Өмір – соқпақ, біразын жүріп өттім
Расымен де, әдебиетте өз дәуірінде аға буынның да, замандастарының да арасында бағаланып, уақыт өте келе есімі сирек айтылып, шығармалары оқырман назарынан тыс қалып бара жатқан қаламгерлер аз емес екен.
Жуырда жұмыстан кейін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай ағама сәлем бере бардым. Үйіне жақын саябақта отырып, ағамның біраз әңгімесін тыңдадым. Сөз арасында «Әдебиет порталында» ұмытылып бара жатқан қаламгерлер туралы «Ұмытуға болмайды» деген шағын жоба жүргізіп жүргенімді айтып қалдым. Ғалым ағам бұл жобаның жақсы бастама екенін, өмірден өткен талантты қаламгерлердің есімі мен шығармашылығын кейінгі ұрпақ үнемі жаңғыртып отыру керектігін айтты. Айтты да сәл ойланып отырып: – Олжас, байқайсың ба? Қазір өмірден өткен ақын тұрмақ, тірі ақындардың өзі ұмытылып бара жатыр ғой. Осы тұрғанда менің есіме қостанайлық Серікбай Оспанұлы түсіп отыр. Ол кезінде әдебиетке Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбекұлы, Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірашовтармен қатар келіп, керемет өлеңдер жазған ақын еді. Талай ұрпақты әлі күнге дейін тынымсыз тербетіп келе жатқан «Сағындым Алматымды» әнінің сөзін де жазған сол ақын. Өткен жылы сексенге келді. Сен сол ақынның өлеңдерін «Әдебиет порталына» жариялашы. Мен саған кітабын берейін, – деді.
Ағамның бұл сөзі мені де ойландырып тастады. Расымен де, әдебиетте өз дәуірінде аға буынның да, замандастарының да арасында бағаланып, уақыт өте келе есімі сирек айтылып, шығармалары оқырман назарынан тыс қалып бара жатқан қаламгерлер аз емес екен.
Серікбай Оспанұлы сөз жоқ, қазақтың тамаша ақындарының бірі.
Сорлы ақын да емес ем, соңғы да ақын,
Бормен ғана жазылар болды ма атым?!
Серікбай-ау, өбекте Өлең – Ару,
Қодар ма едің сұлуды қор қылатын.
Қайнат миды, қайратты жанып жібер,
Сәнін сезім, келтірсін әрін жігер.
Қантамырдай әр жолың соғып тұрсын,
Барыңды бер әр сөзге, жаныңды бер! – деп жазады.
Расында да Серікбай ақын өлеңінің әр сөзіне жанын беріп жазды. Ол өлеңді өмірдің өзімен сабақтастыра толғайды, сөздің салмағын елдің тағдырымен таразылады. Ақындықты ғалымдықпен, ұстаздықты азаматтықпен қатар алып келе жатқан ағамыз әдебиетке сырлы сезіммен бірге салмақты ой, орнықты пайым, парасатты көзқарас әкелді. «Шилі өзен», «Сағындым Алматымды», «Айлы түнде» секілді елге кең таралған әндерден бөлек, ағамыздың бүгінге дейін екі жүзден астам өлеңіне ән жазылғанын екен.
Жалпы Серікбай Оспанұлы әдеби ортаға таныстыруды қажет етпейтін қаламгер. Кезінде Алматының төрінде қазақтың маңдайалды ақындарымен қатар жүріп, қатар жазып, әдебиет жасаған ақын. Кейін Алатаудың баурайынан Қостанайға қарай қоныс аударып, туған жеріне түпкілікті табан тіреді. Қыр төсіндегі Қостанайдан өзіне жаңа тыныс тапты, тамыр жайды. Ақындық ізденісін зерттеушілік еңбегімен сабақтастырып, жыр әлемімен бірге қазақтың рухани мұрасын зерделеуге терең бойлады. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин сынды ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығына арналған тың зерттеулері қазақ ғылымына қосылған қомақты үлес болғаы анық.
Одан бөлек орыс, украин, қырғыз, шешен ақындарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ Серікбай Оспанұлы тек сөз зергері ғана емес, ағаштан түйін түйетін қолөнердің де шебері. Оның қолынан шыққан ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар мен ұлттық музыкалық аспаптар бүгінде көпшілікке кеңінен танымал.
Менің қолымдағы «Ақынның жаны» кітабынан Серікбай Оспанұлының шығармашылық болмысымен қатар, адамдық табиғаты мен ақынның таза, мөлдір жаны аңғарылады. Бүгін біз сол Серікбай Оспанұлының бір топ өлеңдерін оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.
Таңғы Тобыл
Көрген шаттық, қайғыны да,
Жатыр Тобыл баяу ағып.
Күннің көзі айдынына
Қызыл жаңқан бояу жағып.
От билепті толқынында,
Тамылжытты таң құшағы.
Тулап толқын құлағында,
Жұп-жұп болып жарысады.
Сырлы қала,
Жырлы қала
Жақындапты жағасына,
Күн сәулесі енді ғана
Кірді ағаштар арасына.
Сәулесі жан жылытаты,
Атты жаздың жаңа таңы.
Отыр қыз бен жігіт әлі
Орындықта жағадағы.
Қайыңдар бас түйіседі,
Тал-теректер тұр ымдасып.
Толқындар да сүйіседі,
Бір-біріне бүгін ғашық.
Тобыл – тән мен жан қалауы,
Жанарларға тұнған сырдай.
Жасыл жазғы жағалауы
Махаббаттың ұясындай.
***
Шығар, бәлкім, қимасын сағынғаны,
Сағынған соң қалпынан жаңылғаны?
Қасіретті көп көрдім,
Содан болар
Жүрегімнің қабының қабынғаны?!
Өмір – соқпақ, біразын жүріп өттім,
Сенемін бір барына құдіреттің!
Құйтақандай қабы емес,
Кеудеме де
Сыймайтынын білуші ем бұл жүректің!
Көнбей қисық өмірдің әдібіне,
Қағысынан адасты тағы, міне.
Сонша көңіл кетті екен қабы неге?
Жаратқан-ай, жанымның жазығы не?!
Қырдан құлау – өмірім – ордан құлау,
Сала алмаушы ем бұлқынса оған бұғау.
Сонысынан жаңыла бастағаны —
Көрінгенге жанашыр болғандығы-ау...
Обал-ай!...
Құйылып қыран келгенмен
Ештеде ілмей өтеді.
Бұлттар да жерге төнгенмен,
Жауa алмай ауып кетеді.
Обал-ай,
Обал,
Обал-ай,
Шалқар көлдің де шаттығы аз.
Айдынға бет ап,
Қона алмай
Қайта ұшып кетеді аққу-қаз.
Теңіздерде де қауіп бар:
Төсіне құлап шағала,
Итбалық,
Өлген балықтар,
Шығып қап жатыр жағаға.
«Обал-ай!» дейсің,
Обал-ай,
Ұясыз қалған құстарды,
Өртеңнен түк таба алмай,
Жол кезген көріп тышқанды.
Обал-ай,
Обал,
Обал-ай,
Шығатын өріп көк белден,
Қырылып,
Сая таба алмай
Киіктер көшіп кетті елден.
Бүлдіруге елді құштар кім,
Сасық жел қайдан соғады?!
Өсімдік,
Аңның,
Құстардың
Обалы кімге,
Обалы?!
У болды-ау
Жұпар жазғы леп...
Өзен-көл еді базардай.
Көңілді өлең жазғым кеп,
Отырмын мен де жаза алмай...
***
Күз сұлу еді не деген,
Боянып алған тұр қорық.
Жапырақ жауып төбеден,
Қалықтап ұшып, жүр қонып.
Арасына ағаш кірді алау,
Дірілдеп шамдай аспалы.
Шаттанғанынан шығар-ау
Күздің бұл ұшпау шашқаны?!
Өте алмай қырдан, жырадан,
Дөңгелеп жатып ап –
Айналып басы құлаған
Баладай кейде жапырақ.
Бала ма өзін танытпақ,
Қозғаса сәл-пәл жел тұрып,
Жерге де түсті қалықтап,
Суға да кетті секіріп.
Ағаштың сансыз сырғасы,
Сыбырлайды тербеліп.
Не айтар екен тыңдашы,
Сипаған сәтте жел келіп?!
Сап-сары түсті болуы,
Қақталған жазда ол күнге.
Ұшуы,
Жерге қонуы
Күзде енді желдің еркінде...
***
Бұлттар көшіп барады шудаланып,
Ағаштар тұр саусағын суға малып.
Жапырақтар – жаңқалар ұшып жатыр,
Тау өзені шулайды тулап ағып.
Жер де, Көк те кетіпті ылайланып,
Ызыңдайды суыққа құрай налып.
Қайта тұрғы кетеді алданғандай
Шөптің бәрі жел тұрса құлай қалып.
Көл бетінен ағаш өз көркін көріп,
Жел сыпырды бақтардың шетін келіп.
Аққан сумен барады әлдеқайда
Жапырақтар қайтқан құс секілденіп.
Жапырақтар жауады жерге күнде,
Жапырақтар жауыпты көл бетін де.
Ызғырықта желегін Жерге беріп,
Жалаңаш тұр ағаштар жел өтінде.
Қыр да жұрттай,
Болыпты сай да жұрттай,
Маңай тегіс сап-сары жаялықтай.
Жасыл бояу қалдырмай, баттастырып,
Ысқырады күз деген қайран мықты-ай!
***
Түрілді түн.
Жүйрігі-ай, жүгірді үміт.
Төріне аспан қойыпты Күнін де іліп.
Тәбетімді оятты
Сүт пісірген
Жатыр әжем қазанның түбін қырып.
Жанарымды әр бұтақ ала қашса,
Қол соғады жапырақ әр ағашта.
Бал арасы – гүлдердің бел құдасы,
Көл жағасы, сай-сала – «балабақша».
Күн ысыса жан бітіп сағымға да,
Ойнатады самалмен талын дала.
Оятады қуыршақ көкек емес,
Тірі сағат – қарлығаш қабырғада.
Жайлауыңыз не деген көркем десем,
Дейді ағайын соныға ертең көшем.
Тартып жатыр жеңешем сүт машина,
Реактивті ұшақ-ау екен десем...
Табын сезіп табаным қара жердің,
Бала болып балбырап сала бердім.
Радио сөйлемей қалған екен,
Ертегісін тыңдадым ақ әжемнің.
Жапты айқара түн қара шымылдығын,
Қайта туған жандаймын, шыным, бүгін.
Жармасып кіл жағамнан алып жүрген,
Аяғыма өзі кеп жығылды мұң!
Ұя
Бар маңай бүгін құлпырған,
Дүние тұрды ұйып-ақ.
Ішеміз жиі құтыдан,
Ашыған көже құйып ап.
Шегірткелердің күнімен,
Басылмай сәтке шырылы,
Ұласа торғай үнімен
Шалғылардың да сырылы.
Іліне жаздап шалғыма,
Кенеттен торғай пыр етті.
Апыр-ай, аман қалды ма,
Жұлқып-ақ кетті жүректі.
Тажалдай шалғы қолымда.
Қуандым аман ұшты деп.
Бозторғайдың сол орнында –
Ұяда жатты үш жүрек.
Үш жүрек – үш құс, тіршілік,
Қандай да кінә бар бұған?!
Қала да жаздап қырсығып,
Сақтады тағдыр шалғыдан.
Ұяға ұшты шалғының
Тимеді қалай таңданам.
Соғыстың көріп сан мыңын,
Жер де бұл талай қалды аман.
Төніп тұр қауіп қайдан да
Ұямыз – Жерге, Адамға.
Күн туса шықпай майданға,
Мен ұшып кете алам ба?!
Әлемде қанша әлі де
Панасыз бала, балапан...
Болуы керек бәріне
Жер ұя, жылы алақан.
Соғыстан, небір шатақтан
Шайқалды әлем, қия, құз...
Сау тұрсын әр кез апаттан
Жеріміз – үлкен ұямыз!
