Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мадина Омарова, жазушы: Мені қабылдамағандар оқым...

06.03.2017 9516

Мадина Омарова, жазушы: Мені қабылдамағандар оқымасын!

Мадина Омарова, жазушы: Мені қабылдамағандар  оқымасын! - adebiportal.kz

- Cіз ойды да, сөйлемді де қысқа беретін жазушысыз. Оныңыз Чеховтың «Қысқалық – таланттылықтың белгісі» деген пайымына сүйенгеніңіз бе, әлде қазіргі уақыты мен ынтасы азайған оқырманның ығына жығылғаныңыз ба?

- Бұл жердегі себеп – Чеховтың сөзі де, оқырман ығы да емес, өзімнің табиғатым ба деймін. Стиль – жазушының мінезі. Сіз оны бір жазушыны көп оқып, содан кейін онымен тығыз аралассаңыз сезесіз. Өз басым ауызша сөзге шешен емеспін. Жазғанда да солай. Мендік мақсат – әуезді, сұлу сөз саптау емес, энергияны, атмосфераны жеткізу. Яғни идеяны, ойды сөзбен, тікелей хабар арқылы емес, еміреуінмен, екінші, үшінші, төртінші планмен жеткізу. Үш өте қысқа сөзбен үлкен әңгіме жазуға болады. Көтеріп тұрған жүгі үлкен. Үш сөздің астары санаға жеткенде құйқа тамыр шымырлайтын әңгіме. Бұл – менің стилім. Ал оны жасанды түрде әкелу, әлдебір машық арқылы тудыру мүмкін емес. Ол – қан.

a2585e991108308bdf440d6bcf380932.jpg

- Жақында аға буын бір жазушымен әңгімелескенімізде «Бізден кейінгі проза мен драматургияда жүргеннің көбі журналистикадан келгендер. Қолтаңбаларынан бәрібір байқалып тұрады. Журналистикадан келгеннің бәрі Оралхандай жазып кете алмайды ғой...» дегенге саятын пікір айтты. Жалпы, бұл пікірге қаншалықты келісесіз?

- Айтса, айтқан шығар. Бірақ қалың бір топ туралы бұлай үзілді-кесілді, біржақты пікір айту қиын ба деймін. Барлығымыз журналистиканың дәмін таттық, соның ішінде аға буын да. Журналистикаға ешқашан қайтып оралмаймыз деп және айта алмаймыз. Себебі таза әдебиетпен күн көру мүмкін емес.

- Сіздің шығармашылығыңыз жайлы марқұм Таласбек Әсемқұлов «Қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» деп бағасын берген екен. Жалпы, мистика, триллер бағытында жазуыңызды одан әрі дамыта алдыңыз ба?

- Иә, әрине. Менің барлық жазған шығармаларым мистикалық. Бірнеше мистикалық пьесаның авторымын, әңгімелерім де жетеді. «Ғажайып көл» деген повесім бар. Бір ай бұрын «Жүздесу» атты мистикалық жаңа пьеса жазып шықтым. Бұл жоғарыда айтқанымдай менің табиғатымдағы нәрсе. Әлемді, жаратылысты қабылдау жолым, маған берілген тәсіл. Әлі де жаза беремін деген ойдамын. Бұйыртса.

- Бізде таптауырында тақырыптарда жаза беретін жаушылардан жаңа дүние күту де қисынсыз сияқты. Сондықтан формалық ізденіске барып, әртүрлі жанрларға қалам тарту экспериментке айналу керек деп ойламайсыз ба?

- Маған бұл жөнінде әлдене деу қиын. Мүмкіндігімше өз шығармашылығыммен айналысып жатырмын. Қалған авторлар жайлы не айта аламын...

- Сіз сонда өзге қамгерлердің не жазып жүргенін бақыламайсыз ба?

- Жаңа дүниелерді қалт жібермей оқып, мориторинг жасап отыру қиын. Оның үстіне бұл сыншылардың жұмысы сияқты көрінеді. Қазір әдеби әлемде біз, авторлар бір-бірімізден көз жазып қалғандаймыз. Кітап бұрынғыдай мол тиражбен шықпайды, кей сайттарға шыққан әңгіме, шығармалар там-тұмдап жетеді, бір-екі дүниесін оқып автор жайлы ой қорытып шешім шығару мүмкін емес. Бәріміз жеке-жеке планеталар сияқты, оқшау, автономды еңбек етіп жатырмыз. Іштей тілектестік сезімі ғана ортақ.

- Жалпы, қазіргі қазақ әдебиеті өз ішіне қуыстанып алған сияқты, қоғамдағы өзекті мәселелерді неге көтермейді?

- Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру – әдебиеттің миссиясы деп ойлайсыз ба? Онда оның публицистикадан не айырмашылығы болады? Менің ойымша, әдебиетті тек рух қана мазалауға тиіс. Рух мәселелері, мәңгілік тақырыптар. Қоғамдағы жағдай осы ұғымдарға апаратын құрал болса, пайдаланады. Құрал болуға жарамаса, пайдаланбайды. Мен осылай елестетемін.

- Сіздердің толқындарыңыз әдебиетке тек шығармашылығымен емес, «Шын әдебиет енді туады» деген батыл пікірін арқалай келген еді. Сол пікір қаншалықты ақталып жатыр?

- Шын әдебиетті туды ма, жоқ па, ол жайлы дәл қазір, сол уақыттың шағында жүріп айту қиын сияқты. Пайым жасау үшін бұл кезді кішкене артқа тастау керек сияқты. Процестің ішінде отырып және объективті болу күрделі.

- Қатарлас жазушылармен қаншалықты шығармашылық байланыстасыз?

- Әлия Бөпежанова айтқан бір оқиға есіме түсіп кетті. Ол кезде Әлия апай «Қазақ әдебиетінде» істейді екен. Бір күні үйге келіп Асқар Сүлейменовке айтқан ғой «ҚӘ»-де «Жазушының жан сыры» деген айдар аштық, енді қаламгерлермен сырласамыз» деп, сонда Асекең «жазушы жан сыры тұрмақ, жай сырын да айтпайды, жаны шықсын» деген екен. Жазушылар шыны керек біртоға, өзімен-өзі жүретін халық. Былайша айтқанда аса көп ашыла бермейді. Соншама кейіпкерді бір-бірімен сөйлестіріп, қырғын болғаннан кейін, жай өмірде тыныштықты аңсайтын болу керек. Мен қаламдас достарыммен мүмкіндігімше араласамын, араласатын адамдарымның бәрін қатты жақсы көремін, сыйлаймын. Көзіңе қарап көңіл-күйіңді ұғатын, түртпектеп, жаныңды жараламайтын жақсы достар үшін, Аллаға мың да бір тәуба деймін.

- Жазушылар өмірде сырын ашпаса да, кейіпкерлерінің аузына өзі сөз салып береді ғой?

- Әрине, солай. «Бавари ханым – мен» деп Флобер айтпақшы, әр кейіпкер автордың өзі. Оның дүние пайымы, өз-өзімен, өмірмен, жаратылыспен полемикасы. Бірақ оны таза биографияға айналдырмай, шығармадағы өзін мықтап жасыра білу шеберлігі – жазушы деңгейін айқындайды.

- Мадина апай, әңгімемізді «Ақтастағы Ахикоға» бұрайықшы. Қазір драматургия жанрында қалам тартып жүрген, тіпті қалыптасып үлгерген қаламгерлер жоқ емес. Неге таңдау сізге түсті?

- Мен М.Әуезов театрында штатта драматург болып қызмет етемін. Драматург ретінде жалақы аламын. Сондықтан театрға басқа авторларға тапсырыс бергеннен гөрі өз драматургына жүгінген ыңғайлы болды. Содан кейін театрымыздың директоры Ерлан Біләл – өте шығармашыл адам. Қазіргі таңда маған ғана емес, көп жастарға мүмкіндік беріп отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді, осындай үлкен сауапты іске бастамашы бола білді.

- Қаншама драматургтер өз шығармаларының сахналануын, қойылуын армандап жүреді. Сіздің бағытыңыз да басқа еді ғой?

- Бағытым басқа болғанда, театр басшылығы жұмысқа қабылдамас бұрын менің пьесаларымды оқып танысты. Содан кейін қабылдады. Бұрын да драматургия жанрында жұмыс істедім.

- «Қазір драматургияға бет бұрдым. Әзірге осы жанр – менің махаббатым болып тұр... Бірақ прозаға түбегейлі оралатын уақытты асыға күту сезімінен де ада емеспін» депсіз бір сұхбатыңызда. Прозадан қазір не жазып жүрсіз?

- Драматургияны махаббатым деген қалай болар екен... Олай деуім мүмкін емес тәрізді. Махаббатым – проза. Бұны анық білемін.... Қазір қызмет бабыма байланысты тек драматургиямен айналысып жүрмін. Осы уақыт ішінде оннан аса пьеса жаздым. Аудармаларым, инсценировкаларым және бар. Міне, төртінші жыл болды әңгіме жазбағаныма. Жаңа әңгіме жоқ. Алла бұйыртса, прозаға ораламын. Міндетті түрде. Екі жанрды араластыра алмадым. Қазір проза жазу мүмкіндігі мүлде кетіп қалды. Кейде әңгіме жазайын деп бастасам, жаза алмай қалғанымды ұғамын. Оралу үшін, драматургиядан аздап кету, қашықтау керек шығар деген ойдамын. Театрда жүргенде ол мүмкін емес. Көреміз.

- Негізі сіздің шығармашылығыңыз туралы әдебиетшілер оң пікірде. Бірақ, өз әріптестеріңіздің арасынан «тіл жоқ, қарабайыр, жұтаң» деген пікірлерді де оқып жүрміз. Бұған қандай уәжіңіз бар?

- Уәж дегенде бұған не деуге болады? Әркімнің өз пікірі бар. Көркемдікке, әдебиетке қатысты талғам сан қилы. Қабылдамаса, оқымасын. Басқа да оқитын нәрсе көп қой. Өзі жазып, жоғарғы деңгейдегі прозаның, әдебиеттің қандай болатынын өз тәжірибесі арқылы көрсетсін. Мен өз кезегімде мүмкіндігімше еңбектеніп жатырмын. Менің ойымша, бізде осы тіл мәселесіне қатысты проблема бар. Қазақ – ғасырлар бойы ауыз әдебиетін жандандырған, көркем шығарманы құлақпен қабылдап дағдыланған халық. Гендік деңгейде тілдің әуезділігін, әдемілігін іздейтіні содан. Адам да, заман да өзгереді. Мен өз басым тілді пайдалануда минимализмді ұстанамын, сөз – мен үшін мақсат емес, құрал. Ол жайында жоғарыда айттым. Грамматикалық, орфографиялық сауатсыздыққа жол бермеймін, филологиялық білімім бар. Қызыл диплом. КазПИ. Жазушының жеке стильдік ерекшеліктері деген болады. Кішкене әдеби білім көкжиегін кеңейтуге кеңес берер едім. Бастысы талант болсын деңіз. Әйтпесе төгілген тілі бар, бірақ дүниені көркем қабылдау қабілетінен ада талай қаламгер жүр. Бәлкім сол кісілерді менің тілімнің жайы мазалайтын шығар...

- Жалпы, тәуелсіздігімізбен бірге әдебиетке келген буын өз бағасын алды ма?

- Өз жүрегімде ризашылықтан басқа, ешнәрсе жоқ. Әдеби орта жақсы қабылдады. Үлкен буын аға, апалардың ықылас-пейілінің, тілектестігінің арқасында осылай жүрмін. Жалпы меніңше, ешкімде өкпе болуға тиіс емес.

- Егер Оралхан Бөкеймен жолықсаңыз не сұрар едіңіз?

- Түк те сұрамас едім. Бәлкім, мұқият және ұзақ қарар едім. Болды.

- Әңгімеміздің соңында оқырмандарыңызға бір жаңа туындыңызды ұсынайық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар