Сөз қадірі жайлы кітап

«Қазір жұрттың бәрі сөзді сапыруды үйренді, оны рас-өтірігіне қарамастан айтатын, жазатын болды. Бұл қазіргі болмысымыздың қасіретті көрінісі.

Қазір есті, арлы кісі үндеуден қалды, суайт пен алаяқ алға шықты».   Мейірхан Ақдәулетұлы.

Сөз қадірі жайлы кітап - adebiportal.kz

Қолымызда ақын Мейірхан Ақдәулетұлының таңдамалылар жинағының III томы бар. Кітап биыл Алматыдағы «Керемет медиа» баспасынан шығып отыр. Оқырманға осы кітап жайында аз-кем айтайық деп едік.

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, Жазушылар одағының Жұмекен Нәжімеденов атындағы сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлының әдебиетке қосқан үлесін, еңбегін оқырман жақсы біледі. Өткен аптада «Әдебиет порталындағы» «Сәті түскен сұхбатта» қазақтың Мейірхан ақынымен сұхбаттасудың сәті түсті, бірақ, әуелгі сөзді өзіміз ауасын жұтып отырған бүгінгі  күннің тынысынан, қоғамның бейнесінен бастадық та (өйткені ғұмырының жартысын баспасөз  қызметіне, публицистикаға арнаған, соның ішінде осы жұрттың рухы, еркіндігі жайлы жаза-жаза қаламы жұқарған адамнан сол бағытта әңгіме күткеніміз рас еді), әдебиет туралы кеңірек әңгімелесуге уақыт жетпей қалған.  Ал мына жаңа кітап әдебиеттің әңгімесімен басталыпты. Мейірхан Ақдәулетұлының «Таңдамалысын» оқығанда, біз ақынды танудың, әдебиетті түсінудің, өз мәдениетімізге қараудың бір тәсілімен танысамыз. Айталық, бізде мықты ақындар аз емес. Мейірхан ағай Есенғали поэзиясы жайлы айтқанда, оның тілін ғана талдамайды, сөз алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Сағиды тек табиғаттың немесе махаббаттың ақыны деп танымайды, оның дүниені мейіріммен қабылдайтын ішкі табиғатын ашады. Жұматайды тек сезім ақыны ретінде көрсетпейді, қоғамға бейімделмей, өз әлемін сақтап қалған еркіндігін көрсетеді. 

 

Барарға жүрек шыдаса

«Әдеби эсселер» аталатын бірінші бөлімде автордың өз қаламынан туған дүниелері берілген. Бұл бөлімді рахаттанып оқисың. Мейірхан ағаның «Өзімізді өзіміз менсінбейміз» дейтіні бар, шынында бұның да психологиялық жағы бар ғой, ұзақ уақыт саяси, мәдени немесе тарихи тұрғыдан өзгенің ықпалында өмір сүрген халықта біртіндеп өзінің өлшеміне күмәндана бастайтын мінез қалыптасады екен. Жұрттікі керемет, өзіңдікі онша емес сияқты болып тұрады.

Есенғали Раушановқа арналған «Барарға жүрек шыдаса» деген мақаласынан үзінді келтірейік. 

«Дес пен діл демекші, мұның да ақымағынан айқасқасына дейін көптеп саналар берер түрі көп. Әркімнің өз десі, өз ділі бар. Айтқыштың бәрі абыз, ойлының бәрі озық, көзі қарақтының бәрі көргенді, білімдінің бәрі білікті болса, кәні? Ал ақынның, жалпы, творчество адамының десі мен ділі дүйім жұртты «бәрекелді!» дегізер ғана емес, «қалғыған ойды» түртіп оятардай, қасаң сананы жібітердей, құрдым ойға құлатып алып шығып, әр нәрсенің әсіреден ада құнын білдірердей, қортық түйсіктінің астына бойын өсірер саты болардай болса керек-ті». Есенғали өлеңге осыны, осы жауапкершілікті о бастан ұғынып келді:

 

«Сезімімді төгемін сел ғып бөлек,

Тізгінімді тарта ұста, кергітпе көп.

Көкмойнақ жыр, ұмтылған көкжиегім,

Көкмойнаққа қора емес, кеңдік керек».

«Бастау», 26-бет.

Есенғалидың десі дегенде, оның өлеңіндегі тілдің нақышы, бейненің айшығы, сөздің табиғи бояуымен ой мен сезімнің бір-бірінен мойын оздырып, бірезулеп кетпей, әдемі қисын тауып, тұтас жарасым құрайтыны секілді нағыз өлеңнің бәріміз бірдей ескере бермейтін көптеген айырым белгілерінен бұрын, атап тұрып айтатын бір гәп бар. Ол, Сөзді иман санаған қазақ топырағында туған талантты жастардың көбінен табыла бермейтін, табылса да таяқ тастамнан әріге жарай бермейтін дәстүрге, шыққан текке адалдық пен сол дәстүр мен текті бүгінгі диалектикалық даму заңдылығына бағынып енселене, тереңдей, әрі биіктей түскен Әлемдік Өлең дәрежесіне кіріктіре сақтай білу. Бұл Есенғалидың ақындық қолтаңбасына «жұмыртқадан жүн қырқатын», «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» ететін, «ерінбейтін етікшілікпен» келген нәрсе емес. Бұл оның өз бойына жарасар үкісі, өзіндік арзанға түскісі жоқ болмысы».

 

«Даланың сыршыл жүрегі»

Ақындық дегенді кім қалай түсінеді?  Мысалы, бір оқиға болды делік, онв сіз барсыз, басқа бар, мың адам көріп, куә болуы мүмкін. Бірақ сол мың адамның арасынан оны жүрегімен мүлдем басқаша, өзгеше қабылдайтын бір адам табылса, және ол өзгелер көрмегенді көріп, бәрі көріп тұрған нәрсенің ішіндегі басқа жұрт байқамаған бір мағынаны сезсе, міне, бұл ақынның табиғаты. Осыдан келіп қой, нағыз ақындықтың атақпен, өлеңінің көптігімен немесе ұйқасының шеберлігімен өлшенбейтіндігі.

Мейірхан ағайдың Сағи жайындағы мақаласын  ойыңды бөлмей тұтас оқығанда, Сағи ішкі тазалығымен биіктеп кетеді. Сағи басынан қанша нәрсе кешсе де, дүниені өкпелеп, торығып емес, мейіріммен қабылдаған ақын. Ол табиғатты адамның өзімен біртұтас қабылдайды. Туған жерді жай ғана сағынбайды, сағыныштың адам жанына не істейтінін сездіреді, қайғыны жай ғана қайғы деген түпсіз жылым деп айтпайды, қайғыдан кейін адамның жүрегін қалай таза сақтауға болатынын көрсетеді деген ойларды келтіреді. Мейірхан ағайдың Сағи поэзиясы  жайында айтқан ойларының  бірі де осыған келіп тіреледі: Сағи қайғыдан кек алмайды.

Дұрыс ойлап көрсең, тазалық дегеніміз өмірдегі жамандықты көрмеу емес, со жамандықты көргеннен кейін амалсыздан өзің жаманға айналмау. Автор  Сағидың «мен» деп өзін алға шығармайтын табиғатын да байқайды. Бұл оның мінезі ғана емес, бір жағынан эстетикалық ұстанымы екенін тап басады. Шынында да Сағи өлеңінен жасанды қаһармандықты, өзін көрсетуге тырысқан жасанды «менді» көрмейсің, оның орнына ұяңдық, сағыныш, мейірім, табиғатпен үндестік, адамға деген аяушылық көрінеді. Ал негізі адамдар өмірде нешетүрлі образ жасап,  өзін батыл, мейірімді, адал етіп көрсетуі мүмкін, бірақ шынайы поэзияда адамның ішкі табиғаты бәрібір көрініп қалады. Бұл айтып отырғанымыздың бүгінгі адамға да қатысы бар. Қазіргі адам өзін көрсетейін десе бұрынғыдан әлдеқайда көп мүмкіндік алды. Бір ғана әлеуметтік желі арқылы кім екеніңді, не ойлайтыныңды, қандай адам екеніңді бірден жариялай аласың. Ал Сағи сияқты ақынның табиғилығы туралы ойлағанда: «адам өзін,  өзінде барды көрсетуге соншама асыққанда, оның ішіндегі шынайы «мені» жоғалып кетпей ме?» деген сұрақ шығады.

 

«Ғұмырымды мейірім үшін қидым мен»

Мейірхан ағаның Жұматай жайлы мақаласы да оқуға аса тартымды. Ол Жұматайды қоғамға ыңғайланудың орнына өз әлемін сақтап қалған ақын ретінде көрсетеді. Байқасаңыз, көп адам «мен өзгелерден ерекшемін» деп айтқысы келеді, бірақ шын мәнінде, адамның бірегейлігін сақтау өте қиын. Өйткені орта өзінің тәртібін, талабын, мақұлдауын ұсынады. «Осындай бол», «осылай жаз», «мына жолмен жүр» дейді. Адам қанша жерден талантты болса да, осыны орындай бастаса, біртіндеп өзінің табиғи қалпын, дауысын жоғалтуы мүмкін. Мейірхан ағаның айтуынша, Жұматай осыған көнбеген.

Жұматай поэзиясының интеллектуалдық қуаты махаббат туралы жазғанда да тарихты алып келетінімен көрінеді. Осы себепті де Мейірхан ағай Жұматайды бір-біріне алыс дүниелерді бір поэтикалық кеңістікте біріктіре алған ақын деп бағалайды.

Мақаладағы ең ауыр тұстардың бірі – ақын өмірінің соңғы жылдары туралы айтқан жері сияқты маған. Басында оның әлемі сәулелі еді, айнала дүние жарық, әсем табиғат бар, Ләйләсы бар, достығы, тарихы, өлеңі, музыкасы, жастықтың қуаты бар... кейін осы әлемге қатыбас өмірдің салқындығы кіре бастайды. Таланты мойындалмайды, әдеби орта оны толық қабылдамайды, ресми жүйе оған өзіне тиесілі орынды бере қоймайды. Осы жағдайлардың бәрі ақынның ішкі әлеміне әсер етеді.

Мақала соңындағы «Ақын өлді, поэзия жеңіске жетті» дегенді Мейірхан ақын бекерге айтып отырған жоқ. Өйткені билік, атақ, қызмет, әдеби орта, марапаттың бәрі уақытша, ал шығарма адамның өзінен кейін де өмір сүре береді.

 

Ретімен

«Мәңгілікке жол» деген бөлімде Ақтөбе өңірінен шыққан тарихи тұлғалар, Жаныс Сығайұлы, төртқара Балпық би, Кіші жүздің батыры Сапура Мәтенқызы туралы мақалалар берілген. «Сұхбаттар» бөлімінде публицистің кезінде қоғам қайраткері Амангелді Айталыдан, Мұрат Аджиден, Сәбетқазы Ақатайдан, Хамит Ерғалиевтен алынған сұхбаттары жинақталған. «Менің мұңым» бөлімінде Мейірхан Ақдәулетұлының ақындық, қайраткерлік болмысын ашатын мақалалар бар. Оның ішінде сыйлас аға-інілері Серік Ақсұңқарұлы, Таласбек Әсемқұлов, Амангелді Кеңшілікұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Жанна Елеусіз және тағы басқа қаламгерлердің мақалалары бар. Әр бөлім толымды. Әсіресе «Ой-толғамдар» аталатын бөлімдегі ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлының өз мақалалары қашанғыдай мазмұнды, өзекті, өткір.Мысалы, «Үміт пен күмән» деген мақалада «Адырна» журналын ашқан кездегі көңіл күй, бастаманың мәні, кездескен қиындықтар, қоғамның жауабы түгел айтылады. Шындап келгенде, бұл да тарих. Өз дәуірінің тынысын ішінен сезінген адамның жазбасы кейін сол дәуірдің дерегіне айналады.

Осы мақалалардың ішінде автордың шағын, бірақ салмағы әжептәуір дүниесін «Әдебиет порталының» оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік. Бұл мақала интернетте жоқ. 

 

Сөз қадірі

«…Әуелі Сөз болған. Сөз Құдай еді…» деп басталатын Інжіл о баста «…Ол “бол” десе, болады…» дейді. Құран Алланың адам санасы игере алмайтын құдіреті жайлы айтады. Демек, Сөз әлмисақтан бері Құдірет. Бізге дейін болған қиямет-қайымдардың басты себебі, адамзаттың Құдай Сөзін тыңдауды мүлде қойып, Құдай белгілеген шектен асуынан. Жаратушы өз пайғамбарлары арқылы адамзатқа есепсіз ескертулер жасап, ақыры Сөзін тыңдауды мүлде қойған адамдар қауымын жойып жіберді. Мәселен, Нұх пайғамбар тұсында. Топан су ғаламат өркениетті жоқ етті. Себеп, Сөз қадірінің мүлде құлдырағандығы.

Меніңше, адам, қоғам құлдырарда сөздің қадірі кетеді. Небір киелі ұғымдардың, қасиетті түсініктердің, адамды жануардан ажыратып тұрған сезімдердің болмысын айшықтайтын Сөздің мағынасы жоғалып, қауызы қалады. Әрине, сөз жанын тебірентуден, оятудан, рухтандырудан қалған адамдар үшін. Бұл, білгенге, киенің көшуі.

Осыны біздің аталарымыз айқын білген, Сөздің құдіретін ерекше түсінген, қастерлеген. Қазір де солай боларға керек. Бірақ қазір қазақы сөздің қадірі қаша бастағаны анық.

«…Арғымақ боп желгісі бар есектің,

Ақиқат боп өлгісі бар өсектің…»

Неге?

Қазақша айтсақ, сөзге «тыңдайтын құлақ» керек. Сол азайды. Себебі бұрын еркіндік көрмеген тобыр еркіндік алды да, әркім білгенін айтатын болды. Сөздің сылдыр, қауыз, қызыл-қырт сөздің анархиясы, рухтың анархиясы орнады.

Қазір жұрттың бәрі сөзді сапыруды үйренді, оны рас-өтірігіне қарамастан айтатын, жазатын болды. Бұл қазіргі болмысымыздың қасіретті көрінісі.

Қазір есті, арлы кісі үндеуден қалды, суайт пен алаяқ алға шықты. Қазақстан БАҚ-тарының бір тәулікте берілетін ақпараттарын мұқият талдасаңыз, осыны аңғаруға болады. Рас, соңғы бірер жылда жалпы мәдениет сәл жоғарылай бастады, дегенмен…

Бір қызығы, осының бәрі заңды, болуға тиіс құбылыс. Бірақ бұл да өтуге тиіс.

Сөз қадірінің кетуі, қоғамның, адамның болмысының көрінісі. Қоғам өзгерді, болмыс та өзгеріске түсті. Қоғам жабайы капитализм деңгейінен енді ғана өтіп келеді. Ал бұл, ақиқаттың емес, алдап-сулап, «есебін тауып» баюдың кезеңі.

Бұрын «саудагер» деген атақтан ұялатын қоғамның «геройы» епшіл, предприимчивый кісі болып шыға келді. Қоғамдағы құндылықтар, ар-ұят, иман және тағы басқалары жүз сексен градусқа өзгерді.

Бұрынғы қоғамда, біз орыстың боданы болып жүргеннің өзінде, жұрт адамның рухани азығын әзірлейтін мыжырайған жазушы мен сәл-пәл «қызулау» ақынды сыйласа, қазір ақшалыны, биліктіні һәм соның құда-жегжаттарын кісі санайтын болды. Бұрын әдебиетті, оның өкілдерін партия да сыйлады, себебі олар сол арқылы, әсіресе семізмұрт ақын-жазушылар арқылы, халықтың жаны мен рухын билеп тұрды.

Қазір қалың тобыр Сөзді құрметтемейді. Содан да әдебиет сүмірейіп қалды, биліктің тойында қолға су құюшы деңгейіне түскісі кеп тұр қазір.

Бірақ бұл, уақытша тенденциялар. Сөздің, әдебиеттің қадірі қайтып оралады. Олай болмаса, қоғам, ұлт рухани қиямет-қайымға килігеді.

 

***

P.S. Иә, сөз көбейді. көбейген сайын шын сөзді, салмақты сөзді, жауапкершілікпен айтылған сөзді ажырату қиындай түсті. Біздіңше, Мейірхан Ақдәулетұлының бұл кітабын осыны түсіну үшін де оқу керек. Ол бізді өзіміздің сөзге, әдебиетке, мәдениетке, тіпті өзімізге қалай қарайтынымыз жайында ойлануға мәжбүрлейді. Өйткені өзгенің биігін мойындау оңай да, өз биігіңді тану қиын. Ал өз мәдениетіңнің құнын өзің сезіну одан да қиын.

Есіме түсіп кетті, баяғыда ағай «жеңілген мәдениет» деген ұғымды қайта-қайта айтатын. Жиырма беске толмаған кезіміз, ол кезде онша ұқпағанымыз рас, оның тек тарихи жеңіліс емес екенін қазір түсінеміз. Кейде халық өйтіп-бүйтіп өзінің тілін әдебиетін, әнін сақтайды, бірақ ар жағында өзінің сол мәдениетке деген сенімін жоғалта бастауы мүмкін, бүгінгі жағдайға қарағанда біз қазір сондай жағдайдамыз ба деген сұрақ та еріксіз туады. Мейірхан Ақдәулетұлының таңдамалыларын оқығанда, біз осы нәрсеге қайта ораламыз. Сөздің қадірін, ақынның табиғатын, әдебиеттің қоғамдағы орнын, ең бастысы, өзіміздің рухани өлшемімізді қайта қарауға себеп табамыз.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan