Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Феруза Хайруллаева. «Сөздікқордан түбімен жойылуы ...

Феруза Хайруллаева. «Сөздікқордан түбімен жойылуы тиіс сөз...»

28.10.2025

3936

Феруза Хайруллаева. «Сөздікқордан түбімен жойылуы тиіс сөз...» - adebiportal.kz

Феруза Хайруллаева – қазіргі өзбек әдебиетінің өкілі. Ол өзінің өлеңдерінде әйел рухына тән нәзіктікпен кесек тақырыптарға бойлап жүргенін көреміз. Біз Ферузамен Баку қаласындағы форумда таныстық. Сол форумдағы жастардың біразын аударып, «Жерасты әдебиетінде» жариялаған болатынбыз. Ал кейбірімен осы «Әдебиет порталында» әңгімелестік. Ферузамен де өлеңге, екі ел әдебиетіне, өнеріне, қоғамдық жағдайына қатысты біраз «сөздің» басын шалдық. Сол әңгімені ұсынып отырмыз.

-Сәлем, Ферузажан. Біз сенімен Әзербайжанда өткен Жас түркі қаламгерлерінің І Баку форумында танысқан едік. Сенің өлеңдеріңдегі мұңға оранған сұлулық пен сұлулыққа айналған мұң мені әсерлендірді. Достығымыз сол сәттен басталған болатын. Енді сенімен әдебиет, поэзия, ой әлемі мен қоғам жайлы әңгімелескім келеді. Өзбек әдебиетінде Чолпонның ішкі жалғыздығы мен сенің өлеңдеріңдегі рухтың үнсіздігі арасында бір нәзік байланыс бар. Сеніңше, қазіргі заман адамының ең терең жалғыздығы қай сөздің қойнауына жасырынған? Ал өткен ғасырдағы Өзбек әдебиетінде ол қай сөздің ішіне тығылып өмір сүрген еді? Мен де осы сұрақтың құшағына жасырына отырып, сенің өткен ғасыр мен қазіргі өзбек әдебиетінің даму жолы туралы ойларыңмен бөліскеніңді қалаймын... Қазіргі өзбек әдебиетіндегі жас буынның бірі ретінде өз пікіріңді қазақ оқырмандарына баяндап берсең...

Сәлем, көркем құрбым. Әзербайжандағы форумда біз сезінген әсерлердің ұқсастығы мені таңғалдырды. Сенің өлеңдеріңді оқығанда мен де сол бір мұңға толы тыныш сезімді, жүрек түбіндегі әлдебір сағынышты сезген едім. Шынын айтсам, мен үшін қазақ поэзиясы десе, көбіне жыр, толғау, дастан сарынындағы поэзия елестейтін. Ал сенің жырларың мүлде өзгеше екен – әрі заманауи, әрі өзіндік ішкі әуенімен ойға кұйылған тұтас бір әлем... Сол сәтте ұққандай болдым: бүгінгі біздің, Түркі халықтары әдебиетінің жаңа буыны, жаңа әдебиеті бір-бірін түсіне алатындай деңгейде, бір-бірінің сезінген сезімдерін ұға алатындай деңгейде ұқсас мұңдар мен ортақ түйсінулер аясында дамып келеді.

Бәлкім, бүгінгі замандағы ең терең жалғыздық «өзім» деген сөздің айналасына келіп тоғысқан шығар. Білмеймін, бұл ой көкейге кенеттен келіп отыр. Өйткені бүгінгі адам бәрінен бұрын өз сезімімен, өз ой-толғанысымен, өз шешімімен әуре болады. Осылайша, бәрінен бұрын өзін түсінуге тырысқан сайын, өз-өзімен, жалғыз қалады. Бүгінгі адам «өзім, яғни мен бармын» деген сайын, «жалғызбын» деп те айтып тұрғандай әсер қалдырады. Бүгінгі адамзаттың бар игілігі, яғни демократия, еркіндік, байлық, заманауилық бәрі-бәрі соған қызмет етіп тұрғандай... Бірақ бәрібір бүгінгі адам бақытсыз көрінеді. Себебі, меніңше, адамдар бір шындықты ұмытты: бақыт – бөлісу, байлық – беру, еркіндік – жауапкершілік. Егер сенде бәрі бар болып, бірақ оны бөлісер, түсінер, соны бірге сезінер бір адам болмаса – онда қалғанының бәрі бос. Бір өлеңімде жазғанмын: «Біз бұл дүниеге әңгімелесу үшін келеміз…», - деп...Мүмкін, сұрағыңнан сәл алыстап кеттім, кешір.

Өткен ғасырдағы өзбек әдебиетіндегі ең терең жалғыздық, бәлкім, «еркіндіктің жоқтығы» ұғымымен астасқан болар. Әрине, мұны әрбір шығармашыл адам ашық айта алмады (Совет дәуірі еді ғой), бірақ еркіндікке, азаттыққа деген аңсардың күштілігі соншалық, ол сезім «Бинафша» (Фиалка) (ҚҚ: Чолпонның өлеңі меңзеліп тұр) деген бір ғана сөзге де сыйып кететін.

XX ғасыр өзбек әдебиеті ұлы белестер мен күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Ғасыр басында «Өткен күндер», «Михрабтан шаян»«Кеше мен бүгін» секілді алғашқы прозалық туындылар жазылды... Бұлар – елді, ұлтты білім мен оянуға шақырған әрі идеялық, әрі көркем шығармалар еді. Әдебиет сол тұста халыққа бұрынғыдан да жақын, қастерлі болды. Кейін, ғасырдың орта шенінде, оны шектеу басталды. Өйткені билік оны үгіт құралына айналдырмақ болды. Нәтижесінде өзбек әдебиетінде бөліну пайда болды: бірі – «қызыл» ақын, бірі – «қызыл» жазушы атанды, ал бұған көнбегендер қудаланды. 1930 жылдары да, 1950 жылдары да, тіпті кейін де. Сол шақта өзбек әдебиеті қойнында бомба мен гауһарды қатар жасырып жүрген баладай күй кешті. Бірақ білесің бе, дәл сондай сұм заманның өзінде өзбек қаламгерлері цензураның көзін бұлдыратып, ғажайып туындылар тудыра алды. «Шум бола» (Ғафур Ғұлам), «Науаи» (Ойбек), «Уфқ» (Саид Ахмад), «Жұлдызды түндер» (Примқұл Қодиров), «Екі есік арасы» (Өткір Хошимов) сынды туындылар – көркемдік пен идеялық тереңдігі жағынан әлем әдебиетімен бой теңестіре алар дүниелер.

XX ғасыр – өзбек поэзиясының ең биік, ең жанды дәуірі десем, қателеспеймін. Бұл ғасырдың өлеңдері тек сұлулықты ғана емес, ұлт рухын, азаттық аңсарын, адам жанының ең нәзік иірімдерін бейнеледі. Миртемир, Рауф Парфи, Абдулла Орипов, Еркин Вохидов поэзиясы – соның айғағы. Олардың ізін ала сахнаға шыққан Халима Худойбердиева, Омон Матжон, Шавкат Рахмон, Усмон Азим, Хуршид Даврон сынды ұстаз ақындар поэзиясы – XX және XXI ғасыр өзбек әдебиетінің шоқтығы биік, қайталанбас құбылысы.

Бүгінгі өзбек әдебиеті дәл сол таза, биік рухтағы бастаулардан сусындаған. Мен бір нәрсеге кәміл сенемінМарқұм атам айтушы еді: «Адамның тамыры таза болуы керек» деп. Егер сенің қаныңда биіктік, тектілік бар болса, оны қанша қорласа да, төмендетсе де, сен бәрібір өз тектілігіңді сақтап қаласың. Мен өзбек әдебиетін де, тұтас түркі әдебиетін де соған ұқсатамын. Қашқаридай, Науаидай, Машрабтай алыптарды тудырған халықтың әдебиеті ешқашан тоқтамайды, өсуін жалғастыра береді. Бүгінгі өзбек әдебиетінде соны дәлелдеп жүрген қаламгерлер аз емес.

– Ашық сөзділігің мен лебізің үшін көп рақмет. Бірақ қазақ поэзиясы дегенде тек жыр-дастан түріндегі туындылардың ойыңа оралуы – бәлкім, бұл теңізге аз сүңгігеннен шығар. Вирджиния Вулф өзінің “A Room of One’s Own” (Өзіне тиесілі бөлме) атты жазбасында: «Әйелдің жазуы үшін өз бөлмесі болуы керек»,- дейді. Бұл сөз – әйелдің шығармашылық туынды тудыра алуы үшін өзіне тән кеңістігі мен ойларын еркін жеткізе алатын еркін ортаға мұқтаж екенін аңғартады. Вулф бұл жағдай ер адамдарда тарих бойы бар болғанын, ал әйелдер үшін ғасырлар бойы кедергі туындатқанын атап өтеді. Сеніңше, дәл қазіргі ғасырда әйелдердің шын мәнінде өзіне тиесілі «бөлмесі» бар ма, әлде ол әлі де өз жүрегінің ішіндегі уақытша ғана «пәтер жалдаушы» ма? Өзбек әдебиетіндегі әйел қаламгерлердің, шығармашылық иелерінің қазіргі жағдайы туралы айтып берсең. Социологияда «позитивтік кемсіту» деген ұғым бар. Бұл ұғымның түбінде әйелдер мен балаларды қоғамның әлсіз әрі нәзік бөлігі деп санау, сол себепті оларға ерекше «қамқорлық» көрсету немесе «айырмашылықпен» қарау керек деген көзқарас жатыр. Бірақ өкінішке қарай базбіреулер бұл ұғымды шын мәніндегі «кемсіту», төмендету мағынасында да қолданғаны белгілі. Сен өмір сүретін қоғамда әйел қаламгерлерге қатысты біртүрлі менсінбеушілік, қабылдамау немесе жоққа шығару сияқты көзқарастар байқала ма? Әйел болу қиын ба, әлде ақын болу ма? Мүмкін, әрі әйел, әрі ақын болу – қазіргі қоғамдағы әлеуметтік құрылым мен көзқарастар тұрғысынан біздің өмірімізді бұрынғыдан да күрделендіріп тұрған шығар ;)... Я да ол өткен ғасырдың құрсағында қалды ма?

Ақындардың шынында өзіне ғана тиесілі «жеке бөлмесі» бар ма, әлде ол әлі де өз жүрегінде ғана уақытша «пәтер жалдаушы» ма? Білесің бе, «жүрегінде пәтер жалдаушы» деген тіркесіңшынымен біртүрлі ауыр тиеді екен... Өйткені сенің өз бөлмең болсын-болмасын, кейбір сезімдерді тек жүрегіңде ғана сақтай аласыңТіпті сөзге айналдыра алмайсың. Бәлкім мен дүниеге сәл позитив қарайтын шығармын, бірақ бүгінгі біздің қоғамдағы шығармашылықта жүрген әйелдер үшін онша үлкен тосқауыл не «бөлмесіздік» көріп тұрған жоқпын. Әрине, жеке өмірлік жағдайлар, отбасылық қайшылықтар болуы мүмкін, алайда жалпы алғанда қысым сезінген емеспін.

Өзбек әдебиетінде дәл қазір әйел ақындар мен жазушыларға қатысты ешқандай жынысына қарай бөлу бар деп айта алмаймынМен қазір отыз екідемін, өмірімде ондай жағдайды көрген емеспін. Керісінше, бізде көпшілік қауым шығармашылық иесін жынысына қарап емес, туындысына қарап бағалау керек деп есептейді. Мен бұған толық қосыла бермеймін, себебі ер мен әйелдің жүрегі мен сезінуі – әртүрлі, демек, жазуы да өзгеше. Бірақ бұл әйел ақын ер ақыннан жоғары немесе керісінше деген сөз емес.

Бізде 1996 жылы президент жарлығымен Зулфия атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Бұл сыйлық жыл сайын поэзия, ғылым, спорт, мәдениет, қоғамдық қызмет саласында ерекше көзге түскен 18 бен 30 жас аралығындағы талантты қыз-келіншектерге президенттің өз қолымен табысталады. Мұны айтып отырғанымның себебі – бұл марапат өзбек поэзиясының көрнекті өкілі Зулфия Исроилова құрметіне арналған. Осыдан-ақ өзбек әдебиетінде әйел қаламгерлердің қаншалық қадірленетінін көруге болады. Тағы бір мысал – ұлы ақын Халима Худойбердиева атындағы шығармашылық мектептің ашылуы.

Қазіргі таңда бізден үлкен буын – Халима Ахмад, Зебо Мирзо, Хосият Рустамова, Нодира Афоқова, Гүлноз Моминова, Гүлжамол Асқарова секілді ондаған өзбек ақын әйелдерінің шығармашылығы әдебиеттанушылар тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Бір мезетте әрі ақын, әрі әйел болу – шынында да ауыр. Өйткені бір мәселені әйел ретінде терең сезінсең, ақын ретінде одан да терең ұғасың. Сол екі сезім тоғысқанда туатын ауырлық пен күйзелісті, бәлкім, тек өлеңмен не көз жасыңмен ғана жеткізуге болар. Бірақ білесің бе, ақындық – әйел үшін, мүмкін, бақыттың бір түрі шығар. Себебі сезіміңді, қайғың мен қуанышыңды ең көркем жолмен айта аласың.

