Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Күй-ғұмырдың күмбірі...

30.05.2024 1199

Күй-ғұмырдың күмбірі 14+

Күй-ғұмырдың күмбірі - adebiportal.kz

Аққыз анамыздың тағдыры – қазақ күй өнерінің тағдыры тәріздес. «Мың өліп, мың тірілген» дейтіндей, сан үзіліп, сан жалғанған күй – ғұмыр. Аққыз әлемі – қуғын-сүргіннің, сары даланы шарпыған алапат өрттің ортасынан аман шығып бізге жеткен текті сарын, кірпияз әуен, қасиетті ырғақ. Өз отаны, өз топанынан шетқақпай көрген шертпе күйдің жантамырын Аққыз әлемінсіз елестету мүмкін емес. 

Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы 1897 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тоқырауын өзені бойындағы Есалы деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Ахмет Арқа бетіне әйгілі, сүйегінен құт үзілмеген дәулетті, өнер сүйгіш зиятты адам болған. Деректерге сүйенсек, Ахметтің ұсақ малын былай қойғанда «Он соқыр түйе» (мың түйе) біткен, он үш мың жылқы айдаған алапаты асқан бай болыпты. Айналасына өз дәуірінің өнерпаздарын жинаған, төрінен орын беріп, сый-сияпатын аямаған мәрт мінезді, өнерді кие тұтып, ардақтаған пейілі кең, қолы ашық адам екен. Сол тұста Алашқа аты мәлім Тоқа, Дайрабай, Ықылас, Әшімтай, Қыздарбек сынды дәулескер күйшілер Ахметтің қадірменді мейманы, дос-жары, сыйлас адамдары болған. Шаңырағының сүт кенжесі Аққыз міне осындай өнерлі ортада тәрбиеленген. Аққыздың өз замандастары да осал болмаған. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Әбікен Хасенов, Бегімсал Орынбеков, Дәулет Мықтыбаев сынды саңлақтар Аққыздың үзеңгі қағыстырған, өнер жарыстырған, бір-біріне өнер жұғысты, ырыс ауысты болған ай маңдай азаматтар еді. Ал Аққыздың алдында отырып, қолынан күй алған төл шәкірті – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, күйші Мағауия Хамзин. Сондай-ақ, Әпике Әбенова, Жақсылық Омашев, Тұрған Түсіпбеков сынды қазақ күй өнерінің жығылмас жалауы болған дүлдүлдер де Аққыз анамыздың тәлімін көрген шәкірттері. 

Өкініштісі, Аққыз анамыздың шын өнердің ортасында, құлашын кең жазып, қанатын алысқа сермейтін күйлі, сауықты, думанды шағы алысқа ұзамады. Он жетінші жылғы төңкерістен кейінгі жаппай ұраншылдық, ұжымдастыру, бай-манаптарды тәркілеу лаңы Ахметтің шаңырағын да айналып өткен жоқ. Аққыздың әкесі мен ағалары көп өтпей қудаланып, репрессияға ұшырайды. Арқадан ескен желдей еркін өскен Аққыздың мұңсыз-қамсыз бұла шағы пышақпен кескендей тиылады. Өзімен замандас күйшілер Әбди, Сембек бастаған күйшілер, домбыра шерткені үшін ғана атылып кетеді. Осыдан кейін Аққызға домбыраға қол созу былай тұрсын, бас амандығының өзі уайымға айналды. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ұлы даланың сан ғасырлық мұрасы бір ұрпақтың көз алдында сағымдай көшіп, санадан өшіп бара жатты.

Дегенмен ұлы топырақ бар да алтын арқау, өнер сүйегі үзілген жоқ. Әні мен күйі Арқадан асып тұтас Алаш жұртына тарап жатты. Соның нәтижесіндей жақында ғана Қарағанды қаласының төрінде Аққыз анамыздың аруағын ұлықтаған республикалық мүшәйра аясында әдеби-сазды кеш өтті. Сол кештің куәгері болып едік. Енді сол туралы аз ғана баяндап өтейік. 

Сонымен, аты аңызға айналған күйші, халық композиторы Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызын ұлықтауға арналған республикалық мүшәйра өз мәресіне жетті. Республикалық ақындар мүшәйрасының марапаттау рәсімі мен бірге елімізге танымал күйшілер мен өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтті. Аққыз анамызға арналған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қарағанды облыстық әкімдігінің және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қолдауы айрықша болды. 

Алдымен әдеби-сазды кешті бастау үшін сахнаға ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков, және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекежанұлы Нелдібаев көтерілді. Сахнада сөз алған ел ағалары мен ұлт зиялылары барша өнерпаздарды, жеңімпаздары, өнер сүйер көпшілікті ыстық ықылас, шын пейілімен құттықтады. Және бүгінгі өнер мен мәдениет төңірегінде өз ойларын ортаға салды. 

Аққыз атындағы мүшәйраға қатысқан 81 ақынның өлеңдері жинақталып, «Күй-ғұмыр» деген атпен кітап болып жарыққа шықты. Кітаптың тұсау кесер рәсмін филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов ағамыз жүргізді. Кітаптың тұсауын Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай,  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұнқарұлы, Аққыз күйшінің ағасы Өмірбектің немересі Нұрланбек Сағадибекұлы қатарлы ағаларымыз салтанатты түрде кесті. 

Қазылардың бір ауыз шешімімен, күйші, композитор Әпике Әбенова атындағы арнаулы жүлде – Ерік Нарынға (Қарағанды қаласынан), күйші, композитор Мағауия Хамзин атындағы арнаулы жүлде – Біржан Ахмерге (Астана қаласынан), әнші, композитор Манарбек Ержанов атындағы арнаулы жүлде – Қабиден Қуанышбайға (Астана қаласынан), күйші Қыздарбек Төребайұлы атындағы арнаулы жүлде – Саят Тұяқбайға, (Қарағанды қаласынан), жазушы Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнаулы жүлде – Сейілхан Розаға (Алматы облысынан) бұйырды. 

Үшінші орын – Әсет Аманжоловқа (Ұлытау облысынан), үшінші орын - Асылбек Жаңбырбаевқа (Ақтау қаласынан), Үшінші орын - Мұхтар Күмісбекке (Талдықорған қаласынан), Екінші орын - Ұмтыл Зарыққанға (Астана қаласынан), Бірінші орын иегері – Дәуренбек Бұланбаевқа (Ұлытау облысынан), Бас жүлде – Мирас Асанға (Астана қаласынан) бұйырды.

Алыс-жақыннан келген ақындар марапаты аяқталған соң, Аққыз анамыздың ән-күйі әуелеген сазды кеш қанатын жайды. 

Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар  оркестрі Аққыздың «Мұң қосбасар» күйін, Қазақстанның мәдениет қайраткері Дәуренбек Аркенов Аққыздың әні «Қайран бауырларым-ай» әнін, күйші Гүлнар Шәріпова Аққыздың күйі «Қайран елім», күйші Мадияр Сүлейменов Аққыздың күйі «Қаршығалы кезім ай», әншісі Гүлмира Тапай Аққыздың әні «Жалған-ай», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Полатхан Тәшімов Ә.Хасановтың «Қоңыр» күйін, Салтанат Кеңес «Аман бол амал қаншай ай» әнін, Аққыздың күйі «Жетім қызды» Қалкен Қасымов бебеулете орындады. Одан ары Медет Осатаев, Манап Анықбеков, Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Амантай Жұмашев, Нұрай Танабаев, Мағжан Мыңбаев қатарлы ел іші-сыртына белгілі өнер жұлдыздар әннен алтын, күйден күміс төктіріп, кештің көркін қыздырды. 

Арқа елі Аққыздың әр күйін аңызға айналдырып, оның күйін шертуді өзіне мәртебе санайды. Аққыздан қалған асқақ ән қазақ даласында әуелеп келеді. Қазақтың қаламгерлері, өнертанушылары, зерттеушілері Аққыз Ахметқызының мұрасын зерттеп, зерделеп келеді.  

Енді назарларыңызға ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай «Күй-Ғұмыр» кітабына жазған шағын алғы сөзін ұсынамыз.

Қазақтың сан қатпар тарихы ұрпақтан-ұрпаққа мыңжылдықтардан мұра болып жеткен бай халық ауыз әдебиетінде, көне жыр-дастандарында, аңыз-әңгімелері мен күй-шежірелерінде өмір сүріп келеді. Әсіресі киелі Сарыарқаның ғасырларды-ғасырларға жалғаған тұтас ғұмырнамасы шежірелі шертпе күйлерінде жатыр. Тәттімбет мұраларымен тыныстаған Арқа күйшілік мектебін біз ұлық өнерді насихаттаушылар ғана емес, сан тарау жолдары шырғалаңға толы халық тағдырын киелі домбыра үніне ұластырған қайраткер тұлғалар ретінде көз алдымызға тізбелейміз.

Қанқұйлы Кеңес жүйесі тек төрімізде ғана салтанат құрып келген төл мұраларымызды өзегімізден өшіріп, домбырасын жанына серік еткен балбармақ күйшілерімізді, дәулескер дарындарымызды жаппай қырып-жоюмен айналысты. Сол қанқасап азапты жылдарда аруақты өнерпаздармен бірге біздің Аққыз әжеміз де ауыр тағдырды басынан кешірді.  Әрине, үзілген желінің бірден қайта қалпына келе қоюы оңайға соқпайды. Озбыр жүйе жадымыздағы жазуларды жойып, көкейімізде дәуірлер бойы күмбірлеп келген күйімізді көмескілеуге тырысты. Аққыз сияқты тума таланттардың аяқ-қолын тұсап, тағдырларын талапайға салып, олардың аяулы есімдерін болашақ жас ұрпақтың санасынан түбегейлі өшіруге тырысты. Біз осы ретте Аққыз әженің есімімен қатар, оның төлтума күйлерін алғаш болып насихаттаған Ақселеу Сейдімбек, Жарқын Шәкәрім, Кәмел Жүністегі сияқты шығармашылық шырақшыларын да үнемі еске алып, айтып отырғанымыз дұрыс. Сұрқай саясаттың сойылынан сескенбей, сол қыспақ замананың өзінен өткелді жол тауып, Аққыз мұраларын елге насихаттады. Сәйкесінше, сол ағартушылық жолды бүгінде Жанғали Жүзбай, Болат Тәкішев сияқты бір жағы дәулескер күйші, бір жағы қайраткер азаматтар ілгерілетіп келеді. 

Бұл сөзімізге Аққыз Ахметқызының есімін ұлықтауға арналған «Күй-ғұмыр» атты республикалық жыр мүшәйрасында көзіміз тағы да жете түскендей. Ақындардың дені Аққыз тақырыбына дендеу, оның күйшілік ортасын зерделеу арқылы қазақ тарихының тар жол тайғақ кешуін жырларына арқау етті. Шабытты шайырлар аңыз тұлғаның болмысына бойлай отырып, күй тілін жыр тіліне жалғастырады. Аңыз Ақтоғайдың текті топырағы мен Тоқырауынның тынып ағатын терең иірімдері кестелі тілмен өрнектелді. Тарихи дәл дәйектер орамды образдарға көшіп, Аққыз Ахметқызының бай мұрасы жан-жақты айшықтала түсті. Оны конкурсқа қатысып, өлеңдерін жолдаған 81 ақынның кез келгенінің шығармасынан аңдау қиын емес.

Бір сөзбен айтқанда, бұл бәйгені ұйымдастырушылар Аққыз есімін жұрт алдына жарқырата шығару арқылы үш ғасырдан астам бодандықтың бұғауында бұлқынып келген аңсарлы жұрттың азаттық деп аһ ұрған күрескер рухын көзі қарақты оқырманмен қайта қауыштырғандай болды. Қайғысы терең, қасіреті қалың зұлмат жылдарды біз әлі де осы тұрғыдан айыптай беруіміз керек. 

Жалпылай алғанда, Аққыз феномені алдағы уақытта біздің тағдырлы қазақ халқының бір атындай елге жақындаған үстіне жақындай береді. Әрине, бұл жыр додасына бөлек, «Мәдени мұра» бағдарламасының мұрындық болуымен шыққан «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі», «Сарыжайлау» сияқты халық музыкасы антологияларына Аққыз күйлері таспаға түсті. Тасқа басылып, газет-журналдарда жарық көрген, кітап болып қатталған сүбелі еңбектер де аз емес. Сол жүйелі жұмыстардың қатарына бүгінгі жыр бәйгесінің жалынды өлеңдері де бір төбе болып қосылып отыр.

Ең бастысы, осы үрдіс-үлгі, яғни киелі күй өнері мен жауһар жырлар толқыны бір сағада жиі тоғысып тұрса, біз өзіміздің өткен жолымыз бен келешек бағдарымызды айқындауда көптеген істің ілгері қадамдауына арна ашамыз. Жас ұрпақ жыр арқылы күй керуеніне ой ұзатады. Күй арқылы жан пернесінің нәзік қылы шертіледі.

Игі істер әлбетте мұнымен шектеліп қалмауға тиіс. Алдағы уақытта Аққыз есімі іргелі білім орындарына беріліп, оның әндері мен күйлері музыка сыныптарында кеңінен оқытылуы қажет. Тіпті Аққыз ғұмырнамасы арқылы қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін парақтайтын кинофильмдер де көрермендерге жол тартса артық емес. Ал енді ондай фильмдердің суреттемелері мен сюжеттері, оқиғалы ой орамдары «Күй-ғұмыр» бәйгесінің әрбір шығармасында тұнып-ақ тұр.

Қорыта айтсақ, шертпе күйдің шын шебері Аққыз есімі дәуірлерді дәуірлерге жалғап, жас ұрпақ жадында әрдайым жарқырай беруге тиіс.

Шалқар шабытты шайырларымыз бен саусақтары саз сауған дәулескер күйшілеріміз рухани қазынамыздың қоржынын қомақты дүниелерімен қордаландырып, байсалды күй керуенін уақыт көшінен оздыра берсін деп тілек білдіреміз!

Аққыз

Күйге кісен салған кез, әнге бұғау тартылған,

Кербез, сұлу саусақтар, құрақтайын қырқылған.

Ер жақсысы түрмеде қапы қалған кез еді,

Кісінесіп кермеде аты қалған кез еді. 

Домбырасы көсеу боп отта қалған кез еді,

Сәлдесі мен бүлдесі боқта қалған кез еді.

Алаштың ар-ұяты қалғып кеткен, мерезім,

Қазақтың бар мұраты қаңғып кеткен, кезеңім.

«Мұңқосбасар» секілді Қыздарбектен қалған бір,

Селеу семген Арқада, жусан өлген, солған гүл.

Әбди, Сембек, Бегімсал байлауында көгеннің,

Қызыл қырғын ішінен қайтқан бірі жоқ оның.

Ахметтің Аққызы «Жетім қызға» басқан шақ,

Содан бері бұл дала, тас меңіреу, жасқаншақ.

Аққыз тартқан сол бір күй өртеңге өнген гүл сынды,

Ақ шанақтың алауы өртенген бір күн сынды.

Қос ішекте от пен су арпалысқан секілді,

Туған жерін құс біткен аңсап ұшқан секілді.

Тарқамаған Мәдидің қайғысындай түнеріп,

Қос бұрымын бұлт отыр, бір тарқатып, бір өріп.

Басым бұлтқа тиер деп бұққан бұлау, күйім-ау,

Кесірім жұртқа тиер деп ыққан жырау, күйім-ау.

Көкбөрінің көзіндей жасыл, жақұт, күйім-ау,

Тағылмаған өңірге асыл, ақық, күйім-ау.

Тезек теріп тентіреп тартам деп пем мен сені,

Көн емшектей су алған сортаң деп пем мен сені, 

Томағалы қырандай ашуыңды бер маған,

Тоқырауын, топаным, басуыңды бер маған.

Қасиетті бабамның ырғақтарын тонаттым,

Аманаттай киелі ардақты үнін жоғалттым.

Домбырамды көргенше, тұсаулы һәм құсалы,

Саған құйған қорғасын, мені жұтсын мысалы, - 

Осылай деп Аққыздан қаралы күй төгілер,

Қаралы күй астынан қаһарлы күн көрінер.

Көн шанақтан сұр жебе суырғандай уыстап,

Кілең кербез әуендер көтерілер ту ұстап.

Күй қанатты пырақтар перне бойлап көсілер,

Ағытылып ажырғы, күйден кісен шешілер.

Аққыз тартқан сол бір күй өртеңге өнген гүл сынды,

Ақ шанақтың алауы көмкерілген күн сынды.

Сексен асқан ақ әжем бәрі-бәрін ұмытып,

Күйден күйге көшеді көкірегін жібітіп.

Домбыра алса қолына ұзатылар қыздай боп,

Шыңыраудың түбінен шығады үн...

                                                                  маздайды от.

Тежей алмай әлдене қос ішектің екпінін,

Басқа шауып, төске өрлеп, бара жатты кекті үн.

Бірте-бірте дүние табан асты қалдың да,

Бірде ұластың қайғыға, бірде ұластың зар мұңға.

Домбыраның құсасын, домбыраның наласын,

Сен естіме құлыным, сен естіме көгаршын. 

...

Домбыраңды ақ әжем бауырыңа бастың да,

Бірте-бірте айналып бара жаттың аққуға...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар