Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Кененнің қилы тағдыры...

29.08.2018 8197

Кененнің қилы тағдыры

Кененнің қилы тағдыры - adebiportal.kz

Өнерде қайталана бермейтін құбылыстардың бірі, саз өнерінің дәстүрлі өлең өрнектерін өзінше құбылтқан айшықты, көркем тіл шебері Кенен Әзірбаев Жамбыл облысы, Қордай ауданыны Мәтібұлақ басында, жалшылар отбасында дүниеге келген.

Әкесі Әзірбай күйші, шешесі Ұлдан жібек дауысты әнші болған деседі. Ертелі-кеш ата-анасынан ән тыңдап, күйге құмартып өскен жас баланың тәтті де қызықты бала қуанышы ұзаққа бармайды. Жеті жасында анадан жетім қалады.

Күн көрістің қамымен әкесі жеті жасар Кененді бауыры Әбденбайдың үйіне қалдырып, өзі ұзатқан қыздарына кетеді. Бірақ інісінің үйіндегі шайпау келін балаға тыныштық бермей мазасын алып, тіл тигізеді. Шыдамаған бала үйден кетіп қалып, ерте жастан еңбекке араласып Аймен атты байдың малын бағады. Жоқшылық пен кедейшілік тауқыметін көп көрген Кененнің балалық күндері осылай қиындық пен басталады. Тау мен тастың ойқыштары табанына батса, байдың ұр тоқпағы жауырынын осып, жанын жаралайды. Мұндай ауыртпалыққа ерте төселген адамның өмірге деген көз қарасы, ойы, санасы ерте жетілетіні анық. Анасының сүтімен, әкесінің қанымен келген қасиет осы кезден-ақ қылаң беред. Мал бағып жүргенде, жатып алып аспанға тесіле қарағанды ұнататын көрінеді. Сондай тамаша кездердің бірінде, көзі ілініп кеткен екен ащы зардың мұңлы сазы құлағына жеткендей болады. Көзін ашып әдетінше аспанға қараса дәл төбесінде шырылдап айнала ұшқан торғайды көреді .Әлгі торғайдың өткір үні миын тесіп, жүрегіне қадалғандай әсер береді. Құдды аспанда түнде ұйқы, күндіз тыным жоқ, киерге-киім, көңілге медеу жоқ, тақыр кедей жоқшылық деп шырылдап тұрған өзінің жаны сияқты. Жалғанның бір аштыққа, бір тоқтығы бар демеуші ме еді; қайда, кәне сол немес деп өзегін өртеп ыза кегі сыртқа өзінен-өзі тізбектеліп ән болып шығады:

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап,

Сандалып қой артында әзер кешке…

Жамбылды Жамбыл десем, кім білмейді,
Өлеңнің ордасына кім кірмейді.
Елу жыл ертіп жүрген ардақты ата,
Домбыраң құлағымда күмбірлейді.

….Бір күні Жамбылды ойлап қиялдадым,
Көз ілмей, төсегіме сия алмадым.
“Кененжан” деген сөзі еске түсіп,
Өзімді-өзім сөгіп, ұялғаным….

Ақтауға парызымды домбыра алдым,
Ойланып шырмауықтан он бұралдым,
Жан Жәке, қартайсам да жаным ширақ,
Басыма саған біткен қонды бағың .

Қараңызшы атамыздың әрі жеңіл, мағынасы терең ойы, сөздік қоры қандай болған. Өмірінің соңына дейін отаным, елім деп кетті. Көбіне еңбек, тәрбие деп ұрандап отыратын. Әндері ынтымаққа, бірлікке , тілді құрметтеуге шақырады. Мұның бәрі бүгінгі күнде өзекті мәселе.Тіл демекші, қазір өз ана тілімізден гөрі өзге тілді он есе артық біліп жатқан жоқпызба? Жеті атаңды біл деп жатыр.Оны жұрт, сонымен қатар шенеуніктер рушылдық деп ұғып жік-жікке бөлініп жатыр. Анау бәлен ру екен маған жақындығы бар, анау түген ел екен тұра тұрсын немесе қоя тұр деген жаңсақ пікір қалыптасып жатыр. Жеті атаңды біл деген осы екен ғой деп бас аяғы жоқ шаба беруге болмайды. Бар қазақ -бір қазақ. Бірігіп қазақ деген халықтың туын көтеруіміз керек. Атамыздың әндері де осыны меңзеп тұр емеспе. Менде сол ұстаздарымның ізі мен жүріп келемін. Қаншалықты жүрген жолдарымның нәтижесі шәкірттерімнің жеткен жемісі деп білемін өз басым. Өнерімнің бағасын кейінгі ұрпақ бере жатар, оны солардың еншісіне қалдырайық.


Кенен Әзірбаевтың талай жаяулатып жүріп өткен топырағын басып, кіндік қаны тамған жерден түлеп ұшқан С.Медеуов, А.Иманбаева, Б.Базарбаев сынды әншілердің де Кенен әндерін насихаттауда өзіндік қосқан үлестері баршылық. С.Медеуовтың орындауындағы бір талай әндердің арасында «Ой жайлау» әні өте ерекше. Әнді тыңдап отырып тау сұлулығына, етегінде жайылған мал, жап-жасыл боп жайқалған шалғынды елестетіп тура сонда тартып кеткің келеді. Кененге деген сағынышын, әнге деген құрметін құйқылжыта салған ән әуезі арқылы тебірене жеткізген шебер орындаушы Саят, ақын жайында былай деп сыр шертеді:


– “Қай жердің суын ішсең, сол жердің жырын жырла”-деген. Кенен атамыз жайында білмейтін адам кемде-кем шығар. Кім қалай айтса да, қалай жеткізсе де ол кісі жайында естелік ,әңгіме таусылмайды. Маған “осы өнер сізге қайдан келді”- деген сұрақты жиі қойып жатады. Әкемнің айтуы бойынша бәрімізді жинап алып бір күні атам Ермахан Кенен атаның үйіне алып барыпты. Ол кезде мен екі жаста екенмін. Ата өзі өте балажан кісі болған деседі. Мені алдына алып отырған балалардың бәріне батасын беріпті. Қазақ ырымшыл халықпызғой. Меніңше сол атамның берген батасынан болар өнер жолына келгенім. Үйге қонақ келсе атам “Кененді шақыр, қонақтардың ішінде болсын” деп шақыртып алады, ол кісі тоқтамай қызықты әңгімелерін айтып жұртты таң атқанша аузына қаратады екен. Жәнеде өзі жол-жөнекей кетіп бара жатып біреуден бір әңгіме естісе соны бірден жаттап алатын “құйма құлақ” болғандығында айтып отыратын. Ахметолла деген ұстазым атамыздың үйіне ”Алатау шыңы” деген кітабы шығып, қуантуға алып барыпты. Сонда Кенен ата ”балам осыны маған оқып берші”-деп қолқа салады. Ол кезде 91 жаста екен. Кітапта жазылған өлеңдерін оқып отырғанда өзінің қол таңбаларын танып ”менің сөзім бұлай емес еді, сәл түзеткен екен мейлі, партияға, өкіметке рахмет”-деп алғысын айтқан екен. Сондағы ол кісінің есте сақтау қабілеті, қырағылығы қандай десеңші деп ұстазымның таңғалғаны бар. Үлкен сахнаға алғаш тамашаның 20 жылдығында шықтым. Сол кездегі тамашаның бас режиссері Л.Есенов аға ”Мен Кенекемнің қолынан құлақ жегенмін, ол кісіге қарыздармын. Сен сахнаға сол кісінің әнін орындап шықпасаң ұят болар ”-деп ұсыныс білдірді. Менде қуана келісіп атаның ”Кейбіреуге” деген әнін орындадым. 2005 жылы жеке шығармашылық концертімде ”Бастау” деген әнімен бастадым. Жалпы эстрададан бөлек ”Құрманғазы” оркестірімен ”Бастау”,”Туған жер”.”Келінжан” деген әндерін орындап, эстрада симфониялық оркестрде “Жетпіс беске” деген әнін түсірдім. Қазір А.Қоразбаев ағамыздың ”Сағындым Кенен атамды” деген әнін Б.Омаровтың өңдеуімен дайындап жатырмыз. Кенен атамыздың ”Бозторғай” әнін жазатын кезде бір оқиға болды. Әнді өңдеп жазайық деп Бағлан ағамызға бардым. Ол кісі бірден келісе кеткенімен әннің жазылуы ұзаққа, дәлірек айтқанда сегіз айға созылды, әннің формасы табылғанымен басы, аяғы келіспей жатыр. Тіптен өзімде аяғында осы әнді жазбай ақ қойсамба деген ой келді. Бірақ дәл сол түні түс көрем. Түсімде атаның музейі өртеніп кетіпті , мен жаңа музей салып бар заттарын сонда көшіріген екенмін. Бір кезде ата қасымда жүр, екеуміз биік қабатты үйдің төбесінде, жайылған әппақ дастарханға келе жатыр екенбіз. Содан оянып кеттімде жоқ бұл әнді қайткен күнде шығаруым керек дедім. Шыныменде бірнеше күннен кейін әннің кілті табылып ән жазылып бітті. Рамазан ағамыздың “Кенен десе Саят еске түседі, Саят десе Кенен еске түседі “-деп қалжыңдайтыны бар, атамыздың бозторғайынан-қара торғай, көкшолағынан-қарашолақ атануымның өзі де мен үшін үлкен мәртебе.

Құтты болсын келінжан,аяғынан,
Осы едіғой күткенім баяғыдан.
Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,
Өсекшілдің сақ бол саяғынан,

– Қыздың баласы болғандықтан мен Кенен атаға жиен шөбере болып келеді екенмін. Біздің Кенен ауылында ( бұрынғы Киров) Кенен атамызға арналған 1981 жылы салынған 3 бөлмелі үлкен мұражайы бар. Бала күнімізде ол жерге тек ұстаздарымызбен баратынбыз. Мүмкін балалық па, жоқ сол кезден бастап әлде бір сезім болдыма мен балалардың соңынан қалып атаның шапаны жамылып, болмаса кебісін , домбырасын ұстап бетімді сыйпап өзімше ырымдайтынмын. Қазақ ырымшыл халық деп бекер айтпаса керек. Іштей атама ұқсаған әнші болсам деп ойлайтынмын. Мүмкін сол балалық арманымды атамның аруағы қолдап Алла қабыл еткен болар. Есімде ауылда үлкен көлемде атаның 115-жылдығы аталып өтетін болды. Ақынның шығармашылығынан сайыс ұйымдастырылып шәкірттері А.Қоразбаев бастаған өнер тарландары әділ қазылық етті. Арасында өзім алдынан өтіп батасын алған ақын Аяз Бетпайұлы ағамызда бар.Ол кезде тоғызыншы сыныпа оқитынмын. Кенен атаның ”Қалады ау” деген әнімен сахнаға еркін шығып әнді бастап айтып кеттім. Халық біршама жиналып қалған екен. Бір кезде алдыңғы қатарда отырған Кенен атаның ұлы марқұм Көркемжан ағаға көзім түсіп кетті. Дәл сол кездері ол кісі қатты ауырып жүрген кезі еді. Менің естуімше “Қалады ау” әні Кенен атаның төсек тартып жатқанда жазған қоштасу әні деседі. Әнді толық айта алмадым… Ән тура , соңғы кездері ауыруының салдарынан қатты жүдеп-жадап кеткен Көркемжан ағаның өзіне арналғандай болып көрінді, өзіде жүдеп-жадап кеткен екен, аяп кеттім. Еріксіз шыққан жасымды тиа алмай әнімді тоқтата салдым. Бірақ бәрібір бас жүлдені жеңіп алдым. Қазір “Кенен ұрпақтары” – деп Ақмамық, Ақтамақ, Бақытжан деген аға-әпкелеріміз бастап ауыл аймақ пен жиналып тұрамыз. Жиында Төрткен апа әкесінің әндерін, тіптен біз естімеген әндерді нақышына келтіре айтып отырады. Ол жиынның өзі үлкен кешке ұласады. Әлі де атаның әндерін өз шығармашылығыма қосамын деген ойдамын. Менің өнерімде Кенен атамның үлесі бары сөзсіз. Атамның әруағы желеп жебеп жүрген шығар.

Ақындық шабыттынан туындаған толғау термелер-ақылға, өсиетке, өнегелі ойға толы. ”Бір өсиет жастарға”, ”Танисың”, ”Ерлі-Зайып” дастандары, ”Қырғызбай” ды да ерекше айта кету керек. Кенен атаның шешендік өнері-көзі мәңгі бітелмейтін қайнар бұлақ пен тең. Бұлтартпай тура сөйлеуі де, ақындарға тән мергендік, ойын ашып айту, шыншылдық, әділдік турасында ерекшеленіп ақындар арасында өзіндік орын алады. “Бұлақ көрсең көзін аш” деген. Атасының өнерін жалғап, сахнаға ендіғана қадам басып келе жатқан тікелей шөбересі Бесқуаныш Айтөреде аудандық байқауларға қатысып, атасының жолын қумақ. Ендеше ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып жатқан ән мен жырдың бастауы Жетісу атырабының өнері қыран құстай самғап, ақын аруағы қолдап жүрсін.

Бұл дәуірдің білімі көп, білемін,
Жасым өтіп арманда боп жүремін.
Барша жұрттың кәрі-жасы көзі ашық,
Ұрпақтарым оқыңдар деп тіледім.

Пайдаланған әдебиеттер:

К.Әзірбаев ”Аңыздар сыры”, ”Алатау шыңы” Ысмайылов Е ”Жамбыл және халық ақындары” және Айгүл Жақсылыққызының ақын жайындағы шығармашылығынан.

Меруерт Ильясова

qazaquni.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар