Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Келіс Рахымжанов. Мұхтар Әуезовтің оқушы кезі...

24.04.2019 6444

Келіс Рахымжанов. Мұхтар Әуезовтің оқушы кезі

Келіс Рахымжанов. Мұхтар Әуезовтің оқушы кезі - adebiportal.kz

Үшінші қатарда оң жақтан екінші тұрған бала Мұхтар.

"Ярыш" футбол командасының орталық жартылай қорғаушысы

М.Әуезов 1908 жылы, он бір жасында ағасы Қасымбек оқып бітірген Семейдегі бес кластық қалалық училищеге түседі. Мұнда жас шәкірт Шыңғыс болыстық земство атынан оқушыларға арналған стипендия алып тұрады. Бұл кезде Қасымбек өзі де қалалық училищені жақсы бітіріп, Семейдегі учительдік семинарияға түскен, оқуын осы жерде жалғауға мүмкіндік алады. Жаздай мал соңында жүріп, қар жауа қоңыр күзде қыстауға түсетін ауылда өсіп, қала тіршілігінің тұрмыс салтымен енді таныс бола бастаған ауыл баласына өзінен біраз үлкендігі бар ойын бөлісіп, бірге жүріп бірге тұруға дағдыланған тетелес ағасының мұндағы жағдайға бейімделіп үйреніп кетуіне көп көмегі тиеді.

Жазба деректердің көрсетуі бойынша Қасымбек оқуға алғыр, алған біліміне тиянақты, алдына қойған мақсатын орындау жолында табанды еңбек етіп келешегінен үміт күттірген ел ішіндегі оқыған деген атқа лайық көрнекті жастың бірі болған. Оның мұсылман медресесінде оқып кейін орыс училищесіне ауысуына біраз кедергілер де ұшырасады, сол кездегі медресе оқытушылары тарапынан біраз наразылықтар да болады, соған қарамастан ағасы Омархан, атасы Әуездің қолдауымен осы оқуды таңдап алады. Осы жолмен оқуға талабы бар соңынан ерген інісі Мұхтарды да орыс мектебіне беруге ниет етеді. Бұған бастабында атасы да, кейін ағасы Омархан да қарсы болып:

– Оқимын деп ұзақ уақыт қала жаққа сенің кеткенің де жетеді емес пе, жас баланы орыс оқуымен несіне әуре етесің, медресені бітіріп, мұсылманша хат таныса жетеді. Ел қатарлы білім алған соң, ауылға қайтарып, көңіл жетерлік адамдармен құда болып, келін түсіріп, немере сүйіп, баламның қызығын көрсем, – деген көңілдегі сөздерін айтып рұқсат бере қоймайды.

Қасымбек бұл жайды кейін әулеттің үлкені, заман аңғарын түсіне білетін әкесі Әуезге айтып, оған орыс мектебінің кейбір өзгеден артық жақтарын, онда беретін білімнің адамға, келешек уақытқа тиер пайдасы жөнінде әңгімелеп, үлкен адамды иландыру үшін көптеген мысалдар келтіреді, бұл сөздерінің негізсіз жай ғана әуестік емес болашағы бар айқын мақсат екендігіне көз жеткізеді. Қалаға бармай тұрып бұны қандай оқуға беру керек деген сөз шыға бастағанда-ақ Қасымбек өз алдынан шыққан қиындықтардың інісінің де алдынан шығатынын біліп, бала Мұхтардың қаладағы келешек оқуы орыс тілінде болуына күш салады. Бұл әңгіме ақылдасқан сөз күйінде ағайын туыстың араласуымен, солардың қалауын ескере келіп, алдын болжап, кең ойлап пішілген, шешілген мәселе болады.

Бұл кезде Абай елінен шыққан үмітті жастардың оқу іздеп шет жаққа, алыс қалаларға барып түрлі мамандық алып оралуы жиі кезігетін. Оқыған жастардың келешегіне ел адамдары үмітпен қарап, оларды болашақ үшін жақсы өзгерістердің жарығын әкелуші деп санаған. Сол себепті оқуға түскен жастар жай мамандық алып қана қоймай Абай үлгісімен, елге қызмет ететін адам болып шығу үшін шын мәніндегі зиялы мәдениетке жету жолында білім жинауды мақсат етеді. Осы талапқа сай өзін білім жолына ерте бастан шыңдап дайындаған адамның бірі Қасымбек болатын. Семейдегі мұғалімдер семинариясынан кейін Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсіп, жастай ауырып қайтыс болу себепті ол арманын орындай алмайды.

Қасымбек оқу іздеп алғаш қалаға келгенде бастабында медресе оқып, кейін бұл оқудың ескілік шырмауындағы қиындығына шыдамай орыс мектебіне ауысады. Бұл туралы Мұхтар Әуезов «Өз жайымнан мағлұмат» деген еңбегінде еске ала отырып Қасымбек өзіне әке орнында ақылшы, ұстаз болғанын айтады. Оған қоса өзінің осыған дейін ауыл төңірегінде оқыған оқуының да мән-жайын айтып, толығырақ тоқталып өтеді.

«Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдынан (Әуездің) хат танып, түркі оқитын болған соң 9-10 жасымда әкеммен бірге туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бір жыл Семейдегі Қанаш деген қазіреттің медресесінде мұсылмандық оқытты да, артынан орысшаға берді. Орыс оқуына әуелі өзі дайындады. Содан кейін бір қыс ел ішіндегі ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей семинариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып, келесі жылы күз Семейдің «5 класный городской училищесіне» түстім. Содан бері мектептегі оқу тәртіппен кетті»,– деп жазады (1. 69).

Жазушының осы еңбегінің ерте жазылып, кейіннен жоғалмай сақталып қалуының өзіндік сыры бар. Белгілі жазушы Смағұл Садуақасов 1920-жылдардың аяғында қазақтың танымал ақын-жазушыларына бес-алты сұрақтан тұратын сауалнама беріп, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер жинаған. Мақала сол сауалдарға орай жазылған. Бұрын еш жерде жария болмаған қолжазбаны қаламгердің әйелі Елизавета Бөкейханова Мұхтар Әуезовке елуінші жылдардың аяғында табыс етеді. Анкета сұрақтарына М.Әуезов, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сияқты қаламгерлер жауап берген. Анкеталық сұраққа берген осы жауаптың қолжазбасы С. Садуақасовтың «Сәрсенбек» романы, Б.Күлеев, С.Торайғыров еңбектерімен бірге жазушы мұражайында сақталған. Өстіп түрлі жолдармен сақталып келген мақаласында М.Әуезов өзінің шығу тегін, бұрынғы оқуын, өмір жолы мен шығармашылық сапарының алғашқы жолын ешбір қоспасыз шынайы суреттей отырып айтып берген. Қолжазба алғаш рет бертінде басылып шығады. Жоғарыда айтылып өткен фактілермен бірге, бұл мақалада бұрын беймәлім болып келген жайттар ашық айтылып, айқын дәлелдеп көрсетілген. Жазушы мұнда өзінің ата-тегін, олардың ұзын-сонар тарихы мен өзінің қалаға барып оқи бастаған кезге дейін атасы мен әкесінен алғаш хат танып, Абай еңбектерін оқуға дағдыланған кезеңдерін еске алады.

Осы сөздерден болашақ жазушының Семейге келіп училищеге түскенге дейін атасы Әуезден, әкесі Омарханнан, ауыл мұғалімінен оқып, орыс училищесіне түсер алдында орыс тілі мұғалімінен, мұсылман медресесінен дәріс алып дайындалу барысында бірталай сатылардан өтіп шыңдалғанын көреміз.

Бұл жай ғана оқуға дайындық емес тілегі алда тұрған болашағы үлкен сапар алдындағы жасты өмірге танымдық тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар беру үшін келешекті ойлап істелген шешім екенін көруге болады. Себебі сол кездегі көзқарас бойынша қаладағы орыс оқуына жастай беру баланы өз ортасынан жат қылып алшақтатады, оны қазақшылығынан айырып мүлде орыс етіп жібереді деген түсінікпен жұрттың көбі бұндай оқуға өз балаларын беруге көп бара бермейтін. Тіпті мұндай оқуға әлді, ауқатты адамдардың балалары емес, туысы жоқ жетім, нашар атаның балаларын беру жағдайы да кездесіп отырады. Орыс оқуына бұлай қараудың белгісін жазушының немере інісі Ахмет Әуезовтің «Бала Мұхтар» атты кітабында жазған естелігінен де көруге болады. Онда шәкірт бала қаладағы оқудан келгенде ауыл-аймақ, дос-жаран қуанышпен қарсы алып, ал бұған басқаша қараған адамдардың осы жайды болмайтын оқиға сияқты әңгімелеп, орыс оқуын біршама сөз еткенін сол уақыттың қайшылықты оқиғасы ретінде біршама суреттеп көрсеткен.

«Семейден Қаске мен Мұхтардың келгені ауыл-аймаққа тез тарап, дос-жарандар: «Әуке аға, кәрі апа, Мұхтар немерең келіп көңіліңді бір демдедің бе?»–деп, жалпы ыстық сезімдерін білдіріп жатыр. Бірақ ауыл адамдарының пиғылы бәрі бірдей емес. Мұхтардың формалы киімін көрген ел билеген би мен болыс, кейбір қарттар «сұмдық» деп шу ете түсті.

– Сорлы Омархан қожаның жылағанындай бар екен ғой,–дейді кейбіреулер. – Жап-жас баланың бұзылғанын-ай, әттең...

– Бәленің бәрі Әуез шалда, – дейді екіншілері.– Төрінен көрі жақын болып отырып, орысшылын қайтерсің. Жастарды бұзып, ауылды әбден ластап бітер», – деп сөз қылады (2. 34.).

Ауыл арасының әңгімесі бұнымен тынып қалмайды, жастардың мұсылман оқуын оқымай орыс мектебіне кетіп жатуын өрескел көрген ескішіл бағыттағы адамдар бұның түп себебін Абайдан көріп, елге дінді айтып шариғат жолын білдіреді деген Әуез сияқты ақсақалдың өзіне кісі салып, баласының бұл жолдан тыйылып, кейін қайтуына кеңес береді. Елдің үлкендері мен ақсақалдары алдында сыйлы Әуез бұл мәселенің түп-тамырына келгенде Абай сөздерін мысалға келтіріп, өзінің ойындағы дәлелдерін айта отырып өрескел ештеңесі жоқ, заман мен уақыттың шарты сияқты нәрселер екенін, қайта орыс оқуынан безбей оның ғылым-білімді үйренуге көмегі бар, қазақ тұрмысын жеңілдетіп бөтен елмен араласуға септігі тиетін құрал болатынын жеткізіп, мысалға келтіреді.

Ақыры Абайшыл Әуез қожаны өздерінің сөзіне иландыра алмаған ел жуандары бұл әңгімені енді одан ары тереңдетпей жайына қалдырып «көрерміз» деп істің аяғын күткендей болады. Ескі ауылдағы бәрі бұрынғыша болса деп ойлайтын адамдардың жастардың оқуына қалай қарағаны, орыс мектептерінде оқыған қазақ жастарының алғашқыда қандай жағдайда болғанын М.Әуезов өзінің «Автобиография» атты еңбегінде былай деп еске алады.

«Царское правительство собирало со степного населения средства для этих стипендий с целью готовить в русских школах переводчиков-толмачей, мелких служащих административного аппарата и т.д. Но казахи неохотно отдавали в школу детей. Патриархально-родовые пережитки и фанатические разъяснения мулл вызывали недоверие к русской школе: многие считали, что она учреждена лишь для того, чтобы крестить казахских детей. Потому уездным начальникам приходилось замещать вакансии в порядке разверстки – по два мальчика с волости, – и порой волостные управители выплачивали родственникам кандидата выкуп, чтобы выполнить разверстку. Понятно, что при таком отношений к русской школе наш дед выслушивал от старейшин и аксакалов немало упреков, насмешек и осуждений за то, что разрешает сыновьям и внукам учиться в русской школе. Когда на лето мы, ученики, приезжали в аулы, родовые воротилы, глядя на одетых в форму мальчиков, сокрушенно покачивали головами и объясняли это «бедствие» губительным влиянием Абая. В этом они, пожалуй, были правы: великий поэт не только ратовал за русское образование в своих стихах и философских рассуждениях, но сам обучал своих детей в русских школах, и это было известно всем»,– деп өзінің оқыған оқуының жай-жапсарын түсіндіріп өтеді (4.408.).

Жазушының бұл мәселеге өте мән беріп тәптіштей, анықтап, кеңірек әңгімелеуіне қарағанда орыс мектебіне түсіп оқыған жастарға ауыл адамдары мен түрлі көзқарастағы ел басшылары мен болыс-билердің бәрі дұрыс, жылы ниетпен қарай қоймағанын көруге болады, оқуға түсу үшін қаламгердің түрлі кедергілерді өтіп, баласын оқытпақ болған жанашыр туыстарының да бұрыннан қалған ескі көзқарастарды жеңуіне тура келгеніне куә боламыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар