Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы ұйымдастырған «Қаламгер ұстаханасы» жобасының он бірінші дәрісіне Кенжебай Ахметов келді. «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын, Дж.Боккаччоның «Декамерон новеллаларын», Дантенің «Құдіретті комедиясын» аударған аудармашы, уағында өлең де, проза да, пьеса да, тіпті оқулық та жазған адам («Әдебиеттануға кіріспе» оқулығы Қазақстанның жоғары оқу орындарында және Қытай Халық Республикасындағы Ұлттар Университетінде оқытылады).
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент атақтары бар ағамыз бұл лекцияға Қарағандыдан келіп, көркем аударманың өзі түсінген, таныған қырлары жөнінде лекция өткізді. Тақырып – «Көркем аудармадағы автор стилі».
Осы жерде «Әдебиет порталы» оқырмандарына, оның ішінде аудармамен айналысып жүрген жас қаламгерлерге мына нәрсені айта кетейік. Лекция барысында аудармашы Кенжебай Ахметовтің стиль дегенді тек тілдік техника немесе жазу машығы деп қабылдамайтынын байқадық. Ол үшін стиль – бұл автордың толық тұлғасы да. Шынымен де автор кім болса, соның мінезі, көзқарасы, рухани бітімі шығармадан айқын сезіледі ғой. Демек, стиль өмірден алынған дайын қалып емес, ол автордың өзіндік болмысынан, дүниетанымынан, ойлау тәсілінен шығатын болғандықтан, аудармада осы көрініп тұруы керек екен. Кенжебай Ахметовтің айтуынша, нағыз стильді анықтайтын нәрсе – бұл тілдік құралдардың өзара сәйкестігі ғана емес, автордың ішкі энергетикасы мәтінге қалай өткенінде. Автордың өзі қалай ойлайды, дүниені қалай сезеді, адамға қалай қарайды, осының барлығы сөзге айналып, одан стильге айналады. Ең қиын міндет автордың сол ішкі мінезін, сол интонациясын, сол әсерін қазақ оқырманына дәл солай сезілетіндей етіп жеткізу. Яғни аудармашы автордың үнін қазақшада қайта тірілтуге тиіс. Түпнұсқадағыдай сендіргіштік, шынайылық, интонациялық реңк сақталуы керек. Себебі аударманың рухы да стильдің ішінен туады. Біз лектор сөзін сол күйі беруге тырыстық. Сонымен, бастайық.

Автор стилінің сақталуы
Әңгіме стильге қатысты болғаннан кейін жалғыз бір ғана мәселе емес, аударманың төңірегінде біраз әңгіме өрбиді деп ойлаймын. Өйткені бірімен бірі байланысып, бірімен бірі сабақтасып жататын нәрсе ғой. Ал енді аудармадағы автор стилінің сақталуы деген мәселеге келу үшін, кішкене ғана шолу жасап өткеніміз дұрыс. Біздің кәсіби аударма дейміз бе, кәдімгі әдеби аударманың алғашқы үлгілері өзіміз білетін Абайдан басталады. Абайдың үлгісі неде? Бұл кезең қазіргі уақыттан басқа кезең. Ол кезеңде Абай атамыздың негізгі мақсаты – «әлемде осындай жұрт бар, оларда осындай әдебиет бар, осындай үлгі бар» деген мәселені алға қойды деп ойлаймын. Содан соң ол кісінің негізгі өмірлік ұстанымы ағартушылық мақсат болса, екінші жағынан ол кісінің аудармасының екінші бір бағыты – іштей бір жарыс болған сияқты әсер етеді. Лермонтовтан аударған өлеңдеріне қарасаңыз, ол жерде аударма дегеннен гөрі «сен мына тақырыпты осылай алып отыр екенсің, мен тура сенің өзіңнің сөзіңді пайдалана отырып аударсам, былай болып шығар еді», – деп іштей жарысқандай әсер етеді. Сол кезде салыстырып қарасаңыздар, біздің Абай атамыздың шығармасында адамның өмірінің мәніне, философиялық сұрақтарға жауап іздеу басымдау болып кетеді. Лермонтовтың стилінде бір қуаттылық бар, романтика бар дегендей, Абай оны салмақтандырады. Осы үлгідегі тағы бір жағдайлар өздеріңіз білетін Ыбырай Алтынсаринде бар. Бергі уақыттағы ағартушы демократтардың шығармашылығы әлгінде айтылған Абайдың дәстүрінде келеді, содан кейін автордың стилін сақтау деген мәселеге менің өзімнің байқауымша, алғаш келген адам Мағжан сияқты көрінеді. Өйткені Мағжанның аударма өлеңдері шамалы ғана ғой, соны оригиналмен салыстырып қараған кезде ешқандай бір айырмашылық көрмейсіз. Сөздерін сөз қалпында, ұйқасын ұйқас қалпында, үлгісі қандай ұйқаспен берілген, сол ұйқас түрінде келеді. Көлемі, буын саны, бунақ саны бәрін тура орыс тілінде үлгісі қандай, қазақ тілінде де сондай. Мағжанда Кольцовтан аударған «Песня старика» деген өлең бар, сонда ғана айырмашылық бар. Мағжанды он бір буын, ана жерде сегіз буын ба, сондай болып келеді. Сосын ойландым. Мазмұны бәрі бірдей, неге бұлай? Мағжан ақын неге ондайға барды екен деп. Сөйтсем, жаңағы «песни деген тақырыпқа назар аударып отыр екен, Кольцовтың «Песни старика» дегенді орыстың частушкалары сияқты үлгіге салсаңыз, сонымен айтылуға келеді де, Мағжандікін өзіміздің «Жиырма бес» сияқты әндерге салып айтқан кезде кәдімгі қарттың мұңы шыға келеді. Демек, бұл кісі ана әуезділікке де назар аударған. Ол жерде Мағжанның шеберлігі ана өлеңнің әнге бейімделіп жазылғанын сезіп отырғанында, әуезділікте.


Қазіргі уақыттағы аударма қандай болуы керек?
Қазіргі аудармада шығарманың мазмұнын жеткізу я болмаса оқырманға жеңіл, түсінікті болу деген мақсат көзделмеуі керек. Қазіргі аудармада авторда қандай, сіздің өзіңіз алдырып отырған түпнұсқада қандай, қазақ тілінде солай әсер етіп жеткізу керек. Автордың көзқарасында сіз келіспейтін нәрсе бар ма, ол сол қалпында тұруы керек. «Е, мынаны кішкене тігісін жатқызып берейінші, мынаны біздің оқырман қалай қабылдайды екен» деген сияқты нәрселер болмайды. Белгілі бір шығарма туралы, ол ағылшын тілінде жазылған автор делік, оны оқыған ағылшын филологы мен қазақ тілінде соның аудармасын оқыған әдебиетші пікір алмасқан кезде екеуі екі әлемде тұрмауы керек. Екеуінің сөзі, пікірі, айтып отырған ойы бір ғана нәрсе болуы керек.
Бұл үшін не қажет?
Бұл үшін аудармашы түпнұсқаны сол қалпында қазақ тілінде жеткізуі керек. Оның ойы қалай болды? Жазушының жазу ерекшелігін де арттырды, соның барлығы сақталуы керек. Жазушының ерекшелігін сақтау, автордың ерекшелігін сақтау деген бұл да бір назар аударатын нәрсе. Біз көбінесе, аудармалардың бір басты кемшілігі дейміз бе, кішкене жеңіл қарағандықтың әсері дейміз бе, аударма жасау кезінде көбінесе сөзге ғана назар аударып кетеміз. Сөзді берсек, осы сөздің мағынасын жеткізсек деп. Ол негізінен алған кезде дұрыс. Бірақ, сөзді сөзбе-сөз алу шарт емес, сол сөйлемде берілген қандай ньюанстар бар дейтін әртүрлі жағдайлар болады, соған жету керек. Ол арасында мысқылдап отыруы мүмкін. Жазушының сол мысқылы сезілетіндей болуы керек. Юмор болуы мүмкін, юмор сезілуі керек. Ол жерде ол мүлде керісінше пікір жеткізіп отыруы мүмкін жазып отырған сөйлемінде. Сол жетуі керек. Сонда автордың стилі сақталу дегеніміз шығады.
Біздің ұстазымыз Зейнолла Қабдолов ақсақалдың жақсы көретін бір сөзі бар еді. «Стиль дегеніміз адам», – деп лекция сайын айтып кетеді. Ол кезде енді біз баламыз. Ол сөз қайталанып айтыла бергеннен кейін бізге бір үйреншікті сияқты әсер етеді. «Неге өйтіп айта береді?» деп кейіннен жасың есейген кезде ойланып қараған кезде шынымен де бұл сөздің өте дәл берілген анықтама екенін түсінесің.
Өйткені, стиль ол тек жазу машығы емес, ол шығармадан көрінетін автордың өзі. Автор кім, сол шығармасында көрінеді. Талантты автордың жазғаны бірден белгілі болып тұр, жай әуесқойдың жазғаны ол да белгілі болып тұр. Өйткені әуесқойдың жазғанында өзіндік мінез болмайды, ананың кім екенін танымайсың, анаған да ұқсап тұрады, мынаған да ұқсап тұрады. Өзінің мінезі бар, дүниеге көзқарасы бар, түсінігі бар автордың жазғанында адам өзі жаңағы шығармасын саған оқып беріп тұрғандай әсер етеді. Қарапайым тілмен түсіндірген кезде енді аудармашыға қалатын шаруа не? Шаруа – сол сезімді қазақ оқырманы солай қабылдайтындай қылып жеткізу керек.
Бұл үшін не керек аудармашыға? Аудармашы бұл сөзді білетін адам ғана емес, мен осындай әңгімелерде айтатын бір сөзім бар, аудармашы ең бірінші қазақ тілін аударма жасайтын адам болғандықтан қазақ тілін мүмкіндігінше жақсы білуі керек. Мүмкіндігінше қай тілді аударасың, сол тілді мүмкіндігінше жақсы білуі керек. «Ағылшын тілін жақсы білемін, қазақ тілін жеткіземін ғой» деген түсінік болмайды. Ол шалағай аударманың тууына себеп болады. Өйткені орыс тілінде бір ғана «был» деп айта салатын сөзді қазақ тілінде бірнеше нұсқада беруге болады, ананың астарына байланысты. Оны сезінбеген адам «болды» деп бере береді. Ол «болды» ма, «ол жерде болды» ма, «болған» ба, «болған екен» бе, соны сезініп жеткізу керек. Сондайдың бәрін жеткізген кезде автордың ерекшелігі, автордың айтқысы келгені беріледі.
Біздің қазақтың сөзінде «род» деген жоқ деп ойлаймыз ғой, женский род деген жоқ, мужской род деген жоқ деп. Бірақ бізде ер адамға ғана қатысты қолданатын сөздер бар, әйел адамға ғана қатысты қолданатын сөздер бар. Соны дұрыс қолданбаған жағдайда жаңағы азаматқа байланысты бір күмәнді ой тууы мүмкін. Әйел адамға қолданатын сөзді ер адамға қолдана берсең, анау бір әйел адам сияқты болып қала ма, сондай бір қолайсыз жағдайларға да назар аудару керек. Менің айтып отырғаным – тілді білу деген тек сөзді жаттап алу емес, сөздің бояуы, ішкі грамматикалық мәні деген болады, реңкі деген бірнеше түрлі. Осының бәрін аудармашы жақсы сезінуі керек. Бұған қалай қол жеткізуге болады?


Аудармашыға қойылатын талап
Аудармашы тек қана сөзді аударатын адам емес, ең бірінші ол кімді аударатынын танып алуы керек. Екінші, аударатын шығармасын тани білуі керек, демек, аудармашы бірінші кезекте кішігірім зерттеуші болуы тиіс. Ол доктор болуы, ғылым кандидаты болуы міндетті емес, бірақ, ол кәдімгі авторды тани алған, оның шығармашылық ерекшелігін тани алған, екінші жаңағы сол шығармадағы автордың қай қасиеті басымдық алып көрініп тұр, осыны тани білуі керек. Бір автордың өзі әртүрлі шығармасында түрлі қырынан көрінуі мүмкін. Бұған мысал ретінде Цвейгті айтуға болады. Цвейгтің шығармаларын оқып отырсаңыз, ол кейде бір әзілдеп юмор араластырып әңгіме айтып отырғандай болады, енді бірде қарасаң, бір терең философ болып кетеді. Енді бірде қарасаң, психолог болып кетеді. Бір кезде қарасаң, ертегі айтып отырған адам сияқты жазып кетеді. Әр шығармасында әртүрлі қырынан келеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл жаңағы автордың өзіне тән бір айта білу шеберлігін көрсетеді. Бірақ барлығында айналып келгенде тірелетін нәрсе қандай шығарма жазғанда да Цвейгтің мәліметінің өте көп екендігін байқайсыз. Кез келген шығармасынан өте көп ізденетін, көп білетін адам. Сол білетіндігі ешқандай ақпарат бермесін, ешқандай мәлімет бермесін, жай ғана ертегі сияқты. Бірақ, қандай шығарма жазса да ол кісінің білімділігі байқалып тұр. Аудармашы соны сезінуі керек. Соның білетінін, бұл нені біледі екен деп тым болмағанда соны нақты білмегенмен, жобалап, сол ауылдың төңірегін бір шарлап өтетіндей қабілеті болуы керек. Онсыз болмайды. Сіз авторды танымаған жағдайда, авторды түсіне алмаған жағдайда аударма жансыз, көпсөзділіктің тізбегі болып шығады.
Аударма тек тілді аударып қолдану емес. Ол мәдениетке қызмет ету. Бір жақсы әңгіменің немесе маңызды идеяның қазақша сөйлей бастауы көп адамның дүниетанымына ықпал етеді. Пайдасы бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ әр аударылған шығарма ұлттық ой кеңістігін байытады. Осы тұрғыдан алғанда аудармашы ағамыз айтып отырған тамшыдай үлес деген өте дәл теңеу. Әр сапалы аударма бір үлкен тамшы. Уақыт өте келе сол тамшылар үлкен өзенге айналады.


Аударма шалағайлықты көтермейді
Бізде кететін бір кемшіліктер бар. Бұл «Мәдени мұра» кезінде байқалды. Кейде біз кінәлап жатамыз ғой, мемлекет андай, мұндай деген сияқты әңгімелер айтып қоятынымыз бар, негізі «Мәдени мұра» аудармашылардың өзін өзі көрсетуіне үлкен бір мүмкіндік болды. Мен соған араласқан адам ретінде, «Аударма» баспасымен екі-үш кітапты аударып шығарған адам ретінде білемін, Жібек Болтанова сонда басшы болды, былай алып келеді папкаға салынған аудармаларды, «Аға, мынаны қараңызшы, не деуге болады?» деп, бір қарайсың, білмеймін ана сөйлемнің қалай аударылғанын, аударған осындай кісі, атағы дардай адам, демек, осы жерден шығатын нәрсе – аударма дегенді ермек ретінде қарауға болмайды. Аударма арқылы сіз халыққа қызмет етесіз, бір ғана жақсы әңгімені қазақшаға аударып, пайдалы бір әңгімені қазақтың оқырманына жеткізетін болсаңыз, сіз тамшыдай болса да халықтың санасының өзгеруіне, жаңа бір білім алуына үлес қосасыз. Сізге жаңағы «Мәдени мұра» сияқты мүмкіндік берілді ме, сіз сол мүмкіндікті барынша пайдалануыңыз керек еді. Біз, бірақ, өкінішке орай оны ақша табудың көзі деп қана қарадық. Сол кезеңде мен көзіммен көрдім, бәленбай кітап шығу керек, ең соңында таяқ жеген, сөз естігендердің барлығы ақша бөлген, жағдай жасаған басшылық, Мәдениет министрлігі болды. Оның не жазығы бар, оны мен ақтап тұрған жоқпын, Мәдениет министрлігінің бүкіл жұмысы керемет деп отырғам жоқ, бірақ, сізге мүмкіндік берілді ғой, соны істемедік біз. Біз көңілшектікке салынып өзімізге де қиянат жасап аламыз, аударма мәселесінде осындай жағдайларға жол бермеуіміз қажет деп ойлаймын. Сосын аударманы нан табудың көзі қылуға болмайды.
Стиль, бірінші, бағана айтып өткеніміздей автордың өзін тану, екінші, әр әдебиетте тек деген бар, әр тектің өзіне тән бір жазу үлгісі болады. Мысалы, проза, эпикалық шығармалар, олардың өзінің мәнері бар, поэзия өзінің мәнері бар жазу, драма да өзінің мәнері бар, осы ерекшеліктерге де назар аудару керек. Мен бір-екі пьеса оқыдым қазақшаға аударылған, кәдімгі газеттің мақаласы сияқты, былай қарасаң, бәрі орнында тұр, бірақ, онда жан жоқ, жан болмайтын себебі – пьеса ауызекі сөйлеу тіліне бейімделуі керек. Кейіпкердің мінезін ашуы керек. Классикалық шығарма аударып тұрғаннан кейін ол жерде оны жазған автор жайдан жай ондай сөйлемді қойған жоқ, ол сөйлемнің ар жағында болашақ конфликттің ұшқыны жатыр, сол сезілуі керек. Ол сезілмегеннен кейін драмалық аударма болмайды. Жаңағыдай бүкіл сөйлем орны-орнында әдемі болып, бастауыш, баяндауыш, пысықтауышы қанша орнында тұрғанымен, керісінше ол ана характерді ашу үшін ол сөйлемдер бұзылуы керек шығар, әдейі ананың мінезіне сәйкестеледі, орыс тілінде ол былай берілгенмен, ол сөйлемнің бәрін сен бұз, өйткені мінезді беру керек, ал осындай сөйлемді кішкене өзгертіп пайдалану деген бұл енді прозаға келе бермейді, прозада ол мүлде басқа. Ол поэзияда да проза мен драмадан айырылмашылығы бар, мұнда да қолдан келгенше түпнұсқадан ауытқымаған жөн. Дегенмен, өлеңнің өзінің ерекшелігі бар, сыймай қалатын жерлері болады, кейде орыс тілінде екі сөзбен берген нәрсені шеберлігің жетіп жатса, бір-ақ сөзбен сездіріп өтуге тура келеді, бұл аудармашыдан шеберлікті қажет етеді. Эпикалық үлгідегі, драмалық үлгідегі шығармаларды аудару поэзияға қарағанда кішкене жеңілдеу. соның ішінде лирикалық поэзияны аудару қиын. Эпикалық поэзия деген бар, драмалық поэзия деген бар, бұларды аудару таза лирикалық поэзияны аударудан жеңілдеу, өйткені ол прозаға, драмаға жақындау болады, ал лирикада сезім, әсер, эмоция, оны сен сөзін ғана алып беретін болсаң, жансыз болады, демек, өлеңнің қасиетін түсініп, ана ақынға айналып, қайтадан қазаққа қайтып келуіңіз керек қой. Лирикалық поэзияны аударудың қиындығы осында. Аудармашы автордың бір көшірмесі сияқты болуы керек, оның өзі аударманы жасап отырған кезде сол сияқты ойланып, сол сияқты көріп, сол сияқты бағалап, сол сияқты әсерленіп, жек көрсе жек көріп, жақсы көрсе жақсы көріп отырған кезде яғни шығармаға енуі керек қой. Автордың өзі сияқты. Сонда аударма жүреді. Ал суық қарап аударылған кезде ол болмайды.
Автордың стилін автордың мінезін ашатын тағы бір қасиеттің бірі – бұл әрине оның жазу тәсілдері ғой. Неше түрлі бұл тәсілдер автордың кім екендігін көрсетеді, қандай шеберлігі бар екенін көрсетеді, біреу юморға бейімделеді, біреу философияға бейімделеді деп айттық, ең бірінші сол бағытын тауып алу керек.
Мысалы, Гогольді аударған кезде сіз Толстойды аударған сияқты келсеңіз, Гогольдің мінезі шықпайды, Толстойды аударып отырып-отырып Достоевскийдің үлгісіне түсіп кетсеңіз, ол да болмайды. Иә болмаса Бальзакты аударып отырып, жаңағы Достоевский ма, иә болмаса Толстой сияқты, болмаса Куприннің үлгісімен келіп қаласың ба, ол тағы болмайды. Тек жазушылардың әрқайсысының өзінің ерекшелігін ұстау керек. Онсыз болмайды. Аудармашы бірінші кезекте зерттеуші болуы керек, екінші ол қалай болғанда да қаламгер болу керек. Қаламгер дегенде мен шығармашылық адамын айтып отырмын. «Сөз біледі екенмін, ана тілді түсінеді екенмін, болса да болмаса да өзім қазақпын ғой» деген түсінікпен аударма жасалмайды.

Жақсы аудармашыны қалай қалыптастырамыз?
Бізде қазір аудармашылар бар, әртүрлі де. Жақсы аудармашы қалыптастыруда сіз бен біз отыра қалып аудармашыға ешқандай әсер ете алмаймыз, өйткені оны тек мемлекеттік деңгейде істеуге болады. Жас баланы әкеп шетелге оқытқаннан аудармашы шықпайды, ең бірінші мектеп бітірген баланы алып: «Англияға бар, ағылшындарды зерттеп көріп, сосын аудармашы қылып аламыз» дегеннен шықпайды. Бала ең бірінші иә филологияны иә журфакты бітіру керек және сол кезде өзінің жазуға қабілеті бар екендігін танытып үлгеруі керек. «Мынаның қолынан келеді екен жазу, ендеше осыны жіберейік», деп өзіміз әлгі әлемге танымал тілдер бар ғой, сол мемлекеттерге жіберіп оқыту керек. Келгеннен кейін ол өмірбақи аудармамен өзін-өзі асырай алатындай жағдайда болуы керек қой. Испанды бітіріп келді ме, испанша жазылған әдебиетті аударумен өзінің тірлігін өзі жасай алатындай болуы керек. Оған қойылатын бір-ақ талап бар, шығарма ана тілде қалай, біздің тілде де солай сөйлеуі керек. Сервантест аударасың ба, мархабат, бірақ, испандарға қалай әсер етеді, бізге де солай әсер етсін. Енді екінші бір нәрсе бар, мынау стильді зерттеу, стильді тану, аударманы бағалау, аудармашыны бағалау үшін соның бәрін бағалайтын адам керек. Біз аударма туралы пікірлерді оқыған кезде: «тілге жеңіл екен, оқиғасы қызықты қылып жазылған екен, сүйсініп оқып шықтым» деген сияқты әңгіме айтамыз. Бүкіл шығарма жеңіл оқыла бермейді, бүкіл шығарманы сүйсініп оқуы мүмкін емес, демек, бүкіл шығарма сүйсініп оқитындай, жеңіл оқылатындай жүрдек, жортақтап кететін болса, аудармада кінәрат бар деген сөз. Бізге аудармаға пікір айта алатын сыншылар керек. Бізде сыншы жоқ. Біздің сынымыз жаңағындай, «О, міне аударылмай жатқан пәленді аударды, керемет болды, бізге табыс болды» деген сияқты әңгімелер.
Аудармаға байланысты пікір айтатын сыншы бұл кемінде екі нұсқаны оқуға тура келеді. Біреу түп нұсқа, екіншісі аударма нұсқа, егер орыс тілі арқылы аударылған шығарма болса, ол қолынан келгенше арғы түп нұсқаны оқығаны да дұрыс, үшеуін салыстырып, сол кезде мына аударманың қаншалықты сапалы екендігі шығады. Сіз, әрине, ол орыс тілінен аударса, ағылшындағыдай неге болмады деп оған кінә қоя алмассыз, өйткені орыс тілінен аударып отыр, бірақ баға беру үшін үшеуін де білген жақсы. Бұл жерде аудармашыға, аударма сыншысына қойылатын талап тіпті жоғары деген сөз. Ол мүмкіндігінше тіл білуі керек. Мүмкіндігінше әдебиеттің талабын білуі керек. Мүмкіндігінше әдебиетті жақсы түсінетін болуы керек. Осындай жағдайда ғана аударма бізде дамиды.
Біз осыған дейін айтып келдік, «Ой, орыс тілі арқылы игереміз» деп. Өмірдің дамуына назар аударсаңыздар, байқалады, біз бәрібір қалай болғанда да орыс тілінен алыстап келе жатырмыз, ақырын-ақырын... арада жылдар өткен кезде орыс тілі бізге бір бөтен тілдердің бірі болып қалады. Бұл менің керемет ұлтшылдығым оянып, сондай бір сезіммен айтқаным емес, орыстар үшін өмірдің ашы шындығы, біз үшін жақсы шындық. Қазір орыс мектебіне сабақ беретін мұғалімді таба алмайсыз, білім сапасы төмен дейді, ертең мына қартайған мұғалімдер кеткеннен кейін білім сапасы төмен деген жерге кім баласын береді? Біз айқайламай-ақ, шуламай-ақ өзінен-өзі болады деп отырған себебім сол. Сол кезде мүлде басқаша оқырман келеді. Орыс тіліндегіден оқып аламыз деп ойлай алмайды. Сол кезде біз әлемдік классиканы, әлемдік озық дүниелерді қазақ тілінде оқи алатын мүмкіндікті қосып қоюымыз керек қой. Оның алдында әлемнің ең үздік авторларының сапалы аударылған шығармалары қазақша жатуы керек. Аударма дегеннің мәні сонда. Біз кішкене жеңілдеу қарап қоямыз, олай істетуге болмайды. Аудармаға байланысты тағы бір мәселе бар. Ол нені аударуымыз керек деген сұрақ. Және нені аударуымыз керек, өзге тілге нені аударуымыз керек?
Өзімізден басқа тілге нені аударуымыз керек, кімді аударамыз, кімді, қандай шығарманы аударамыз деген сұрақ. Классиктерді аударуымыз керек, соның ішінде бірінші кезекте, әрине, жоғарғы оқу орындарында программада оқытылатын шығармалар мүмкіндігінше аударылуы керек қой. Филология факультетінің шетел әдебиеті деген пәнінде қандай авторлар бар, солар үзінді ретінде емес, мүмкіндігінше толық нұсқасында, ол жапон авторы ма, ол корея авторы ма, ол неміс авторы ма, солардың барлығы біздің кітапханада тұруы керек. Біздің филологтар «Ой, оның қазақшасы жоқ екен» деп жүрмеу керек, ол оқу керек, ал енді ол қандай аударма болу керектігін бағана айтқанбыз. Шетелге аударылатын шығармаларға келсек, бізде соңғы жылдары біраз аударылып көрді ғой, соншалық сәтті болған жоқ. Кез келген елдің мәдениетіне қызығу үшін аналар қызығатын нәрсені ұсыну керек. Бірінші, біздің өзімізге ұнайды, оларға да ұнауға тиіс деген нәрсе оларға жүре бермейді. Сен оларға ұнайтын нәрсені ұсынып-ұсынып алу арқылы өзіңе тартасың, «Е, бұлар кімдер сонда, бұларда басқа не бар бұдан басқа» деген кезде сіз келесі кезектегі ауыр артиллерияңызды қосыңыз біртіндеп, біз барып жаңағы өзімізге мына шығарманы, осы авторды құрметтейміз, иә болмаса басқа бір жолдар бар, енді содан кейін міндетті түрде бағанағы сыншы дегендеріміз осы тұста керек, шығарма аударылды, «о, аудардық» деп Англияға апарып таратудың керегі жоқ, мына жерде қарасын, қалай аударылған?
ЖИ аударма мәселесін шеше ме?
Қазіргі заманда бәріміз «жасанды интеллект» деп шапқылап жүрміз, жасанды интеллектпен аудара саламыз дейміз, иә, ол аударып береді, бірақ, онда жан жоқ қой, өйткені ол сезінбейді. Ол сөзді, сөйлемді бәрін тап-тұйнақтай қойып беруі мүмкін, бірақ, ар жағында автордың сезімі, жаны жоқ, оған жан біту үшін оны жаны бар адам аудару керек. Жасанды интеллект ол аударма саласын жеңілдетеді деп кейде пікірлер айтылып қалады, оның не қиындығы бар деп. Сіз құр информация аласыз, мазмұны баяндалған шығарма оқисыз, бірақ, ол жерде ешқандай әсер ететін сезім жоқ, демек жасанды интеллект бір жағынан жақсылық сияқты көрінгенмен, екінші жағынан оның жаман жағы бар. Ол көркем шығарманың кәдімгі өзіне тән қасиетінен айырып өлуіне әкеледі, сондықтан жасанды интеллектіге сенсек, бәрін шешіп береді деген ойдан аулақ болғанымыз жөн. Шығармашылықты адам ғана істейді.

Аударма көп нұсқалы болуы керек
Тағы бір мәселе – бізде аударма бір-ақ нұсқада болуы керек сияқты көзқарас бар. «Е, мынау ана жылы аударылға» деген сияқты. Аударма неге көп нұсқада болады? Өзге елдерде бірнеше нұсқасы бар, мысалы, «Фауст» деген Гетенің шығармасының орыстарда отыздан астам аудармасы бар екен, үзіндісі бар, толық аударғаны бар деген сияқты отыздан астам. Осы бертінде тағы бір нұсқасы табылды деп жатыр. Олар неге аудара береді? Қайта-қайта аударды ғой. Анау «Современникте» қызмет еткен бір ақын аударған екен, ең алғаш, оригиналға өте жақын келіп аударған, керемет еңбекқор екен өзі, бірақ жаңағы жасанды интеллектінің аударғаны сияқты, әсіресе, Тургенев жақтырмаған екен, «бұл кісінің еңбекқорлығы бәрі керемет, бірақ, шығармада Гетенің ақындық поэтикалық қасиеті жоқ» депті. Суық аударма болған ғой. Оның ішінде Жуковскийдің аудармасы бар, Мағжанға сабақ берген Брюсовтың аудармалары бар, Феттің аудармасы бар, осы отыз шақты аударманың ішінен екі аудармаға көбірек назар аударады. Біреуі Пастернактың аудармасы, екіншісі Холодковскийдің аудармасы. Пастернакта Гетенің ақындық ерекшелігін, көркемдік қасиетін жақсы жеткізген дейді, бірақ кейбір тұстарда ауытқып кеткен дейді, Холодковский түпнұсқаға едәуір біршама жақын деп қабылдайды, бірақ оны Пастернактың көркемдігі жағынан төмендеу санайды, жақсы оқырман екеуін де оқуы керек: анада түпнұсқаның қандай екенін сезіну үшін оқу керек, мынадан Гетенің ақындық ерекшелігі неде, стильдік ерекшелігі неде, соны сезіну үшін оқу керек. Міне бізде де осындай аударманың «бір рет аударылғаны жетер еді» деген сияқты түсініктер болмауы керек. Таласатын да, қызғанатын да ештеңесі жоқ, аударма жасала беруі керек

Аудармашы лабораториясынан
Аздап өзімнің практикалық жұмыстарымнан да хабардар беріп кетейін. Бағана Цвейг деп қалдық қой. Цвейгтен өздеріңіз білетін екі шығарма – біреуі «Амок», біреуі «Бақилық ағаның көз жасы». Бұл екеуі бір-біріне ұқсамайтын шығарма.
«В марте 1912 года, в Неаполе, при разгрузке в порту большого океанского парохода, произошел своеобразный несчастный случай, по поводу которого в газетах появились подробные, но весьма фантастические сообщения».
Мен былай аудардым: «мың тоғыз жүз екінші жылғы наурызда Неапольде мұхитта жүзетін үлкен кеменің жүгін түсіріп жатқан кезде өзгешелеу оқыс оқиға болды және бұл жайында газеттерде мейлінше тәптіштей жазылған, бірақ ақылға қонымсыз хабарлар жарық көрді».
«Хотя я сам был пассажиром «Океании», но, так же как и другие, не мог быть свидетелем этого необыкновенного происшествия; оно случилось в ночное время, при погрузке угля и выгрузке товаров, и мы, спасаясь от шума, съехали все на берег, чтобы провести время в кафе или театре».
«Басқалар сияқты өзім де «Океанияның» жолаушысы болғаныммен, әлгі бір тосын оқиғаға куә бола алмадым.Өйткені бұл оқиға жүктерді түсіріп, көмір тиеп жатқан түнгі уақытта болды да біздің бәріміз у-шудан қашып кафе мен театрдың бірінде уақыт өткізу үшін шығып кеткенбіз».
Бұл жерде Цвейг негізгі оқиғаға өзінің қаншалықты қатысы бар екендігін, қайда болғандығын жалпылама хабардар етіп тұр, содан кейін әрі қарай оқиға кетеді, бұл Цвейгтің бір стилі. Енді екінші стиль жаңағы «Бақилық ағаның көз жасы» деген. Бұл енді сәл басқашалау. «В те времена, когда мудрый Будда еще не ходил по земле и не проливал свет познания на своих слуг, жил в стране бирвагов, у царя Раджпутаны, знатный человек Вирата, которого называли Молнией Меча, ибо он был воин, храбрее самых храбрых, и охотник, чьи стрелы никогда не летели мимо цели, чье копье никогда не взвивалось напрасно и чья рука разила как гром при взмахе его меча».
Қарасаңыздар, ертегілердегі сияқты үлгі ғой, бұны сол үлгіде аудару керек. «Бағзы заманда кемеңгер Будда жер бетін шарлап, өз қызметшілеріне білім сәулесін шаша қоймаған кезде Раджпутан патша билеген бирвагалар елінде семсер жасын атанған Вират есімді дегдар адам өмір сүрді. Ол жүрек жұтқан жауынгер, жебесі мүлт кетпеген, сүңгісі текке шаншылмаған, сілтеген семсері жасындай жарқылдаған аңшы болатын»... Сосын әрі қарай оқиға кете береді. Бұл бір ғана Цвейгтің шығармасынан.
Енді мына жерде Армандардың (Әлменбетті айтады) тапсыруы бойынша Гогольдің «Нос» деген шығармасын аударғанмын. Негізі «Нос» бұрын да аударылған. Кім аударғаны есімде жоқ, бірақ, ертеректе аударылған. Мынандай бір диалог бар: әйелдің сөйлейтін жері. Соған назар аударайық.
– Где это ты, зверь, отрезал нос? – закричала она с гневом.
– Мошенник! пьяница! Я сама на тебя донесу полиции. Разбойник какой! Вот уж я от трех человек слышала, что ты во время бритья так теребишь за носы, что еле держатся. ! – дейді. Жаңағы әйелдің сөзі ғой ұрысып отырған.
– Мұрынды қай жерде кесіп алғансың, хайуан – деп тепсіне айқайлады әйелі.
Алаяқ, маскүнем мен сені полицияға өзім-ақ хабарлаймын, қарақшы неме! Сақалын қырып жатып мұрнын жұлып алардай жұлқылайтыныңды бір емес үш адамнан естідім ғой.
Бұл кәдімгі диалог. Сол кездегі әйелдің интонациясы, характері берілуі керек. Бағанағы айтып отырған стиль сақтау деп отырған нәрсеміз осындай жағдайлардан келіп шығады. Енді тағы бір мысалға назар аударайық. Бұл енді ертеректе «Мәдени мұрадан» үш-төрт кітап аударғам, соның біреуі «Божественная комедия» ғой. Маған айтты: «бірінші томды Мұқаң аударды ғой, екінші үшінші бөлімді аударсаңыз қайтеді?» деп. Мен: «аударған соң басынан аяғына дейін бір-ақ аударайын, өйткені ол кісі бөлек кісі, мен бөлек кісі, жақсы болсын, жаман болсын, бір деммен шыққаны дұрыс», – дедім. Бұл жерде мен Мұқағалимен бәсекелесіп тұрғаным жоқ, ол кісі ұлы екендігінде ешқандай дау жоқ, мен де өз қолымнан келгенше өзімше жасадым, былайша айтсам, ол кісі Пастернак, мен Холодковский сияқтымын ғой. Мұны аударған кезде маған қиындау тиген нәрсе «Чистилище» деген екінші бөлім бар ғой, осының қазақшасын ойлаймын, оны қалай беруге болады? Бұл әлгі күнәдан арылып, сосын әрі қарай сотталып кететін жер ғой, сұрадым әркім-әркімнен. Бұл «чистилище» деген христиандардың түсінігінде– діндарлар, менің жағалап жүрген имамдар бар, басқалар бар, бұны «барзақ» деді, мұсылман білімінде барзақ шынымен де осы чистилищеге біршама жақын келетінін түсініп отыр. Екінші бөлімде «Барзақ» деп алдық.
Бұдан әрі аудармашы ағамыз поэзияны қазақшаға аудару үлгісіне де тоқталып өтті.
Земную жизнь пройдя до половины,
Я очутился в сумрачном лесу,
Утратив правый путь во тьме долины.
Өзі бар жоғы үш жол.
Жарты өмір өткен тұста түртінекпен,
Тап болдым қара орманға тұнжыраған,
Хақ жолды таба алмастан түн-түнектен.
Бұл жердегі бір артық сөз бар, «түртінекпен» деген сөз. Оны ұйқас үшін ала салған шығар деп бағалауы мүмкін. Ол ұйқас үшін алынып тұрғаны рас. Бірақ, ол мазмұннан алыс кетпейді. Ол сөздің неге алынғанын түсіну үшін Данте жарықтықтың «Новая жизнь» деген шығармасын оқу керек. Биатричеге арналған «сол кезде өмірім зая кетті» деп өзінің өкініштерін білдіреді. Сол жаңағы өмірінің зая кеткендегі өкініші мына «Құдіретті комедияның» ішінен де байқалып отырады.
Бұл «Құдіретті комедия» неге бұлай аударылады? Бұл кәдімгі эпикалық шығарма. Осыдан әрі қарай белгілерге ілесе алады да, ана дүниені жағалап, ана жерден ананы көріп, мына жерден мынаны көріп, соған баға беріп жүреді ғой. Сондай-ақ мұның ішінде не жоқ дейсіз, мистикаңыз да бар, мифіңіз де бар, дініңіз де бар, астрономия, физика, сол заманда қандай ғылым бар, сол заманда қаншалықты игерілді, Данте соны қалай білді, соның бәрі осының ішінен шығады. Бұның ішінде әлгі оқымай баға бере саламыз ғой, кейде Биатричеге арналған деп, иә, Биатричеге арналған, бірақ, ол туралы мұның ішінде ештеңе жоқ деп айтуға болады. Тура шығарманың орта тұсында Дантенің өзі қасиетті, әулие санаған әйелдердің ортасында отырған Беатричаны көреміз, сол арқылы оның періште бейнесін жасайды, ал негізінен бұл философиялық үлкен бір шығарма ғой.




Аудиториядан «Аударатын шығарманы қалай таңдайсыз, нысана бағытын қалай анықтайсыз, жасанды интеллектті бөлекше құрал ретінде «осы не дейді екен» деп бір қызығып қарап көресіз бе?» деген сияқты сұрақтар қойылды.
Бір айта кетерлігі, аудамашы ағамыз өзі аударған салмақты дүниелердің барлығын студент кезде оқыған екен.
«Студент кезде әсіресе көп оқыдым. Керемет деталь есіңде қалмаса да, негізгі нәрселер миыңда қалып қояды. Кәрістерге дейін оқып кеткенмін. Бұлардың философиясы қызықтырып... «Декамерон» мен «Құдіретті комедияны» неге аударғым келді? Бұл екеуі бір біріне ұқсамайды, «Құдіретті комедия» деген ауыр, салмақты, өте бір күрделі шығарма ғой, «Декамерон» керісінше анекдоттар сияқты жеңіл оқылатын, жұрттың бәрі оны бір күлкілі шығарма сияқты ғана көреді. Біртіндеп мына Достоевскийдің бір сатиралық үлгідегі шығармалары бар, соған қызыққанмын. «Қасым» баспасына Толстойдың «Воскресение» деген шығармасы бар, өте бір қызық шығармалардың бірі, соны аударып бердім. Бұл да шығып қалатын шығар таяу күндерде. Толстой деген кісі де бір қызық кісі ғой, керемет жазушы, бірақ кейде ішіңді пыстырып жібереді. Тәптіштеп-тәптіштеп, ана үйдің ішінде не тұр, құмыраның ішінде не бар, оның иісі қандай деген сияқтының бәрін жазады. Сосын ойладым, неге Толстой өстіп жазады, бәрін соншама езгілеп, мыжғылап, тәптіштеп, егжей-тегжейін қалдырмай... Сөйтсем, бұл кісі негізі арғы жағында ағартушылық мақсат бар, бір-бірін танымайтын топтарды бір-біріне таныстырғысы келеді екен. Шаруа байғұс ақсүйектерді өмірі көрмеген ғой, олардың қалай өмір сүретінін, соған келіп сауатты біреу келіп оқып бергенде аналардың қалай өмір сүретінін білсе... Сол сияқты ақсүйектер өзінің қарауындағы шаруалардың қалай өмір сүретінін білсе дейді. Демек, бұл оның мақсатынан шығып тұр.
Аудармашының өзінің қызығып аударған аудармасы Цвейгтің «Бальзагы». «Цвейгтің өзі аударып отырғанда Бальзакты дәу, қопал бала сияқты қызықтап отырады» дейді. Ағамыздың аударма жасаған кездегі ең басты қағидасы – шығарманы мүмкіндігінше түпнұсқа сияқты жеткізу, стильді сақтау.
Ұлттық ерекшелік туралы да айтып өтті: «Қазіргі қазақ орысқа ұқсап кеттік. Орыс күлетін нәрсеге біз күлмеуіміз керек, орыстар біз күлген нәрсеге күлмеуі керек. Ағылшындардың күлкісі бізге жат болуы керек. Айтып отырғаны қазақша, текст қазақша болғанымен қазақтың дүниесі болып көрінбейтіні – ұлтты жете танымаудан».
Міне, оқырман. Аудармашының лекциясын түгел беруге тырыстық. Мұндағы негізгі түйін автор стилінің тек мазмұнынан емес, оның жазу тәсілдерінен, қолданатын әдістерінен, интонациясынан, ырғағынан, юмор сезімінен, философиялық салмағынан көрінетіндігі туралы ойларда. Бұл стильдің сыртқы қабаты емес, автордың мінезін танытатын ішкі өзегі.

