Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?
Кітаптың адам өміріндегі орны туралы сөз болғанда, оны көп оқудың пайдасын айтып қана қою аздық етеді. Кітаппен ғұмыр кешіп, оны кейінгі буынға аманат етіп жүрген адамдардың өмір тәжірибесі әлдеқайда әсерлі. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Астанада өткен кездесуде осындай оқырмандар өмірі әңгімеге арқау болды.
Аға буын өкілдері бас қосқан жиында әркімнің кітапқа келу жолы әртүрлі болғанымен, олардың түйісер тұсы бір екені аңғарылды. Бірі бала күнінен кітапханадан шықпай өскенін айтса, енді бірі отбасындағы кітап оқу дәстүрінің өзіне әсер еткенін еске алды. Ал кейбірінің жылдар бойы жинаған кітаптары тұтас бір кітапханаға айналған.
Солардың бірі – Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов. Кітап оның өміріне ерте енген. Өскен жеріндегі кітапхананың қорын түгелге жуық оқып шыққан ол бүгінде өзі де әдебиетті насихаттап жүр. «Ұлағат» әдеби-шығармашылық ұйымының аясында Алаш зиялылары мен қазақ жазушыларының мұрасын танытуға атсалысады.
– Кітап – тәрбиеші. Кітап – білім. Кітапта адамға қажетті дүниенің бәрі бар. Қазір де кітап оқуды тоқтатқан емеспін. Өзімнен кейінгі ұрпаққа да кітап оқуды насихаттауды жалғастыра беремін, – дейді Алданыш Нұрпейісов.
Кітапқа деген адалдықтың тағы бір мысалы – Мәлика Нұралиеваның өмірі. Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесінің жеке қорында 6-7 мыңға жуық кітап сақталған. Ең қызығы, оның айтуынша, бұл кітаптардың денін өзі оқып шыққан.
Ол үшін кітап жинау – әуестік қана емес, кейінгі ұрпаққа жасалған жақсылық. Жинаған әдебиеттерін мектептер мен жоғары оқу орындарына беріп келеді. Балаларының да кітап оқитын ортада болғанын қалайды.
– Кітап оқитын қауымдастықтарға балаларымды да жіберемін. Олар да кітап оқып, өз болмысын қалыптастырып жатыр. Кітап оқыған адамның зейіні мен ойлау қабілеті ерекше болады. Сондықтан кітап оқуды бәріміз қолға алуымыз керек, – дейді Мәлика Нұралиева.
Райхан Жұмәліқызының кітапқа жақындығы отбасынан басталған. Оның шаңырағында шығарма оқу ғана емес, оқығанды ортаға салып талқылау дәстүрге айналған. Ағасының тәрбиесі әдебиетке деген қызығушылығын оятқан.
Ол қазақ әдебиетіндегі ұлы шығармалардың ұрпақ санасын қалыптастырудағы маңызына тоқталып, «Абай жолын» әр қазақ оқуы керек деп есептейді.
– «Абай жолының» біздің тарихымыз бен танымымызда шоқтығы биік. Оны әрбір қазақ оқуы тиіс. Мен де оны оқудан жалықпаймын. Астана қаласында кітап оқитын жастар көп. Бізді сол қуантады, – дейді Райхан Жұмәліқызы.
Кездесудің тағы бір мазмұнды бөлігі – сирек кітаптар мен қолжазбаларға арналды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Баймағамбетова көшпелі көрме арқылы көпшілікке ұсынылып жүрген жазба мұралар туралы мәлімет берді.
Көрмеге Қарахан түркі қағанаты кезеңінен Қазақ хандығына дейінгі құнды жазбалардың факсимиле нұсқалары қойылған. Сонымен бірге 1929 жылдан бергі төте, латын және кирилл жазуларындағы мұралар да қамтылған. Түпнұсқалардың сақталғаны және көрменің көшпелі форматта ұйымдастырылатыны айтылды.
Кітап туралы бұл әңгімелердің астарында бір ғана ой бар: оқырман қалыптастыру – бір күннің шаруасы емес. Ол отбасынан басталып, мектепте жалғасып, адамның бүкіл ғұмырына серік болатын әдетке айналуы мүмкін.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының аясындағы кездесулердің мәні де осында. Аға буынның кітаппен өткен өмір жолын жастарға үлгі ету, ұлттық әдебиет пен тарихи мұраға қызығушылық ояту арқылы ұрпақ арасындағы рухани байланысты бекемдеу – жобаның негізгі мақсаттарының бірі.