Мен жоғарыда айтқандарыммен, бізде әйел ақындардың еш мәселесі жоқ дегім келмейді. Өкінішке қарай, қоғамдағы әртүрлі көзқарастар, отбасылық кикілжіңдер, кейде ең жақындарының түсінбеуі себебінен талай талантты әйелдер шығармашылықтан қол үзіп қалады. Бірақ соңғы он жылда бұл құбылыс айтарлықтай азайған. Соған қарамастан, қоғамда әйел ақын болу – ер ақын болудан әлі де қиынырақ сияқты. Өйткені біз бәрін тереңірек сеземіз, нәзік қабылдаймыз және ең қиыны – оңай ұмыта алмаймыз.

– Сенің соңғы жариялаған өлеңіңді оқыған едім. Бұрынғы жырларыңнан оның ағысы да, ішкі үні де өзгеше екені бірден сезілді. Онда мынадай жолдар бар еді:

«Бір жерде шешіндірілген әйелдей,

Дірілім әлі басылмады,

Көзқарасым – қорқақ…»

Саған бір сөз күтпеген сәтте опасыздық жасаған кездері болды ма? Атадан қалған «тұтқындық» сезімі сол өлеңіңде терең мағыналы бір нышанға айналыпты. Айтшы, бүгінде өзбек поэзиясы үшін өлең – тағдырға қарсы шығудың құралы болып қала бере ме, әлде керісінше, адамды тағдырмен татуластыруға тырысатын нәзік көпірге айнала алды ма?..

Шынымды айтсам, маған өлең – бір болжам секілді сезіледі. Мысалы, бес жыл бұрын жазған жырларымды бүгінде дәл сол күйі басымнан өткеріп, кешіп жатқандай боламын. Яғни ол кезде де сол сезімдерді жүрегімде тудырып жазғанмын, бірақ жылдар өте келе сол өлеңнің әр тынысын, әр ауанын өз өмірімде қайта кешкендей күйге енемін. Осы мағынада, сөз кейде кенеттен «опасыздық» еткендей сәттер көп болады. Айталық, менің талай өлеңімде тозақтың азабы бар және сол шумақтарды қағазға түсірер алдында кейде бір сәтке кідіріп қаламын. Бірақ кейін өзімді тежегім келмейді. Өйткені бұл – менікі емес, оны маған «Ол» жіберіп отыр. Бірақ сонымен қатар бұл өлең – менікі де... Менің өмірім, менің сезімдерім... Демек оны жазу керек…

Жоғарыдағы жолдарға келсек, бұл, бәлкім, қоғамдағы белгілі бір құбылыстарға қарсылығым болар, бәлкім, тағдырдың өзі болар. Бұны оқып отырған адамның сезінуі жеткілікті.

Меніңше, өлең арқылы тағдырмен ымыраға келу мүмкін емес, себебі поэзия тағдырдан әлдеқайда ілгеріде тұр. Біз тағдырға бой ұсынуды, онымен бірге тату өмір сүруді үйренгенбіз, бірақ дәл сол келісім мен мойынсұнудан өлең тумайды.
Сондықтан бүгінгі өзбек поэзиясында өлең – біздің ымыраластығымыздың емес, біздің бұлқыныстарымыздың, аңсарларымыздың, ішкі толғаныстарымыздың бейнесі.

– Бұл сұрақ арқылы мен поэзиядағы саясат пен рухани қарсылық тақырыбына көбірек үңілгім келген еді. Яғни қоғам құрылымына қарсы рухтың қалам арқылы бой көтеруі, ішкі бостандықтың көрінісі жайында. Осы тұрғыда Мұхаммед Солиһтің өлеңдері мен сен Әзербайжанда айтқан ойларыңды да қозғап өтерсің деп ойлағам. Қазіргі замандағы адам шын мәнінде қаншалықты еркін? Сүлеймен Чолпонның тамырды тіліп өтетін «Мен және басқалар» атты өлеңі бар. Ол жерде ақын былай дейді:

«Күлетін – басқалар, жылайтын – менмін,

Ойнайтын – басқалар, еңірейтін – менмін.

Еркіндік дастанын тыңдайтын – басқалар,

Құлдық жырын еститін – менмін...»

XXI ғасырдағы өзбек халқы сол еркіндік дастанын қаншалық естіп отыр? Әлде бүгінгі таңда олар шынайы «бостандықтың» жырын шырқай алды ма?..

XXI ғасырдың басында өзбек поэзиясы белгілі бір тұрғыда тоқырау кезеңін бастан өткерді деуге болады. Бұл құбылыс елдегі экономикалық өзгерістермен де тығыз байланысты еді. Яғни империядан жаңа ғана бөлініп шыққан мемлекетке өз экономикасын көтеру үшін уақыт қажет болды – халық та, шығармашылық орта да осы өтпелі шақты бастан кешті. Әрине, бұл жағдай ақындардың да рухына әсер етпей қоймады. Бұған дейін олардың ең үлкен арманы мен ішкі көтерілісі – еркіндік еді. Ал оған қол жеткізген соң, сәл саябырсып қалғандай көрінді. Кейін қоғамда жаңа мәселелер пайда болса да, сол тақырыптарға арналған өлеңдер әртүрлі себептермен кеңінен тарай қойған жоқ.

Мұхаммед Солиҳ мәселесіне келсек, бұған дейін де айтқанымдай, оның көзқарастары сол кездегі билік ұстанымдарымен сәйкес келмегендіктен, есімі белгілі бір деңгейде тыйымға түсті. Шынымды айтсам, мен ақынның шығармашылығының үлкен жанкүйері емеспін – мұны Әзербайжанда да айтқанмын, қателеспесем. Оның үстіне, менің білуімше, наразылық көбіне Солиҳтің поэзиясына емес, оның тұлғасына, саяси ұстанымдарына бағытталған еді. Себебі дәл сондай рухта жазатын көптеген өзбек ақындары бар және олар бүгінде ел ішінде түрлі қызметтер атқарып, шығармашылығын еркін жалғастырып келеді. Яғни поэзиясы қандай рухта болсын, тек өлеңі үшін қысым көрген ақын болған емес десем қателеспеймін.

Меніңше, сізді көбірек қызықтырып отырған – саясаттың әдебиетке ықпалы. «Еркіндік дастандары» деген тақырып, яғни қоғамдағы мәселелер, әлеуметтік өмір мен кемшіліктер туралы жазу – соңғы жылдары біздің елде еркін қозғала бастаған. Бұл жайында бүгінде ашық жазылады, ашық оқылады. Мысал ретінде өз буынымыздағы ақындарды айтуға болады: Жонтемир, Нажмиддин Эрматов, Бекали, Сухроб Зиё, Шахриёр Шавкат, Мухаммадсиддиқ, Тилланисо, Мадина Норчаева, Мехриноз Аббосова, Назима Хабибуллаева сынды ондаған ақынның шығармаларында осы тақырыптар айқын көрініс табады.

Ең маңыздысы – олардың өлеңдерін мыңдаған, тіпті миллиондаған өзбек оқырманы оқиды. Және бүгінде бұған ешқандай ресми кедергі жоқ.
Бұл – өзбек поэзиясының бүгінгі ең үлкен жетістігі: үнін жоғалтпай, замана мен қоғам туралы ашық айта алу қуаты.

Түсінікті. «Тақырып» бар болса, «мәселе» де бар деген сөз. Менің білгім келгені осы ғана еді... Адам өзін таныған сәтте Құдайды табады... Енді сен Құдайға қаншалық жақынсың, қаншалық алыссың?.. Сеніңше, өлең жазу – өзіңді танудың бір жолы ма, әлде адамды өз болмысынан алыстатып, сағымға айналдыратын бір елес пе?..

Өзімді қаншалық таптым, таппадым – білмеймін, бірақ ішімде бір көркем ой бүр жарып келеді, сол ой мені, ең алдымен, Құдайға жақындатып тұрғандай. Қызық сұрақ… Егер сопылыққа жүгінсек, өлең – адамның өз «менін» табу жолы. Алайда өлең жазып отырған сәтте адам өзінен асып түсіп, басқамүлде таза, пәк бір бейнеге айналатынын ескерсек, бұл – сағым іспетті, қолың жетпейтін шындықтың елесі секілді. Меніңше, өлең – өзіңнің ең кемел нұсқаңды тапқан сәтіңнің өзі.

– Егер Науаидың илаһи махаббаты мен Достоевскийдің адамдық қасіреті тоғысса, сен сол екі теңізді қай сөздің қойнауында түйістірер едің?

Мұндай хәлді, бәлкім, «Құдайлық комедия» дермін, немесе «Тазару» деп атармын…

– Бірақ «Құдайлық комедия» десең – сен міндетті түрде Дантені айтқан боласың, не болмаса Достоевскийге жақындайсың. Ал «Тазару» десең – Науаиды және шығыс философиясын еске түсіресің... Екеуінің түйісер нүктесі не деп ойлайсың?..

«Құдайлық комедия» дегенде тек Дантені меңзеген жоқпын. Науаидың шығармаларында – илохийлық, рухани тазару, тәубе, Аллаға ұмтылу, Оны табуға деген сағыныш бар. Ал Достоевскийде, керісінше, адамның барлық жамандығы, рухани азғындауы, жалғыздығы, кейде Тәңірден теріс айнала отырып, соның өзіне қайта бет бұруы көрінеді. Екеуін қоссақ, екеуінде де тәубе мен тазару бар. Екеуінде де – бір илаһи комедия, бәлкім, илаһи трагедияның үні бардай сезіледі. Қаласақ, оларды тоғыстыратын ортақ нүкте – жол дер едім. Өйткені екеуінде де жол бар – илаһи күшті жоққа шығара отырып, соны іздеу жолы, сол арқылы рухани мағынаға жету ұмтылысы бар.

Науаи – Шығыс перзенті болғандықтан ба, оның жүрегі үнемі адамзаттан ізгілік іздейді. Ол тіпті ең ауыр трагедияның өзінде де үміт сәулесін қалдырады, ең терең күйзелістің ішінен кеңдік пен рахым табады. Адамның кемшілігін бейнелегенде де – ол кешіріммен қарап жазады. Мен үшін Науаи – биіктік пен рух тазалығының бейнесі. Бұл оның өзбек болғандығынан ғана емес, оның философиясының бір қабатта ғана аяқталмай, тереңге бойлайтындығынан. Ол адамды таза махаббатпен, мейіріммен сүйеді.

Достоевский болса, Наполеонның Франциясын қарғай отырып сүйем дегені сияқты, өз халқының жамандығын аяусыз әшкерелей отырып, сонда да оны сүйеді. Ол – халқының ең қараңғы қасіретін, ең сұрқай иірімдерін білген қаламгер. Сол үшін де оның қаламы – тістері шыққанша қайралған. Ол өзгеше жаза алмас еді, өйткені оның философиясы – адам өмірін өзгерту үшін бәріне дайын тұруға негізделген. Достоевский адамды барынан айырылған, иесіз, жалғыз қалған күйінде көріп, сол күйден құтқарып алғысы келеді. Оның түсінігінде құтылу – азап арқылы өз болмысыңа жету.

Ал Науаи үшін адам – Алланың құлы. Оның түсінігінше, құтылу – өз әлсіздігіңді мойындап, сол арқылы Хаққа жақындау.

Бірі: «Азап – Хаққа жол», десе, екіншісі: «Әлсіздік – Хаққа жол» дейді, бәлкім.

Өзбек руханиятында бұл синтез ғасырлар бойы өмір сүріп келеді. Тасаввуфтың ықпалынан бізде тағдырға қарсы шығу сирек кездеседі, бірақ тағдырды ұғыну арқылы биік, мағыналы өмір сүруге болады деген түсінік бар. Меніңше, Науаи осы ойымен ерекшеленеді. Яғни ол адамды үмітсіздікпен емес, түсінікпен, Хаққа мойынсыну арқылы биіктетеді.

–  Комедия немесе трагедия дейсің... Демек, траги-комедия да болуы мүмкін ғойМен сөздің киесіне сенемін. Сөздер жайлы әңгімемізді әрі қарай жалғастырайық. Егер осы өмірден бір ғана сөзді мүлде өшіріп тастау мүмкін болса, қай сөзден құтылар едің?.. Неліктен?

Білесіз бе, егер бұл сұрақты маған екі жыл бұрын қойғаныңызда, бәлкім мен де «өтірік»«жек көру»«айырылысу» секілді бір ауыр сөзді өмірден өшіргім келер еді. Бірақ қазір мен ешбір сөзді жоюды қаламаймын. Себебі, тіпті ең жиіркенішті, естуге қиын сөздің өзі – адамның өмірінде бір сабақ, бір өзгеріс, кейде тіпті бақ әкелетінін түсіндім. Алайда дәл қазір бір сөз ойыма келді. Ол – геноцид. Міне, сол сөздің мүлде болмағанын қалар едім. Өйткені жойылып кеткен бір халықтың жаны – бәрінен де қымбат. Егер сол жан сақталса, адамзаттың өзі де биіктей түсер еді...

–  Бұл жауап, расында да, бүгінгі әлемнің кейпіне дәл келетін секілді. Ашық не жасырын түрде геноцидке ұшыраған адам өмірі мені де көп ойландырады... Кітаптарда, өлеңдерде, жазбаларда, кейде тіпті фильмдерде де үнемі жан ауыратын, көзіме жас үйірілетін бір көрініс бар. Бұрын мен оны жай бір сәттік әсер деп ойлайтынмын... Бірақ оның түбі әлдеқайда тереңде екенӘрдайым өз құқын іздеп, әділдік үшін күресіп жатқан бір адамның, бір кедейдің немесе қоғам түсінбей қойған бейбақ адамның өз тағдыры үшін жасаған арпалысын көргенде, шыр-пыр болған соңғы қарсылығын көргенде еріксіз жылап қоямын...Тіпті дәл қазір осыны айтып отырған сәтте де, көзіме жас толды... Адам баласының тамырындағы қанның ұрланған бір тамшысы секілді көрінеді ол кейде маған. Сондай көріністерге, сахналарға тап болған кезде бойдағы «қан» жоғалған тамшысын іздеп, елегізіп, шым етіп кететінге ұқсайды... Сол геннің қаншама тарих, қаншама қасірет арқалап келгенін ойлаймын кейде... Яғни айтпағым – титтей болса да өз құқығынан айырылған, есесі кеткен әр адам, әр халық – шын мәнінде бір түрдегі геноцидтің ішінде өмір сүріп келеді...Адам жаны шынымен қонақ па бұл дүниеде, әлде біз баяғыда өз үйіміздің иесі болуды ұмытып кеттік пе?.. қалай ойлайсың? 

Табиғи құқығы тартып алынған әрбір жан, әрбір халық – шын мәнінде геноцидтің бір бөлігі… Бұл – қорқынышты ақиқат, өкінішке қарай. Ең қорқыныштысы – біз бұған үйреніп қалдық. Бізді баяу, бірақ мақсатты түрде үйретті, көндірді…

Сенің сөзің – бүгінгі күннің айнасы іспетті. Өйткені өлім тек тәнге ғана қатысты емес, рухтың өлтірілуі, адамның ішіндегі әділетке деген сенімнің жаншылуы да – өз алдына геноцидтің бір түрі, өзің айтқандай.

Меніңше, адам жаны бұл дүниеде қонақ емес – бірақ өз үйін танымай қалған, бәлкім, енді таба алмай жүрген иесі, иегері. Біз бұл әлемге бөтен емеспіз, алайда кейде өз үйіңде де өзіңді бөтен сезінуге болады... Адамның рухани қырғыны – міне, дәл осымен айқындалады. Бар болуға тиіс жерде жоқ болу...

Бүгінгі адамзат өз болмысыниелігін, яғни дүниені қорғау сезімін, табиғатқа қамқор болуды, бір-біріне мейірім мен әділеттілік таныту сезімін жоғалтты... Сондықтан да бәріміздің жанымызда, ішімізде бір кішкентай геноцид бар…

– Ойларымыздың түйіскен тұсы да, сірә, осы болар... Енді өлең мен әдебиетке оралайық. Өзбек әдебиетіндегі бағыттар мен ағымдар туралы оқырмандар мен әдебиетшілердің көзқарасы қандай? Усмон Азимнің: «Біздің, Орталық Азияның, соның ішінде өзбек әдебиетінің де поэзиясы орыс әдебиетінің ықпалымен дамыды, ал түрік әдебиеті болса Еуропалық, француздық әдебиеттен шабыт алып өрбіді» деген сөзін оқыған едім. Осы тұрғыдан алғанда, сенің еліңде ескі мен жаңаның арасындағы пікірталас аяқталды ма? Жаңалықты қабылдау – кезінде бір тілді қайта, жаңадан жасап шыққан Науаидың халқы үшін қиын болмаған шығар деп ойлаймын... Өз еліңдегі осы құбылыстар жайында кеңірек әңгімелеп берсең...

Мен Усмон Азимнің сөздерінде белгілі бір шындық бар дер едім. Яғни өткен ғасыр поэзиясындағы сол бір әсерлену, сол бір рухани ахуалдың қайталанғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Шынында да, қазіргі жаңа өзбек әдебиетінің дәл осылай қалыптасуына орыс әдебиетімен қатар француз, ағылшын, латынамерикалық, сондай-ақ парсы әдебиетінің де елеулі ықпалы болған. Мүмкін, сол әсердің нәтижесінде жаңа «измдерге» бой ұру, модерннің кез келген түрінде жазылған шығармаларды бір сөзбен «түсініксіз», «заманауи», «ұлттық болмыстан алшақ» деп сынап қарау, яғни оны «модерн поэзия» деп атау үрдісі, сол арқылы кемсіту де қалыптасқан бір кездері...

Нәтижесінде классикалық үлгіде жазбайтын кез келген қаламгерге «жас ақын», «жас жазушы» деген атақ беріліп, оларға әлі күнге дейін біршама салқын көзқараспен қаралып келді. Мысал ретінде айтар болсам, кезінде ұлы ақынымыз Фахриёрдың өлеңдерін көпшілік қабылдай алмады, тіпті түсінбеді де. Сол сияқты танымал жазушымыз Назар Эшонқұлдың шығармалары да өз деңгейінде бағаланбағандай көрінеді маған...

Алайда бүгінгі ұрпақ жаңалықтың қай түрін де қабылдай біледі, әрі оны түсіне алады, тіпті өзі де жаңалық жаратуға ұмтылып жүр. Бұған білімге жол ашылуы, әлем әдебиетінен еркін хабардар болу мүмкіндігінің артуы, әдебиеттің мойынындағы «үгіт»«саясат» пен «идеология» деген қыл арқанның шешілуі себеп болды.

Бүгінде ескі мен жаңаның арасындағы пікірталас мүлдем жоқ деуге болады. Керісінше, жаңа дәуір әдебиетінде кез келген дарынды қаламгердің еңбегін мойындау, ескі мен жаңаның арасында ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастық секілді бір байланыс қалыптасқан. Дегенмен шамадан тыс еркіндік кейде зиянын да тигізеді.Кейбір жас қаламгерлер бірнеше шумақ өлең жазып, жанрды да, поэтикалық жүйені де толық білмей тұрып, «бұл – модерн, бұл – постмодерн, сіздер мені түсінбейсіздер» деп айтуға бейім. Бірақ мен уақыт бәрін өз орнына қояды деп ойлаймын.

Бүгінгі өзбек поэзиясында жазылып жатқан өлеңдер, меніңше, әлдеқашан орыс әдебиетінің ықпалынан шығып, керісінше, ұлттық тамырдан яғни фольклордан, тарихтан, классикалық әдебиеттен қуат алып, өзіндік жаңа бір әдеби формаға айналып келеді деп ойлаймын.

«Жанрды да, поэтикалық жүйені де толық білмей тұрып» деген сөзің тым қызық көрінді. Өлең – адам рухының еркіндігі десек, «жанр», «жүйе» деген дүниелер оған шектеу әкеледі деп ойламайсың ба? Бәлкім, сен айтып отырған «сол жастар» қазіргі жазылып жатқан, жазылып келген дүниелерден де кейінгі «жаңалық» шығар..? Қалай ойлайсың?

Меніңше, мен сәл қате түсіндіріп қойған сияқтымын. «Жанрларды білместен, еркін формада бірдеңелер жазып, оны өлең деп жариялайтындар» дегенімде мен поэзияға деген немқұрайлылықты, яғни «еркін жазса болды, заманауи болады» деп, шын мәнінде тек талпыныс сипатындағы дүниелерін өлең деп ұсынатындарды меңзеген едім. Әрине, дұрыс айтасың, өлең – адам рухының еркіндігінен туады, оны ешқандай жанрмен, түрмен, ұйқаспен шектеуге болмайды. Өлең тек жүректе, көңілде бастан кешкен сезім мен ойлардан тууы керек, ал жасанды пішінде құйылған болса  ол өлең емес.

Мысалы, өзім де ешқашан «мына жанрда жазамын» деп жазбаймын немесе «мына тақырыпта, мына үлгіде болсын» деп ойламаймын. Егер ақын бір сәт «мен осылай жазамын» деп шектеу қойса – ол сөзге де, өлеңге де, өзіне де, тіпті сол ішкі киеге, рухқа да опасыздық жасаған болады деп ойлаймын.

– «Қазақ әдебиеті» десе, менің ойыма әуелі дәстүрлі эпикалық жырлар, батырлық дастандар сарынындағы дүниелер оралатын. Солай деп ойлайтынмын. Бірақ сенікі мүлде басқа екен», – дедің. Айтшы, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінен кімдерді, қандай шығармаларды оқыдың? Қай ақындар мен жазушыларды білесің?

Мен бұл ойды Абай Құнанбайұлы, Оразақын Асқар, Тұрсынай Оразбаева, Ханбибі Есенқараева, Жамбыл Жабаев сынды ақындардың өлеңдерін оқығанымнан кейін айтқан едім. Мүмкін, мен қателескен шығармын, өйткені олардың шығармаларын өзбек тіліне аударылған нұсқада оқыдым. Дегенмен сенің өлеңдеріңді тыңдағаныма дейін сондай ойда жүргенмін.

Бәлкім, бұған сіздерде ақындарды ақын деп атап, олардың біздің жыршылардай суырып салма түрде, бір сәтте өлең тудыруы туралы естігенім мен оқығаным да әсер еткен болар. Әрине, мұндай тар ұғымда ойлағаным өз қателігім еді. Енді жаңа буын қазақ ақындарын зерттей отырып, сол ой-пікірімді түзетіп келемін.

Және мен бүгінгі қазақ әдебиеті де, киносы мен өнері сияқты, биікке қарай өрлеп келе жатқанына сенімдімін.

Рахмет, Ферузажан. Өзбек әдебиеті мен қазақ әдебиеті – бір-бірінің ағысын жақсы түсінетін, сүйетін екі теңіз деп ойлаймын. Шығармашылығыңа тек сәттілік тілеймін. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan