Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Кітап әлеміне қош келдіңіз» атты ашық есік күні ө...

«Кітап әлеміне қош келдіңіз» атты ашық есік күні өтті

16.04.2026

84

«Кітап әлеміне қош келдіңіз» атты ашық есік күні өтті - adebiportal.kz

2026 жылғы 16 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық кітап күніне орайластырылған онкүндік басталды. 

Осыған орай кітап оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуалды жастарды ынталандыру және ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Кітап әлеміне қош келдіңіз» атты ашық есік күні өтті.

Мәдени шара аясында оқырмандар мен қонақтарға арнайы көрмелер мен әдеби кездесулер ұйымдастырылмақ. Бүгінгі іс-шара «Сөзден өрілген әлем» атты иллюстрациялық кітап көрмесі кітапхананың фойесінде ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған «Қабдеш Жұмаділов: Ұлт жадын жазған жазушы» тақырыбында әдеби кездесу және ақын, прозашы, аудармашы Орынбай Жанайдаровтың 75 жылдығына орай «Окжетпес. Легенды Бурабая и другие пьесы» кітабының таныстырылымы ұйымдастырылмақ екен.

Кітап көрмесіне мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер, кітапханашылар, оқырмандар және елорда тұрғындары қатысты.

Бүгінгі көрмеде қазақ классиктерінің шығармалары және қазіргі прозаның үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге шет тілдерде, қазақ және де орыс тілдерінде жарық көрген әлемдік бестселлер кітаптар ұсынылды. 

Бұл көрмеге сіріңкенің қорабындай ғана шағын кітаптардан бастап, мұқабасы қалың терімен, жібекпен қапталған, безендірілуінің өзі тұтастай бір өнер туындысын болып саналатын сирек кітаптар да қойылған екен. Мұқабасы адамның терісімен қапталған кітаптың көшірмесі немесе асыл тастармен безендірілген кітаптар да көрме үстелінен орын алған. 

Көрмеде сонымен қатар қазақ әдебиеті классиктерінің өз оқырмандарына қолтаңбасымен ұсынған кітаптары да таныстырылды. 

Бүгіндері қайта жанданып келе жатқан отандық кітап басу саласының өнімдері болушы, кейінгі жылдары жарық көрген кітаптар да көрмеден орын алды.

Іс-шараны ашып, құттықтау сөз сөйлеген ҚР Ұлттық академиялық қабылдаған директоры Күміс Сейітова алда келе жатқан 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесінің маңызына тоқталып өтті: 

«...2024 жылы Атырауда өткен құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 23 сәуірді Ұлттық кітап күні етіп жариялауды ұсынған болатын. Бұл датаның өзі де бекер алынған жоқ.  ЮНЕСКО осы күнді Халықаралық кітап және авторлық құқық күні деп жариялаған. Кітапханашылар күні де бұдан былай осы күнге орайластырылды. 

Қаламгерлер кітап және кітапхана – ажырамас байланыстағы мәдени тұтастықты құрайды. Кітапхана – қаламгер мен оқырманның арасындағы көпір» деп айтамыз ғой. Кітапханашы да сол көпірдің бір бөлігі. Сондықтан баршаңызды келе жатқан екі бірдей рухани мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер!» - дей келе апталық аясында жүрілетін іс-шараларды қысқаша таныстырып өтті.

Сыншы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлы: «Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын, құрметті қауым! Бүгін шынында да ұлы мереке, кітап күні басталып жатыр. Айлығы аз болса да, рухани бай, кітапхана қызметкерлерін мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» - дей келе сыншы қазіргі күні кітап оқу жалпы үрдіске айналып келе жатқанына тоқталды. 

Кітап оқыған ұлт кемел ұлтқа айналатынын, кітап шығаруға, әдебиетке көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Оның айқын көрінісі ретінде үздік роман  сыналтылып, осыған лайық деп табылған туындыға 15 миллион теңге, қалғандарына үш миллион теңгеден  берілуі екендігіне тоқталды.

 «Яғни қазір ауызды қу шөппен сүртуге болмайды, кітапты іздеп жүріп оқитын буын қалыптасып келе жатыр», - деп атап өткен сыншы ғалым өз сөзін: «Баршаңызды кітап оқуға шақырамын! Кітап оқиық! Мынадай жақсы сөз бар: «Интернетті қараған емес, кітапты қараған бала түбің озады», - деген сөз бар. 

Түбі солар еліміздің үлкен басшылары болады, үлкен-үлкен қызметкерлері, болашақ ұлы тұлғалары болады. Өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді бесіктен бастап кітап оқуға тәрбиелейік! Егер кітап оқитын ұлтқа айналса, қазақтың келешегі зор, ұзақ, бақытты, жарқын болады деп ойлаймын!

Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жиналған көпшілікті алда келе жатқан мерекемен құттықтай келе, Жазушылар одағы тарапынан қолға алып жатқан жобалар жөнінде қысқаша айтып өтті: 

«Қазақстанның әдеби панорамасы» жобасы бойынша өткен жылы жиырма кітап жарық көрді. Биыл да жиырма кітап жарық көрді. Алда да осы жоба жалғасын тапқалы отыр. Демек біздің жас қаламгерлер жыл сайын ұлттық рухани қазынасына жиырма кітаптан қосып отырса, олар да болашақта қаламы жатылып, таныла түседі ғой деп ойлаймын.

 Мұның сыртында ТМД елдеріндегі мәдени мұраларды жинауға да біздің қаламгерлеріміз тартылып жатыр. Түркі халықтары әдебиетін қазақшаға аудару басталып кетті. Біздің кітап қорымыз, біз араласатын орта кеңейе түсті деген сөз. Сонымен қатар Астана қалалық филиал «Қаламгер ұстаханасы деген жобаны былтыр бастаған болатынбыз, бұл да жалғасын табады. ...Осы апталық аясында, 20 сәуір күні, осы апталық аясында, осы кітапханада белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы «ХХ ғасыр әлем әдебиеті» деген дәріс оқиды», - дей отырып, көпшілікті аталған дәрісті тыңдауға шақырды. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әлібек Асқаров сөз сөйледі: «...Баяғыда Қадыр Мырзалиев ағамның: «Дүниеде мереке көп, мейрам көп, соның ішінде кітап мерекесінен асқан мереке жоқ!» - деп бір айтқан сөзі бар еді. Өмірге кітап мерекесі келіп жатқаны – шынында жақсылықтың нышаны. Мен өмір бойы кітаптың төңірегінде өмір сүрген адаммын.  Кітаптың қадірін білемін. Бір айтайын дегенім – қазіргі күні смартфон, ұялы телефон деген пайда болды ғой. 

Пайдалысы пайдалы шығар, бірақ сол телефон дилетант жастарды өсіріп келе жатыр. Смартфонмен төрт томдық «Абай жолы» немесе төрт томдық «Соғыс және бейбітшілікті оқысаңыз соқыр болып шығасыз. Тіпті дәрігер қабылдамай қояды, сізді. Ал кітап басқаша. Біздің тұсымызда кітапты бастыратын қағаздың өзін тым аппақ емес, сәл сарғышынан, сонау Архангельскіден алдыратын. Қазіргі күні мұндай талаптар орындалмайды, кім неге, қалай басып жатыр дегенге бас қатырып жатқан ешкім жоқ. 

Көзәйнек кигендердің көбеюінің бір себебі осы. Мұны мен кезінде Оңтүстік Африка еліне сапарлап барғанда осы сұрақты қойғанымда, Аргентинадан келген кітапханашы: «Мұның бәрі өткінші. Дәстүрлі кітапқа қарауға қайта оралады. Сіздің елде де солай болатынына сенемін», - деген еді. Расымен де қазір байқап отырсаңыз, солай болып келеді. Біз де келеміз, соған. Кітап күні құтты болсын!» Қаламгер сонымен бірге «Бабалар сөзі» атты халық ауыз әдебиетінің жауһар туындылары енген жинаққа тоқтала отырып, мұндай толымды еңбектің кітап болып шығуы – біздің халқымыздың рухани мұрасының молдығының айғағы екендігін атап өтті.

Кітап көрмесінің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген жазушы, драматург, филолог ғалым Жолтай Жұмат-Әлмашұлы өз сөзінде кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқалды: «Қадірлі қауым! Расымен де мерекенің түрі көп қой. Кітап мерекесі соның ең ерекшесі деп айтуға болады. Айтуға тиіспіз де. Өйткені біздің алдымыздағы ұрпақ, біздің ұрпақ, бізден кейінгі буын кітаппен достасып өсті. Баяу аққан өзеннің суы секілді, жүрегіңізге сырғып келіп, бойыңызға шымырлайды, жаныңызды тебірентеді, бір нәрсеге ренжисіз, бір нәрсеге қуанасыз. Сөйте-сөйте қалай тәрбиеленгеніңізді байқамай қаласыз», - деп атап көрсетті. 

«Кітаптың кереметтігі жөнінде таңғы таңға ұрып айтуға болады. Қазір қара шаңырағымызға айналған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының еңбегі зор. Бәріміздің еңбегіміз осында, оқырмандардың негізгі дені осында, кішкентай оқырмандарымыз осы жерге келеді, мұндағы аура керемет. Кітап оқу арқылы олар өздеріне бағыт-бағдар алады. 

Шын мәніндегі жүйелі хабарлама, жүйелі ой, жүйелі таным – кітаптың ішінде. Кітаптың әрбір беті, әрбір жолы адамның көзі арқылы көңілге қонақтайды. Көңіл арқылы жүрегіне жетеді. Жүрегі арқылы болмысына дариды. Ағзасын жандандырады, жігерлендіреді. Сондықтан, кітап оқиық, жас достар, жарандар! Кітапсыз өсу – бұл қауіпті нәрсе. Біздің барлығымыз да осы кітаппен өстік.»

Ақын, композитор, сазгер Ерғожа Тілепбердиев те кітап оқу барша мамандық иесіне дағды болуы тиіс деген ойын бөлісті: «Құрметті қауым! Адамды адам еткен – расымен де кітап. Мен бұған әбден көз жеткізген адаммын. Менің мамандығым – бухгалтерлік. 

Сол салада әлі де қызмет етіп келе жатырмын.  Бірақ әдебиетке құмар қылған, ғашық қылған – осы кітап», - дей келе, жастайынан отбасында кітап, газет-журнал оқу тәрбиесі арқылы шығармашылық жолға келгенін айтып өтті. «Кітаптан үлкен ғалым жоқ. Бізде ғалым көп қой. Нағыз ғалым – ол кітап. Кітаптың жаны бар. Кітап – жанды нәрсе. Жазушылардың жазған дүниесі өзі сияқты сөйлеп отырады. 

Оқып отырғанда, жазшылардың өздері көз алдыңа елестеп отырады. Қай мамандық болса да, оған әдебиеттен асқан көмекші жоқ. Әдеби кітаптарды оқып жүрсе, жұмысына пайдалы болады деп ойлаймын. Баршаңызды кітап күнімен құттықтаймын! Мен кітаптың арқасында қаншама ұлы кісілерден бата алдым. Жаман жазуға сол кісілердің аруағынан, мына кісілерден ұяламын! Мейірімділіктің өзі осы кітаптың ішінде! Кітап оқиық!» 

Бұдан кейін кезек әсем әнге беріліп, келушілер кітап көрмесін тамашалады.

Ұлттық кітап күні ауқымындағы іс-шаралар заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығына арналған дәріспен өз жалғасын тапты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan