Жасанды интеллект және әдебиет
Жасанды интеллекттің адамзатқа тигізер пайдасы жайлы айтылып жатыр, арнайы жиындар өткізіп, дәріс жүргізіп, насихат жұмыстарын бастап та кеттік, ал енді осы ЖИ әдебиет дамуына қалай әсер етуі мүмкін?
Қазірдің өзінде «ЖИ музыка да шығарады, сурет те салады, келешекте шығармашылық адамдарының қажеті болмай қалуы мүмкін» деген болжам мен «болашақта әдебиет – адам мен машинаның біріккен шығармашылық кеңістігіне айналады» деген пікірлер айтыла бастағалы, әсіресе, классикалық әдебиетпен ес жиған, үздік үлгілер арқылы әдеби танымын қалыптастырған оқырманды әдебиеттің болашағы алаңдататын болды. Қызық, енді жиырма жылдан соң біз қандай дүниелер оқиды екенбіз?
Әзірге елестете алмай жатырмыз, себебі осы кезге дейін әдебиет әрқашан адамзаттың ішкі әлемін зерттеу құралы болып келді. Қаншама бағыттары дамыды, мысалы, реализм қоғамның сыртқы шындығын бейнелесе, модернизм мен сана ағысы ішкі шындықты ашты. Ал енді келіп болашақта ЖИ әдебиеті кәдімгідей өріс алып, мүмкін, «ұжымдық сана» немесе «адам мен алгоритмнің аралық шындығын» бейнелейтін кезең келіп, ЖИ тек құрал емес, жазушының ойлау тәсілін өзгертетін серікке айналса... осыны елестете аласыз ба? Ондай шығармаларды оқуға дайынсыз ба және ол кезде шынайылық пен жасандылықтың шекарасы қалай болмақ? Несін айтасыз, сұрақ көп...
Жи шығарма жаза алатын болса, ол адам сезімін, түйсігін қайдан алады? Өйткені біз осыған дейін нағыз әдебиет адамның өз ішінен, болмыстық уайымынан туындайды деп ойлап келдік қой. Қалай десеңіз де жан азабы мен қуанышын сезіну қабілеті тек адамға тән болып келді. Тек ол (ЖИ-ді айтамыз) одан әрі дамып кетсе не болады? Егер ЖИ форма, құрылым, тіл және интермәтіндік байланысты жоғары деңгейде меңгеріп алса, онда сол ЖИ-дің мүмкіндігін пайдаланып шығарма жазған кез келген адам жазушы атана бере ме?
Бізде бір ғана уайым бар. Қалай болғанда ол әдебиетке кедергі болмауы керек. Егер ЖИ жазушының орнын басып, «стиль өндіретін зауытқа» айналса, онда әдебиет формальды, рухсыз өнімге айналып, ақыр аяғында коммерциялық сұраныс пен алгоритмдік трендтер (мысалы, «осы стиль қазір өтімді» деген) шығармашылықты шаблондауға әкелуі де мүмкін шығар дейді бір ойымыз.
Қазір әлеуметтік желілерден ЖИ жазған мәтіндерді кездестіріп те жүрміз, ол бір үстірт, жансыз сөздер тізбегі секілді. Бірақ, бұл әзірге солай. Ал болашақта ЖИ (жазушы ЖИ дейік) кәдімгідей дамып кетіп, оның жазған мәтіні мен адам жазған туындыны ажырату барған сайын қиындаса... онда біз – оқырман баяғыдай «шығарманы кім жазды, автордың ерекшелігі неде» дегенге емес, «бұнда не айтылған?» және «ол маған не әсер қалдырды?» деген сұрақтарға ғана мән беретін шығармыз?
Кім біледі, бір күні біз кітаптың мұқабасынан автордың есімін емес, оның жасаған «интеллект типін» көруіміз де ғажап емес қой. Егер шынымен солай болатын болса, онда шығарманы танудағы эстетикалық бағалау критерийлері де сөзсіз өзгереді, осылайша адамның сезім тереңдігі мен машинаның құрылымдық дәлдігі тоғысатын кез келіп... бірақ, айналып келгенде бұның бәрі жазушының рухани жауапкершілігіне байланысты болуы керек.
Нағыз ақын-жазушы үшін еркіндік бәрінен жоғары. Кей қаламгердің пікірінше, ЖИ бұл еркіндікке қауіп те, мүмкіндік те болуы мүмкін. Сонда қауіп неде? Біз осы мәселеге көзқарастары қалай екенін білмек болып бір топ ақын-жазушыны сөзге тартқан едік. Уақыт бөліп жауап берген қаламгерлерге рахмет.
Қаламгерлерге қойылған сұрақтың реті мынадай болды:
– Сіз ЖИ-дің ендігі жазылар әдеби шығармаларға ықпал-әсері қандай болады деп ойлайсыз? Болашақта ЖИ жазған мәтін мен адам жазған көркем туындыны ажырату қиын болады дегенге сенесіз бе? Ақын-жазушы үшін ең бірінші керегі – шығармашылық еркіндік екені белгілі, ал ЖИ осы еркіндікке қауіп төндіре ме, шығармашылықтағы еркіндікті шектей ме, әлде жаңа мүмкіндіктер аша ма?
«Әдебиетке ЖИ-ді пайдалану дегенді естісем, жаным түршігеді»
Прозасында дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, қоғамның көңіл-күйін тап басып, осы кезеңді, уақытты ұстап отырып әлеуметтік тақырыптарды жазған, әлі де жазып жүрген жазушы Қуандық Түменбай ЖИ-ге үзілді-кесілді қарсылығын былай білдірді.

Қуандық Түменбай, жазушы:
– О бастан жасандылыққа қаным қас еді, жасанды интеллект дегенді қабылдай алмаймын. Фонограммамен айтылған әнге жаным жадырамайды, оркестрмен қосылып шырқаған әншіні көрсем, жанып кетем. Барабанның дүңк еткен даусын естісем, дір ете қалам, «барабан – оркестрдің жүрегі» ғой.
Жасандылығы көп заманда жасанды интеллект деген пайда болды. Заман жетістігі шығар, бірақ осыны пайдаланып жүргендердің көкжиегі жасанды интеллектісі жоқ заманда өсіп-жетілгендерден кең емес. Білімі де, есте сақтау қабілеті де, жалпы, интеллектісі. Мысалы, компьютері жоқ заманда радио тыңдап өскен ұрпақтың интеллектісі көкірегін керген ЖИ қолданушылардан әлдеқайда артық. ЖИ қолданушылар өркөкірек, таяз, бір сөзбен айтқанда, «дайын асқа тік қасық». Бала күнімізде үлкендер біреуге қарап бет-аузыңды тыржитпа деуші еді, қазір тыржитудың неше түрін қолдан жасап отырмыз, 90- дағы кейуана бір сәтте 25-тегі келіншек боп шыға келеді. Бұның ғылымға тигізер пайдасын қайдам, адами құндылыққа тигізер зияны анық. Ал, көркем әдебиетті көркейтеді деп айта алмаймын. Бұл – тілді шұбарлаудың төте жолы. ЖИ-мен жазылған мәтін тілі шықпай қалған сақау баланың сөзі емес пе? Бұдан гөрі ыммен түсіндірер Тургеневтің «Мумуы» тәуір. Тілімізді тазарта алмай жүргенде бұның тілге тигізер кесірі аз емес. Мысалы, ЖИ жасаған аударма мен аудармашы тер төгіп жасаған аударманы салыстырып қараңыз, түп негізі бірдей болғанмен көркемдіктен жұрдай.
«Творчество требует жертву» десе, бұл құрбандық – қаламгердің еркіндігі. Еркіндік – үй-жайынан безіп, шығармашылық үйінде (есігі ашық болса) тым-тырыс көркем шығарма жазу деп білем. Ал, бұрынғы, ЖИ-ге дейінгілер ЖИ- ға сеніп, оңай эпизод құрастырып, оңай образ жасай алмайды, олар мұндай еркіндіктен бастарын ала қашады. ЖИ еркіндігі – адамды бұзатын еркіндік, әсіресе, кейінгі жастар үшін қауіпті еркіндік. Онсыз да «Абай жолын» бір рет оқып шығуға ерініп жүрген ұрпақты «оңай олжа» жалқаулыққа тәрбиелейді, бойында бір нәрсесі бардың мүмкіндігін тежейді. Өз басым жасанды келісім-шарт пен жасанды шырқалған ән- күйден аулақ жүрем, ал әдебиетке ЖИ-ді пайдалану дегенді естісем жаным түршігеді.
«ЖИ әдебиеті де қызғылықты болуы мүмкін. Мен тіпті соны оқығым келеді»
Бұл сұрақты ақын Оңайгүл Тұржанға қойдық. Өлеңдерінен жаңа уақыттың бедері көрінетін ақын, «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монография жазған ғалым, Зигмунд Фрейдтің еңбегін, Стефан Цвейгтің «Психологиялық портреттерін» аударған аудармашы жаңа дәуір жаңалығын жатсынбай, әруақытта сергек қарайтындай көрінеді.

Оңайгүл Тұржан, ақын:
– Әдебиет дамуында жаңаша бір бағыттар пайда болуы мүмкін. Марк Пренски деген америкалық ғалым қазіргі адамдарды екіге бөліп қарастырады: цифрлы аборигендер және цифрлы иммигранттар деп. Цифрлы аборигендер цифрлы технологиямен жақсы тіл табыса алатындар, яғни, олар бір-бірімен тумалас адамдардай. Ал цифрлы иммигранттар – цифрлы дәуірдің келуіне өздері себепші болғандығын әлі өздері түсінбей жүр немесе түсіндіріп бере алмай жүрген, қазір жасы 45-50-ден асқандар. Демек, бұл екі кезең адамдарының талғамы да әр түрлі болады. Сондықтан «цифрлы аборигендер» өз әдебиеттерін өздерінің талғамдарына қарай өздері жасап алады. Олар оны «олай жасайды, былай жасайды» деп болжап айту да қиын. Дегенмен, мысалы маған, солардың жазған әдебиеті де қызғылықты болуы мүмкін. Мен тіпті соны оқығым келеді. Егер біз оларға «дәл біз жазғандай жаз» дейтін болсақ, ол дұрыс болмайды. Онда әдебиет дамымайды. Яғни, оларға біздің деңгейімізде тұрыңдар деп айта алмаймыз да, біздің айтқанымызды олар тыңдамайды да. Бірақ бұл олардың жамандығынан емес. Олардың талғамының мүлдем басқа қиырларда жататындығында. Дегенмен олар қайткен күнде де дәстүрлі әдебиетті тас табан етіп алады. Баяғыдағы Ньютон айтты деген сөз бар емес пе, «сен қалайша осының бәрін біліп тұрсың?» дегенде, «мен галилейлердің иығына шығып тұрып көріп қойдым ғой» деген. Яғни, олар бәрібір дәстүрлі әдебиеттің иығына шығып отырып жазады.
«ЖИ-дің ендігі жазылар әдеби шығармаларға ықпал-әсері қандай болады деп ойлайсыз?» дегенге келсек, ондай әдеби шығармалар тез жазылады, кейіпкерлері де тез-тез қимылдап, тез қайғырып, аз уақытта жазылып, тез өліп, шапшаң өмір сүріп, жүрдек пойыздай өте шығады. Сондықтан да олардың әсер-қуаты ұзаққа бара алмайтын шығар. Оқырмандарын тез жалықтырып, оқырман келесі шығарманы асыға күтіп отырады. Яғни, нәрсіз тамақ жеген адамның тез қарыны ашатыны сияқты, ЖИ жазатын шығармалар топырлай келіп, нөпірлей сөніп, әдебиет алаңында аласапыран бірдеңе болатындай. Оны әдебиет деп айтуға бола ма, болмай ма – ол жағын уақыт көрсетер.
«Болашақта ЖИ жазған мәтін мен адам жазған көркем туындыны ажырату қиын болады» дегенге – ол оқырманның танымдық деңгейіне байланысты. Талғамы терең оқырман ЖИ-жазушы мен адам-жазушыны бірден ажырата алады. Тіпті, кім болса да, ЖИ-дің жаттанды тіркестермен баяндалатын оқиғаларынан жалығатын болар. Оқырман қазы-қарта жегендей тамсанып, соңынан қымыз ішкендей рахат сыйлайтын, яғни, тұшынып оқитын әдебиетті аңсайтын болады. Олай болатыны – ЖИ алгоритмдермен жазады. Яғни, оның бойында талантты қаламгердің шығармашылықпен ойлайтын қасиеті жоқ. Яғни, қасиетсіз. Ол қуаныштың немесе қайғы-қасіреттің не екенін жан-дүниесінен өткере алмайды. Сондықтан да ол әдеби-тілдік қордағы бар тіркестерді ғана қолданады. Ал адам-жазушы жаңа тіркестер, жаңаша метафоралармен жазады. «Су түбінде жатқан тас, жел толқытса, шығады, Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» деген формула ЖИ-ге қолжетімді емес. Оны жел де, шер де толқыта алмайды, толқымаған соң, ол қайғыра да, қуана да алмайды. Сол себепті уақыт өте келе дауылдай тербейтін, жауындай селдейтін сезімнен туған, яғни адам-жазушы жазған шығармалар экзотикаға айналып, ол тіпті қымбат бағалануы мүмкін. Мысалы, тағамдарда жазулы тұрады ғой «без ГМО» деген белгі. Дәл сол сияқты «Адам-Жазушы Жазған» деген сияқты арнайы белгісі бар, бағасы әлдеқайда қымбат кітаптар пайда болып, ондай кітаптарды қолы жеткендер ғана оқитын, ал қолы жетпегендер қытайдың ірезеңке бәтеңкесін қанағат тұтатыны секілді, ЖИ жазған арзан кітаптарды ғана оқи алатын жағдай болатын шығар.
Және ЖИ шығармашылық еркіндікті шектей алмайды деп ойлаймын. Керісінше, ЖИ-мен қаламгердің арасында бәсекелесу жағдайы пайда болып, қаламгер ЖИ-ден асып түсу үшін өз шеберлігін шыңдай түсуге мәжбүр болатын шығар. Немесе, ЖИ-ді де қолданған, өз қолымен де жазып толықтырған гибридті әдебиет пайда болуы да мүмкін. Баяғыда аралас шәй деген болатын еді ғой, үнді шәйі мен грузин шәйі араласқан, қорабының сыртында пілдің суреті бар. Дәл сондай аралас сипаттағы шығармалардың болуы да өзіндік жаңа бағытты айқындайтын болар деп ойлаймын.
«ЖИ ақын-жазушылардың еркіндігін шектемейді, жаңа өріс ашады»
Роботтар туралы шығарма жазып жүрген, «Индиго», «Робот. Вирус. Сезім» және «Айдағы қалашық» атты дүниелерімен жас оқырмандарды кітапқа жақындатқан балалар жазушысы Ділдәр Мамырбаеваның жауабы қандай болуы мүмкін?

Ділдәр Мамырбаева, балалар жазушысы:
– Бүгінгі адамзат жаңа дәуірдің табалдырығында тұр. Жасанды интеллект тек техниканың емес, сөз өнерінің, дәрігердің, дизайнердің де серігіне айналып келеді. 2023 жылы әлемде ең көп талқыланған тақырып та осы болыпты. Көпшілік «ЖИ әдебиетке қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» деп ойлануда. Бұл сұраққа 20-30 жылдан кейін нақты жауап берілмесе,дәл қазір ешкім де ештеңе айта алмайды деп ойлаймын. ЖИ әдебиеттің дамуын тездетуі мүмкін. Ол жазушыға шабыт беріп, сюжет ұсынуы, тілін жетілдіруі, тіпті баяндау стилін байытуы ықтимал. Бірақ негізгі өзек – адамның жүрегі, миы ғой, машинаның ойлануы емес, ол тек базада бар адам ойының көшірмесін алады. Автор сюжет берсе, ЖИ түрлі нұсқалар береді, яғни жазушыға ассисент болады. Автордың кейбір ойын жандандырып жіберуі мүмкін, мәтіндегі суды төгіп, құрғатып, ықшамдауы мүмкін, кейде сенің басыңа келмейтін ой айтып жіберуі мүмкін, кейіпкердің образын айтсаң дәл суреттеп беруі мүмкін. Дегенмен бұл бағдарлама ғой,сенің ойыңды «под ключ» орындап бере алмайды. Оларда мәтін, идея бар, эмоция жоқ. Өзім балаларға арналған шығармаларымда кейіпкер-роботтарыма жүрек пен ми салып қоямын. Мүмкін болашақта солай да болатын шығар. Әзірше машина тек пішінге сала алады.
«Болашақта ЖИ жазған мәтін мен адам жазған көркем туындыны ажырату қиын болады дегенге сенесіз бе» дейсің, шетелдіктер мұндай экспериментке тым жылдам ғой, классиктер мен ЖИ жазған 100 өлеңді 600 адамы бар интернет-аудиторияға сараптамаға жіберген. ЖИ жазған өлеңнің 25 пайызы классиктердің жазғанынан гөрі жақсы деп бағаланыпты. Хемингуэйдің шығармасынан бір фрагмент енгізіп, осы іспеттес махаббат романын жазып бер дегенде, дәл сол стилде шығарма жазылған. Соған қарағанда... бірақ, сезімді жазу адамның ғана қолынан келеді ғой.
Болашақ шығармалар, бәлкім, адамның қиялы мен машинаның логикасын біріктірер. Сол арқылы бұрын болмаған жанрлар дүниеге келуі ғажап емес. Бірақ көркем туындының нағыз күші – оның адам жанына әсер етуінде. ЖИ ақын-жазушылардың еркіндігін шектемейді, керісінше, жаңа өріс ашады. Ол қаламгерге ойды ұштауға, уақытты үнемдеуге, қиялын түрлендіруге мүмкіндік береді. Бірақ қалам мен жүректің 10 пайыз иесі нағыз жазушы болып қалады да, 90 пайыз ЖИ-жазушы болатын шығар. Инди-жазушылар Ассоцациясы 2022-2023 жылы 42 пайыз жазушы өз шығармаларын ЖИ арқылы жазғанын айтады. Бұл пайыз алдағы уақытта өсетіні шындық қой. Цифрлық дәуірдің адам кейіптесі әріптеске айналады.
«ChatGPT шыққалы оқушыларға шығарма жаздыра алмаймын»
Самал Зікірияқызы бұдан бұрын да порталымыздың сауалнамасына қатысып, әдебиет оқулықтарының сапасы, эссе, шығарма жаздыру мәселелері бойынша пікір білдірген еді. Жазушы ретінде қоғам ахуалын, мұғалім ретінде бала жанын жүрегімен сезінетін адамның пікір-көзқарасының жаны бардай.

Самал Зікірияқызы, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы, жазушы:
– Біраз уақыт үй шаруасындағы әйелге айналып, мектепке осыдан алты жыл бұрын оралдым. Мен кеткенде өтетін сабағымыздың «дәстүрлі» деп аталатынын қайтып келгенде білдім. Өйткені, жаңа келмей, ескі «дәстүрліге» айналмайды. Дәстүрі қарапайым, жүйелі сабақ арман болды сонда маған. «Жаңа бағдарлама» деген дардай аты бар методиканың тамыры жуандап, тереңдеп, шырмалып кетіпті. Сабақтар түрлі тәсілдермен өтеді. Ойындармен десе де болады. Замандастарым мұндай тәсілдерді ашық сабақтарда көрсететін. Ең алдымен парталарды сүйреп қосып, оқушыларды топқа бөледі. «Топтық тәсіл» – жаңа бағдарламаның – «көзірі» екен. Өтіп жатқан сабақтар шикілеу көрінетін. Шоуға ұқсай ма… Жаңа бағдарламаның қателігі мен кем-кетігін айтсаң таусылмайды ғой, қайсыбірін санайсың. Сондай сабақ өткенді жаңа бағдарлама тілінде «креативті мұғалім» деп аспандатады. Негізгі ойға ауайын.
Енді «сабақты ЖИ-мен өту керек!» – деген тапсырма келді. «Келді» ғана емес, шұғыл кірісіп кетті білім ордалары. Мектеп бар ғой, өкіметтің эксперименттік аймағы секілді. Бірдеңені егжей-тегжей зерттеу, зерделеу деген жоқ, не қылтиса соны «заманауиға» бағып, алқынып шыға келеді. Басқа басқа, болашақпен, біліммен ойнауға бола ма? ЖИ-дың бір аты – интеллект, бір аты – Жасанды емес пе?! Яғни, ЖИ – компьютерлер мен машиналарға адамның ойлау, үйрену, есте сақтау, тіл түсіну сияқты қабылеттерін (еліктетіп) үйрететін технология. Қазіргі заман онсыз да жасанды инеллектен тұрады. Мұны бала бізден артық пайдаланбаса, кем пайдаланбайды. Оны сабаққа жамаудың қажеті қанша?
ЖИ-дың пайдасы мен зиянына тоқталайын. Пайдасы: уақыт үнемдеу; деректерге тез қол жеткізу; робототехниканың дамуы; кез-келген ғылыми тақырыптарды өз тіліңде тәржімалап алу т.б. Оңай әрі тез орындалатын іс. Зияны: Ойлау қабілетінің тежелуі; жалқаулыққа дағдылану; ақпараттың рас, өтірік екенін екшей алмау; түйсіктің мешелдікке ұрынуы т.б. Ең қорқыныштысы – ЖИ онсыз да адамды роботпен алмастыру заманына әкеле жатыр. Онда жылдамдық болғанымен, түйсік жоқ. Яғни, пайым жоқ. Енді елу жылда роботтар адамнан ақылды болса, өзіміз құрбан болуымыз әбден мүмкін. Жұтылып кету қаупі басым.
Сабақ – білімнің негізі. Ол ғана емес, ойландыру, көркем, мәдениетті, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастырушы фактор. АҚШ ғалымдарының ЖИ-дің қауіптері жайлы дабыл қағып жатқанын әлем білмей ме? Не болса соны сабаққа қосамжарластыру қандай ойсыздық? Нейрондық желілер мен ойындар онсыз да иттің жүніндей қаулап, көбейіп келеді. Бұл – машина. Бұл – робот.
Жаңа бағдарламада шығарма жойылып, орнын эссе басқан. Не деген ақымақтық? Шығарма – эссе емес. Ал шығарма жазбаған баланың ойлау, сөйлеу шеберлігі дамымайды. Ол қайтіп эссе жазады енді? Эссе баланы сыни пікірге тәрбиелейді-мыс. Эссені, яки жаңа бағдарламаны қолдаушылардың, ақтаушылардың, қорғаушылардың уәжі осындай. Шығарма жазбаған баланың тілі шорқақ, ойы кедей болады. Шыдамадым. Ебін тауып, (ұрланып десем де болады) шығарма жаздыратынмын.
ChatGPT шыққалы бұл амалымның да күлі көкке ұшты. Оқушыы ЖИ жазған шығармаларды көшіріп келетін болды. Былайынша тәп-тәуір-ақ дүние, бірақ, мұғалім ғана емес жазушымын ғой, шығарманың ішкі табиғатына зер салсаң, «жасанды шығарма» екені көрініп тұрады. Әр жерден жұлынған, ұрланған, құрастырылған мәтіннің идеялық, көркемдік, грамматикалық кемшілігі белгілі. Осылай, «шығарма жазуға тәрбиелеймін» деген арманымнан да айырылып қалдым. Қысқасы, ЖИ – құмартатын дүние емес. Керісінше, сақтық керек! Адамы қайсы, роботы қайсы, айырғысыз заман онсыз да ентелеп келеді. Адам түйсігін иемденген машиналар қате бағдарлама, қате оқулықтардан білім алып жатқан бізді басып озып, өзімізге бой бермейтін «түмсікке» айналары анық. Адам роботтан ақылды болу үшін не істеу керекті ойланайық!
«Онсыз да біз мидың аз бөлігін ғана қолданады екенбіз»
Гүлден ғылыммен айналысып жүрген қаламгер. Жақында «Заң» газетінің Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының гран-при жүлдегері атанды.

Гүлден Жылкелдиева, қаламгер:
– Ең алдымен жазбас бұрын басымда ой туады. Идея дейінші.Сол ойды жетілдіріп, ойға ой қосып, ары қарай дамыта отырып пісіріп қағазға түсіремін. Әлгінде ғана мида дап-дайын тұрған сияқты болған дүние ақ парақты көргенде шашырап, жеткізу қиындай түседі. Сол кезде ойға жазғаннан әр сөзді тізбектеп қағазға түсірген әлдеқайда қиын екенін бір адамдай түсінесің. Қайтара оқып, оқыған сайын түзетіп, өшіріп, жони түсесің. Ойыңдағыдай дәл шыққан кездегі сезімді жеткізе алмаймын. Бастағы ойдан да арылып жеңілдей түсесің. Жазудың азабы да, ғажабы осы шығар, бәлкім. Ал ЖИ мен жазған кезде жоғарыда айтылған процестің бірі болмайды ғой. Адам жанынан, іштен шықпаған соң, жүректен-жүрекке жетеді дей алмас едім. Өз пікірім. ЖИ – ол алгоритм. Ғаламторда бар нәрседен ғана ұйқастырып жауап береді. ЖИ-ді әркім өз өресіне байланысты қолданады. Оның жазғанын саралап отырмаса, қателік көп кетіп жатады. Пайдасы мен қатар зияны да шаш-етектен. Әдебиетке шынымен тежеу.Әдебиет интеллектуалды еңбек десек, ЖИ мен жазылса жаны жоқ құр сөздер тізбегі секілді.
Сосын ЖИ дің ең қорқыныштысы – адам оған сеніп алса, миы мүлде жұмыс істемей қалады. Онсыз да біз мидың аз бөлігін ғана қолданады екенбіз, ЖИ дамыған сайын тіпті миды қинамайтын болсақ, өз функциясынан айрылып қалатындай көрінеді. Бара-бара «мынаны жаз» деп өзінен-өзі келіп тұратын ойдан да айырылып қалатын сияқтымыз. Сондықтан интеллектуалды мамандықтың иелері осы жағын ойлап, ЖИ ға қатты әуес болмаса екен деп ойлаймын.
ЖИ күннен күнге жетіліп жатыр. Өзім оқып жүрген жазушыларды жазу стилінен танимын. Өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданысы дегендей. Ал ЖИ-ға жаздырса дәл сол стильде жазып бермейтін шығар. Көп салаға пайдасы бар дейді, бірақ, әдебиетке емес. Қазір отырып ЖИ-ден: «Жазушылар мен ақындар сенен қандай көмек сұрайды» деп сұрадым. Жауабында: «Идея, мәтін құрылымын, ұйқас тауып беруді, өз жазғандарын жүктеп, редакторлап беруді сұрайды» деп жауап берді. Енді осылай кете берсе,өзі ойланып, шабыттанып жазатын жазушы мен ақын қалмай қала ма деп қорқамын. Өз ойымен, өз кемшілігімен өз жанынан шыққан туындыға ештеңе жетпейді деп ойлаймын. ЖИ осы қарқынмен дамыса,адамзат ойлануды қояды. ЖИ мен жазылғанын әдеби шығарма оқымайтын адам ажырата алмауы мүмкін. Ал әдебиеттің ішіндегі адамдар ажырата біледі деп сенемін. Әркім өз өресіне байланысты ЖИ-ді қолданады деп айтқанымдай, ЖИ ақылдасуға, келісіп отырып пішуге жақсы болар. Өз естігенім бойынша дәл солай жазып жүрген адамдар бар. Яғни, көмегі болып тұр. Олар алатын жерін алып, қателігін біліп отырып сызып тастайды. Ал әдебиетке енді келген жас дарын ЖИ-ге сеніп алса, өз ойы мен қолтаңбасы қалыптаспай қалады деп ойлаймын.ЖИ дің қатты дамып жатқанынан шынымды айтсам қорқамын.
«Ең соңғы оқырман қалып, ең соңғы жазушы болсаң да, өзің жазуың керек»
Балаларға арнап жазып жүрген жас жазушы Нұрбектің жауабы кәсіпке адалдық пен қаламгер жауапкершілігіне қатысты өрбіді.

Нұрбек Нұржанұлы, балалар жазушысы:
– Менің ойымша, ЖИ адам баласының өмірін жеңілдетуде үлкен рөл атқарады. Мәселен, көп уақытыңды таза шығармашылыққа арнайсың да, ал қалған майда-шүйде жұмыстарды ЖИ атқарып беретіні тиімді болып тұр. Былтыр ғана АҚШ-та ЖИ-ге қатысты сценаристер митингке шықты, осы ЖИ-дің заңмен шектелуін талап етіп жатыр. Себебі көптеген сценаристер жұмыссыз қалды. Сценаристердің, журналистердің жұмыссыз қалуы жазушыларға да қатысты деп ойлаймын. ЖИ барлық идея-ойлардың шоғыры, біз айлап-жылдап, ғасырлап жинаған тәжірибені ол бірер секундта ғана көз алдымызға әкеле салады. Ол небір профессор, академиктерден де білімді. Әлбетте, тәжірибенің аты тәжірибе. Десе де бұл тәжірибелер шоғыры, ақпараттар қоры ғана. Қазіргі таңда өнерге де қол сұға бастады. Мен ойлап едім, Чеховтар, Мұқағалилар жазған дүниелерді жаза алмайды, Моцарттар жазған музыканы жаза алмайды деп. Сезімге де араласады екен. Алдында Айгүл Бажановадан сұхбат алғанымда, небір мықты музыкалар да жазып жатыр дейді. Қазақ тілінде енді дамып жатыр ғой, ағылшын тілінде том-том кітап та жазып тастаған. Нағыз талант пен халтурщик деген сияқты, қазір де шынайы талант пен жасанды қабілеттің айырмашылығын айыру қиынға түседі. Бұрынғы заманда да қаншама талантты адамдар болды, шын талант уақыт сүзгісінен өтіп бүгінге жетіп отыр. Шынайы өнер дер кезінде бағаланбай қала ма деп алаңдаймын. Жазушыларға ЖИ пайдасы бар деп ойлаймын. Жи қай жерге үтір, нүкте қою жағынан көмектеседі.
Бірақ жазушының өмір бойы жинаған тәжірибесін, біз кешкен тағдырды, кешкен сезімді ЖИ жаза алмайды, жазушы жаза алады. Ол шығармасымен ауырады, өнер деген – сол. Жазғаннан кейін жеңілдейді, жазу – дерт, жазу арқылы дертінен жазылады. Кітаптар желісімен, аннан-мұннан құрап жазып беретін шығар, бірақ, нағыз һас дүниені әкеле алмайды деп ойлаймын. Өнер саф күйінде қала береді. Шынайы талант пен жасанды қабілетті айыра алмайтын кезеңде тұрмыз, ең соңғы оқырман қалып, ең соңғы жазушы болсаң да жазу керек, жазу адамның өзі үшін керек. Жазбаса тұра алмайтын, оған біреу назар аударса да, аудармаса да жазатын адам жазып жүре береді.
«ЖИ мүмкіндіктердің құралы»
Ақ өлең үлгісімен ерекшеленіп жүрген, оқырмандарына Ай қызы деген атпен белгілі жас ақын Ақжанның пікірі.

Ақжан Аманжол, ақын, драматург:
– ЖИ жазушылар мен ақындарға шығармашылық құрал бола алады. Ол идея ұсыну, сюжет құру, жаңа стильдік тәжірибелер жасау сияқты бағыттарда көмекші рөл атқара алады. Дегенмен ЖИ адамның жан-дүниесін, сезімдердің тереңдігін толық жеткізе алмайды. Болашақта ЖИ мен адам жазған шығарманы ажырату қиынға соғуы мүмкін шығар, бірақ шынайы туындыда адам жанының ізі бәрібір сезіледі. Шығармашылық еркіндік үшін ЖИ қауіп емес, керісінше жаңа мүмкіндіктердің құралы деп санаймын.
«ЖИ бізді басқармауы тиіс, біз ЖИ-ді игеруіміз керек»
«Меценат.кз» жобасының ең үздік роман байқауының 4 маусымының жеңімпазы Әлихан кеше ғана фейсбук парақшасында бесінші романы бойынша фильм түсіргелі жатқанын, алтыншы романын жазуға кіріскенін жазған еді.

Әлихан Жақсылық, жазушы,:
– Жасанды интеллект көрсеткен өлетін мамандықтар (кәсіптер) ішінде жазушы үшінші орында тұр. Егер қазақ қаламгерлері осылай оқырман сұранысын қанағаттандыра алмаған беті кете берсе, ЖИ таптырмас құрдасқа айналады. ЖИ даму үстінде, айына, жылына емес, күніге, аптасына дамып жатыр. Бірнеше жылдан соң айырмашылық көрмей қалуымыз мүмкін. Қуанатын да жағдай бар, мысалы дүкен сөресінде қаншама сүт,айран толып тұрғанмен, сіз ауылдық базарға барып қолдың айранын, қолдың сары майын іздейсіз. Үлкен фермалар құрылып сүтке ұзақ сақталатын қоспалар, түрлі дәмдер қосып жатқанда, «бітті, сиырдың күні қараң, енді бұқаларды не күтіп тұр» деп алаңдадық па?
ЖИ да дәл сондай, оқырман «қолдың романын», «қолдың әңгімесін» іздеуі әбден мүмкін. ЖИ дамуы керек, дамыта алмасақ та тілеуін тілеуіміз керек деп ойлаймын. Бұның ерекшелігі өнердегі, әсіресе, әдебиеттегі арзан дүниелерді ысырып тастайды. Ортаңқол жазушыларға оқырманы «бұлай ЖИ да жаза алады ғой» деп сынайды. Бәсекеде біз үшін таптырмас құрал, қаншама жазушының орнына бұл қолданылар еді. Еркіндікке көмегі болмаса қаупін көріп тұрған жоқпын. ЖИ қыспақтайды дегенге сенбеймін, керісінше бізді қоғамның қыспағынан құтқара ма деймін.
Бірақ ЖИ бізді басқармауы тиіс, біз ЖИ-ді игеруіміз керек. Бұл шексіз мүмкіндіктер қақпасы секілді көрінеді маған, тұтқасын ұстай алсаңыз, бұл сізге қанат бітіреді. Игере алмасаңыз, оны игергендер сізді бәсеке жолында ысырып тастайды. Бір қызығы мен мына жауапты ЖИ-ден алғанымды білмей қалуыңыз мүмкін.
«Көркем әдебиетті құнсыздандырады»
Сен ішкен у – әбілхаят сусыны,
Мәңгілікпен теңестірген болмысын.
Өмір-ағаш мың жылда бір сілкініп,
Ұшырады қанаты алтын сөз құсын, – деп басталатын «Сөз құсы» атты өлеңімен Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық мүшәйрада 1-орын алған жас ақын Нұрбектің бұған қатысты пікірі осындай.

Нұрбек Кеңесбай, ақын:
– ЖИ – сезімсіз, рухсыз бос кеңістік. Ол – тек сөздік форманы ғана тудырады, мазмұнды философиялық тұрғыдан ойлау тек адамға тән қасиет. Көркем әдебиетте де осының көмегіне жүгінген авторлар бірте-бірге тілдік сезімін, ой еңбегін, қалыптасқан стильдік ерекшелігін жоғалтады. Сондықтан бұл әдебиеттің дамуына ешқандай әсер ете алмайды, керісінше көркем әдебиетті құнсыздандырады. Нағыз әдебиетті адам жасайды және жасауы керек. ЖИ – әдебиетті бір сарынды, стандартты сөздік қор алаңына айналдырады. Әдебиетті біртектілендіреді, көркем ойды тұсайды. Жаңа идеялар мен әдеби формалардың жолын кеседі. ЖИ егер авторларды тәрбиелеп кетсе, онда шынымен де қиын болады... Әрине, ақын-жазушы шығармашылық еркіндігін шектейді. Автор өзінің ішкі көркемдік дүниетанымына адал болмаса, қалыптасқан көзқарастарға қарсы тұрар қауқары жоқ болса онда шығармашылық еркіндіктің орнын ЖИ-нің жаттанды ақылы басады. Мұны – әдебиеттегі «шабыт көзі», «жаңа мүмкіндіктер» алаңы деп қараған авторлар қатты қателеседі.
