Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ыбырай Алтынсариннің хирург шәкірті ...

07.03.2019 10800

Ыбырай Алтынсариннің хирург шәкірті

Ыбырай Алтынсариннің хирург шәкірті  - adebiportal.kz

Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров 1879 жылы Торғай облысы, Николаев уезінің (қазіргі Қостанай облысы, Комсомол ауданы) Сарай болысында ауқатты семьяда туған. Әкесі Бермұхамед Қауменұлы осы аймаққа белгілі адам болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Сәкен Сейфуллиннің Ыбырай Алтынсарыұлы турасындағы жазбасы

Осындай семьяда өскен Әбубәкір Алдияровтың мүмкінідігі мол еді. Ол қазақтың көрнекті педагог ағартушысы Ы. Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі. Әбубәкірдің қазақ балаларына арналған Торғай қолөнер училищесінде оқып жүріп 1889 жылы ұстазы Ы. Алтынсаринмен түскен суреті сақталған. Ол 1891 жылы Орынбор ерлер гимназиясына түсіп, діни мағлұматтан тартып, латын, неміс, француз тілі және басқа пәндерді оқып, жан-жақты білім алады.

Гимназияны 1899 жылы сәтімен бітіріп шығады. Оқуды тәмамдарда берген мінездемесі: «Бұрынғы оқушы Алдияров Торғай облысы Сарай болысындағы би, құрметті азаматтар тұқымының баласы, құдайға құлшылық етуші мұсылман қырғыздардан. Жасы 20-да, гимназияда 8 жыл оқыды... гимназияда оқып жүргенде ол пансионда тұрды, Торғай облысы қырғыздарына арналған степендияны пайдаланды...» деп жазылған.

Тұрмысы жақсы, мәдениетті семьяда өскен Ә. Алдияров жастайынан зерек болады. Ол гимназияға орыс тілін еркін меңгеріп келді. Бұл оның гимназияны қиналмай еркін аяқтап шығуына көп көмек етті.

1899 жылы Әбубәкір Алдияров Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне түсіп, генерал адьютант Крыжановский атындағы степендияға оқиды, университетті 1904 жылы тәмамдайды.

Ыбырай Алтынсарин мектебіндегі қазақ балалары

Университетте жүргенде Ә. Алдияров барлық пәндерден, әсіресе негізгі медициналық сабақтар – фармакология рецептурасынан, дәрігерлік диагностикадан, хирургиялық патология мен терапеядан өте жақсы оқыған.

Троицк қаласында ол талантты хирург ретінде танылады, халық алдында және өзінің қызметтес жолдастары арасында зор беделге ие болады.

Сол жылы Ә. Алдияров қазақтың демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровқа күрделі ота (операция) жасайды. Бұл оқиға жайлы ақын Дихан Әбілев былай деп жазады:

«Қаладағы айтулы хирург Бәкір Алдияров пен терапевт Николай Иванович Пономарев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың науқасын мұқият қарап шықты. Одан кейін Бәкір Алдияров Сұлтанмахмұттың көзіне операция жасады... «– Құдай жарылқап, операция сәтті шықты! – Бәкір Алдиярович бұл жолы өз қабілетінен де асып түсті...» – деді николай Иванович... Оның дәл алдында ақ халатты жас дәрігер Бәкір қуаныштан күліп тұрды.

Сұлтанмахмұт оны қайта-қайта құшақтап: – Құдайға сенбеуші едім, сөйтсем ол бар екен. Ол – сізсіз, Бәкір! Сіздің жаныңыз әрқашан шуаққа толсын, біздің өмірімізді мәңгі жылытып өтсін!» – дейді.

Ә. Алдияровтың халық арасындағы зор беделін, одан ем қабылдаған Г. Шоқаеваның 1913 жылы «Айқап» журналының сегізінші нөміріне жариялаған мақаласынан да аңғарамыз. Бұл мақалада Троицк ауруханасының дәрігері Ә. Алдияровтың хал үстінде жатқан адамды емдегені, медициналық көмек алу үшін жұрттың оған қаралуға құштар екендігі айтылған.

1916 жылы ол өз еркімен әскерге сұранып, Беллоруссияның Пин деген батпақты аймағында қиын жағдайда қызмет етіп жүрген қазақ солдаттарына дәрігерлік көмек көрсетеді.

Ә. Алдияров әскерден Троицкіге қайта оралып, сонда 1928 жылдың аяғына дейін дәрігер болып еңбек етті.

1925 жылы ол төрт айлық білім жетілдіру курыснан өтеді. 1928 жылы ол Өскемен қаласына келіп, түрлі дәрігерлік қызметтер атқарады: терапевтік және балалар ауруханасында меңгеруші, жұқпалы аурулар емханасында дәрігер болып істеді. 1936 жылы Қаракөл қаласына (Пржевальск) келіп, аз уақыт жұмыс істеді де, ауыр науқасқа шалдықты. Одан кейінгі тағдыры 1938 жылға дейін еңбек еткен Жамбыл қаласымен тығыз байланысты.

Қазақстанда денсаулық сақтау ісінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген талантты да байырғы дәрігердің жүрек соғысы 59 жасында тоқтады.

Мөлдір
БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар