Фотоаппаратты сөйлеткен ақын
Кеше Астанадағы Достық үйінде Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалының қолдауымен ақын Асантемір Қаршығаұлының фотокөрмесі өтті. Оның қаламгерлерді түсірген фотосуреттері әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таныс. Осы уақытқа дейін жүзге жуық ақын-жазушының фотосын түсіріп үлгерген. Көрмені тамашалауға келген қаламгерлер соңында Асантемір түсірген өз портреттерін сыйға алып қайтты.
Асантемірдің жақында і екі апталық демалысын пайдаланып, Қазақстанның 14 қаласын өз көлігімен аралап шыққанын келіншегі Айгүлден естігенде таңғалдық. Көлігің сайлы болғанымен, жолдың аты жол, адам шаршайды. Ал Асантемір шаршамайды. Шамасы, жақсы адамдармен жүздесуге, жақсы сәттерді сезінуге деген құштарлығы оған кұш беретін болу керек.
«Адам өзінің жаны қалаған істі кәсіп еткені жақсы ғой. Мен екі апта демалыс алғанда 14 қаланы аралап шығып, аға буынды суретке түсірдім. Ондағы мақсатым – әуесқойлығым ғана емес, сол кісілердің өз көзқарасым арқылы фотобейнесін қалдыру болды.
Ақтөбеден Мейірхан ағадан бастап, Оралдағы Махмет аға, Сағынтай аға, Шымкенттен Ханбибі Есенқара, Қуандық Түменбай, Абзал Бөкен, Байбота Қошымноғай және тағы басқа ағаларымызға барып, амандасып, олардың сәулелі сәтін түсіріп алдым. Соның өзін олжа санап жүрмін.
Мен көбісінің шығармасын бала күнімде оқығанмын. Сондықтан кезінде кітаптан таныған тұлғаларыммен жүздесудің өзі ерекше әсер қалдырады. Мәселен, Мейірхан Ақдәулетұлы ағаға барған сәт өмірі есімнен кете қоймас. Жүздесуден кейін қоштасудың өзі қиын болды. «Бұдан соң жүздесе аламыз ба, жоқ па?» деген сан сауал көңілді алай-дүлей қылды. Бірге отырып әңгіме айту, тұлғаны тыңдап отырудың өзі бақыт қой», - дейді ақын.

Асантемірдің фотографияға келуінің де өзіндік тарихы бар. Оған алғаш фотоаппарат ұстатқан атыраулық белгілі фотограф Жалғас Қайырханов екен.
«Әлеуметтік желіде тілдесіп отырып, «Асанжан, Астанаға жөндеуге берген фотоаппаратым бар еді. Соны сен алып пайдаланшы. Фото түсіруге әуестігің бар» - деді. Сонда төбем көкке жетті. Себебі мен өзім суретке түсіруді армандап жүрген едім. Жалғас менің әуесқойлығымды білетін. Мырзалық таныта алғанына қуандым. Сол күннен бастап адамның кейбір сәтін, көңіл-күйін ұстап түсіріп алу мен үшін керемет сезім сыйлайды. Алғаш Қойшығара ағаны түсірдім. Өлеңді қалай сезіммен жазсам, суретке түсіруге де солай ыңғайланамын», - дейді ол.
Сөзіне қарағанда ол фотоға техникалық дүние ретінде ғана қарамайды, ақын үшін адамның бет-жүзі де мәтін секілді. Өлеңде ақын сөз арқылы адамның ішкі күйін жеткізсе, фотода сол күйді көзқарас, қимыл, бейнесі арқылы ұстауға тырысады. Әдебиет пен фотографияның осы тоғысы еске еріксіз орыс фотографы Моисей Наппельбаумды түсіреді. Екі ғасырдың аралығында ғұмыр кешкен ол уағында Анна Ахматова, Сергей Есенин, Осип Мандельштам, Александр Блок сияқты дәуірдің ірі қаламгерлерін суретке түсірген. Оның портреттерінде артық деталь аз. Көбіне адамның жүзіне, көзқарасына, сол сәттегі көңіл күйіне назар аударылады. Кәсбіи сыншылар оған «минималды психологизм» бағыты деп кейін мұндай жұмыстар «Дәуір портреттері» ретінде бағаланды.

Асантемірдің қазіргі жұмыстарына да осы тұрғыдан қарауға болады. Әзірге бұл суреттердің тарихи салмағын нақты айту ерте. Бірақ бүгінгі әдеби ортаның өкілдері түсірілген мұндай портреттер уақыт өте келе өзінше көрнекі куәлігіне айналуы әбден мүмкін.
Асантемірдің алдағы жоспары қызық. Ол «Көздегі кітап» деген атаумен кітап шығарғысы келеді. Астана қаласындағы ақын-жазушылардың фотосуреттерінен тұратын бұл кітапта қаламгерлердің бейнесін әр қырынан көрсетіп, шығармашылығына да сілтеме жасауды жоспарлап отыр. Бұл идеяның жөні бар. Өйткені кейде адамның шығармасын оқып білу бір бөлек те, оның жүзін, көзқарасын, өмір сүрген ортасын көру бір бөлек әсер береді. Фотосурет сол екеуінің арасын жалғай алады.
Көрмені тамашалаған Премьер-министрдің жеке фотографы Шүкір Шахай да әріптесінің еңбегіне пікір білдірді. «Кемшілік әр нәрседе болады. Бірақ ол басында. Оның бәрі уақытпен, ізденіспен келеді. Мысалы, мына жерде көзі көрінбейді, ана жерде вспышка керек еді. Жаңа өзіне айттым, қазір сынаймын деп. «Айта беріңіз, аға» деп жатыр. Бірақ Асантемірдің жетістігі, осы портреттерді жинауында. Уақыт өткенде осының бәрі құнды дүние болып шығады. Асантемір бауырыма портреттік жанрда жарқырай беруіне тілектеспін», - деді ол.
Көрме соңындағы емен-жарқын жүздесуде белгілі режиссер Тілеген Ахмет фотограф інісіне фотография өнеріне қатысты сирек кездесетін кітап сыйлады. Ал Шүкір Шахай Асантемірге жақсы фотоаппарат сыйлауға ниетті екенін білдірді.







