқышты аспаптардың ішектерін ақырын сүйемелдей отырып, үн шығара ән салғанын да ежіктеп көрсетеді. Кісінің үнін жетілген және жетік аспапқа балаған, басқа көне аспаптардың бәрі жетілдірілмеген деп есептеп, оларды аспаптың жасанды түрлері деген пікір айтқан. 

Ғалым мұнымен шектеліп қалмайды. Енді музыкалық аспаптардың басқа да түрлері көп екенін еске түсіреді. Талдап-таратып жазады. 

Саз аспаптардың екінші түріне жататындар туралы Фараби былай деп жазған: «...белгілі бір бөлікті саусақпен басып ойнау арқылы қажетті нотаның, бәрін де ала аламыз...» Арфа, уд, және чанг сияқты аспаптар ежелгі түркі елінде құңқау, күнку, етиген деген атаумен тарихқа енген-ді. 

Музыкалық аспапта дыбыстың жақсы шығуына аспап құрылымының әсері жөнінде, астыңғы және үстіңгі қақпақтардың үні сәйкес болуы ерекшеліктері туралы түсіндіре жазған. «Өзінің табиғаты, өзінің ққрылысы жөнінен, – деп толғаған ғалым, аспаптардың шанағы пернелерді басқанда шығатын ноталарға қосақтала отырып өзі де үн шығарады...»

Енді аспаптардың түрлеріне тоқталып, оның ерекше белгілерін ашып көрсетеді. Өзгешеліктерін ашады. 

Мұны да өз трактатында арнайы баян қылады. 

Айталық, Хорасан танбуры деген саз аспабы бар, оның перне саны тұрақты емес, түрліше болған. Орындаушының шеберлік дәрежесіне, инструменталдық музыканың жетілдірілуіне қарай перне саны он сегізге дейін жеткізілген. Сазгерлер пернелердің орналасуын олардың аралық дыбыстарының тазалығымен байланыстырады. Хорасан танбурында екі ішек әрқилы бұрауға келтірілген. Бұраудың да өз тәртібі бар дейді. 

Осы ретте айта кету керек, ғұлама ғалым аспаптардың өзіне тән ерекшеліктерін ғана емес, ойналу түрлерін де саралаған. Онда ойнаушылардың шеберлігі қажеттігін де еске салады. 

Най, қыпшақ сияқты үрлеп ойналатын аспаптарды, олардың бір-біріне ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра таразылаған. Үннің, дауыстың қалай шығатынын, қалай күшейе­тінін теориялық жағынан негіздеп, барлық үрлеп ойналатын аспаптарда үннің шығуы түтіктің ішкі қуысының көлеміне байланысты болатынын айтады. Түтіктің ішкі қуысы дегеніміз – орындаушы үрлейтін жоғарғы ұшындағы тесіктен түтіктің үрлеумен пайда болған дауыс сыртқа шығатын жеріне дейінгі аралық. Ұрмалы аспаптарды даусы қатты, кісінің құлағын жарып жіберетін ащы дауыстылар деп атап, мұндай аспаптар көбінесе ұрыс-соғыс кезінде мүмкіндігінше пайдалы болғанын айтып өтеді. 

Халықтың өзі ойлап тапқан аспаптарының ойналу мүмкіншілігі әр кезде әр түрлі болған. Мұның өзі аспаптың жасалу құрылысына, ойнау тәсілдеріне, дыбыс шығаруына, диапазонына қарай ерекшеленген. Бірқатар аспаптар кісі даусының межесіне жетіп, кейде асып та кетіп жатса керек. Көне халық аспаптарын ғалым толымды және толымсыз деп екіге бөлуді ұсынған. Ол толымсызға ән-күй орындау мүмкіншілігі шектеулі аспаптарды жаткызған. 

Енді сол музыкалық аспаптардың алатын орнын былайша сипаттаған: «...аспапта сүйемелденетін вокальдық музыка мей­лінше құлпырып, байи түседі, құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиеді және поэзиясы мен ырғақтылығының арқасында оңай жатталады...» Аспаптық музыканың (күй) жасалуы мен дамуы аспаптардың қалай жетілдірілуіне тікелей байланысты болғанын да атап өтеді. 

Музыкалық аспаптар, әрине, кезең-кезеңмен дамып-жетілдіріле берген. Аспаптарда ойнаудың екі немесе үш дауысты аккордтар, трельдер, форшлагтар, күрделі ырғақтар үлгісі пайда болып, оларды адам үнімен сәйкестендіру өте қиынға түсе бастаған, тіпті адам даусын мүлде келтіре алмайтын жағдайлар да кездескен. Осыған байланысты вокалдық және аспаптық музыка арасында елеулі айырмашылықтар байқалып, соның әсерінен күйдің пайда болуына жол ашылған деген тұжырым шындыққа жақындайды. 

Біздің халықтық болмысымызға ең жақыны – домбыра! Домбыра әсіресе күй шертуге аса қолайлы еді. 

Міне, осыны жанымен ұғына білген қас-сақ ұлы бұл жайынан да әңгіме қозғап өткен. 

Домбыра және басқа да музыкалық аспаптардың үні күйлердің дамуымен бірге дамытылғанын ауық-ауық айтады. Домбырада қосымша пернелердің жасалуы өнерпаздардың интонациялық ойнау қабілетінің өскенін байқатса керек. Әдетте, жаңа перне алғаш рет ойналатын музыкалық шығарманың немесе автордың атымен аталып келгені де мәлім. 

Осыдан барып, Әбу Насыр  Мұхамедтің өзі де музыкалық аспап жасаған болар!

                                                      ***

Міне, Фараби  жазған «Музыка туралы  үлкен кітап» атты еңбегі осындай аса құнды пікірлерімен, ой-тұжырымдарымен маңызды. Барынша бағалы. 

Бұл жайлы сосын да көптеген ғалымдар әр кездерде сөз арнап, мақалалар жазған. Тіпті арнайы зерттеу обьектісіне айнала бастағаны да рас. Аталған тақырып әлі де жалғаса түсетініне һәм талдана беретініне сенімдіміз. Әсіресе, музыға саласының мамандары ерекше көңіл қойып, мәтінмен жете танысып, тереңнен қазып зерттеп-зерделесе, нұр үстіне нұр! 

Біз әзірге осымен тоқтай тұрмақпыз. 

Айта кетейік, мақаланың бірінші және екінші бөлімін осы жерден оқуға болады. 

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ                    

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan